ХАБАРЛАНДЫРУСоттардың сақтандыру саласындағы қатынастарды реттейтін заңнаманы қолданудың сот практикасын қорыту нәтижелерінің негізінде және оның біртұтастығын қамтамасыз ету мақсатында, сонымен қатар осы санаттағы істерді қарау кезінде соттарда туындайтын мәселелерді ескере отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсініктемелерді беруге қаулы етеді.
1. Көрсетілген құқық қатынастары бойынша заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция) негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен (бұдан әрі – АК), Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінен (бұдан әрі – Еңбек кодексі), Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінен (бұдан әрі – АПК), "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы № 126-II, "Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" 2003 жылғы 1 шілдедегі № 446-II (бұдан әрі – Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін сақтандыру туралы заң), "Туристі міндетті сақтандыру туралы" 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 513, "Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" 2005 жылғы 7 ақпандағы № 30-III (бұдан әрі – Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заң) Қазақстан Республикасының заңдарынан, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банк Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 14 қаулысымен бекітілген Көлік құралына келтірілген зиян мөлшерін анықтау қағидаларынан (бұдан әрі – Зиян мөлшерін анықтау қағидалары) және басқа да нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 29.09.2022 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.2. Көрсетілген санаттағы істер аумақтық соттылықтың жалпы қағидалары бойынша – жауапкердің орналасқан жері бойынша қаралады.
Сақтандыру ұйымына қатысты талап қою сақтандыру шартын жасаған филиалдың немесе өкілдіктің орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін.
Сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін өндіріп алу туралы талап талап қоюшының тұрғылықты жері бойынша не жауапкердің орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін. "Тұрғылықты жер" деген ұғым бұл нормада талап қоюшы – жеке тұлға туралы айтылатынын білдіреді, демек талап қоюшылар – заңды тұлғалар талапты жалпы тәртіппен – жауапкердің орналасқан жері бойынша береді.
3. Көрсетілген санаттағы істер бойынша мемлекеттік баж мөлшерлемелері "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасы Кодексінің 610-бабына сәйкес анықталады. Мүліктік сипаттағы талаптарға сақтандыру төлемін, оның ішінде суброгация тәртібімен немесе кері талап қою тәртібімен өндіріп алу туралы өсімпұлды өндіріп алу туралы және басқа талаптар жатады. Мүліктік емес сипаттағы талаптарға сақтандырушының сақтандыру төлемін жүргізуден бас тартуына шағымдану туралы, сақтандыру жағдайының басталу фактісін тану туралы, сақтандыру шартын заңсыз деп тану туралы және басқа да талаптар жатады.
Салық кодексінің 616-бабының 19) тармақшасына сәйкес мемлекеттік бажды төлеуден босату тек міндетті сақтандыру шарттарынан туындайтын талап қоюлар бойынша сақтанушылар мен сақтандырушылар үшін көзделген.
Көрсетілген нормадағы "талап қоюлар бойынша" деген сөздердің мағынасы процеске талап қоюшы немесе жауапкер ретінде қатысуына қарамастан, сақтанушылар мен сақтандырушылардың мемлекеттік баж төлеуден босатылатынын білдіреді.
Сонымен қатар, пайда алушылар мұндай жеңілдікті пайдаланбайды. Сондықтан сақтанушы болып табылмайтын пайда алушы сақтандырушыға міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін өндіріп алу туралы талап қойған жағдайда, ол Салық
кодексінің 616-бабында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік баж төлеуден босатылмаса, Салық кодексінің 610-бабында көзделген мөлшерде мемлекеттік бажды төлеуге міндетті.
Бұл жағдайда сот шығыстары АПК-нің 109-бабында көзделген жалпы қағидалар бойынша тараптар арасында бөлінеді. Егер міндетті сақтандыру шарты бойынша пайда алушының сақтандырушыға қатысты талап қоюы бойынша шешім пайда алушының мүддесіне шешілсе, сот оның пайдасына сақтандырушыдан олардан кеткен барлық сот шығыстарын, оның ішінде мемлекеттік бажды өндіріп береді.
Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 7 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).4. Сақтандыру шарттарынан туындайтын талаптарға жалпы талап қою мерзімі – үш жыл қолданылады. Бұл мерзім пайда алушыға немесе сақтанушыға (сақтандырылған адамға) оның құқықтарының бұзылғаны – сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тарту немесе оның мөлшерін азайту туралы шешім қабылдағаны туралы белгілі болған кезден бастап, ал шешім қабылданбаған болса – сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін заңмен немесе шартпен белгіленген мерзім аяқталған сәттен бастап есептеледі. Кері талап тәртібімен сақтандырушының сақтанушыға талап қоюы үшін үш жылғы мерзім сақтандыру төлемі жүзеге асырылған сәттен бастап есептеледі.
АК-нің 181-бабына сәйкес суброгация кезінде міндеттемедегі тұлғалардың ауысуы талап қоюдың ескіру мерзімін және оны есептеу тәртібін өзгертуге әкеп соқтырмайды, сондықтан борышкер осы мерзімнің өткені туралы жаңа кредитордың орнына бұрынғысы әрекет еткен сияқты, дәл солай мәлімдей алады. Суброгация тәртібімен зиян келтірушіге қатысты талап қоюды берген кезде сақтандырушы үшін талап қою мерзімінің ескіруі, сақтандыру төлемін жүзеге асыру сәтінен емес, сақтандыру жағдайы басталған сәттен бастап есептеледі. Зиян келтіруші субъектіні анықтауға байланысты дау орын алған кезде талап қоюдың ескіру мерзімі осы субъект айқындалған сот актісі күшіне енген кезден бастап есептеледі.
Зиян келтіруші деп сол зиянды келтірген адам не тікелей зиян келтіруші болмаса да заңнамалық актілермен зиянның орнын толтыру бойынша міндеттер жүктелген адам танылады.
5. Сақтандыру жағдайы басталған кезде пайда алушы тікелей сақтандырушыға сақтандыру шартында көзделген сақтандыру төлемiн жүзеге асыру туралы талап қоюға құқылы. Өзінің талаптарын зиян келтірушіге (сақтанушыға) тікелей қоя алатын жәбірленушінің осындай құқығы АК-нің 816-бабының 8-тармағында көзделген, бірақ ол міндет болып табылмайды.
Сонымен қатар, мұндай талап қойылған кезде сот өзінің бастамасы бойынша іске қатысуға дау нысанасына дербес талаптар қоймаған үшінші тұлға ретінде сақтандырушыны тартуы тиіс, өйткені бұдан кейін зиянға жауапты және өзінің жауаптылығын сақтандырған адам сақтандырушыға талап қоюға құқылы.
6. Ерікті мүліктік сақтандыру шартынан туындайтын дау бойынша істі сот талқылауына дайындау кезінде сот сақтандырылған мүлікке зиян келтірушінің бар-жоғын анықтауы, оны іске үшінші тұлға ретінде тартуы қажет, өйткені мүлікті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін өндіріп алу туралы сот шешімі сақтандырушыға суброгация тәртібімен зиян келтірушіге талап қоюға құқық береді (АК-нің 840-бабы).
7. Сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асырудан толықтай немесе ішінара бас тарту құқықтарының негіздері АК-нің 839-бабында көрсетілгенмен қатар міндетті сақтандырудың жекелеген түрлерін реттейтін заңдардың нормаларында көзделген. Ерікті сақтандыру шартының тараптары сақтандырушыны сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босату үшін өзге де негіздерді көздеуі мүмкін. Бұл ретте, ерікті сақтандыру шартында көрсетілген АК-нің 839-бабында көзделмеген және оның 6-тармағына қайшы келмейтін сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тарту үшін басқа негіздер сақтанушының (сақтанған адамның) жағдайын нашарлататын жағдайлар ретінде бағалануы мүмкін емес, өйткені АК-нің 806-бабының 6-тармағына орай шартты жасасу кезіндегі сақтандыру шарттары тараптардың келісімімен олардың ерік білдіруі негізінде анықталады.
АК-нің 839-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген сақтандыру жағдайын тудыруға бағытталып қасақана жасалған іс-әрекеттер деп сақтанушының (сақтандырылғанның, пайда алушының) сақтандыру төлемін алу мақсатында сақтандыру жағдайын тудыруды немесе оның басталуына жағдай жасауды көздейтін теріс пиғылына негізделіп жасалатын іс-әрекеттер түсініледі. Сақтанушыда осындай теріс пиғылдың болуы дәлелденуі тиіс. Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін сақтандыру туралы заңның 22-бабының 6-тармағына сай сақтандыру жағдайын тудыруға қасақана оқиға жасау, сондай-ақ сақтандыру төлемін заңсыз алуға бағытталған өзге де алаяқтық әрекеттер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес жауаптылыққа соқтырады.
АК-нің 839-бабының 1-тармағы 2) тармақшасына сәйкес сақтанушының (сақтандырылған адамның, пайда алушының) кез келген қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасауы емес, тек қасақана және сақтандыру жағдайымен себептік байланыста болған құқық бұзушылықтарды жасауы сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тартуға негіз болып табылады.
Егер сақтандыру жағдайы азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру шарты бойынша жауапкершілігі сақтандыру объектісі болып табылатын адамның кінәсінен орын алған болса, сақтандырушы кінәсінің нысанына қарамастан сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босатылмайды. Мұндай жағдайда сақтандыру төлемін жүзеге асырған сақтандырушыда төленген сома шегінде сақтанушыға кері талап қою құқығы туындайды (Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін сақтандыру туралы заңның 28-бабы 1-тармағының 1) тармақшасы.
Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 29.09.2022 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.8. Егер сақтандыру жағдайының басталғаны туралы сақтандырушының дер кезінде білгендігі дәлелденбесе не бұл жөніндегі мәліметтердің сақтандырушыда болмауы сақтандыру төлемі міндеттеріне ықпал етпейтін болса, сақтандыру жағдайының басталғандығы туралы сақтандырушыға хабар бермеу немесе хабарламаны уақтылы жібермеу, оған АК-нің 835-бабының 3-тармағына, 839-бабы 4-тармағының 5) тармақшасына сілтеме жасай отырып сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тарту құқығын береді.
Атап айтқанда, сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асыру міндетіне сақтанушының сақтандыру жағдайының басталғаны туралы сақтандырушыны хабардар ету мерзімдерін бұзуы салдарынан онда қажетті мәліметтердің болмауы әсер етуі мүмкін.
Сақтандыру жағдайының басталғаны туралы сақтандырушыны уақтылы хабардар ету оны сақтандыру жағдайы басталуының мән-жайларын тергеп-тексеруге қатысу, сақтандыру жағдайының болғанын не болмағанын айқындауға; сақтанушы шеккен залалдың мөлшерін анықтауға; сақтандыру жағдайынан залалды азайту мақсатында шаралар қабылдауға; кейін болуы ықтимал қайта сақтандыру компаниясына жүгінуге қажетті деректерді жедел жинау мен тіркеуді ұйымдастыру мүмкіндігімен қамтамасыз етеді.
Сақтандыру жағдайының басталғаны туралы мәліметтің жоқтығы сақтандырушының өтемді төлеу міндетіне әсер етпегендігін немесе сақтандырушы сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты уақтылы алғанын дәлелдеу ауыртпалығы төлем туралы талап қойған адамға жүктеледі.
9. Сақтандыру жағдайы ретiнде қарастырылатын оқиғада АК-нің 817-бабының 3-тармағында санамаланған барлық белгiлер болуы тиiс.
Сақтанушы сақтандыру шартын жасасу кезінде сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталу ықтималдығын және оның басталуынан (өмірі мен денсаулығын сақтандыру кезінде сақтандырылған адамның денсаулығының жай-күйі туралы, мүліктің сақтандыру кезіндегі техникалық жай-күйі туралы және т.б.) туындауы мүмкін залалдардың мөлшерiн айқындау үшiн елеулi мәнi бар сақтанушының өзiне белгiлi жағдайларды, егер бұл жағдайлар сақтандырушыға белгiсiз болса және белгiсiз болуға тиiстi болса, хабарлауға мiндеттi (АК-нің 832-бабының 1-тармағы).
Сақтанушының сақтандырушыға сақтандыру объектiсi, сақтандыру тәуекелi, сақтандыру жағдайы және оның зардаптары туралы көрінеу жалған мәлiметтер хабарлауы сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тартуы үшiн негіздердің бірі болып табылады (АК-нің 839-бабы 4-тармағының 1) тармақшасы).
Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 29.09.2022 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.10. Сақтанушының сақтандыру жағдайының басталуына жауапты тұлғаға өзінің талап қою құқығынан бас тартуы, сақтандырушыға талап қою құқығының өтуі үшін қажетті құжаттар беруден бас тартуы, сондай-ақ сақтанушының шығынға ұшырауына кінәлі тұлғадан мүліктік сақтандыру бойынша тиісті шығын төлемін алуы, сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тарту үшін дербес негіздер болып табылады. Егер мұндай төлем жүзеге асырылса, онда сақтандырушы сақтанушыдан артық төленген соманы қайтаруды, атап айтқанда сақтандыру өтемін толық немесе ішінара талап етуге құқылы (АК-нің 840-бабының 4-тармағы).
11. Суброгация – бұл сақтандыру төлемін жүзеге асырған сақтандырушыға сақтандыру нәтижесiнде өтелген залалдар үшiн жауапты адамға қоятын сақтанушының (пайда алушының) талап қою құқығының ауысуы. Суброгация тек мүліктік сақтандыру шарттары бойынша ғана мүмкін болады (АК-нің 840-бабы).
Суброгация кері талап қою талаптарының түрі болып табылмайды. Себебі кері талап қою кезінде жаңа міндеттеме туындайды, ал суброгация кезінде қолданыстағы міндеттемедегі тұлғаның (кредитордың) ауысуы болады.
АК-нің 933-бабына сәйкес басқа тұлға келтiрген зиянды өтеушінің, егер заңнамалық актiлерде өзгеше мөлшер белгiленбесе, төленген өтем мөлшерiнде осы тұлғаға керi талап қоюға (регресс) құқығы бар. Мысалы, жұмыс беруші АК-нің 921-бабының ережелерін ескере отырып, еңбек міндеттерін атқару кезінде оның жұмысшысы келтірген зиянның орнын толтырады, одан кейін жұмыс беруші өзінің жұмысшысына кері талап қоя алады және олардың қарым-қатынасы еңбек заңнамасымен реттелетін болады. Мұндай жағдайда бірінші міндеттемеде зиян келтірілген адам кредитор, ал борышкер – заңды тұлға – жұмыс беруші болып табылады. Регрестік талапта кредитор жұмыс беруші, ал борышкер – тікелей зиян келтірген жұмысшы болады.
Сақтандырушы сақтандыру төлемін жүзеге асыра отырып, зиян келтірген тұлға үшін залалдың орнын толтырмайды, заңда оған мұндай міндет жүктелмеген, ол өзінің міндеттемесін сақтандыру шарты бойынша орындайды, одан кейін оған сақтанушы (пайда алушы) мен зиян келтірген тұлға арасындағы қолданылып отырған міндеттемедегі кредитор құқығы ауысады.
Сақтандырудағы кері талап (регресс) құқығы тек сақтандырушы мен сақтанушы арасында ғана туындауы мүмкін. Бұл құқықты сақтандырушы міндетті сақтандырудың тиісті сыныбын реттейтін заңнамалық актілерде не ерікті сақтандыру шартында көзделген тәртіппен және жағдайларда іске асырады. Мысалы, Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін сақтандыру туралы заңның 28-бабы сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушыда сақтанушыға (сақтандырылған адамға) кері талап қою құқығының болуы жағдайларының тізбесін қамтиды.
Суброгация тәртібімен ауысқан талап ету құқығы, осы міндеттемедегі алғашқы кредитордың талап ету құқығы сияқты, нақ сол қағидаларды сақтай отырып жүзеге асырылады. Тиісінше, сақтандырушы оған суброгация тәртібімен ауысқан талапты шығын келтірген адамға қоя отырып, сақтанушы (пайда алушы) және шығын келтірген адам арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін нормативтік актілерді басшылыққа алуға міндетті. Кінәлі тұлға жәбірленушіге (сақтанушыға), оның ішінде зиян мөлшері бойынша мәлімдей алатын, өзінің қарсылықтарын сақтандырушыға білдіруге құқылы.
12. Көлік құралы иесімен еңбек қатынастарына байланысты немесе оның көзінше көлік құралын жүргізуші адамның азаматтық-құқықтық жауапкершілігі, міндетті сақтандыруға жатпайды, сондықтан сақтандыру жағдайы туындаған жағдайда, көлік құралының иесі мен сақтандырушы арасында жасалған сақтандыру шарты қолданылады.
Егер бұл ретте сақтандырушыда Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін сақтандыру туралы заңның 28-бабының 1-тармағында көзделген, сақтанушыға кері талап қою құқығы туындаса, сақтандырушы мұндай талапты көлік құралын басқарушыға емес, оның иесіне қояды.
13. Көлік құралының әсер етуі салдарынан келтірілген зиянға жауапты тұлғаны анықтау үшін жол-көлік оқиғасы (бұдан әрі – ЖКО) болған сәтте осы көлік құралының иесі кім болғанын, оның жауаптылығы сақтандырылған/сақтандырылмағанын анықтаған жөн.
АК-нің 287-бабының 1-тармағына орай ортақтасқан міндет немесе ортақтасқан талап, егер ол шартта көзделсе немесе заңнамалық актілерде белгіленсе туындайды.
Жоғары қауіптілік көздер иелерінің ортақтасқан жауаптылығы заңда осы көздердің өзара іс-қимылының салдарынан үшінші тұлғаларға зиян келтірілген кезде ғана көзделген (АК-нің 931-бабының 2-тармағы).
Егер жоғары қауіптілік көзді басқару басқа адамға осындай тапсыру ресімделмей берілсе, мысалы басқа адам автомашинаны оның иесінің көзінше және оның келісімімен басқарса, иелігінен жоғары қауіптілік көзін шығармаған иесі жәбірленушінің алдында тікелей жауапты болады.
АК-нің 931-бабында көзделген басқа заңды негізде (жалға беру шарты, сенімхат) көлік құралы иесінің және көлік құралын меншік иесінің болуынсыз иеленген адамның ортақтасқан жауаптылығы басталмайды. Бұл адам көлік құралымен келтірілген залал үшін жәбірленушінің алдында дербес жауапты болады.
14. Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін сақтандыру туралы заңның 28-бабының 1-тармағы 3) тармақшасында көрсетілген көлік құралын басқаруға құқығы жоқ тұлға деп жүргізуші куәлігі немесе тиісті санаты жоқ адамды, яғни көлiк құралын жүргiзушiде ЖКО орын алған кезде тиісті санаттағы көлік құралдары жүргізушілерін даярлаудың үлгілік бағдарламаларының көлемі бойынша қажетті білімдер мен дағдылар болмаған, белгіленген тәртіппен емтихандар тапсырмаған, заңды күшіне енген сот шешімімен көлік құралын басқару құқығынан айырылған, не жүргізуші куәлігінің қолданылу мерзімі ЖКО болған күнге дейін өтіп кеткен адамды тану қажет.
15. Сақтандыру жағдайының көлік құралының техникалық ақаулығы салдарынан болғанын, олар туралы сақтанушының (сақтандырылған адамның) білгендігінің немесе білуге тиіс болғандығының дәлелдемелерін сотқа сақтандырушы ұсынады. "Білуге тиіс болды" деген ұғым ақаудың айқын болғандығын, оны жүргізуші немесе көлік құралының иесі шығар алдында көзбен шолып байқау арқылы анықтай алатындығын білдіреді.
Атап айтқанда, жүргізушінің (бұған қол жеткізген өзге жүргізушінің) көрінеу техникалық ақауы бар көлік құралын басқаратын жағдайлардың мысалы, тежегіш жүйесі немесе рульді басқару жүйесі жұмыс істемейтін, басқа да ақаулары бар және Жол жүрісі қағидаларымен және Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелермен (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысымен бекітілген) көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынған жағдайларда және оларды қозғалыс басталғанға дейін жүргізуші немесе көлік құралының иесі мамандарға жүгінбей көре алатын жағдайлардың маңызы бар.
16. Өмірді жеке сақтандыру шарты бойынша сақтандыру объектісі сақтандырылған адамның өмірі мен денсаулығы болып табылады, сондықтан сақтандырылған адамның қайтыс болуы сақтандыру жағдайы ретінде сақтандыру шартымен қамтылады.
Азаматтық-құқықтық жауаптылықты міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру объектісі сақтанушының өмірі мен денсаулығы емес, оның Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына және мүлкіне келтірілген зиянды өтеу міндетіне байланысты сақтандырылған адамның мүліктік мүддесі болып табылады.
Тиісінше сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін (Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін сақтандыру туралы заңның 24-бабында көзделген мөлшерде) жоғары қауіптілік көздің әсер етуі салдарынан қайтыс болудың бір ғана фактісі жеткіліксіз, жәбірленушінің қайтыс болуымен келтірілген кінәлі адамның зиянды өтеу міндетінің туындауына негіз болатын мән-жайлардың бар екендігін анықтау қажет.
Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша жәбірленуші пайда алушы болып табылады, ол қайтыс болған жағдайда – Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жәбірленушінің қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге құқығы бар тұлға болады.
Пайда алушының қайтыс болуына байланысты залалды өтетуге, яғни сақтандыру шартында көзделген сақтандыру төлеміне құқығы бар тұлғалардың тізбесі АК-нің 940-бабында көзделген. Аталған тізбеге қатысы жоқ сақтандырылған адамның отбасы мүшелеріне немесе мұрагерлеріне сақтандыру төлемі жүзеге асырылмайды.
Сонымен қатар пайда алушы болып табылмаса да, бірақ Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін сақтандыру туралы заңның 24-бабының 6-тармағына сәйкес жәбіренушіні жерлеуді жүзеге асырған адамдар жерлеуге жүз айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінде сақтандырушыдан шығыстарды өтеп алуға құқылы. Бұл ретте жәбірленушіні жерлеу шығыстарын растайтын құжаттарды сақтандырушыға ұсыну қажеттілігі жоқ.
17. Сақтандырушы көлік құралына келтірілген зиянның мөлшерін айқындауды Зиян мөлшерін айқындау қағидаларына сәйкес мүлікке келтірілген зиян мөлшерін айқындау туралы арыздың негізінде он жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
Көлік құралына зиян келтірілген жәбірленушінің (пайда алушының) өзі немесе сақтанушы (сақтандырылған адам) мүлікке келтірілген зиянның мөлшерін айқындау туралы арызды берген күнінен бастап зақымдалған мүлікті көлік оқиғасының салдарынан түскен күйде сақтайды және сақтандырушыға бүлінген мүлікті қарап-тексеруіне мүмкіндік береді.
Егер сақтандырушы белгіленген мерзімде зиян мөлшеріне есептеуді ұйымдастырмаған жағдайда ғана жәбірленуші (пайда алушы) өз бетінше бағалау ұйымының қызметтеріне жүгінуге және бүлінген көлік құралын қалпына келтіру (кәдеге жарату) жұмыстарын бастауға құқылы. Бұл ретте бағалау ұйымының көлік құралына келтірілген зиян мөлшерін айқындау нәтижелерін сақтандырушы сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қабылдайды.
18. Зиян мөлшерін айқындау қағидаларының 11-тармағына сәйкес жәбірленуші (пайда алушы) немесе олардың өкілі зиян мөлшері туралы есепті алған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде онда жүргізілген зиян мөлшері есебінің нәтижелерімен келісетіні не келіспейтіні туралы белгі қояды.
Сақтандырушы айқындаған зиян мөлшерінің нәтижесімен келіспеген кезде жәбірленуші (пайда алушы) зиян мөлшерін бағалау нәтижелерін заңсыз деп тану туралы жеке талап арыз беру арқылы, не болмаса сақтандыру төлемін өндіріп алу туралы талаптарды сотта қарау барысында оны даулауға құқылы. Сот осындай дау туындаған кезде сот сараптамасын негізсіз тағайындауды болдырмау мақсатында сақтандырушының Зиян мөлшерін айқындау қағидаларында қамтылған талаптардың сақталуын тексереді, қажет болған жағдайда іске маманды қатыстырады.
19. Сақтандыру сомасы – сақтандыру объектісі сақтандырылған және сақтандыру жағдайы орын алған кезде сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемін білдіретін ақша сомасы.
АК-нің 924-бабына сәйкес өзінің жауапкершілігін сақтандырған тұлғаның сақтандыру сомасы мен залалдың нақты мөлшері арасындағы айырманы өтеу міндеті тек келтірілген зиянды толық өтеу үшін сақтандыру сомасы жеткіліксіз болған жағдайда ғана туындайды.
Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін сақтандыру туралы заңның 24-бабына сәйкес бiр сақтандыру жағдайы бойынша сақтандырушы жауапкершілігiнiң шектi көлемi келтірілген зиян мөлшері шегінде, бірақ алты жүз АЕК-тен аспайтын сомада айқындалады. Көрсетілгенге байланысты АК-нің 924-бабы, егер мүлікке келтірілген залалдың мөлшері алты жүз АЕК-тен асып кеткен жағдайда қолданылады. Бұл ретте, залалдың нақты мөлшерін автомобильдің тозуын ескере отырып айқындау АК-нің 9-бабының талаптарына сәйкес келеді және жәбірленушіге мүлікті бұрынғы жағдайына келтіру жолымен, сонымен қатар оның тарапынан негізсіз баю мүмкіндігін болдырмай, өзінің бұзылған құқығын толық көлемде қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
20. Сақтандыру объектісі болып табылатын мүлікке (немесе оның қалдықтарына) сақтандырушының құқығы, ол сақтандыру жағдайы орын алған күнге оның нарық бағасының мөлшерінде сақтандыру төлемін жүзеге асырған жағдайда, бұл мүлік толық жойылып, оны қалпына келтіру техникалық мүмкін болмаған не экономикалық тұрғыдан тиімсіз болған кезде ғана туындайды.
21. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы – бұл Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның 16-1-бабында көзделген мән-жайлар кезінде қызметкер еңбек (қызметтік) мiндеттерiн атқару барысында зиянды және (немесе) қауiптi өндiрiстiк фактордың әсер етуi нәтижесінде ол ұшыраған, соның салдарынан қызметкердiң кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесін белгілеуге, кәсiптiк ауруға не қайтыс болуына әкеп соғатын өндірістік жарақаттану, денсаулығының күрт нашарлауы немесе улану болатын жазатайым оқиға.
Сақтандыру төлемін қолданылуы кезеңінде жазатайым оқиға орын алған қызметтерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасқан сақтандырушы жүзеге асырады.
Жазатайым оқиғаның басталу сәті: жұмыста мертігу салдарынан қызметкер қайтыс болған немесе оған кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі белгіленген кезде – жазатайым оқиға туралы актіде көрсетілген жазатайым оқиға күнімен; кәсіптік ауруының анықталуы салдарынан қызметкерге кәсіптік еңбекке қабiлеттiлiгінен айрылу дәрежесi белгіленген кезде – кәсіптік патология саласында мамандандырылған медициналық, сараптамалық көмек көрсетуді жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымының қорытынды берген күнімен айқындалады.
Еңбек кодексінің 186-бабының тәртібімен еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға фактісінің анықталуы оны сақтандыру жағдайы деп тану үшін негіз болып табылады және сақтандырушыны заңда немесе шартта көзделген осындай міндеттемені орындаудан босатуға негіз болмаған жағдайда сақтандыру төлемін жүзеге асыру міндетіне алып келеді.
22. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның 19-бабының негізінде қызметкерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеу немесе оның қайтыс болуы себебінен табысты (кірісті) жоғалтуға байланысты зиян мөлшерін сақтандырушы АК-нің талаптарына сәйкес айқындайды. Сақтандыру төлемі жоғалтылған табысты өтеуді және денсаулықтың зақымдануынан болған қосымша шығыстарды өтеуді білдіреді.
Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның 9-бабы 2-тармағының 9) тармақшасында көзделген мерзімі өткен әрбір күн үшін төленбеген соманың 1,5 пайыз мөлшеріндегі өсімпұл қызметкердің табысты (кірісті) жоғалтуына байланысты зиянды өтеу ретінде қызметкерге тиесілі ай сайынғы сақтандыру төлемдері уақтылы жүргізілмегені үшін ғана өндіріп алынады (жоғарыда аталған Заңның 19-бабының 1-тармағы).
Қызметкерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін кемінде бір жыл мерзімге белгілеуге байланысты оның табысты (кірісті) жоғалтуына орай зиянды өтеу ретінде тиесілі алғашқы сақтандыру төлемін сақтандырушы Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның 20-бабының 2-тармағында көзделген құжаттар ұсынылған сәттен бастап жеті жұмыс күні ішінде жүзеге асыратындықтан, мерзімі өткен күндердің саны көрсетілген жеті күндік мерзім аяқталғаннан кейін есептеледі.
Қызметкерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі белгілеу себебі бойынша кемінде бір және одан көп жыл мерзімге оның табысты (кірісті) жоғалтуына байланысты зиянды өтеу ретінде тиесілі сақтандыру төлеміне қатысты аннуитет шартының талаптарын, оның ішінде тараптар айқындаған алғашқы сақтандыру төлемі күнін негізге алу қажет.
Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның 19-бабының 2-тармағында көзделген денсаулықтың зақымдануынан туындаған қосымша шығыстарды өтеу бойынша сақтандыру төлемдерін уақтылы жүзеге асырмағаны үшін сақтандырушы АК-нің 353-бабына сәйкес жауапты болады. Мұндай жағдайда мерзімі өткен күндер санын айқындау кезінде де сақтандырушы сақтандыру төлемін қызметкер не осы шығындарға ұшыраған тұлға аталған шығындарды растайтын құжаттарды берген сәттен бастап жеті жұмыс күні ішінде жүзеге асыруы тиіс.
23. 2015 жылғы 10 мамырда қолданысқа енгізілген "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 311-V Заңымен (бұдан әрі – 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 311-V Заң) Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес қызметкерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі бестен жиырма тоғыз пайызды қоса алғанға дейін белгіленуіне орай оның табысты (кірісті) жоғалтуына байланысты зиянды өтеу жұмыс берушіге жүктелген.
Аталған зиянды өтеу үшін кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен отыздан жүз пайызды қоса алғанға дейін айырылу кезінде қызметкерге тиесілі сақтандыру төлемін сақтандырушы жүзеге асырады.
24. АК-нің 938-бабында орташа айлық табыс (кіріс) денсаулықтың зақымдануына не еңбекке қабілеттіліктен айырылу басталғанға дейінгі он екі ай жұмыс табысының (кірісінің) жалпы сомасын он екіге бөлу арқылы есептелетіндігі айқындалған.
Сақтандырушыға өтеуге жататын жоғалтылған табысты (кірісті) есептеу үшін ескерілетін орташа айлық табыс (кіріс) мөлшерінің шегі белгіленген. Бұл шекті мөлшер Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның 19-бабына сәйкес қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасу күніне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржылық жылға белгіленген ең төменгі жалақының он еселік мөлшерінен аспауы тиіс. Сондықтан, егер қызметкерге келтірілген зиянның іс жүзіндегі мөлшері сақтандырушы айқындаған сақтандыру төлемінен асып кетсе, айырмасын Еңбек кодексінің 122-бабына сәйкес жұмыс беруші өтейді.
25. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның 19-бабының 1-тармағына сәйкес аннуитеттік төлемдерді жүзеге асыру кезеңі Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген қызметкердің зейнеткерлік жасқа жету сәтімен шектелген.
26. Қызметкер денсаулығының зақымдануынан туындаған қосымша шығыстарды өтеуді оған кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның 19-бабының 2-тармағына сәйкес белгіленген жағдайда, қызметкер не аталған шығыстарға ұшыраған тұлға ұсынған осы шығыстарды растайтын құжаттар негізінде сақтандырушы жүзеге асырады. Бұл ретте сақтандырушы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі кіретін шығыстарды өтемейді.
27. 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 311-V Заңның 2-бабының 5-тармағында айқындалған уақытта оның нормаларын қолдану тәртібін ескере отырып және қызметкерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі алғаш рет белгіленген жағдайда немесе ол қайта куәландырудан 2015 жылғы 10 мамырдан кейін өтсе, қолданыстағы сақтандыру шартының талаптарына қарамастан, тараптардың құқықтық қатынастарына 2015 жылғы 10 мамырда қолданысқа енгізілген редакциядағы Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның күші қолданылады (АК-нің 383-бабының 2-тармағы).
Мұндай жағдайға Конституцияның 77-бабының 3-тармағы 5) тармақшасында қамтылған ереже қолданылмайды, өйткені "Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабының 1 және 2-тармақтарын, 24-бабының 2-тармағын, 77-бабы 3-тармағының 5) тармақшасын ресми талқылау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999 жылғы 10 наурыздағы № 2/2 қаулысында қамтылған түсіндірмелер негізінде аталған конституциялық нормаға сәйкес құқық бұзушылықтар үшін азаматтардың заңдық жауапкершілігін реттейтін және жауаптылықтың жаңа түрлерін белгілейтін немесе жаңа санкциялар енгізу арқылы оны күшейтетін заңдардың кері күші болмайды.
28. Қызметкерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеуге қатысты табысына (кірісіне) байланысты зиян мөлшерін айқындау кезінде қызметкердің кінәсін ескеру мәселесі бойынша даулар туындаған кезде жәбiрленушi мен зиян келтiрушi кiнәсiнiң дәрежесiне қарай өтеу мөлшерiн азайту көрсетілген АК-нің 935-бабының 2-тармағын басшылыққа алу қажет. Бұл ретте қызметкердің өрескел абайсыздығы ғана ескеріледі, оның болуы жазатайым жағдайлар туралы актіде көрсетілуі тиіс.
Қосымша шығыстарды өтеу, азаматтың қайтыс болуы салдарынан залал шеккен адамдарға зиянды өтеу кезінде, сонымен қатар жерлеуге жұмсалған шығындарды өтеу кезінде жәбірленушінің кінәсі ескерілмейді.
29. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті және өзара сақтандыру, салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 234-IV Заңның тиісті нормаларының 2010 жылғы 20 ақпанда күшіне енуімен Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заң бойынша сақтандыру объектісі жазатайым оқиға салдарынан өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген қызметкердің мүліктік мүддесі болып табылады, яғни объекті бойынша сақтандыру суброгация қолданылмайтын жеке сақтандыруға жатқызылатын болды.
Сондықтан Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңнан суброгацияны көздейтін 21-бабының алынып тасталғанын ескере отырып және "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V Заңының 10, 12-баптарында белгіленген нормативтік құқықтық актілердің сатысына орай сақтандырушылардың Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның 9-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сілтеме жасап, оларда кері талап құқығының бар екендігі туралы арыздары АК-нің 840-бабына қайшы келуіне орай заңсыз деп таныған жөн.
30. Алып тасталды – ҚР Жоғарғы Сотының 29.09.2022 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.31. Алып тасталды – ҚР Жоғарғы Сотының 29.09.2022 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
32. Алып тасталды – ҚР Жоғарғы Сотының 29.09.2022 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
33. Алып тасталды – ҚР Жоғарғы Сотының 29.09.2022 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
34. Ерікті сақтандыру - тараптардың өз еркін білдіруіне орай жүзеге асырылатын сақтандыру.
Ерікті сақтандырудың түрлері, шарттары мен тәртібі тараптардың келісімімен айқындалады.
Егер ерікті сақтандыру шарты сақтанушыға сақтандыру полисін бере отырып, қосылу шарты нысанында жасалған болса, сақтандырушы сақтанушыны сақтандыру ережелерімен таныстыруға және ережелердің көшірмесін ұсынуға міндетті (АК-нің 828-бабы 1-тармағының (1-1) тармақшасы).
Егер сақтандырушы сақтанушының сақтандыру ережелерімен танысқандығы туралы дәлелдемелер бермесе, барлық келіспеушіліктер сақтанушының пайдасына түсіндірілуі тиіс.
Ерікті сақтандыру шартының талаптарын түсіндіру кезінде АК-нің 392-бабының талаптарын басшылыққа алу қажет.
35. Сақтандырудың ерікті түрлері бойынша пайда алушыны сақтанушы тағайындайды. Егер сақтанушы бұл ретте сақтандырылған тұлға болып табылмаса, онда пайда алушы сақтандырылған адам болуы тиіс не ол сақтандырылған тұлғаның жазбаша келісімімен тағайындалады.
Егер кепіл мүлкін ерікті сақтандыру шарты бойынша пайда алушы болып банк тағайындалса және қарыз алушы сақтандырылған тұлға бола отырып, осы талаппен келіскенін жазбаша білдірсе, онда ол сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру төлемін өз пайдасына немесе пайда алушы – банк пайдасына жүзеге асыру туралы талап қоюға құқылы болмайды. Мұндай құқық пайда алушы ретінде банкке ғана тиесілі болады. Егер банк пайда алушы ретінде аталған талаптарды мәлімдемесе, қарыз алушыда зиян келтірушіге мүлікке келтірілген залалды, егер ондай болса, өтеу туралы талап қою құқығы қалады. Бұдан басқа, сақтандырылған адам сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тартуына шағымдану құқығынан айырылмайды.
Егер банк пайда алушы ретінде сақтандыру төлемін жүзеге асыруды талап ету бойынша өз құқығын сақтандырылған адамға берсе, сақтандырылған адам оның жазбаша расталуын ұсынуға тиіс.
36. Ерікті сақтандыру шартына сәйкес көлік құралын басқаруға рұқсат берілген адамға сақтандырылған адам ретінде сақтандыру ережелері қолданылады, сондықтан сақтандыру төлемін жүзеге асырған сақтандырушының суброгация тәртібімен (АК-нің 840-бабы) осы адамнан төленген сақтандыру сомасын өндіріп алуды талап етуге құқығы жоқ.
Ерікті сақтандыру объектісі болып табылатын мүліктің ортақ бірлескен меншік құқығында ерлі-зайыптыларға тиесілілігі, ол туралы сақтандыру шартында көрсетілмесе, сақтандырылған адамның жұбайы да сақтандырылған деп танылатындығын білдірмейді.
37. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы |
Қ.Мәми |
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыс хатшысы |
Қ.Шаухаров |