Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Бағалы қағаздармен және өзге қаржы құралдарымен сауда-саттық ұйымдастырушылардың қызметін жүзеге асыру ережесін бекіту туралы» 2008 жылғы 29 қазандағы № 170 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5406 тіркелген, 2009 жылғы 14 қаңтарда «Заң газеті» газетінде № 5 (1428) жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Бағалы қағаздармен және өзге қаржы құралдарымен сауда-саттық ұйымдастырушылардың қызметін жүзеге асыру ережесінде:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бағалы қағаздарды қоспағанда, өзге қаржы құралдарымен мәмілелерді жүзеге асыруға құқығы бар өзге заңды тұлғалар қор биржасының мүшелері болып табылады.
Олар үшін Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3916 тіркелген Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Қор биржасына мүшелік үшін шетелдік заңды тұлғаларға қойылатын талаптар туралы» 2005 жылғы 30 қыркүйектегі № 360 қаулысымен және қор биржасының қағидаларымен бекітілген талаптарға сәйкес келетін шетелдік заңды тұлғалар қор биржасының мүшелері болып табылады.
Бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары ғана баға белгілеу ұйымының клиенттері бола алады.
Қор биржасының мүшесі болу (баға белгілеу ұйымының клиенті болып қабылдану) шарттары мен тәртібі оның қағидаларымен айқындалады.»;
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«9. Қор биржасының мүшесі - брокер және (немесе) дилер қор биржасын уәкілетті орган осы брокерге және (немесе) дилерге және (немесе) оның қызметкерлеріне қатысты қабылдаған кез келген санкциялар мен шектеулі ықпал ету шаралары туралы хабардар етеді.»;
34-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«34-1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарымен (Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдарының облигацияларын қоспағанда) сауда-саттыққа оларды бастапқы орналастыру кезінде қор биржасының тиісті мүшелік санатындағы мүшелері қатысады.
Екінші деңгейдегі банктер болып табылмайтын брокерлер және (немесе) дилерлер көрсетілген сауда-саттыққа өз клиенттерінің есебінен және мүддесі үшін, бәсекелі (лимит берілген) және бәсекелі емес өтінімдер беру арқылы ғана және осындай өтінімдерді қор биржасының ішкі құжаттарына сәйкес қамтамасыз еткен жағдайда ғана қатысады. Биржа брокерлер және (немесе) дилерлер берген өтінімдерде бағаның қамтамасыз етілуі мен болуын бақылау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарымен сауда-саттық жүргізу кезінде манипуляциялауға жол бермеу мақсатында оның ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен бақылау жүргізеді.
Осы тармақтың талабы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің брокерлік қызмет көрсету туралы не сенімгерлік басқару шарттары жасалған клиенттердің есебінен және мүддесі үшін ғана, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарымен сауда-саттыққа оларды бастапқы орналастыру кезінде қатысу жағдайларына қолданылмайды.»;
37-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«4) қор биржасының ресми тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының резиденті-ұйымдар шығарған, мынадай талаптарға сай келетін мемлекеттік емес борыштық бағалы қағаздар бойынша:
борыштық бағалы қағаздар эмитентінің мемлекеттік тіркеуі оның бағалы қағаздарын қор биржасының ресми тізіміне енгізу туралы өтініш берілген күнге дейін кемінде екі жыл бұрын жүзеге асырылған;
борыштық бағалы қағаздар эмитенті қаржылық есептілікті халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына (International Financial Reporting Standards - ІҒRS) (бұдан әрі - ХҚЕС) немесе Америка Құрама Штаттарында қолданылатын қаржылық есептілік стандарттарына (General Accepted Accounting Principles - GAAP) (бұдан әрі - АҚШ ҚЕС) сәйкес жасалған;
борыштық бағалы қағаздар эмитентінің қаржылық есептілігінің аудитін қор биржасымен танылатын аудиторлық ұйымдардың тізіліміне кіретін аудиторлық ұйымдардың бірі жүргізген;
борыштық бағалы қағаздар эмитентінің аудиторлық есеппен расталған қаржылық есептілігі кемінде аяқталған екі қаржы жылы бұрын берілген;
борыштық бағалы қағаздар эмитентінің меншікті капиталы аудиторлық есеппен расталған соңғы есепті күніне жасалған қаржылық есептілікке сәйкес, тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің кемінде екі миллион елу мың еселік мөлшеріне баламалы соманы құрайды;
борыштық бағалы қағаздар эмитентінің таза пайдасы соңғы екі жылдың бірінде аудиторлық есеппен расталған соңғы есепті күніне жасалған қаржылық есептілікке сәйкес, тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің кемінде сексен бес мың алты жүз еселік мөлшеріне баламалы соманы құрайды;
лизингілік ұйымды және кредиттік серіктестікті қоспағанда, қаржы ұйымы болып табылмайтын ұйым - борыштық бағалы қағаздар эмитентінің әрбір соңғы екі жыл үшін негізгі қызметі бойынша сату көлемі аудиторлық есеппен расталған жасалған қаржылық есептіліктің деректері бойынша тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің кемінде екі миллион елу мың еселік мөлшеріне баламалы соманы құрайды;
борыштық бағалы қағаздар эмитенті акционерлерінің жалпы жиналысында бекітілген корпоративтік басқару кодексінің болуы;
борыштық бағалы қағаздар қор биржасының ресми тізімінде болған кезде осындай бағалы қағаздар бойынша маркет-мейкердің болуы;
борыштық бағалы қағаздар эмитентінің құрылтай құжаттарында және (немесе) бағалы қағаздар шығарылымы проспектісінде бағалы қағаздардың меншік иесінің оларды иелігінен алу (беру) құқықтарына қысым жасамайтын немесе шектемейтін нормалардың болмауы;»;
50-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) қор биржасының ресми тізіміндегі «акциялар» секторының бірінші санатына енгізілген эмитент акциясының бағасына бір сауда күні ішінде он бес және одан көп пайызға өзгерген;».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк
Төрағасы Қ. Келімбетов