Аңшылық шаруашылығын жүргiзу қағидаларын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2015 жылғы 29 мамырдағы № 18-2/501 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 3 шілдеде № 11551 тіркелді.

      "Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шiлдедегi Заңының 9-бабының 1-тармағының 58) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берiлiп отырған Аңшылық шаруашылығын жүргізу қағидалары бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің міндетін атқарушы С. Омаров

  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
міндетін атқарушының
2015 жылғы 29 мамырдағы
№ 18-2/501 бұйрығымен
бекiтілген

Аңшылық шаруашылығын жүргiзу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.11.2018 № 446 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Аңшылық шаруашылығын жүргiзу осы қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) "Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шiлдедегi Заңының 9-бабы 1-тармағының 58) тармақшасына сәйкес әзiрлендi және аңшылық шаруашылығын жүргiзу тәртiбiн айқындайды.

      2. Аңшылық шаруашылығын, сондай-ақ балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелерi бекiтіп беріле отырып, балық шаруашылығын жүргiзу құқығы Қазақстан Республикасының азаматтарына және Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына облыстың жергілікті атқарушы органының аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерiн бекiтiп беру туралы шешiмiнiң, ведомствоның аумақтық бөлімшесі мен жануарлар дүниесін пайдаланушы арасында жасалатын аңшылық және балық шаруашылықтарын жүргiзу шартының негiзiнде берiледi.

      Атқарушы органның аңшылық алқаптарды бекiтiп беру туралы шешiмi конкурстық комиссияның аңшылық алқаптарды бекiтiп беру жөнiндегi шешiмiне негiзделеді.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 22.12.2022 № 768 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. "Қазақстан Республикасы аумағында шаруашылықаралық аңшылық ісін ұйымдастыру қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 17 ақпандағы № 25-03-01/63 бұйрығына сәйкес жүргізілген аңшылық алқаптарын шаруашылықаралық аңшылықты ұйымдастыру нәтижелері бойынша жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті органның ведомствосы осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес аңшылық шаруашылықтарының санаттарын айқындайды.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 13.05.2021 № 140 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. "Қазақстан Республикасының аумағында шаруашылықішілік аңшылық ісін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 16 шілдедегі № 17-03/362 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7851 тіркелген) (бұдан әрі - Бұйрық) сәйкес аңшылық шаруашылығы ұйымы шартта белгіленген мерзімде өзіне бекітіп берілген аңшылық алқаптарда шаруашылықiшiлiк аңшылық ісін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.

      5. Шаруашылықішілік аңшылық ісін ұйымдастыру материалдары бойынша әзірленген аңшылық шаруашылығын жүргізу жоспарын аңшылық шаруашылығы ұйымы бекітеді, осыдан кейін орындалуға жатады.

      6. Шаруашылықiшiлiк аңшылық iсiн ұйымдастыру ұзақтығы 10 (он) жыл тексеру кезеңiне немесе бұйрығына сәйкес шарттың жасалу мерзiмiне әзiрленедi.

      Шаруашылықішілік аңшылық ісін ұйымдастыру материалдары аңшылық шаруашылығының санатын өзгерту, шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізуге үшін негіз болып табылады.

      6-1. Аңшылық шаруашылығын жүргізуге арналған шарт:

      1) аңшылық шаруашылығын жүргізуден өз еркімен бас тартқан;

      2) аңшылық шаруашылығын жүргізуге арналған шарттың қолданылу мерзімі аяқталған;

      3) аңшылық шаруашылығы субъектілерінің қызметі тоқтатылған;

      4) аңшылық шаруашылығын жүргізуге арналған шарт талаптары жүйелі түрде бұзылған;

      5) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнама талаптары жүйелі түрде бұзылған;

      6) аңшылық алқаптарын бекітіп беру жүргізілген жер учаскелері 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгілі тәртіппен мемлекеттік мұқтаж үшін алып қойылған жағдайларда тоқтатылады.

      Ескерту. 2-тарау 6-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.11.2018 № 446 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Жануарлар дүниесі объектiлерiнiң мониторингі үшін санын есепке алуды, мәліметтерді жинауды ұйымдастыру

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.11.2018 № 446 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Жануарлар дүниесiнiң объектiлерiн есепке алудың негiзгі мақсаты осы жануарлар таралымдарының жай-күйiн бағалау және оларды қорғау, өсiмiн молайту және орнықты пайдалану жөнiндегi iс-шараларды жоспарлау болып табылады.

      8. Бекiтiлiп берiлген аңшылық алқаптардағы жануарлар дүниесi объектiлерiнің санын есепке алуды аңшылық шаруашылығы ұйымдары "Қазақстан Республикасының аумағында жануарлар түрлерін есепке алуды жүргізу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 1 наурыздағы № 25-03-01/82 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7492 тіркелген) сәйкес жүзеге асырады.

      9. Аң аулау объектiлерiне жатқызылған жануарлар түрлерiнің санын есепке алу нәтижелерi оңтайлы және нақты сандар көрсеткiштерiнiң арақатынасын ескере отырып, оларды алу лимиттерi мен квоталарын анықтау үшiн негіз болып табылады.

      10. Аңшылық шаруашылығы ұйымдары жануарлар дүниесi объектiлерiнiң өндiрiстiк мониторингiн жүзеге асырады, ол жануарлар дүниесiнiң биологиялық әртүрлілігін сақтау, оны орнықты пайдалануды қамтамасыз ету үшiн болып жатқан өзгерiстердi анықтау және бағалау, жағымсыз процестер мен құбылыстардың алдын алу және олардың зардаптарын жою мақсатында жануарлар дүниесi объектiлерiнiң таралуын, санын, жай-күйiн, таралымдарының құрылымын, мекендеу ортасының сапасы мен алаңын қадағалау жүйесiн бiлдіреді.

3-тарау. Жануарлар дүниесiнiң объектiлерiн қорғау

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.11.2018 № 446 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Жануарлар дүниесін пайдаланушы бекітіп берген аңшылық алқаптардағы жануарлар дүниесі объектілерін қорғау:

      1) жануарлар дүниесі объектілерін қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөніндегі қағидаларды, нормалар мен нормативтерді сақтау қағидаттарына негізделеді;

      2) жануарлар дүниесін пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды сақтау қағидаттарына негізделеді;

      3) жануарлардың бағалы, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін қорғау;

      4) жануарлар дүниесін пайдаланудың белгіленген қағидаларын бұзуды болғызбау;

      5) жануарлар дүниесі объектілерін, олардың мекендеу ортасын, көбею жағдайларын, қоныс аудару жолдары мен шоғырлану орындарын қорғауды ұйымдастыруды қамтамасыз ету:

      қорықшылық қызметті құру;

      қорықшылық қызметті нысанды киіммен, қызметтік куәлікпен, қызметтік қарумен қамтамасыз ету;

      биотехникалық іс-шаралар жүргізу;

      мемлекеттік органдарға аңшылық жануарлар түрлерін қорғауды жүзеге асыруға көмек көрсету (жануарлар дүниесін қорғау бойынша бірлескен рейдтік іс-шаралар өткізу);

      6) жануарлардың аңшылық түрлерін жасанды өсіру (Ескертпе: аңшылық пайдаланушының қаржылық жағдайына байланысты оның қалауы бойынша);

      7) жануарлар ауырған жағдайда, дүлей зілзала кезінде және басқа себептер салдарынан қырылу қаупі төнген жағдайларда оларға көмек көрсету;

      жануарлар дүниесі объектілерін қорғау және орнықты пайдалану идеяларын насихаттау;

      8) азаматтарды жануарлар дүниесіне ізгілікті және ұқыпты қарау рухында тәрбиелеу мақсаттарында жүзеге асырылады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 13.05.2021 № 140 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

4-тарау. Аңшылық шаруашылықтарының қорықшылық қызметi

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.11.2018 № 446 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Қорықшылық қызметтерді өз қаражат есебінен аңшылық шаруашылығы ұйымдары құрады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 13.05.2021 № 140 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

5-тарау. Бекітіп берілген аңшылық шаруашылықтарында жануарлар дүниесiнiң өсiмiн молайту

      Ескерту. 5-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.11.2018 № 446 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Бекiтіп берілген аңшылық шаруашылықтарында жануарлар дүниесiнің өсiмiн молайтуды аңшылық шаруашылығы ұйымы жүзеге асырады және жануарлар дүниесi объектiлерiнің санын көбейту мен оңтайлы мөлшерін сақтауға және оларды орнықты пайдалануға бағытталған iс-шаралар кешенiн қамтиды.

      14. Бекiтiп берілген аңшылық алқаптарда жануарлар дүниесiнiң өсiмiн молайту аңшылық алқаптардың өнiмдiлiгiн арттыру мақсатында жүзеге асырылады және:

      1) үстеп қоректендiру, азықтандыру кешендерi мен азықтандыру алаңдарын құру;

      2) жасанды су айдындары мен суаттар құру;

      3) қорғаныштық өсiмдiктер отырғызу, жасанды ұялар салу жолымен аңшылық алқаптардың ұя салуға жарамды алаңдарын ұлғайту;

      4) жыртқыш жануарлардың санын реттеп отыру;

      5) жануарлар дүниесiн қорғау және өсiмiн молайту саласында ғылыми зерттеулер ұйымдастыру;

      6) белгiлi бiр аумақта және белгiлi бiр мерзiмге аңшылық шаруашылығы ұйымының шаруашылық қызметiн шектеу;

      7) жануарлар ауруларының алдын алу жөнiнде iс-шаралар өткiзу;

      8) жануарларды қолда және жартылай ерікті жағдайларда өсiру;

      9) жануарлар дүниесiнiң объектiлерiн жерсiндiру;

      10) жыныс-жас құрамын реттеп отыру жолымен қол жеткiзiледi.

      15. Бекітіліп берілген аңшылық шаруашылықтарында жануарлар дүниесін молайту жөніндегі жұмыстардың тізбесі шаруашылықішілік аңшылық ісін ұйымдастыруда және аңшылық шаруашылығын жүргізу жоспарында көзделеді.

      Аңшылық шаруашылығын жүргізу жоспарына түзету экономикалық құрамдас бөлік пен өңірлік жағдайлар өзгерген жағдайда қажеттілігіне қарай енгізіледі.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 13.05.2021 № 140 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16. Бекiтіп берiлген аңшылық шаруашылықтарында жануарлар дүниесiнiң өсiмiн молайту жөнiндегi iс-шараларды аңшылық шаруашылығы ұйымдары өз қаражаты есебiнен жүргiзедi.

6-тарау. Жануарлар дүниесiн пайдалану

      Ескерту. 6-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.11.2018 № 446 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. Бекiтiп берілген аңшылық шаруашылықтарында жануарлар дүниесiн пайдалануды аңшылық шаруашылығы ұйымдары "Жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсаттар беру қағидаларын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 18-04/675 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10168 тіркелген) сәйкес атқарушы орган беретiн рұқсаттардың негiзiнде жүзеге асырады.

      18. Аңшылық шаруашылығы субъектілері квота шеңберінде жануарлар дүниесі объектілерін алу құқығына жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат алған сәттен бастап, ал басқа жеке және заңды тұлғалар - аңшылық шаруашылығы субъектілерінен жолдама алғаннан немесе олармен аң аулауға шарт жасасқаннан кейін ие болады.

  Қазақстан Республикасы Ауыл
шаруашылығы министрінің м.а.
2015 жылғы 29 мамырдағы
№ 18-2/501 бұйрығына
қосымша

Аңшылық шаруашылықтарының санаттары

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 13.05.2021 № 140 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Аңшылық шаруашылықтарының санаттары

Аңшылық шаруашылы ғының алатын алаңының нормасы (гектaр)

Аң аулау объектiлерiне жатқызылған мекендейтiн жануарлар түрлерiнiң шектi мөлшерi

Аңшылық алқаптарды бекiтiп берудiң ұсынылатын мерзiмi (жыл)

1

2

3

4

1 санат

кемiнде 5000

тұяқты жануарлар түрлерi-кемiнде 3, ұсақ және қанатты құстың түрлері - кемiнде 5

49

2 санат

кемiнде 15000

тұяқты жануарлар түрлерi-кемiнде 3, - ұсақ және қанатты құстың түрлерi-кемiнде 3

40

3 санат

кемiнде 20000

тұяқты жануар лар түрлерi-кемiнде 2, ұсақ және қанатты құстың түрлерi - кемiнде 3

30

4 санат

кемiнде 20000

тұяқты жануарлар түрлерi-кемiнде 1, ұсақ және қанатты құстың түрлерi-кемінде 3

20

5 санат

кемiнде 10000

ұсақ және қанатты құстардың түрлері кемінде - 3

10