Электрмен жабдықтаудың сенiмдiлiгi мен тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету қағидаларын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 11 ақпандағы № 72  бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 27 наурызда № 10547 тіркелді

      «Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 25) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Электрмен жабдықтаудың сенiмдiлiгi мен тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәптіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруын;
      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                             В. Школьник

      «КЕЛІСІЛГЕН»
      Қазақстан Республикасының
      Инвестициялар және даму министрі
      ____________ Ә. Исекешев
      2015 жылғы 24 ақпан

Қазақстан Республикасы 
Энергетика министрінің 
2015 жылғы 11 ақпандағы
№ 72 бұйрығымен     
бекітілген       

Электрмен жабдықтаудың сенiмдiлiгi мен тұрақтылығын
қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Электрмен жабдықтаудың сенiмдiлiгi мен тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 5-бабының 25) тармақшасына сәйкес әзiрленген және электрмен жабдықтаудың сенiмдiлiгi мен тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету тәртiбiн айқындайды.
      2. Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:
      1) қосалқы (шунтталатын) электр беру желілері – электр берудің қолданыстағы желілеріне қосымша Қазақстан Республикасының электр энергиясы нарығының субъектілері салған және/немесе салуды жоспарлаған электр беру желілері, ол бойынша электр энергиясының қалыпқа түскен сапасы және сенімділік деңгейі бар электр энергиясын ұсыну және энергия торабында өзгертілген қуатты бөлу жүзеге асырылады;
      2) электрмен жабдықтаудың сенiмдiлiгi мен тұрақтылығы – авариялық жағдайлар пайда болған кезде тұтынушылардың басым көпшiлiгiн қоректендiрудi қамтамасыз ету немесе электрмен жабдықтауы энергия жүйесiнiң қалыпты жұмыс режимiн бұзу процесiнде үзiлiп кеткен тұтынушылар бөлiгiн қоректендiрудi қалпына келтiру үшiн қажеттi негiзгi желiнiң бiрыңғайлылығын сақтай отырып, электр жүйесiнiң авариялық жағдайларға қарсы тұру қабiлетi;
      3) электрмен жабдықтаудың сенiмдiлiгi мен тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетулер - жүйелiк оператордың тұтынушыларды электрмен жабдықтау сенiмдiлiгi мен тұрақтылығының шарттық талаптарын қамтамасыз ету мақсатында атқаратын ұйымдастырушылық және техникалық шаралар кешенi.
      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласының заңнамасына сәйкес қолданылады.

2. Электрмен жабдықтаудың сенiмдiлiгiн және тұрақтылығын
қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету тәртiбi

      3. Жүйелiк оператордың қосалқы (шунтталатын) электр беру желiлерiн салған электр энергиясы нарығының субъектiлерiн электрмен жабдықтау сенiмдiлiгi мен тұрақтылығы бойынша қызмет көрсету:
      1) Қазақстанның бiрыңғай электр энергетикалық жүйесi электрлiк қосылыстар схемаларын тұтастай және оның маусымдық кезеңдерде тән жекелеген бөлiктерiн таңдауды;
      2) қосалқы (шунтталатын) электр беру желiлерiн салған және пайдаланатын тұтынушыларды электрмен жабдықтау сенiмдiлiгi мен тұрақтылығын қамтамасыз ететiн ұлттық электр желiсiнiң қолданыстағы электр беру желiлерiн тиiсiнше техникалық жағдайда ұстауды;
      3) жүйелiк оператордың диспетчерлiк орталықтары бақылайтын желiлердегi кернеудi реттеудi және электр желiлерiнiң бақылау нүктелерiндегi кернеу кестесiн әзiрлеудi;
      4) бiрыңғай электр энергетикалық жүйеде технологиялық бұзушылықтардың алдын алу және оқшаулау жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеу мен жүзеге асыруды;
      5) ұлттық электр желiлерiнiң өткiзу қабiлетiн басқаруды;
      6) жалпы жүйелiк аварияға қарсы автоматиканы әзiрлеудi және енгiзудi, релелiк қорғау және аварияға қарсы автоматика құрылғыларының пайдаланылуын бақылауды, оларды баптау параметрлерiн келiсудi;
      7) төтенше, дүлей құбылыстардың немесе үшiншi тұлғалардың әсер етуi нәтижесiнде авариялық бүлiнулердi жедел оқшаулауды және кейiннен жоюды;
      8) Қазақстанның бiрыңғай электр энергетикалық жүйесiнiң iргелес мемлекеттердiң энергетикалық бiрлестiктерiмен қатарлас жұмыс жағдайында электр энергиясының ағындарын басқаруды;
      9) электрмен жабдықтаудың сенiмдiлiгiн және тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған жедел өкiмдер берудi бiлдiредi.
      4. Электрмен жабдықтаудың сенiмдiлiгi мен тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету жүйелiк оператор мен электр энергиясы нарығының субъектiлерi арасында жасалатын шарттардың негiзiнде Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне және осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
      5. Электрмен жабдықтаудың сенiмдiлiгi мен тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қызметтерге арналған шарт қызмет көрсету тәртiбi мен талаптарын, сондай-ақ осы қызмет көрсетулер үшiн ақы төлеу тәртiбi мен талаптарын, тараптардың шартта көзделген талаптарды орындамағаны үшiн жауаптылықты, сондай-ақ мына талаптарды қамтуы тиiс:
      1) жүйелiк оператордың электрмен жабдықтаудың сенiмдiлiгi мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған өкiмдерiн, сондай-ақ жүйелiк оператордың автоматты жиiлiк жүктемесiнiң, жиiлiктiк автоматты қайта қосудың, жүктеменi ажыратудың арнайы автоматикасының көлемдерi мен құрылғылары бойынша өкiмдерiн орындау;
      2) шағын станциялар мен желiлердiң негiзгi жабдықтарын, релелiк қорғау, аварияға қарсы автоматика құрылғыларын, диспетчерлiк-технологиялық басқару құралдарын жөндеуге арналған өтiнiмдердi пысықтау кезiнде жүйелiк оператордың берген өкiмдерiн iске асыру;
      3) электр энергиясын өндiру, беру және тарату кезiнде технологиялық бұзушылықтардың алдын алуға және оқшаулауға бағытталған жүйелiк оператордың өкiмдерiн орындау;
      4) жүйелiк оператордың диспетчерлiк орталықтың жедел басқаруындағы бастапқы жабдықтарды, релелiк қорғау, автоматика және аварияға қарсы автоматты құрылғыларды, телемеханика мен байланыс құралдарын пайдалану жөнiндегi өз персоналының iс-әрекетiн үйлестiру.
      6. Электрмен жабдықтаудың сенiмдiлiгi мен тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша көрсетiлген қызмет үшiн ақы төлеудi осы қызметтердi тұтынушылар қызмет көрсету шартының талаптарына сәйкес олардың тұтынған электр энергиясының нақты мөлшерi тұрғысынан жүргiзiледi.
      7. Көрсетiлген қызметтер үшiн төлемақы мөлшерi белгiленген тарифтi электр энергиясын тұтыну жүзеге асырылған желiлердiң кернеу сыныбы мен тиесiлiлiгiне қарамастан, электр энергиясын жеткiзудiң-тұтынудың нақты теңгерiм деректерi бойынша анықталған электр энергиясының көлемiне көбейту жолымен айқындалады.
      8. Жүйелiк оператор электрмен жабдықтаудың сенiмдiлiгi мен тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету және осы қызмет көрсетуге арналған шарттармен, осы Қағидалармен және Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасымен көзделген өзiне жүктелген функцияларды жүзеге асыру кезiнде:
      1) бiрыңғай электр энергетика жүйесiнiң тұрақтылығына қойылатын талаптарды қамтамасыз ету жөніндегі iс-шараларды әзiрлеудi және келiсудi;
      2) бiрыңғай электр энергетикалық жүйесiне қосылған субъектiлердiң релелiк қорғау және автоматика, аварияға қарсы автоматика құралдарын орналастыру және орнату, сондай-ақ оларды ретке келтiру параметрлерiн өзгерту жөнiндегi нұсқауларды орындау мониторингiн жүзеге асырады.