Ескерту. Өкімнің тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің 30.11.2023 № 189-ө өкімімен.
"Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" 1995 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 19-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес:
1. Инвестициялар тарту кеңесі (инвестициялық штаб) (бұдан әрі – Кеңес) құрылсын.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің 30.11.2023 № 189-ө өкімімен.2. Қоса беріліп отырған:
1) Кеңес туралы ереже;
2) Кеңестің құрамы бекітілсін.
Премьер-Министр А. Мамин
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2021 жылғы 19 наурыздағы № 64-ө өкімімен бекітілген |
Инвестициялар тарту кеңесі (инвестициялық штаб) туралы ереже
Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің 20.12.2023 № 196-ө өкімімен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, "Ел экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 4 желтоқсандағы № 404 Жарлығын және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Кеңестің жұмыс органы болып табылады, ол:
1) Кеңес отырыстарының күн тәртібін әзірлейді;
2) Кеңес отырыстарының кестесін қалыптастырады;
3) Кеңес отырыстарына қажетті материалдарды дайындайды.
3. Кеңес төрағасының тапсырмасы бойынша, сондай-ақ ол көрсеткен мерзімдерде Кеңестің кезектен тыс отырыстары шақырылуы мүмкін.
4. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жылына он екі реттен сиретпей өткізіледі.
5. Кеңестің төрағасы мен мүшелері инвестициялық ахуалды жақсартуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне бір тоқсанда бір реттен сиретпей атқарылған жұмыс туралы есеп бере отырып, инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыруға дербес жауапты болады.
6. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары Кеңестің шешімдерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін дербес жауапты болады.
2-тарау. Кеңестің негізгі міндеттері
7. Кеңестің міндеттері:
1) отандық және шетелдік инвесторлар іске асыратын инвестициялық жобаларды тиімді және пәрменді қолдау жөніндегі қызметті үйлестіру мен бақылау деңгейін арттыру есебінен оларды іске асыру арқылы экономикалық өсудің жоғары қарқынын және ұлттық экономиканы шын мәнінде әртараптандыруды қамтамасыз ету;
2) Үкімет басшылығы деңгейінде шешімдер қабылдауды талап ететін инвестициялық жобалар бойынша мәселелерді қарау болып табылады.
3-тарау. Кеңестің өкілеттіктері
8. Кеңестің мынадай өкілеттіктері бар:
1) орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің орындауы үшін міндетті шешімдер қабылдау;
2) Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайтын заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;
3) Қазақстан Республикасының Президентіне және Премьер-Министріне Кеңестің шешімдерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшыларын тәртіптік жауаптылыққа тарту, оның ішінде атқаратын лауазымынан босату жөнінде ұсыныстар енгізу.
4-тарау. Кеңес отырыстарын дайындау және өткізу тәртібі
9. Отырыстарда Кеңес төрағасы, ал ол болмаған кезде Кеңес төрағасының орынбасары төрағалық етеді.
10. Отырыстар басым тәртіппен бейнеконференцбайланыс арқылы, сондай-ақ Кеңес төрағасының не оның орынбасарының келісімі бойынша бетпе-бет немесе аралас форматта өткізіледі.
11. Кеңес отырысын бейнеконференцбайланысқа қосылған мәжіліс залдарында бейнеконференцбайланыс арқылы өткізген кезде шақырылған тұлғалар және қажет болған жағдайда техникалық персонал ғана қатысады.
12. Кеңес отырысына уақтылы растамағаны және (немесе) қатыспағаны үшін шақырылған тұлға жауапты болады.
13. Кеңес отырысында қарауға дайындалған материалдарды жұмыс органы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына отырысқа дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күні қалғанда енгізеді және онда мыналар қамтылуға тиіс:
1) хаттамалық шешімнің жобасы;
2) отырыстың күн тәртібіндегі мәселелер бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың позициялары бар анықтамалар;
3) Microsoft PowerPoint форматындағы презентациялар (көлемі 10 (он) мегабайттан аспайтын және қаріп өлшемі 20-дан кем емес, көрнекі ақпаратты көрсетудің 16: 9 форматына сәйкес келетін түрлі-түсті слайдтар);
4) ақпараттық (талдамалық) баяндамалар;
5) қатысушылар тізімі;
6) жүргізу тәртібіне ұсыныстар;
7) Кеңес отырысында қаралатын мәселелер бойынша басқа да материалдар.
14. Отырысқа материалдар уақтылы және толық ұсынылмаған, сондай-ақ сапасыз болған жағдайда кеңес төрағасы не онымен келісім бойынша оның орынбасары жоспарланған мәселені қараудан шығару немесе оны қарауды басқа мерзімге ауыстыру туралы шешім қабылдайды.
15. Кеңес төрағасы қол қойған және Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппараты тіркеген отырыс хаттамасы хаттамада тиісті тапсырмалар берілген мемлекеттік органдар мен ұйымдарға орындау үшін жіберіледі.
16. Жекелеген лауазымды тұлғалар жұмыс органының ұсынысы бойынша және (немесе) Кеңес төрағасының нұсқауы бойынша бетпе-бет форматтағы отырысқа шақырылуы мүмкін.
17. Ұсынылатын кандидатуралар мен кеңеске материалдардың сапасы үшін жауапкершілік жетекшілік ететін бағыттар бойынша Кеңес мүшелеріне жүктеледі.
18. Отырыста қабылданған шешімдер хаттама түрінде ресімделеді.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2021 жылғы 19 наурыздағы № 64-ө өкімімен бекітілген |
Инвестициялар тарту кеңесінің (инвестициялық штабтың) құрамы
Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің 20.12.2023 № 196-ө өкімімен; 17.07.2024 № 571 қаулысымен.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, төраға
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, төрағаның орынбасары (келісу бойынша)
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы, хатшы
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары (келісу бойынша)
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары (келісу бойынша)
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау бөлімінің меңгерушісі (келісу бойынша)
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі (келісу бойынша)
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары (келісу бойынша)
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі
Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі
Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі
Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі
Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация вице-министрі
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі
Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі
"Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры (келісу бойынша)
"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары (келісу бойынша)
"Kazakh Invest" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісу бойынша)
"Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы (келісу бойынша)
"Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы (келісу бойынша)