"Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеудің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі № 237-ө бұйрығына өзгерістер енгізу т

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 5 қаңтардағы № 2 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 5 қаңтарда № 19825 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы № 181 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 26.05.2023 № 181 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеудің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі № 237-ө бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5757 болып тіркелген, 2009 жылғы 11 қыркүйекте № 138 "Заң газетінде" жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеудің ережесінде:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) жан басына шаққандағы орташа табыс – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      2) жиынтық табыс – атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде ескерілетін табыс түрлерінің сомасы;

      3) кепілдік берілген әлеуметтік топтама – бір жастан он сегіз жасқа дейінгі балалары бар табысы аз отбасыларға Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын түрлер мен көлемдерде берілетін көмек

      4) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – атаулы әлеуметтік көмек) – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға (отбасыларға) мемлекет ұсынатын көмек;

      5) орталық атқарушы орган халықты – Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      6) тәуелсіз қызметкер – жеке кәсіпкерлерді, жеке практикамен айналысатын адамдарды, шаруашылық серіктестігінің құрылтайшыларын (қатысушыларын) және құрылтайшыларын, акционерлік қоғамның акционерлерін (қатысушыларын), өндірістік кооператив мүшелерін қоспағанда, өз қызметін мемлекеттік тіркеусіз табыс алу мақсатында тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді өндіру (өткізу) жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын жеке тұлға.

      7) уәкілетті орган – республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың атаулы әлеуметтік көмек тағайындауды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы;

      8) учаскелік комиссия – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 қаңтардағы № 29-ө бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5562 болып тіркелген) бекітілген Учаскелік комиссиялар туралы үлгі ережеге сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын арнайы комиссия;

      9) халықты жұмыспен қамту орталығы (бұдан әрі – Орталық) – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы құратын заңды тұлға.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде есепті кезеңде алынған табыстың барлық түрлері ескеріледі, олар:

      1) еңбекақы, әлеуметтік төлемдер түрінде алынатын табыс;

      2) "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексінде көрсетілген балаларға және басқа да асырауындағыларға алимент түріндегі табыс;

      3) жеке қосалқы шаруашылықтан - мал мен құс ұстауды, бағбандықты, бақша өсіруді қамтитын үй жанындағы шаруашылықтан түсетін табыс;

      4) кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс;

      5) жылжымайтын мүлікті және көлік құралдарын жалға беруден және сатудан түсетін табыс;

      6) бағалы қағаздардан түсетін табыс;

      7) жылжымайтын мүлікті, көлік құралдарын және басқа да мүлікті сыйға тарту, мұрагерлікке алу түрінде алынған табыс;

      8) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы № 746 қаулысымен бекітілген Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған кредитті (микрокредитті) және өтеусіз грантты алған сәттен бастап бірінші алты айды қоспағанда, оларды пайдаланудан түскен табыс;

      9) өтеусіз алынған ақша түріндегі табыс;

      10) ақша салымдары және депозиттер бойынша сыйақылар (мүдде) түріндегі табыс;

      11) ақшалай аударымдар түріндегі табыс;

      12) конкурстарда, жарыстарда (олимпиадаларда), фестивальдарда, лотереялар, салымдар мен борышкерлік бағалы қағаздар бойынша алынған ұтыстарды қоса алғанда, ақшалай және (немесе) заттай түрдегі табыс;

      13) Бағдарлама шеңберінде ерікті түрде қоныс аударушыларға (әр отбасы мүшесіне) көшуге берілетін біржолғы төлемді қоспағанда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысудан алынған табыс;

      14) тұрғын үй заңнамасында белгіленген тәртіппен қарыз бойынша бастапқы төлемнің бір бөлігін жабуға арналған тұрғын үй сертификаттарының сомасы.";

      7, 8, 9 және 10 тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Адам (отбасы) көрсеткен жылжымайтын мүлікті және (немесе) жылжымайтын мүлікті сатудан алынған табыс сату-сатып алу шартының көшірмесімен расталады.

      Сатып алу-сату шартының көшірмесі болмаған жағдайда табыс өтініште адам (отбасы) көрсеткен нарықтық баға бойынша ақшалай эквивалентте ескеріледі.

      Сатылған сол тоқсанда жылжымайтын және (немесе) жылжымалы мүлікті сатып алған жағдайда, сатып алынған жылжымайтын және (немесе) жылжымалы мүліктің құны мен сатудан алынған сома арасындағы айырма отбасының жиынтық табысында ескеріледі.

      8. Мыналар отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде жеке тұлғаның табысы ретінде қарастырылмайды:

      1) атаулы әлеуметтік көмек;

      2) тұрғын үй көмегі;

      3) жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақы;

      4) он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар;

      5) бірінші, екінші, үшінші топтардағы он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларға мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар;

      6) он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар;

      7) бірінші, екінші, үшінші топтардағы он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар;

      8) "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналарға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақылар;

      9) стипендия, оның ішінде жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын студенттерге, техникалық және кәсіптік ортадан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының (училищелер, колледждер) студенттеріне төленетін мемлекеттік атаулы және атаулы стипендия;

      10) отбасына төтенше жағдайлар салдарынан денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиянды өтеу мақсатында көрсетілген көмек;

      11) бала тууға байланысты берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақылар;

      12) Қазақстан Республикасының білім саласындағы заңнамасына сәйкес білім беру ұйымдарында табысы аз отбасылардан шыққан студенттерге көрсетілетін материалдық көмек;

      13) азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттауына байланысты "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес табысы аз азаматтарға мемлекеттік бюджеттен және өзге де көздерден көрсетілген ақшалай немесе зат түріндегі көмек;

      14) Үлгілік қағидаларға сәйкес көрсетілетін біржолғы ақшалай көмек;

      15) қайырымдылық көмек;

      16) азаматтардың тегін немесе жеңілдікпен протездеуге бару жолына ақы төлеу;

      17) протездеу уақытында азаматтарды ұстау;

      18) азаматтардың елді мекеннен тыс жерлерге емделуге тегін немесе жеңілдікпен жол жүру құны;

      19) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көрсетілген заттай көмек:

      дәрілік препараттар;

      санаторлық-курорттық емдеу;

      протездік-ортопедиялық бұйымдар (жасау және жөндеу);

      мүгедектерге бөлінген жүріп-тұру құралдары (кресло-арбалар) мен оңалту құралдары;

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы № 64 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік білім беру мекемелерінің мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға және өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты қалыптастыру, жұмсау бағыты мен оларды есепке алу қағидаларына сәйкес ұсынылатын жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аз, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмаған отбасылардан шыққан мемлекеттік білім беру мекемелерінің оқушылары мен тәрбиеленушілеріне, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың нәтижесінде шұғыл көмекті қажет ететін отбасылардан шыққан балаларға және Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасына сәйкес студенттер мен тәрбиеленушілердің өзге санаттарына ұсынылатын материалдық көмек;

      табысы аз отбасылардан шыққан балаларға кепілдік берілген әлеуметтік топтама шеңберінде ұсынылатын көмек;

      20) жетім баланы және (немесе) ата-ананың қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алумен байланысты біржолғы төлемдер;

      21) Бағдарлама шеңберінде ерікті түрде қоныс аударушыларға (әр отбасы мүшесіне) көшуге берілетін біржолғы төлем;

      22) "Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 маусымдағы 34 Жарлығына сәйкес кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешекті екінші деңгейдегі банктерде және микроқаржы ұйымдарында біржолғы өтеу.

      9. Орталық өтініш берушінің келісімімен өтініш берушінің табысын орталық атқарушы органның және (немесе) тиісті мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің деректерімен, орталықтың немесе ауылдық округ әкімінің өтініші бойынша мемлекеттік органдар және (немесе) ұйымдар ұсынған жазбаша құжаттармен, мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың тиісті мәліметтердің жүйелерінде мәліметтердің болмауына байланысты өтініш беруші ұсынған құжаттармен салыстырып тексереді.

      10. Отбасының жиынтық табысын есептеген кезде мынадай:

      1) толық мемлекеттік қамсыздандырудағы адамдарды;

      2) мерзімді әскери қызметтегі адамдарды;

      3) бас бостандығынан айыру орындарындағы, мәжбүрлі емдеудегі адамдарды қоспағанда, бір елді мекен шегінде тіркелген бірге тұратын, мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтармен және некеден (ерлі-зайыптылықтан), туыстықтан, жекжаттықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге нысандарынан туындайтын міндеттермен байланысты отбасы мүшелері, сондай-ақ іс жүзінде бірге тұратын, бірақ некеде тұрмайтын бірге тұратын адамдар ескеріледі.

      Бірге тұру фактісі:

      отбасының тұрғылықты жерінен тыс жерде еңбек қызметімен айналысатын еңбекке қабілетті отбасы мүшелеріне;

      толық мемлекеттік қамсыздандырудағылардан басқа, интернат ұйымдарында оқитын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын балаларға олар кәмелетке толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітірген уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) талап етілмейді.

      Атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер отбасының құрамы атаулы әлеуметтік көмекке жүгіну сәтіне есепке алынады.

      Есепті кезеңде құрамында өзгерістер болған отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде келген отбасы мүшесінің табыстары келген күнінен бастап есепке алынады. Есепті кезеңде отбасы мүшесі шығып қалған кезде отбасының жиынтық табысы шыққан күнінен бастап отбасының шығып қалған мүшесіне келетін жан басына шаққандағы орташа табысы шегеріле отырып есептеледі.";

      15 және 16-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Адам (отбасы) көрінеу жалған ақпарат және (немесе) дәйексіз құжаттар ұсынған жағдайда жиынтық табысты есептеу жүргізілмейді.

      Адам (отбасы) атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз тағайындауға алып келген көрінеу жалған ақпарат және (немесе) дәйексіз құжаттар берген кезде өтініш беруші мен оның отбасына атаулы әлеуметтік көмек төлеу оның тағайындалған бүкіл кезеңі үшін тоқтатылады.

      16. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде отбасының мынадай түрде алынған табысы ескеріледі:

      1) Еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес жұмыс берушіден еңбекақы ретінде алынған, атап айтқанда:

      еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес жалақының барлық түрлері, оның ішінде кесімді, мерзімді, сондай-ақ ақшалай және заттай нысандағы сыйлықақылар, қосымша ақылар, үстемеақылар (қызметкерлерге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына, сондай-ақ келісімдерге, еңбек, ұжымдық шарттарға және жұмыс берушілердің актілеріне сәйкес төленетін ақшалай соманы қоса алғанда, қаржыландыру көзіне қарамастан);

      қызметкер жалақысының сақталуына кепілдік берілетін кезең үшін жұмыс беруші есептейтін және қызметкерлерге төленетін орташа жалақы;

      ұйым (заңды тұлға) таратылған немесе жұмыс берушінің (жеке тұлғаның) қызметі тоқтатылған, қызметкерлер саны немесе штаты қысқартылған жағдайларда еңбек шартының бұзылуы кезінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген мөлшерде төленетін өтемақылар;

      сақтандыру агенттері мен брокерлерге төленетін комиссиялық сыйақы;

      бала туғанда және жерлеуге берілетін жәрдемақылардан басқа, жалақы есептеу кезінде ескерілмейтін және ұйым қаражатының есебінен төленетін төлем түрлері;

      мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің ақшалай үлесін қоспағанда, әскери қызметшілердің, оның ішінде келісімшарт бойынша қызмет өткеріп жүргендердің және ішкі істер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдарының, сондай-ақ соларға теңестірілген азаматтар санаттарының үстемеақылар мен қосымша ақылар ескерілген ақшалай ризығы;

      жұмыс беруші төлеген кредит сомалары. Көрсетілген төлемдер кредитті өтудің белгіленген мерзіміне бөлінеді;

      әскери қызметшілерге және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне берілетін ағымдағы тұрғын үй төлемдері;

      2) әлеуметтік төлемдер, атап айтқанда:

      "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес белгіленген тәртіппен тағайындалатын зейнетақылардың барлық түрлері, оларға өтемақы төлемдері;

      он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыдан және бірінші, екінші, үшінші топтардағы он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларға берілетін мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардан басқа, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар;

      он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақыдан және бірінші, екінші, үшінші топтардағы он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақыдан басқа, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар;

      жерасты және ашық кен жұмыстарында, сондай-ақ еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ауыр жұмыстарда істеген адамдарға берілетін мемлекеттік арнаулы жәрдемақылар;

      мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер;

      бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақылар;

      үйде оқитын мүгедек балаларды оқыту шығындарын өтеу;

      қамқоршыларға немесе қорғаншыларға жетім баланы (жетім балаларды) және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы (балаларды) асырап-бағуға берілетін жәрдемақы;

      патронат тәрбиелеушілерге берілген баланы (балаларды) асырап-бағуға берілетін төлем;

      мүгедек баланы (балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, асырап алушыға, қамқоршыға (қорғаншыға) тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақы;

      жұмыс берушінің қаражаты есебінен берілетін әлеуметтік қамсыздандыру бойынша жәрдемақылар;

      отставкадағы судьяның ай сайынғы өмір бойғы қамтылымы;

      зейнетақы төлемдерін алушыларға инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мөлшерінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарнамаларының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сақталуына мемлекеттің кепілдіктері;

      төрт және одан да көп кәмелетке толмаған бірге тұратын балалары, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын балалары бар отбасыларға олар кәмелетке толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіргенге дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;

      стипендия, оның ішінде қаржыландыру көзіне қарамастан, интерндерге, магистранттарға, докторанттарға, резидентура тыңдаушыларына және оқу орындарының басқа да тыңдаушыларына төленетін мемлекеттік атаулы және атаулы стипендия;

      табысы аз отбасылардан шыққан балаларға кепілдік берілген әлеуметтік топтама шеңберінде көрсетілетін көмекті қоспағанда, жергілікті бюджет қаражаты есебінен берілетін қалаішілік қоғамдық көлікте жүруге берілетін материалдық (әлеуметтік) көмек;

      қаржыландыру көзіне қарамастан, интерндерге, магистранттарға, докторанттарға, резидентура тыңдаушыларға және оқу орындарының басқа тыңдаушыларға төленетін стипендия;

      табысы аз отбасылардан шыққан балаларға кепілдік берілген әлеуметтік топтама шеңберінде көрсетілетін көмекті қоспағанда, жергілікті бюджет қаражаты есебінен берілетін қалаішілік қоғамдық көлікте жүруге берілетін материалдық (әлеуметтік) көмек;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілетін заттай көмек түрлерінің құны, сондай-ақ осы көмектің орнына төленетін сома;

      Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде жергілікті мемлекеттік басқару органдары, мекемелері мен ұйымдары белгілеген барлық төлем түрлеріне үстемеақылар мен қосымша ақылар.";

      21, 22 және 23-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелерінде міндетті зейнетақы жарналарының мөлшері туралы мәліметтер болмаған кезде және (немесе) олар өтініш беруші ұсынған мәліметтерге сәйкес келмеген кезде еңбекақы түрінде алынған табыс жұмыс берушінің еркін нысандағы анықтамаларымен расталады.

      Мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған кезде және (немесе) олар өтініш беруші ұсынған мәліметтерге сәйкес келмеген кезде республикалық бюджет есебінен әлеуметтік төлемдер түрінде табыс алу зейнетақы немесе жәрдемақы алушы куәлігінің көшірмесімен немесе "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының филиалдары беретін анықтамалармен расталады.

      Тәуелсіз қызметкердің табысы еркін нысандағы жазбаша өтінішпен расталады.

      22. Адамның (отбасының) кәсіпкерлік қызметтен түскен жиынтық табысын есептеген кезде келесі:

      1) өнімді (жұмыстарды, қызметтерді) сатудан;

      2) тауарлық-материалдық құндылықтарды, мүлікті сату құнының өсуінен түскен;

      3) шаруа (фермер) қожалығының қызметі нәтижесінде және шартты жер үлесі мен мүліктік пайлардан алынған табыс ескеріледі.

      Шаруа қожалығы мүшелерінің жиынтық табысын есептеу Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 12 ақпандағы № 166 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16448 болып тіркелген) бекітілген Салық есептілігін жасау қағидаларына сәйкес салық органдарына ұсынылатын алынған табыс туралы декларацияда көрсетілген ауыл шаруашылығы өнімдерін сатудан нақты алынған табыс ескеріле отырып жүргізіледі. Бұл ретте жылдық табыс он екі айға бөлінеді және оның тиісті бөлігі айқындалатын кезеңдегі жалпы жиынтық табысқа қосылады;

      4) тәуелсіз қызметкерлердің қызметі нәтижесінде алынған табыс ескеріледі. Бұл ретте табыс айлық есептік көрсеткіштің 25 еселенген мөлшерінен төмен емес ескеріледі.

      Адамның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан алған бір айдағы табысы алдыңғы салық кезеңі үшін мәлімделген табыстың сомасын осындай салық кезеңіндегі айлар санына бөлу жолымен, бірақ айлық есептік көрсеткіштің 25 еселенген мөлшерінен кем болмайтындай айқындалады. Жиынтық табыс алынған шаманы не есепке жатқызу үшін белгіленген табыс мөлшерін үш айға көбейту жолымен айқындалады.

      Бұл ретте патент негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер бойынша бір айдағы табыс сомасы патенттің құнын есептеу кезінде мәлімделген табыс сомасын осы есепте көрсетілген айлар санына бөлу жолымен, бірақ айлық есептік көрсеткіштің 25 еселенген мөлшерінен төмен болмайтындай айқындалады.

      Жеке тұлғалардың мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде жүзеге асырылатын кәсіпкерлік қызметтен түскен табысы кәсіпкерлік қызметті дамытуға мемлекеттік қолдау алғаннан кейінгі алғашқы алты айда есепке алынбайды.

      23. Мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелерінде міндетті зейнетақы жарналарының мөлшері туралы ақпарат болмаған кезде және (немесе) олар өтініш беруші ұсынған мәліметтерге сәйкес келмеген кезде азаматтық-құқықтық шарт бойынша алынған табыс шарттың көшірмесімен және тапсырыс берушінің жүгінер алдындағы тоқсанға алынған орындалған жұмыс (қызметтер) үшін сыйақы төлемінің мөлшері туралы анықтамасымен расталады.

      Азаматтық шарт жасамай жұмыспен қамтылған адамдардың жиынтық табысы олардың өтініші негізінде расталады. Бұл жағдайда орындалған жұмыстар (қызметтер) үшін сыйақы төлемінің заттай бөлігі нарықтық бағамен ақшалай эквивалентте жиынтық табысқа қосылады.";

      24-тармақ алып тасталсын;

      27 және 28-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Егер жұбайлар (ерлі-зайыптылық) арасындағы неке бұзылса не бұзылмаса, олар бірге тұрған кезде отбасының жиынтық табысында алимент өндіріп алынған жұбайдың табыстары толық ескеріледі.

      Егер жұбайлар (ерлі-зайыптылық) арасында неке бұзылса, бірақ жұбайлардың біреуінен алимент өндіріп алынбаса, оның табыстары олардың бірге тұру фактісіне қарамастан, отбасының жиынтық табысында толық ескеріледі.

      28. Мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған кезде және (немесе) олар өтініш беруші ұсынған мәліметтерге сәйкес келмеген кезде балаларға және басқа да асырауындағыларға алынған алимент ұйымдардың аударылған алименттер туралы анықтамаларымен не алынған алименттер туралы пошта аударымдарының түбіртегімен , сондай-ақ сот органдарының алимент өндіріп алу туралы актісін қоса бере отырып, еркін нысандағы жазбаша өтініш негізінде расталады. 3 айдан астам мерзімге алимент бойынша берешек қалыптасқан кезде сот орындаушысының алименттер бойынша берешекті айқындау туралы қаулысы ұсынылады.".

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Е.М. Әукеновке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Б. Нурымбетов

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Ауыл шаруашылығы министрлігі

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі