"Астана" халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес туралы ережені және оның құрамын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 160 Жарлығы.

      Қазақстан Республикасының

      Президенті мен Үкіметі актілерінің

      жинағында жариялануға тиіс

      "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 10-бабының 4-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Астана" халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған "Астана" халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес туралы ереже және оның құрамы бекітілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2015 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 160 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

"Астана" халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. "Астана" халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасының Президенті басқаратын тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады. Кеңес "Астана" халықаралық қаржы орталығын (бұдан әрі - Орталық) басқарудың жоғары органы болып табылады.

      2. Кеңес өзінің қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын және осы Ережені басшылыққа алады.

      3. "Астана" халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі" акционерлік қоғамы Кеңестің жұмыс органы (бұдан әрі - Жұмыс органы) болып табылады.

2. Кеңестің міндеттері

      4. Кеңестің негізгі міндеттері:

      1) Орталықты дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындау;

      2) қаржылық қызметтердің жетекші халықаралық орталығын қалыптастыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға жәрдемдесу болып табылады.

3. Кеңестің функциялары

      5. Кеңес өзінің міндеттерін орындау үшін:

      1) алып тасталды - ҚР Президентінің 20.10.2017 № 567 Жарлығымен.
      2) алып тасталды - ҚР Президентінің 20.10.2017 № 567 Жарлығымен.
      3) алып тасталды - ҚР Президентінің 20.10.2017 № 567 Жарлығымен.
      4) алып тасталды - ҚР Президентінің 20.10.2017 № 567 Жарлығымен.
      5) алып тасталды - ҚР Президентінің 20.10.2017 № 567 Жарлығымен.
      6) алып тасталды - ҚР Президентінің 20.10.2017 № 567 Жарлығымен.

      7) "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 4-бабының 3-тармағында көзделген шекте Орталықтың құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша оның қаулылар түріндегі актілерін қабылдайды;

      8) Орталық органдарының құрылымын айқындайды;

      9) Орталықтың Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінің басшылығын тағайындайды;

      10) Орталық мақсаттары үшін өзге органдарды құру, олардың нысандарын, құзыреті мен функцияларын айқындау, сондай-ақ оларды тарату немесе қайта ұйымдастыру туралы шешімдер қабылдайды;

      11) Орталық Әкімшілігі акционерлерінің жалпы жиналысының (жалғыз акционерінің), директорлар кеңесі мен басқармасының өкілеттіктерін, директорлар кеңесі мен басқармасының сандық құрамын, оларды сайлау тәртібін және мүшелері өкілеттіктерінің мерзімін, сондай-ақ директорлар кеңесі мен басқармасы мүшелерінің сыйақы мөлшерін айқындау тәртібін айқындайды;

      12) соттың құрамын, соттың судьялары мен басқа лауазымды адамдарын қызметке тағайындау және босату тәртібін, судьялар мен соттың басқа лауазымды адамдарына қойылатын біліктілік талаптарын және Орталық сотының жұмыс істеуіне қатысты басқа да мәселелерді айқындайды;

      13) Халықаралық төрелік орталықты қалыптастырудың және жұмыс істеуінің негіздерін айқындайды;

      14) Орталықтың қызметі туралы жылдық есепті бекітеді;

      15) өз құзыреті шегінде және Орталық қызметін жетілдіру мақсатында басқа да мәселелерді қарайды.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 20.10.2017 № 567 Жарлығымен.

      5-1. Кеңестің шетелдік мүшелері шет елдерде Орталықтың мүдделерін ілгерілетеді және шет мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен және ұйымдарымен, халықаралық қаржы орталықтарымен, халықаралық ұйымдармен, сондай-ақ шет мемлекеттердегі бизнес-қауымдастықтармен, жеке және заңды тұлғалармен қарым-қатынасты дамытады.

      Ескерту. 5-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Президентінің 29.09.2021 № 666 Жарлығымен.

4. Кеңестің құкықтары

      6. Кеңес өзінің міндеттеріне сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және өз құзыреті шегінде:

      1) ұсынымдар әзірлеуге және ұсыныстар енгізуге;

      2) қаралатын мәселелер бойынша тиісгі шешімдер қабылдауға;

      3) Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарымен, сондай-ақ басқа мемлекеттік органдарымен және ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасауға, олардың өкілдерін шақыруға және тыңдауға, қажетті материалдарды сұратуға және алуға, консультациялар жүргізуге;

      4) проблемалық мәселелерді талқылауға қатысу үшін кәсіпкерлерді, мамандарды, ғалымдарды және тәуелсіз сарапшыларды тартуға;

      5) уақытша және тұрақты жұмыс істейтін сараптамалық және жұмыс топтарын ұйымдастыруға құқылы.

5. Кеңес қызметін ұйымдастыру

      7. Қазақстан Республикасының Президенті Кеңес төрағасы болып табылады. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі төрағаның орынбасары болып табылады.

      Төраға болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары атқарады.

      8. Кеңес хатшысын Кеңес тағайындайды.

      9. Кеңестің отырыстарын Кеңес төрағасы не оның тапсырмасымен Кеңес төрағасының орынбасары жүргізеді.

      10. Кеңестің отырыстарында Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, олар құқықтық күші бар деп саналады.

      11. Кеңестің мүшелері оның отырыстарына ауыстыру құқығынсыз қатысады.

      12. Кеңес отырыстары жылына екі реттен сиретпей өткізіледі. Кеңес төрағасының шешімімен, қажет болған жағдайда, Кеңестің кезектен тыс отырыстары, оның ішінде сырттай немесе аудио- және бейнеконференциялар арқылы өткізілуі мүмкін.

      13. Кеңес шешімдері отырысқа қатысқан Кеңес мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік даусымен қабылданады. Талқыланатын мәселе бойынша дауыстар саны тең болған жағдайда, төрағалық етушінің даусы шешуші болып табылады.

      14. Қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда Кеңес мүшесі өзінің ерекше пікірін білдіруге құқылы.

      15. Кеңес отырыстарының қорытындысы бойынша хаттамамен ресімделетін шешімдер қабылданады.

6. Кеңестің жұмыс органы

      16. Кеңестің жұмыс органы:

      1) мемлекеттік органдар мен өзге ұйымдар енгізетін Кеңесте қарауға арналған ұсыныстарды жинақтауды жүзеге асырады, Кеңестің қарауына ұсыныстар қалыптастырады;

      2) Кеңес отырыстары күн тәртібінің жобасын қалыптастырады;

      3) Кеңес отырыстарына материалдарды, сондай-ақ хаттамалық шешімдердің жобаларын дайындауды ұйымдастырады;

      4) Кеңес шешімдерінің орындалуы мониторингін жүргізеді;

      5) Кеңес міндеттерін орындау үшін қажетті ақпаратты мемлекеттік органдардан және басқа ұйымдардан сұратады;

      6) Кеңес мүшелеріне Кеңес отырыстарының өтетін орны, уақыты және күн тәртібі туралы хабарлайды және оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2015 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 160 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

"Астана" халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің
ҚҰРАМЫ

      Ескерту. Құрамы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 29.06.2024 № 591 Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасының Президенті, төраға

      Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, төрағаның орынбасары

      Кеңес мүшелері:

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы

      Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі

      Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі

      Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін кеңесшісі

      "Астана" халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы

      Доктор Джэйкоб Френкель (Dr. Jасоb А. Frеnkеl) (келісім бойынша)

      Жули Монако (Juliе Моnасо) (келісім бойынша)