ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 5-тармақтан қараңыз
"Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің "Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының атауы Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің "Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – кәсіпорын) болып өзгертілсін.
2. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімде кәсіпорынға қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылық ету жөніндегі уәкілетті орган болып белгіленсін.
3. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне кәсіпорынның жарғысына өзгерістерді бекітуге енгізсін;
2) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамында кәсіпорынның мемлекеттік қайта тіркелуін қамтамасыз етсін;
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:
1) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 17 маусымдағы № 24 Жарлығын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 12 шілдедегі № 501 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі туралы ережеде:
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:
"Республикалық мемлекеттік кәсіпорындар" деген бөлім:
мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:
"3) Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің "Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны.";
2) "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрліктерінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ережеде:
Министрліктің қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:
9-тармақ алып тасталсын.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі, ресми жариялануға тиіс және 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |