Ескерту. Күші жойылды - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.04.2020 № 90 бұйрығымен ( алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұйрық 01.01.2016 ж.бастап қолданысқа енгізіледі
"Тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау және пайдалану туралы" 1992 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 40-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан аумағындағы археологиялық зерттеулер нәтижесінде Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары алған материалдар мен олжалар ғылыми тіркелгеннен және өңделгеннен кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік музейлеріне беру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде және мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялау үшін электрондық тасымалдағышта елтаңбалы мөрмен куәландырылған қағаз данасын қоса бере отырып, Қазақстан Республикасы нормативті құқықтық актілерінің эталонды бақылау банкіне енгізу үшін елтаңбалы мөрмен куәландырылған қағаз данасын қоса бере отырып осы бұйрыққа қол қоюға уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық түрдегі осы бұйрықтың көшірмелерін жолдауды;
3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналасуын;
4) осы тармақта көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді осы іс-шаралар орындалғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасы | |
Мәдениет және спорт министрі | А. Мұхамедиұлы |
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 7 желтоқсандағы № 376 бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан аумағындағы археологиялық зерттеулер нәтижесінде Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары алған материалдар мен олжалар ғылыми тіркелгеннен және өңделгеннен кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік музейлеріне беру қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан аумағындағы археологиялық зерттеулер нәтижесінде Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары алған материалдар мен олжалар ғылыми тіркелгеннен және өңделгеннен кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік музейлеріне беру қағидалары (әрі қарай - Қағида) Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің заңды және жеке тұлғаларының Қазақстан аумағындағы археологиялық зерттеулер нәтижесінде алынған материалдар мен олжаларды ғылыми тіркелгеннен және өңделгеннен кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік музейлеріне беру тәртібін белгілейді.
2. Бұл Қағидада келесі негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі археологиялық жұмыстар (әрі қарай - археологиялық жұмыстар) - археология ескерткіштеріне археологиялық қазба, барлау және сараптама арқылы жүргізілетін далалық зерттеулер.
2) археологиялық зерттеулер - археологиялық материалдарды, олжалар мен әдістерді, сондай-ақ археологиялық жұмыстарды жұмылдыра отырып атқарылатын ғылыми зерттеулерді қамтитын шаралар кешені;
3) тарих және мәдениет ескерткіштері - Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген, халықтың өткен тарихымен, қоғам мен мемлекеттің дамуымен байланысты, адам жасаған немесе адам мен табиғаттың бірлескен туындысы болып табылатын жекелеген кесендер, ғимараттар, құрылыстар мен ансамбльдер, тарихи-мәдени ландшафттар және басқа да көрікті жерлер.
2. Қазақстан аумағындағы археологиялық зерттеулер нәтижесінде Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары алған материалдар мен олжалар ғылыми тіркелгеннен және өңделгеннен кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік музейлеріне беру тәртібі
3. Қазақстан аумағында тарих және мәдениет ескерткіштерінде археологиялық зерттеулермен айналысатын Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің заңды және жеке тұлғалары (бұдан әрі - заңды және жеке тұлғалары) археологиялық жұмыстар аяқталғаннан кейін күнтізбелік отыз күннің ішінде тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға (бұдан әрі - уәкілетті орган) келесі құжаттарды қағаз және электронды тасымалдағышта жолдайды:
1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болғанда) /заңды тұлғаның атауы, археологиялық зерттеулер нысанының атауы, археологиялық зерттеудің қаржыландырылу көзі көрсетілген хат;
2) жүргізілген археологиялық жұмыстардың мақсаты, міндеттері және сипаттамасын қамтитын қысқаша есеп;
3) материалдар мен олжалардың көлемі, салмағы, пішіні, жасалған материалы, материалдың орындалу техникасы туралы ақпарат қамтылған және қосымша әрбір материал мен олжаның А5 форматта түрлі-түсті фотосы қоса берілген тізімі;
4. Ұсынылған құжаттар уәкілетті органмен олардың түскен кезінен бастап күнтізбелік алпыс күн ішінде қаралады.
5. Осы Қағиданың 3-тармағына сәйкес келмейтін құжаттар ұсынылған жағдайда, уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде заңды және жеке тұлғаларға жетіспейтін құжаттарды немесе ақпаратты сауал түскеннен бастап бес жұмыс күні ішінде ұсыну қажеттігі туралы сауал жолдайды.
6. Осы Қағиданың 3-тармағында көрсетілген құжаттарды қарау үшін уәкілетті орган тұрақты жұмыс істейтін сараптама комиссиясын (әрі қарай - Комиссия) құрады.
7. Комиссияның отырыстары заңды және жеке тұлғалардан құжаттардың түсуіне қарай өткізіледі.
8. Құжаттарды қарау нәтижелері бойынша Комиссия материалдар мен олжаларды республикалық немесе жергілікті маңызы бар мемлекеттік музейге музей атауын көрсете отырып тапсыруға шешім қабылдайды.
Комиссия шешімі хаттамамен ресімделеді және ұсынымдық сипатта болады.
9. Комиссия шешімін есепке ала отырып, уәкілетті орган материалдар мен олжаларды республикалық немесе жергілікті маңызы бар мемлекеттік музейге музей атауын көрсете отырып тапсыруға шешім қабылдайды.
10. Уәкілетті орган заңды және жеке тұлғаларға және тиісті мемлекеттік музейге уәкілетті органның қабылдаған шешіміне сәйкес материалдар мен олжаларды тапсыру-қабылдау рәсімін жүргізу қажеттігі туралы хабарлама жібереді.
11. Заңды және жеке тұлғалар материалдар мен олжаларды олардың ғылыми бекітіліп, өңделгені туралы қосымша берілген есебімен бірге, хабарлама алғаннан бастап бір жыл ішінде мемлекеттік музейге тапсырады.
12. Заңды және жеке тұлғалармен материалдар мен олжаларды мемлекеттік музейге тапсыру осы Қағидаға берілген қосымшаға сәйкес нысан бойынша тапсырылатын материалдар мен олжаларды қабылдау-тапсыру актісімен (бұдан әрі - қабылдау-тапсыру актісі) ресімделеді.
Қабылдау-тапсыру актісі үш данада қазақ және орыс тілдерінде әр тарап үшін бір данадан және бір данасы уәкілетті орган үшін жасалынады.
Мемлекеттік музей қабылдау-тапсыру актісіне қол қойылғаннан кейін күнтізбелік он бес күннің ішінде қабылдау-тапсыру актінің бір данасын уәкілетті органға жолдайды.
Нысаны
Материалдар мен олжаларды
қабылдау-тапсыру актісі
" ______ "_____________ № ___________
(қол қойылған мерзімі және қабылдау-тапсыру актісінің нөмірі)
Осы акт бірінші жақ, __________________________________________
(мемлекеттік музейдің атауы)
ӨКІЛІ _______________________________________________________________
(аты, жөні, тегі (бар болған жағдайда), лауазымы)
қабылданғаны және екінші жақ
_____________________________________________________________________
(жеке тұлғаның аты, жөні, тегі (бар болған жағдайда) немесе заңды
тұлғаның атауы)
ӨКІЛІ _______________________________________________________________
(аты, жөні, тегі (бар болған жағдайда), лауазымы)
Тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау және пайдалану жөніндегі
уәкілетті органның 20 _____ жылғы " _____ " _________ № ____ шешіміне
сәйкес, келесі археологиялық материалдар мен олжаларды тапсырғаны
жөнінде жасалды:
№ р/с | Материалдар мен олжалардың атауы және қысқаша сипаттамасы, жасалған материалы, орындалу техникасы, көлемі (бағалы металдар мен бағалы тастар болған жағдайда бағалы металдардың сынамасы мен массасын, бағалы тастардың санын мен каратын көрсету қажет) | Сақталу жағдайы | Тіркелуі | Ескерту |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 |
Берілген акт бойынша барлығы __________________________ археологиялық
(сандық және жазбаша үлгіде)
материалдар мен олжалар тапсырылды (бағалы металдар мен тастар болған
жағдайда келесі ақпарат жазылуы қажет: құрамында бағалы металдар және
бағалы тастары бар _________________ зат: ___________________________
(сандық және жазбаша үлгіде) (бағалы металлдар жалпы массасы)
_______________________________________________________________).
(түрлері бойынша) және/немесе бағалы тастардың саны мен жалпы массасы
(түрлері бойынша)
Қосымша: материалдар мен олжалардың ғылыми бекітіліп, өңделгені
туралы есеп________парақта.
Акт үш данада қазақ және орыс тілдерінде жасалды және оған қол
қойған жақтарға бір данадан тапсырылды.
Қабылдады ____________________________________________
(қолы, аты, жөні, тегі (болған жағдайда)
мөр орны
Тапсырды ____________________________________________
(қолы, аты, жөні, тегі (болған жағдайда)
мөр орны
(заңды тұлғаларға)
Қатысқандар ____________________________________________
(қолы, аты,жөні, тегі (болған жағдайда)