"Отставкадағы судьяға өмір бойғы ай сайынғы қамтылым төлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 қарашадағы № 961 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 27 мамырдағы № 322 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Отставкадағы судьяға өмір бойғы ай сайынғы қамтылым төлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2015 жылғы 28 қарашадағы № 961 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 59-60-61, 480-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Отставкадағы судьяға өмір бойғы ай сайынғы қамтылым төлеу қағидаларында:

      2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) ай сайынғы өмір бойғы қамтылымды алушы – Конституциялық заңның 35-бабының 1, 1-1 және 2-1-тармақтарына сәйкес "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергілікті және басқа соттардың қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органға өтініш берген отставкадағы, оның ішінде 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін отставкаға шыққан судья;";

      23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "23. Ай сайынғы өмір бойғы қамтылымды төлеу Конституциялық заңның 35-бабының 3-тармағында көзделген негіздер бойынша судьяның отставкасы тоқтатылған жағдайда тоқтатылады.

      Отставкадағы судья қайтыс болған немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайда ай сайынғы өмір бойғы қамтылымды төлеу қайтыс болған ай қоса есептеліп жүзеге асырылады.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин