Кедендік бақылау техникалық құралдарының тізбесін және қолдану қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 29 мамырдағы № 334 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 2 шілдеде № 11532 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 30 қаңтардағы № 84 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Қаржы министрінің 30.01.2018 № 84 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы Кодексінің 196-бабының 1-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) Осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес Кедендік бақылаудың техникалық құралдарының тізбесі;

      2) Осы бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес Кедендік бақылаудың техникалық құралдарын қолдану қағидасы бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетіне (Д.Е.Ерғожин) заңнамамен белгіленген тәртіпте:

      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден өткізгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімдік баспа басылымдарда және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

Қаржы министрі

Б. Сұлтанов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ________________Е. Досаев

      2015 жылғы 28 мамыр



  Қазақстан Республикасының
Қаржы министрінің
2015 жылғы "29" мамырдағы
№ 334 бұйрығына
1-қосымша

Кедендік бақылаудың техникалық құралдарының тізбесі

      Кедендік бақылаудың техникалық құралдары мынадай түрлерге бөлінеді:

      1) Кеден одағының кедендік аумағына келетін/кететін автокөлік құралдарын мемлекеттік тіркелген нөмір белгілері бойынша тіркеуді автоматтандыру жолымен оларды көзбен қарап және автоматтандырылған бақылау үшін мемлекеттік кірістер органдары пайдаланатын автокөлік құралдарын есептеудің автоматтандырылған жүйесі;

      2) өткізілетін радиоактивті және бөлінетін материалдарды, қауіпті қалдықтарды анықтау, оқшаулау және бірдейлендіру, олардың сандық және сапалық сипаттамаларын өлшеуге арналған радиациялық бақылаудың техникалық құралдары. Оларға дозиметрлер, радиометрлер, портативті және стационарлық спектрометрлер, бөлінетін және радиоактивті материалдарды анықтаудың стационарлық жүйелері жатады;

      3) мемлекеттік кірістер органдары автокөлік құралдарының салмақтық және көлемдік параметрлерін өлшеуді бақылау үшін пайдаланатын көлік құралдарының салмақтық және көлемдік параметрлерін анықтаудың және бейне қадағалаудың автоматтандырылған жүйесі;

      4) мемлекеттік кірістер органдары көлік құралдарын, көлік құралдарының жүк бөліктеріндегі, контейнерлердегі, жолаушылардың алып жүретін және алып жүрмейтін багажындағы, халықаралық пошта жөнелтілімдеріндегі заттарды және шағын, орташа көлемді және ірі көлемді ыдыстардағы тауарларды оларды ашпай, сондай-ақ жеке тұлғаларды интрузивті емес (байланыссыз) тексеріп қарау әдісімен, көзбен қарап тексеру үшін пайдаланатын, оның ішінде бейнелерді өңдеу және талдау жүйесімен жабдықталған тексеріп қараудың интраскопиялық техникасы. Мемлекеттік кірістер органдары интрузивті емес тексеріп қараудың стационарлық, тасымалданатын және ұтқыр жүйелерін пайдаланады;

      5) жолаушылардың алып жүретін және алып жүрмейтін багажын, халықаралық пошта жөнелтілімдерін, көлік құралдарындағы тауарлар мен қол жеткізудің қиын орындарын кедендік тексеріп қарауды жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын іздестірудің техникалық құралдары. Мыналар іздестірудің техникалық құралдары болып табылады:

      металл детекторлары - қара және түсті металдардан жасалған заттарды анықтауға мүмкіндік беретін электронды құралдар. Мемлекеттік кірістер органдары портативті, тасымалданатын және стационарлық металл детекторларын пайдаланады;

      тексеріп қарау айналары - пішіндері мен мөлшері әртүрлі ауыспалы айналардың жиынтығы бар телескоптық ұстағыштар, қол жеткізудің қиын орындарындағы тауарларды, көлік құралдарын тексеріп қарау үшін қолмен ұсталатын жарықтандырғыш аспаптарымен қолданылады;

      тексеріп қарау сүңгілері - диаметрлері мен ұзындығы әртүрлі ерекше шыңдалған металл өзектері, тесілетін объектілердің (жұмсақ және картон орамаларының, көлік құралдарындағы отырғыштардың, сусымалы жүктердің) салымдарынан сынамалар алу үшін арнайы нысандағы тесігімен дайындалады;

      эндоскоптар - көлік құралдарындағы қол жеткізудің қиын орындарын және түрлі, оның ішінде агрессивті сұйықтықтармен толтырылған ыдыстарды тексеріп қарауға арналған оптикалық аспаптар;

      тексеріп қарау шамдары мен лампалар - тәуліктің түнгі уақытында және әлсіз жарықтандырылған үй-жайларды оңтайлы жарықтандыру үшін бағытталған жарықтандырғыш аспаптар. Мемлекеттік кірістер органдары ұтқыр, тасымалданатын және стационарлық шамдар мен лампаларды қолданады;

      тығыздықтың өзгеруін айқындау үшін аспаптар - отын бактары, есіктер, көлік құралдарының дөңгелектері, жүк автомобильдері тіркемелерінің қабырғалары сияқты қол жеткізудің қиын орындарындағы бөтен салымдарды анықтау үшін бағытталған аспаптар;

      жылу визорлары - өзінің сәулелену серпінінде жылу сәулесін шығаратын объектілерді жедел іздестіруге, анықтау мен байқауға арналған бағытталған аспаптар;

      6) бірдейлендірудің техникалық құралдары, оларға:

      кедендік және өзге құжаттардың түпнұсқалығын айқындау аспаптары;

      бағалы металдар сынамасының түпнұсқалығын айқындау аспаптары;

      бағалы тастардың түпнұсқалығын айқындау аспаптары;

      есірткі, психотропты заттар мен прекурсорларды сәйкестендіру аспаптары;

      жарылғыш заттарды сәйкестендіру аспаптары;

      рентгенофлуорэсценттік талдағыштар;

      өлшеу аспаптары;

      энергия ресурстарын есептеу аспаптары;

      хладагенттерді сәйкестендіру аспаптары, детекторлар мен талдағыштар;

      электронды тиектеу-пломбалау құрылғыларын (электронды пломбаларды) оқу аспаптары;

      штрих-кодтардың принтерлері;

      штрих-кодтарды оқу аспаптары;

      сәйкестендіру құралдары;

      7) кедендік бақылауды жүзеге асырылатын объектілердегі жедел жағдайды қадағалау үшін мемлекеттік кірістер органдары пайдаланатын көзбен қарап қадағалаудың техникалық құралдары,

      Көзбен қарап қадағалаудың техникалық құралдарына оптикалық қадағалау аспаптары, дүрбілер, монокулярлы және стереотүтіктер, түнде көру аспаптары, сондай-ақ шолу телевизиясының жергілікті (тұйық) жүйесі - бірыңғай бақылау пультімен қашықтан басқарылатын телевизиялық камералар мен бақылау мониторларының желісі жатады;

      8) аудио және бейнеақпаратты тасымалдаушыларды бақылаудың техникалық құралдары, оларға тасымалдау бейнетіркегіштер, бейнекамералар, фотоаппараттар, магнитофондар, бейнемагнитофондар, барлық жүйедегі және жазу пішініндегі плейерлер, телемониторлар, телевизорлар, арнайы компьютерлік бақылау жүйелері, фото-, кино-, слайд проекторлары, микрофиштерді қарауға арналған құрылғылар, сондай-ақ аудио-, бейнеақпараттарды өшіруге арналған құрылғылар жатады;

      9) мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды адамдары кедендік бақылау процесін жедел басқаруды қамтамасыз ету үшін қолданатын жедел байланыстың техникалық құралдары. Кешен: мемлекеттік кірістер органдарына арнайы бөлінген радиожиілікте жұмыс істейтін радиобайланыстың тасымалданатын, стационарлық (базалық), автомобильдік аппаратурасын қамтиды.

  Қазақстан Республикасының
Қаржы министрінің
2015 жылғы "29" мамырдағы
№ 334 бұйрығына
2-қосымша

Кедендік бақылаудың техникалық құралдарын қолдану қағидасы
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағида Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарын, сондай-ақ Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өтетін жеке тұлғаларды кедендік бақылауды жүзеге асыру кезінде техникалық құралдарды қолдану тәртібін белгілейді.

      2. Кедендік бақылаудың техникалық құралдары - кедендік бақылауды жүргізу уақытын қысқарту мен кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтардың (қылмыстардың) фактілерін анықтау мақсатында жеке тұлғаларды, тауарлар мен көлік құралдарын кедендік бақылау процесінде мемлекеттік кірістер органдары қолданылатын арнайы техникалық құралдарының кешені.

2. Кедендік бақылаудың техникалық құралдарын қолдану тәртібі

      3. Кедендік бақылаудың техникалық құралдарын қолдану адам өмірі мен денсаулығы, жануарлар мен өсімдіктер үшін қауіпсіз болуға және тұлғаларға, тауарлар мен көлік құралдарына залал келтірмеуге тиіс.

      4. Кедендік бақылауды жүзеге асырушы мемлекеттік кірістер органының лауазымды адамы кедендік бақылау нысанына және жеке тұлғаларды, тауарлар мен көлік құралдарын өткізу ерекшелігіне қарай кедендік бақылаудың қандай да бір техникалық құралдарын қолдану қажеттілігін айқындайды.

      5. Кедендік қадағалау кезінде кедендік бақылаудың мынадай техникалық құралдары қолданылады:

      1) Кеден одағының кедендік аумағынан өтетін автокөлік құралдарын мемлекеттік тіркелген нөмір бойынша тіркеу жолымен автокөлік құралдарын есептеудің автоматтандырылған жүйесі;

      Автокөлік құралдарын есепке алудың автоматтандырылған жүйесін қолдану нәтижесі бойынша алынған ақпарат Кеден одағының кедендік шекарасын қиып өтетін автокөлік құралдарын орталықтандырылған есепке алу үшін байланыс арналары арқылы кеден ісі саласындағы уәкілетті органға беріледі;

      2) кедендік бақылау аймағындағы тауарларды, көлік құралдары мен жеке тұлғаларды көзбен қарап бақылау жүргізу үшін қолданылатын көзбен қарап қадағалаудың техникалық құралдары.

      6. Кедендік қарау мен кедендік тексеріп қарау кезінде кедендік бақылаудың мынадай техникалық құралдары қолданылады:

      1) Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы раиоактивті материалдарды заңсыз өткізуді анықтау мақсатында Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға, көлік құралдары мен жеке тұлғаларға қатысты қолданылатын радиациялық бақылаудың техникалық құралдары;

      2) кеден ісі саласындағы уәкілетті органға алынған ақпаратты байланыс арналары бойынша бере отырып есепке алу және бақылау мақсатында Кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өтетін автокөлік құралдарына қатысты қолданылатын көлік құралдарының салмақтық және көлемдік параметрлерін айқындау мен бейнебақылаудың автоматтандырылған жүйелері;

      3) қол жүгіне, контейнерлерге, көлік құралдарына, почта жөнелтімдеріне және жеке тұлғаларға салынған контрабандалық тауарларды табу мақсатында кедендік бақылау аймағындағы Кеден одағының кедендік шекарасынан өтетін тауарларған, көлік құралдары мен жеке тұлғаларға қатысты қолданылатын, оның ішінде бейнелерді талдау және өңдеу жүйелерімен жарақталған интраскопиялық тексеру техникасы;

      4) көлік құралдарын, тауарлардың орамдарын ашусыз, бөлшектеусіз және зерттеу объектісінің тұтастығын бұзбай, тауарлар мен көлік құралдарын тексеріп қарау кезінде қолданылатын іздеу техникалық құралдары;

      5) мынадай тауарларды қарауды жүргізу кезінде қолданылатын сәйкестендірудің техникалық құралдары:

      бағалы тастар мен металдардың сынамаларын сәйкестендіру үшін бағалы тастардағы сәулелердің сынуын талдау негізінде жұмыс істейтін аспаптар және қорытпаларды айқындаудың түрлі әдістерін пайдаланатын аспаптар қолданылады. Бағалы тастар мен металдарды ресімдеудің барлық жағдайларында қолданылады;

      есірткіні, психотропты заттар мен прекурсорларды анықтау және (немесе) тексеру үшін:

      салфеткалардың көмегімен микробөлшектерді жинау және оларды талдауды жүргізетін детекторға салу, сондай-ақ детектордың компрессорын қосу көмегімен күдікті учаскеден буларды талдау әдісімен есірткі заттарының детекторлары мен экспресс-талдағыштар;

      арнайы мөлдір ыдыстардағы есірткі заттарын түсіне қарай айыру үшін ампулалар немесе ампулалардың жиынтығы;

      жарылғыш заттарды тексеру кезінде күдікті учаскелерден детектор компрессорының көмегімен буларды жинау жолымен талдауды жүргізу үшін салфеткалармен микробөлшектерді жинау және оларды детекторға салу жолымен микробөлшектерді мен жарылғыш заттардың буларын талдау детекторлары пайдаланылады;

      Қатты, сұйық және ұнтақ түріндегі заттарды талдау үшін ренгенофлуорэсценттік талдағыштар қолданылады, осы аспаптармен жұмыс бойынша қызметкерлерді арнайы оқыту қажет;

      тауарлар мен көлік құралдарының салмақтық мәнін айқындау үшін өлшеу аспаптары қолданылады;

      уақыт бірлігінде өтетін тауардың көлемін қашықтан өлшеу үшін энергия ресурстарын есептеудің аспаптары пайдаланылады, оларды өлшеу нәтижелері мемлекеттік кірістер органдарының деректерді беру арналарымен байланысты ақпараттық жүйесіне жазылады;

      тауарлар мен көлік құралдарын тексеру кезінде озонды ыдыратқыш заттарды анықтау үшін идентификаторлар, детекторлар және хладагендерді талдағыштар пайдаланылады;

      тексеру, оқу, түсіру үшін, сондай-ақ электронды тиектеу-пломбалау құрылғыларын (электронды пломбаларды) санкцияланған ашуды бақылау үшін электронды тиектеу-пломбалау құрылғыларын (электронды пломбаларды) оқу аспаптары пайдаланылады. Электронды тиектеу-пломбалау құрылғыларды (электронды пломбалардың) стационарлық, тасымалданатын және ұтқыр аспаптары пайдаланылады;

      кейіннен тауарға, орамаға, транзиттік декларацияға, көлік құралдарына жапсырылатын затбелгілерге, өзі жапсырылатын ленталарға ақпарат (штрих-кодты, мәтіндік ақпаратты, түрлі графиканы) таңбалау үшін штрих-кодтың принтерлері пайдаланылады;

      заттаңбаларды, штрих-коды бар жапсырғыштарды сәйкестендіру үшін штрих-кодтарды оқу аспабы қолданылады (штрих-кодтар сканері).

      Сәйкестендірудің техникалық құралдарын қолдана тауарларды сәйкестендіру нәтижелері тереңдетілген зерттеу үшін осы тауарларды сараптамаға жіберу үшін негіз болып табылады;

      6) мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды адамдары түнгі және күндізгі уақытта кедендік бақылау аймағының жедел жағдайын және мемлекеттік кірістер органдары әкімшілік ғимараттарының объектілерін қадағалау үшін кедендік бақылау мақсатында үнемі қолданатын көзбен қарап қадағалаудың техникалық құралдары;

      7) магнитті тасығыштарға (бобиналарға, пленкаларға, шағын кассеталарға, дискілерге, электрондық-есептеу машиналарының дискеталарына) жазылған аудио ақпарат пен бейне ақпаратты қарап шығу, тыңдау және өшіру үшін осы техникалық ақпарат тасығыштарды кедендік бақылау кезінде қолданылатын аудио және бейне ақпаратты тасығыштарды бақылаудың техникалық құралдары. Аудио және бейне ақпаратты тасығыштарды бақылаудың техникалық құралдары шығарылған фотоүлдірлер мен киноүлбірлерді, слайдтар мен микрофиштерді көзбен қарап бақылауды жүзеге асыру үшін пайдаланылады.

      7. Мемлекеттік кірістер органдары кедендік бақылау аймағында жедел байланысты қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ далалық жағдайларда жедел байланыстың техникалық құралдарын қолданады.

      8. Мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды адамдары интраскопиялық тексеру техникасын оны қолдану бойынша арнайы оқу курсын, сондай-ақ рентген сәулелерінің адам, өсімдіктер мен жануарлардың ағзаларына, тірі микроағзалары бар азық-түлікке әсері бойынша оқытудан және радиациялық қауіпсіздік бойынша оқытудан өткеннен кейін қолдануға құқылы.

      9. Кедендік бақылаудың техникалық құралдарын мемлекеттік кірістер органының лауазымды адамдары өндіруші зауыт қоса берген техникалық деректерге, нұсқаулықтарға сәйкес пайдаланылады.

      Интраскопиялық тексеру техникасы оның барлық техникалық мүмкіндіктерінің ерекшеліктерін, сондай-ақ зауыттың нұсқаулығына немесе техникалық ерекшелігіне сәйкес техникалық қауіпсіздік ережесі мен радиациялық қауіпсіздікті сақтай отырып қолданылады.

      Іздеудің техникалық құралдары тауарлар мен көлік құралдарына механикалық зақым келтірмей техникалық қауіпсіздікті сақтай отырып қолданылады.