Қазақстан Республикасының қаржы полициясы органдарында қызмет өткеру туралы ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 6 қыркүйектегі N 1642 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 25 шілдедегі № 127 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2011.07.25 № 127 Жарлығымен.

      "Қазақстан Республикасының Президентi туралы" 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 21-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының қаржы полициясы органдарында қызмет өткеру туралы ереже бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi осы Жарлықтан туындайтын шараларды қолдансын.

      3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлігіне жүктелсiн.

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң     
2005 жылғы 6 қыркүйектегi
N 1642 Жарлығымен  
бекiтiлген      

Қазақстан Республикасының
қаржы полициясы органдарында қызмет өткеру туралы
ЕРЕЖЕ

      Қазақстан Республикасының қаржы полициясы органдарында қызмет өткеру туралы осы ереже (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасының қаржы полициясы органдарында қызмет өткерудiң тәртiбi мен шарттарын регламенттейдi.

1. Жалпы ережелер

      1. Қаржы полициясы органдарындағы қызметтiң құқықтық негiзiн Қазақстан Республикасының Конституциясы, "Қазақстан Республикасының қаржы полициясы органдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрi - Заң), Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерi және осы Ереже құрайды.

      2. Осы Ережеде қаржы полициясы органдарының қызметiн регламенттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерiнде айқындалған ұғымдар пайдаланылады.

      3. Қаржы полициясы органдары қызметкерлерiнiң қызметте болған уақыты олардың жалпы еңбек өтiлiне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызмет өтілiне есептеледi.

      4. Қаржы полициясы органдарындағы iшкi тәртiп Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң (қаржы полициясының) (бұдан әрi - уәкілеттi орган) басшысы бекiтетiн регламентпен белгiленедi.

2. Қаржы полициясы органдарына қызметке қабылдау

      5. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржы полициясы органдарына қызметке он сегiз жасқа толған, өзiнiң жеке, моральдық, iскерлiк, кәсiби қасиеттерi, білiм деңгейi және денсаулық жағдайы бойынша қаржы полициясы органдарында қызмет өткеруге жарамды, бiрақ жасы қырықтан аспаған, ал қатардағы және кiшi басшы құрамға - отыз екi жастан аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады. Ерекше жағдайларда, жеке тәртiпте, көрсетiлген жас шектеуi уәкiлетті орган басшысының шешiмiмен өзгертiледi.

      6. Қаржы полициясы органдарының оқу орындарында оқу үшiн белгіленген тәртiппен әскери есептен шығарыла және қаржы полициясы органдарында арнайы есепке қойыла отырып, он алты жасқа толған, орта бiлiмi бар, денсаулық жағдайы бойынша қаржы полициясы органдарында қызмет өткеруге жарамды адамдар қабылданады.
      Қаржы полициясы органдарының оқу орындарына қабылдау тәртiбiн Қазақстан Республикасының оқу орындарына қабылдаудың үлгi ережелерiне сәйкес уәкiлеттi органның басшысы айқындайды.
      Қаржы полициясы органдары оқу орындарының күндізгі бөлiмдерiнде оқу мерзiмi мерзiмдi әскери қызметтi өткеруге теңестiрiледi.

      7. Қатардағы және кiшi басшы құрамның лауазымдарына орта бiлiмнен төмен емес бiлiмi бар азаматтар қабылдана алады.
      Орта және аға басшы құрамның лауазымдарына жоғары бiлiмi бар азаматтар қабылданады.

      8. Қатардағы және басшы құрамның лауазымдарына тағайындалған немесе қаржы полициясы органдарының кадрларына қабылданған әскери мiндеттiлер белгіленген тәртiппен әскери есептен шығарылады және қаржы полициясы органдарында арнайы есепте тұрады.

      9. Қаржы полициясы органдарына қызметке кiру азаматтар мiндеттi арнайы тексеруден, сондай-ақ қызметке жарамдылығын анықтау үшiн Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi жүйесiнiң әскери-дәрiгерлiк комиссияларында (бұдан әрi - әскери-дәрiгерлiк комиссия) медициналық куәландырудан өткен жағдайда жүзеге асырылады.

      10. Егер Қазақстан Республикасының азаматы:

      сотпен белгiлi бiр мерзiм iшiнде мемлекеттiк лауазымдарды атқару құқығынан айырылған;

      соттың күшiне енген шешiмiмен әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп танылған;

       соттылығы бар немесе бұдан бұрын сотты болған және ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық жауапкершiлiктен босатылған ;

      мемлекеттiк қызметке кiрер алдында бiр жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны үшiн жауапкершiлiкке тартылған;

      қызметке кiрер алдында бiр жыл iшiнде қасақана құқық бұзушылығы үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;

      мемлекеттік қызметтен бұдан бұрын терiс қылықтары бойынша шығарылған;

      маскүнемдiкпен немесе нашақорлықпен созылмалы науқас ретiнде денсаулық сақтау органдарында есепте тұрған;

      науқасы бойынша мерзiмдi әскери қызметтен босатылған және әскери басқару органдарында әскери саптық қызметке жарамсыз не шектеулi жарамды ретiнде әскери есепте тұрған болса;

      осы Ереженiң 5 және 7-тармақтарында көзделген талаптарға сай келмесе, қаржы полициясы органдарына қызметке қабылдана алмайды.

      11. Қызметкерлердi қаржы полициясы органдарына қызметке қабылдау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және осы Ережеге сәйкес ресiмделедi.
      Бұйрық қаржы полициясы қызметкерiне қолын қойғызып жарияланады.

      12. Қаржы полициясы органдарына қызметке қабылданған азаматтар ант қабылдайды, оны қабылдау тәртiбiн уәкiлеттi органның басшысы айқындайды.

      13. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне ақшалай үлес және стипендия төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмдерде жүргiзiледi.

      14. Толық емес ай үшiн ақшалай үлес төлеу кезiнде күнтiзбелiк күн үшiн төлем мөлшерi толық ай үшiн тиесiлi ақшалай үлес сомасын сол айдағы күнтiзбелiк күндердiң санына бөлу жолымен айқындалады.
      Егер қызметкерге ақшалай үлес төленетiн кезеңде атқаратын лауазымы бойынша лауазымдық жалақысы өзгеруiне, лауазымдық жалақысын, үстемеақыларын ұлғайту құқығы туындауына байланысты ақшалай үлесiнiң мөлшерi өзгерсе немесе оған арнайы атақ берiлсе, қызметкерге тиiстi қайта есептеу жүргізiледi.

      15. Қаржы полициясы органдары қызметкерлерінің орын ауыстыруы, ауысуы, сондай-ақ қызметтен босатылуы кезiнде қаржы-шаруашылық бөлiмшесi оларға ақшалай үлес төлейдi және төленген сомалар туралы ақша аттестатына жазылады.

      16. Бланктiң нысанын, ақша аттестатын берудiң тәртiбi мен шарттарын уәкілеттi органның басшысы бекiтедi.

      17. Қаржы полициясы органының қызметкерi белгiленген тәртiппен нысанды және арнайы киiм-кешекпен тегiн қамтамасыз етiледi, оны киiп жүру ережелерiн уәкiлеттi органның басшысы белгiлейдi.

      18. Қаржы полициясы органдарының оқу орындарына күндiзгі оқу нысаны бойынша оқуға түсетiн адамдар келiсiмшарт жасасады. Келiсiмшартта тараптардың (оқуға түсетiн адамның және оқу орны басшысының) өзара мiндеттемелерi мен жауапкершiлiгi белгiленедi және оқу орнын бiтiргеннен кейiн қаржы полициясы органдарында әрi қарай қызмет өткеру тәртiбi мен мерзiмi көзделеді. Келiсiмшарт қабылдау комиссиясының оқуға түсетiн адамды қаржы полициясы органдарының оқу орнына қабылдау туралы шешiмiнен кейiн жасалады. Келiсiмшарттың нысанын, оны жасасудың тәртiбiн уәкілеттi органның басшысы айқындайды.
      Қаржы полициясы органдары оқу орындарын күндiзгi оқу нысаны бойынша бiтiрушiлер қызметке бөлiнуiне сәйкес қызмет өткередi.

      19. Қаржы полициясы оқу орындарының курсанттарына (тыңдаушыларына) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымдық жалақылар (стипендиялар) төленеді.

      Қаржы полициясы органдары оқу орындарының күндiзгi бөлiмдерi курсанттарының (тыңдаушыларының):

      әскер жасына толған және үлгермеушiлiгi, тәртiпсiздігі бойынша, сондай-ақ өз еркiмен оқудан шығарылғандары, егер олар оқу орнына түскенге дейiн мерзiмдi әскери қызметтiң белгіленген мерзiмiн өткермесе, арнайы есептен шығару үшiн тұрғылықты жерi бойынша әскери басқару органдарына жiберiледi. Олар өздерiнiң оқыған кезеңiнде лауазымдық жалақы (стипендия) төлеуге, тамақтануына, заттай үлеске жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге мiндеттi. Ұстап қалуға жатқызылатын сома оқу орнында болған әрбiр толық ай үшiн теңбе-тең есептелiнедi;

      қаржы полициясы органдарының оқу орындары диплом алдындағы практикадан өту үшiн қаржы полициясы органдарына жiберiлгендерi практикадан өту кезеңiне тиiстi ақшалай үлес төлене отырып, лауазымға тағайындалады;

      қаржы полициясы органдарына лауазымға тағайындалмай тағылымдамаға жiберiлгендерi қаржы полициясы органдарының оқу орны төлейтiн лауазымдық жалақы (стипендия) алады.

      Қаржы полициясы органдары оқу орындарының күндізгі бөлiмiн бiтiрген қаржы полициясы органдарының қызметкерлерi қаржы полициясы органдарында кемiнде бес жыл жұмыс iстеуге мiндеттi.

      Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерi ол қаржы полициясы органдарының оқу орнын бiтiргеннен кейiн қаржы полициясы органдарында бұдан әрi қызмет өткеруден бас тартқан не келiсiмшартты мезгілiнен бұрын бұзған жағдайда олар өздерiнiң оқыған кезеңiнде лауазымдық жалақы (стипендия) төлеуге, тамақтануына, заттай үлесiне жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге мiндеттi. Ұстап қалуға жатқызылған сома келiсiмшарт мерзiмiнiң аяқталуына дейiн әрбiр өткерiлмеген толық ай үшiн теңбе-тең есептелiнедi.

      20. Қаржы полициясы органдары оқу орындарының педагог қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының жоғары бiлiктi ғылыми кадрларды аттестациялау саласындағы уәкiлеттi органы берген тиiстi дипломы болған жағдайда ғылым кандидаты және ғылым докторы ғылыми дәрежелерi үшiн ғылым кандидатына бip айлық ең төменгi жалақы және ғылым докторына екi айлық ең төменгi жалақы мөлшерiнде қосымша ақы белгіленедi.
      Ізденушiнiң (тыңдаушының, адъюнкттiң, докторанттың) ғылыми-зерттеу қызметіне басшылық еткенi үшiн ғылыми жетекшiге (кеңесшiсiне) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақы төленедi.

3. Қызметтік куәлiктердi және жетондарды беру тәртiбi

      21. Қаржы полициясы органдары қызметкерлерiне оның жеке басын және өкiлеттігін растайтын қызметтiк куәлiк және белгiленген үлгідегі жетон беріледi.
      Куәлiктiң және жетонның сипаттамасын уәкiлеттi органның басшысы бекiтедi.

      22. Куәлiк адамдарға қызметке тағайындалған, қызметi бойынша ауысқан, арнайы атақ берiлген кезде және бұрын берiлген куәлiктiң қолданылу мерзiмi бiткен кезде берiледi.
      Қызметке алғаш қабылданған қызметкерге куәлiк, жетон тапсырған кезде кадрлар бөлiмшесiнiң басшысы уәкілеттi орган басшысы бекiткен құжатты пайдалану ережелерi мен оны сақтау тәртiбi туралы нұсқамадан өткiзедi.
      Кейiннен қызмет бойынша ауысқан, қаржы полициясы органдарынан шығарылған, кезектi атақ берiлген және бұрын берiлген куәлiктiң қолданылу мерзiмi өткен кезде ол алынған жерiне қайтарылады.

4. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiн лауазымға
тағайындау және қызмет бойынша ауыстыру

      23. Қатардағы, кiшi, орта және аға басшы құрам лауазымдарының тiзбелерiн және осы лауазымдарға сәйкес келетiн шектi арнайы атақтарды уәкiлеттi органның басшысы бекiтедi.

      24. Қаржы полициясы органы басшысының тиiстi лауазымға тағайындау туралы бұйрығы қызметкерге ақшалай үлес төлеу үшiн негiз болып табылады.
      Қаржы полициясы органдары оқу орны басшысының оқуға қабылдау туралы бұйрығы лауазымдық жалақы немесе стипендия төлеу үшiн негiз болып табылады.
      Қызметкерлерге ақшалай үлес және басқа да төлем түрлерiн төлеу қызметке кiрiскен күннен бастап жүргiзiледi, бiрақ бұйрықта көрсетiлген күннен немесе егер лауазымға тағайындау күнi көрсетiлмесе, тағайындау туралы бұйрыққа қол қойылған күннен ерте төленбейдi.

      25. Қаржы полициясының аумақтық және мамандандырылған органдары, оқу орындары және ведомствоға қарасты өзге де мекемелерi басшыларының (бұдан әрi - қаржы полициясы органдары мен мекемелерiнiң басшылары) қызметке қабылдау, лауазымдарға тағайындау және босату, қаржы полициясы органдарынан қызметтен босату жөнiндегi өкiлеттiктерiн уәкiлеттi органның басшысы айқындайды.

      26. Лауазымға тағайындауды, қызмет бойынша ауыстыруды және жоғарылатуды қаржы полициясы органдары мен мекемелерiнiң басшылары өздерiне берiлген құқықтарға сәйкес жүргізедi. Бұл ретте мынадай талаптар сақталады:

      1) қатардағы және басшы құрам адамдарын лауазымға тағайындау және қызмет бойынша ауыстыру кезiнде олардың негiзгi немесе ұқсас мамандығы не жинақталған тәжiрибесi ескерiлуi қажет;

      2) қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiн қызмет бойынша ауыстыру, әдетте, оларды тиiстi қаржы полициясы органы кадрларының қарамағына алмастан жүзеге асырылуға тиiс;

      3) орта, аға және жоғары басшы құрамның адамдарын басқа лауазымдарға, сондай-ақ басқа жерге шұғыл ауыстыру қажет болған кезде, бұл туралы шешiмдi көрсетiлген адамдардың келiсiмiмен, осы адамдардың даярлығы мен қызмет тәжiрибесiн ескере отырып, олардың тiкелей бастықтары қабылдайды;

      4) қатардағы және басшы құрам адамдарын лауазымдарға тағайындау, қызмет бойынша ауыстыру әскери-дәрiгерлiк комиссияның медициналық куәландыруы нәтижелерi ескерiле отырып жүргiзiледi.

      27. Қатардағы және басшы құрам адамдарын қызмет бойынша ауыстыру:

      1) жоғары тұрған лауазымдарға - қызмет бойынша жоғарылату тәртiбiмен;

      2) тең дәрежелi лауазымдарға - басқа лауазымдарды алмастыру қажет болған кезде не олардың iскерлiк және жеке қасиеттерiн неғұрлым мақсатты пайдалану, жаңа мамандық бойынша даярлау үшiн, сондай-ақ отбасы жағдайы немесе денсаулық жағдайы бойынша осы адамдардың келiсiмiмен;

      3) қаржы полициясы оқу орындарының күндiзгi оқу нысанына оқуға түсуiне байланысты - атқаратын штаттық лауазымынан босата отырып, сондай-ақ оқу орнын бiтiргеннен кейiн лауазымға тағайындалған кезде;

      4) төмен тұрған лауазымдарға тiкелей бастықтарының не уәкiлеттi орган басшыларының ұсынысымен:

      штат қысқарған немесе қаржы полициясы органын және/немесе мекемесiн қайта ұйымдастыру кезiнде - осы адамдарды тең дәрежелi лауазымдарға ауыстыру мүмкiн болмаған жағдайда және олардың келiсiмiмен жүргiзіледi. Штат қысқарған немесе қаржы полициясы органын және/немесе мекемесiн қайта ұйымдастыру кезiнде қаржы полициясы органының қызметкерi төмен тұрған лауазымнан бас тартқан жағдайда, ол тараптардың келiсiмi бойынша не бiр тараптың бастамасы бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасында белгiленген өзге де негіздер бойынша қызметiнен босатылуға жатады. Қызметкердiң төмен тұрған лауазымнан бас тартуы қаржы полициясы органдарының және/немесе мекемелерiнiң кадрлар бөлiмшелерi жасайтын актiмен ресiмделедi;

      денсаулық жағдайы бойынша - әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы (қаулысы) негiзiнде және көрсетiлген адамдардың келiсiмiмен;

      аттестациялаудың қорытындылары бойынша анықталған, қызметiне сәйкес келмеуi бойынша;
       тәртiптiк жаза қолдану ретiнде;

      жеке өтiнiші бойынша жүргiзiледi.

      28. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiн ауыстыру барлық жағдайларда қаржы полициясы органдары және/немесе мекемелерi басшыларының бұйрықтарымен ауыстыру негiзi көрсетiле отырып ресiмделедi.

      29. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерi денсаулық жағдайы бойынша, оның iшiнде қызмет өткеру кезеңiнде алған жарақаты, дене жарақаты, ауруы салдарынан қызметiнен төмендетiлген жағдайда, төмендегілер алдындағы соңғы лауазымы бойынша немесе онымен салыстырғанда көбiрек ақшалай үлестi бос орынды лауазымға тағайындалғанға дейінгі мерзiмге төмендетілер алдындағы соңғы лауазымы бойынша ақшалай үлес төленедi.

      30. Ұйымдастыру-штаттық iс-шараларды (қысқарту, қайта ұйымдастыру, көшiру, тарату) жүргізу кезiнде қаржы полициясы органдары қызметкерлерiн ауыстыру осы Ережеге сәйкес жүргiзіледi.

      31. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерi қаржы полициясы органдарының қарамағына 15 күннен аспайтын мерзiмге енгiзіле алады және қарамағына 15 күннен артық, бiрақ екi айдан аспайтындай болуына уәкілеттi орган басшысының рұқсатымен жол беріледі.
      Қарамақта тұрған қызметкерлердiң жұмысқа, демалысқа, ауруы бойынша демалысқа шығуының есебiн жүргiзудi олардың тiкелей бастықтары жүзеге асырады және жұмыс уақытын есептеу табелiнде ресiмдейдi.
      Қарамақта тұрған қызметкерлерге сондай-ақ қайта ұйымдастыру кезiнде қаржы полициясы органдарының кадрлар бөлiмшесi лауазым ұсынады, ал ұсынылған лауазымнан бас тартқан жағдайда қызметкерлермен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес тоқтатылады.

      32. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне қарамақта болған уақытына, бiрақ штаттық лауазымынан босатылған күнiнен бастап екі айдан артық емес уақытқа ақшалай үлес соңғы негізгi лауазымы бойынша лауазымдық жалақысы мен арнайы атағы үшiн қосымша ақысы мөлшерiнде төленедi. Олар қарамаққа енгізiлгенге дейiн тұрғын үйiн ұстауға және коммуналдық қызмет төлемдерiне ақшалай өтемақы алып тұрған болса, олардың осындай өтемақы алуына да құқығы бар.

      33. Қаржы полициясы органдарының қарамағында болған мерзiмге:
      1) қаржы полициясы органдары қызметкерлерiнiң осы Ережеде белгіленген демалыстарда болған кезеңi;

      2) қаржы полициясы органдары қызметкерлерінің емдеу мекемелерiнде емделуде болған кезеңi;

      3) ақтайтын негiздер бойынша ақтау үкiмi шығарылған жағдайда қылмыстық іс қысқартылған немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуына байланысты қамауда болған уақыты қамауға алынған күннен бастап босатылған күндi қоса алғанда есептелмейдi.

      34. Атқаратын лауазымдарынан босатылған және қарамақта тұрған, кезектi жыл сайынғы демалысын пайдаланбаған қызметкерлерге, олардың қызметте одан әрі болуы туралы мәселенiң шешiмi кешiктiрiлген жағдайда, пайдаланылмаған демалысы берілуi мүмкiн.

      35. Бос қызмет орны бойынша мiндеттердi уақытша атқарудың үздiксiз мерзiмi екі айдан, ал бос емес қызмет орны бойынша, әдетте, төрт айдан аспауы тиiс.

      36. Белгіленген тәртiпте негізгі мiндеттерiнен босатыла отырып, басқа лауазымдар бойынша мiндеттердi уақытша орындау жүктелген штаттық лауазымдағы қызметкерлерге ақы төлеу мынадай тәртiпте жүргізiледi:

      штаттағы орынбасарларға, өздерiнiң тiкелей бастықтарының бос емес лауазымы бойынша қызметтік мiндеттерiне қарамастан, ақшалай үлес төлеу уақытша атқарып жүрген лауазымы бойынша емес, олардың негізгi лауазымы бойынша жүргізiледi;

      басшының бос қызмет орны бойынша мiндеттi, соның iшiнде оның орынбасарларының да, уақытша атқаруы кезiнде, бос қызмет орны бойынша коэффициент алына отырып, бiрақ екi айдан артық емес уақытқа ақы төленедi, бұдан әрi оларды осы лауазымға тағайындау немесе бос қызмет орны бойынша мiндеттердi орындаудан босату туралы шешiм қабылдануы қажет.

      Лауазым бойынша мiндеттердi уақытша атқарудың үздiксiз мерзiмi лауазымды атқаруға кiрiскен күннен бастап, бiрақ бұйрықта айтылған күннен ерте емес, ал күнi көрсетiлмеген жағдайда, бұйрыққа қол қойылған күннен ерте емес, мiндеттерiн атқарудан босатылған күн қоса алынып есептеледi.

      Лауазым бойынша мiндеттi атқарушы етiп тағайындау қызметкерлердi лауазымдарға тағайындау және оларды ауыстыру құқығы берiлген қаржы полициясы органдары басшыларының бұйрығымен ресiмделедi.

      37. Бос емес лауазымдар бойынша мiндеттердi уақытша атқарғаны үшiн ақы төлеу, егер осы лауазымды тұрақты атқаратын қызметкер қаржы полициясы органынан кеткен (емделуге, демалысқа, қызметтiк iссапарға, оқуға және т.б.) жағдайда ғана жүргізiледi.
      Лауазымдарды уақытша атқаруға тағайындалған қызметкерлердiң демалыста, уақытша атқаратын лауазымы бойынша мiндеттердi атқарумен байланысты емес қызметтік iссапарда, оқуда, емдеу мекемелерiнде емделуде болған уақыты үшiн лауазымдық жалақылары олар тағайындаған лауазымдар бойынша төленедi.

      38. Қаржы полициясы органдарына алғаш рет қызметке алынатын адамдар үшiн тиiстi лауазымға тағайындай және кандидатқа тәжiрибелi қызметкерлер арасынан тәлiмгер бекiте отырып, 3 айдан аспайтын сынақ мерзiмi белгіленуi мүмкiн. Кандидаттың себептi жағдайлармен қызметте болмаған күндерi сынақ мерзiмiне есептелмейдi.
      Кандидаттарға тәлiмгерлердi бекiту тәртiбiн уәкiлеттi органның басшысы белгiлейдi.

      39. Сынақ мерзiмi уақытында кандидат атқаратын лауазымына сәйкес қаржы полициясы органы қызметкерiнiң мiндеттерiн атқарады.

      40. Лауазым бойынша мiндетiн атқаруда қанағаттанғысыз нәтиже көрсеткен кандидат сынақ мерзiмiнен өте алмаған ретiнде жұмыстан шығарылуы мүмкін.

      41. Егер сынақ мерзiмi аяқталып, ал кандидат қаржы полициясы органдарында қызметiн жалғастыра берсе, сынақ мерзiмi қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне лауазымдық жалақысына коэффициент белгiлеуге және зейнетақы тағайындауға құқық беретiн қаржы полициясы органдарындағы қызмет өтiлiне есептеледi. Бұдан кейiн жұмыстан шығару тек Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негiздер бойынша жүргiзiледi.

      42. Қаржы полициясы органдарына қызметке алынатын және аға және жоғары басшы құрамның басқарушы лауазымдарына тағайындалатын адамдарға, қаржы полициясы органдары оқу орындарының бiтірушiлерiне сынақ мерзiмi белгiленбейдi.

      43. Қаржы полициясы органдарына алғаш алынатын азаматтар, бұдан бұрын құқық қорғау органдарында қызмет өткерген адамдардан басқалары, алғашқы даярлықтан өтедi.
      Қаржы полициясы органының оқу орны алғашқы даярлықты, бiлiктiлiктi арттыруды және қайта даярлауды жүзеге асырады.
      Алғашқы даярлықтан өтудiң, бiлiктiлiктi арттырудың және қайта даярлаудың тәртiбi мен шарттарын уәкiлеттi органның басшысы бекiтедi.

      44. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне алғашқы даярлық, қайта даярлау, бiлiктiлiктi арттыру курстарында оқыған кезеңiнде ақшалай үлесi сақталады.

      45. Өзiне қатысты қылмыстық iс қозғалған және қамауда ұстау түрiндегi бұлтартпау шарасы қолданылмаған қаржы полициясы органдарының қызметкерi, сот осы қылмыстық iс бойынша шешiм қабылдағанға дейiн Қазақстан Республикасының қылмыстық-iс жүргiзу заңнамасында белгiленген тәртiппен тергеу жүргiзу кезеңiне қызметтiк мiндеттерiн атқарудан шеттетiледi. Қызметiнен шеттетiлген уақытында, оған ақшалай үлес толық мөлшерде төленедi.
      Белгiленген тәртiппен өздерiне қатысты бұлтартпау шарасы ретiнде қамауда ұстау қабылданған қызметкерлерге ақшалай үлес төлеу қамауға алынған күннен бастап тоқтатылады. Сот қолданған жаза түрiне қарамастан, қамауда болған уақыт үшiн ақшалай үлес төленбейдi.
      Ақтау үкiмiн шығарған, ақтайтын негiздер бойынша қылмыстық iс тоқтатылған жағдайда қызметкерлерге қызметте болмауға мәжбүр болған уақыты үшiн ақшалай үлес Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өтеледi.

      46. Қылмыс үшiн сотталуына байланысты қаржы полициясы органдарынан шығарылған, содан кейiн ақталған және тиiсiнше лауазымы мен арнайы атағы қалпына келтiрiлген қызметкерлерге қызметте болмауға мәжбүр болған уақыты үшiн ақшалай үлес Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгiленген тәртiппен өтеледi.

      47. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерi Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлеген тәртiппен қаржы полициясы органдарының кадрларында қалдырыла отырып, мемлекеттiк органдарға iссапарға жiберiлуi мүмкiн.

      48. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттары болып сайланған қатардағы және басшы құрамдағы адамдар қаржы полициясы органдарындағы қызметтен босатылады. Олар өздерiнiң депутаттық өкiлеттiк мерзiмдерi аяқталғаннан кейiн, белгiленген тәртiппен қаржы полициясы органдарына қызметке қайта қабылдануы мүмкiн.

5. Аттестация

      49. Қаржы полициясы органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдарын аттестациялау (бұдан әрi - аттестациялау) - олардың кәсiби даярлығы деңгейiн, құқықтық мәдениетiн және азаматтармен жұмыс iстеу қабiлетiн анықтау бойынша мерзiмдi жүзеге асырылатын рәсiм.

      50. Аттестациялау барысындағы негiзгi өлшем қызметкерлердiң өздерiне жүктелген мiндеттердi атқару қабiлеттiлiгi болып табылады.

      51. Қызметкерлердi аттестациялау қаржы полициясы органдарында қызметте үздiксiз болған әрбiр үш жыл өткен сайын өткiзiледi. Бұл ретте, аттестация көрсетілген мерзiм басталған күннен бастап алты айдан кешіктiрiлмей өткiзiлуi қажет.
      Аттестациялауға жатқызылатын қызметкерлер жаңа лауазымдарға тағайындалған жағдайда, олар аттестациялаудан тағайындаудан кейiн бiр жылдан соң өтедi. Тең деңгейдегі лауазымға тағайындалған жағдайда, егер ол функционалдық мiндеттерiнiң өзгеруiне әкеп соқтырмаса, осы мерзiм есепке алынбайды.

      52. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдар арасынан жүктiлiгi және 3 жасқа толғанға дейiн бала күтуi демалысында болған кезеңiнде қызметкерлер аттестациялаудан өтпейдi. Олар жұмысқа шыққаннан кейiн кем дегенде алты айдан соң және бiр жылдан кешiктiрiлмей аттестацияланады.

      53. Аттестация комиссиясы кадрлар қызметiнiң ұсынысы бойынша қаржы полициясы органдары және/немесе мекемелерi басшыларының бұйрықтарымен құрылады. Басшы аттестация комиссиясы мүшелерiнiң арасынан оның төрағасын тағайындайды.
      Аттестация комиссиясының құрамына кемiнде бес мүше кiруге тиiс.
      Аттестация комиссиясының жоқ мүшелерiн алмастыруға жол берілмейдi.

      54. Аттестация комиссияларын құру және қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiн аттестациялаудан өткiзу тәртiбiн уәкiлетті органның басшысы бекiтедi.

      55. Аттестация комиссиясының отырысында аттестацияланушы қызметкермен әңгімелесу жүргізiледi.
      Алғашқы аттестациялауда немесе қайта аттестациялауда дене шынықтыру даярлығы бойынша белгiленген нормативтердi тапсырған және медициналық куәландырудан өткен (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жағдайларда), тестілеуден өткен кезде шектi мәннен жоғары баға алған қызметкерлер әңгімелесуге жiберiледi.
      Аттестация комиссиясының отырысына дәлелдi себептермен (демалыс, сырқаттану, iссапар) қатыспаған қызметкерлер жұмысқа шыққаннан кейiн әңгiмелесуден өтедi.

      56. Аттестация комиссиясының отырысына қызметкер дәлелсiз себептермен келмеген жағдайда аттестация комиссиясы осы Ережеде айқындалған тәртiппен қызметкердi қайта аттестациялау туралы шешiм қабылдайды.

      57. Аттестация комиссиясы қызметкермен әңгімелесудiң қорытындысы бойынша мынадай шешiмдердің бiрiн қабылдайды:

      1) атқаратын лауазымына сай және арнайы атақты мерзiмiнен бұрын беруге немесе жоғары лауазымға орналасу үшiн кадрлар резервiне енгiзуге ұсынылады;

      2) атқаратын лауазымына сай;

      3) қайта аттестациялауға жатады;

      4) атқаратын лауазымына сай емес және лауазымынан төмендетуге ұсынылады.

      58. Аттестация комиссиясының шешiмi ашық дауыспен қабылданады. Аттестациялаудан өтетiн және аттестация комиссиясының құрамына кiретiн қызметкер өзiне байланысты дауыс беруге қатыспайды.

      59. Қайта аттестациялау алғашқы аттестация өткен күннен бастап үш айдан ерте емес және алты айдан кешіктiрiлмей өткізіледі.
      Қайта аттестациялау кезiнде дене шынықтыру даярлығы жөнiнде белгiленген нормативтердi тапсырмаған және медициналық куәландырудан өтпеген (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жағдайларда) не тестілеуден өткен кезде шектi мәннен төмен баға алған, сондай-ақ аттестация комиссиясының отырысына дәлелсiз себептермен келмеген қызметкерлер аттестация комиссиясының шешiмi бойынша осы Ережеде айқындалған тәртiппен лауазымынан төмендетуге немесе қызметiнен босатылуға ұсынылады.

      60. Аттестация комиссиясы қайта аттестациялау өткiзiп, мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:

      1) атқаратын лауазымына сай;

      2) атқаратын лауазымына сай емес және лауазымынан төмендетуге ұсынылады;

      3) атқаратын лауазымына сай емес және қызметiнен босатылуға ұсынылады.

      61. Аттестация комиссиясының шешiмі үш жұмыс күнi iшiнде оның отырысына қатысқан аттестация комиссиясының мүшелерi және хатшысы қол қоятын хаттамамен ресімделеді.

      62. Кадр бөлiмшесi аттестация комиссиясының шешiмiн қызметкердiң аттестациялық парағына енгiзедi, қызметкер шешiммен ол қабылданған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде қол қоя отырып танысады.

      63. Аттестациядан өткен қызметкердiң аттестация парағы және оның қызметтік мiнездемесi жеке ісiнде сақталады.

      64. Тиiстi қаржы полициясы органының немесе мекемесiнiң басшысы немесе лауазымды адамы түпкілікті шешiм қабылданатын қорытындысы бойынша қайта аттестациялауды тағайындай алады. Аталған аттестация Ереженiң осы бөлiмiне сәйкес жүргізiледi.

      65. Қызметкердiң аттестация комиссиясының шешiмiне басшыға немесе жоғары тұрған лауазымды адамға шағымдануына не сотқа жүгінуге құқығы бар.

      66. Осы Ереже нормалары мен аттестациялау жүргізу тәртiбiнiң бұзылуы анықталған жағдайда уәкiлеттi орган тиiстi қаржы полициясы органының аттестация комиссиясы шешiмiнiң күшiн жояды.

      67. Қаржы полициясы органдарына қызметке алғаш немесе мемлекеттiк қызмет өтiлiнде үзiлiспен қабылданған қызметкерлер Ереженiң 52, 53-тармақтарында белгiленген мерзiмдерде, қаржы полициясы органдарында үш жыл үзiлiссiз қызмет атқарғаннан кейiн аттестациялаудан өтедi. Бұл ретте, егер мемлекеттiк қызметшi қызметтен босатылған күннен бастап оны қаржы полициясы органдарына тағайындағанға дейiнгі уақыт үш айдан аспаса және көрсетiлген кезең iшiнде оның өзге заңды (мемлекеттiк органдарды есептемегенде) және жеке тұлғалармен еңбек қатынасы болмаған жағдайда, қаржы полициясы органдарында болуы үзiлiссiз деп саналады.

6. Қаржы полициясы органдарының кiшi, орта және жоғары басшы
құрамына арнайы атақтар беру (атақтардан айыру) тәртiбi

      68. Қатардағы және басшы құрамдағы лауазымға тағайындалған, сондай-ақ қаржы полициясы органдарының оқу орындары күндiзгi бөлiмдерiнiң курсанттары (тыңдаушылары) қатарына қабылданған Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес:

      1) қатардағы құрам: қаржы полициясының қатардағы қызметкерi;

      2) кiшi басшы құрам: қаржы полициясының кiшi сержанты; қаржы полициясының сержанты; қаржы полициясының аға сержанты; қаржы полициясының старшинасы;

      3) орта басшы құрам: қаржы полициясының лейтенанты; қаржы полициясының аға лейтенанты; қаржы полициясының капитаны;

      4) аға басшы құрам: қаржы полициясының майоры; қаржы полициясының подполковнигі; қаржы полициясының полковнигi;

      5) жоғары басшы құрам: қаржы полициясының генералы арнайы атақтары берiледi.

      69. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне арнайы атақтар олардың бiлiктiлігін, бiлiмiн, қызметке қатынасын, еңбек сiңiрген жылдарын және атқаратын штаттық лауазымын, сондай-ақ осы Ережеде көзделген басқа да талаптарды ескере отырып, кезектiлiгiмен, дербес берiледi.

      70. Берiлу кезектiлiгiне қарай арнайы атақтар алғашқы және кезектi деп бөлiнедi.
      Басшылық құрамның кезектi арнайы атағын уәкiлеттi органның басшысы қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткiзгенi және қызметтiк мiндеттерiн үлгілi орындағаны үшiн көтермелеу ретiнде алдыңғы атақтағы белгiленген еңбек сiңiру мерзiмi аяқталғанға дейiн мерзiмiнен бұрын немесе атқарып отырған штаттық лауазымы бойынша көзделген арнайы атақтан бiр саты жоғарылатып беруi мүмкiн.
      Кiшi, орта және аға басшы құрамның алғашқы арнайы атақтарын уәкілеттi органның басшысы бередi.

      71. Орта және аға басшы құрамның кезектi арнайы атақтарын алдыңғы атақтағы белгiленген еңбек сiңiру мерзiмi аяқталғаннан кейiн уәкілеттi органының басшысы, ал кiшi басшы құрамға - уәкілеттi орган басшысының уәкілеттi орынбасары бередi.

      72. Кiшi және орта басшы құрамның кезектi арнайы атақтары, осы Ережеде көзделген жағдайларды қоспағанда, кезектi атақ атқарып келген штаттық лауазымы бойынша көзделген шектi атаққа сәйкес келген жағдайда және алдыңғы атақта белгiленген еңбек сiңiру мерзiмi аяқталуына қарай кезектілiк тәртiбiмен берiледi.
      Қаржы полициясы органдарының аға басшы құрамының арнайы атақтары құзыреті және құрамын уәкiлеттi органның басшысы айқындайтын комиссияның шешiмi негiзiнде берiледi.

      73. Басшы құрамның арнайы атақтарында еңбек сiңiру жылдарының мынадай мерзiмдерi белгiленедi:
      қаржы полициясының кiшi сержанты атағында - 1 жыл;
      қаржы полициясының сержанты атағында - 2 жыл;
      қаржы полициясының аға сержанты атағында - 3 жыл;
      қаржы полициясының лейтенанты атағында - 2 жыл;
      қаржы полициясының аға лейтенанты атағында - 3 жыл;
      қаржы полициясының капитаны атағында - 4 жыл;
      қаржы полициясының майоры атағында - 5 жыл;
      қаржы полициясының подполковнигi атағында - 5 жыл.

      74. Қаржы полициясының қатардағы қызметкерi, старшинасы және полковнигi атақтарында, сондай-ақ жоғары басшы құрамның атақтарында еңбек сiңiру мерзiмдерi белгiленбейдi.

      75. Қаржы полициясының лейтенанты арнайы атағы осы Ережемен белгiленген арнайы атағындағы еңбек сiңiру мерзiмi аяқталғаннан кейiн, ал жоғары оқу орындарын бiтiргендерге - осы атақтағы еңбек сiңiру мерзiмiне қарамастан;
      қаржы полициясы органдарының оқу мекемелерiн күндiзгi оқу нысаны бойынша аяқтаған қызметкерлерге;
      жоғары бiлiмi бар және орта немесе аға басшы құрамның лауазымына тағайындалған қызметкерлерге беріледi.

      76. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң запасында тұратын азаматқа ол қаржы полициясы органдарындағы басшы құрамның лауазымына тағайындалғаннан кейiн оның өзiнде бар әскери атағынан төмен емес арнайы атақ беріледi.

      77. Арнайы атақ мерзiмiнен бұрын атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген атақ шегiнде беріледі, ал ғылыми дәрежесi немесе ғылыми атағы бар және оқу орнында штаттық лауазым атқаратын қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне арнайы атақтағы белгiленген еңбек сiңiру мерзiмi өткеннен кейiн лауазымы бойынша көзделген арнайы атақтан бiр саты жоғары атақ берiлуi мүмкiн.

      78. Арнайы атақтар мерзiмiнен бұрын алдыңғы арнайы атақтағы белгіленген еңбек сiңiру жылдары мерзiмiнiң кемiнде жартысы өткеннен кейiн және берiлетiн арнайы атақ атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген атаққа сәйкес болған жағдайда берiледi.

      79. Атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген арнайы атақтан бiр саты жоғары кезектi арнайы атақ алдыңғы арнайы атақта еңбек сiңiру жылдары мерзiмдерiнiң кемiнде бiр жарым мерзiмi өткеннен кейiн берiледi. Бұл ретте, арнайы атақтарды мерзiмiнен бұрын және атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделгеннен бiр саты жоғары етiп беру қаржы полициясында қызмет өткерудiң барлық кезеңiнде әрбiр негiз бойынша бiр реттен артық жүргiзiлмейдi.

      80. Арнайы атақтағы еңбек сiңiру мерзiмi осы атақ берiлгенi туралы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап есептеледi.

      81. Қаржы полициясы органдарының орта басшы құрам лауазымдарына тағайындалған кiшi басшы құрамның атағы бар қызметкерлерi сол атақтағы еңбек сiңiру мерзiмiне қарамастан, орта басшы құрамның бiрiншi арнайы атағына ұсынылады.

      82. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне кезектi арнайы атақтар тиiсiнше қарамақта болған кезде лауазымға тағайындалғанға дейiн, алынбаған тәртiптiк жазасы болғанда, қайта аттестациялау кезiнде лауазымына сәйкес еместігі туралы мәселе шешiлгенге, ақтайтын негіздер бойынша қылмыстық iс тоқтатылғанға, қызметтiк тергеу аяқталғанға дейiн берiлмейдi.

      83. Қарамағындағы қызметкерге кезектi арнайы атақ берiлуiн негiзсiз кешiктiрген қаржы полициясы органының немесе мекемесiнiң басшысы тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылады.

      84. Арнайы атақтың бiр сатысына төмендетудi:
      кiшi басшы құрам атағындағыларға - уәкiлеттi орган басшысының уәкiлеттi орынбасары;
      орта және аға басшы құрам атағындағыларға - қаржы полициясы уәкiлеттi органының басшысы қаржы полициясы органдары қызметкерлерiне тәртiптiк жаза беру шарасы ретiнде қолданылады.
      Бұл жағдайда арнайы атақтағы еңбек сiңiру мерзiмi арнайы атақты бiр сатыға төмендету туралы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап есептеледi.

      85. Қаржы полициясы органдарының арнайы атағы төмендетiлген кiшi, орта және аға басшы құрамдағы қызметкерлерiнiң бұрынғы арнайы атағының қаржы полициясы уәкiлеттi органы басшысының бұйрықтарымен қайта қалпына келтiрiлуi, атқарып отырған штаттық лауазымына қарамастан, атақта төмендетiлген күннен бастап бiр жылдан ерте болмауы тиiс.

      86. Қаржы полициясы органдарының қызметкерiне бұрынғы арнайы атағы қайта қалпына келтiргенге және оған кезектi арнайы атақ берiлгенге дейiн арнайы атақтан қайта төмендету жүргiзiлмейдi.

      87. Қызметкерлерге қатысты арнайы атақтарынан айыру туралы заңды күшiне енген соттың айыптау үкiмiн орындауды:
      кiшi басшы құрамға қатысты уәкiлеттi орган басшысының уәкілетті орынбасары жүзеге асырады;
      орта және аға басшы құрамға қатысты уәкiлеттi органның басшысы жүзеге асырады;
      жоғары басшы құрамға қатысты қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

7. Қызметтік тәртiп

      88. Қаржы полициясы органдарындағы қызметтiк тәртiп қызметкерлердiң Қазақстан Республикасының заңнамасында, қаржы полициясының органдары мен мекемелерi, оқу орындары басшыларының бұйрықтарымен және осы Ережемен белгіленген нормалар мен ережелердi сақтауын бiлдiредi.

      89. Басшы өз қарамағындағылар арасындағы қызметтiк тәртiптiң жай-күйiне жауап бередi. Басшы оларға жоғары талап қоюмен қатар:

      1) қарамағындағылардың еңбегi, демалысы және бiлiктілiгiн арттыруы үшiн қажеттi жағдайлар жасайды;

      2) қарамағындағылардың қызметтiк мiндеттерiн орындау үшiн жауапкершiлiк сезiмiн тәрбиелейдi;

      3) қарамағындағылардың қызметтiк iс-әрекетiн бағалауда жариялылық пен әділдiктi қамтамасыз етедi;

      4) қарамағындағылардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiн құрметтейдi;

      5) жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлық көрiнiстерi туындауының, жеке бастық сипаттағы себептермен немесе қаржы полициясы органдарының қызметiндегі кемшiлiктердi сынағаны үшiн қарамағындағы қызметкерлердi қудалаудың жолын кеседi.

      90. Мiндеттерiн үлгiлi орындағаны және қызметiнде жоғары нәтижелерге қол жеткiзгенi үшін қаржы полициясының қызметкерлерi мен оқу орындарының курсанттары (тыңдаушылары) үшiн көтермелеудiң мынадай түрлерi көзделедi:

      1) алғыс жариялау;

      2) ақшалай сыйлық беру;

      3) бағалы сыйлықпен марапаттау;

      4) грамотамен марапаттау;

      5) Құрмет грамотасымен марапаттау;

      6) кезектi арнайы атақты мерзiмiнен бұрын беру;

      7) атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген атақтан бiр саты жоғарғы арнайы атақ беру;

      8) қаржы полициясы органдарының кеудеге тағатын белгiсiмен марапаттау;

      9) сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларында көзделген басқа да көтермелеу түрлерi.
      Қаржы полициясы органдары грамоталарының және кеудеге тағатын белгiлерiнiң сипаттамасы мен оларды беру тәртiбiн уәкiлеттi органның басшысы айқындайды.

      91. Қызметтік борышын орындау кезiнде көрсеткен ерлiгi мен батылдығы, мемлекет алдындағы айрықша сiңiрген еңбегi үшiн қаржы полициясының қызметкерлерi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларына ұсынылуы мүмкін.

      92. Қаржы полициясы органдары мен мекемелерiндегі тәртiптiк жазалар тәртiптiк жауапкершiлiк шарасы болып табылады. Тәртiптiк жазалау жасалған терiс қылықтың ауырлығын, ол жасалған кездегi мән-жайларды, сондай-ақ қаржы полициясы органы қызметкерiнiң оған дейiнгі мiнез-құлқы мен қызметiне деген қатынасы ескерiле отырып қолданылады.

      93. Қызметтiк мiндеттердi тиесiлi орындамағаны үшiн қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне мынадай жаза түрлерi қолданылады:

      1) ескерту;

      2) сөгiс;

      3) қатаң сөгіс;

      4) қызметiне толық сәйкес еместiгі туралы ескерту;

      5) лауазымынан төмендету;

      6) арнайы атағын бiр саты төмендету;

      7) қаржы полициясы органдарынан шығару.

      94. Көтермелеулер мен тәртiптiк жазалар бұйрықтармен жарияланады. Қабылданған шешiм туралы жазаланған адамды қаржы полициясы органдары мен мекемелерiнiң кадр бөлiмшелерi үш күндiк мерзiмде (қол қойғызып) хабардар етедi.
      Тәртiптiк жаза қолдану туралы бұйрықпен танысудан бас тарту қаржы полициясы органдары мен мекемелерiнiң кадр бөлiмшелерi жасайтын актiде ресiмделедi және арнайы журналда тiркеледi.

      95. Тәртiптiк жаза терiс қылық мәлiм болған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қолданылады.
      Қызметтiк тергеу жүргізiлген, сотта қаралған қылмыстық іс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғалған жағдайда - кінәлінiң сырқаттануы бойынша жұмыста болмаған немесе демалыста, iссапарда болған күндерiн есептемегенде, тиiсiнше, тергеу аяқталған, қылмыстық iс бойынша немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргізу шешiмдерi қабылданған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қолданылады.

      96. Қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз, демалыста немесе iссапарда болған кезеңде, сондай-ақ егер терiс қылық жасалған күннен берi алты айдан астам уақыт өткен жағдайда, оған тәртiптiк жаза қолданыла алмайды.
      Уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңi, демалыста, iссапарда болуы, егер жасалған терiс қылық туралы осы кезеңде немесе ол басталғанға дейiн белгiлi болған болса, жаза қолданудың бiр айлық мерзiмiн қолдануды тоқтата тұрады.

      97. Жаза қолданылғанға дейiн жауапқа тартылатын қаржы полициясы органдарының қызметкерiнен жазбаша түсiнiктеме талап етiлуi тиiс. Бұзушылық фактiлерi бойынша, әдетте, қызметтiк тергеу жүргiзіледi. Терiс қылық жасаған адамның түсiнiктеме беруден бас тартуы қаржы полициясы органдары мен мекемелерiнiң кадр бөлiмшелерi жасайтын актілерде ресiмделедi және жаза қолдану үшiн кедергi бола алмайды.
      Өзiне қатысты қызметтiк тергеу жүргізіліп жатқан қызметкердi қаржы полициясы органдары мен мекемелерiнiң басшылары жауапкершілігі туралы мәселе шешiлгенге дейiн, бiрақ он төрт күннен аспайтын мерзiмге лауазымдық мiндеттерiн атқарудан уақытша шеттетуi мүмкiн.

      98. Қызметтік тәртiптiң бұзылуының әрбiр жағдайы үшiн тек қана бір тәртіптік жаза қолданылуы мүмкiн.

      99. Қаржы полициясы органдарының қызметкерiне қолданылған тәртiптiк жазаның мерзiмi оның қолданылған күнiнен бастап алты айдан аспауы тиiс. Егер осы мерзiм iшiнде қызметкер жаңадан тәртiптiк жазаға тартылмаса, онда оның тәртiптiк жазасы жоқ деп есептеледi.
      Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiн көтермелеу ретiнде тәртiптiк жазаны мерзiмнен бұрын алып тастау қолданылуы мүмкін.

      100. Егер қаржы полициясы органдарының қызметкерiне, басшы құқықтарының шегiнен шығатын көтермелеу немесе жазалау шараларын қолдану қажет болса, онда басшы бұл туралы жоғары тұрған лауазымды адамға өтiнiш жасайды.

      101. Жоғары тұрған басшы, егер бұрын жарияланған жаза жасалған терiс қылықтың ауырлығына сәйкес келмесе төмен тұрған басшы қолданған тәртiптiк жазаны алып тастауға құқылы.

      102. Өзiне берiлген көтермелеу және тәртіптік жазалар қолдану жөнiндегi құқықтарын асыра пайдаланған басшы бұл үшiн тәртiптiк жауапкершілiкке тартылады, ал көтермелеулер мен жазалар туралы бұйрықтарды уәкілеттi органының басшысы жояды.

      103. Қаржы полициясы органдарының қызметкерi өзiне қолданылған тәртiптiк жазаға жоғары тұрған органға не сотқа шағым жасай алады.

8. Қаржы полициясы органдары қызметкерлерiнiң
демалыстары мен әлеуметтiк кепiлдiктерi

      104. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерi, қаржы полициясы органдары оқу орындарының курсанттары (тыңдаушылары) үшiн демалыстардың мынадай:

      1) жыл сайынғы;

      2) оқу демалысы (оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушыларына, сырттай оқу нысаны бойынша оқитын қызметкерлерге);

      3) қосымша демалыс (еңбек сiңiрген жылдары үшiн);

      4) жүктілiгіне және бала босануына байланысты демалыс, бала асырап алған қаржы полициясы органдары қызметкерлерiне демалыс;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да демалыс түрлерi белгiленедi.

      105. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне жыл сайын ұзақтығы 30 күнтiзбелiк күн демалыс берiлдi.

      106. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне жыл сайынғы демалыстар берiлген кезде сонымен қатар қызметкердiң Қазақстан Республикасы шегінде демалысын өткiзетiн жерiне бару және керi қайту жолына арналған белгіленген демалыс ұзақтығының үстiне қосымша уақыт берiледi.

      107. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне кезектi, қысқа мерзiмдi, қосымша демалыстары, жүктiлiгi және бала босануына байланысты демалыстары кезiнде, демалысын өткiзетiн жерiне бару және керi қайту жолына берiлген уақыты енгізiле отырып, оларға атқарып жүрген лауазымы бойынша демалысқа кетер күнi қарсаңында алып жүрген көлемде ақшалай үлес төленедi.
      Қаржы полициясы органдарының мамандары мен жұмысшыларына демалыстар беру, оның мерзiмi және төлем тәртiбi Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы заңнамаға сәйкес белгiленедi.

      108. Өзге де оқу орындарында сырттай (кешкi) оқу нысаны бойынша оқитын қызметкерлерге, еңбекақысын, оқу орнына бару жолақысын төлеу, демалыстар беру мәселелері Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы заңнаманың нормаларымен реттеледi.
      Қаржы полициясы органдары қызметкерлерiне жыл сайынғы демалысқа шыққанда екi айлық лауазымдық жалақы мөлшерiнде сауығуына арналған жәрдемақы төленедi.

      109. Қазақстан Республикасы Үкiметінiң шешiмдерiмен экологиялық апат аймағы деп жарияланған өңiрлерде қызмет өткерiп жүрген қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың ұзақтығы және беру тәртібі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық актiлерiмен айқындалатын жыл сайынғы қосымша демалыс алуға құқығы бар.
      Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне жыл сайынғы демалысын бөлiп алуға рұқсат етiледi.

      110. Жыл сайынғы демалыс күнтiзбелiк жылдың iшiнде жыл сайынғы демалыстар кестесiне сәйкес қаржы полициясы органдарының әрбiр қызметкерiне берiлуi тиiс.

      111. Қаржы полициясы органдарында қызметке кiрген жылғы жыл сайынғы демалыстың ұзақтығы қызметке кiрген күннен басталған кезеңге әрбiр толық ай үшiн демалыстың он екiден бір бөлiгi есебiмен жұмыс iстеген уақытында теңбе-тең есептеледі.

      112. Қызметкердiң демалыс кезеңiндегi уақытша еңбекке жарамсыздығы кезiнде жыл сайынғы демалысы (оның бөлiгi) ауыстырылады немесе ұзартылады, бiрақ, бұл ретте ақшалай үлес демалыс уақытына келетiн күндер үшiн сақталады.

      113. Госпитальдарда, ауруханаларда, стационарларда және басқа да емдеу мекемелерiнде емделiп жатқан, сырқаттануы бойынша еңбекке жарамсыздық жөнiндегi босату парағы негiзiнде, сондай-aқ отбасының науқас мүшелерiн күтiп-бағуға байланысты еңбекке жарамсыздық парағы негізiнде қызметтен босатылған және сырқаттануына байланысты демалыста жүрген қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне ақшалай үлес төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
      Қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың қызметтiк мiндеттерiн және қызметтiк борышын орындау кезiнде алған жарақатына, контузиясына немесе мертiгуiне байланысты емдеуде болу уақыты шектелмейдi. Медициналық куәландыруға аталған қызметкерлер емдеу аяқталғаннан кейiн немесе аурудың беталысы анықталған жағдайда жiберiледi.
      Ұзақ ауырған қатардағы және басшы құрамдағы адамдарды, қаржы полициясы органдарының кадр бөлiмшелерi, егер еңбекке жарамсыз күндерiнiң саны үзілiссiз 2 айға дейiн немесе 12 ай iшiнде үзілiстермен 3 айға дейiн жетсе, емдеу-сауықтыру мекемелерiнiң ұсынуы бойынша қызметiн одан әрi өткеруге жарамдылығын анықтау үшiн медициналық куәландыруға әскери-дәрiгерлiк комиссияға жiбередi.
      Қызметтік мiндеттерiн немесе қызметтiк борышын орындау кезiнде алған жарақатына, контузиясына немесе мертiгуiне байланысты емделiп жатқан қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне ақшалай үлес емделуде болған уақытына, олар атқаратын лауазымының мiндеттерiн атқаруды бастағанға дейiн немесе қаржы полициясы органдарынан шыққанға дейiн төленедi.
      Қаржы полициясы органдарының қарамағында тұрған кезеңде сырқаттанып қалған қызметкерлерге ақшалай үлес төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
      Қаржы полициясы органдарының бала күтуiмен байланысты қосымша демалыстағы қызметкерлерiне, егер осы демалысқа шыққанға дейiн олар осындай өтемақы алып келген болса, тұрғын-үйдi ұстауға және коммуналдық қызмет төлемдерiне ақшалай өтемақы төленедi.
      Бала күтуiмен байланысты демалыс аяқталғаннан кейiн қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне қызметке кiрiскен күнінен бастап әрбiр толық қызмет айының он екiден бiр бөлiгi есебiмен ағымдағы жылдың жыл сайынғы демалысы берiлуi мүмкін.

      114. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне зейнетақы тағайындау кезiнде ескерілетін еңбек сiңiрген жылдары үшiн (күнтiзбелiк есеппен) қосымша ақылы демалыс берiледi:

      1) бес күнтізбелік күн - 10 жыл қызметтен кейiн;

      2) он күнтізбелiк күн - 15 жыл қызметтен кейiн;

      3) он бес күнтiзбелiк күн - 20 жыл қызметтен кейiн.

      115. Жүктiлiгі және бала босануына байланысты демалыстар, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген, ұл-қыз асырап алған әйелдерге (ерлерге) берілетін демалыстар Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы заңнамаға сәйкес берiледi.
      Мұндай демалыстарда болудың уақыты арнайы атақтағы еңбек сiңiрген мерзiмге және лауазымдық жалақысын есептеу бойынша коэффициенттi белгiлеу өтiлiне және зейнетақы тағайындау үшiн қосылады.

      116. Күндізгі адъюнктурада оқитындардан немесе диссертациялық жұмысын аяқтау, оқулық жазу үшiн докторантурада дайындықтан өтушiлерден басқа және басқа да жағдайларда қызметкерлерге шығармашылық ақылы демалыстар уәкiлеттi орган басшысы анықтайтын тәртiппен берiледi.

      117. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне кейiнге қалдыруға болмайтын әлеуметтiк-тұрмыстық мәселелердi шешу үшiн, ең алдымен, сырқаттануына, туыстық парызын орындауға байланысты, сондай-ақ басқа да дәлелдi себептер бойынша демалыс өткiзетiн жерге баруға және керi қайтуға жолда жүру уақыты есепке алынбастан 10 күнтiзбелiк күнге дейiн қысқа мерзiмдi демалыстар берiледi. Қысқа мерзiмдi демалыс жыл сайынғы демалыс есебіне кiрмейдi.

      118. Қатардағы және басшы құрамдағы әйел адамдарға жүктiлiгi және бала босануына байланысты демалысы кезiнде ақшалай үлес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртіппен төленедi.

      119. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiн жыл сайынғы демалыстан негізсіз қайта шақырып алуға тыйым салынады. Қызметтiк қажеттiлік жағдайында демалыс беруге құқығы бар басшының жазбаша бұйрығы негiзiнде қызметкердiң келiсiмiмен оларды қайта шақыруға жол берiледi. Бұл ретте демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi қызметкердiң қалауы бойынша тиiстi жылдың кез келген уақытында берiледi. Егер демалыстың пайдаланылмаған бөлiгі 10 күнтiзбелiк күн және одан көп болса, қаржы полициясы органдарының қатардағы және басшы құрамындағы адамдарға жол жүру уақыты берiледi. Қызметкердiң қалауы бойынша демалыстың пайдаланылмаған бөлiгі келесi жылдың жыл сайынғы демалысына қосылуы мүмкiн.

      120. Қаржы полициясы органдары оқу орындарының күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын курсанттарына (тыңдаушыларына) мынадай:

      1) ұзақтығы 14 күнтізбелік күн - қысқы каникулдық демалыс;

      2) ұзақтығы 30 күнтiзбелiк күн - жазғы каникулдық демалыс;

      3) ұзақтығы 30 күнтiзбелiк күн - оқу орнын аяқтағанына байланысты демалыстар берiледi.
      Қаржы полициясы органдары оқу орындарының оқу бойынша берешегі бар курсанттарына (тыңдаушыларына) каникулдық демалыс, оқу бағдарламаларымен белгiленген демалыс өткiзу мерзiмдерiнiң шегінде, оны өтегеннен кейiн берiледi. Бұл ретте жазғы каникулдық демалыстың берiлу ұзақтығы 15 күннен кем болмауы тиіс.
      Оқу орнын күндізгі оқу нысаны бойынша бiтiруiне байланысты бітірушілерге демалыс олар қаржы полициясы органында жеке бөлу орны бойынша лауазымға тағайындалғаннан кейiн берiледi.
      Қаржы полициясы оқу орындарының курсанттарына (тыңдаушыларына) жыл сайынғы және қосымша демалыстар берiлмейдi.
      Азаматтық жоғары оқу орындарына түсушілерге түсу емтихандарын тапсыру үшін ұзақтығы 15 күнге дейiн ақшалай үлес сақталмайтын демалыс беріледi.

      121. Адъюнктураға түсушi қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне түсу емтихандарына дайындалу және оларды тапсыру үшiн ұзақтығы 15 күнтізбелік күн ақшалай үлес сақталмайтын оқу демалыстары беріледi.

      122. Қаржы полициясы органдары қызметкерлерiн зейнетақымен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      123. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне еңбек сiңiрген жылдарына қарай лауазымдық жалақысына коэффициент белгілеуге құқық беретiн жұмыс өтiлiне, қызметiндегі үзілiстерге қарамастан, мыналар есептеледi:

      1) қаржы (салық) полициясы органдарының, Iшкi iстер министрлiгiнiң, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң, Қорғаныс министрлiгiнiң, Әдiлет министрлiгінiң, Бiлiм министрлiгiнiң оқу орындарында және қаржы полициясы органдарының қызметкерлерін даярлау, қайта даярлау және білiмiн жетiлдiру жөнiндегi курстарда оқыған уақыты;

      2) қаржы полициясы, ұлттық қауiпсiздiк, бұрынғы Мемлекеттiк тергеу комитетi, iшкi iстер, прокуратура, Президенттiң Күзет қызметi, кеден қызметi, Төтенше жағдайлар министрлiгiнiң мемлекеттiк өртке қарсы қызметi, Әділет министрлiгiнiң Қылмыстық-атқару жүйесi комитетi органдарында қызмет атқарған уақыты, сондай-ақ судья ретiнде жұмыс iстеген уақыты;

      3) бұрынғы КCPO-ның (Кеңес Армиясында және Әскери-Теңіз Флотында) және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде шекаралық және iшкi әскерлерде, Республикалық ұланда және Қазақстан Республикасының басқа да әскери құрамаларында қызмет атқарған уақыты;

      4) салық полициясы (милициясы) органдарындағы жұмыс өтiлi;

      5) 1992 жылғы 1 қаңтарға дейiн Қазақ КСР-нiң және Қазақстан Республикасының партия, кәсiподақ және комсомол органдарында жұмыс iстеген уақыты;

      6) егер олар белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы мемлекеттік билiгiнің орталық органдарына iссапарға жiберiлген болса, қаржы полициясы органдары қызметкерлерiнiң қаржы полициясы органдарының кадрларында болған уақыты;

      7) мемлекеттiк қызмет өтілі;

      8) оқу орындарындағы профессорлық-оқытушылық құрамның лауазымындағы педагогикалық өтілі.

      124. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне мүгедектiгi бойынша жәрдемақы iшкi iстер органдары қызметкерлерi үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен төленедi.

      125. Қаржы полициясы органдары қызметкерлерiнiң қаза табуы (қайтыс болуы) немесе мертiгуi жағдайында Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес кепiлдiктер берiледi.

      126. Қаржы полициясы органдары қызметкерiнiң қызметтік мiндетiн орындауға байланысты оның мүлкiне келтiрiлген залалдың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен орны толтырылады.

      127. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерi қызметтiк тұрғын үй қорынан тұрғын үймен бiрiншi кезекте қамтамасыз ету құқығын пайдаланады.

      128. Қаржы полициясы органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдарына және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерiне, сондай-ақ қаржы полициясы органдарының зейнеткерлерiне медициналық және санаториялық-курорттық қызмет көрсету iшкi iстер органдарының қызметкерлерi үшiн белгіленген тәртiпте жүзеге асырылады.

      129. Қызметтiк борышын (қызметтiк мiндеттерiн) орындау кезiнде мертiккен, жарақат алған немесе ауырған және қызмет өткеретiн тұрғылықты жерi бойынша медициналық мекемелерде тиiстi бөлiмшелер, мамандар не арнайы жабдықтар болмаған жағдайда қаржы полициясы органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдары медициналық мекемелердiң қорытындысы бойынша емделуге жұмсалған шығындарын тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджеттен өтей отырып, басқа медициналық емдеу мекемелерiне емдеуге жiберiледi.

9. Қаржы полициясы органдарындағы қызметтің тоқтатылуы

      130. Қаржы полициясы органдарындағы қызметтiң тоқтатылуы және қаржы полициясы органдары қызметкерлерiн қызметтен шығару Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негiздер бойынша жүзеге асырылады.
      Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әскери қызметте болуының шектi жасына дейiн қызметте бола алады.

      131. Оң мiнездемелi, қаржы полициясы органдары қызметкерлерiнiң қызмет мерзiмiн олар қызметке жарамды болған жағдайда және олардың келiсiмiмен қатардағы және басшы құрамдағы лауазымдарға тағайындау құқығы берiлген басшылар бес жылға дейiн ұзартуы мүмкiн.
      Ерекше жағдайларда ғылыми дәрежесi немесе ғылыми атағы бар және бiлiм мекемесiнде штаттық қызметте тұрған жоғары және аға басшы құрамның адамдарына қызмет мерзiмi осындай тәртiппен бес жылға дейiн қайта ұзартылуы мүмкiн.
      Қызмет мерзiмiн ұзарту туралы мәселенi шешу кезiнде қызметкерлер олардың қызметке жарамдылығын анықтау үшiн міндеттi түрде медициналық комиссияға жiберiледi.

      132. Қызмет мерзiмiн ұзарту осы Ережеде көзделген негiздер бойынша қаржы полициясы органдары қызметкерiн қызметтен шығару мүмкiндiгiн жоққа шығармайды.

      133. Қатардағы және басшы құрамдағы қаржы полициясы органдары қызметкерлерiн қызметтен шығару оларды тағайындау құқығына ие басшылардың бұйрықтарымен жүргiзiледi.
      Егер қызметтен шығару күнi бұйрықта көрсетілмеген болса, бұйрыққа қол қойылған күн қызметкердiң қызметтен шығу күнi болып саналады.

      134. Заңның 16-бабы 2-тармағының 5), 6), 7), 9), 10), 11) тармақшаларына сәйкес қызметтен шығарылған қатардағы және басшылық құрамдағы адамдар тозуын ескере отырып, өздерiне берiлген киiм-кешектердiң құнын қайта өтейдi.

      135. Заңның 16-бабы 2-тармағының 5) және 6) тармақшаларына сәйкес қызметтен шығатын жағдайда, қаржы полициясы органдарының қызметкерлерi алдағы уақытта қызметтен шығатындықтары туралы тiкелей басшыларын немесе кадр бөлiмшелерiн алдын ала, қызметтен шығудан бір айдан кешiктiрмей, жазбаша түрде хабардар етедi.

      136. Қаржы полициясы органдарынан қызметтен шығарылған қызметкерлерге:

      1) босатылған күнiнде лауазымда болғандарға - қызметтен шығару туралы бұйрыққа сәйкес шығарылған күнiн қоса;

      2) оқу орындарының курсанттарына (тыңдаушыларына) - оқу орындарының оқушылар тiзiмiнен алынып тасталған күнiн қоса;

      3) қызметтен шығарылған күнi қаржы полициясы органдары қарамағында тұрғандарға - қызметтен шығару туралы бұйрыққа сәйкес қызметтен шығарылған күнiн қоса ақшалай үлес төлеу жүргiзiледi.

      137. Қаржы полициясы органдарының қайтыс болған (қаза тапқан), белгiленген тәртiппен хабарсыз кеткен ретiнде танылған қызметкерлерi қаржы полициясы органы және/немесе мекемесi басшысының бұйрығымен қаржы полициясы органдарының қызметкерлерi тiзiмiнен шығарылады.

10. Қаржы полициясы органдарындағы лауазымда,
арнайы атақта және қызметте қалпына келтiру

      138. Қызметте ауыстырылғаны, атқарып отырған лауазымынан босатылғаны не лауазымы төмендетілгенi, арнайы атақтан айрылғаны не арнайы атақтан төмендетiлгенi, сондай-ақ қаржы полициясы органдарынан шығарылғаны белгiленген тәртiппен заңсыз деп танылған қаржы полициясы органдарының қызметкерлерi тиiсiнше лауазымда, арнайы атақта, қаржы полициясы органдарындағы қызметiнде қалпына келтiруге жатады.

      139. Лауазымда, арнайы атақта, қаржы полициясы органдарындағы қызметiнде қалпына келтiру үшiн қызметтiк тергеу нәтижелерi бойынша қорытынды немесе соттың күшiне енген тиiстi шешiмi негіздеме болып табылады.

      140. Заңсыз шығарылған және қаржы полициясы органдарындағы қызметiне қайта алынған қызметкерлерге шығарылған сәтiнен қайта алу туралы бұйрыққа қол қойылған күнге дейiнгi уақыт кезекті арнайы атақ беру, лауазымдық жалақысын есептеу жөнiндегi коэффициенттi белгiлеу және зейнетақы тағайындау үшiн еңбек сiңiрген жылдарын есептеу кезiнде ескерiлетiн үзiлiссiз қызмет өтiлiне есептеледi.
      Соттың айыптау үкiмi заңды күшiне енуiне байланысты қызметтен босатылған, ал одан соң Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен ақталған, сондай-ақ қызметiнен заңсыз ауыстырылған, лауазымы немесе арнайы атағы төмендетiлген, органдардан шығарылған қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне келтiрiлген залалдың орнын толтыру Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      141. Қызметiн ауыстыру, лауазымын төмендету, арнайы атағын төмендету, қаржы полициясы органдарынан шығару туралы заңды бұза отырып шешiм қабылдаған немесе лауазымын, арнайы атағын, қаржы полициясы органдарындағы қызметiн қалпына келтiру туралы шешiмiнiң орындалуын кiдiрткен қаржы полициясы органдарының лауазымды адамы тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қызметiнен заңсыз немесе негiзсiз ауыстырылу, лауазымы төмендетiлу не арнайы атағы төмендетiлу, қаржы полициясы органдарынан шығарылу себебiнен қызметкерге төленген төлемдерге байланысты қаржы полициясы органдарына келтiрiлген залалдың орнын толтырады.

11. Қаржы полициясы органдарында қызмет
өткерудiң өзге де шарттары

      142. Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Қорғаныс министрлiгi, Iшкi iстер министрлiгi, Төтенше жағдайлар министрлiгi, Әдiлет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесi комитетi, кеден қызметi, прокуратура органдарының қаржы полициясы органдарына қызметке кiрген әскери қызметшiлерi мен қызметкерлерiне олар басшы құрамның тиiстi лауазымдарына тағайындалғаннан кейiн, әскери және арнайы атақтары ескеріле отырып, қаржы полициясы органдарының арнайы атақтары берiледi. Қаржы полициясы органдарындағы еңбек сiңiрген жылдары, олардың запаста болған мерзiмдерiн қоспағанда, әскери және еңбек қызметiне байланысты үзiлiстерiне қарамастан, әскери және арнайы атақтар, сыныптық шендер берiлу көзделетiн лауазымдарда жұмыс істеген уақыты ескерiлiп есептелiнедi.

      143. Қаржы полициясы органдары қызметкерлерiнiң соғыс уақытында және төтенше жағдайлар енгізiлген жерлерде қызмет өткеру ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.

      144. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерi қаржы полициясы органдары жеке құрамының тiзiмдерiнен шығарыла отырып, одан әрi қызмет өткеру үшiн Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Iшкi iстер министрлiгi, Төтенше жағдайлар министрлiгi, Әдiлет министрлiгiнiң Қылмыстық-атқару жүйесi комитетi, кеден қызметi органдарына, сондай-ақ Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң құқық қорғау органдарына (халықаралық шарттардың негiзiнде) жазбаша баяны негiзiнде қызметке жiберілуi мүмкiн.

      145. Қаржы полициясы органдарында қызмет өткеруге тiкелей бақылауды белгіленген өкiлеттер шегiнде қаржы полициясы органдары мен мекемелерiнiң басшылары жүзеге асырады.