"Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 9-бабының 5-1) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 5-бабы 17) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Республикалық бюджет комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған:
1) Комиссия туралы ереже;
2) Комиссияның құзыреті;
3) Комиссияның құрамы бекітілсін.
3. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 7 маусымдағы № 415 қаулысымен бекітілген |
Республикалық бюджет комиссиясы туралы ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Республикалық бюджет комиссиясы туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) Республикалық бюджет комиссиясының (бұдан әрі – Комиссия) қызметін реттейді.
2. Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі (бұдан әрі – Бюджет кодексі), Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ осы Ереже және құзырет Комиссия қызметінің құқықтық негізін құрайды.
3. Комиссияның жұмыс органы бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган болып табылады.
4. Комиссияның қызметін ұйымдастыру тәртібін жұмыс органы әзірлейді және айқындайды.
5. Комиссия өз қызметін бетпе-бет және сырттай форматтарда тұрақты негізде жүзеге асырады.
2-тарау. Комиссия қызметінің мақсаттары
6. Комиссия қызметінің негізгі мақсаттары жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет жобасын уақтылы және сапалы әзірлеуді қамтамасыз ету және республикалық бюджетті жоспарлау және атқару жөнінде ұсыныстар тұжырымдау болып табылады.
3-тарау. Комиссия функциялары
7. Комиссия жұмыс органы дайындаған материалдарды қарау және:
1) бюджет қаражатын жұмсаудың және республикалық бюджеттен субсидиялаудың басым бағыттарын;
2) бюджетаралық қатынастардың даму бағыттарын;
3) мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыш саласындағы саясатты;
4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау мүмкіндігі туралы ұсыныстарды;
5) объектілер бөлінісіндегі бюджеттік инвестицияларды, сондай-ақ облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана бөлінісінде жоспарлы кезеңге арналған нысаналы даму трансферттерін және кредиттерді қоса алғанда, басым республикалық бюджеттік инвестициялардың тізбесін айқындау жөніндегі функцияларды жүзеге асырады;
8. Комиссия жұмыс органының қорытындысы негізінде:
1) республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамы;
2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау мүмкіндігі;
3) объектілер бөлінісіндегі бюджеттік инвестицияларды, сондай-ақ облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана бөлінісінде жоспарлы кезеңге арналған нысаналы даму трансферттерін және бюджеттік кредиттерді қоса алғанда, республикалық бюджеттік инвестициялардың тізбесі;
4) республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттері;
5) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган қалыптастыратын тізбе бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің ағымдағы әкімшілік шығыстарын және ағымдағы қаржы жылына бекітілген (нақтыланған, түзетілген) республикалық бюджеттің өзге де шығыстарын қамтитын тұрақты сипаттағы шартсыз базалық шығыстардың тізбесі мен көлемі;
6) шығыстарды шолу, бюджеттік мониторинг және жүргізілген нәтижелерді бағалау нәтижелері;
7) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның даму жоспарларының жобалары немесе даму жоспарларына өзгерістер мен толықтырулардың жобалары және республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламалар паспорттарының жобалары бойынша қорытындысы және бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның бюджеттік сұрау салулар бойынша қорытындысы негізінде республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жоспарлы кезеңге арналған шығыстары;
8) орталық мемлекеттік органдар өтінімдерінің тізбесіне сәйкес байланысты гранттарды тартудың орындылығы;
9) жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасы;
10) Қазақстан Республикасы Үкіметінің оң қорытындысы болған кезде ғана Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін заң жобалары;
11) Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары, Қазақстан Республикасы министрлерінің және орталық мемлекеттік органдардың өзге де басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары, орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілері, құрылымына республикалық және жергілікті бюджеттер және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры кірістерінің қысқаруын немесе шығыстарының ұлғаюын көздейтін ведомство кіретін мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілерінде оларды бекіту бойынша тікелей құзыреті болған кезде орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары жобаларының ережелері;
12) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жасаған төтенше немесе соғыс жағдайы іс-шараларын қаржыландыру үшін бюджеттік бағдарламалардың тізбесі мен көлемдері;
13) республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне берілетін нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттердің көлемдері;
14) республикалық бюджетті нақтылау, секвестрлеу және түзету;
15) жекелеген мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің, бюджеттік инвестициялық жобалардың және мемлекеттік тапсырма нысанында орындалуы жоспарланып отырған, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған басқа міндеттердің тізбесі;
16) бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган арасындағы келіспеушіліктерді реттеу;
17) есепті қаржы жылында Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке аударылмаған кепілдік берілген трансферт сомасын Қазақстан Республикасы Үкіметінің бюджетті түзету арқылы тиісті бюджеттік бағдарламалар бойынша төленбей тіркелген міндеттемелер сомасынан аспайтын көлемде өткен қаржы жылындағы республикалық бюджетте бекітілген ағымдағы бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік даму бағдарламаларын қаржыландыру үшін ағымдағы қаржы жылында пайдалануы;
18) мемлекеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін, жобалау-сметалық құжаттамасын, қаржылық-экономикалық негіздемесін, техникалық тапсырмасын түзету;
19) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферттерді бір бюджеттік бағдарлама шегінде кіші бағдарламалар арасында, сондай-ақ бір бюджеттік кіші бағдарлама шегінде іс-шаралар, жобалар, өңірлер арасында қайта бөлу;
20) келесі қаржы жылында бюджеттік қаражатты толық пайдалануға рұқсат берілетін мемлекеттік инвестициялық жобалардың және (немесе)
іс-шаралардың бөлінісіндегі бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) тізбесі;
21) жалғыз акционері (қатысушысы) мемлекет болып табылатын квазимемлекеттік сектор субъектісі акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқықтарын жүзеге асыратын тиісті саланың уәкілетті органдары мен жергілікті атқарушы органдардың түсімдерін төлеу мөлшерін азайту немесе төлеуден босату бойынша ұсыныстар тұжырымдайды.
9. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
4-тарау. Комиссияның құқықтары
10. Өзінің міндеттеріне сәйкес Комиссияның:
1) орталық атқарушы және басқа да мемлекеттік органдармен, ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға, сондай-ақ Комиссияның міндеттерін іске асыру үшін мамандарды және сарапшыларды жұмысқа тартуға;
2) өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ұсынымдар беруге және ұсыныстар енгізуге;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардан Комиссияның міндеттерін іске асыру үшін қажетті материалдарды сұратуға және оларды алуға;
4) Комиссияның міндеттері мен функцияларын іске асыруға байланысты мәселелер бойынша мемлекеттік органның және ұйымның бірінші басшыларын, ал олар болмағанда – бірінші басшының міндетін атқарушы тұлғаларды Комиссияның отырыстарына шақыруға және тыңдауға құқығы бар.
5-тарау. Комиссияны қалыптастыру мен оның қызметінің тәртібі
11. Комиссия құрамына:
1) Комиссия төрағасы;
2) Комиссия хатшысы;
3) Комиссия мүшелері кіреді.
12. Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық етеді, Комиссия отырыстарын өткізеді, оның жұмысын жоспарлайды, оның ұсыныстарының іске асырылуын жалпы бақылауды жүзеге асырады.
13. Комиссия хатшысы Комиссия қызметін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты үйлестіреді, Комиссия отырыстарының хаттамаларын дайындайды.
14. Комиссия мүшелерінің отырыстарға қатысу жөніндегі өздерінің өкілеттіктерін басқа тұлғаларға беруге құқығы жоқ.
15. Комиссия отырыстарына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы (келісу бойынша) және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары (келісу бойынша):
1) республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамын;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының түсімдерін қысқартуды немесе шығыстарын ұлғайтуды көздейтін нормативтік құқықтық актілерді;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарын, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының шеңберінде бюджет қаражатын жұмсаудың басым бағыттарын;
4) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында айқындалған бағыттарды және жүйелі қайта құруларды іске асыру мақсатында әзірленген саланы/аяны дамыту тұжырымдамаларын;
5) жаңа салықтық мөлшерлемелер мен жеңілдіктерді және бюджетаралық қатынастарды дамыту бағыттарын алып тастауды/енгізуді көздейтін салық реформаларын қарау кезінде міндетті түрде қатысады.
16. Жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыруға байланысты мәселелерді қарау кезінде Комиссия отырыстарына Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі
(келісу бойынша) байқаушы ретінде (дауыс беру құқығынсыз) қатысады.
17. Комиссияның ұсынымдары Комиссия мүшелерінің қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады және, егер олар үшін Комиссия мүшелерінің жалпы санының басым көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп саналады. Комиссия мүшелері ұсынымдар қабылдау кезінде тең дауысқа ие. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
18. Комиссияның жұмыс органы:
1) "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – "Мемлекеттік құпиялар туралы" Заң) сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) "Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 24 маусымдағы № 429 қаулысымен (бұдан әрі – қаулы) айқындалған таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы Комиссия ұсынымдарының көшірмелерін қосымшаларымен қоса Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына;
2) "Мемлекеттік құпиялар туралы" Заңға сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) қаулымен айқындалған таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, "Мемлекеттік жоспарлау" ақпараттық жүйесі арқылы Комиссия ұсынымдарынан үзінді көшірмелерді құзыретіне тиісті мәселелер кіретін орталық мемлекеттік органдарға жібереді.
19. Өзіне жүктелген міндеттерді орындау мақсатында қабылданған Комиссия ұсынымдарын барлық мемлекеттік органдар көрсетілген мерзімде міндетті түрде қарауға тиіс.
20. Комиссия отырыстарының арасындағы кезеңде оның қызметінің ұйымдық мәселелерін Комиссияның жұмыс органы шешеді.
Комиссия құзыретіне кіретін мәселелерді жұмыс органы құжаттар ұсынылған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен асырмай қарайды және құжаттардың толық топтамасы болған жағдайда Комиссияның қарауына шығарады.
Жұмыс органы Комиссия отырысында қарауға арналған материалдарды Комиссия мүшелеріне отырыс өткізілетін күнге дейін екі жұмыс күнінен кешіктірмей жібереді.
6-тарау. Комиссияның қызметін тоқтату
21. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Комиссия қызметін тоқтату туралы шешім қабылдауы оның қызметін тоқтату үшін негіз болып табылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 7 маусымдағы № 415 қаулысымен бекітілген |
Республикалық бюджет комиссиясының құзыреті
Республикалық бюджет комиссиясының құзыретіне мыналар кіреді:
1. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, мемлекеттік органдардың даму жоспарларының жобалары немесе оларға өзгерістер мен толықтырулардың жобалары, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері шығыстарының лимиттері және бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының бағыттары бойынша ұсыныстар тұжырымдау.
2. Бюджет жобаларының көрсеткіштерін айқындау, бюджеттерді нақтылау, түзету бойынша ұсыныстар тұжырымдау.
3. Республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттердің және (немесе) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының түсімдерін қысқартуды немесе шығыстарын ұлғайтуды көздейтін нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша, оның ішінде Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің (бұдан әрі – Бюджет кодексі) 73-бабының 2-тармағы бірінші бөлігінің бесінші абзацында көзделген жағдайда ұсыныстар тұжырымдау.
4. Бюджет кодексінің ережелерін іске асыру үшін әзірлеген нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша ұсыныстар тұжырымдау.
5. Шығыстарға шолу, бюджеттік мониторинг нәтижелерін, нәтижелерге жүргізілген бағалауды қарау және олар бойынша ұсыныстар тұжырымдау.
6. Бюджет кодексінде және осы Ережеде көзделген өзге де өкілеттіктер.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 7 маусымдағы № 415 қаулысымен бекітілген |
Республикалық бюджет комиссиясының құрамы
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, төраға
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы (келісу бойынша) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарлары
Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі, хатшы (дауыс беру құқығынсыз)
Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі (келісу бойынша)
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі
Қазақстан Республикасының Әділет министрі
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі
Қазақстан Республикасының Көлік министрі
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі
Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы (келісу бойынша)
Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы (келісу бойынша)
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы (келісу бойынша)
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы (келісу бойынша)
Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің басшысы (келісу бойынша)
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары (келісу бойынша)
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика және Қаржы вице-министрлері
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 7 маусымдағы № 415 қаулысына қосымша |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі
1. "Республикалық бюджет комиссиясы туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 қаңтардағы № 10 қаулысы.
2. "Республикалық бюджет комиссиясы туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 қаңтардағы № 10 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 6 қарашадағы № 720 қаулысы.
3. "Республикалық бюджет комиссиясы туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 қаңтардағы № 10 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 5 шілдедегі № 481 қаулысы.
4. "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасындағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілдері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 27 қыркүйектегі № 596 және "Республикалық бюджет комиссиясы туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 қаңтардағы № 10 қаулыларына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 мамырдағы № 310 қаулысының 1-тармағының 2) тармақшасы.
5. "Республикалық бюджет комиссиясы туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 қаңтардағы № 10 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 18 наурыздағы № 154 қаулысы.
6. "Республикалық бюджет комиссиясы туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 қаңтардағы № 10 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 31 наурыздағы № 179 қаулысы.
7. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 29 сәуірдегі № 268 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 3-тармағы.
8. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 13 ақпандағы № 121 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 11-тармағы.
9. "Республикалық бюджет комиссиясы туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 қаңтардағы № 10 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 855 қаулысы.
10. "Республикалық бюджет комиссиясы туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 қаңтардағы № 10 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 26 ақпандағы № 124 қаулысы.
11. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 17 шiлдедегi № 571 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімдеріне енгізілетін өзгерістердің 2-тармағы.