Сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогтарын қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 қарашадағы № 701 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 18 желтоқсанда № 12423 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 29-1-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогтарын қалыптастыру және жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті:

      1) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Ұлттық экономика министрі

Е. Досаев


  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 19 қарашадағы
№ 701 бұйрығымен бекітілген

Сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогтарын
қалыптастыру және жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 10.08.2021 № 428 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогтарын қалыптастыру және жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогтарын (бұдан әрі – СҚҚК) қалыптастыру және жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. СҚҚК сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің қатысушы субъектілеріне арналған ақпараттық жүйелер тізбелерін білдіреді және мынадай тізбелерден:

      сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік техникалық құжаттар тізбесінен (СҚҚК-1);

      кәсіпорындардың, ғимараттардың және құрылыстардың үлгілік жобалары мен үлгілік жобалық шешімдері тізбесінен (СҚҚК-2);

      құрылыс конструкциялары, бұйымдар мен құрылыс материалдары тізбесінен (СҚҚК-3);

      жұмыс жүргізу технологиялары тізбесінен (СҚҚК-4);

      құрылыстағы баға белгілеу жөніндегі нормативтік құжаттар тізбесінен (СҚҚК-5) тұрады.

2-тарау. СҚҚК қалыптастыру, бекіту және жүргізу тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 10.08.2021 № 428 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның ведомствосы (бұдан әрі – уәкілетті органның ведомствосы) СҚҚК қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асырады.

      4. СҚҚК сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің Қазақстан Республикасының аумағында қолданылуы туралы ақпараттың негізінде қалыптастырылады.

      Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы нормативтiк құжаттардың мемлекеттiк жүйесiне "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 28-бабының 2-тармағында көзделген нормативтік құжаттарды қамтиды.

      5. СҚҚК тиісті элементтермен және бөлімдермен: мұқаба парақ, мазмұны, кіріспе және негізгі бөліммен ресімделеді.

      СҚҚК негізгі бөлімінің нысандары осы Қағидаларға қосымшада келтірілген.

      6. Жобалау және құрылыс мәселелерін қозғайтын стандарттау бойынша қабылданған ведомстволық нормативтер мен нормативтік құжаттар туралы ақпарат СҚҚК-ға енгізу үшін құжатты бекіту туралы бұйрықтың көшірмесімен бірге уәкілетті органның ведомствосына жіберіледі.

      Стандарттау бойынша ведомстволық нормативтік құжаттар мен нормативтік құжаттарға енгізілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпарат та уәкілетті органның ведомствосына жіберіледі.

      7. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтері бар сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер, сондай-ақ қызмет бабында пайдалану үшін қолданылатын құжаттар СҚҚК-ге енгізілмейді.

      8. Үлгілік жобалау құжаттамалары туралы ақпаратты СҚҚК-2-ге енгізу үшін осы құжаттаманы әзірлеушілер сәулет, қала құрлысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкес тиісті техникалық параметрлері бар каталогтік парақтар жасайды.

      9. Шығарылатын конструкциялар, бұйымдар және құрылыс материалдары бойынша, сондай-ақ құрылыс өнімдерін өндірістен алып тастау туралы ақпаратты ұйымдар уәкілетті органның ведомствосына СҚҚК-3-ке тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін жібереді.

      Шығарылатын құрылыс өнімдері туралы мәліметтер Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті төрағасының 2015 жылғы 18 наурыздағы № 50 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10779 болып тіркелген) Ведомстволық жіктелімдерді жүргізудің үлгілік әдістемесіне (ВЖЖҮӘ) сәйкес әзірленген құрылыс ресурстарының жіктеуішінен алынған өнім кодын, оның атауын, стандартын және өлшем бірлігін қамтиды.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 10.08.2021 № 428 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы ведомстволық нормативтік құжаттарды, стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарды және өзге мемлекеттік нормативтерді, үлгілік жобаларды бекіту туралы, құрылыста қолданылатын құрылыс конструкциялары, бұйымдары мен құрылыс материалдары, жұмыс жүргізу технологиялары туралы келіп түскен мәліметтерді уәкілетті органның ведомствосы СҚҚК-ке күнтізбелік 30 күн ішінде енгізеді.

      11. СҚҚК-ні өзектендіру мақсатында уәкілетті органның ведомствосы жылына бір реттен кем емес мүдделі мемлекеттік органдарға жазбаша сұрау жібереді.

      12. Қалыптастырылған СҚҚК уәкілетті орган ведомствосының интернет-ресурсында орналастырылады.

  Сәулет, қала құрылысы
және құрылыс каталогтарын
қалыптастыру және жүргізу
қағидаларына қосымша

Негізгі бөлімнің нысаны
СҚҚК-1 – Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы
нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік техникалық
құжаттар тізбесі

      Ескерту. Қосымшаға өзгеріс енгізілді - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 10.08.2021 № 428 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Шифр және нөмір Атауы Бекітілді МСС

1. Ұйымдастыру-әдістемелік нормативтік құжаттар
1.01 кешен





Негізгі бөлімнің нысаны
СҚҚК-2 – Кәсіпорындардың, ғимараттардың және құрылыстардың
үлгілік жобалары мен үлгілік жобалау шешімдерінің тізбесі

Сызбалардың сериялары мен шығарылым белгісі Үлгілік жобалау құжаттамасының атауы мен қысқаша сипаттамасы Әзірлеуші, бекіту



Негізгі бөлімнің нысаны
СҚҚК-3 – Құрылыс конструкциялары, бұйымдары мен құрылыс материалдарының тізбесі

Өнімнің
коды

Атауы

Стандарт

Өлшем бірлігі





Негізгі бөлімнің нысаны
СҚҚК-4 – Жұмыстар жүргізу технологияларының тізбесі

Шифры мен нөмірі Атауы Бекітілді МСС




Негізгі бөлімнің нысаны
СҚҚК-5 – Құрылыстағы баға белгілеу жөніндегі нормативтік құжаттар тізбесі

Шифрымен нөмірі Атауы Бекітілді МСС

Баға белгілеу және смета жөніндегі нормативтік құжаттар