Ертерек ден қою шараларын қолдану қағидаларын және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру тобының) қаржылық жағдайының нашарлауына ықпал ететін факторларды айқындау әдістемесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 27 тамыздағы № 233 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 10 қазанда № 8804 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 сәуірдегі № 75 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.04.2018 № 75 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Ертерек ден қою шараларын қолдану қағидалары және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру тобының) қаржылық жағдайының нашарлауына ықпал ететін факторларды айқындау әдістемесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Ертерек ден қою шараларын және жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру тобының қаржылық жағдайының нашарлауына ықпал ететін факторларды айқындау әдістемесін қолдану қағидаларын бекіту туралы" 2012 жылғы 24 ақпандағы № 66 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7565 тіркелген, 2012 жылғы 11 шілдеде "Егемен Қазақстан" газетінде № 383-388 (27462) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Ұлттық Банк


Төрағасы

Г. Марченко


  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2013 жылғы 27 тамыздағы
№ 233 қаулысымен
бекітілген

Ертерек ден қою шараларын қолдану қағидалары және
сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру тобының)
қаржылық жағдайының нашарлауына ықпал ететін факторларды
айқындау әдістемесі

      Осы Ертерек ден қою шараларын қолдану қағидалары және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру тобының) қаржылық жағдайының нашарлауына ықпал ететін факторларды айқындау әдістемесі (бұдан әрі – Қағидалар) "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Сақтандыру қызметі туралы заң) сәйкес әзірленді және ертерек ден қою шараларын қолдану тәртібін және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру тобының) қаржылық жағдайының нашарлауына ықпал ететін факторларды айқындау әдістемесін белгілейді.

      Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына және сақтандыру топтарына олардың қаржылық жағдайының нашарлауына ықпал ететін факторлар анықталған кезде ертерек ден қою шараларын қолданады.

      Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 30.05.2016 № 127 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1. Ертерек ден қою шараларын қолдану тәртібі

      1. Уәкілетті орган Қағидалардың 3-тармағының 4) тармақшасында көзделген факторды қоспағанда, Қағидалардың 2, 3-тармақтарында көзделген қаржылық жағдайының нашарлауына ықпал ететін факторларды анықтау үшін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру тобының қаржылық жағдайын талдауды жүзеге асырады:

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының – реттеуіш есептілік деректерінің негізінде ай сайын;

      сақтандыру тобының – реттеуіш есептілік деректерінің негізінде тоқсан сайын.

      2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық жағдайының нашарлауына ықпал ететін факторлар мыналар болып табылады:

      1) төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативінің төмендеуі;

      2) өтімділігі жоғары активтердің жеткіліктілігі нормативінің төмендеуі;

      3) шығындылық коэффициенттерінің ұлғаюы;

      4) активтердің жалпы сомасындағы акциялар үлесінің ұлғаюы;

      5) Қазақстан Республикасының резиденті емес жекелеген қайта сақтандыру ұйымындағы қайта сақтандыру шарты (шарттары) бойынша жауапкершілік көлемінің сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша жауапкершіліктің жалпы көлеміне арақатынасының асуы;

      6) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының шығынды қызметі;

      7) жалпы және әкімшілік шығыстардың сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларына арақатынасының асуы;

      8) "жалпы сақтандыру" саласындағы сақтандырудың әрбір ерікті сыныбы бойынша сақтандыру қызметі бойынша комиссиялық сыйақы түріндегі шығыстардың "жалпы сақтандыру" саласындағы сақтандырудың тиісті сыныбы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларына арақатынасының асуы.

      3. Сақтандыру тобының қаржылық жағдайының нашарлауына ықпал ететін факторлар мыналар болып табылады:

      1) төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативінің төмендеуі;

      2) сақтандыру тобы қатысушысының (қатысушыларының) балансы бойынша меншікті капиталының олардың баланс бойынша жарғылық капиталының мөлшерінен төмендеуі;

      3) сақтандыру тобының қатысушылары арасындағы мәмілелер көлемінің асуы;

      4) сақтандыру тобының қатысушылары болып табылатын қаржы ұйымдарына қатысты ертерек ден қою шараларын қолдану.

      4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру тобының қаржылық жағдайын талдау нәтижесінде және (немесе) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын және (немесе) сақтандыру холдингін не сақтандыру тобының қатысушыларын тексеру қорытындылары бойынша Қағидалардың 2, 3-тармақтарында көзделген факторлар анықталған жағдайда, уәкілетті орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына және (немесе) оның акционерлеріне, сақтандыру холдингіне және (немесе) оның ірі қатысушысына сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру тобының қаржылық тұрақтылығын арттыру, олардың қаржылық жағдайының нашарлауын және олардың қызметіне байланысты тәуекелдердің өсуін болдырмау бойынша ертерек ден қою шаралары көзделетін іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – іс-шаралар жоспары) ұсыну жөнінде жазбаша нысанда талап жібереді.

      Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және (немесе) оның акционерлері, сақтандыру холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары уәкілетті органның талабын алған күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде іс-шаралар жоспарын әзірлейді және уәкілетті органға ұсынады, онда мыналар қамтылады:

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру тобының қаржылық жағдайының нашарлауына ықпал ететін фактордың толық талдауы;

      осы фактордың болжамы, осындай болжамның негізі және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру тобының қызметіне тигізетін жағымсыз әсері;

      осы факторды жақсарту, яғни сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру тобының қызметі үшін қауіп төндірмейтін (қосымша тәуекелдер) деңгейге дейін жеткізу жөніндегі шаралар;

      іс-шаралар жоспарының орындалу мерзімдері (іс-шаралар жоспарының әрбір тармағы бойынша орындау мерзімдерін көрсете отырып);

      іс-шаралар жоспарын орындауға жауапты лауазымды тұлғалар (іс-шаралар жоспарының әрбір тармағы бойынша орындауға жауапты лауазымды тұлғаларды көрсете отырып).

      Уәкілетті орган іс-шаралар жоспарын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және (немесе) оның акционерлері, сақтандыру холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары ұсынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде алдын ала қарайды.

      Уәкілетті орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және (немесе) оның акционерлері, сақтандыру холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары қарауға ұсынған іс-шаралар жоспарымен келіспеген жағдайда, уәкілетті орган мен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, сақтандыру холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары іс-шаралар жоспарын жетілдіру мақсатында бірлескен талқылаулар жүргізеді. Бұл ретте сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, сақтандыру холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары уәкілетті органның ескертулерін жою үшін жоспарды түзетеді немесе осындай ескертулермен келіспеген жағдайда өзінің негіздемелерін ұсынады.

      Уәкілетті орган жетілдірілген іс-шаралар жоспарын ұсынылған күнінен не уәкілетті органның ескертулерімен келіспеу негіздемелерін алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мақұлдайды немесе мақұлдамайды.

      Уәкілетті орган ұсынылған іс-шаралар жоспарын мақұлдаған жағдайда сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және (немесе) оның акционерлері, сақтандыру холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары оны іске асыруға кіріседі және уәкілетті органға іс-шаралар жоспарында белгіленген мерзімдерде іс-шаралардың орындалғаны туралы есепті ұсынады.

      Уәкілетті орган іс-шаралар жоспарын мақұлдамаған жағдайда сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына және (немесе) оның акционерлеріне, сақтандыру холдингіне және (немесе) оның ірі қатысушыларына Сақтандыру қызметі туралы заңның 53-бабының 3 және 4-тармақтарында көзделген талаптарды қою арқылы бір немесе бірнеше ертерек ден қою шараларын қолданады.

      Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, сақтандыру холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары Қағидалардың 2, 3-тармақтарында көзделген факторларды өз бетінше анықтаған жағдайда, көрсетілген факторларды анықтаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға Қағидаларда көзделген іс-шаралар жоспарын қоса бере отырып, олардың қаржылық жағдайының нашарлаған жағдайын көрсететін ақпаратты ұсынады.

2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының
(сақтандыру тобының) қаржылық жағдайының нашарлауына
ықпал ететін факторларды айқындау әдістемесі

      5. Қағидалардың 2-тармағында көзделген сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық жағдайының нашарлауына ықпал ететін факторлар мынадай әдістеме бойынша айқындалады:

      1) төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативінің Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының пруденциалдық нормативтер есебінің нормативтік мәні мен әдістемесі, сақтандыру тобының төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативі, пруденциалдық нормативтердің орындалғандығы жөніндегі есепті беру нысандары мен мерзімі туралы Нұсқаулықты бекіту туралы" 2008 жылғы 22 тамыздағы № 131 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5331 тіркелген) (бұдан әрі – № 131 қаулы) белгіленгеннен 0,5 немесе одан аз тармаққа жоғары бастапқы мәні кезінде қатарынан үш ай ішінде 0,1 және одан көп тармаққа екі және одан көп рет төмендеуі.

      Қағидалардың мақсаттары үшін қарастырылып отырған параметрдің нақты мәнінің ағымдағы мәні мен қарастырылып отырған кезеңнің басындағы мәнінің арасындағы айырмашылық ретінде есептелген абсолюттік өзгеруі тармақ болып табылады;

      2) төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативінің мәні № 131 қаулымен белгіленген төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативінің ең аз мәнінен 0,1 тармаққа асатын деңгейден төмен;

      3) өтімділігі жоғары активтердің жеткіліктілігі нормативінің № 131 қаулымен белгіленгеннен 0,5 немесе одан аз тармаққа жоғары бастапқы мәні кезінде қатарынан үш ай ішінде 0,1 және одан көп тармаққа екі және одан көп рет төмендеуі;

      4) өтімділігі жоғары активтердің жеткіліктілігі нормативінің мәні № 131 қаулымен белгіленген өтімділігі жоғары активтердің жеткіліктілігі нормативінің ең аз мәнінен 0,1 тармаққа асатын деңгейден төмен;

      5) қайта сақтанушының үлесін ескермегендегі шығындылық коэффициентінің міндеттемелер көлемі сақтандыру ұйымының тікелей сақтандыру және кіріс қайта сақтандыру шарттары бойынша барлық міндеттемелерінің жиынтық көлемінің жиырма және одан көп пайызы болатын сақтандыру сыныбы (сыныптары) бойынша қатарынан үш ай ішінде екі және одан көп рет жүз пайыздан асуы;

      6) акцияларға инвестициялардың жиынтық үлесінің қайта сақтандыру активтерін шегергендегі активтер көлемінің жиырма пайыздық мәннен асуы;

      7) Standard & Poor's агенттігінің "BB-"-тен төмен халықаралық рейтингілік бағасы немесе № 131 қаулыға сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен танылатын басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар, немесе осы рейтингілік агенттіктердің рейтингілік бағасы жоқ, не Standard & Poors рейтингілік агенттігінің жіктелімі бойынша Қазақстан Республикасының тиісті тәуелсіз рейтингінен төмен тәуелсіз рейтингі бар немесе осыған ұқсас деңгейдегі тәуелсіз рейтингі бар елде тіркелген Қазақстан Республикасының резиденті емес жекелеген қайта сақтандыру ұйымында қайта сақтандыру шарты (шарттары) бойынша жауапкершілік көлемінің тікелей сақтандыру және кіріс қайта сақтандыру шарттары бойынша жауапкершіліктің жиынтық көлеміне арақатынасының он пайыздық мәннен асуы;

      8) соңғы үш ай ішінде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының шығынды қызметі;

      9) жалпы және әкімшілік шығыстардың сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларына арақатынасының қырық пайыз мәнінен асуы;

      10) "жалпы сақтандыру" саласындағы сақтандырудың әрбір ерікті сыныбы бойынша сақтандыру қызметі бойынша комиссиялық сыйақы түріндегі шығыстардың "жалпы сақтандыру" саласындағы міндеттемелер көлемі сақтандыру ұйымының тікелей сақтандыру және кіріс қайта сақтандыру шарттары бойынша барлық міндеттемелерінің жиынтық көлемінің жиырма және одан көп пайызы болатын сақтандырудың тиісті сыныбы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларына арақатынасының отыз пайыз мәнінен асуы.

      6. Қағидалардың 3-тармағында көзделген сақтандыру тобының қаржылық жағдайының нашарлауына ықпал ететін факторлар мынадай әдістеме бойынша айқындалады:

      1) екі есепті тоқсанның қорытындылары бойынша төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативінің оның бастапқы мәні № 131 қаулыда белгіленгеннен 0,5 немесе одан аз тармаққа жоғары болған кезде 0,1 және одан көп тармаққа төмендеуі;

      2) төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативінің мәні № 131 қаулымен белгіленген төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативінің ең аз мәнінен 0,1 тармаққа асатын деңгейден төмен;

      3) есепті тоқсанның қорытындысы бойынша сақтандыру тобы қатысушысының (қатысушыларының) балансы бойынша меншікті капиталдың олардың баланс бойынша жарғылық капиталының мөлшерінен төмен болып төмендеуі;

      4) сақтандыру тобының қатысушылары арасындағы мәмілелер көлемінің сақтандыру тобының төлем қабілеттілігінің нақты маржасынан он пайызға асуы;

      5) сақтандыру тобының қатысушылары болып табылатын қаржы ұйымдарына қатысты ертерек ден қою шараларын жүйелі түрде (қатарынан алты ай ішінде үш және одан да көп рет) қолдану.