Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін аттестациядан өткізу туралы үлгі ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 8 шілдедегі N 1612 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 19 желтоқсандағы № 61 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Президентінің 19.12.2022 № 61 Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметін одан әрі жетілдіру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін аттестациядан өткізу туралы үлгі ереже (бұдан әрі - Үлгі ереже) бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының басшылары өз актілерін Үлгі ережеге сәйкес келтірсін және осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қолдансын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының
Президенті



  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2005 жылғы 8 шілдедегі
№ 1612 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының
қызметкерлерін аттестаттаудан өткізу туралы
ҮЛГІ ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Үлгі ереже жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 21.12.2016 № 390 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Үлгі ереже (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының, құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының және құқық қорғау органдары мемлекеттік мекемелерінің қызметкерлерін (бұдан әрі – қызметкерлер) аттестаттаудан өткізудің ұйымдастырылуын айқындайды.

      2. Қызметкерлерді аттестаттау (бұдан әрі – аттестаттау) – олардың кәсіптік даярлығы деңгейін, құқықтық мәдениетін және азаматтармен жұмыс істеу қабілетін айқындау жөнінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын рәсім.

      3. Қызметкерлер құқық қорғау органдары жүйесінде үздіксіз қызметте болған әрбір үш жыл сайын аттестаттаудан өтеді. Бұл ретте аттестаттау көрсетілген мерзім басталған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс.

      Егер аттестатталуға тиіс қызметкерлер жаңа лауазымдарға тағайындалса, олар тағайындалғаннан кейін бір жылдан соң аттестаттаудан өтеді. Тең дәрежелі лауазымға тағайындалған кезде, егер ол функционалдық міндеттерінің өзгеруіне әкеп соқпаса, бұл мерзім есепке алынбайды.

      Аттестаттау кезінде қызметкердің құқық қорғау органдары жүйесіндегі қызметтен босатылған күн мен оның құқық қорғау органдары жүйесіне қызметке қабылданған күнге дейін үш айдан артық уақыт өтпесе, онда көрсетілген кезеңде өзге заңды (мемлекеттік органдарды қоспағанда) және жеке тұлғалармен еңбек қатынасы болмаған жағдайда, құқық қорғау органдары жүйесінде қызметте болған уақыты үздіксіз қызмет деп есептеледі.

      4. Құқық қорғау органының басшысы және оның орынбасарлары, сондай-ақ құқық қорғау органдарында кемінде жиырма жыл қызмет өтілі бар қызметкерлер аттестаттауға жатпайды.

      Қызметкерлер қатарындағы әйелдер жүктілігі және баланы күту үшін берілген демалыс мерзімінде аттестатталынбайды. Олар қызметке шыққаннан соң, кемінде алты айдан кейін және бір жылдан кешіктірілмей аттестатталынады.

      5. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау бойынша мемлекеттік тапсырыстың шеңберінде білім беру ұйымдарында оқып жатқан қызметкерлер оқу аяқталғаннан кейін, бірақ құқық қорғау органдарының жүйесіндегі лауазымға тағайындалғаннан соң кемінде бір жыл мерзімнен кейін аттестаттаудан өтеді.

      Мемлекеттік органдарға іссапарға жіберілген қызметтердің аттестатталуы тиісті мемлекеттік органдардың жұмыскерлері үшін белгіленген тәртіпте жүргізіледі, ал халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген қызметкерлер халықаралық ұйымдардан қайтып келгеннен кейін, бірақ құқық қорғау органдарының жүйесіндегі лауазымға тағайындалғаннан соң кемінде бір жыл емес мерзімнен кейін аттестаттаудан өтеді.

      6. Аттестаттау бірқатар дәйекті кезеңдерді:

      1) аттестаттау өткізуге дайындықты;

      2) кәсiптiк жарамдылығын айқындау бойынша белгiленген нормативтердi тапсыруды;

      3) аттестаттауға жатқызылған қызметкердің Қазақстан Республикасы заңнамасын білуін және логикалық ойлау қабілетін компьютерлік тесттен өткізуді;

      4) полиграфологиялық зерттеуден өткізуді;

      5) қызметкермен аттестаттау комиссиясы өткізетін әңгімелесуді;

      6) аттестаттау комиссиясының шешім шығаруын қамтиды.

2. Аттестаттау өткізуге дайындықты ұйымдастыру

      7. Аттестаттаудың өткізу мерзімі басталғанда құқық қорғау органы, құқық қорғау органының білім беру ұйымы және құқық қорғау органының мемлекеттік мекемесі басшысының немесе уәкiлеттi басшының тапсырмасы бойынша тиісті кадр қызметтері аттестаттау өткізуге дайындықты ұйымдастырады.

      Дайындық:

      1) аттестаттау өткізудің кестесін және аттестатталуға тиіс қызметкерлердің тізімін әзірлеуді;

      2) аттестаттау өткізудің мақсаты мен тәртібі туралы түсіндіру жұмысын ұйымдастыруды;

      3) тесттен өткізу мерзімдерін және орнын айқындауды;

      4) аттестатталушы қызметкерлердің қажетті құжаттарын (қызметтік тізім, бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші, қызметтік мінездеме) дайындауды қамтиды.

      Тесттен өтудің тәртібі мен шарттары, кәсіптік жарамдылығын айқындау жөніндегі нормативтер, сондай-ақ лауазымдардың санаттары үшін шекті мәндер (бұдан әрі – шекті мәндер) құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.

      Полиграфологиялық зерттеуден өту тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      8. Құқық қорғау органы, құқық қорғау органы білім беру ұйымының және құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің кадр қызметі аттестатталуға тиіс қызметкерлерді алты ай ішінде бір рет айқындайды.

      9. Басшы аттестатталуға тиіс қызметкерлердің тізімін және оны өткізу мерзімдерін кадр қызметінің ұсынуы бойынша бекітеді.

      10. Кадр қызметі аттестаттау өткізу мерзімі туралы оны өткізудің басталуынан кемінде бір ай бұрын қызметкерлерді жазбаша хабардар етеді.

      11. Аттестатталуға тиіс қызметкердің тікелей басшысы осы Ереженің 1-қосымшасына сәйкес аттестатталуға тиіс қызметкерге берілетін қызметтік мінездеменің үлгі нысандағы қызметтік мінездемесін ресімдеп, оны аттестаттау комиссиясының отырысына дейінгі үш апта мерзімнен кешіктірмей кадр қызметіне жолдайды.

      12. Қызметтік мінездеме аттестатталуға тиіс қызметкердің құқық қорғау органдары жүйесіндегі қызметте үзіліссіз үш жыл болуы және одан кейінгі аттестаттау өткізіліп отырған мерзімге дейінгі кезең ішіндегі кәсіптік, жеке басының қасиеттері мен қызметтік әрекеті нәтижелерінің объективті және негізделген бағасын қамтуға тиіс.

      Егер осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген уақытта қызметкер құқық қорғау органының басқа құрылымдық бөлімшесінде (құқық қорғау органы мекемесінде (ұйымында)) немесе басқа құқық қорғау органында (құқық қорғау органы мекемесінде (ұйымында)) жұмыс істесе, кадр қызметі аттестатталушы қызметкер туралы ақпаратты құқық қорғау органының басқа құрылымдық бөлімшесінен немесе басқа құқық қорғау органынан (құқық қорғау органы мекемесінен (ұйымынан)) сұратады.

      13. Тікелей басшы қызметкерді өзіне берілген қызметтік мінездемемен аттестаттау комиссиясының отырысына дейінгі екі апта мерзімнен кешіктірмей оған қол қойғыза отырып, таныстыруға міндетті.

      14. Қызметкер өзіне берілген қызметтік мінездемемен келіспейтіні туралы мәлімдеуге және өзін сипаттайтын қосымша ақпаратты кадр қызметіне беруге құқылы.

      Қызметкердің өзін сипаттайтын қосымша ақпараты бар, қызметтік мінездемесімен келіспеу туралы жазбаша өтініші аттестаттау комиссиясы төрағасының атына беріледі және кадр қызметіне аттестаттау комиссиясының отырысына дейінгі жеті жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады.

      15. Кадр қызметі жиналған аттестаттау құжаттарын (қызметтік мінездеме, қызметтік тізім, бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші, кәсіптік жарамдылығын айқындау жөніндегі белгіленген нормативтерді тапсыру нәтижелері, Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге және логикалық ойлау қабілеті бойынша тест нәтижелері, полиграфологиялық зерттеу нәтижелері бойынша қорытынды және осы Ереженің 12 және 14-тармақтары бойынша көрсетілген өзге де ақпарат болған жағдайда) аттестаттау комиссиясына оның отырысына дейінгі бір аптадан кешіктірілмейтін мерзімде жібереді.

3. Аттестаттау комиссиясы

      16. Аттестаттау комиссиясы кадр қызметінің ұсынуы бойынша басшының бұйрығымен құрылады.

      Аттестаттау комиссиясының төрағасы мүшелерінің арасынан тағайындалады.

      Аттестаттау комиссиясының құрамына кемінде бес мүше кіруге тиіс.

      Аттестаттау комиссиясының қатыспаған мүшелерін алмастыруға болмайды.

      Аттестаттау комиссиясының хатшысы кадр қызметі басшысы белгілейтін кадр қызметінің өкілі болады.

      Аттестаттау комиссиясының хатшысы оның жұмысын ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етеді және ол дауыс беруге қатысуға құқылы емес.

      17. Құқық қорғау органының, құқық қорғау органы білім беру ұйымының немесе құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің жұмыс бағыттарына қарай бірнеше аттестаттау комиссиясы құрылуы мүмкін.

      18. Аттестаттау комиссиясының басшысы мен оның мүшелері аттестатталуға тиіс қызметкерлермен бірдей немесе неғұрлым жоғары лауазымда болуға тиіс.

      19. Аттестаттау комиссиясының құрамына құрылымдық бөлімшелердің басшылары, кадр қызметтерінің өкілдері (не осы бөлімшелер есеп беретін адамдар), сондай-ақ аттестаттаудан өтетін қызметкерлерді қоспағанда, құқық қорғау органының, құқық қорғау органы білім беру ұйымының немесе құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің өзге де қызметкерлері кіреді.

      20. Аттестаттау комиссиясының отырысына құрамының кемінде үштен екісі қатысса, оның заңдық күші бар деп есептеледі.

      21. Аттестаттау комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оған отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясының мүшелері санының көпшілігі дауыс берсе, шешім қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда, аттестаттау комиссиясының төрағасы жақтап дауыс берген шешім қабылданды деп саналады.

      22. Аттестаттау комиссиясының шешімі қызметкерді кадр резервіне қоюға, қызметкерді жоғары лауазымға ұсынуға, қызметкердің лауазымын төмендетуге немесе оны жұмыстан босатуға негіз болып табылады.

      23. Қызметкер аттестаттау комиссиясының шешіміне бір ай мерзімде құқық қорғау органының, құқық қорғау органы білім беру ұйымының және құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің басшысына немесе уәкiлеттi басшыға және (немесе) сот тәртібімен шағымдана алады.

4. Аттестаттау кезіндегі әңгімелесу

      24. Тесттен өткен кезде шекті мәннен жоғары баға алған прокуратура органдарының қызметкерлерін қоспағанда, бастапқы аттестаттауда немесе қайта аттестаттауда кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсырған қызметкерлер әңгімелесуге жіберіледі.

      Кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсырмаған не тесттен өту кезінде шекті мәннен төмен баға алған қызметкерлер әңгімелесуге жіберілмейді және аттестаттау комиссиясының шешімімен "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Заң) және осы Ережеде айқындалған тәртіппен қайта аттестатталуға тиіс.

      25. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олар туралы ақпарат жариялауға жатпайтын құқық қорғау қызметкерлерін қоспағанда, әңгімелесуге жіберілген аттестатталушы қызметкерлердің тізімі құқық қорғау органдарының, құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының және құқық қорғау органдары мемлекеттік мекемелерінің ақпараттық стенділерінде немесе интернет-ресурстарында орналастырылады.

      26. Аттестаттау комиссиясының отырысында аттестатталушы қызметкермен әңгімелесу жүргізіледі.

      27. Аттестаттау комиссиясы жұмысының ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін оның отырысына үшеуден аспайтын байқаушылар тартылады.

      Қазақстан Республикасы Парламентінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері байқаушылар бола алады.

      Тиісті аттестаттау комиссиясы құрылған құқық қорғау органы, құқық қорғау органы білім беру ұйымының және құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің басшыларына бұрын бағынысты болған адам байқаушы ретінде аттестаттау комиссияның жұмысына тартылмайды.

      Аттестаттау комиссиясы отырысын өткізуден бір апта бұрын құқық қорғау органының, құқық қорғау органы білім беру ұйымының және құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің интернет-ресурсында әңгімелесудің өту күні мен уақыты туралы хабарландыру жарияланады.

      Байқаушы ретінде аттестаттау комиссиясына қатысатын адам тиісті құқық қорғау органына осы Ереженің 2-қосымшасындағы нысанға сәйкес оның жеке басын куәландыратын құжаттың, сондай-ақ оның қоғамдық бірлестікке тиесілігін растайтын құжаттардың көшірмелері қоса берілген жазбаша өтініш беріледі.

      Өтініш аттестаттау комиссиясының отырысы өтетін орны мен күні туралы хабарландыру жарияланғаннан кейін, бірақ оның басталуына дейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмей беріледі.

      Әңгімелесу өткізілетін күні, өтініш берген алғашқылардың қатарынан байқаушылар ретінде анықталған адамдар жеке басын куәландыратын және қоғамдық бірлестіктерге тиесілігін растайтын құжаттардың түпнұсқаларын ұсыну арқылы кадр қызметінде тіркеледі.

      Байқаушы ретінде қатысуға өтініш берген адамдарға аттестаттау комиссиясы отырысына қатысуға рұқсат етілгені немесе бас тартылғаны туралы хабарлауды телефон арқылы, олардың электрондық мекенжайына және ұялы телефондарына ақпарат жолдау арқылы кадр қызметі жүзеге асырады.

      Байқаушылар әңгімелесу процесінде аттестатталатын қызметкерлерге сұрақтар қоймайды. Байқаушылардың аттестаттау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасауына, аттестатталушы қызметкерлердің дербес деректеріне қатысты мәліметтерді жария етуіне жол берілмейді.

      Аттестаттау комиссиясының хатшысы байқаушыларды әңгімелесу басталғанға дейін осы Ереженің 3-қосымшасына сәйкес нысандағы байқаушыларға арналған Жадуалмен таныстырады.

      28. Отырыс барысында аттестаттау комиссиясы ұсынылған материалдарды зерделейді, аттестатталушы қызметкерді тыңдайды. Аттестатталушыға қойылатын сұрақтар он бестен аспайды.

      Аттестатталатын қызметкерге қойылатын сұрақтар оның кәсіптік даярлығының, құқықтық мәдениетінің деңгейін және азаматтармен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталуға тиіс.

      Әңгімелесу кезiнде аттестаттау комиссиясы аттестатталатын қызметкердің функционалдық міндеттеріне сүйенедi. Қажет болған жағдайда стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды, сондай-ақ аттестатталушы қызметкердің қызметін регламенттейтін өзге құжаттарды білу деңгейі айқындалады.

      29. Әңгімелесу сыпайылық және жанашырлық жағдайында өту тиіс.

      Әрбiр қатысушымен әңгімелесу техникалық жазба құралдары (аудио-, бейнежазба) көмегімен тіркеледі.

      Әңгімелесу барысында техникалық жазба құралдарының көмегімен тіркелген материалдар үш жыл бойы кадр қызметінде сақталады.

      30. Аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелді себептермен қатыспаған қызметкерлер қызметке шыққаннан кейін әңгімелесуден өтеді.

      Аттестаттау комиссиясының отырысына қызметкер дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда, аттестаттау комиссиясы қызметкерді қайта аттестаттау туралы шешім қабылдайды.

      31. Аттестаттау комиссиясы әңгімелесудің қорытындысы бойынша:

      1) атқаратын лауазымына сәйкес және кадр резервіне қоюға немесе жоғары тұрған лауазымға ұсынылады;

      2) атқаратын лауазымына сәйкес;

      3) қайта аттестатталуға тиіс;

      4) атқаратын лауазымына сәйкес емес және лауазымын төмендетуге ұсынылады деген шешімдердің бірін қабылдайды.

      Аттестаттау комиссиясы шешім қабылдау кезінде аттестатталушы қызметкерге қойылған сұрақтарға жауаптардың дұрыстығы мен толықтығын, қызметтік мінездемесін, бәсекеге қабілеттілік көрсеткішін, Қазақстан Республикасының заңнамасын білу және логикалық ойлау қабілеті жөніндегі тесттің нәтижелерін, полиграфологиялық зерттеу нәтижелері бойынша қорытындыны және болған жағдайда осы Ереженің 12 және 14-тармақтарыбойынша көрсетілген өзге де ақпаратты ескереді.

      32. Аттестаттау комиссиясы мүшелерінің шешімі осы Ереженің 4-қосымшасына сәйкес нысандағы Дауыс беру парағына енгізіледі.

      33. Аттестаттау комиссиясының шешімі үш жұмыс күні ішінде, оның отырысына қатысқан аттестаттау комиссиясының мүшелері мен хатшысы қол қойған хаттамамен ресімделеді.

      34. Кадр қызметі аттестаттау комиссиясының шешімін аттестатталуға тиіс қызметкердің осы Ереженің 5-қосымшасына сәйкес Аттестаттау парағына енгізеді. Аттестатталушы қызметкер шешім қабылданған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде қолын қоя отырып танысады.

      Аттестаттаудан өткен қызметкердің аттестаттау парағы және оның қызметтік мінездемесі жеке ісінде сақталады.

      35. Тесттің не кәсіптік жарамдылықты айқындау бойынша нормативтер тапсырудың нәтижелерін бұрмалау фактілері анықталған жағдайда, жоғары тұрған аттестаттау комиссиясы немесе құқық қорғау органының жоғары тұрған басшысы аттестаттау комиссиясы шешімінің күшін жоюға тиіс.

      Аталған аттестаттау комиссиялары құрылған құқық қорғау органдарының, қорғау органдары білім беру ұйымдарының немесе құқық қорғау органдары мемлекеттік мекемелерінің басшылары бір-біріне қатысты жоғары және төмен тұрған лауазымды адам болған жағдайда, аттестаттау комиссиялары бір-біріне қатысты жоғары және төмен тұрған болып келеді.

5. Қайта атестаттау

      36. Қайта аттестаттау бастапқы аттестаттау өткен күнінен бастап, үш ай өткеннен кейін және алты айдан кешіктірілмей Заңда және осы Ережеде айқындалған тәртіппен өткізіледі.

      37. Қайта аттестаттау кезінде кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсырмаған не тесттен өту кезінде шекті мәннен төмен баға алған қызметкерлер, сондай-ақ аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда, аттестаттау комиссиясының шешімі бойынша Заңда және осы Ережеде айқындалған тәртіппен лауазымынан төмендетілуге немесе жұмыстан босатылуға ұсынылады.

      38. Аттестаттау комиссиясы қайта аттестаттау өткізіп, мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) атқаратын лауазымына сәйкес;

      2) атқаратын лауазымына сәйкес емес және лауазымын төмендетуге ұсынылады;

      3) лауазымына сәйкес емес және жұмыстан босатылуға ұсынылады.

      39. Аттестаттау комиссиясы жұмыстан босату туралы ұсыныммен қызметкердің атқаратын лауазымына сәйкес еместігі туралы қабылдаған шешімі аттестаттаудың теріс нәтижесі болып табылады.

  Қазақстан Республикасы
құқық қорғау органдарының
қызметкерлерін аттестаттаудан
өткізу туралы үлгі ережеге
1-ҚОСЫМША

Аттестатталуға тиіс қызметкерге берілетін
қызметтік мінездеменің
ҮЛГІ НЫСАНЫ

      (қызметкердің тікелей басшысы толтырады)

      Қызметкердің Т.А.Ж. ____________________________________

      Лауазымы _______________________________________________

      Тағайындалған күні _____________________________________

      Арнаулы атағы, сыныптық шені немесе біліктілік сыныбы ______

      1. Лауазымдық міндеттерін орындауы (шешілуіне қызметкер қатысқан негізгі мәселелердің тізбесі беріледі; қызметтік міндеттерін тиімді және мұқият орындауы, шығармашылық бастамашылығы, азаматтармен жұмыс істеуі бағаланады және т.б.).

      2. Мемлекеттік органның қызметі аясында стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды білуі, кәсіби білімін, сондай-ақ қызметтік міндеттеріне кіретін болса, коммуникациялық және ақпараттық технологияларды қолдануы (стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды білуі, кәсіби білімі, коммуникациялық және ақпараттық технологияларды білу деңгейі, оларды жұмыста қолдануы сипатталады және т.б.).

      3. Заңдылықты, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін, сондай-ақ мемлекеттік және еңбек тәртібін сақтауы (тәртіптік жазалары туралы, заңдылықты, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін, сондай-ақ мемлекеттік және еңбек тәртібін, ішкі қызмет тәртібін сақтауы туралы мәліметтер көрсетіледі және т.б.).

      4. Жеке басының қасиеттері (қызметкердің жеке басының қасиеттері сипатталады: тіл табысқыштығы, азаматтармен жұмыс істей білуі, өзін-өзі жетілдіру қабілеті, көшбасшылығы және т.б.).

      5. Қызметкер жұмысын қорытынды бағалау (қызметкер туралы тікелей басшысының пікірі көрсетіледі: атқарған лауазымына сәйкес немесе сәйкес емес, жоғары немесе төмен лауазымға ұсынылуы мүмкін және т.б.).

      6. Өзге мәліметтер. *

      Басшының Т.А.Ж.____________________________

      лауазымы _________________________________________

      Арнаулы атағы, сыныптық шені немесе біліктілік

      сыныбы _________________________________

      Күні 20__ жылғы "__"__________

      _________________________

      * Қызметтік мінездемеге құқық қорғау органдарының ерекшелігіне байланысты толықтырулар енгізілуі мүмкін.

  Қазақстан Республикасы
құқық қорғау органдарының
қызметкерлерін аттестаттаудан
өткізу туралы үлгі ережеге
2-ҚОСЫМША

      Нысан

      Аттестаттау комиссиясының төрағасы

      _________________________

      (құқық қорғау органының атауы)

Байқаушы ретінде қатысуға өтініш

      Мені __________________ өтетін ____________________________

      (күнін, уақытын көрсету) (құқық қорғау органының атауы)

      аттестаттау комиссиясының отырысына байқаушы ретінде қатысуға жіберуіңізді сұраймын.

      Т.А.Ж., лауазымы Қойған қолы

      Байланыс деректері:

      Телефон: _______________________

      E-mail: _________________________

      Мекенжайы: ____________________

  Қазақстан Республикасы
құқық қорғау органдарының
қызметкерлерін аттестаттаудан
өткізу туралы үлгі ережеге
3-ҚОСЫМША

Байқаушыға арналған жадуал

      Байқаушы:

      1. аттестатталушылар туралы ақпаратпен танысуға;

      2. әңгімелесуге олармен бірге қатысуға;

      3. әңгімелесу аяқталғаннан кейін оны өткізу барысы туралы өзінің пікірін айтуға;

      4. әңгімелесуді жүргізу барысына жалпы баға беруге;

      5. аттестаттау комиссиясы отырысының хаттамаларымен танысуға;

      6. мемлекеттік органның басшылығына аттестаттау комиссиясының жұмысы туралы өзінің пікірін жазбаша түрде ұсынуға құқылы.

      Байқаушы:

      1. аттестатталушылардың дербес деректерін жария етуге;

      2. әңгімелесуді өткізу барысына араласуға, аттестаттау комиссиясы отырысының барысына бөгет жасауға;

      3. аттестатталушыларға қандай да бір көмек көрсетуге;

      4. аттестаттау комиссиясының мүшелері шешім шығарған кезде оларға ықпал етуге;

      5. жекелеген аттестатталушылар туралы, олардың жеке басының қасиеттері туралы жария түрде пікірін білдіруге немесе бағалауға құқылы емес.

  Қазақстан Республикасы
құқық қорғау органдарының
қызметкерлерін аттестаттаудан
өткізу туралы үлгі ережеге
4-ҚОСЫМША

      Нысан

ДАУЫС БЕРУ ПАРАҒЫ

      Т.А.Ж.

Арнаулы атағы, сыныптық шені немесе біліктілік сыныбы Т.А.Ж., аттестатталуға тиіс қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың лауазымы

Аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдары

Қолы

1


1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді және кадр резервіне қабылдауға немесе жоғары тұрған лауазымға жылжытуға ұсынылады


2) атқаратын лауазымына сәйкес келеді


3) қайта аттестаттауға жатады


4) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және лауазымын төмендету ұсынылады


5) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және лауазымын босату ұсынылады*


      *Ескертпе: қайта аттестаттау және кезектен тыс аттестау кезінде ғана қолданылады.

  Қазақстан Республикасы
құқық қорғау органдарының
қызметкерлерін аттестаттаудан
өткізу туралы үлгі ережеге
5-ҚОСЫМША

      Нысан

Аттестатталуға тиіс қызметкердің аттестаттау парағы

      1. Т.А.Ж. _______________________________________________

      2. Аттестаттау кезінде атқаратын лауазымы

      _______________________________________________________

      3. Арнаулы атағы, сыныптық шені немесе біліктілік сыныбы

      _______________________________________________________

      4. Аттестаттау комиссиясының шешімі

      _______________________________________________________

      5. Өзге мәліметтер* _______________________________________

      Аттестаттау комиссиясының төрағасы ________________________

      (қойған қолы)

      Аттестаттау комиссиясының хатшысы _______________________

      (қойған қолы)

      Аттестаттау өткізілген күн 20__ж. "__"_______________________

      Аттестаттау парағымен таныстым __________________________

      (қызметкердің қойған қолы және күні)

      МО

      *Аттестаттау парағына құқық қорғау органдарының ерекшелігіне байланысты толықтырулар енгізілуі мүмкін.