Балық және басқа су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану аясындағы жеке кәсіпкерлік саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2011 жылғы 14 қыркүйектегі № 16-02/519 және Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және Сауда министрінің м.а. 2011 жылғы 16 қыркүйектегі № 308 Бірлескен бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2011 жылы 10 қазанда № 7245 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2015 жылғы 13 шілдедегі № 18-04/647 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 шілдедегі № 539 бірлескен бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 13.07.2015 № 18-04/647 және ҚР Ұлттық экономика министрінің 20.07.2015 № 539 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңының 13-бабы 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:
      1. Қоса беріліп отырған балық және басқа су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану аясындағы жеке кәсіпкерлік саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдері бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін ресми жариялануын;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми интернет-ресурсында жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. «Балық және басқа су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану аясындағы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2010 жылғы 11 ақпандағы № 85 және Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 2010 жылғы 17 ақпандағы № 63 бірлескен бұйрығының (нормативтiк құқықтық актілердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 6094 тіркелген, «Егемен Қазақстан» газетінде 2010 жылғы 16 наурыздағы № 96-97 (25943) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекші Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы            Қазақстан Республикасы
      Ауыл шаруашылығы                  Экономикалық даму және сауда
      министрінің м.а.                  министрінің м.а.
      ___________________ Е. Аман       _____________ М. Құсайынов

Қазақстан Республикасы Ауыл 
шаруашылығы министрінің м.а.
2011 жылғы 14 қыркүйектегі   
№ 16-02/519 және       
Қазақстан Республикасы   
Экономикалық даму және сауда
министрінің м.а.      
2011 жылғы 16 қыркүйектегі 
№ 308 бірлескен бұйрығымен  
бекітілген         

Балық және басқа су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану аясындағы жеке кәсіпкерлік саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдері

1. Жалпы ережелер

      1. Балық және басқа су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану аясындағы жеке кәсіпкерлік саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдері (бұдан әрі – Тәуекелді бағалау өлшемдері) «Қазақстан Республикасында мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» және «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзірленген және мемлекеттік бақылау объектілерінің тiкелей қызметiмен, салалық даму ерекшелiктерiмен және осы дамуға әсер ететiн факторлармен байланысты, балық ресурстары және басқа су жануарларын пайдаланумен (арнайы пайдалану, әуесқойлық (спорттық) балық аулауды қоспағанда, мелиоративтік және эксперименттік аулауды, аквакультура, сонымен бірге өсімін молайту мақсатындағы аулау), су алумен (балық қорғау қондырғыларының болуына және жұмыс істеуіне қатысты), зоологиялық коллекциялаумен және акваөсірумен айналысатын мемлекеттік бақылау объектілерін белгілі бір тәуекел дәрежесіне жатқызуға мүмкiндiк беретiн сандық және сапалық көрсеткiштердiң жиынтығы болып табылады.
      2. Осы Тәуекелді бағалау өлшемдері мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) тәуекел – тигізетін салдардың ауырлық дәрежесі ескеріле отырып, тексеруші субъектілер қызметінің нәтижесінде балық ресурстары және басқа су жануарларына зиян келтіру, балық шаруашылығы су айдындарында (учаскелерінде) экологиялық жағдайды нашарлату және биологиялық тепе-теңдікті бұзу ықтималдығы;
      2) тексерілуші субъектілер – су пайдаланушылар (балық қорғау қондырғыларының болуы және жұмыс істеуі мәселесі бойынша), зоологиялық коллекциялардың иелері және өсімін молайтумен және акваөсірумен айналысатын жеке ұйымдар.

2. Тәуекелді бағалау өлшемдері

      3. Тәуекелді бағалау өлшемдері объективті және субъективті өлшемдер болып бөлінеді.
      4. Объективті өлшемдер бойынша тексерілуші субъектілер мағынасына қарай үш топқа жіктеледі:
      1) жоғары дәрежелі тәуекелді бірінші топ – ауыл шаруашылығының мұқтаждығы үшін кәсіптік балық аулаумен, ғылыми-зерттеу мақсатындағы аулаулармен, су алумен айналысатын тексерілуші субъектілер;
      2) орташа дәрежелi тәуекелді екінші топ – бақылаудың:
      ауыз және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау үшін су алумен;
      табиғи су айдындарында (тұйық емес) акваөсірумен айналысатын тексерілуші субъектілер;
      3) төмен дәрежелі тәуекелді үшінші топ – бақылаудың:
      өнеркәсіп кәсіпорындары және энергетика мұқтаждығы үшін су алумен;
      жасанды су айдындарында (тұйық) акваөсірумен;
      зоологиялық коллекциялаумен айналысатын тексерілуші субъектілер.
      5. Бұдан әрі жүргізілген тексерулердің нәтижесінде субъективті өлшемдер негізінде есептелінген және жиналған ұпайларға сәйкес тексерілуші субъектілер тиісті тәуекел топтарына жатқызылады.
      6. Субъективті өлшемдерге мағыналары бойынша қауіптілігі жоғары, қауіптілігі орташа және қауіптілігі төмен заң бұзушылықтарға бөлінген балық және басқа су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заң бұзушылықтары жатады.
      7. Әрбір қауіптілігі жоғары заң бұзушылық 15 ұпайға сәйкес болады, оларға:
      1) балық аулау ережелерін өрескел бұзушылық (Тыйым салынған уақытта тыйым салынған жерлерде тыйым салынған аулау құралдарымен тыйым салынған әдіспен балық аулау);
      2) балық ресурстары мен басқа су жануарларын пайдаланудағы шектеулер мен тыйымдардың талаптарын бұзу;
      3) балық қорғау құрылғыларынсыз су тарту және түсіру құрылыстарын пайдалану;
      4) уәкілетті орган белгілеген су тарту құрылыстарының балық қорғау құрылғыларына талаптарды сақтамау;
      5) уәкілетті органның рұқсатынсыз және мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын алусыз жануарларды будандастыру бойынша іс-шараларды жүргізу;
      6) жануарларды өз еркімен мекен ету ортасын ауыстыру, жерсіндіру, қайта жерсіндіру;
      7) зоологиялық коллекцияны зоологиялық коллекция тізіміне енгізу туралы куәліктің болмауы;
      8) Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсатынсыз зоологиялық коллекцияда Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген балық және басқа су жануарларының болуы жатады.
      8. Әрбір қауіптілігі орташа заң бұзушылық 10 ұпайға сәйкес болады, оларға:
      1) балық аулауды жүргізу және балық аулау ережелерін бұзу;
      2) су тұтыну шарттарына уәкілетті орган келісімінің болмауы;
      3) өсіріліп жатқан балық және басқа су жануарларының (материалдардың) табиғи ортаға шығу (жойылу) жағдайының болуы;
      4) жануарлар ауруларының анықталуы, олардың өмір сүру ортасы жағдайының нашарлауы, олардың жойылу қаупінің пайда болуы және балық және басқа су жануарларының қырылу жағдайлары;
      5) уәкілетті органның рұқсатынсыз балық және басқа су жануарларын Қазақстан Республикасына әкелу және одан тысқары жерлерге шығару;
      6) уәкілетті мемлекеттік органның рұқсатынсыз жануарларды табиғи ортасынан алу арқылы зоологиялық коллекцияны құру және толтыру;
      7) құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерін және олардың жеке экспонаттарын халықаралық сату жөніндегі Конвенция қосымшасына енген жануарлар түрлерінің зоологиялық коллекциясын аталған Конвенция бойынша міндеттемелерді атқаратын әкімшілік органның рұқсатынсыз Қазақстан Республикасынан шығару және оның аумағына әкелу жатады.
      9. Әрбір қауіптілігі төмен заң бұзушылық 5 ұпайға сәйкес болады, оларға:
      1) балық қорғау құрылғыларын орнатуға уәкілетті орган келісімінің болмауы;
      2) биологиялық негіздемесіз акваөсіру мақсаты үшін балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін пайдалану;
      3) еріксіз немесе жартылай ерікті жағдайда сирек немесе құрып кету қаупі төнген жануарлар түрлерін өсіру және молайту үшін жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган рұқсаттамасының болмауы немесе оның талаптарын орындамау;
      4) уәкілетті органның рұқсатынсыз зоологиялық коллекцияларды және олардың экспонаттарын Қазақстан Республикасынан шығару және оның аумағына әкелу;
      5) өсіріліп жатқан материалға сақтандыру шараларын жүргізбеу жатады.
      10. Жиналған ұпай саны негізінде, тексерілуші субъектілер тиісті тәуекел топтарына жатқызылады:
      1) жүргізілген тексеру нәтижесінде 15 ұпай және одан жоғары жинаған тексерілуші субъектілер қауіптілігі жоғары тәуекел тобына жатады;
      2) жүргізілген тексеру нәтижесінде 10-15-ке дейін ұпай жинаған тексерілуші субъектілер қауіптілігі орташа тәуекел тобына жатады;
      3) жүргізілген тексеру нәтижесінде 10 ұпайға дейін жинаған бақылау субъекттерi қауіптілігі төмен тәуекел тобына жатады.
      11. Бір деңгейлі тәуекел объектілерін тексеруді жоспарлаудың
бірінші кезектілігіне:
      1) көрсетілген бақылау объектісінде көп анықталған заң бұзушылықтардың саны;
      2) балықтардың және/немесе басқа су жануарларының қырылу фактілері;
      3) алдыңғы тексеру кезінде жасалынған заң бұзушылықтың маңызы;
      4) бұрын жүргізілген соңғы тексерудің ең көп мерзімі негіз болып табылады.