1. Соттардың назары олардың Конституция кепiлдiк жасаған жәбiрленушінің жеке басына, оның саяси, еңбек, тұрғын үй және басқа жеке және мүлiктiк құқығы мен мүдделерiне қоғамға қауiптi қол сұғушылықтарды қарау жөнiндегi қызметтерiнде жәбiрленушiлердiң құқықтық қорғауын қамтамасыз ету деңгейiн төмендететiн түйiндi кемшiлiктер бар екенiне аударылсын.
2. Соттар жәбiрленушiлердiң оларға жүктелген, шақыру бойынша келу және шындықты айтып жауап беру мiндеттерiн орындауын қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қатал және дәйектiлiкпен сақтау iс бойынша шындықты анықтауға және заңды, дәлелдi әдiл шешiм қабылдауға көмектесетінін ескерулерi қажет.
3. Қоғамға қауiптi iс-әрекеттен моральдық, дене немесе мүлiктік зиян оған тiкелей келтiрiлген әрбiр адам, қылмыс жасаған адамның анықталғанына, оның жауапқа тартылғанына байланыссыз жәбiрленушi болып, танылады. Аяқталмаған қылмыстық әрекеттер жөнiндегi iстер бойынша (қылмысқа даярланғандық, қылмыс жасауға оқталғандық) жәбiрленушi болып оған моральдық, дене немесе мүлiктiк зиян нақты келтiрiлгенде ғана танылады.
Егер моральдық, дене немесе мүлiктiк зиян адамның зиянды келтiруге өзiнiң ерiктi келiсiмiнiң (мысалы, криминалдық абортпен байланысты, пара беру ж.б.) салдарынан пайда болған болса, оны жәбiрленушi деп тануға болмайды.
Заңды ұйымдар жәбiрленушi деп танылмайды. Бұл ұйымдарға зиян келтiрiлген жағдайда олар азаматтық талапкер болып танылады.
4. Қоғамға қауiптi iс-әрекетпен зиян келтiрiлген адам тек оны жәбiрленушi, азаматтық талапкер деп тану туралы қаулы (ұйғарым) шығарылғаннан кейiн ғана тиiстi процессуалдық хұқықтарға ие болады және оған заңмен белгiленген мiндеттер жүктеледi. Сондықтан қылмыстық iс қозғалғаннан кейiн адамды жәбiрленушi деп тану, оған толық және уақтылы iске асыру мақсатында құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру, дереу жүргiзiлуi керек.
Адамды жәбiрленуші деп тану туралы қаулыда (ұйғарымда) оған қандай зиян келтiрiлгенi көрсетiлуi керек, зиянның бiрнеше түрi келтiрiлгенде, бұл жағдай қаулыда (ұйғарымда) бейнеленуi қажет.
5. Материалдық залалды, оның iшiнде асыраушысынан айырылумен байланысты, зақымдану немесе денсаулығына басқа жарақаттар түсiрумен байланысты келтiрiлген, жерлеуге жұмсалған шығындар туралы, моральдық зиянды ақшалай толықтыру туралы т.б. залалды өтеу туралы талап қойған жәбiрленушi адам азаматтық талапкер болып та танылуы керек.
Иеленушiсінде (жалға алушы, сақтаушы ж.б.) заңды негiзде тұрған материалдық құндылықтарды ұрлаған, зақымдаған немесе жойған жағдайда азаматтық талапты осы құндылықтың иесi де, иеленушiсi де беруге құқықты.
Азаматтық талапкер болып танылған жәбiрленушi, iсте прокурордың қатысуына байланыссыз, талапкер қатарында соттағы жарыссөздерге қатысуға құқықты.
6. Нәтижесi адамның өлiмiмен аяқталған қылмыстар жөнiндегi iстер бойынша заңда көрсетiлген жәбiрленушінің құқықтарына оның жақын туысқандары, бала ғып алушылар, бала болушылар ие болады, олардың iшiнен бiреуi өзара келiсiмдерi бойынша жәбiрленушi деп танылады. Егер жәбiрленушінің құқықтарын жоғарыда көрсетiлген адамдардың бiрнешеуi талап етсе, оларды да жәбiрленушi деп тануға болады. Қасақана кiсi өлтiру жөнiндегi iстер бойынша, егер қылмыс өлген адамның жақындарының көз алдында жасалған болса, ол адамдар жәбiрленушi деп танылуға тиiс.
Жәбiрленушi өлген ретте және оның жақын туысқандары, бала ғып алушылар, бала болғандар жоқ болса, қылмыстық iстер сотта жүргiзгенде оның құқықтарын қамқоршылар, қорғаншылар, ол қорғаншылықта немесе асырауында болған мекемелердiң, ұйымдардың және адамдардың өкiлдерi iске асыра алады.
7. Егер жәбiрленушінің жасы он төртке дейiнгi адам болса я қабiлеттiлiгi жоқ адам болса, iсте жәбiрленушінің өкiлi ретiнде оның жақын туысқаны я заңды өкiлi қатысуға мiндеттi.
Егер жәбiрленушi жасы он төрт пен он алтының арасындағы адам болса, қабiлеттілігi шектелген, я iс жүргiзу хұқық қабiлеттiлiгiн шектейтiн дене не психикалық жағынан кемтар адам болса, iсте жәбiрленушінің өкiлi ретiнде оның жақын туысқаны немесе заңды өкiлi қатысуына хұқықты.
Жасы толмаған жәбiрленушінің қатысуымен жүргiзiлген тергеу қимылдары мен сотта iс қарауда жасы толмаған жәбiрленушінің ата-анасының немесе басқа заңды өкiлдерінің басы-қасында болуы және қатысуы жөнiндегi заң талабы өз хұқықтарын дене немесе психикалық кемтарлығының салдарынан жүзеге асыра алмайтын жәбiрленушiлер жөнiнде де сақталуы тиiс.
8. Iсте жәбiрленушінің, оның заңды өкiлiнiң, я жақын туысқандары iшiнен өкiлдiң қатысуы осы iсте бiр уақытта келiсiм бойынша жәбiрленушінің өкiлi болған адамды қатысу мүмкiншiлiгiнен айырмайды. Мұнымен қатар азаматты жәбiрленушi деп таныған кезден бастап, оған сотта iс жүргiзу сатысының қай кезiнде болса да келiсiммен болған өкiлдiң қатысуға хұқығы бар екенiн түсiндiрудi ескеру керек.
Қатысуына заңмен тиым салынған адамдар өкiл бола алмайды.
Өкiлдер iске жәбiрленушiмен қатар да, ол жоқ кезде де жiберiледi.
Жәбiрленушінің, азаматтық талапкердiң өкiлдерi жәбiрленушінің, азаматтық талапкердiң қатысуымен жүргiзілген тергеу әрекеттерінің басы-қасында болуға және тергеушiнiң рұқсатымен қатысуға хұқықты.
Жәбiрленушi iс бойынша өндiрiстiң қай кезiнде болса да келiсiммен болған өкiлден бас тартуға хұқықты.
9. Жәбiрленушінің, азаматтық талапкердің, олардың өкілдерінің алдын-ала тергеу аяқталмастан бұрын iспен танысуды қажет етпеймiн деп берген арызы тергеушiнi көрсетiлген адамдарға алдын-ала тергеудiң аяқталғанын хабарлау және iспен танысуға, тiлектер қоюға хұқықтары бар екенін түсiндiру мiндеттерiнен босатпайды.
10. Айыпкердi судья жеке өзі, әйтпесе сот тәртiптеушi мәжiлiсте сотқа берген кезде судья немесе сот қылмыспен моральдық, дене немесе мүлiктiк зиян келтiрiлген адамдардың барлығы жәбiрленушi деп танылғанын тексеруге мiндеттi. Егер олардың кейбiреуi негiзсiз жәбiрленушi деп танылмаған болса, судья қаулымен, ал сот ұйғарыммен ол адамды жәбiрленушi деп тануға, оған бұл жөнiнде хабарлауға, хұқықтарын түсiндiруге, iс материалдарымен танысу мүмкiншiлiгiн қамтамасыз етуге, ал жәбiрленушi азаматтық талап берген жағдайда - азаматтық талапкер деп тануға мiндеттi.
Егер жәбiрленушінің хұқықтары бiреулерге негiзсiз берiлген болса, судья жеке өзi немесе сот тәртiптеушi мәжiлiсте ондай адамды iсте жәбiрленушi ретiнде қатыстырмау жөнiнде ұйғарым шығаруға және оған қабылданған шешiмдi хабарлауға тиiстi.
Жәбiрленушінің хұқықтарын сотқа беру сатысында қамтамасыз ету мақсатында судья немесе сот қажет жағдайларда оны сотқа жолданған, анықтама жүргiзу немесе алдын ала тергеу кезiнде қабылданбаған тілектерi жөнiнде түсiнiктеме беру үшiн сотқа шақыруға, азаматтық талапты қамтамасыз етуге шаралар қолдануға, жәбiрленушіні iс материалдарымен таныстыруға, тергеу әрекеттерiн жүргiзумен байланысты болмаса қосымша дәлелдер алдыруға хұқықты.
Соттар материалдық залалдың өтеуiн қамтамасыз етуге бағытталған заң талаптарын бұзған әрбiр жағдайға көңiл бөлуге тиiстi.
11. Басқаша емес, тек қана жәбiрленушінің шағымы бойынша қозғалатын iстер бойынша, сондай-ақ заңмен белгiленген сотқа дейiн әзiрленетiн хаттама формада тағайындалған материалдар бойынша судья (сот) қылмыстық іс қозғау және хұқық бұзушыны сотқа беру жөнiндегi қаулыда (ұйғарымда) моральдық, дене немесе мүлiктiк зиян келтiрiлген адамды iс бойынша жәбiрленушi деп тануға немесе осы мәселелердi сот мәжiлiсiнiң әзiрлiк бөлiгiнде шешуге, ал iстi қарағанда сот жәбiрленушiге хұқықтары мен мiндеттерiн түсiндiруге тиiстi.
Басқаша емес, тек қана жәбiрленушінің шағымы бойынша қозғалатын iстер бойынша судья жәбiрленушінің шағымымен қатар қарсы шағымды бiр өндiрiске бiрiктiруге және оларды бір уақытта қарауға хұқықты. Ондай жағдайда екi арызданушы бiр процесте тек жәбiрленушi ғана емес, сол сияқты сотталушы да болып есептеледi, және сот олардың әрқайсысына заңда көрсетiлген жәбiрленушінің де, сотталушының да барлық процессуалдық құқықтарын сақтауды қамтамасыз етуге мiндеттi.
12. Сот сотталушыны жәбiрленушінің ар-намысы мен абыройын даттап масқаралайтын өтiрiк өсектер мен мағлұматтарды бұқаралық ақпарат құралдарында таратқаны үшiн кiнәлi деп таныса, үкiмде жәбiрленушінің беделiн түсiретiн мағлұматтардың жалғандығын баспасөзде жариялау қажеттiгi жөнiнде мәселе шешуге мiндеттi.
13. Жәбiрленушi, азаматтық талапкер, олардың өкiлдерi сотта іс жүргiзiлген тiлдi түсiнбейтiн болса тiлмашпен қамтамасыз етiлуге тиiс. Олардың мүддесiне қатынасы бар iс материалдары бұл адамдардың тiлегi бойынша өздерiнiң ана тiлiне немесе олар бiлетiн тiлге аударылуы керек.
14. Жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, олардың өкiлдерiне қандай да болса заңсыз ықпал жасаудан олардың қорғану хұқығы бар екендігі уақтылы түсiндiрiлуi керек.
Жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, олардың өкiлдерiне, сондай-ақ олардың семья мүшелерiне немесе жақын туысқандарына өлтiру, күш қолдану, мүлiктерiн жою немесе зақымдаумен қорқыту, сотқа келулерiне кедергi жасау, жауап беруден бас тарттыруға я бiле тұра жалған жауап беруге, немесе басқадай хұқыққа қарсы әрекеттерге мәжбүр ету жөнiнде жеткiлiктi мәлiметтер болса, анықтама органдары, тергеушi, прокурор, сот бұл адамдардың өмiрiн, денсаулығын, ар-намысын, абыройын және мүлiктерiн қорғауға, сондай-ақ кiнәлi адамдарды анықтап оларды жауапқа тарту үшiн заңда көрсетiлген шараларды қолдануға тиiс.
15. Жәбiрленушiге келтiрiлген залал едәуір екені жөнiнде мәселенi шешерде ұрланған, зақымданған немесе жойылған мүлiктiң жәбiрленушi үшiн маңыздылығын, оның саны мен құнын, сол сияқты жәбiрленушінің материалдық жағдайын, соның iшiнде оның жалақысын, басқа кiрiстерiн, асырауында адамдар бар екенiн ескеру керек.
16. Материалдық залал келтiрiлген қылмыс жөніндегі әрбiр iс бойынша сот азаматтық талапты шешуге, ал азаматтық талап берiлмеген жағдайда өз ынтасымен залалды өтеу туралы мәселені талқылауға мiндеттi.
17. Жәбiрленушiге қоғамға қауiптi іс-әрекетпен келтiрiлген материалдық залалды өндiру қолданылып отырған заңда көрсетiлген тәртiппен және мөлшерде қылмыстық iстi сотта қарау ретiнде шешіледi. Сонымен қатар соттар азаматтық заң нормаларына сәйкес мүлiктiк зиянға жауапты адам азаматтық талапкерге немесе жәбірленушіге зиянды натурасында өтеуге мiндеттi екенiн (сол түрдегi және сападағы затты беруге, зақымданған затты түзеуге т.с.с.) немесе жәбiрленушiге ұрлықпен, жоюмен, я оның затын зақымдаумен келтiрiлген шығындарды толықтай өтеуге; зиян келтiрушi жәбiрленушінің зақымдануына, немесе басқаша денсаулығы жарақаттануына, асыраушысынан айырылумен байланысты шығындарды, жерлеу шығындарын өтеуге; заңда көрсетiлгеннен басқа беттерде көтерiңкi қауiп арнасымен келтiрiлген зиянды, арнаның иесi төлеуге; әрекеттiк қабылеттiлігі жоқ деп танылған азаматтың келтiрiлген зиянын, оның қамқоршысын немесе оған қадағалау жасауға мiндеттi ұйым өтеуге (егер олар зиян олардың кiнәсiнен пайда болмағанын дәлелдей алмаса); жасы 15-ке дейiнгі жасы толмағандардың келтiрген зиянына оның ата-анасы (бала ғып алушылар) немесе қамқоршысы жауап беруге (егер олар зиян олардың кiнәсiнен пайда болғанын дәлелдей алмаса) мiндеттi екендерiн ескеруге мiндеттi.
18. Мүлiктi ұрлау, зақымдау немесе жоюмен келтiрiлген залал жәбiрленушiге өтеу жөнiнде шешiм қабылданған күнге орныққан бағаны ескере отырып өтеледi.
Қажеттi деп табылған ретте мүлiктi ұрлау, зақымдау немесе жою арқылы келтiрiлген залалдың мөлшерiн сот сарапшының қорытындысы негiзiнде анықтайды, я залалды соттың осы мақсат үшiн тағайындаған мамандары немесе комиссия анықтауы мүмкiн.
Сот iс қараған кезде орныққан бағаны ескерiп, өтеуге жататын залалдың мөлшерiн көбейтуге құқықты. Қылмыс жасалғаннан кейiн бағаның өзгерумен байланысты өндiрудiң мөлшерiнiң өзгеруi қылмыстың саралануы мен айып көлемiне ықпал жасамайды.
19. Айыптау үкiмiн шығарған кезде сотталғаннан жәбiрленушінің пайдасына анықтама жүргiзуге, алдын-ала тергеуге және сотқа шарт бойынша қатысқан жәбiрленушінің өкiлiнiң еңбегiн төлеумен байланысты шығындар өндiрiлуге жатады.
Қылмыстық iс жүргiзу заңында көрсетiлген жәбiрленушінің, оның өкiлiнiң басқа шығындары (процессуалдық әрекеттер жүргiзiлетiн жерге келгенде және керi қайтқанда жолдың ақысын төлеу, тұрғын үй жалдаудың, тәулiктiң төлемi және басқалар) жоғарыда аталған адамдардың пайдасына анықтама, алдын-ала тергеу, сот органдарының қаржысынан төленедi де, кiнәлi адамнан мемлекет пайдасына өндiрiледi.
20. Сот, залалды бiрiккен әрекеттерiмен келтiрген сотталушыларға, егер мұндай тәртiп азаматтық талапкердiң мүдделерiне сай келсе және залалды өндiрудi қамтамасыз ететiн болса, ортақ емес үлестi, жауаптылықты міндеттеуге хұқықты.
21. Сот жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, олардың өкiлдерiне сот мәжiлiсiнiң хаттамасымен танысуына және оған өз ескертпелерiн беруге хұқықты екенiн түсiндiруге мiндеттi және бұл сот мәжiлiсi хаттамасында бейнеленуге тиiс. Тағайындалған мерзiмдердi бұзып жасалған хаттамаға қол қойылған күн туралы көрсетiлген адамдар хабарлануға тиiсті.
22. Егер сот iстi сотта қарау үстiнде қоғамға қауiптi әрекетпен зиян келтiрiлген азаматтың жәбiрленушi деп танылмағанын анықтаса, сот оны жәбiрленушi деп тану жөнiнде ұйғарым шығаруға, оған хұқықтарын, оның iшiнде сотта қарау материалдарын қоса, iспен танысуға хұқықты екенiн түсiндiруге және оның хұқықтарын iске асыруын қамтамасыз етуге тиiс.
Көрсетiлген жағдайлар кеңесу бөлмесiнде анықталса, сот сот тергеуiн қайта бастауға мiндеттi.
23. Жәбiрленушiге бiрiншi сатыдағы сотқа оның қатысқан, қатыспағанына қарамастан кассациялық түрде шағыну хұқығы қамтамасыз етiлуi керек.
Жәбiрленушi барлық реттерде шығарылған үкiм жөнiнде оған шағыну тәртiптерi түсiндiріліп, процестiң басқа қатысушыларының шағымдары және наразылық, сол сияқты iстiң кассациялық сатыдағы сотта қаралатын күнi мен орны жөнiнде хабарлануы тиiс.
24. Кассациялық сатыдағы сот жәбiрленушi келтiрiлген наразылық немесе процесстiң басқа қатысушыларының берген кассациялық шағымдары, сол сияқты iстiң кассациялық түрде қаралатын күнi жөнiнде хабарланбағанын, немесе түскен наразылық, шағыммен танысуға, оларға қарсылық беруге мүмкiншiлiк жасалмағанын анықтағанда, өзi iстей алатын реттерден басқа жағдайда (мысалы, жәбiрленушiнiң кассациялық сатыға келуi және қажеттi құжаттармен танысуы), iстi жiберiлген бұзушылықтарды жою үшiн үкiм шығарған сотқа қайтаруға тиiс.
25. Үкiмдi ауырырақ қылмыс жөнiндегi заңды қолдану қажеттiлiгi, я жазаның жеңiлдiгімен байланысты бұзу, сол сияқты ақтау үкiмiн бұзу жәбiрленушi тек осы көрсетiлген негiздермен кассациялық шағым берген реттерде болуы мүмкiн. Егер жәбiрленушi үкiмге басқа негiздермен шағынған болса (оған келтiрілген мүлiктiк залалдың мөлшерiн қате есептеу, басқа адамдарды жауапқа тартпағандық ж.с.с.) онда сот сотталғанның жағдайын әлсiретуге, немесе ақтау үкiмiн бұзуға хұқықты емес.
26. Жәбiрленушіні хұқығынан айыру немесе хұқығына шек қою, егер ол соттың iстi жан-жақты қарауына және заңды, дәлелдi үкiм шығаруына ықпал жасаса, үкiмдi бұзуға әкелiп соғатын қылмыстық iстер жүргiзу заңының елеулi бұзылуы болып танылуы мүмкiн.
27. Қадағалау сатысының соты жәбiрленушіні, азаматтық талапкердi,
олардың өкiлдерiн наразылықпен таныстыруға және мәжiлiске шақыруға құқықты. Осы қаулының қабылдануымен байланысты ССРО Жоғарғы Соты Пленумының 1985-жылғы 1-қарашадағы "Жәбiрленушінің қылмыстық сот өндiрiсiндегi қатысуын реттейтiн заңды соттардың қолдану практикасы туралы" N 16 қаулысы жарамсыз деп саналады. Мамандар: Қасымбеков Б.А. Икебаева Ә.Ж.