Парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі ішкі жобаларды қарауға және мақұлдауға, есепке алуға, есептілік пен мониторингке дайындау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2012 жылғы 11 мамырдағы № 150-ө Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 2 маусымда № 7689 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2021 жылғы 4 тамыздағы № 289 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 04.08.2021 № 289 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 94-10-бабының 3-тармағын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі ішкі жобаларды қарауға және мақұлдауға, есепке алуға, есептілік пен мониторингке дайындау қағидалары бекітілсін.

      2. Төменкөміртекті даму департаменті осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуге жіберсін және оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр Н. Қаппаров



      Қазақстан Республикасы

      Қоршаған ортаны қорғау

      министрінің

      2012 жылғы 11 мамырдағы

  № 150-ө бұйрығымен
бекітілді

Парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі ішкі
жобаларды қарауға және мақұлдауға, есепке алуға, есептілік пен
мониторингке дайындау қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің м.а. 17.11.2016 № 496 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі ішкі жобаларды қарауға және мақұлдауға, есепке алуға, есептілік пен мониторингке дайындау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі ішкі жобаларды қарау және мақұлдау, есепке алу, есептілік пен мониторингті дайындау тәртібін анықтайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар қолданылады:

      1) шағын масштабты жоба – 15 мегаваттқа дейін қуатты энергия көздерінің жаңарылуымен байланысты немесе жылына шартты отынның 7380 тоннасына дейінгі көлемде энергияның тұтылуын төмендетумен энергия тиімділігін жақсартуға немесе жобалық кезең ішінде көміртегінің қос тотығы 60 метрикалық килотонна эквивалентіне дейінгі шекте парниктік газдар шығарындыларын азайту мүмкіндігін беруге бағытталған жоба;

      2) базалық сценарий – парниктік газдар шығарындыларын және (немесе) сіңірулерін азайтудың қол жеткізілген көлемі салыстырылатын ұсынылған ішкі жоба болмаған жағдайда парниктік газдар шығарындыларының деңгейін немесе парниктік газдар сіңірулерінің деңгейін бейнелейтін сценарий;

      3) жобаның өтініш берушісі - жобаны қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) қарауына және мақұлдауына ұсынатын жеке немесе заңды тұлға;

      4) жобаның типі - кәдімгі жоба, аз ауқымды жоба, байланысқан жоба, жерді пайдалануды өзгертуге немесе орманды өңірін көбейтуге қатысты жоба;

      5) жобалық кезең – жоба нәтижелерін мерзімді растау және бекіту негізінде көміртегі бірліктерінің жобалық шығарылымы жүргізілетін немесе жүргізілуі мүмкін болатын мерзім;

      6) ағып кету - жоба қызметімен негізделген, бірақ оның шегіне енгізілмеген жобаны іске асыру орнынан тыс парниктік газдар шығарындыларына және сіңірулеріне әсер етуі;

      7) маңыздылық деңгейі - парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі ішкі жобаны іске асырудың верификация есебі туралы қорытындыны дайындау үшін қолданылатын бастапқы сандық мағына;

      8) мониторинг - парниктік газдар шығарындыларын және сіңірулерін немесе парниктік газдар шығарындыларын немесе/және сіңірулермен байланысты ілеспе деректерді ішкі жобалар бойынша өткізілетін үздіксіз немесе кезеңдік бағалау;

      9) ішкі жоба - парниктік газдар шығарындылары ішкі тетігінің және базалық сценарийде сәйкестендірілген шарттардың өзгеруі негізінде жүзеге асырылатын парниктік газдар шығарындыларының азаюына немесе парниктік газдар шығарындылары сіңіруінің ұлғаюына бағытталған қызметтер немесе қызмет түрлері.

2-тарау. Парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі ішкі жобаларын қарауға және мақұлдауға дайындау тәртібі

      3. Парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша жобаны іске асыру туралы шешім қабылдау үшін жобаның өтініш берушісі мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) жобаның тұжырымдамасы (жобалық идея);

      2) жобалық құжаттама;

      3) мониторинг жоспары.

      4. Уәкілетті орган парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша ішкі жобаны қарау және мақұлдауды бір немесе екі сатыда өткізеді.

      5. Бір сатылық қарау рәсімі кезінде жобаның өтініш берушісінен жобаны алдын ала мақұлдау туралы шешім қабылдау және жобалық құжаттама мен мониторинг жоспарын әзірлеудің негізділігін анықтау үшін жобаның тұжырымдамасы (жобалық идея) талап етілмейді.

      6. Екі сатылы қарау рәсімі кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган біріншіден жобаның тұжырымдамасын (жобалық идея) қарастырады. Жоба алдын ала мақұлданған жағдайда, жобаның өтініш берушісі әрі қарай уәкілетті органға ұсыну үшін жобалық құжаттама мен мониторинг жоспарын әзірлеу жұмыстарына кіріседі.

      7. Бір сатылық қарау рәсімі мынадай аз ауқымды жобаларға, басымды ішкі жобаларға қатысты қолданылады:

      1) жел энергиясын пайдалану жобалары;

      2) күн энергиясын пайдалану жобалары;

      3) шағын су электр станцияларын қалпына келтіру және құру;

      4) биогазды пайдалану жобалары;

      5) көмір жылу электр станцияларын газға көшіру;

      6) қоқыс метанын кәдеге жарату;

      7) қоғамдық автокөлікті газға және электрге ауыстыру;

      8) мұнай кен орындарындағы ілеспе газды кәдеге жарату;

      9) көмір шахталарының метанын және коксты газын кәдеге жарату;

      10) феррохром өндірісінде бөлінген газды кәдеге жарату.

      8. Жобаның өтініш берушісі жобаны мүдделі тараптардың талқылау мүмкіндігі үшін жобалық құжаттама мен мониторинг жоспарын уәкілетті органға ұсынудан бұрын 20 күнтізбелік күннен кешіктірмей жобалық құжаттамаға, сондай-ақ мониторинг жоспарына қоғамдық қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

      9. Жобаны талқылау нәтижесін жобаның өтініш берушісі жобалық құжаттамада көрсетеді.

      10. Жобалық құжаттама және мониторинг жоспары уәкілетті органға қарастыруға берілгенге дейін валидация және верификация жөніндегі аккредиттелген органмен (бұдан әрі – аккредиттелген орган) валидациялауға жатады.

      11. Қарауға ұсынылған жоба тұжырымдамасы бойынша шешімді уәкілетті орган оларды алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде қабылдайды.

      Қарауға ұсынылған жоба тұжырымдамасы және мониторинг жоспары бойынша шешімді уәкілетті орган оларды алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде қабылдайды.

      12. Жобаны мақұлдау туралы шешімді осы Қағидалардың 10- тармағында аталған құжаттар негізінде уәкілетті орган қабылдайды.

      13. Жобаны қабылдамау туралы шешімді уәкілетті орган мынадай жағдайларда қабылдайды:

      1) жобаның өтініш берушісімен ұсынылған құжаттар толық емес, тиісті түрде дайындалмаған немесе дәйексіз мәліметтерден тұрса;

      2) жобалық құжаттамада көрсетілген орын бойынша жобаны іске асыру мүмкіншіліктері болмаса.

      14. Жобаны уәкілетті органның мақұлдауы уәкілетті органмен белгіленген тәртіпте парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі ішкі жобаларды іске асыру және парниктік газдар шығарындыларын азайтудың ішкі бірліктерін алу үшін негіз болады.

3-тарау. Парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі ішкі жобаларды есепке алу тәртібі

      15. Уәкілетті орган мақұлданған жобаларды есепке алуды жүзеге асырады.

      16. Уәкілетті органның интернет-ресурсында барлық мақұлданған жобалар бойынша ақпарат орналастырылады, онда мынадай мәліметтер:

      1) жобаның атауы;

      2) жобаның өтініш берушісі туралы мәлімет;

      3) жоба жүзеге асырылатын болжамды орын;

      4) жоба бойынша өтініш берілген парниктік газдар шығарындыларын азайту көлемі көрсетіледі.

4-тарау. Парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі ішкі жобалардың есептілігі мен мониторинг тәртібі

      17. Мақұлданған ішкі жобалар бойынша шығарындыларды ішкі азайту бірліктерін алу үшін олардың жүзеге асыру кезеңінде парниктік газдар шығарындыларын азайту және / немесе сіңірулерін ұлғайту мониторингі жүргізіледі, сонымен қатар уәкілетті органға жобаны іске асыру туралы жыл сайынғы есептер ұсынылады.

      18. Жобаның өтініш берушісі уәкілетті орган мақұлдаған мониторинг жоспары негізінде барлық көміртегі бірліктерін шығару кезеңі барысында парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе/және сіңіруін ұлғайтуға мониторинг жүргізеді.

      19. Ішкі жобалар бойынша қолданылатын мониторинг рәсімдері:

      1) мониторинг мақсатын;

      2) өлшем бірліктерін қоса алғандағы деректер және ақпараттар түрін;

      3) деректер көзін (көздері);

      4) мониторинг тәсілін (есептеу, өлшеу әдісі);

      5) қолданылатын мониторинг әдістемелерін;

      6) мониторинг өткізу әдісі және кезеңділігін;

      7) мониторингке қатысушылардың міндеттерін;

      8) мониторингтік ақпаратты басқару жүйесін анықтайды.

      20. Мониторинг өткізу шеңберінде шығарындыларды азайту немесе сіңіруін ұлғайтуға бағытталған жобаның әрбір парниктік газдар бойынша сандық баға жүргізіледі, кейіннен олар көміртегі қос тотығының тонна эквивалентіне ауыстырылады.

      21. Өлшеу жабдықтарын және мониторинг өткізуге арналған жабдықтарды қолданған кезде жобаның өтініш берушісі аталған өлшеу жабдықтарын калибрлеуді қамтамасыз етеді.

      22. Егер мақұлданған парниктік газдар шығарындыларын есептеудің бекітілген әдістемесі болмаған жағдайда, жобаның өтініш берушісі уәкілетті органның өзінің келісімі бойынша әдістемесін әзірлеуге құқылы.

      23. Уәкілетті органға жыл сайынғы есепті дайындау және ұсынуды жобаның өтініш берушісі өткен есепті жыл үшін жүзеге асырады.

      24. Ішкі жобаларды іске асыру туралы есептерді ұсыну ерікті болып саналады. Ұсынбау немесе уақтылы ұсынбау жобаның өтініш берушісінің бұзушылығы ретінде қарастырылмайды.

      25. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынылатын жобаларды іске асыру туралы есептер мынадай ақпараттан тұрады:

      1) жобаға өтініш беруші туралы деректер;

      2) жобаны қысқаша сипаттау, оның ішінде жобаның атауы, типі, көлемі, ауқымы мен шекарасы, өткізілу орны, көміртегі бірліктерін шығару кезеңінің ұзақтылығы және жоба бойынша атқарылатын жұмыстардың түрі;

      3) есептік кезеңді көрсету;

      4) жоба шеңберінде өткізілетін мониторинг бойынша парниктік газдар шығарындылары немесе/және сіңірулері туралы деректер, есептік кезеңдегі көміртегі қос тотығының тонна эквивалентіндегі көлемін көрсету;

      5) есептік кезеңде жобаны іске асыру барысында парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе/және сіңіруін ұлғайту туралы қол жеткізілген деректер;

      6) мәлімделген парниктік газдар шығарындылары немесе/және сіңіруінің верификациясы туралы мәлімет;

      7) жобаның базалық сценарийінің сипаттамасы;

      8) мақұлданған жобалық құжаттама мен мониторинг жоспарынан жобаны іске асыру кезінде пайда болған айтарлықтай кез келген ауытқушылықтар туралы ақпарат;

      9) парниктік газдар шығарындыларын немесе/және сіңірулерін есептеудің негізі ретінде қолданған өлшемшарттарды, рәсімдер мен құжаттарды сипаттау;

      10) жобаға өтініш берушінің қолы (ТАӘ), мөр;

      11) есепті валидация және верификация жөніндегі аккредиттелген

      орган растады.

      верификацияны жүзеге асыратын аккредиттелген органның толық атауы, БСН;

      аккредиттеу туралы куәліктің нөмірі және мерзімі немесе күні, сериясы;

      аккредиттелген органның заңды мекенжайы;

      телефон, факс;

      электрондық мекенжайы;

      верификацияға жауапты адамның ТАӘ көлемдегі: _____ тонна көміртегі қос тотығының парниктік газдар шығарындылары;

      ______ тонна көміртегінің қос тотығына тең келетін ПГ жалпы шығарындылары растауы;

      аккредиттелген орган басшысының қолы (ТАӘ), мөр.

      26. Жобаны іске асыру туралы есеп уәкілетті органға тапсырылғанға дейін аккредиттелген ұйымның верификациясына жатады.

      27. Ішкі жобаларды іске асыру туралы есеп верификациясын өткізу деңгейі 5% құрайды.

      28. Уәкілетті орган ішкі жобаны іске асыру туралы есепті бекіту немесе бекітпеу туралы шешімді оны алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде қабылдайды.

      29. Уәкілетті орган ішкі жобаны іске асыру туралы есепті бекітпеу туралы шешімді мынадай жағдайларда қабылдайды:

      1) есепте дәйексіз ақпарат ұсыну;

      2) жобаның өтініш берушісінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтамауы;

      3) верификация болмаған жағдайда;

      30. Жобаны іске асыру туралы есеп бекітілген жағдайда, жобаның өтініш берушісі жобаны іске асыру туралы бекітілген есепте берілген мөлшерде шығарындыларды ішкі азайту бірлігін алу құқығына ие болады.