"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігіне тексеру туралы

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2021 жылғы 4 маусымдағы № 1 нормативтік қаулысы

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, Төраға Қ.Ә. Мәми, Кеңес мүшелерi А.Қ. Дауылбаев, В.А. Малиновский, И.Д. Меркель, Р.Ж. Мұқашев, Ә.А. Темірбеков және У. Шапак қатысқан құрамда:

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі – Қазақстан Республикасының Әділет министрі М.Б. Бекетаевтың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты А.И. Лукиннің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілі – Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің Төрағасы Қ.С. Мусиннің,

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы С.Ә. Жармұхамбетованың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары Б.Н. Асыловтың,

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары М.Ө. Қалқабаевтың,

      Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары О.А. Бектеновтің,

      Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі Төрағасының орынбасары Ж.Ф. Елемесовтің,

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Қ.И. Сөнтаевтың,

      Республикалық нотариаттық палатаның төрайымы Ә.Б. Жанабилованың,

      Қазақстан Республикасы Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының басқарма төрағасы Е.Е. Ибраевтың,

      Республикалық адвокаттар алқасының өкілдері – адвокаттар Д.Қ. Қанафиннің және С.Ә. Мусиннің,

      адвокат, Алматы облысы адвокаттар алқасының мүшесі А.М. Омарованың,

      адвокат, Алматы облысы адвокаттар алқасының мүшесі Н.Ж. Сиқымбаевтың,

      Нұр-Сұлтан қаласы заң консультанттары палатасының төрағасы Ә.Ә. Ысқақовтың,

      "Kazakhstan Bar Association" заң консультанттары палатасының төрағасы Ж.С. Елубаевтың,

      "СТАТУС" заң консультанттары палатасының төрағасы, "Қазақстандық заң консультанттары палаталарының қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігі кеңесінің төрағасы Р.А. Жусанғалиевтің,

      Алматы қаласы заң консультанттары палатасының төрағасы Б.Е. Мақұлбаевтың,

      Атырау облысы заң консультанттары палатасының төрағасы Н.А. Мүбарактың,

      Павлодар облысы заң консультанттары палатасының төрайымы С.Т. Қайдарованың,

      Қарағанды облысы заң консультанттары палатасының Басқарма мүшесі А.В. Бочаровтың қатысуымен

      өзінің ашық отырысында бейнеконференцбайланыс режимінде Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К. Тоқаевтың "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігіне тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі И.Д. Меркельдің хабарламасын, отырысқа қатысушылардың, сарапшылар – заң ғылымдарының докторы, профессор С.Т. Тыныбековтің және заңгер Б.А. Райысованың сөйлеген сөздерін тыңдап, сарапшылар – PhD докторы, Нұр-Сұлтан қаласы Адвокаттар алқасының адвокаты А.М. Қоғамовтың және заң ғылымдарының кандидаты, доцент Р.М. Жәмиеваның қорытындыларымен танысып, Республикалық адвокаттар алқасының, Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының, Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің, Каспий университетінің, Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының қорытындыларын, жекелеген адвокаттардың, заң консультанттарының, олардың палаталары мен қауымдастықтарының бастамашылық қорытындыларын, конституциялық іс жүргізудің басқа да материалдарын зерделеп, жекелеген шет елдердің заңнамасы мен практикасын талдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі

анықтады:

      Республика Парламенті "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын 2021 жылғы 8 сәуірде қабылдап, Мемлекет басшысының қол қоюына 2021 жылғы 13 сәуірде ұсынған.

      Қазақстан Республикасының Президенті Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Конституциялық Кеңеске аталған заңды оның Республика Конституциясына сәйкестігі тұрғысынан қарау туралы өтініш жолдады.

      Көрсетілген заңның конституциялылығын тексерген кезде Конституциялық Кеңес мынаны негізге алды.

      1. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғырту шеңберінде, оның ішінде мемлекеттік қызметтер көрсету және мемлекеттік қызметтің жекелеген түрлерін (қылмыстық қудалау, сот төрелігі және басқалар) іске асыру кезінде цифрлық технологиялар қолданылуының тереңдеуіне негізделген, адамның және азаматтың бірқатар конституциялық құқықтары мен бостандықтарын іске асыру және қорғау тетіктері мен кепілдіктерін заңнамалық реттеуді жетілдіруге бағытталған. Онда үш кодекс пен алты заңға: Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексіне, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне және Қазақстан Республикасының "Нотариат туралы", "Коммерциялық емес ұйымдар туралы", "Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы", "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы", "Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы" және "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" заңдарына түзетулер енгізу көзделеді.

      Парламент заңдарда жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігіне, сондай-ақ меншік режиміне және өзге де мүліктік құқықтарға, сот құрылысы мен сот ісін жүргізу мәселелеріне қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілеуге құқылы (Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 1), 2) және 6) тармақшалары).

      2. Конституцияның 13-бабының 3-тармағында бекітілген білікті заң көмегін алу құқығы әрбір адамның өзі заңдық маңызы бар әрекеттер жасаған кезде жоғары білікті заңгерлердің кәсіби көмегін пайдалану мүмкіндігін көздейді. Білікті заң көмегінің жария-құқықтық мәні оның Негізгі Заңда бекітілген сот арқылы қорғалу құқығын және сот төрелігі қағидаттарын іске асырумен тығыз байланысты екендігін де білдіреді.

      Конституциялық Кеңес өзінің қорытынды шешімдерінде құқықтардың немесе бостандықтардың нақты бір түрінің конституциялық деңгейге дейін көтерілуі және Конституцияда оның кепілділігінің жариялануы мемлекеттің осы құқықтар мен бостандықтарды іске асыруды қамтамасыз ету міндетін өзіне жүктейтінін білдіреді, деп атап көрсеткен болатын (1999 жылғы 12 наурыздағы № 3/2, 2004 жылғы 20 сәуірдегі № 3, 2005 жылғы 29 сәуірдегі № 3 нормативтік қаулылар).

      Мемлекет, осы саладағы өз міндеттемелерін орындай отырып, жеке адамның көрсетілген құқығына кепілдік беру үшін де, білікті заң көмегін көрсететін тұлғалар қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету үшін де тиісті жағдайлар жасау мақсатында қажетті нормативтік-құқықтық, ұйымдастырушылық және өзге сипаттағы шараларды қабылдауы тиіс. Демек, Республика Парламенті заң көмегін көрсету жүйесін құқықтық реттеудің нақты модельдерін, ал осындай жария-құқықтық сипаттағы қызметті жүзеге асырғысы келетін адамдар үшін міндетті талаптарды, шарттар мен шектеулерді айқындауға құқылы.

      Заңнамалық шаралар адам құқықтарын қорғау және іске асыру мақсатында заң қызметін кәсіптік негізде жүзеге асыратын адвокатура, нотариат сияқты және басқа да мемлекеттік емес институттардың құқықтық мәртебесін, ұйымдастырылуын және қызмет нысаналарын регламенттей алады. Бұл ретте заң шығарушының қалауы шектеусіз емес, ол жеке және жария мүдделердің, мемлекеттік реттеу мен өзін-өзі реттеудің ақылға қонымды теңгерімін, сот ісін жүргізудің тиісті түрлеріндегі заңгерлердің рөлі мен жұмыс қағидаттарын, кәсіптік, өзін-өзі басқаратын және өзін-өзі қаржыландыратын коммерциялық емес ұйымдар ретіндегі адвокаттар алқаларының, нотариаттық палаталар мен заң консультанттары палаталарының құқықтық жағдайын және басқа да факторларды ескере отырып, диспозитивтік және императивтік әдістердің оңтайлы үйлесуін қамтамасыз етуге бағытталуға тиіс.

      Конституциялық Кеңестің осы құқықтық ұстанымдары жалпыға бірдей танылған халықаралық актілердің ережелеріне де негізделген.

      Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1966 жылғы 16 желтоқсанда қабылдаған және 2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде белгіленгендей, осы Пактіге қатысушы әрбір мемлекет: осы Пактіде танылған құқықтары мен бостандықтары бұзылған кез келген адамға тиімді құқықтық қорғау амалын қамтамасыз етуге; құқығын қорғауды талап еткен кез келген адамның құқықтық қорғалу құқығы құзыретті сот, әкімшілік, заң шығару биліктері немесе мемлекеттің құқықтық жүйесінде көзделген кез келген басқа да құзыретті орган арқылы белгіленуін және сот арқылы қорғалу мүмкіндігінің дамуын қамтамасыз етуге міндеттенеді (2-баптың 3-тармағының а) және b) тармақшалары).

      Біріккен Ұлттар Ұйымының Қылмыстылықтың алдын алу және құқық бұзушылармен қарым-қатынас жөніндегі Сегізінші Конгресі қабылдаған, заңгерлердің рөліне қатысты Негізгі қағидаттарға сәйкес, барлық адамдар пайдалануы тиіс адамның құқықтары мен негізгі бостандықтарының тиісті түрде қорғалуын қамтамасыз ету үшін барлық адамдардың тәуелсіз кәсіби заңгерлер көрсететін заң қызметтеріне шын мәнінде қолжетімділігі болуы тиіс. Үкімет оның аумағында орналасқан және юрисдикциясына жататын барлық адамдар үшін заңгерлерге тиімді және тең қолжетімділіктің тиімді рәсімдері мен икемді тетіктерін қамтамасыз етеді (кіріспе, 2-тармақ).

      3. Қазақстан Республикасының адвокатурасы адамның өз құқықтарын, бостандықтарын сот арқылы қорғауға және заң көмегін алуға мемлекет кепілдік берген және Республиканың Конституциясында бекітілген құқықтарын іске асыруға жәрдемдесуге, сондай-ақ дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесуге міндетті ("Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заң) 31-бабының 1-тармағы).

      Конституциялық Кеңес бірнеше рет түсіндіргендей, білікті заң көмегін көрсету жөніндегі конституциялық-құқықтық міндет негізінен адвокаттардың міндеті болып табылады. Конституция адвокаттарға жеке тұлғаларға да, заңды тұлғаларға да білікті заң көмегін көрсету саласында, ал мемлекетке – әркімнің осындай көмек алуға конституциялық құқығын қамтамасыз ету жөнінде ерекше міндет жүктейді (1999 жылғы 2 шілдедегі № 12/2 және 2009 жылғы 20 тамыздағы № 5 нормативтік қаулылар).

      Заңда адвокаттардың заң көмегін, оның ішінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін, көрсету мәселелеріне, адвокаттарға қойылатын талаптарға, адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиядан айыру негіздеріне, адвокаттық қоғамдастық органдарын ұйымдастыруға және олардың қызметіне және басқаларға қатысты өзгертулер көзделген.

      Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңның 44-бабы 4-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша лицензиясынан айырылған адамдар үшін адвокаттық қызметпен айналысуға өмір бойы тыйым салу туралы норманы алып тастау Конституцияның адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеудің шарттары мен шектерін белгілейтін 39-бабының ережелерімен үйлеседі.

      Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңның 44-бабы 4-тармағының 2) тармақшасын біліктіліктің жеткіліксіздігі салдарынан адвокаттың өз кәсіптік міндеттерін орындауы мүмкін болмайтынын анықтау үшін аттестаттауды өткізу туралы талаппен толықтыру оның құқықтарын кәсіптік қызметпен айналысу құқығынан негізсіз айырудан қорғау кепілдіктерін күшейтеді.

      Негізгі Заңның 61-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мәселелерді заңнамалық реттеудегі Парламенттің дискрециялық өкілеттіктері шеңберінде заң көмегін көрсету туралы шарт жасау тәртібін, адвокаттар алқасы органдарының құқықтық мәртебесін нақтылауға, мүшелік және нысаналы жарналарды төлеу кезінде жеңілдіктерді пайдаланатын адамдардың санаттарын белгілеуге, адвокаттарды төралқаның төрағасы мен мүшесінің лауазымдарына сайлау мерзімдерін, ревизиялық және тәртіптік комиссиялардың өкілеттіктер мерзімдерін ұлғайтуға қатысты құқықтық нормалар қабылданған (Заңның 1-бабы 9-тармағының 2), 7), 13)-16), 19), 25) және 26) тармақшалары).

      Заңмен Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңның 67-бабы 2-тармағының екінші бөлігі 22) тармақшасының қолданысы 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрады, оған сәйкес Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясы адвокаттар алқалары Республикалық адвокаттар алқасының жалпы мұқтаждықтарына жүзеге асыратын жарналардың мөлшері мен тәртібін айқындайды. Көрсетілген уақытқа дейін осы жарналардың мөлшері мен оларды жүзеге асыру тәртібін Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясы айқындайды, бұл ретте ай сайынғы жарналардың мөлшері әрбір адвокат үшін есептелуге және тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген кемінде бір айлық есептік көрсеткішті құрауға тиіс.

      Заң жобасы бастамашыларының және уәкілетті органның пікірінше, бұл шара адвокаттық өзін-өзі басқару ұйымы ретінде Қазақстан Республикасындағы және оның шегінен тыс жердегі мемлекеттік және өзге де ұйымдарда адвокаттар алқалары мен адвокаттардың мүдделерін білдіру және қорғау, адвокаттар алқаларының қызметін үйлестіру, адвокаттар көрсететін заң көмегінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету мақсатында құрылған Республикалық адвокаттар алқасының материалдық-техникалық базасын нығайтуға және мүмкіндіктерін күшейтуге бағытталған (Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңның 65-бабының 2-тармағы).

      Конституциялық Кеңес адвокаттар алқаларының ұйымдық-құқықтық нысанын және олардың Республикалық адвокаттар алқасына міндетті мүшелігін, сондай-ақ құқықтық мемлекеттілік дамуының қазіргі кезеңіндегі адвокатура дамуының жай-күйін ескере отырып, мұндай уақытша реттеуге жол беріледі деп санайды. Республикалық адвокаттар алқасының алдында тұрған міндеттерді тиісінше шешу, басқа кепілдермен қатар, барабар қаржылық, кадрлық және өзге де қамтамасыз етуді талап етеді.

      Бірқатар новеллалар заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізумен, атап айтқанда, оны мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге адвокаттардың қатысуын ұйымдастыру, мемлекеттік органдар мен соттардың тағайындауы бойынша білікті заң көмегін көрсету үшін адвокаттарды таңдау, адвокаттар тізілімін, адвокаттар мен олардың алқаларының есептілігін жүргізу кезінде және басқа да жағдайларда енгізумен байланысты (Заңның 1-бабы 9-тармағының 4), 5) және 17) тармақшалары). Заңның тиісті нормаларында белгіленген өздерінің мәні мен мақсаты, пайдалану нысаны тұрғысынан олар азаматтық қоғамның және білікті заң көмегін көрсетудің маңызды институты ретінде адвокатураны ұйымдастыру қағидаттарына қол сұқпайды. Осы электрондық жүйе қосалқы ақпараттық-технологиялық мақсатқа ие және адвокаттардың, олардың алқаларының қызметін, әкімшілік ету жүйесін автоматтандыруға, транспаренттілікті қамтамасыз етуге және халыққа қолайлы жағдай жасауға бағытталған. "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен Республикалық адвокаттар алқасына сенімгерлік басқаруға берілетін заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесінің ақпараттандыру объектілері мемлекеттік меншікте болады, өйткені оларды адамның конституциялық құқықтарын қозғайтын басқа да мемлекеттік дерекқорлармен және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау болжанады. Заңда Республикалық нотариаттық палатаға және Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасына қатысты да осындай тетік көзделеді, оларға сенімгерлік басқаруға тиісінше Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе және Атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі беріледі (1-баптың 4-тармағының 2) тармақшасы және 7-тармағы).

      Көрсетілген коммерциялық емес ұйымдар мен олардың мүшелерінің қызметіне цифрландыру құралдарын енгізу бойынша мұндай ұстаным Конституцияның 26-бабының 4-тармағының талаптарын бұзбайды, өйткені адвокатураның, сондай-ақ нотариат пен жеке сот орындаушыларының қызметі кәсіпкерлік қызмет болып табылмайды. Конституциялық Кеңестің пайымдауынша, осы құқық қорғау институттары тағайынының жария-құқықтық сипатын, мемлекеттік ақпараттық жүйелердің тиісінше жұмыс істеуі мен жұмысына, олардың бір-бірімен интеграциясына, дербес деректерді қорғауға, жекелеген салаларды цифрлық форматқа кезең-кезеңімен жүйелі түрде көшіруге елеулі мемлекеттің мүдделілігін, тиісті технологиялық жарақтандыруды, әсіресе алғашқы кезеңдерде, қамтамасыз етуге мемлекеттің белсенді жәрдемдесуін ескере отырып, осы бөлікте қабылданған заңнамалық новеллалар шамадан тыс монополияландыруға және жосықсыз бәсекелестіктің дамуына алып келеді деп санауға болмайды.

      4. Заң консультанттары мен олардың бірлестіктерінің Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңда бекітілген ұйымдастыру және қызмет қағидаттарында адвокатура институтымен көп ұқсастығы бар. Олар көрсететін заң қызметтері, кейбір ерекшеліктерді қоспағанда (істер санаттары және басқалар), көлемі мен сипаты бойынша адвокаттар көрсететін заң көмегіне сәйкес келеді. Сондықтан, олар үшін жалпы бейінді заңда Конституцияның 13-бабы 3-тармағының ережелерін іске асырудағы заң консультанттарының маңызды миссиясын белгілеу, мамандықпен айналысу үшін арнайы талаптар мен рәсімдер, реттеу және бақылау тетіктерін белгілей отырып, оларды заң көмегінің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін білікті субъектілерге жатқызу негізделген болып табылады және заң шығарушының құзыретіне жатады.

      Заңда заң консультанттарына адвокаттардың кейбір талаптарын, шарттары мен құралдарын (қызмет кепілдіктері, көмекшілер, заң консультантының құпиясы және басқалар) қолдану арқылы олардың халыққа білікті заң көмегін көрсетудегі, әсіресе соттарда өкілдік ету кезіндегі, рөлі мен жауаптылығын одан әрі күшейту бағыты жүргізілген.

      Білікті заң көмегіне құқықты жүзеге асыру қызметінің жария-құқықтық мәнін, оның сот төрелігімен өзара байланысын, заң қызметтері нарығындағы заң консультанттарының қатысу үлесін ескере отырып, Конституциялық Кеңес мұндай құқықтық реттеуге жол беріледі және ол конституциялық талаптармен келісіледі, деп пайымдайды.

      5. Конституциялық Кеңес Заңның басқа да ережелерінің конституциялылығын тексерді.

      Қылмыстық-процестік кодекске енгізілетін түзетулермен қорғалуға құқығы бар куәның құқықтық жағдайы өзгереді және оның құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктері күшейтіледі. Заңмен ол өз құқықтары мен мүдделерін немесе өкілдік ететін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын процеске қатысушыларға жатқызылады (Заңның 1-бабы 1-тармағының 1), 2), 5) және 8) тармақшалары). Мұндай регламенттеу өзіне қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны туралы болжам бар адамға ол сотқа дейінгі тергеп-тексеруге тартылған кезден бастап неғұрлым нақты процестік мәртебе беруге, оның конституциялық құқықтарын іске асыруға және қорғауға бағытталған, бұл Негізгі Заңның 13-бабының 1 және 3-тармақтарына және 77-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес келеді.

      Заңда күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыларды күдіктіге жариялау кезінде қатысуға жол беру, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қорғаушы таныса алатын (көшірмелерін ала алатын) негізгі процестік актілер мен шешімдердің тізбесін белгілеу арқылы қорғаушылардың (адвокаттардың) өзінің қорғауындағы адамдарға білікті заң көмегін көрсету бойынша құқықтары нақтыланған және кеңейтілген (Заңның 1-бабы 1-тармағының 7) тармақшасы).

      Қылмыстық-процестік кодексте адвокаттың қылмыстық іске қатысты ақпаратты білуі ықтимал адамға сауал қою және сот сараптамасын жүргізу туралы сұрау салуды жолдау жөніндегі өкілеттіктерін іске асыру тәртібі неғұрлым егжей-тегжейлі реттелген (Заңның 1-бабы 1-тармағының 14) және 19) тармақшалары).

      Республиканың қылмыстық-процестік заңнамасына аталған және басқа да өзгерістер мен толықтырулар адвокаттың кейбір өкілеттіктерін жаңа мазмұнмен толықтырады, бұл, Конституциялық Кеңестің пікірінше, айыптау және қорғау тараптарының тең құқылығын қамтамасыз етуге, жарыспалылықты және қылмыстық сот ісін жүргізудің басқа да қағидаттарын дамытуға ықпал ететін болады.

      Конституцияның 13-бабының 3-тармағына сәйкес заңда көзделген жағдайларда заң көмегі тегін көрсетіледі. Осы конституциялық ережені орындау үшін Қылмыстық-атқару кодексіне сотталған адамға мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету шеңберінде де, сондай-ақ соттардың үкімдері мен қаулыларын орындау барысында ұсынылатын құжаттарды дайындау кезінде де білікті заң көмегін алу құқығын беретін толықтыру енгізілді (Заңның 1-бабының 2-тармағы).

      Қаралып отырған Заңды қабылдау рәсімі Республика Конституциясының ережелеріне сәйкес келеді. Депутаттар тобы Заң жобасын Конституцияның 61-бабы 1-тармағының негізінде Парламент Мәжілісіне енгізді және ол Негізгі Заңның 61-бабы 3-5-тармақтарының талаптары сақтала отырып, Парламенттің әрбір Палатасында өз кезегімен қарау арқылы қабылданды.

      Осылайша, Конституциялық Кеңес қаралып отырған Заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп санайды.

      6. Заңның конституциялылығын тани отырып, Конституциялық Кеңес оның жекелеген ережелерінің дәлме-дәл анық тұжырымдалмағанына және сабақтас нормалармен үйлеспеуіне назар аударады, бұл оларды тиісті дәрежеде түсінбеуге және теріс қолдануға жағдай жасауы мүмкін.

      6.1. Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңның 5-тарауы "Заң консультантының құпиясы" деген жеке 77-2-баппен толықтырылған. Бұл норма осы заңдағы "Адвокаттық құпия" деген 37-бапқа ұқсас болып келеді.

      Жаңа баптың 3-тармағында "Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, заң консультантының құпиясына жататын мәліметтерді көмек сұрап өтініш жасаған тұлғаның келісуінсіз жария еткені үшін осы баптың 2-тармағында аталған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады", деп бекітілген.

      Осы ережелердің мазмұнына қарағанда, заң консультантының құпиясын сақтау міндетінен алып тастаулар тек заңдарда ғана емес, сонымен бірге заңдық күші төмен нормативтік құқықтық актілерде де белгіленуі мүмкін.

      Конституциялық Кеңес 2009 жылғы 20 тамыздағы № 5 нормативтік қаулысында клиент өзіне қандастық-туыстық немесе өзге де жақындығы жоқ адамға үшінші бір тұлғаларға белгілі болмайды және өзіне зиян келтірмейді деген сеніммен өзі туралы қандай да болсын мәліметтерді хабарлаған кезде адвокат пен азаматтың өзара қарым-қатынасында орнаған тараптардың бір-біріне деген сенімі білікті заң көмегін алу құқығының негізгі іргетасы болып табылады, деп көрсеткен болатын.

      Конституциялық Кеңес осы құқықтық ұстаным кәсіптік құпияны сақтау жөніндегі міндеті әркімнің қадір-қасиетіне, жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына және басқа да конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған заң консультанттарына да қатысты деп пайымдайды. Алып тастауларды белгілеу мәселелері адамның осы құқықтарының мәнін қозғайды, олардың толыққанды іске асырылуы дәрежесіне әсер етеді, сол себепті, адвокаттар сияқты, тек заңдармен реттелуі тиіс.

      6.2. Лицензиардың талап қоюы бойынша адвокатты сот арқылы лицензиядан айыру үшін біліктілігінің жеткіліксіздігі салдарынан адвокаттың өз кәсіптік міндеттерін орындауының мүмкін болмауы деген негіз – "осы Заңның 55-бабы 2-тармағының 8) тармақшасына сәйкес адвокаттар алқасы жүргізген аттестаттау нәтижелері бойынша анықталған ..." деген ережемен толықтырылған (Заңның 1-бабы 9-тармағының 10) тармақшасы).

      Сонымен бірге, алқа төралқасының адвокаттың алқадағы мүшелігін тоқтатуы үшін де осындай негіз Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңның 60-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында қамтылған. Бұл ретте, мұндай шешім қабылдау үшін осы бапта аттестаттау рәсімі қарастырылмаған.

      Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңның 44-бабы 4-тармағының жаңа редакциядағы 2) тармақшасының және 60-бабының 1-тармағы 1) және 3) тармақшаларының және 2-тармағының өзара байланысты заңнамалық ережелерінен лицензиядан айыру рәсімін және көрсетілген әрекеттердің кезектілігін нақты анықтау мүмкін емес.

      6.3. Заңда облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінің атынан өкілдік ететін заң консультанттары палаталарының ерікті мүшелігіне негізделген коммерциялық емес ұйым ретінде алғаш рет Республикалық заң консультанттары алқасын құру көзделеді (Заңның 1-бабы 9-тармағының 29) тармақшасы).

      Заңда Республикалық заң консультанттары алқасының съезі заң консультанттары палаталары Республикалық алқаның жалпы мұқтаждықтарына аударатын ай сайынғы жарналардың мөлшерін және оларды жүзеге асыру тәртібін айқындайды деп белгіленген. Алайда, адвокаттармен ұқсас, бұл норманың қолданысы 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрады. Көрсетілген уақытқа дейін осы жарналардың мөлшерін және оларды жүзеге асыру тәртібін Республикалық заң консультанттары алқасының съезі айқындайды, бұл ретте жарналардың мөлшері әрбір заң консультанты үшін есептелуге және тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген кемінде бір айлық есептік көрсеткішті құрауға тиіс.

      Конституциялық Кеңес аталған және Заңда қарастырылған мемлекеттік реттеудің басқа да шараларын іске асыру, егер олар заң консультанттарының бүкіл қоғамдастығына қатысты болса (адвокаттарға қатысты жасалатындай), олар көрсететін заң көмегінің сапасын арттыруға ықпал етсе және қызметтің бір саласы өкілдерінің арасында теңдікті бұзу үшін жағдай жасамаса, орынды болуы мүмкін деп пайымдайды.

      6.4. Адвокаттар көрсететін заң көмегі түрлерінің тізбесінен құқықтық мәселелер бойынша ауызша да, жазбаша да анықтамалар беру алып тасталған. Солай бола тұра, Қылмыстық-атқару кодексінде сотталғандардың анықтамалар түрінде білікті заң көмегін алу, оның ішінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету шеңберінде алу, құқығы сақталған (Заңның 1-бабының 2-тармағы және 9-тармағының 11) тармақшасы).

      Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заң – заң көмегінің негізгі қағидаттарын, нысандары мен түрлерін белгілейтін заңнамалық акт болып табылады. Адвокаттық қызметті реттейтін сабақтас заңдар бейінді заңның талаптарымен үйлесуі тиіс.

      6.5. Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңның 2-бабының 2-тармағы мынадай редакцияда жазылған:

      "2. Заң көмегі осы Заңның нормаларына сәйкес және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып көрсетіледі".

      Сөйтсе де, осы заңның ұғымдық аппаратында заң көмегі деп "Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 3-тармағында бекітілген әркімнің білікті заң көмегін алу құқығын іске асыруды қамтамасыз етуге, оның ішінде осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен арнайы заң білімі мен дағдыларын пайдалана отырып қамтамасыз етуге бағытталған қызмет" түсініледі (1-баптың 3) тармақшасы).

      Конституциялық Кеңес адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнаманың құрамына заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің де енгізілуіне күмән келтірмейді, дей тұрғанмен, аталған заңнамалық ережелер іштей келісілген болуға және әртүрлі түсінуге жағдайлар жасамауы тиіс. Заңға тәуелді деңгейде белгіленетін заң көмегін көрсету ерекшеліктері заңда бекітілген негізгі қағидаттар мен нормалардың мәніне қол сұқпауға тиіс, ал мұндай құқықтық актілер осы салада қабылданған заңнамалық актілердің негізінде және (немесе) оларды орындау үшін және (немесе) одан әрі іске асыру үшін шығарылуға тиіс.

      Конституциялық Кеңес өзінің бірқатар шешімдерінде заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл және әкеп соқтыратын салдары болжаулы болуға, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалып, заң ережелерін өзінше пайымдау мүмкіндігін жоққа шығаратын түсінікті өлшемдерге негізделуге тиіс деп атап көрсеткен болатын (2008 жылғы 27 ақпандағы № 2, 2009 жылғы 11 ақпандағы № 1, 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 5, 2015 жылғы 18 мамырдағы № 3, 2020 жылғы 21 қаңтардағы № 1 нормативтік қаулылар және басқалар). Сондықтан Конституциялық Кеңес құқықтық анықтылықты қамтамасыз ету мақсатында жоғарыда аталған нормаларды ағымдағы заңшығармашылық қызметі аясында заңнамалық нақтылау қажет, деп санайды.

      Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын, 31-33, 37, 38-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі

      қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасының Парламенті 2021 жылғы 8 сәуірде қабылдап, Қазақстан Республикасы Президентінің қол қоюына 2021 жылғы 13 сәуірде ұсынған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп танылсын.

      2. Заң шығарушының назары Конституциялық Кеңестің осы нормативтік қаулысында мазмұндалған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, қосымша заңнамалық шаралар қабылдау қажеттігіне аударылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы республикалық ресми баспасөз басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі