Қазақстан Республикасы Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
және республикалық баспасөзде
жариялануға тиіс
"Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабының 1-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 24.02.2026 № 1181 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдарға "Ұлттық" мәртебе берудің қағидасы мен шарттары бекітілсін.
2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының | |
| Президенті | Н. Назарбаев |
| Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 10 мамырдағы № 76 Жарлығымен бекітілген |
Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем,
шығармашылық ұжымдарға "Ұлттық" мәртебе берудің
ҚАҒИДАСЫ МЕН ШАРТТАРЫ
1. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдарға "Ұлттық" мәртебе берудің қағидасы мен шарттары (бұдан әрі – Қағида) "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленген және мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдарға "Ұлттық" мәртебе берудің тәртібі мен шарттарын айқындайды.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 24.02.2026 № 1181 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен. 2. "Ұлттық" мәртебе алуға үміткер мемлекеттік мәдениет
ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдарға
қойылатын талаптар
2. "Ұлттық" мәртебе қызметі мәдениет саласында ерекше мемлекеттік және қоғамдық мәнге ие және мынадай талаптарға сәйкес келетін мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдарға беріледі:
1) мына:
мәдениет саласындағы уәкілетті орган бекітетін тәртіппен берілген "Академиялық" мәртебесі бар;
елде және шетелде жылына кемінде алпыс концерт өткізетін концерттік ұйымдар, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдар;
жаңа қойылымдарды қоса алғанда, жылына кемінде екі жүз спектакль көрсетуді жүзеге асыратын театрлар;
жеке тұрған ғимараты бар театрлар, концерттік ұйымдар, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдар;
2) музейлер:
кемінде жиырма бес жыл немесе астанада орналасқан республикалық меншіктегі музейлер – кемінде он жыл тұрақты және тиімді қызметті жүзеге асырады;
кәсіпқойлықты, жұмыстың тиімділігі мен сапасын арттыру үшін өз қызметінде инновациялар енгізеді;
жеке тұрған ғимараты болады;
халықаралық бағдарламалар мен жобаларға қатысады;
музей қорының құрамында ұлттық мәдени игілік болып табылатын мәдени құндылықтардың кемінде он пайызы болады;
2-1) кітапханалар:
кемінде жиырма бес жыл тұрақты және тиімді қызметті жүзеге асырады;
кәсіпқойлықты, жұмыстың тиімділігі мен сапасын арттыру үшін өз қызметінде инновациялар енгізеді;
жеке тұрған ғимараты болады;
халықаралық бағдарламалар мен жобаларға қатысады;
кітапхана қорының құрамында сирек кездесетін қолжазбалар, көне кітаптар, құжаттар мен басылымдар коллекциялары болады, олардың кемінде он пайызы ұлттық мәдени игілік болып табылады.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 14.03.2017 № 446; 24.02.2026 № 1181 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.3. Театрларға, концерттік ұйымдарға, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдарға "Ұлттық" мәртебе беру "Академиялық" мәртебе берілген сәтінен бастап кемінде он жыл өткен соң жүргізіледі.
3. "Ұлттық" мәртебе беру тәртібі
4. Республикалық мемлекеттік мәдениет ұйымдарының жетекшілері, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының басшылары мәдениет саласындағы орталық уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) "Ұлттық" мәртебе беру туралы қолдаухат ұсынады.
Қолдаухатқа мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) мемлекеттік мәдениет ұйымы, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжым қызметкерлерінің жалпы жиналысының "Ұлттық" мәртебе беруге ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме;
2) мемлекеттік мәдениет ұйымының, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымның қызметі туралы Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің дамуына қосқан үлесін көрсететін анықтама;
3) КСРО-ның және (немесе) Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары бар мәдениет қызметкерлері, шығармашыл қызметкерлер туралы мәліметтер;
4) "Академиялық" мәртебе берілген құжаттың көшірмесі (театрлар, концерттік ұйымдар, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдар үшін);
5) қызметі туралы республикалық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында және шетелдің бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдардың (кемінде он жарияланым) көшірмелері;
6) мәдениет саласындағы іс-шараларға (республикалық және халықаралық маңызы бар конкурстарға, фестивальдарға, көрмелерге) қатысқаны және (немесе) жүлделі орындар алғаны туралы куәландыратын құжаттардың көшірмесі.
Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 30.10.2018 № 782 Жарлығымен.5. Осы Қағиданың 4-тармағында көрсетілген құжаттар театрдың, концерттік ұйымның, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымның "Академиялық" мәртебе берілген сәттен бастап сіңірген еңбегін көрсетуге тиіс.
6. Қолдаухаттар ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзімде уәкілетті органның мекенжайына жіберілуге тиіс. Көрсетілген мерзімді бұза отырып жіберілген қолдаухаттар қарауға қабылданбайды.
7. Уәкілетті органның жанынан құрылған арнайы комиссияның ұсынымы негізінде 10 қазанға дейін уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік мәдениет ұйымдары мен жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдарға "Ұлттық" мәртебе беру туралы ұсыныс енгізеді.
8. Қазақстан Республикасының Үкіметі заңнамада көзделген тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдарға "Ұлттық" мәртебе беру туралы Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасын қарауға енгізеді.
9. "Ұлттық" мәртебені Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті береді.