Қылмыстардан жәбірленген адамдардың құқықтары мен міндеттерін реттейтін заңды қолдану тәжірибесі туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1992 жылғы 24 сәуірдегі N 2 нормативтік қаулысы

       Ескерту. Тақырыбы мен кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 3 Нормативтік қаулысымен.

      Қылмыстардан жәбiрленген адамдардың құқықтары мен мiндеттерiн реттейтiн заңды соттардың қолдану практикасын талқылап және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
      1. Соттардың назары олардың Конституция кепiлдiк жасаған жәбiрленушінің жеке басына, оның саяси, еңбек, тұрғын үй және басқа жеке және мүлiктiк құқығы мен мүдделерiне қоғамға қауiптi қол сұғушылықтарды қарау жөнiндегi қызметтерiнде жәбiрленушiлердiң құқықтық қорғауын қамтамасыз ету деңгейiн төмендететiн түйiндi кемшiлiктер бар екенiне аударылсын.
      2. Соттар жәбiрленушiлердiң оларға жүктелген, шақыру бойынша келу және шындықты айтып жауап беру мiндеттерiн орындауын қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қатал және дәйектiлiкпен сақтау iс бойынша шындықты анықтауға және заңды, дәлелдi әдiл шешiм қабылдауға көмектесетінін ескерулерi қажет.
      3. Қоғамға қауiптi iс-әрекеттен моральдық, дене немесе мүлiктік зиян оған тiкелей келтiрiлген әрбiр адам, қылмыс жасаған адамның анықталғанына, оның жауапқа тартылғанына байланыссыз жәбiрленушi болып, танылады. Аяқталмаған қылмыстық әрекеттер жөнiндегi iстер бойынша (қылмысқа даярланғандық, қылмыс жасауға оқталғандық) жәбiрленушi болып оған моральдық, дене немесе мүлiктiк зиян нақты келтiрiлгенде ғана танылады.
      Егер моральдық, дене немесе мүлiктiк зиян адамның зиянды келтiруге өзiнiң ерiктi келiсiмiнiң (мысалы, криминалдық абортпен байланысты, пара беру ж.б.) салдарынан пайда болған болса, оны жәбiрленушi деп тануға болмайды.
      Қылмыспен моральдық немесе мүліктік зиян келтірілген заңды тұлға жәбірленуші болып танылуы мүмкін. Мұндай жағдайда заңды тұлғаның өкілі жәбірленушінің құқықтары мен міндеттерін жүзеге асырады.
       Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 3 Нормативтік қаулысымен.
      4. Қоғамға қауiптi iс-әрекетпен зиян келтiрiлген адам тек оны жәбiрленушi, азаматтық талапкер деп тану туралы қаулы шығарылғаннан кейiн ғана тиiстi процессуалдық хұқықтарға ие болады және оған заңмен белгiленген мiндеттер жүктеледi. Сондықтан қылмыстық iс қозғалғаннан кейiн адамды жәбiрленушi деп тану, оған толық және уақтылы iске асыру мақсатында құқықтары мен мiндеттерiн, оның ішінде, білікті заң көмегін алу, ал ҚІЖК-нің 80-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда оны тегін алу құқығын түсiндiру, дереу жүргiзiлуi керек.
      Адамды жәбiрленуші деп тану туралы қаулыда оған қандай зиян келтiрiлгенi көрсетiлуi керек, зиянның бiрнеше түрi келтiрiлгенде, бұл жағдай қаулыда (ұйғарымда) бейнеленуi қажет.
       Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22 N 3, 2010.06.25 N 5 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-т.қараңыз) Нормативтік қаулыларымен.

      4-1. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      5. Материалдық залалды, оның iшiнде асыраушысынан айырылумен байланысты, зақымдану немесе денсаулығына басқа жарақаттар түсiрумен байланысты келтiрiлген, жерлеуге жұмсалған шығындар туралы, моральдық зиянды ақшалай толықтыру туралы т.б. залалды өтеу туралы талап қойған жәбiрленушi адам азаматтық талапкер болып та танылуы керек.
      Иеленушiсінде (жалға алушы, сақтаушы ж.б.) заңды негiзде тұрған материалдық құндылықтарды ұрлаған, зақымдаған немесе жойған жағдайда азаматтық талапты осы құндылықтың иесi де, иеленушiсi де беруге құқықты.
      Азаматтық талапкер болып танылған жәбiрленушi, iсте прокурордың қатысуына байланыссыз, талапкер қатарында соттағы жарыссөздерге қатысуға құқықты.
      5-1. Егер мүліктік зиян аса ауыр қылмыс жасау нәтижесінде келтірілсе және сотталғанда оны өтеу үшін жеткілікті мүлік болмаса, сот азаматтық талапты қанағаттандыру кезінде, жәбірленушілердің немесе оның құқықтық мирасқорларының өтініші бойынша ҚІЖК-нің 75-бабының 7-бөлігіне сәйкес олардың әрқайсысына республикалық бюджет қаражаты есебінен толық көлемде, бірақ 150 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын, ақшалай өтемақыны төлеу туралы қаулы шығаруға тиіс. Соттың аталған қаулысы атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамада белгіленген тәртіпте еріксіз орындалуға жатады.
      Ескерту. 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 5 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-т.қараңыз) Нормативтік қаулысымен.
      6. Нәтижесi адамның өлiмiмен аяқталған қылмыстар жөнiндегi iстер бойынша заңда көрсетiлген жәбiрленушінің құқықтарына оның жақын туысқандары, бала ғып алушылар, бала болушылар ие болады, олардың iшiнен бiреуi өзара келiсiмдерi бойынша жәбiрленушi деп танылады. Егер жәбiрленушінің құқықтарын жоғарыда көрсетiлген адамдардың бiрнешеуi талап етсе, оларды да жәбiрленушi деп тануға болады. Қасақана кiсi өлтiру жөнiндегi iстер бойынша, егер қылмыс өлген адамның жақындарының көз алдында жасалған болса, ол адамдар жәбiрленушi деп танылуға тиiс.
      Жәбiрленушi өлген ретте және оның жақын туысқандары, бала ғып алушылар, бала болғандар жоқ болса, қылмыстық iстер сотта жүргiзгенде оның құқықтарын қамқоршылар, қорғаншылар, ол қорғаншылықта немесе асырауында болған мекемелердiң, ұйымдардың және адамдардың өкiлдерi iске асыра алады.
      7. Егер жәбiрленушінің жасы он төртке дейiнгi адам болса я қабiлеттiлiгi жоқ адам болса, iсте жәбiрленушінің өкiлi ретiнде оның жақын туысқаны я заңды өкiлi қатысуға мiндеттi.
      Егер жәбiрленушi жасы он төрт пен он алтының арасындағы адам болса, қабiлеттілігi шектелген, я iс жүргiзу хұқық қабiлеттiлiгiн шектейтiн дене не психикалық жағынан кемтар адам болса, iсте жәбiрленушінің өкiлi ретiнде оның жақын туысқаны немесе заңды өкiлi қатысуына хұқықты.
      Жасы толмаған жәбiрленушінің қатысуымен жүргiзiлген тергеу қимылдары мен сотта iс қарауда жасы толмаған жәбiрленушінің ата-анасының немесе басқа заңды өкiлдерінің басы-қасында болуы және қатысуы жөнiндегi заң талабы өз хұқықтарын дене немесе психикалық кемтарлығының салдарынан жүзеге асыра алмайтын жәбiрленушiлер жөнiнде де сақталуы тиiс.
      8. Iсте жәбiрленушінің, оның заңды өкiлiнiң, я жақын туысқандары iшiнен өкiлдiң қатысуы осы iсте бiр уақытта келiсiм бойынша жәбiрленушінің өкiлi болған адамды қатысу мүмкiншiлiгiнен айырмайды. Мұнымен қатар азаматты жәбiрленушi деп таныған кезден бастап, оған сотта iс жүргiзу сатысының қай кезiнде болса да келiсiммен болған өкiлдiң қатысуға хұқығы бар екенiн түсiндiрудi ескеру керек.
      Қатысуына заңмен тиым салынған адамдар өкiл бола алмайды.
      Өкiлдер iске жәбiрленушiмен қатар да, ол жоқ кезде де жiберiледi. ҚІЖК-нің 80-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда өкілдердің еңбегіне ақы төлеу бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
      Жәбiрленушінің, азаматтық талапкердiң өкiлдерi жәбiрленушінің, азаматтық талапкердiң қатысуымен жүргiзілген тергеу әрекеттерінің басы-қасында болуға және тергеушiнiң рұқсатымен қатысуға хұқықты.
      Жәбiрленушi iс бойынша өндiрiстiң қай кезiнде болса да келiсiммен болған өкiлден бас тартуға хұқықты.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 5 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-т.қараңыз) Нормативтік қаулысымен.
      9. Жәбiрленушінің, азаматтық талапкердің, олардың өкілдерінің алдын-ала тергеу аяқталмастан бұрын iспен танысуды қажет етпеймiн деп берген арызы тергеушiнi көрсетiлген адамдарға алдын-ала тергеудiң аяқталғанын хабарлау және iспен танысуға, тiлектер қоюға хұқықтары бар екенін түсiндiру мiндеттерiнен босатпайды.
      10. (Ескерту. 10-тармақ алынып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 3 Нормативтік қаулысымен).
      11. Жеке айыптау істері бойынша айыпталушы қарсы айып тағуға құқылы, мұндай жағдайда сот екі айыптауды бір мезгілде шешуі тиіс. Ондай жағдайда екi арызданушы бiр процесте тек жәбiрленушi ғана емес, сол сияқты сотталушы да болып есептеледi, және сот олардың әрқайсысына заңда көрсетiлген жәбiрленушінің де, сотталушының да барлық процессуалдық құқықтарын сақтауды қамтамасыз етуге мiндеттi.
       Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 3 Нормативтік қаулысымен.
       12. Сот сотталушыны жәбiрленушінің ар-намысы мен абыройын даттап масқаралайтын өтiрiк өсектер мен мағлұматтарды бұқаралық ақпарат құралдарында таратқаны үшiн кiнәлi деп таныса, үкiмде жәбiрленушінің беделiн түсiретiн мағлұматтардың жалғандығын баспасөзде жариялау қажеттiгi жөнiнде мәселе шешуге мiндеттi.
      13. Жәбiрленушi, азаматтық талапкер, олардың өкiлдерi сотта іс жүргiзiлген тiлдi түсiнбейтiн болса тiлмашпен қамтамасыз етiлуге тиiс. Олардың мүддесiне қатынасы бар iс материалдары бұл адамдардың тiлегi бойынша өздерiнiң ана тiлiне немесе олар бiлетiн тiлге аударылуы керек.
      14. Жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, олардың өкiлдерiне қандай да болса заңсыз ықпал жасаудан олардың қорғану хұқығы бар екендігі уақтылы түсiндiрiлуi керек.
      Жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, олардың өкiлдерiне, сондай-ақ олардың семья мүшелерiне немесе жақын туысқандарына өлтiру, күш қолдану, мүлiктерiн жою немесе зақымдаумен қорқыту, сотқа келулерiне кедергi жасау, жауап беруден бас тарттыруға я бiле тұра жалған жауап беруге, немесе басқадай хұқыққа қарсы әрекеттерге мәжбүр ету жөнiнде жеткiлiктi мәлiметтер болса, анықтама органдары, тергеушi, прокурор, сот бұл адамдардың өмiрiн, денсаулығын, ар-намысын, абыройын және мүлiктерiн қорғауға, сондай-ақ кiнәлi адамдарды анықтап оларды жауапқа тарту үшiн заңда көрсетiлген шараларды қолдануға тиiс.
      15. Жәбiрленушiге келтiрiлген залал едәуір екені жөнiнде мәселенi шешерде ұрланған, зақымданған немесе жойылған мүлiктiң жәбiрленушi үшiн маңыздылығын, оның саны мен құнын, сол сияқты жәбiрленушінің материалдық жағдайын, соның iшiнде оның жалақысын, басқа кiрiстерiн, асырауында адамдар бар екенiн ескеру керек.
      16. Қылмыстық процесті жүргізуші орган моральдық, дене немесе мүліктік зиян келтірілген қылмыс туралы әрбір іс бойынша қылмыстық істе азаматтық талап қоюға жәбірленушінің құқығын түсіндіруге, ал мұндай талап қойылған кезде оны азаматтық талапкер деп тануға және оған тиісті құқықтарын түсіндіруге міндетті. Егер талап қойылмаса ҚІЖК-нің 371-бабы бірінші бөлігінің 10) тармағына сәйкес сот үкім шығару кезінде қылмыспен келтірілген мүліктік зиянның өтелуге жататындығы туралы талқылауға міндетті. Аталған мәселе оң шешімін тапқан жағдайда сот ҚІЖК-нің 169-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, егер ол азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен берілсе, жәбірленушінің талабын қанағаттандыру құқығын таниды.
      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 5 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-т.қараңыз) Нормативтік қаулысымен.
      17. Жәбiрленушiге қоғамға қауiптi іс-әрекетпен келтiрiлген материалдық залалды өндiру қолданылып отырған заңда көрсетiлген тәртiппен және мөлшерде қылмыстық iстi сотта қарау ретiнде шешіледi. Сонымен қатар соттар азаматтық заң нормаларына сәйкес мүлiктiк зиянға жауапты адам азаматтық талапкерге немесе жәбірленушіге зиянды натурасында өтеуге мiндеттi екенiн (сол түрдегi және сападағы затты беруге, зақымданған затты түзеуге т.с.с.) немесе жәбiрленушiге ұрлықпен, жоюмен, я оның затын зақымдаумен келтiрiлген шығындарды толықтай өтеуге; зиян келтiрушi жәбiрленушінің зақымдануына, немесе басқаша денсаулығы жарақаттануына, асыраушысынан айырылумен байланысты шығындарды, жерлеу шығындарын өтеуге; заңда көрсетiлгеннен басқа беттерде көтерiңкi қауiп арнасымен келтiрiлген зиянды, арнаның иесi төлеуге; әрекеттiк қабылеттiлігі жоқ деп танылған азаматтың келтiрiлген зиянын, оның қамқоршысын немесе оған қадағалау жасауға мiндеттi ұйым өтеуге (егер олар зиян олардың кiнәсiнен пайда болмағанын дәлелдей алмаса); жасы 15-ке дейiнгі жасы толмағандардың келтiрген зиянына оның ата-анасы (бала ғып алушылар) немесе қамқоршысы жауап беруге (егер олар зиян олардың кiнәсiнен пайда болғанын дәлелдей алмаса) мiндеттi екендерiн ескеруге мiндеттi.
      18. Мүлiктi ұрлау, зақымдау немесе жоюмен келтiрiлген залал жәбiрленушiге өтеу жөнiнде шешiм қабылданған күнге орныққан бағаны ескере отырып өтеледi.
      Қажеттi деп табылған ретте мүлiктi ұрлау, зақымдау немесе жою арқылы келтiрiлген залалдың мөлшерiн сот сарапшының қорытындысы негiзiнде анықтайды, я залалды соттың осы мақсат үшiн тағайындаған мамандары немесе комиссия анықтауы мүмкiн.
      Сот iс қараған кезде орныққан бағаны ескерiп, өтеуге жататын залалдың мөлшерiн көбейтуге құқықты. Қылмыс жасалғаннан кейiн бағаның өзгерумен байланысты өндiрудiң мөлшерiнiң өзгеруi қылмыстың саралануы мен айып көлемiне ықпал жасамайды.
      19. Айыптау үкiмiн шығарған кезде сотталғаннан жәбiрленушінің пайдасына анықтама жүргiзуге, алдын-ала тергеуге және сотқа шарт бойынша қатысқан жәбiрленушінің өкiлiнiң еңбегiн төлеумен байланысты шығындар өндiрiлуге жатады.
      Қылмыстық iс жүргiзу заңында көрсетiлген жәбiрленушінің, оның өкiлiнiң басқа шығындары (процессуалдық әрекеттер жүргiзiлетiн жерге келгенде және керi қайтқанда жолдың ақысын төлеу, тұрғын үй жалдаудың, тәулiктiң төлемi және басқалар) жоғарыда аталған адамдардың пайдасына анықтама, алдын-ала тергеу, сот органдарының қаржысынан төленедi де, кiнәлi адамнан мемлекет пайдасына өндiрiледi.
      20. Сот, залалды бiрiккен әрекеттерiмен келтiрген сотталушыларға, егер мұндай тәртiп азаматтық талапкердiң мүдделерiне сай келсе және залалды өндiрудi қамтамасыз ететiн болса, ортақ емес үлестi, жауаптылықты міндеттеуге хұқықты.
      21. Сот жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, олардың өкiлдерiне сот мәжiлiсiнiң хаттамасымен танысуына және оған өз ескертпелерiн беруге хұқықты екенiн түсiндiруге мiндеттi және бұл сот мәжiлiсi хаттамасында бейнеленуге тиiс. Тағайындалған мерзiмдердi бұзып жасалған хаттамаға қол қойылған күн туралы көрсетiлген адамдар хабарлануға тиiсті.
      22. Егер сот iстi сотта қарау үстiнде қоғамға қауiптi әрекетпен зиян келтiрiлген азаматтың жәбiрленушi деп танылмағанын анықтаса, сот оны жәбiрленушi деп тану жөнiнде қаулы шығаруға, оған хұқықтарын, оның iшiнде сотта қарау материалдарын қоса, iспен танысуға хұқықты екенiн түсiндiруге және оның хұқықтарын iске асыруын қамтамасыз етуге тиiс.
      Көрсетiлген жағдайлар кеңесу бөлмесiнде анықталса, сот сот тергеуiн қайта бастауға мiндеттi.
       Ескерту. 22-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 3 Нормативтік қаулысымен.
       23. Жәбiрленушiге бiрiншi сатыдағы сотқа оның қатысқан, қатыспағанына қарамастан апелляциялық, кассациялық түрде шағыну хұқығы қамтамасыз етiлуi керек.
      Жәбiрленушi барлық реттерде шығарылған үкiм жөнiнде оған шағыну тәртiптерi түсiндiріліп, процестiң басқа қатысушыларының шағымдары және наразылық, сол сияқты iстiң апелляциялық, кассациялық сатыдағы сотта қаралатын күнi мен орны жөнiнде хабарлануы тиiс.
       Ескерту. 23-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22 N 3, 2010.06.25 N 5 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-т.қараңыз) Нормативтік қаулыларымен.
       24. Апелляциялық, кассациялық сатыдағы сот жәбiрленушi келтiрiлген наразылық немесе процесстiң басқа қатысушыларының берген апелляциялық, кассациялық шағымдары, сол сияқты iстiң апелляциялық, кассациялық түрде қаралатын күнi жөнiнде хабарланбағанын, немесе түскен наразылық, шағыммен танысуға, оларға қарсылық беруге мүмкiншiлiк жасалмағанын анықтағанда, өзi iстей алатын реттерден басқа жағдайда (мысалы, жәбiрленушiнiң апелляциялық, кассациялық сатыға келуi және қажеттi құжаттармен танысуы), iстi жiберiлген бұзушылықтарды жою үшiн үкiм шығарған сотқа қайтаруға тиiс.
       Ескерту. 24-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22 N 3, 2010.06.25 N 5 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-т.қараңыз) Нормативтік қаулыларымен.
      25. Үкiмдi ауырырақ қылмыс жөнiндегi заңды қолдану қажеттiлiгi, я жазаның жеңiлдiгімен байланысты бұзу, сол сияқты ақтау үкiмiн бұзу жәбiрленушi тек осы көрсетiлген негiздермен апелляциялық, кассациялық шағым берген реттерде болуы мүмкiн. Егер жәбiрленушi үкiмге басқа негiздермен шағынған болса (оған келтiрілген мүлiктiк залалдың мөлшерiн қате есептеу, басқа адамдарды жауапқа тартпағандық ж.с.с.) онда сот сотталғанның жағдайын әлсiретуге, немесе ақтау үкiмiн бұзуға хұқықты емес.
       Ескерту. 25-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22 N 3, 2010.06.25 N 5 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-т.қараңыз) Нормативтік қаулыларымен.
      26. Жәбiрленушіні хұқығынан айыру немесе хұқығына шек қою, егер ол соттың iстi жан-жақты қарауына және заңды, дәлелдi үкiм шығаруына ықпал жасаса, үкiмдi бұзуға әкелiп соғатын қылмыстық iстер жүргiзу заңының елеулi бұзылуы болып танылуы мүмкiн.
      Осыған байланысты соттар қылмыстық істі басты сот талқылауында қарастыру кезінде де және іс бойынша шыққан сот актілерін апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібінде қайта қарау кезінде де, сонымен қатар сотталушыны жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату мәселесін қарастыру кезінде жәбірленуші мен оның өкілінің қатысуын қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ, сот оларға іс материалдарымен танысу, соның ішінде түскен шағымдармен, наразылықтармен, өтінімдермен танысу, сотқа жазбаша қарсы пікірлерін, өтініштерін және өтінімдерін жолдау, сот отырыстарына қатысу мүмкіндігі болмаған жағдайда өзінің өкілін жіберу немесе олардың қатысуынсыз істі қарастыру туралы сотқа жазбаша хабарлау құқықтарын түсіндірулері қажет.
      Ескерту. 26-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 5 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-т.қараңыз) Нормативтік қаулысымен.
      27. Осы қаулының қабылдануымен байланысты ССРО Жоғарғы Соты Пленумының 1985-жылғы 1-қарашадағы "Жәбiрленушінің қылмыстық сот өндiрiсiндегi қатысуын реттейтiн заңды соттардың қолдану практикасы туралы" N 16 қаулысы жарамсыз деп саналады.
      Ескерту. 27-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 5 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-т.қараңыз) Нормативтік қаулысымен.