"Азаматтық және эксперименттік авиация үшін ұшуға дайындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 25 маусымдағы № 390 бұйрығына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің м.а. 2013 жылғы 29 шілдедегі № 577 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 28 тамызда № 8680 тіркелді

      Азаматтық авиация саласындағы қызметті реттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      1. «Азаматтық және эксперименттік авиация үшін ұшуға дайындау қағидаларын бекіту туралы» Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 25 маусымдағы № 390 бұйрығына (Заң газетінде 2011 жылғы 3 тамыздағы № 7102 жарияланған, 2011 жылғы 13 қазандағы № 149 (2139), 2011 жылғы 14 қазандағы № 150 (2140); 2011 жылғы 18 қазандағы № 151 (2141), 2011 жылғы 19 қазандағы № 152 (2142) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген) мынадай толықтырулар мен өзгерістер енгізілсін:
      Азаматтық және эксперименттік авиация үшін ұшуға дайындау қағидаларында:
      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «13. Ұшуға тапсырманың сипатына қарай бағыт (ұшу) карталарын таңдау және дайындау жүргізіледі. Аспаптар бойынша ұшу қағидалар бойынша (АҰҚ) ұшуларды орындаған кезде қолданылатын негізгі бағыт (ұшу) карталары радионавигациялық карталар (бұдан әрі - РНК), сондай-ақ мамандандырылған ұйымдар шығарған карталар болып табылады.
      Визуалды аэронавигацияның талаптарын сақтау үшін визуалды ұшулар қағидалары бойынша ұшуларды орындаған кезде визуалды бағдарлау үшін барлық қажетті деректер мамандандырылған картада қамтылмаса 1:1 000 000 масштабты немесе одан ірі (1:500 000, 1:250 000) масштабтағы аэронавигациялық карталар (аэронавигация үшін арнайы жер беті учаскесінің, оның бедерінің және жасанды құрылғыларының шартты белгісі) қолданылады.
      Бағыт (ұшу) карталарына мыналар салынуы тиіс:
      1) шектеу межесінің сызығы (пеленгтер, азимуттер) қара түспен;
      2) ӘҚҚК аудандарының шекаралары және олардың атаулары жасыл түспен;
      3) берілген жол жолақтары (бұдан әрі – БЖЖ) және БЖЖ айырылыстарында МБП, МБұП және МСП пункттері арасындағы қашықтықтар;
      4) тірек меридиандардан өлшенген ортодромдық бағыттық аспаптармен ұшуларды орындаған кезде – ортодромдық магниттік немесе шынайы жол бұрыштары (сәйкесінше – ОМЖБ, ШЖБ) және БЖЖ бойынан ұшу бағытындағы бағыттағышы бар ағымдағы – бастапқы (маршруттың ұзақтығы үлкен учаскелерінде 3-50 шамасына өзгеру кезінде қайталанатын) магниттік жол бұрыштары;
      5) локсодромдық бағыттық аспаптармен ұшуларды орындаған кезде – маршрут учаскелері бойынша орташа меридиандардан өлшенген магниттік жол бұрыштары (бұдан әрі – МЖБ); бұл жағдайда маршруттың ұзақтығы үлкен учаскелерінде әрбір 50 – 200 км сайын тән бақылау бағдарлары таңдалады, олардың жанынан МЖБ жаңа мәндері көрсетіледі;
      6) басым биіктіктер: жолақта маршрут осінен екі жаққа 50 км-дан; әуеайлақ ауданында – әуеайлақтың бақылау нүктесінен (бұдан әрі – ӘБН) 50 км радиусте қара түсті тікбұрыштарда;
      7) магниттік жіктеу мәндері әуеайлақ ауданында және маршруттың әрбір учаскесінде диаметрі 8 мм шеңберлерде 10-тан кейін;
      8) шектеу шекарасының (пеленгтер, азимуттер) сызықтары қара түспен;
      9) ӘҚҚК аудандарының шекаралары және олардың атаулары жасыл түспен.».
      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «14. Ұшу бағыттарының учаскелерінде таулы әуеайлақтарға әуеайлаққа дейінгі қашықтықты және төменгі қауіпсіз эшелонды көрсетумен белгіленген межелер қойылады. Бағыт (ұшу) карталарындағы пилотажды деректерді өңдеу және индикациялаудың кешенді жүйесімен жабдықтамаған әуе кемелері үшін.»;
      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «15. Таулы жерде ұшу кезінде қажеттілігі бойынша бағыт (ұшу) картасының бос орнына:
      1) АҰЕ бойынша ұшулар үшін кешенді өңдеу және пилотаждық деректерді индикациялау жүйесімен жабдықталмаған әуе кемесі үшін газтурбиналы қозғалтқышы бар ұшақтар үшін төмендеу және биіктікке көтерілу учаскелерінде, ал поршеньді қозғалтқыштары бар ұшақтар үшін жалпы маршрут бойынша маршрут осінен екі жаққа ені 25 км-дегі жолақта;
      2) БҰЕ бойынша ұшулар үшін әуе трассасы енінің шегінде жер рельефінің кескіні салынады.
      Ұшу бағытын үздiксiз беруді қамтамасыз ететiн кешенді өңдеу және пилотаждық деректерді индикациялау жүйесімен жабдықталған әуе кемесі үшін бағыт (ұшу) картасында төмендеуді бастаудың белгіленген межесін және жер рельефінің кескінін көрсету талап етілмейді.»;
      31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «31. Ұшудың жұмыс жоспары (навигациялық есеп) әрбір көзделген ұшуға немесе ұшулар сериясына пайдаланушының ҰОБ сәйкес жасалады. Ұшудың жұмыс жоспарын әуе кемесінің командирі және, бұл ҰОБ көзделген кезде, ұшуларды қамтамасыз ету жөніндегі қызметкері (ұшудың қауіпсіз орындалуын қамтамасыз етуде әуе кемесінің командиріне көмектесетін пайдаланушы тағайындаған тұлға) бекітеді.»;
      42-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «42. Әуе кемесінің командирі немесе пайдаланушының тағайындалған өкілі (ұшуды қамтамасыз ету жөніндегі қызметкері) брифинг бөлмесінде дайындықты аяқтаған соң Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануға рұқсат алу үшін ұшу жоспарын ӘҚҚК органының брифинг диспетчеріне ұсынады.»;
      44-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «44. Әуеайлақтық метеорологиялық орган пайдаланушы және экипаждың ұшу мүшелеріне метеорологиялық құжаттаманы уақтылы дайындауды қамтамасыз етеді. Метеорологиялық құжат әуеайлақтың метеорологиялық органның кеңсесінде немесе брифинг бөлмесінде әуе кемесінің экипажына (пайдаланушыға немесе оның өкіліне) беріледі. Сұрау салу бойынша ұшу экипажының мүшелеріне және (немесе) өзге қызметкерлеріне өндірістік ұшуларға байланысты консультация беріледі.»;
      46-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «Брифинг бойынша диспетчер мынадай функцияларды орындайды:
      1) аэронавигациялық ақпарат қызметінен ұшу ақпаратының бюллетенін, NOTAM және SNOTAM алады;
      2) ұшуларға тыйым салулар мен шектеулер туралы ақпаратты стендке уақтылы қояды;
      3) әуе кемелерінің экипаждарына аэронавигациялық жағдайға қатысы бар анықтамалық материалдарды береді;
      4) әуе кемелерінің экипаждары (пайдаланушыға немесе оның өкіліне) үшін ұшар алдындағы ақпарат пакетін тәуліктік ұшулар жоспарына сәйкес қалыптастырады, оларға: метеорологиялық құжаттама, флайт жоспарлар бланкілері, ұшу ақпаратының бюллетені, NOTAM, SNOTAM және ұшудың (ұшулардың) навигациялық жоспары кіреді береді;
      5) флайт-жоспарды (ұшу немесе ұшулар жоспарын» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 12 мамырдағы № 506 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына сәйкес тиісті мекенжайларға жібереді;
      6) әуежайдың тәуліктік ұшулар жоспарының көшірмесіне ақпараттық-консультациялық қызмет көрсетуді өткізу туралы белгі жасайды;
      7) тәуліктік ұшулар жоспарына енгізілмеген рейстерге өтінімдер келіп түскен кезде олар үшін ұшар алдындағы ақпарат пакеттерін дайындайды;
      8) аэронавигациялық ақпарат қызметтерінен әуе кемелерінің экипаждарынан берілген өтінімдердің негізінде ұшу ақпаратының бюллетень дерін сұратады;
      9) метеорологиялық қамтамасыз ету органдарының қызметтеріне әуе кемелерінің экипаждарынан (пайдаланушыдан немесе оның өкілінен) берілген өтінімдердің негізінде метеорологиялық құжаттаманы дайындауға өтінім береді;
      10) әуе кемелерінің экипаждарынан флайт-жоспарды дұрыс толтыруды талап етеді.»;
      47-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «47. Брифинг бойынша диспетчер мыналарды:
      1) әуежайдың тәуліктік ұшу жоспарына және берілген флайт жоспарға сәйкес әуежайдан ұшып шығатын әуе кемелерінің экипаждары үшін ұшар алдындағы ақпарат пакетін уақтылы және толық ұсынуды;
      2) ұшуларға тыйым салулар мен шектеулер туралы ақпаратты уақтылы жеткізуді;
      3) брифинг бөлмесінде тұрған құжаттардың сақталуын;
      4) әуе кемелерінің экипаждарына (пайдаланушыға немесе оның өкіліне) сапалы ақпараттық-консультациялық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуді және өзінің лауазымдық нұсқаулығының орындалуын қамтамасыз етеді және бақылайды.»;
      мынадай мазмұндағы 48-1-тармақпен толықтырылсын:
      «48-1. Аралық әуежайларда әуе кемелерінің экипаждарына ұшар алдындағы ақпараттық-консультативтік қызмет көрсеткен кезде ұшу алдындағы дайындық уақытын қысқарту мақсатында пайдаланушы немесе оның өкіліне метеорологиялық ақпарат пен ұшу құжаттамасын бортқа жеткізуге рұқсат береді.
      Пайдаланушы немесе оның тағайындалған өкілі әуе кемесінің экипажын Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 18 қаңтардағы № 103 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларында» көзделген метеорологиялық ақпарат пен ұшу құжаттамасын толық көлемде дер кезінде қамтамасыз етуді және оны жеткізуді ұйымдастырады, оларға: флайт-жоспар, ұшар алдындағы ақпарат бюллетені, NOTAM (SNOTAM, ASHTAM) және ұшудың навигациялық жоспары кіреді.».
      3-бөлім мынадай мазмұндағы § 3-1 параграфпен толықтырылсын:
      «§ 3-1. Ұшу экипажы мүшелерін егер пайдаланушы осы мақсат үшiн ұшуды қамтамасыз ету жөніндегі қызметкерлердi пайдалануды алдын ала көздесе ұшар алдында дайындаудың ерекшелігі
      48-2. Егер пайдаланушының ұшақтарында пайдалану-бақылау және ұшу - диспетчерлiк қамтамасыз ету шараларын уәкiлеттi орган бекіткен жағдайда ұшуды қамтамасыз ету жөніндегі қызметкерді пайдаланумен ұшу экипажының мүшелерін ұшар алдында дайындауды жүргізіледі.
      Бұл жағдайда ұшуды қамтамасыз ету жөніндегі қызметкер және әуе кемесінің командирі ұшар алдындағы дайындықтың сапасына және ұшуға басшылық жасауға жауап береді.».
      мынадай мазмұндағы 48-3-тармақпен толықтырылсын:
      «48-3. Пайдаланушының ұшуды қамтамасыз ету жөніндегі қызметкері мынадай функцияларды орындайды:
      1) ұшуға дайындаған кезде әуе қозғалысына қызмет көрсететін органдармен, әуеайлақтық метеорологиялық органдармен және радиотехникалық жабдықтарды және байланысты пайдалану қызметімен байланысты қамтамасыз етеді (РТЖжәнеБПҚЕҚ);
      2) ұшып шығатын әуеайлақтың әуеайлақтық метеорологиялық органымен немесе пайдаланушының метеорологиялық қамтамасыз ету органымен (бар болған жағдайда) консультация өткізеді және алдағы ұшуға қатысты метеорологиялық ақпарат алады және ұшып шығатын, қонатын және қосалқы әуеайлақтың нақты және болжамды ауа райына, ұшу бағыттары мен іргелес аудандарының ауа райына талдау жүргізеді;
      3) ұшуларды жүзеге асыру жоспарына қатысты ақпаратты пайдаланушының тиiстi бөлiмдерiне жібереді;
      4) ұшып шығатын әуеайлақтың брифинг бойынша диспетчерiнен (аэронавигациялық ақпараттар қызметі) немесе аэронавигациялық қамтамасыз ету және ұшуларды жоспарлау бойынша қызметтерді көрсететін мамандандырылған компаниялардан ұшар алдындағы ақпарат бюллетенін, NOTAM (SNOTAM, ASHTAM) хабарламасын, ұшуға салынған тыйымдар және қойылған шектеулер туралы ақпаратты алады;
      5) ұшар алдындағы ақпарат бюллетеніне, NOTAM (SNOTAM, ASHTAM) хабарламасына талдау жасайды, қосалқы әуеайлаққа кететін уақыты асырылған бағытпен (бұдан әрі - ЕДТО) қосалқы әуеайлаққа дейін 60 минуттан асатын ұзақтықпен, турбиналық қозғалтқыштары бар ұшақтардың ұшуына арналған қосалқы әуеайлақты және қауіпсіз, үнемді бағытты және ұшу бейінін таңдайды;
      6) ұшулардың қауіпсіз орындалуы үшін отынның санын есептейді;
      7) аэронавигациялық қамтамасыз ету және ұшуларды жоспарлау бойынша қызмет көрсететiн компаниялардан негізгі және қосалқы әуеайлақтар, ұшар алдындағы бюллетень, NOTAM (SNOTAM, ASHTAM) хабарламасы, ең төмен деңгейдегі жабдықтар (MEL) тiзiмдерiн, әуе кемесінің барынша ықтимал ұшу және отырғызу салмағы туралы ақпаратты, ұшу бағыттарына арналған метеорологиялық жағдай ескерілген ұшудың жұмыс жоспарын алады және өздігінен әзірлейді және осы жоспарды әуе кемесінің командиріне қарауға бередi;
      8) аспаптар бойынша стандартты ұшып шығуға, шудың төмендеуін пайдалануда қабылдайтын бағыттық құралдарға, аэронавигациялық құрал-жабдықтарға, әуеайлақтық құралдар мен жабдықтарға, ӘҚҚК және байланыс қағидаларына, ұшар алдындағы бюллетеньге, NOTAM (SNOTAM, ASHTAM) хабарламасына, ұшу-қону жолағының жағдайына, iздестiру және құтқару құралдарына, сондай-ақ ұшуға ықпалын тигiзе алатын ақпарат пен ұйғарымға қатысты барлық соңғы ақпараттар мен деректерді дайындайды;
      9) егер ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін қауіпті жағдай орын алса рейсті кешіктіреді немесе болдырмайды;
      10) әуеайлақтық метеорологиялық органда (консультация қажет болса) метеорологиялық консультация берген кезде әуе кеменің командирімен бірге қатысады;
      11) алған метеорологиялық ақпаратты әуе кемесінiң командиріне бередi және қажет болатын бағыттарға, абсолюттi биiктiктерге және жол сызықтарына қатысты, сонымен қатар қандай қосалқы әуежайлар түрлi әуежайлар үшiн жарамды деп саналатынына қатысты консультациялар береді;
      12) оған бағытты таңдауда ықпалын тигiзетiн факторларға назар аудара отырып, дайындалған бағыттарға жасалған талдауды және ұшудың жұмыс жоспарын көрсетедi;
      13) әуе кемесінің командирі мақұлдаған ұшудың жұмыс жоспарын алады;
      14) әуе кемесінің командирі қол қойғаннан кейін ұшудың жұмыс жоспарына қол қояды;
      15) әуе кемесінің командирін осы Қағидалардың 8) тармақшасында көрсетілген ұшу бағыттарына қатысты барлық соңғы ақпараттармен, сонымен қатар метеорологиялық құжаттармен, ұшудың (ұшулардың) навигациялық жоспарымен және тыйым салынған және шектеу қойылған ұшулар туралы ақпараттармен уақтылы қамтамасыз етеді;
      16) әуе кемесінің командирі қол қойғаннан кейін ӘҚҚК ұшу жоспарын (флайт-жоспар) әзірлейді;
      17) ұшып шығатын әуеайлақтың брифинг бойынша диспетчеріне ӘҚҚК ұшу жоспарын (флайт-жоспар) береді;
      18) байланыс арналары арқылы әуе кемесінiң командирін ұшу барысында қажет болатын ұшу жоспарындағы кез-келген өзгерістерге, ұшқанда ұшулардың қауiпсiздiгіне қатысты ақпаратпен қамтамасыз етедi.».
      2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитеті (Б.К. Сейдахметов):
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ұсынуды;
      2) бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркелгеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің интернет-қорында ресми жариялауды және Мемлекеттік органдардың интернет-порталында орналастыруды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі А.Ғ. Бектұровқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің
      міндетін атқарушы                          С. Сарсенов