Қазақстан Республикасының прокуратура органдарының жас қызметкерлерін бейімдеу және тәлімгерлік жүргізу Қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2015 жылғы 26 желтоқсандағы № 157 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 30 желтоқсанда № 12663 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2020 жылғы 4 мамырдағы № 59 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Бас Прокурорының 04.05.2020 № 59 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының прокуратура органдарының жас қызметкерлерін бейімдеу және тәлімгерлік жүргізу Қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Кадр жұмысы департаменті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде мерзімді басылымдарда және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау қорында орналастыру үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Кадр жұмысы департаментіне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Бас Прокуроры

А. Дауылбаев


  Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2015 жылдың 26 желтоқсандағы
№ 157 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының прокуратура органдарының жас қызметкерлерін бейімдеу және тәлімгерлікті жүзеге асыру қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының прокуратура органдарының жас қызметкерлерін бейімдеу және тәлімгерлікті жүзеге асыру қағидалары (одан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының прокуратура органдарының (одан әрі – прокуратура органдары) жас қызметкерлерін бейімдеу және оларға тәлімгерлікті жүзеге асыру тәртібін белгілейді.

      2. Ережелерде келесі негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) жас қызметкерлер – прокуратура органдарына қызметке тұңғыш қабылданған және қабылданған күннен бастап бір жыл ішінде қызмет өткеруші тұлғалар;

      2) жас қызметкерлердің бейімделуі – жас қызметкердің кәсіби машықтарды игеруі, ұйымдық (корпоративтік) мәдениетке қосылуы, прокуратура органдарында қызмет өткеруге шынайы берілуді қалыптастыру;

      3) тәлімгер – жас қызметкердің кәсіби даярлығы мен дамуына практикалық көмек көрсету үшін бекітілген прокуратура органдарының қызметкері (әрі қарай қызметкер);

      4) тәлімгерлік – тәлімгерлердің жас қызметкерге олар табысты бейімделуге ықпал ететін кәсіби іскерлік пен машықтарды игеру үшін жүзеге асырылатын мақсатты жұмыс;

      5) ұйымдық (корпоративтік) мәдениет – қызметкерлердің лауазымдық жағдайына және функционалдық міндеттеріне қарамастан жүріс-тұрыстың белгіленген нормалары мен қағидаларының, жұмыс істеу тәсілдерінің, өзара қарым-қатынас жасау құралдарының жиынтығы.

2. Жас қызметкерлерді бейімдеу тәртібі

      3. Жас қызметкерлерді бейімдеу төмендегідей кезеңдерден тұрады:

      1) жас қызметкерге тәлімгерді бекіту және оны бейімдеудің жеке бағдарламасын әзірлеу;

      2) қызметіне кірісу және жас қызметкерді бейімдеудің жеке бағдарламасын іске асыру;

      3) жас қызметкердің кәсіби даярлық деңгейін, қызметінің тиімділігін, құқықтық мәдениетінің және оның функционалдық міндеттерді атқаруға қабілетін анықтау;

      4. Тәлімгерді бекіту прокуратура органы басшысының немесе прокуратура органының өкілетті басшысының жас қызметкерді тиісті лауазымға тағайындау туралы бұйрығында көрсетіледі.

      5. Жас қызметкерге тәлімгер болып бекітілген қызметкер бес жұмыс күні ішінде жас қызметкерді бейімдеу туралы жеке бағдарлама әзірлейді.

      6. Жас қызметкерді бейімдеудің жеке бағдарламасы бір жылға әзірленеді және онда:

      1) жүктелген міндеттерді табысты шешу үшін қажетті кәсіби білім мен практикалық тәжірибені игеру;

      2) Қазақстан Республикасының құқықтық актілерін, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бұйрықтарын және әдістемелік ұсыныстарды зерделеу;

      3) тапсырылған жұмыс үшін борыш және жауапкершілік, заңға және прокуратура органдарының құқық қорғау функцияларына құрмет сезімдерін тәрбиелеу, жоғары адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру;

      4) прокуратура органдары қызметкерлерінің (одан әрі – қызметкер) қызметтік этика нормаларын, қызметтік және еңбек тәртібін сақтау;

      5) прокуратура органдарының ұйымдық (корпоративтік) мәдениетіне қосу, ортақтастыру іс-шаралары қамтылады.

      7. Бейімделу кезеңінде жас қызметкер:

      1) прокуратура органдары қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттерін белгілейтін заңнама, ұйымдық-өкімдік құжаттардың талаптарын, қызмет өткерудің, қызметкерді кәсіби даярлаудың негіздерін зерделеуге;

      2) бейімдеудің жеке бағдарламасын белгіленген мерзімде сапалы орындауға;

      3) алғашқы аттестаттау алдында атқарылған жұмысы туралы, сондай-ақ өзіне қатысты тәлімгерлік жүзеге асырылған жылдың қорытындысы бойынша есептілікті әзірлеуге;

      4) өзін кәсіби және жеке дамыту үшін жұмыс істеу, тәлімгердің кеңестерін қабыл алуға;

      5) прокуратура органдарының ұйымдық (корпоративтік) мәдениетіне қосылуға міндетті.

      8. Кәсіби даярлығының дейгейін, қызметінің тиімділігін, құқықтық мәдениетінің деңгейін, функционалдық міндеттерін орындауға қабілеттілігін тікелей басшысы және тәлімгері жүзеге асырады.

      Жас қызметкердің прокуратура органдарына кәсіби жарамдылығын анықтаудың қорытындысы прокуратура органында әрекет ететін Тәлімгерлер кеңесінде қабылданады.

3. Тәлімгерлікті жүзеге асыру тәртібі

      9. Тәлімгерлікті прокуратура органдарында бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар неғұрлым тәжірибелі қызметкер жүзеге асырады.

      Саны жағынан аз прокуратураларда тәлімгерлік жөніндегі жұмыс қала, аудан прокурорларына жүктелуі мүмкін.

      10. Тәлімгерлік жүзеге асырылатын жас қызметкерлердің саны бір уақыт ішінде үш адамнан артық болмауы тиіс.

      11. Тәлімгерді ауыстыру прокуратура органының басшысының немесе прокуратура органының өкілетті басшысының бұйрығымен рәсімделеді.

      12. Тәлімгерлікті жүзеге асыру кезінде тәлімгер:

      1) жас қызметкердің жеке бейімдеу бағдарламасын әзірлеуге және оны жас қызметкердің орындауына бақылау жасауға;

      2) жас қызметкерге кәсіби машықтар мен кәсіби шеберлігін тез дамуына, құқық бұзушылықтарға ымырасыз қатынасын қалыптастыруға көмек көрсетуге;

      3) жас қызметкерге қиындықтарды жеңуге, атқаратын қызметіне сәйкес жүктелген міндеттерді кез-келген жағдайларда дербес және сапалы орындауға қабілеттілігін дамытуға;

      4) прокурорлық қызметкерлердің құндылықтар жүйесін, әлеуметтік және кәсіби елеулі психологиялық және рухани-адамгершілік қасиеттерді, шынайылықты, тәртіптілікті, қызметтік міндеттерін орындауға саналы қатынасын, жұмыста жоғары нәтижелерге үнемі қол жеткізуге ұмтылу сезімін қалыптастыру;

      5) жас қызметкерде прокуратура органдарындағы қызметке, тапсырылған жұмысқа деген ынтасын және Прокурордың антын, қызметкерлердің қызметтік этикасын қатаң сақтауға, прокуратура органдарындағы үздік дәстүрлерді сіңіруге, сондай-ақ азаматтарға ілтипатпен және құрметпен қарауға, Қазақстан Республикасының прокуратурасының алдында тұрған қызметтік міндеттер мен тапсырмаларды орындау үшін жеке жауапкершілігін сезінуін тәрбиелеуге;

      6) жас қызметкерді ұйымдық (корпоративтік) мәдениетке, ұжымның қоғамдық өміріне қатысуға ортақтастыруға;

      7) жас қызметкердің жеке және іскерлік қасиеттерін, оның қызметке қатынасын, әріптестерімен және басқа азаматтармен қарым-қатынас ептілігін, қызметкерлердің қызметтік этика нормаларын, қызметтік және еңбек тәртібін сақтауын зерделеуге;

      8) жас қызметкердің кәсіби қызметімен, сонымен қатар оған марапаттау және тәртіптік ықпал ету шараларын қолданумен байланысты мәселелерді талқылауға қатысуға;

      9) Тәлімгерлер кеңесінде тәлімгерлік бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп беруге;

      10) тәлімгерлік мерзімі аяқталғаннан кейін жас қызметкердің кәсіби даяралығының, жұмыс тиімділігінің, құқықтық мәдениетінің және оның функционалдық міндеттерін орындау қабілеттілігінің деңгейін анықтауға міндетті.

      13. Тәлімгер өзінің жеке үлгісімен жас қызметкердің оң қасиеттерін дамытуға ықпал етуге, оның кәсіби ой өрісін, оң рухани қасиеттерінің қалыптасуына ат салысуы тиіс.

      14. Тәлімгерлік бойынша жұмыстың қорытындысы Тәлімгерлер кеңесінің отырысында жасалынады.

      15. Тәлімгерлік бойынша міндеттерді орындау қызметкердің қызметін бағалау, сыйақы төлеу, марапаттау, мансаптық өсу және кәсіби оқыту кезінде ескеріледі.

      16. Тәлімгерлердің қызметін үйлестіру, тәжірибе алмасу, осы бағыттағы жұмыстың сапасын жақсарту мақсатында прокуратура органының басшысының немесе прокуратура органының өкілетті басшысының бұйрығымен құрамын айқындайтын Тәлімгерлер кеңесі құрылады.

      Тәлімгерлер құрамы тақ болып кемінде бес адамнан құрылады.

      17. Тәлімгерлер кеңесінің құрамына:

      1) прокуратура органдарында ұзақ уақыт және мінсіз қызмет атқаратын, қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталған қызметкерлер, сондай-ақ психолог-полиграфологтар;

      2) прокуратура органдарының ардагерлері, қызмет өткерген жылдары үшін немесе қызметте болудың шекті жасына жетуңне байланысты зейнеткерлікке шыққан бұрынғы қызметкерлер енгізілуі мүмкін.

      18. Тәлімгерлер кеңесін құрғаннан кейін бір ай ішінде өткізілетін Тәлімгерлер кеңесінің алғашқы отырысында Тәлімгерлер кеңесінің мүшелері арасында міндеттерді бөлу, Тәлімгерлер кеңесі туралы ережені әзірлеу туралы мәселелер шешілуге жатады.

      19. тәлімгерлер кеңесінің отырысы оның отырысында құрамының 2/3 бөлігі қатысқан жағдайда өткізіледі және құзырлы деп саналады. Тәлімгерлер кеңесінің шешімі қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады. Егер дауыстар тең бөлінген жағдайда Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы жақтап дауыс берген шешім қабылданды деп саналады.

      20. Тәлімгерлер кеңесі келесі өкілеттіктерді жүзеге асырады және оның тізбесі Тәлімгерлер кеңесі туралы ережемен толықтырылуы мүмкін:

      1) тәлімгерліктің оң тәжірибесін қорытындылайды және таратады, тиісті прокуратура органының басшысына оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      2) кадр қызметіне тәлімгерлікті ұйымдастыруға көмек көрсетеді;

      3) тәлімгерлерге әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді;

      4) тиісті мүмкіндік болған жағдайда тәлімгерлерді тәрбие жұмысының озық нысандары мен әдістеріне, педагогика мен психологияның негіздеріне оқытуға шаралар қабылдайды;

      5) тәлімгерлердің жалпы жиналыстарын, прокуратура органдарының ардагерлерін жас қызметкерлермен кездесулерін өткізуді ұйымдастырады;

      6) өзінің отырыстарында тәлімгерлер мен жас қызметкерлердің атқарылған жұмыс туралы есептерін тыңдайды;

      7) прокуратура органының басшысы немесе прокуратура органының өкілетті басшысының алдында неғұрлым адал тәлімгерлерді және жас қызметкерлерді марапаттау туралы өтінішке бастама білдіреді;

      8) аттестаттау комиссиясының төрағасының рұқсатымен өзінің өкілі арқылы жас қызметкерді алғашқы аттестаттау кезінде аттестаттау комиссиясының жұмысына қатысады;

      9) прокуратура органы басшысының немесе прокуратура органының өкілетті басшысының алдында тәлімгерліктің мерзімін ұзарту, сондай-ақ тәлімгерді ауыстыру туралы өтініш білдіреді;

      10) өз отырыстарында өз міндеттеріне немқұрайлы қараған жас қызметкерлер мен тәлімгерлердің есебін тыңдап, прокуратура органы басшысының немесе прокуратура органының өкілетті басшысының алдында аталған тұлғаларды жазалау туралы өтініш білдіреді.