Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 19.11.2019 № 444 бұйрығымен.
"Мемлекеттік жастар саясаты туралы" 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 11) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Жастар ресурстық орталықтары туралы үлгілік ереже бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Жастар саясаты департаменті (Р.С. Кәрібжанова) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты ресми жариялауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Т.О. Балықбаевқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Министр | А. Сәрінжіпов |
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 243 бұйрығымен бекітілген |
Жастар ресурстық орталықтары туралы үлгілік ереже
1. Жалпы ережелер
1. Осы Жастар ресурстық орталықтары туралы үлгілік ереже (бұдан әрі – Үлгілік ереже) "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 6-бабы, 11) тармақшасына сәйкес әзірленді және өңірлік, қалалық және аудандық Жастар ресурстық орталықтарының (бұдан әрі – Ресурстық орталықтар) мәртебесі мен өкілеттігін анықтайды.
2. Ресурстық орталықтар ақпараттық-әдістемелік, консультациялық сүйемелдеуді және жастар бастамаларына қолдау көрсетуді, жастар арасындағы жағдайды мониторингтеу мен талдауды жүзеге асыратын заңды тұлға болып табылады.
3. Ресурстық орталықтарды құру, қамтамасыз ету және қызметін үйлестіру облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады.
4. Ресурстық орталықтар әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен кезден бастап құрылған болып есептеледі және заңды тұлға құқығына ие болады.
5. Ресурстық орталықтардың өз мөртаңбалары, мөрлері, қазынашылық органдарда және банктерде есеп айырысу шоты болады.
6. Ресурстық орталықтар өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Заңын және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік-құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Үлгілік ережені және олардың негізінде әзірленген жарғыны басшылыққа алады.
7. Ресурстық орталықтар өз қызметінде Ресурстық орталықтардың мақсаты мен міндеттеріне қол жеткізуге ықпал ететін мемлекеттік органдар мен коммерциялық емес ұйымдармен өзара қимылда өз қызметін жүзеге асырады.
2. Ресурстық орталықтардың негізгі мақсаты
8. Ресурстық орталықтар қызметінің негізгі мақсаты жастар мен жастар ұйымдарын қолдау және дамыту үшін қызметтер көрсету болып табылады.
3. Ресурстық орталықтың негізгі міндеттері
9. Ресурстық орталықтардың негізгі міндеттері:
1) жастар бастамаларын ақпараттық-әдістемелік, консультациялық сүйемелдеу мен қолдау;
2) жастар арасындағы ахуалға мониторинг және талдауды жүзеге асыру болып табылады.
4. Ресурстық орталықтар қызметінің бағыттары бойынша функциялары:
10. Ресурстық орталықтарға жүктелген мақсат пен міндеттерді іске асыру үшін мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) жастарға арналған мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалардың іске асырылуына ақпараттық қолдауды қамтамасыз етеді;
2) жастар және жастар ұйымдары үшін әдістемелік материалдар жинағын, білім беру және басқарушылық технологияларын, семинарлар және вебинарлар материалдарын, анықтамалық ақпараттарды жасайды.
3) жастарға және жастар ұйымдарына құқықтық, консалтингтік, әдістемелік көмектер көрсетеді;
4) жастар арасында жұмысқа орналасуға ықпал ету, кәсіптік бағдар беру, волонтерлік қозғалысты және кәсіпкерлікті белсендіру бойынша жұмыстар жүргізеді;
5) әкімшілік-аумақтық бірлік аумағындағы консультативтік-кеңесші органдардың жұмысына белсене қатысады;
6) жастар арасында туындаған мәселелерді талқылау үшін жастар саясаты саласындағы бастамаларды іске асыруға арналған диалогтық алаңдар құрады және ұсынады;
7) жастар жобалары мен жастар бастамаларын сүйемелдеуді және қолдауды, жастардың рухани, мәдени және шығармашылық өзін-өзі іске асырушылық және өзін-өзі ұйымдастырушылық әлеуеттерін жандандандыруды жүзеге асырады;
8) жергілікті атқарушы органдар ұсынатын өкілеттік шеңберінде өңірлік және республикалық жастар форумын өткізуге қатысады;
9) жастардың қажеттіліктері мен проблемалары бойынша олардың басымдықтарын анықтайтын ақпараттар жиынауға қатысады;
10) жастармен жұмыс жасайтын жастар ұйымдарының қызметін зерделейтін, жастардың өзін–өзі басқару, партиялардың жанындағы жастар қозғалысын, этномәдени орталықтарды, өңірдегі құқық қорғау және діни ұйымдардың, жастар арасындағы тенденциялармен мен ағымдарды анықтайтын ақпарат жинауға қатысады;
11) өңірдегі, аудан және ауылдағы жастар арасындағы ахуалды зерделеу бойынша талдамалық жұмыстарға қатысады;
12) өңір аумағындағы жастар саясатының даму тенденциялары мен жастар арасындағы тәуекелді болжайтын әлеуметтік зерттеулерге қатысады;
13) жастарға арналған әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған жүйелік шаралар, ұсынымдарды, жобаларды әзірлеуге қатысады және зерделейді;
14) жастардың бос уақытын дамытуға көмек көрсету бойынша белсенді жұмыстар жүргізеді;
15) өз құзыреті шегінде жастар және жастар ұйымдары үшін, мүдделі ұйымдар мен тұлғаларға өз қызметтері туралы ақпараттарды ұсынады.
5. Ресурстық орталықтар қызметін қамтамасыз ету көздері
11. Ресурстық орталықтардың қызметі, оның ішінде еңбек, ақпараттық, материалдық-техникалық ресурстар жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актілеріне қайшы келмейтін басқа да көздерден қаржыландырылады.
Ресурстық орталықтарға қажет болған жағдайда жергілікті бюджет есебінен:
1) оқыту іс-шараларын, тақырыптық консультациялар, зерттеулер жүргізу үшін қызметтер көрсету бойынша тартылатын мамандардың еңбек ақы төлеу шығыстары;
2) ақпараттық бюллетеньдер, журналдар әзірлеу және басып шығару, веб-сайт қызметін жасау және қолдау шығыстары өтеледі.
6. Ресурстық орталықтарды басқару
12. Ресурстық орталықтардың басшылары Ресурстық орталықтардың жұмыстарын ұйымдастырады және басшылық жасайды, жергілікті атқарушы органның құрылымындағы атқарушы орган басшысының бұйрығымен лауазымға тағайындалады және босатылады.
13. Ресурстық орталықтардың басшылары тікелей жергілікті атқарушы органның құрылымындағы атқарушы органға бағынады және өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға дербес жауапкершілікте болады.
14. Ресурстық орталықтардың басшылары дара басшылық қағидаттарында қызмет етеді және олардың құзыретіне сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Үлгілік ережеде анықталған Ресурстық орталықтардың қызметіндегі мәселелерді шешеді.
15. Ресурстық орталықтардың басшылары заңнамада белгіленген тәртіппен Ресурстық орталықтардың қызметін жүзеге асыру барысында:
1) Ресурстық орталықтардың атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
2) барлық мекемелерде Ресурстық орталықтардың мүддесін ұсынады;
3) заңнамамен белгіленген жағдайлар мен шегінде мүлікті иеленеді;
4) шарттар жасайды;
5) Ресурстық орталықтар қызметкерлерінің қазақстандық және шетелдік оқыту орталықтарынан білім алу, біліктілігін арттыру, іссапар, тағылымдамадан өту жөніндегі тәртібі мен жоспарын бекітеді;
7) Ресурстық орталықтар қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және босатады;
8) Ресурстық орталықтар қызметкерлерінің функционалдық міндеттерін белгілейді және лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;
9) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шаралар қабылдайды және дербес жауапкершілікте болады;
16. Ресурстық орталықтардың басшылық лауазымына педагогикалық, психологиялық, экономикалық, гуманитарлық, заң білімі және жастармен жұмыс өтілі бар адамдар жіберіледі.
7. Ресурстық орталықтарды тарату және қайта ұйымдастыру
17. Ресурстық орталықтарды тарату және қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.