Ішкі істер органдары қабылдау-тарату орындарының қызметін ұйымдастыру ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2011 жылғы 23 мамырдағы № 233 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 22 маусымда № 7031 тіркелді

      "Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде ұстау тәртібі мен шарттары туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 30 наурыздағы Заңының 9-1-бабына сәйкесБҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Ішкі істер органдары қабылдау-тарату орындарының қызметін ұйымдастыру ережесі бекітілсін.
      2. "Белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға әлеуметтік, медициналық және өзге де көмек көрсету жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 30 мамырдағы № 665 қаулысын орындау жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 1996 жылғы 12 тамыздағы № 262 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 285 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
      3. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті (Қ.С. Тыныбеков) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркеуді және оны ресми жариялауды қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры А.В. Кулиничке және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетіне (Қ.С. Тыныбеков) жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр
      милиция генерал-майоры                       Қ. Қасымов

Қазақстан Республикасы 
Ішкі істер министрінің 
2011 жылғы 23 мамырдағы
№ 233 бұйрығымен  
      бекітілген     

Ішкі істер органдары қабылдау-тарату орындарының қызметін ұйымдастыру ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ішкі істер органдары қабылдау-тарату орындарының қызметін ұйымдастыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде адамдарды ұстау тәртібі мен шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 9-1-бабына сәйкес әзірленді және ұстау режимін қамтамасыз ету мақсатында ішкі істер органдарының қабылдау-тарату орындары қызметінің тәртібін және оны ұйымдастыруды реттейді.
      2. Қабылдау-тарату орындары белгілі бір тұрғылықты жері және жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдардың іс-әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылықтар мен қылмыстар белгілері болмаған және олардың жеке басын өзге де тәсілдермен анықтау мүмкін болмаған жағдайларда оларды қабылдауға және ұстауға арналған.
      3. Қабылдау-тарату орындарының негізгі міндеті белгілі бір тұрғылықты жері және (немесе) жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдарды анықтау, жеке басын анықтау, оларды қылмыс жасаған, анықтау, тергеу және сот органдарынан жасырынған, іздестірудегі, хабар-ошарсыз кеткен адамдармен сәйкестендіру және кейіннен тиісті органдар мен мекемелерге беру үшін қабылдау-тарату орындарына орналастыру болып табылады.
      4. Қабылдау-тарату орындарында ұсталатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және олардың өз еркімен кету мүмкіндігін болдырмайтын режим орнатылады.
      Қабылдау-тарату орындарында режимді қамтамасыз ету қабылдау-тарату орнының әкімшілігі мен қызметкерлеріне жүктеледі.
      5. Қабылдау-тарату орындарында ұсталатын адамдарды күзету және режим талаптарын қамтамасыз ету үшін тәулік бойы кезекшілік пен полиция бекеттері орнатылады.
      Қабылдау-тарату орнында ұсталатын адамдарды күзету бойынша қызмет өткеру үшін нарядқа тағайындалатын қызметкерлерге қару берілмейді. Қабылдау-тарату орнынан қашқан адамды ұстау кезінде "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қару қолданылмайды.
      Қабылдау-тарату орнына орналастырылған адамдарға "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес күш пен арнайы құралдар қолданылуы мүмкін.
      6. Белгілі бір тұрғылықты жері және жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдарды анықтауды, оларды қабылдау-тарату орнына жеткізуді ішкі істер органдарының қызметкерлері жүзеге асырады.
      7. Қабылдау-тарату орындарында медицина қызметкерлері оларда ұсталатын адамдарға медициналық көмек көрсетуді, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен ережелердің орындалуын бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады.
      Емдеу-профилактикалық және санитарлық-эпидемияға қарсы жұмыс мәселелері бойынша қабылдау-тарату орындарының қызметін әдістемелік қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тыл департаменті, Астана, Алматы қалаларының, облыстардағы ішкі істер департаменттерінің медицина қызметтері және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
      8. Қабылдау-тарату орындарын пайдалану белгілі бір тұрғылықты жері және (немесе) жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдарды қауіпсіз ұстау үшін жарамды, санитарлық-гигиеналық нормалар мен өрт қауіпсіздігі талаптарына жауап беретін үй-жайлар болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
      9. Қабылдау-тарату орнының қызметі тоқсанға құрастырылатын және Ішкі істер департаменті бастығының жетекшілік ететін орынбасары бекітетін жоспар бойынша құрылады.
      Қабылдау-тарату орнының қызметін ұйымдастыру қабылдау-тарату орнының бастығына жүктеледі.
      10. Қабылдау-тарату орнының бастығы:
      1) бөлініске жүктелген міндеттерді орындауды қамтамасыз етеді және оның қызметін жетілдіру бойынша шаралар қабылдайды;
      2) қарамағындағы қызметкерлер мен жұмыскерлерді іріктеу, орналастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
      3) қызметкерлердің қызметтік жұмысын бақылауды жүзеге асырады және қабылдау-тарату орнының қызметінде заңдылықты қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды;
      4) өзінің қызметкерлері мен қабылдау-тарату орны жұмыскерлерінің лауазымдық міндеттерін әзірлейді және оларды ішкі істер органы бастығында бекітеді;
      5) қабылдау-тарату орнының қызметкерлерімен тәрбие жұмысын, қызметтік, жауынгерлік және дене шынықтыру дайындығын ұйымдастырады және өткізеді;
      6) ықпал ету шараларын қолдану және қабылдау-тарату орнына орналастырылған адамдарды босату туралы қаулыларды бекітеді;
      7) ішкі істер органдарының белгілі бір тұрғылықты жері және (немесе) жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдарды анықтау бойынша іс-шаралар өткізуіне қатысады;
      8) орналастырылған адамдарды тексеру және олардың арасынан іздестірудегі адамдарды анықтау және олар жасаған қылмыстарды ашу жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
      9) қабылдау-тарату орны жұмысының жай-күйін талдайды және нәтижелері туралы ішкі істер органының бастығына хабарлайды, белгілі бір тұрғылықты жері және (немесе) жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдардың санатымен күрестегі жұмысты жақсартуға бағытталған ұсыныстар енгізеді;
      10) қабылдау-тарату орнында ұсталатын адамдармен құқыққа қарсы әрекеттерді тоқтатуға ықпал ететін жеке әңгімелесулер өткізеді;
      11) қабылдау-тарату орнын ұстауға арналған сметаны әзірлейді, оны қажетті құрал-жабдықпен, мүкәммалмен және автокөлікпен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды;
      12) қабылдау-тарату орнының қызметкерлері мен жүмыскерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту бойынша шаралар қабылдайды;
      13) қабылдау-тарату орнының үй-жайларында санитарлық жағдайды, орналастырылған адамдар мен төсек-орынды санитарлық өңдеуден уақтылы өткізуді бақылауды қамтамасыз етеді;
      14) ұсталатын адамдардың хаттары мен өтініштерін, қабылдау-тарату орны қызметкерлері мен жұмыскерлерінің іс-әрекетіне шағымдарды қабылдайды және қарайды, оларды тиесілігі бойынша жолдайды;
      15) ішкі істер департаментінің басшылығына қабылдау-тарату орнының қызметкерлері мен жұмыскерлерін лауазымға тағайындау, жылжыту және лауазымнан босату, сондай-ақ оларды көтермелеу немесе тәртіптік жазаға тарту туралы ұсыныстар енгізеді, қабылдау-тарату орнының қызметкерлеріне арнаулы атақтар беру туралы ұсынымхаттар жолдайды;
      16) материалдық бағалы заттардың сақталуына және қабылдау-тарату орнындағы іс жүргізуге жауап береді;
      17) қабылдау-тарату орнының қызметінде құпиялылық режимнің сақталуын қамтамасыз етеді;
      18) қабылдау-тарату орнына орналастырылған адамдарды белгіленген нормаларға сәйкес күн сайын үш реттік тамақпен қамтамасыз етеді;
      19)қабылдау-тарату орнының қызметкерлері мен жұмыскерлеріне демалыстар береді.
      11. Қабылдау-тарату орны бастығының орынбасары орналастырылған адамдарды ұстау режиміне бақылауды жүзеге асырады, олардың жеке басын тексеру және анықтау, олардың арасынан іздестірудегі адамдарды анықтау және олар жасаған қылмыстарды ашу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады. Бастық болмаған кезде оның функцияларын атқарады.
      12. Қабылдау-тарату орны бойынша кезекші қабылдау-тарату орнының бастығы мен оның орынбасарына бағынады, олар болмаған кезде қабылдау-тарату орнының жұмысына басшылық етеді.
      Кезекші:
      1) қабылдау-тарату орнының бастығы мен оның орынбасарына барлық жеткізілген және орналастырылған адамдар туралы баяндайды;
      2) қабылдау-тарату орнына жеткізілген адамдарды тіркеуді және есепке алуды жүргізеді, оларды жеке тексеру өндірісін, дактилоскопиялау мен суретке түсіруді ұйымдастырады, олардың ішінен камера бойынша кезекшілерді тағайындайды;
      3) қабылдау-тарату орнына орналастырылған адамдарға тиесілі заттардың, құжаттар мен бағалы заттардың сақталуын және босаған кезде оларды қайтаруды қамтамасыз етеді;
      4) қабылдау-тарату орнында ұсталатын адамдарды медициналық тексеруді, санитарлық өңдеуді уақтылы қамтамасыз етеді, олардың тамақтануын және серуенге шығуын ұйымдастырады;
      5) қабылдау-тарату орнының бастығына қабылдау-тарату орнында ұсталатын адамдардың барлық шағымдары мен өтініштері туралы уақтылы баяндайды. Шағымдар, ұсыныстар мен хаттар жазу үшін орналастырылғандарға жазу құралдарын береді;
      6) орналастырылған адамдардың ішкі тәртіп ережелерін қатаң сақтауын бақылайды, бекет нарядының қызмет өткеруін ұдайы бақылауды жүзеге асырады, орналастырылған адамдардың денсаулығы нашарлаған жағдайда медицина қызметкеріне хабарлайды, ал ол болмаған жағдайда жедел жәрдем шақырады және шұғыл медициналық көмек көрсетеді.
      13. Қабылдау-тарату орнының жедел қызметкері:
      1) іздестірудегі, хабар-ошарсыз кеткен, қылмыс жасаған адамдарды анықтау, сондай-ақ қабылдау-тарату орнына орналастырылған адамдардың жеке басын анықтау бойынша жедел-іздестіру жұмысын жүргізеді;
      2) белгілі бір тұрғылықты жері және (немесе) жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдар шоғырланған жерлерді анықтайды және оларды ұстау бойынша рейдтер өткізу туралы ұсыныстар енгізеді;
      3) қабылдау-тарату орнына орналастырылған адамдардың қашуының, мүшесін зақымдауының, суицидтердің жолын кесуге, тыйым салынған заттарды анықтауға және алуға бағытталған ниеттерін анықтайды.
      14. Қабылдау-тарату орнының полицейі:
      1) орналастырылған адамдардың мінез-құлқын ұдайы қадағалайды, өлім, өзін-өзі өлтіру немесе дене жарақатын келтіру жағдайларының алдын алу бойынша шаралар қабылдайды;
      2) қабылдау-тарату орнына орналастырылған адамдардың ішкі тәртіп ережелерін сақтауын қамтамасыз етеді;
      3) кезекшімен бірге орналастырылған адамдарды күн сайын серуендеуге шығарады, оларға ведомость бойынша тамақ береді;
      4) күн сайын камералардың жай-күйін, олардың жарамдылығын тексереді және байқалған ақаулар туралы қабылдау-тарату орнының басшылығына баяндайды, оларды жою бойынша шаралар қабылдайды.

2. Қабылдау-тарату орындарын құру

      15. Ішкі істер органдарының қабылдау-тарату орындары жергілікті атқарушы органдардың шешімімен құрылады, қайта ұйымдастырылады және таратылады.
      16. Қабылдау-тарату орындарын қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

3. Қабылдау-тарату орындарының үй-жайлары

      17. Қабылдау-тарату орындарында:
      1) ерлер, әйелдер және балалары бар әйелдер, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар үшін, санитарлық тазалаудан өтпеген жаңадан түскендер, науқастар үшін жеке камералар;
      2) қабылдау-тарату орнының әкімшілігі мен қызметкерлері үшін кабинеттер;
      3) электр плитасы, су қайнатқышы, шкафы, ыдыс жууға арналған үш бөліктен тұратын ваннасы (сыйымдылық) бар тамақ жылытуға арналған бөлме;
      4) төсек-орын сақтауға арналған бөлме;
      5) жеке заттарды сақтауға арналған бөлме;
      6) санитарлық өткізгіш, жуынатын бөлмелер, дезинфекциялау камерасы;
      7) кір жуатын бөлме, санитарлық тораптар көзделуі тиіс.
      18. Қабылдау-тарату орындарының ішкі қоршалған серуендеу алаңдары, болуы керек, олар сәкілермен, урналармен және дәретханалармен жабдықталады.