Су тарту және ағызу құрылыстарының балықтарды қорғау құрылғыларына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 31 мамырдағы № 221 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 4 маусымда № 18783 болып тіркелді.

      "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 20) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған су тарту және ағызу құрылыстарының балықтарды қорғау құрылғыларына қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. "Су тарту құрылыстарының балық қорғау құрылғыларына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы № 18-05/22 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10292 болып тіркелген, 2015 жылғы 27 ақпанда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде оның қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасының заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік 10 (он) күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;

      4) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      5) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
С. Омаров

  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы
министрінің
2019 жылғы 31 мамырдағы
№ 221 бұйрығымен
бекітілген

Су тарту және ағызу құрылыстарының балықтарды қорғау құрылғыларына қойылатын талаптар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы су тарту және ағызу құрылыстарының балықтарды қорғау құрылғыларына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 20) тармақшасына сәйкес әзірленді және су тарту және ағызу құрылыстарының балықтарды қорғау құрылғыларына қойылатын талаптарды айқындайды.

      2. Осы Талаптарда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) ағызу құрылысы – су қоймасынан оның толып кетуін болдырмау үшін су ағызуға (өткізуге), сондай-ақ төменгі бьефке суды пайдалы мөлшерде өткізуге арналған су өткізу құрылысы;

      2) балықтарды қорғау құрылғысы (бұдан әрі – БҚҚ) – балық ресурстары мен басқа да су жануарларының су тарту және ағызу құрылыстарына түсуін болғызбауға арналған құрылғы;

      3) су тарту құрылысы – су объектілерінен су тартуға арналған құрылыстар мен құрылғылар кешені.

      3. 2003 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Су кодексінің 88-бабының 2) тармақшасына сәйкес БҚҚ-сыз су тарту және ағызу құрылыстарын пайдалануға беруге жол берілмейді.

2-тарау. БҚҚ-ға қойылатын талаптар

      4. Су тарту және ағызу құрылыстарының БҚҚ-сын пайдалану кезінде БҚҚ-ның тиімділік коэффициенті осы Талаптарға 1-қосымшада келтірілген БҚҚ-ның тиімділігі есептемесіне сәйкес анықталады.

      5. БҚҚ су тарту мен ағызудың есептемелік шығысына байланысты осы Талаптарға 2-қосымшаға сәйкес орнатылады.

      6. Су тарту құрылыстарының БҚҚ-сын пайдалану кезінде БҚҚ-ның торлы балық бөгеу қалқандары ұяларының диаметрлері балық ресурстары мен басқа да су жануарларының өлшемдеріне байланысты осы Талаптарға 3-қосымшаға сәйкес белгіленеді.

      7. Ағызу құрылыстарының БҚҚ-сын пайдалану кезінде мынадай талаптар белгіленеді:

      1) БҚҚ-ға судың келу жылдамдығы балық ресурстары мен басқа да су жануарларының шабақтары үшін оларды ағызып кету жылдамдығынан аспауы тиіс;

      2) БҚҚ судың өтуіне кедергі келтірмеуі, бұл ретте тырбиған ағаштар мен мұз қыртыстарының әсерінен қорғалуы тиіс.

      8. БҚҚ-ны жобалау ғылыми зерттеулер мен жобалау-іздестіру жұмыстарының негізінде жүргізіліп, оларда:

      1) қорғалатын балық ресурстары мен басқа да су жануарларының ең аз мөлшері көрсетілген түрлік және өлшемдік құрамы;

      2) олардың шоғырлану және өріс аудару кезеңі;

      3) балық ресурстары мен басқа да су жануарларының тігінен және көлденеңінен бөлінуі және шоғырлану орындары;

      4) уылдырық шашу орындары, қыстау шұңқырлары, азықтану учаскелері орналасқан жерлер және балық ресурстары мен басқа да су жануарларының шабақтары белсенді түрде көлбеу өріс аудару аудандары;

      5) қорғалатын балық ресурстары мен басқа да су жануарларының шабақтары үшін ағыстың ағызып әкету жылдамдығы анықталады.

      9. Қозғалмайтын аулар мен торларды қолдану кезінде мынадай талаптар белгіленеді:

      1) ұяшықтардың өлшемдері, ағыстың жылдамдығы, ластануы және тазалау мүмкіндігі, кеме қатынасының жағдайлары ескеріледі;

      2) балық ресурстары мен басқа да су жануарларының қажетсіз жерлерге келу жолын бөгеу және оларды балық өткізу құрылыстарының кіріс саңылауларына бағыттау үшін гидротораптардың қос бьефінде де орналастырылады;

      3) ау мырышталған сымтемірден немесе капроннан жасалады, қалтқыларға немесе қада тіреулерге іліп қойылады;

      4) тор металл шыбықтардан жасалады, өзектер арасындағы саңылаулар тордың мақсатына және балық ресурстары мен басқа да су жануарларының өлшемдеріне байланысты қабылданады.

      10. Электр бөгегіштер қолдану кезінде мынадай талаптар белгіленеді:

      1) бөгегіштің жармасында электродтардың ұзындығы электродтардың су айдынының түбі мен бетіне 0,1–0,3 метр жетпейтіндей, судың тереңдігіне байланысты орнатылады;

      2) электр өрісі кернеулігінің тиімді шамасы және электродтар арасындағы қашықтық балық ресурстары мен басқа да су жануарларының өлшемдеріне сәйкес орнатылады;

      3) электродтар жүйесі емін-еркін ілініп тұруы тиіс (сым арқанға ілінеді, қалтқыларға орнатылады немесе қадаларға бекітіледі), неғұрлым орнықты тік күйінде тұруын қамтамасыз ету үшін құбырлардың төменгі бөлігіне бетон құйылады;

      4) импульс пен үзіліс ұзақтығы 0,02–0,35 секунд шегінде болатын импульстік ауыспалы тоқ қамтамасыз етіледі.

      11. "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабы 5-тармағына сәйкес жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулерді ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері ретінде аккредиттелген заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жүргізеді.

      12. 2007 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 262-бабының 14-тармағына сәйкес су тарту құрылыстары БҚҚ тиімділігін үздіксіз бақылауға арналған техникалық құрылғылар орнатылған БҚҚ-мен жарақтандырылған жағдайда ғана теңізден су тартуға жол беріледі.

  Су тарту және ағызу
құрылыстарының балықтарды
қорғау құрылғыларына
қойылатын талаптарға
1-қосымша

Балық қорғау құрылғыларының тиімділігі есептемесі

      1. Балық қорғау тиімділігінің көрсеткіші (Кэф) балық қорғау құрылғысы (бұдан әрі – БҚҚ) ұстаған балық ресурстары мен басқа да су жануарлары санының мұндай құрылғы болмаған жағдайдағы су тарту және ағызу (өткізу) құрлыстарына түсетін балық ресурстары мен басқа да су жануарларының санына қатынасы болып табылады, ол пайызбен көрсетіледі:

      Кэф = (N2T – N1T) / ( N2T) x 100,

      мұндағы:

      N1Т – БҚҚ болған жағдайда, Т есептік кезеңде су тартуға және ағызуға (өткізуге) түскен балық ресурстары мен басқа да су жануарларының саны;

      N2T – БҚҚ болмаған жағдайда, сол Т есептік кезеңде су тартуға және ағызуға (өткізуге) түскен балық ресурстары мен басқа да су жануарларының саны;

      2. Балық қорғау тиімділігінің көрсеткіші экспертменттік жолмен – БҚҚ болған және болмаған жағдайдағы кезек-кезекпен су тартуға және ағызуға (өткізуге) балық ресурстары мен басқа да су жануарларының түсуін қадағалаумен анықталады.

      БҚҚ-ны демонтаждау мүмкін болмаған жағдайда, Кэф БҚҚ алдында және одан кейін балық ресурстары мен басқа да су жануарларының шоғырлану айырмасы бойынша мынадай формуламен анықталады:

      Кэф = (С2 – C1) / C2 x 100,

      мұндағы:

      С1 – БҚҚ-дан кейін балық ресурстары мен басқа да су жануарлары шабақтарының шоғырлануы;

      С2 – БҚҚ алдында балық ресурстары мен басқа да су жануарлары шабақтарының шоғырлануы.

      3. Балық ресурстары мен басқа да су жануарларының БҚҚ тиімділігі өлшемі 12 миллиметрден асатын шабақтар үшін:

      су тарту құрылыстары үшін кемінде 70 %-ды;

      ағызу құрылыстары үшін кемінде 60 %-ды құрайды.

      4. БҚҚ-мен байланысқа түскен кезде (жазық аулар, ағыны шапшаң барабандар) және балықты бұру кезінде (егер БҚҚ-да балық бұрғыш болса) шабақ өлетін болса, онда балық қорғау тиімділігінің көрсеткіші мынадай формула бойынша есептеледі:

      Кэф = (N2T – (N1T + N3T)) / N2T x 100,

      мұндағы:

      N1T – БҚҚ болған жағдайда, Т есептік кезеңде су тартуға және ағызуға түскен балық ресурстары мен басқа да су жануарларының саны;

      N2T – БҚҚ болмаған жағдайда, сол Т есептік кезеңде су тартуға және ағызуға түскен балық ресурстары мен басқа да су жануарларының саны;

      N3T – БҚҚ-мен байланысқа түскеннен кейін Т есептік кезеңде өлген балық ресурстары мен басқа да су жануарларының саны.

      N3 шамасы БҚҚ-да қалып қойған (n 1), БҚҚ-мен байланысқа түскеннен кейін өлген (n 2) және балық бұру жолынан өткен кезде өлген (n 3) балық ресурстары мен басқа да су жануарлары санының жиынтығымен анықталады: N3 = n1 + n2 + n3.

      БҚҚ-мен байланысқа түскеннен кейін өлген шабақ санын (N3) анықтау жөніндегі жұмыстар былайша жүргізіледі:

      n1 – БҚҚ-дағы балық ресурстары мен басқа да су жануарларының санын есептеу жолымен анықталады;

      n2 – су тарту және ағызу құрылысы жұмыс істеп тұрған кезде БҚҚ-ның төменгі жағынан ауланған, өмір сүруге қалдырылғаннан кейін өлген балық ресурстары мен басқа да су жануарлары шабақтарының саны;

      n3 – балық бұрудан өткен, өмір сүруге қалдырылғаннан кейін өлген балық ресурстары мен басқа да су жануарлары шабақтарының саны.

  Су тарту және ағызу
құрылыстарының
балық қорғау құрылғыларына
қойылатын талаптарға
2-қосымша

Су тарту мен ағызудың есептік шығысына байланысты балық қорғау құрылғыларын орнату

Балық қорғау құрылғылары

Су тарту мен ағызудың есептік шығысы, текше метр/секунд

тобы (балықтарды және басқа да су жануарларын қорғау тәсілі бойынша)

типі

0,5-тен аз

0,5-тен бастап 5,0-ке дейін

5,0-тен бастап 10,0-ға дейін

10,0-нан көп

Бөгегіш

Транзиттік ағында орнатылған торлы ағыны шапшаң барабан

+

-

-

-

Транзиттік ағында орнатылған ағын тудырғышы бар баулық

+

-

-

-

Балық бұратыны (конусты) бар бір жолақты балық бөгегіш

-

+

+

+

Балық бұратыны бар екі жолақты балық бөгегіш

+

+

-

-

25 метрге дейінгі ұзындықтағы секциялары бар жолақты V және W- тәріздес тік торлы, перфорацияланған немесе сүзетін қалқандар

+

+

+

+

Қоршағыш

Су тарту мен ағызудың қол шатыр тәріздес баулығы

+

+

-

-

Шоғырландырғыш

Балық ресурстары мен басқа да су жануарларын тігінен айыратыны бар балық қорғау шоғырландырғышы; блокпен қолданылатын 5, 10 және 25 текше метр/секунд блок-секциялар

-

+

+

+

Ескертпе: балық қорғау құрылғыларының басқа типтерін жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесімен келісім бойынша осы талаптарға балық қорғау құрылғыларының тиімділігі есептемесіне сәйкес қолдануға жол беріледі.

  Су тарту және ағызу
құрылыстарының
балық қорғау құрылғыларына
қойылатын талаптарға
3-қосымша

Балықтардың және басқа да су жануарларының өлшемдеріне байланысты торлы балық бөгеу қалқандары ұяларының диаметрлері

Балық ресурстары мен басқа да су жануарларының дене ұзындығы, миллиметр

12

15

20

30

40

50

60

70

Саңылау диаметрі, миллиметр

1,5

2

3

4

6

7

8

9

Ескертпе: қалқандағы саңылаулар төрт бұрышты болған жағдайда, көрсетілген өлшемдер ұяшықтың диагоналына сәйкес келеді.