"Шығу визаларын ұзарту және беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 343 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 22 мамырда № 11121 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 13 наурыздағы № 180 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ішкі істер министрінің 13.03.2017 № 180 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берiлiп отырған "Шығу визаларын ұзарту және беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасы Iшкi істер министрлiгiнiң Көшi-қон полициясы департаменті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлiгiнде заңнамада белгіленген тәртіпте мемлекеттік тiркеудi;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға оның көшірмелерін жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Iшкi істер министрлiгiнiң интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Iшкi істер министрiнiң орынбасары Е.З. Тургумбаевқа және Қазақстан Республикасы Iшкi істер министрлiгiнiң Көшi-қон полициясы департаментіне (С.С. Сайынов) жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының


Ішкі істер министрі


полиция генерал-лейтенанты

Қ. Қасымов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрінің

      міндетін атқарушы

      ____________________М. Құсайынов

      2015 жылғы 18 сәуір



  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2015 жылғы 14 сәуірдегі
№ 343 бұйрығымен
бекітілген

"Шығу визаларын ұзарту және беру" мемлекеттік көрсетілетін
қызмет стандарты
1. Жалпы ережелер

      1. "Шығу визаларын ұзарту және беру" мемлекеттік көрсетілетін қызметі (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет).

      2. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) әзірледі.

      3. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті Министрліктің аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетілетін қызметті алушының тіркелген жері бойынша көрсетеді.

2. Мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі

      4. Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімдері:

      1) көрсетілетін қызметті берушіге құжаттардың топтамасын тапсырған сәттен бастап – 5 (бес) жұмыс күні;

      2) құжаттардың топтамасын тапсыру үшін барынша рұқсат етілетін күту уақыты – 30 (отыз) минут;

      3) барынша рұқсат етілетін қызмет көрсету уақыты – 10 (он) минут.

      5. Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны – қағаз түрінде.

      6. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі – шетелдік паспортқа не азаматтығы жоқ адамның куәлігіне толтырылған визалық жапсырманы жапсыру жолымен Қазақстан Республикасының визаларын ұзарту және беру не осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 10-тармағында көзделген жағдайлар және негіздер бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін ұсыну нысаны – қағаз түрінде.

      7. Мемлекеттік қызмет жеке және заңды тұлғаларға ақылы түрде көрсетіледі (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы).

      Мемлекеттiк қызмет көрсетiлгенi үшiн мемлекеттік баж алынады, ол 2008 жылғы 10 желтоқсандағы "Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы" (Салық кодексi) Қазақстан Республикасы кодексiнiң 538-бабына сәйкес мемлекеттiк баж төлеу күніне белгіленген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен 50 пайызды құрайды.

      Мемлекеттік баж екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы төленеді.

      8. Көрсетілетін қызметті берушінің жұмыс кестесі – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбiден бастап жұма аралығында сағат 13-00-ден 14-30-ға дейiнгi түскi асқа үзiлiспен сағат 9-00-ден 18-30-ға дейiн.

      Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру көрсетілетін қызметті алушының тіркелген жері бойынша сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі асқа үзіліспен, сағат 9.00-ден 17.30-ға дейін жүзеге асырылады.

      Мемлекеттiк көрсетілетін қызмет алдын ала жазылусыз және жеделдетіп қызмет көрсетусiз кезек тәртiбiмен көрсетіледі.

      9. Көрсетілетін қызметті алушы не қабылдаушы адам жеке өтініш білдірген кезде мемлекеттік қызмет көрсетуге қажетті құжаттар тізбесі:

      1) көрсетілетін қызметті алушының визаларды ұзарту/беру туралы жазбаша өтініші;

      2) шетелдік паспорт не азаматтығы жоқ адамның куәлігі;

      3) мемлекеттік бажды төлегені туралы түбіртек;

      4) "G2" санатындағы визаларды (емделуге) ресімдеу үшін:

      медициналық ұйымдардың оларды стационарлық жағдайда емдеу қажеттілігі туындаған кезде Қазақстан Республикасында жүрген виза алушыларға қатысты стационарлық жағдайда емделу қажеттілігін растайтын құжаттар;

      Қазақстан Республикасының азаматтары – жақын туыстарын, не Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын стационарлық жағдайда емделіп жатқан шетелдікті қарау мақсатында Қазақстан Республикасында жүрген виза алушыларға қатысты медициналық ұйымдар берген науқастың стационарлық жағдайда емделу қажеттілігін растайтын құжаттар қосымша ұсынылады.

      "G2" санатындағы визаларды ұзарту үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның немесе оның облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық бөлімшелерінің жазбаша өтініші ұсынылады;

      5) "G4" санатындағы визаларды ресімдеу үшін (Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын кәмелетке толмаған және шетелге уақытша шығуға ниет білдірген шетелдіктерге):

      Қазақстан Республикасы азаматтарының – олардың ата-аналарының (қамқоршылар немесе қорғаншылар) өтініштері қосымша ұсынылады;

      6) "J3" санатындағы визаларды ресімдеу үшін (тұрақты тұруға – ішкі істер органдары беретін "J3" санатындағы визаларды этникалық қазақтарға және осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына 1-қосымшада көрсетілген мемлекеттердің азаматтарына) қосымша ұсынылады:

      Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға қалдыру туралы құжаттарды тапсырғанын растайтын ішкі істер органдарының анықтамасы;

      этникалық қазақтарға – олардың ұлттық тиесілігін растайтын құжаттар қосымша ұсынылады;

      7) "D8" санатындағы визаларды ұзарту үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жазбаша өтініші қосымша ұсынылады;

      8) "Е1", "Е2", "Е3" (миссионерлік) санаттарындағы визаларды ұзарту үшін:

      діни қызмет саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісілген, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген діни бірлестіктің жазбаша өтініші қосымша ұсынылады;

      9) "K1", "K2", "K3" (отбасын біріктіруге) санаттарындағы визаларды ұзарту үшін:

      осы санаттағы бастапқы визаны берген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шет елдердегі мекемелерінің өтініші негізінде шақырушы тараптың жазбаша өтініші қосымша ұсынылады;

      10) "L1", "L2" (оқуға) санаттарындағы визаларды ұзарту үшін:

      көрсетілетін қызметті алушы оқып жүрген Қазақстан Республикасында тіркелген білім беру немесе оқу орындары мәселелері жөніндегі уәкілетті органның не халықаралық ұйымның заңды тұлғасының, көрсетілетін қызметті алушы оқу практикасынан немесе тағылымдамадан өтіп жатқан Қазақстан Республикасында аккредиттелген олардың өкілдігінің жазбаша өтініші қосымша ұсынылады;

      11) "M1" (жұмысқа) санатындағы визаларды ұзарту үшін мыналар қосымша ұсынылады:

      бастапқы визаны алу үшін визалық қолдауды бұрын ресімдеген шақырушы тараптың жазбаша өтініші;

      жұмысқа орналастыруға немесе шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат, егер мұндай рұқсат Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны белгілеу қағидаларын және Шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға және жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берудің қағидалары мен шарттарын бекіту және "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 19 маусымдағы № 836 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 13 қаңтардағы № 45 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны белгілеу қағидаларына сәйкес талап етілетін болса;

      12) "М2" санатындағы визаны ұзарту үшін:

      асырауында көрсетілетін қызметті алушы бар адамға берілген немесе ұзартылған "M1" санатындағы визалардың көшірмесі қосымша ұсынылады;

      13) "Р1" санатындағы визаларды (Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға шыққан кезде Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға) беру үшін қосымша:

      өтініш-сауалнама (осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына 1-қосымша);

      шығатындардан заң бойынша алименттер алуға құқығы бар Қазақстан Республикасында тұратын адамдардан (ата-анасы және егер бірлескен некеден кәмелетке толмаған балалары болса, бұрынғы жұбайлары) олардың шығуына қарсылығы жоқ екені туралы нотариалды куәландырылған өтініш ұсынылады. Көрсетілетін қызметті алушы қандай да бір себептермен мұндай өтініштерді ала алмаған жағдайларда мәселе сот тәртібімен шешіледі;

      он сегіз жасқа толмаған адамдардың ата-анасының (қамқоршысының, қорғаншысының) біреуімен шетелдікпен немесе азаматтығы жоқ адаммен тұрғылықты тұруға бірге шығуы кезінде – Қазақстан Республикасының аумағында тұратын екінші ата-анасының нотариалды куәландырылған келісімі. Ата-анасының біреуінің келісімі болмаған кезде кәмелетке толмаған баланың шығуы сот тәртібімен шешілуі мүмкін;

      14) "Р2" санатындағы визаларды ұзарту үшін жеке басты куәландыратын құжаттардың және Қазақстан Республикасына кіруді және ішкі істер органдарында тіркелуді растайтын деректердің жоғалғаны жөнінде ІІО-ға жүгінгенді растайтын анықтама болған жағдайда тұрақты тұратын еліне оралуға арналған куәлік (шетелдік паспорт не азаматтығы жоқ адамның куәлігі болмаған жағдайда) ұсынылады;

      15) "Р3", "Р5" санаттарындағы визалар шетелдіктің Қазақстан Республикасында одан әрі болуы үшін негіздердің жоқ екендігі туралы ішкі істер органдары қорытындысының негізінде беріледі. Бұл ретте осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген құжат талап етілмейді;

      16) "Р4" санатындағы визалар Қазақстан Республикасында шетелдіктің бұдан әрі болуына негіздердің болмауы туралы сот қаулыларының, ішкі істер органдарының қорытындысы негізінде беріледі;

      17) "Р6" санатындағы визалар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің өтініштері негізінде беріледі.

      Бұл ретте осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген құжат талап етілмейді.

      18) "Р7" санатындағы визаларды (форс-мажорлық мән-жайларға байланысты визаның жарамдылық мерзімі немесе визасыз болуға рұқсат етілген мерзім аяқталғанға дейін шықпаған шетелдіктерге) беру үшін:

      Қазақстан Республикасынан визаның жарамдылық мерзімі немесе визасыз болуға рұқсат етілген мерзім аяқталғанға дейін кетуге кедергі жасайтын форс-мажорлық мән-жайлардың болуын, рейстің кідіруін немесе тоқталуын, пойыздың немесе өзге көлік құралының кетуін растайтын қосымша құжаттар ұсынылады.

      19) "Р8" санатындағы визаларды (Қазақстан Республикасының аумағында ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған шетелдіктерге қатысты) беру үшін:

      қылмыстық қудалау органы берген өтінішті тіркеу туралы қосымша хабарлама-талоны ұсынылады.

      "Р8" санатындағы визаларды ұзарту үшін:

      алдын ала тергеуді жүзеге асыратын органның не қылмыстық іс қаралып жатқан соттың жазбаша өтініші ұсынылады.

      Барлық құжаттар қабылданғаннан кейін көрсетілетін қызметті алушыға осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша көрсетілетін қызметті алушыдан құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі.

      10. Шығу визаларын беру бойынша көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер:

      1) егер оны қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін негіздер болса – іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға дейін;

      2) егер ол қылмыс жасағаны үшін сотталса – жазасын өтегенге дейін немесе жазадан босатылғанға дейін;

      3) егер ол соттың оған жүктеген міндеттемелерін орындаудан жалтарса – міндеттемелер орындалғанға дейін.

3. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      11. Көрсетілетін қызметті берушінің шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымданған жағдайда, шағым мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 13-тармағында көрсетілген мекенжай бойынша көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына не мына мекенжай бойынша Министрлік басшысының атына беріледі: 010000, Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы 1, телефон: 8 (7172) 71-40-33, 71-40-03.

      Шағым пошта арқылы жазбаша нысанда не көрсетілетін қызметті берушінің немесе Министрліктің кеңсесі арқылы қолма-қол беріледі.

      Шағымның қабылданғанын растайтын құжат күні мен уақыты, өтінішті/шағымды қабылдаған адамның тегі және аты-жөні, сондай-ақ берілген шағымға жауап алу мерзімі мен орны және шағымды қарау барысы туралы білуге болатын лауазымды адамдардың байланыс деректері көрсетілген талон болып табылады.

      Көрсетілетін қызметті алушының шағымында:

      жеке тұлғаның – оның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), пошталық мекенжайы;

      заңды тұлғаның – оның атауы, пошталық мекенжайы, шығыс нөмірі және күні көрсетіледі. Өтінішке көрсетілетін қызметті алушы қол қояды.

      Көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы оны тіркеген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады. Шағымды қараудың нәтижелері туралы дәлелді жауап көрсетілетін қызметті алушыға почта арқылы жіберіледі не көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесінде қолма-қол беріледі.

      Көрсетілген мемлекеттік қызмет нәтижелерімен келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағыммен жүгіне алады.

      Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның мекенжайына келіп түскен шағымы тіркелген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралады.

      12. Көрсетілген мемлекеттік қызмет нәтижелерімен келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқығы бар.

4. Мемлекеттік қызмет көрсетудің ерекшеліктерін ескере отырып қойылатын өзге де талаптар

      13. Мемлекеттiк қызмет көрсету орындарының мекенжайлары Министрліктің www.mvd.gov.kz интернет-ресурсында орналастырылады.

      14. Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша бірыңғай байланыс-орталығы арқылы қашықтықтан қол жеткізу режимінде алу мүмкіндігі бар.

      15. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы ақпаратты Министрліктің www.mvd.gov.kz интернет-ресурсында көрсетілген көрсетілетін қызметті берушілердің телефондары бойынша не Министрліктің 8 (7172) 71-56-08, 72-22-78, 72-26-50 телефондары бойынша алуға болады.

  "Шығу визаларын ұзарту және беру"
мемлекеттік көрсетілетін қызмет
стандартына
1-қосымша

      Нысан

САУАЛНАМА–ӨТІНІШ

_______________________________________________________

(тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда)

_______________________________________________________

егер басқа тегі, аты, әкесінің аты болса, оларды көрсетіңіз

_______________________________________________________

туған күні, айы және жері

_______________________________________________________

тұрақты тұратын жері)

Паспорт № _______ _______________ 20 жылғы_____________

Жеке куәлік № _____________ 20 жылғы __________

Телефондары: үй ____________ жұмыс ____________ ұялы ______________

Маған _______________________________________________________тұрақты тұруға Қазақстан Республикасынан шығу үшін құжаттар ресімдеуді сұраймын.

Біруақытта менің кәмелетке толмаған балаларыма шығуға рұқсат беруді сұраймын.





Тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда)

Туған күні

Паспорт №





      ЖАҚЫН ТУЫСТАРЫ ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТТЕР

      (Ата-анасы, туған аға-інілері мен апа-қарындастары, жұбайлары (оның ішінде бұрынғы), балалары)

Тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда)

Туыстық дәрежесі

Туған жылы мен жері

Жұмыс орны

Болған елі және тұрғылықты жерінің мекенжайы







      Сауалнамада көрінеу жалған деректер көрсеткен үшін жауапкершілік туралы ескертілдім.

      20 ____ жылғы ________________ ____________________________

      (өтініш иесінің қолы)

      М.Ө.

      Сауалнама-өтініш қабылданды 20 жылғы "___" __________________________

      _____________________________________________________________________

      (сауалнама-өтініш қабылдаған лауазымды адамның тегі, аты, әкесінің

      аты (ол болған жағдайда))

  "Шығу визаларын ұзарту және беру"
мемлекеттік көрсетілетін қызмет
стандартына
2-қосымша

Көрсетілетін қызметті алушыдан құжаттарды қабылдау туралы қолхат

      Осы қолхат _______________________________________ берілді және

      (тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда))

      "Шығу визаларын ұзарту және беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет

      стандартымен бекітілген тізбеге сәйкес ______________ санатындағы

      визаны беру/ұзарту үшін құжаттар қабылдағанын растайды.

      Осы қолхат әрбір тарап үшін бір-бірден 2 данада жасалды.

      Орындаушы: __________________________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда))

      Телефоны ____________________________________________________________

      Алдым:. _____________________________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда)/ көрсетілетін қызметті

      алушының қолы)

      20_______ жылғы "___" ________________