"Өнімді таңбалауға қойылатын талаптар" техникалық регламентін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2016 жылғы 15 қазандағы № 724 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 29 қарашада № 14471 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2021 жылғы 21 мамырдағы № 348-НҚ бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Сауда және интеграция министрінің 21.05.2021 № 348-НҚ (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Техникалық реттеу туралы" 2004 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы екінші бөлімінің 17) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған "Өнімді таңбалауға қойылатын талаптар" техникалық регламенті бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті (Б.Б. Қанешев):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап оның көшірмелерін қағаз және электрондық түрде күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне жіберуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.


Қазақстан Республикасының


Инвестициялар және даму


Министрі

Ж. Қасымбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ________________ Қ. Бишімбаев

      2016 жылғы 1 қараша




  Қазақстан Републикасы
  Инвестициялар және даму
  министрінің
  2016 жылғы 15 қазандағы
  № 724 бұйрығымен
  бекітілген

"Өнімді таңбалауға қойылатын талаптар" техникалық регламенті
1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "Өнімді таңбалауға қойылатын талаптар" техникалық регламенті (бұдан әрі – Техникалық регламент) "Техникалық реттеу туралы" 2004 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңы (бұдан әрі – Заң) 7-бабы екінші бөлімінің 17) тармақшасына сәйкес әзірленді және өнімді таңбалауға қойылатын жалпы талаптарды белгілейді.

      2. Техникалық регламент отандық, импорт өндірісіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағында өткізілетін Еуразиялық экономикалық одақтың аумағында өндірілген өнімге қолданылады және Еуразиялық экономикалық одақтың құқығын құратын халыкаралық шарттармен және актілермен белгіленген қатынастарға қолданылмайды, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одағының (Кеден Одағының) техникалық регламенттерінің техникалық реттеу объектілері болып табылатын өнімдеріне қолданылмайды.

      3. Техникалық регламенттің ережелері өнімді жобалау (іздестіруді қоса алғанда), өндіру, салу, монтаждау, баптау, пайдалану, сақтау, тасымалдау, өткізу және кәдеге жарату, техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу кезінде, сондай-ақ сәйкестікті растау кезінде қолданылуы тиіс.

      4. Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын техникалық регламенттер мен стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттармен белгіленетін өнімнің жекелеген түрлерін таңбалауға қойылатын талаптар 2-тармақта көрсетілген техникалық регламенттерді қоспағанда, Техникалық регламенттің талаптарына қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.

      5. Техникалық регламентте мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:

      1) буып-түйілген күні (өлшеніп салынған, сұйық өнімдер құйылған) –өнімнің орауышқа (ыдысқа) салынған күні;

      2) дайындалған (өндірілген) күні – өнімді дайындаудың (өндірудің) технологиялық процесінің аяқталған сәті туралы ақпарат беретін, дайындаушы (өндіруші) қоятын күн;

      3) дайындаушы (өндіруші) – өнімді кейіннен иеліктен шығару немесе өндірістік мақсаттарда өзі тұтыну үшін өндіретін жеке немесе заңды тұлғалар;

      4) жарамдылық мерзімі – бітуіне қарай тауар мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз деп саналатын уақыт кезеңі;

      5) орауыш (ыдыс) – шікізатты және дайын өнімді орналастыру, қорғау, тасымалдау, тиеу және жөнелту үшн пайдаланылатын бұйым;

      6) өнім берушi – өнiм беретiн жеке немесе заңды тұлға;

      7) өнім шығарылатын жердің атауы – елдің, өңірдің, елді мекеннің, жердің, не басқа географиялық көрсеткіштің атауын білдіретін не құрамында атауы бар белгілеме, сондай-ақ ерекше қасиеттері, сапасы, репутациясы немесе басқа сипаттары негізінен географиялық шыққан жерімен, оның ішінде өзіне тән табиғи жағдайлармен және (немесе) адам факторларымен байланысты өнімге қатысты пайдалану нәтижесінде белгілі болған және туындының осындай атаудан шығарылған сілтемесі;

      8) таңбалау – тұтынушыға арналған ақпаратты жеткізетін және өнімге, құжаттарға, жаднамаларға (қосымша парақтарға), затбелгілерге, заттаңбаларға, орауышқа (ыдысқа) түсірілген мәтін, тауарлық белгілер, шарттық белгі және суреттер;

      9) тауарлық белгізаңнамаға сәйкес тіркелген немесе Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық шарттардың күшімен тіркеусіз қорғалатын, бірыңғай заңды немесе жеке тұлғалардың өнімін басқа заңды немесе жеке тұлғалардың бір текті өнімінен ажырату үшін қызмет атқаратын белгі;

      10) ұжымдық тауарлық белгі – бұл қауымдастықтың (одақтың) немесе заңды тұлғалардың және (немесе) жеке кәсіпкерлердің өзге де бірлестіктерінің өздері шығарған немесе өткізетін өнімдерді белгілеу үшін қызмет ететін, бірыңғай сапалық немесе өзге де сипаттамаларға ие тауарлық белгісі.

2-тарау. Өнімді таңбалауға қойылатын талаптар

      6. Дайындаушы (өндіруші), және (немесе) өнім беруші өнімді айналымға шығару кезінде құрамы, қасиеті, мақсаты, дайындаушы (өндіруші), және (немесе) өнім беруші, сақтау шарттары, тасымалдау, пайдалану, кәдеге жарату, дайындау (өндіру) және тұтыну (қолдану) тәсілдері, дайындау (өндіру) күні, энергия тұтынуына (энергия тұтынатын жабдықтар үшін), шығу тегі, жарамдылық мерзімі, салмағы, көлемі, санына қатысты тұтынушыларды алдау мен жаңылыстыруды болдырмайтын ол туралы толық, қажетті, сөзсіз түсінікті және нақты ақпаратпен, сондай-ақ өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін тікелей немесе жанама сипаттайтын және оларды дұрыс таңдау мүмкіндігін қамтамасыз ететін басқа да мәліметтермен қамтамасыз етеді.

      7. Өнімді өткізу кезінде тұтынушыға арналған ақпарат өніммен, орауышта (ыдыста), затбелгіде, заттаңбада, құжаттарда, жаднамаларда (қосымша парақтарда) берілген мәтінмен, шартты белгілермен және (немесе) суреттермен бірге заңнамаға сәйкес өнімнің жекелеген түрлерін таңбалауға қойылатын талаптар ескеріле отырып берілуге тиіс.

      Өнімді өткізу кезінде тұтынушыға арналған ақпаратты дайындаушы (өндіруші) және (немесе) буып-түюші, өнім беруші ұсынады.

      8. Орауыштағы (ыдыстағы), затбелгідегі, заттаңбадағы, құжаттардағы, жаднамалардағы (қосымша парақтардағы) қолдану жөніндегі тұтынушыға арналған ақпарат пен таңбалаудағы мәтін қазақ және орыс тілдерінде жазылады.

      Тұтынушыға арналған ақпарат өнім туралы ақпарат берілетін қазақ және орыс тілдерінің емле ережесі нормалары ескеріле отырып жазылады.

      9. Тұтынушыға арналған ақпарат өнімнің әр бірлігіне орауышта (ыдыста), затбелгіде, құжаттарда, жаднамаларда (қосымша парақтардағы) оқуға (танысуға) қолайлы жерге орналастырылады.

      10. Тұтынушыға арналған ақпарат стандарттау жөніндегі нормативтік құжатта көзделген тәсілмен беріледі және айқын әрі оңай оқылуы тиіс.

      11. Тұтынушыға арналған ақпаратта өнім оған сәйкес дайындалған (өндірілген) стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттың атауы (белгісі) көрсетіледі.

      12. Өнімнің сәйкестігін растау туралы тұтынушыға арналған ақпаратты дайындаушы (өндіруші) және (немесе) өнім беруші:

      стандарттау жөніндегі қолданыстағы нормативтік құжаттарға сәйкес түсірілген сәйкестік белгісі;

      техникалық реттеу саласындағы заңнамаға сәйкес өніммен қоса жүретін сәйкестік сертификаты (сәйкестік сертификатының көшірмесі) немесе сәйкестік декларациясы (сәйкестік декларациясының көшірмесі) түрінде беруге тиіс.

      Буып-түйілмеген немесе өлшеніп буып-түйілмеген өнімнің сәйкестігін растау туралы ақпаратты тұтынушыға өнім беруші жеткізеді.

      13. Өнім туралы тұтынушыға арналған ақпаратта өнімнің атауы көрсетіледі.

      14. Өнімнің атауы стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес белгіленеді.

      15. Өнім атауы латын алфавитінің әріптерімен жазылуы мүмкін.

      16. Өнімнің шығу тегі орнының атауы мынадай жағдайлар сақталған жағдайда оның атауына қосу рұқсат етіледі:

      өнімнің шығарылған орнының атауы географиялық объектінің тарихи атауы болса;

      тұтынушыға арналған ақпаратта дайындаушы (өндіруші) орналасқан елдерде белгіленген тәртіппен тіркеусіз дайындаушы (өндіруші) - осы тауарлық белгінің иесі тіркеген немесе қабылдаған (ұжымдық) тауарлық белгі көрсетілсе;

      белгісі географиялық объектіні білдіретін немесе содан тұратын, бірақ Қазақстан Республикасында оны дайындаған (өндірген) орнымен байланысты емес белгілі бір түрдегі өнімнің белгісі ретінде жалпы қолдануға енгізілген өнімнің шығарылған орны атау деп танылмаса;

      өнімнің шығарылған орнының тіркелген атауын осы атауды пайдалану құқығына ие болып табылмайтын заңды және жеке тұлғалардың пайдалануына жол берілмейді.

      17. Өнімнің атауында:

      басқа ұқсас өнімнің атауын көрсетуге;

      өнімге өнімнің шығу тегіне (табиғатына) қатысты тұтынушыларды жаңылыстыратын атау беруге жол берілмейді.

      18. Өнім туралы тұтынушыға арналған ақпаратта өнімнің жеке түріне арналған қолданыстағы стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарға сәйкес өнімнің ерекше қасиеттері, жайы-күйі және арнайы өңделуі (болған жағдайда) туралы ақпаратты қамтиды.

      19. Өнімді дайындау (өндіру) кезінде өңделген негізгі ингредиентті пайдаланған жағдайда тиісті ақпарат өнімнің құрамына кіретін ингредиенттер тізбесінде ингредиенттер атауымен қатар орналастырылады.

      20. Құрамында екі және одан көп құраушылары (ингредиенттері) болған жағдайда, құрам үлесінің кему/азаю тәртібінде өнім құрамы көрсетіледі. Егер өнім негізі екі құраушылардан (ингредиенттерден) дайындалса (өндірілсе), бұл ретте өнімнің құрамы (кешені) ретінде оларды және көрсетпей, оларды өнім атауында көрсетуге рұқсат етіледі.

      21. Дайындаушының (өндірушінің), буып-түюшінің, өнім берушінің, өнімнің сапасы бойынша шағымдарды қабылдайтын ұйымның және лицензиардың (егер өнім лицензия бойынша дайындалса (өндірілсе) атауы ол орналасқан елінде белгіленген тәртіппен тіркелген атауға сәйкес келеді.

      22. Тұтынушыға арналған ақпаратта дайындаушының (өндірушінің), өнім берушінің, өнімнің сапасы бойынша шағымдарды қабылдайтын ұйымның, лицензиардың (егер өнім лицензия бойынша дайындалса (өндірілсе), атауы мен орналасқан жерін (заңды мекенжайын), Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркелуге жататын өнім үшін тіркелген нөмірі мен тіркелген күнін көрсету қажет.

      23. Егер бір елде дайындалған (өндірілген) өнім оның қасиеттерін өзгертетін және (немесе) түпкі дайын өнімге айналдыратын басқа елде кейіннен технологиялық өңдеуден немесе құрастырудан өтсе, онда тұтынушыға арналған ақпаратты түсіру кезінде кейіннен технологиялық өңдеуді немесе құрастыруды жүргізген ел осы өнімді дайындаушы (өндіруші) ел ретінде қарастырылады.

      24. Дайындаушының (өндірушінің), буып-түюшінің, өнім берушінің, өнім сапасы бойынша шағымдарды қабылдайтын ұйымның және лицензиардың (егер өнім лицензия бойынша дайындалса (өндірілсе), заңды мекенжайы елдің, қаланың (облыстың және елді мекеннің), көшенің атауы, үйдің және кеңсенің нөмірін қамтуы тиіс. Көрсетілген тұлғалардың байланыс құралдары: телефоны, факс, электрондық поштасы, интернет-ресурсы қосымша көрсетілуі мүмкін.

      25. Егер өнімді дайындаушы (өндіруші) бір мезгілде буып-түюші, өнім беруші болып табылмаса, онда тұтынушыға арналған ақпаратта дайындаушының (өндірушінің) атауы мен оның заңды мекенжайынан басқа буып-түюшінің, өнім берушінің атауы және олардың заңды мекенжайлары көрсетіледі.

      26. Тұтынушыға арналған ақпаратта Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасы туралы шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын ұйымның атауы мен мекенжайы көрсетіледі.

      Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасы бойынша шағымдар қабылдайтын ұйым туралы ақпарат мынадай:

      егер өнім өзге елде дайындалған (өндірілген);

      егер дайындаушының (өндірушінің) заңды мекенжайы тұтынушылардан шағымдар қабылдайтын ұйымның заңды мекенжайымен сәйкес келмеген жағдайларда көрсетіледі.

      27. Орауышта (ыдыста) тұтынушылардан шағымдар қабылдайтын ұйымның заңды мекенжайының көрсетілмеуі, осы дайындаушы (өндіруші) Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан жағдайда, шағымдар дайындаушының (өндірушінің) заңды мекенжайы бойынша қабылданатынын білдіреді.

      28. Өнімді дайындауға (өндіруге) және өткізуге белгіленген тәртіппен құқық (лицензия) алған ұйымдар орауышқа (ыдысқа) оларға осы құқықты (лицензияны) берген ұйымдардың, компаниялар мен фирмалардың тауарлық белгілерін салады.

      29. Тұтынушыға арналған ақпаратта өнімнің таза салмағы, жалпы салмағы, негізгі өлшемдері мен көлемі орауышта (ыдыста) шамалардың метрикалық жүйесімен (Халықаралық бірліктер жүйесімен) көрсетіледі.

      30. Өнімнің таза салмағы, жалпы салмағы, негізгі өлшемдері немесе көлемдері дайындаушының (өндірушінің) қалауы бойынша белгіленген тәртіппен Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесiнiң тiзiлiмiне енгізілген өлшеуді орындау әдістемелері немесе стандарттау бойынша нормативтік құжаттары бекітілген өнімге белгіленеді.

      31. Негізгі құрам бірлігі сұйық ортада болатын өнімдер үшін, таза ортақ салмақтан басқа негізгі өнімнің салмағы орауышта (ыдыста) көрсетіледі.

      32. Өлшеп салынған сұйық өнім үшін тұтынушыға арналған ақпаратта көлем мәні, өзге де сусымалы, қатты, қоймалжың немесе тұтқыр иілмелі консистенциялы, газды қуыстары бар өнім түрлері үшін, сондай-ақ тығыздықты өлшеудің стандартталған әдістемесі жоқ өнімдер үшін - таза салмақ мәні көрсетіледі.

      33. Сақтау кезінде таза салмағы, негізгі өлшемдері немесе көлемі кішірейетін, даналап немесе "өлшеп" (тұтынушының көзінше өлшенеді) сатылатын өнім үшін, тұтынушыға арналған ақпаратта өнімнің таза салмағының немесе көлемінің мәнін көрсетпеуге рұқсат етіледі.

      34. Сақтау шарттары арнайы сақтау шарттарын (төмен температураны, жарық режімін және басқаларды) талап ететін өнім үшін көрсетіледі.

      35. Егер өнімнің біткеннен кейін пайдалану үшін қауіпті болып саналатын уақыт мерзімі бар болса, өнімнің жарамдылық мерзімі белгіленеді.

      Жарамдылық мерзімін өнімді дайындаушы (өндіруші) сақтау шарттарын міндетті көрсетіп және нормативтік құқықтық актілер мен стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарда көзделген талаптарды ескере отырып белгілейді.

      Дайындаушы (өндіруші) белгілеген жарамдылық мерзімі, белгіленген сақтау шарттары сақталған жағдайда, тұтынушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі талаптарына өнімнің сәйкестігіне кепілдік береді.

      Жарамдылық мерзімі өнімнің дайындалған (өндірілген) күнінен бастап есептеледі.

      Жарамдылық мерзімінің ұзақтығына байланысты мынадай тәсілмен көрсетіледі: "...(сағат, күн, ай немесе жылға дейін) жарамды", "...(күніне дейін) жарамды", "... (күніне) дейін пайдаланылсын", "...(сағат, күн, ай немесе жыл) бойына жарамды", "Қызмет ету мерзімі...(жыл-сағат-цикл)".

      36. Егер жарамдылық мерзімі "...(сағат, күн, ай немесе жыл) бойына жарамды", деген сөздермен көрсетілсе, онда затбелгіге немесе орауышқа (ыдысқа) өнімнің дайындалған (өндірілген) күні міндетті түрде жазылады.

      Дайындалған (өндірілген), буып-түйілген, жарамдылық мерзімінің аяқталған күйін затбелгілердің жиектеріне сандарға қарсы кертпеш (белгі) түсіру немесе күнге сәйкес келетін сандарды өшіру жолымен көрсетуге рұқсат етіледі.

      37. Түссіз орауышқа (ыдысқа) құйылатын мөлдір түссіз сұйық өнім түрлерінің құйылған күні орауыштың (ыдыстың) артқы жағынан көрінетін затбелгінің артқы жағына жазылады.

      38. Нақты өнімді сәйкестендіретін штрих код қолданыстағы нормативтік құжаттарға сәйкес сканерлеуші құрылғылармен есептеу үшін қолайлы орында затбелгіге және (немесе) орауышқа (ыдысқа) орналастырылады.

      39. Өнім өнімді сипаттайтын кез келген өзге ақпаратпен, оның ішінде Қазақстан Республикасы заңнамасына қайшы келмейтін жарнамалық ақпаратпен қоса жіберіле алады.

      40. Егер өлшемдері шағын (бір жағының ауданы 10 см2-ден аспайды) орауышқа (ыдысқа) өнім туралы тұтынушыға арналған ақпараттың қажетті мәтінін толық түсіру мүмкін болмаса, онда ақпаратты топтық орауышқа (ыдыстың) немесе жеке немесе топтық орауыштың (ыдыстың) әрбір бірлігіне қоса берілетін қосымша параққа орналастыруға рұқсат етіледі. Сондай-ақ өнім жинақтап сатылатын топтық орауыштың (ыдыстың) әрбір бірлігі тұтынушыға арналған ақпаратпен қоса жіберіледі.

      Тұтынушыларға өнімді алдын ала өлшеп салынбаған түрінде өткізу кезінде, өнім сауда үй-жайларында (сатылатын орындарда), оның ішінде сатып алушының көзінше өлшеп салынған жағдайда, олар туралы ақпаратты орауыштың (ыдыстың) әрбір бірлігіне қоса берілетін қосымша параққа, өнімнен тікелей жақын жердегі баға көрсеткішке немесе ақпараттық параққа орналастыруға рұқсат етіледі.

      Өткізу орындарында қаптарға салынған өнімде буып-түйілген немесе өлшеп салынған ұқсас өнім үшін қарастырылған ақпарат болуы тиіс.

      Тұтынушыларға арналған ақпарат қаптарға бекітілген затбелгілерге жазылады.

      Өнімді дайындаушы (өндіруші) тұтынушыға арналған ақпаратты орауыштың (ыдыстың) бірлігінің тек сол бір жеріне орналастырады.

      Тұтынушыға арналған ақпаратты оқу үшін қолайлы бір немесе бірнеше орынға орналастыруға рұқсат етіледі.

      41. Өнімді сақтау, тасымалдау, пайдалану, кәдеге жарату (қайта өңдеу), жою кезіндегі қауіпсіздік талаптары тұтынушы үшін қалған ақпараттан өзге қаріппен, түспен немесе басқа тәсілдермен ерекшеленуі тиіс.

      Егер өнім салынған орауыш (ыдыс) қосымша орауышпен қапталса, онда не ішкі орауыштың затбелгісі сыртқы орауыш арқылы жеңіл оқылуға, не сыртқы орауышта ұқсас затбелгі болуы тиіс.

      42. Өніммен байланысқа түсетін, тұтынушыларға арналған ақпаратты түсіру құралдары өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына әсер етпеуі тиіс, өнімді сақтау, тасымалдау және өткізу кезінде таңбалау тұрақтылығын қамтамасыз етуі тиіс.

      43. Қоршаған орта белсенді әсер ететін жағдайларда немесе арнайы жағдайларда (жоғарғы немесе төменгі температура, агрессивті орта және тағы басқа) қолданылатын өнім туралы тұтынушыға арналған ақпараттың сақталуы мынадай:

      әсер етуге тұрақты (ылғалға төзімді, ыстыққа төзімді және тағы басқа) материал-жеткізушіні қолдану;

      тиісті түсіру (басу, ою және тағы басқа) әдісін қолдану;

      әсер етуге тұрақты қабықты (мөлдір үлдірді, буманы, қорапты және тағы басқаларды) қолдану тәсілдерінің бірімен немесе олардың жиынтығымен қамтамасыз етілуге тиіс.

      44. Тұтынушыға арналған ақпаратты беру, оның ішінде таңбалау өлшемдері мен нысаны орауыштың (ыдыстың) өлшемі мен нысанына сәйкес анықталады.