Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың жалпы стандарттарын бекіту және "Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 7 сәуірдегі № 788 Жарлығының күші жойылды деп тану туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 11 қаңтардағы № 167 Жарлығы.

      "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қарашадағы Заңының 8-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың жалпы стандарттары бекітілсін.

      2. "Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 7 сәуірдегі № 788 Жарлығының күші жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 19, 165-құжат).

      3. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2016 жылғы 11 қаңтардағы
№ 167 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың
ЖАЛПЫ СТАНДАРТТАРЫ

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың жалпы стандарттары (бұдан әрі – Жалпы стандарттар) мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың халықаралық стандарттары ескеріле отырып, "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қарашадағы Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік аудит туралы заң) 8-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Жалпы стандарттар мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізудің тиімділігін, дәйектілігі мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметіне қойылатын негіз қалаушы талаптарды қамтиды.

      3. Жалпы стандарттарға мыналар жатады:

      1) "Тәуелсіздік";

      2) "Әдептілік";

      3) "Объективтілік";

      4) "Кәсіби құзыреттілік";

      5) "Кәсіби пайым";

      6) "Есептілік";

      7) "Анықтық;

      8) "Ашықтық";

      9) "Жариялылық";

      10) "Құпиялылық";

      11) "Мемлекеттік аудит нәтижелерін өзара тану";

      12) "Басқару";

      13) "Сапа бақылауы".

      4. Жалпы стандарттарды мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізуге тартылған жеке және заңды тұлғалар қолдануға міндетті.

      5. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілеріне мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері, сондай-ақ бюджет қаражатын алушылар (бұдан әрі – мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері) жатады.

2. "Тәуелсіздік" стандарты

      6. "Тәуелсіздік" стандартының мақсаты мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының, мемлекеттік аудиторлардың бағалауы мен ұсынымдарының турашылдығын, объективтілігін, анықтығын қамтамасыз ету, өз қызметін жүзеге асыру кезінде өздерінің тәуелсіздігіне қол сұғатын кез келген араласуға жол бермеу болып табылады.

      7. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары, мемлекеттік аудиторлар мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүзеге асыруға байланысты барлық мәселелерде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерінен тәуелсіз, сыртқы әсерден, өкімдер мен араласудан қорғалған.

      8. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары, мемлекеттік аудиторлар мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерінен функционалдық, ұйымдық және қаржылық тұрғыдан тәуелсіз.

      9. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары, мемлекеттік аудиторлар өздерінің тәуелсіздігі мен объективтілігін шектейтін кез келген іс-қимылға жол бермейді.

      10. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары өздері бекіткен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесіне сәйкес мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүзеге асырады.

      11. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметіне мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың тақырыбын, объектісін таңдау, қолданылатын рәсімдер, аудиторлық дәлелдемелердің сипаты мен көлемі, мемлекеттік аудиттің ауқымы, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерінің тізбесін қалыптастыру, оны жүргізу, мемлекеттік аудиттің нәтижелері бойынша қабылданатын құжаттарды (бұдан әрі – құжаттар) жасау мен тарату әдістері, мемлекеттік аудиттің қорытындыларын іске асыру тетіктері бойынша араласуға, сондай-ақ саяси, идеологиялық, діни және басқа да себептер бойынша мемлекеттік аудиторлардың тәуелсіздігі мен объективтілігіне әсерін тигізуі мүмкін кез келген әрекетке жол берілмейді.

      12. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының, мемлекеттік аудиторлардың пікірлері, анықтаған фактілері, тұжырымдары, қорытындылары мен ұсынымдары турашыл, объективті, анық, құзыретті, сенімді болуға және үшінші тұлғалар үшін де осындай болып табылуға тиіс.

      13. Мемлекеттік аудиторлар өз өкілеттіктері мен лауазымдық міндеттерін атқару кезінде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерінен, өздерінің тәуелсіздігіне қол сұғылатын кез келген сыртқы әсерден тәуелсіздіктерін сақтайды.

      14. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары басқарылуын олардың өздері заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асыратын, қажетті және жеткілікті еңбек, қаржы және материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының қаржылық қызметін мемлекеттік бақылауды және қадағалауды мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен немесе оның тапсырмасы бойынша жүзеге асырады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 26.11.2022 № 5 Жарлығымен.

      15. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізуі үшін барлық құжаттар мен ақпаратқа, соның ішінде мемлекеттік және өзге де ақпараттық жүйелерге еркін, уақтылы және қажетті қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

      16. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының мемлекеттік басқару органдарымен, жергілікті өкілді және атқарушы органдармен, ұйымдармен және олардың бірлестіктерімен, сондай-ақ басқа мемлекеттердің органдарымен және олардың халықаралық бірлестіктерімен ынтымақтастығына жол беріледі.

3. "Әдептілік" стандарты

      17. "Әдептілік" стандартының мақсаты мемлекеттік аудиторлардың әдеп талаптарын және кәсіби мінез-құлық қағидаттарын сақтауын қамтамасыз ету болып табылады.

      18. Әдеп нормалары Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында көзделген мемлекеттік қызметшілерге арналған әдеп талаптарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасында көзделген ерекше талаптарды қамтиды.

      19. Мемлекеттік аудиторлардың мінез-құлқында және мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізу кезіндегі тәсілдерде әдеп талаптары мен кәсіби мінез-құлық қағидаттарын сақтамады деген күдік пен айыптауға әкеп соғуы мүмкін кез келген іс-қимылға жол берілмегені жөн.

      20. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының, мемлекеттік аудиторлардың тәуелсіздігі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектісімен ізгі ниетті қатынастарда болуға кедергі келтірмейді.

      21. Мемлекеттік аудиторлар даулы жағдайлар туындаған кезде мемлекеттік аудиторлардың кәсіби әдеп қағидаларына сәйкес әрекет етулері қажет.

      22. Мемлекеттік аудиторлар қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-әдеп нормаларын ұстанғаны, қоғамға жат мінез-құлық жағдайларына жол бермегені жөн.

      23. Мемлекеттік аудиторлар мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектісінің пікірінен, қоғамдық пікірдің әсерінен тәуелсіз болуға, өздерінің әрекетімен қоғам тарапынан негізделген сынға себеп болмауға, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, сындарлы сынды кемшіліктерін жоюға және өздерінің кәсіби қызметін жақсартуға пайдалануға тиіс.

4. "Объективтілік" стандарты

      24. "Объективтілік" стандартының мақсаты мемлекеттік аудиторлардың мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды әділ жүргізуін қамтамасыз етуі және оның сапасына қатысты ымыраға жол бермеуі болып табылады.

      25. Мемлекеттік аудиторлар мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізген кезде объективті болуға тиіс. Аудиторлық есептер тек мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектісінде тікелей жиналған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасы сақтала отырып, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандартына сәйкес басқа да сенімді көздерден алынған деректер мен құжаттарға (материалдар мен ақпарат) негізделуге тиіс.

      26. Мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда, мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізуге тыйым салынады.

      27. Мыналардың:

      1) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектісі басшысының, аппарат басшысының, бас бухгалтерінің немесе олардың өкілеттігін жүзеге асыратын өзге де адамның, құрылтайшысының, қатысушысының немесе акционерінің жақын туыстары, жекжаттары немесе сенім білдірілген адамдары болып табылатын;

      2) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектісінде жұмыс істеген не тексерілетін кезеңде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектісі басшысының, аппарат басшысының, бас бухгалтерінің немесе олардың өкілеттігін жүзеге асыратын өзге де адамның, құрылтайшысының, қатысушысының немесе акционерінің жақын туыстары, жекжаттары немесе сенім білдірілген адамдары болып табылатын;

      3) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектісінің құрылтайшылары, қатысушылары немесе акционерлері, лауазымды адамдары арасынан шыққан, онда жеке мүліктік мүдделері бар мемлекеттік аудиторлардың мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізуіне тыйым салынады.

      Ескерту. 27-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 18.01.2021 № 495 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      28. Мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік аудиторлардың тәуелсіздігі мен объективтілігін сақтау мақсатында, осы мемлекеттік аудитор мемлекеттік аудит жүргізген мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерін ауыстыру қажет.

      29. Осы Жалпы стандарттардың 27-тармағында көрсетілген негіздер болған жағдайда, мемлекеттік аудитор мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың басқа объектісіне ауыстырылуға жатады.

5. "Кәсіби құзыреттілік" стандарты

      30. "Кәсіби құзыреттілік" стандартының мақсаты мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды тиімді жүзеге асыру үшін мемлекеттік аудиторлардың тиісті кәсіби деңгейін қолдау болып табылады.

      31. Мемлекеттік аудиторлардың мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды тиімді жүзеге асыру үшін білімі, кәсіби дағдысы, білімі мен тәжірибесі болуға тиіс.

      32. Мемлекеттік аудиторлардың кәсіби, іскерлік қасиеттері мен ықтимал мүмкіндіктерінің жан-жақты және объективті сипаттамасын алу мақсатында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен оларды сертификаттау жүргізіледі.

      33. Мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды кәсіби білім деңгейі, дағдысы мен тәжірибесі жиынтығында мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың сипатына, ауқымына және күрделілігіне сәйкес келетін мемлекеттік аудиторлар жүзеге асырады.

      34. Мемлекеттік аудиторлар мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерінің тізбесін қалыптастырудан, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектісін алдын ала зерделеуден бастап, аудиторлық қорытындыда берілген ұсынымдар мен міндетті түрде орындауға жіберілген нұсқамалардың мониторингіне дейінгі мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың барлық кезеңі бойынша тиісті құзыреттілігін көрсетеді.

      35. Мемлекеттік аудиторлардың кәсіби білімі мен дағдысы үздіксіз кәсіби оқу мен өз бетінше білім алу, сондай-ақ мемлекеттік аудиторларды оқытуды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды мерзімдік ұйымдастыру жолымен жетілдіріліп отырады. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары кадрларды оқытуға, олардың біліктілігін арттыруға және оларды қайта даярлауға қажетті жағдайлар жасайды.

6. "Кәсіби пайым" стандарты

      36. "Кәсіби пайым" стандартының мақсаты мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың барлық кезеңдерінде сапаны қамтамасыз ету болып табылады.

      37. Кәсіби пайым мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды және өзге де қызметті жүзеге асыруы кезінде қолданылады.

      38. Мемлекеттік аудиторлар сипаты бойынша мәнді болуы мүмкін мәселелер жөнінде кәсіби пайым жасауға тиіс.

      39. Мемлекеттік аудиторлар, мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың мақсаты, ауқымы, мәні мен өлшемшарттары сияқты сандық және сапалық факторларды қоса алғанда, алдағы жұмыстың маңыздылығының бас аспектілерін назарға алуға тиіс.

      40. Кәсіби пайым негізінде мемлекеттік аудиторлар мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды аудиторлық дәлелдемелердің жеткіліктілігіне, қолайлылығы мен сенімділігіне деген қисынды сенімшілдігін қамтамасыз ете отырып, тәуекелді қолайлы деңгейге дейін азайтуға мүмкіндік беретін тәсілмен жүргізуге тиіс.

      41. Мемлекеттік аудиторлар алаяқтық тәуекелдерінің болуын айқындау кезінде, соның ішінде ақпараттың анықталған бұрмалануының және нормативтік құқықтық және құқықтық актілердің талаптарына сәйкессіздіктің алаяқтық немесе қателік фактілеріне байланысты болуын айқындаған кезде кәсіби пайымды қолданады.

      42. Кәсіби пайым тиісінше пайымдауға мүмкіндік беретін құзыреттілікпен өзара байланысты. Кәсіби пайым мен құзыреттілік жиынтығында мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізуге тартылған барлық адамдардың білімі, дағдысы мен тәжірибесі жиынының пайдаланылуын білдіреді.

      43. Кәсіби пайым мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының тұжырымдары, қорытындылары мен ұсынымдары үшін негіз болуға тиіс жинақталатын аудиторлық дәлелдемелердің сипатын, түрін, жинақтау тәсілін айқындау мен сапасын қамтамасыз ету кезінде пайдаланылады.

7. "Есептілік" стандарты

      44. "Есептілік" стандартының мақсаты пайдаланушыларға, соның ішінде жұртшылыққа мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметі туралы ақпаратты, құжаттар мен есептерді (бұдан әрі – ақпарат) ұсынуды қамтамасыз ету болып табылады.

      45. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізеді, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарының талаптарын қоса алғанда, ақпарат ұсыну арқылы есеп беру қағидатын сақтай отырып, жүктелген функциялар мен міндеттерге сәйкес өзге де қызметті жүзеге асырады.

      46. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Парламентіне, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, мемлекеттік органдардың басшыларына, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) мәслихаттары мен әкімдеріне Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасына сәйкес өз өкілеттіктерін іске асыру және күтілетін нәтижелерге қол жеткізу туралы толыққанды, анық ақпарат ұсынады.

      47. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары, мемлекеттік аудиторлар өз күш-жігерлерін тәуекел аймақтарына жұмылдыра отырып, талап етілген мемлекеттік аудитке және қаржылық бақылауға бастамашылық жасайды және жүргізеді, құжаттардың уақтылығы мен сапасын қамтамасыз етеді.

      48. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарының талаптарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптарына сәйкес аудиторлық дәлелдемелердің және басқа да ақпараттың құпиялылығын сақтай отырып, пайдаланушылар мен жұртшылыққа ақпарат ұсынады.

      49. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары ұйымдар мен адамдарды мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүзеге асыруға тартқан кезде есеп беру қағидатының сақталуын қамтамасыз етеді.

      50. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары, бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін, байланысты гранттарды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, сондай-ақ мемлекеттің кепілгерлігімен тартылған қарыздарды пайдалану туралы есептілікті қалыптастыруды, дәрежесі бойынша тең жоғары қаржы бақылау органдарының өзара тексерулерін, олардың қызметін тәуелсіз бағалаудың басқа да түрлерін жүргізуді, сондай-ақ ақпаратты пайдаланушылармен кері байланысты қолдауды қоса алғанда, есеп беруді басқарудың тиімді әдістерін пайдаланады.

8. "Анықтық" стандарты

      51. "Анықтық" стандартының мақсаты мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының құжаттарын пайдаланушылардың барлығын оларда қамтылатын анық ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады.

      52. Мемлекеттік аудиторлар аудиторлық дәлелдемелерге негізделген анық ақпаратты пайдалануға тиіс.

      53. Бұл ретте мемлекеттік аудиторлар мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері ұсынатын ақпараттың анықтығын айқындауы қажет.

      54. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары мемлекеттік аудиттің нәтижелері бойынша өздері қабылдайтын құжаттарға енгізілетін ақпараттың анықтығын қамтамасыз етеді.

9. "Ашықтық" стандарты

      55. "Ашықтық" стандартының мақсаты мәртебесі, өкілеттіктері, стратегиясы, қызметі және оның тиімділігі, сондай-ақ қаржылық басқарылуы туралы анық, нақты және релевантты ақпарат ұсыну жолымен құжаттарды пайдаланушылар, соның ішінде жұртшылық тарапынан ашықтық пен өз қызметіне сенімді қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды ашық түрде жүзеге асыруды қамтамасыз ету болып табылады.

      56. Ашылатын ақпарат пен есептердің тізбесі және мазмұны, соның ішінде сыртқы сұрау салулар бойынша құжаттама ұсыну, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарының талаптарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалады.

      57. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары өз қызметінің ашықтығын қамтамасыз еткен кезде мемлекеттік құпияларды, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпарат пен мәліметтерге қолжетімділікті ұсыну бойынша алдағы рәсімдерді нақты айқындай отырып, құпиялылық бойынша талаптарды сақтауға тиіс.

      58. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары, мемлекеттік аудиторлар мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың барлық кезеңдерінде орындалатын аудиторлық рәсімдердің және пайдаланылатын әдіснаманың ашықтығын және түсініктілігін қамтамасыз етеді.

      59. Мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізуге ұйымдар мен жеке тұлғаларды (мамандар мен сарапшыларды) тарту туралы ақпарат мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының аудиторлық құжаттамасына және тиісті құжаттарына енгізілуге тиіс.

      60. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары ақпаратқа қолжетімділік пен мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың нәтижелері туралы жұртшылықты міндетті түрде хабардар етеді.

      61. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары пайдаланушылардың құжаттарға қолжетімділігін ұсынудың тиімді тәсілдерін пайдаланады.

      62. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары, мемлекеттік аудиторлар ашылатын ақпараттың анықтығын қамтамасыз етеді.

10. "Жариялылық" стандарты

      63. "Жариялылық" стандартының мақсаты экономиканы басқарудың демократиялық негіздерін іске асыруды қамтамасыз ету, мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың тиімділігін арттыру және қоғамды сыбайлас жемқорлық пен өзге де құқық бұзушылықтардан қорғау болып табылады.

      64. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік аудит нәтижелерін міндетті түрде жариялау жолымен өз қызметін ашық түрде жүзеге асырады.

      65. Жұршылық үшін "Жариялылық" стандарты мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметі туралы құжаттар мен өзге де мәліметтерді бұқаралық ақпарат құралдарына, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының интернет-ресурстарына орналастыру, баспасөз конференцияларын, брифинг пен басқа да көпшілік іс-шаралар өткізу жолымен іске асырылады.

      66. "Жариялылық" стандарты осы Жалпы стандарттардың 9-бөлімінде көрсетілген талаптардың сақталуын қамтамасыз ету ескеріле отырып жүзеге асырылады.

11. "Құпиялылық" стандарты

      67. "Құпиялылық" стандартының мақсаты мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүзеге асыру кезінде алынған мемлекеттік құпияларға, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын мәліметтердің сақталуы мен жария етілмеуін қамтамасыз ету болып табылады.

      68. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары, мемлекеттік аудиторлар заңнамада белгіленген жағдайларда мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүзеге асырған кезде алынған ақпараттың сақталуын және оған қолжетімділіктің шектелуін қамтамасыз етеді.

      69. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары, мемлекеттік аудиторлар сұрататын ақпарат тек мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың мақсаты үшін ғана пайдаланылады.

      70. Мемлекеттік аудиторлар мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүзеге асыру кезінде алынған ақпараттан тікелей немесе жанама жеке пайда алуға құқылы емес.

      71. Мемлекеттік аудиторлар мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың қандай да бір аспектілеріне қатысты ақпаратты жария етуге құқылы емес.

      72. Құжаттар қабылданғаннан кейін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының басшылары және (немесе) олар уәкілеттік берген лауазымды адамдар жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындыларына қатысты ақпарат ұсына алады.

12. "Мемлекеттік аудит нәтижелерін өзара тану" стандарты

      73. "Мемлекеттік аудит нәтижелерін өзара тану" стандартының мақсаты мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың стандарттары сақталған жағдайда, басқа мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүргізген мемлекеттік аудит нәтижелерін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының тануы болып табылады.

      74. Мемлекеттік аудит нәтижелерін өзара тану Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

13. "Басқару" стандарты

      75. "Басқару" стандартының мақсаты мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың мақсатына қол жеткізу, соның ішінде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының жоғары тұрған лауазымды адамдарының мемлекеттік аудиторлардың мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды объективті және толық көлемде жүргізуін бақылау үшін мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың жұмысқа қабілетті тобын қалыптастыру, оның жұмысын ұйымдастыру мен қадағалауды қамтамасыз ету болып табылады.

      76. Мемлекеттік аудиторлар мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың сапасын, үнемділігін, нәтижелілігі мен тиімділігін қамтамасыз ету үшін өз қызметін тиісінше басқаруды жүзеге асырады.

      77. Мемлекеттік аудитке және оны жүргізуге жауапты лауазымды адамдардың арасындағы міндеттер нақты бөлінуге тиіс.

      78. Мемлекеттік аудиторларға өз білімі мен дағдысын мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау тобын басқаруға қажетті деңгейде ұстау мақсатында, өздерінің тұрақты түрде кәсіби дамуын қамтамасыз еткендері жөн.

      79. Мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізудің барлық кезеңдері, сондай-ақ сапа бақылауы басқарылуға жатады.

      80. Аудиторлық топтың немесе жекелеген мемлекеттік аудиторлардың қызметі мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың әр кезеңінде жоғары тұрған лауазымды адамдардың жүйелі түрдегі бақылауымен және қадағалауымен жүзеге асырылады.

      81. Қадағалау мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың, оның нәтижелері бойынша аудиторлық есептерді дайындаудың барлық кезеңдерінде, сондай-ақ мемлекеттік аудит нәтижелерін іске асыру процесінде жүзеге асырылады.

      82. Қадағалау дәрежесі мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың күрделілігіне, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау тобының немесе жекелеген мемлекеттік аудиторлардың біліктілігі мен кәсібилігі деңгейіне қарай айқындалады.

      83. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының басшылары қадағалау нысандары мен әдістерін дербес айқындайды.

      84. Мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүзеге асырудың мазмұны, әдістері, бағдарламалық мәселелерді қамтудың толықтығы, сондай-ақ мемлекеттік аудиторлардың мемлекеттік аудит бағдарламасын орындау бойынша әрекеті міндетті түрде қадағалауға жатады.

      85. Қадағалау нұсқама беруді, жиі туындайтын проблемалар туралы ақпарат беруді, орындалған жұмысты бақылауды, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау тобында пікір қайшылығы болған жағдайларда, дауларды шешуді, сондай-ақ мемлекеттік аудиттің жоспары мен бағдарламасына өзгерістер енгізуді қамтиды.

14. "Сапа бақылауы" стандарты

      86. "Сапа бақылауы" стандартының мақсаты мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары қызметінің, мемлекеттік аудиторлардың әрекетінің мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз ету болып табылады.

      87. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының басшылары сапа бақылауын ұйымдастыруды мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына сәйкестігі мәніне құжаттарды тексеруді тұрақты түрде жүргізу жолымен қамтамасыз етеді.

      88. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектісіне шыға отырып, мемлекеттік аудиттің нәтижелерін қайта тексерудің қажеттілігін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының басшысы айқындайды.

      89. Сапа бақылауын жүргізудің мерзімдері мен ұзақтығы оның жеделдігі және нәтижелілігін қамтамасыз ету ескеріле отырып айқындалады.

      90. Сапа бақылауына мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының аудиторлық, сараптамалық-талдау қызметінің барлық кезеңдері, мемлекеттік аудиторлардың барлық қызметі, соның ішінде құқық қорғау органдары мен сот мамандар ретінде тартқан ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының мемлекеттік аудиторлары жүргізген мемлекеттік аудиттің нәтижелері бойынша берілген материалдар (қорытындылар) жатады.

      91. Сапа бақылауын осы мемлекеттік аудитке және қаржылық бақылауға қатыспаған мемлекеттік аудиторлар жүзеге асырады.

      92. Сапа бақылауын және мониторинг процесін жүзеге асыру тиісті біліктілікке, кәсіби дағдыға ие, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органында жеткілікті және тиісті тәжірибесі мен өкілеттігі бар адамдарға жүктеледі.