Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 18 сәуірдегі № 380 қаулысы

      Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің тиімді жүйесін құру және ұзақ мерзімді кезеңге арналған реттеу саясатын қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің 2020 жылға дейін тұжырымдамасы бекітілсін.
      2. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Премьер-Министр Кеңсесіне жүктелсін.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2014 жылғы 18 сәуірдегі
№ 380 қаулысымен
бекітілген    

Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің 2020 жылға
дейінгі тұжырымдамасы

1. Қазақстанда кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеуді дамыту пайымы

      Осы Тұжырымдама кәсіпкерлік қызметті мемлекетттік реттеу пайымын, оның негізгі тәсілдерін айқындайды және осы бағытта 2020 жылға дейін одан әрі дамуды қамтамасыз етуге бағытталған.
      Осы Тұжырымдамада халықаралық тәжірибе негізінде заңдардың қолданыстағы және жаңадан енгізілетін нормаларының және экономиканы реттеу құралдарының реттеушілік ықпалын жария талдаудың және оның негізінде аталған құқықтық нормаларды қабылдау саласында әрекет ететін жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің нормативтік құқықтық актілерді келісуін енгізудің орталықтандырылған жүйесін тұрақты негізде құру болжанады. Бұл ретте, тұтынушыларға шығын келтірген бұзушылықтар үшін кәсіпкерлердің жауапкершілігін бір мезгілде арттыра отырып, кәсіпкерлік қызметті реттеудің жекелеген мемлекеттік функцияларын бизнес ортаға беру мүмкіндігі көзделеді. Сондай-ақ, Тұжырымдаманы іске асыру тәуекелдерді басқару жүйелерін одан әрі жетілдіруді және мемлекет пен бизнестің өзара қарым-қатынасының жеке кәсiпорындардың өндіріс процесі мен iшкi қызметiне араласпауды және мемлекеттік бақылаудың түпкі өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне ғана бағыттылығын белгілейтін жаңа қағидаттарын енгізуді; тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамдық ұйымдарын институционалдық күшейтуді, оларға қойылатын талаптарды арттыруды, қызметтің ашық тетіктерін әзірлеуді, тұтынушылардың тұтынатын өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі туралы хабардар етілуін жоғарылату мәселелерін пысықтауды болжайды.

      Қазақстандағы кәсіпкерлік қызметтің реттелуін талдау

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 07.11.2016 № 672 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Жеке кәсіпкерлікті дамыту және инвестицияларды тарту үшін қолайлы ортаны құру 1990 жылдардан бастап бұрынғы социалистік блоктың барлық елдерінің алдында тұрған міндет болып табылады.
      ХХ ғасырдың соңы батыс елдерінде мемлекеттік реттеу жүйелерін қайта қарау және қолданыстағы тәсілдер мен пайдаланатын практикаларды дамытумен сипатталды. Ол кезде жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға тиімді көшудің халықаралық тәжірибесі, сондай-ақ дамыған нарықтық экономикаларда реттеуші ортаны реформалаудың жалпыға ортақ практикасы болған жоқ.
      Қазақстанда кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу жүйесі жаңа нарықтық жағдайларда құрылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жеке меншік қатынастарын, азаматтық қоғам мен кәсіпкерлік еркіндігін реттейтін құқықтық база дамыды. Мемлекеттік органдар проблемаларды олардың туындау шамасына қарай жаңа реттеуші құралдарды енгізе отырып шешті.
      Осыған орай, рұқсат беру құралдарына басымдық берілді. Рұқсаттар әкімшілендіру тұрғысынан ең қарапайым құрал болып табылады, бірақ жоғары жемқорлық тәуекелдерге ұшырайды. Бұл ретте реттеу субъектілері ретіндегі кәсіпкерлер үшін рұқсаттарды енгізу нарыққа кіруде елеулі кедергіге айналады. Ал күрделі және кейде орындалмайтын талаптар болған жағдайда, мұндай кедергіні шағын бизнес еңсере алмайды.
      Кәсіпкерлік қызметті реттеуді ықтиярлы енгізуді шектеу қажеттілігін түсіне отырып, мемлекет мемлекеттік реттеу тиімділігін арттыруға бағытталған реформалар жүргізді.
      2006 жылы «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, онда мемлекеттік органдар жанынан сараптамалық кеңестер құру көзделген. Нәтижесінде бизнестің орталық мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар жанында құрылған сараптамалық кеңестер арқылы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысуға мүмкіндігі бар.
      Сонымен бірге, «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қорғау және қолдау қағидалары, мөлшерлікті айқындау критерийлері және тағы басқалар көзделген.
      2007 жылы «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, онда лицензияланатын қызмет түрлерінің толық тізбесі мен лицензиялаудың жаңа қағидалары бекітілді.
      2011 жылы лицензиялар алу кезінде барлық мемлекеттік органдармен келісуге «жалғыз терезе» қағидаты енгізілді, «үнсіздік – келісу белгісі»барлық рұқсаттарға қолданылды. Сондай-ақ лицензияларды берудің бірегей мерзімі – 15 жұмыс күні, ұсынылған құжаттар жинағының түгелдігін тексеруге екі күндік мерзім белгіленді, құжаттарды міндетті нотариалды растау жойылды.
      2012 жылы барлық лицензияларды беру электрондық форматқа ауыстырылды, азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей төнетін қауіппен байланысты емес, ақпараттық сипаттағы, жоғары қатерлерден қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсер етпейтін рұқсаттар үшін хабарламалық тәртіп енгізілді.
      Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың маңызды реформасы 2011 жылы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын енгізу болып табылады, онда мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау қызметін жүзеге асырудың бірыңғай қағидаттары бекітілді.
      Мемлекеттік органдардың норма шығару қызметінің ашықтығын, бизнестің нормативтік құқықтық актілерге еркін қолжетімділігін, сондай-ақ құқықтық білімді жоғарылату мақсатында бизнеске қойылатын міндетті талаптарды бекітетін мемлекеттік органдардың ведомстволық актілерінің деңгейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары мен заңдар деңгейіне дейін жоғарылатуды көздейтін түзетулер енгізілді. Көрсетілген норманы іске асыру үшін 251 нормативтік құқықтық акті Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары деңгейіне жоғарылатылды.
      2012 жылы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты оларға мемлекеттік тіркеу күнінен бастап үш жыл ішінде жоспарлы тексеру жүргізуге тыйым салынды.
      Тұтастай алғанда, жүргізілген реформалар қорытындысы бақылаушы органдардың бизнеске қысымының азаюы болып табылады.
      Бұдан басқа, соңғы жылдары кәсіпорынды ашу, салық салу, инвесторларды қорғау сияқты салаларда реформалар жүргізілді.
      Соңғы уақытта Қазақстанда қабылданатын нормативтік құқықтық актілердің реттеушілік ықпалын талдаудың жеке элементтері енгізілді. Осылайша, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу сапасын қамтамасыз ету, олардың реттелетін салаға және жемқорлық тәуекелдерді төмендетуге тигізетін әсерін бағалау үшін әзірленетін заңнамалық актілер жобаларының әлеуметтік-экономикалық салдарын бағалау әдістемесі енгізілді, ол көп жағдайда реттеушілік ықпалды талдау моделіне негізделген. «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында жеке кәсіпкерлік субъектілерінің нормативтік құқықтық актілерді енгізуге байланысты шығындарын есептеу қажеттілігі көзделген. Қолданыстағынормативтік құқықтық актілерге құқықтық мониторинг жүргізудің тетігі бар.
      Алайда, бүгінгі күні кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу саласында мынадай проблемалар бар:
      1) рұқсат беру жүйесінде – қолданыстағы рұқсат беру жүйесінің реттелмегендігі, Қазақстанның рұқсат беру тәжірибесінде тәуекелдерді басқару жүйесінің қолданылмауы, рұқсат беру құжаттары санының бақылаусыз тұрақты өсуі, рұқсат беру заңнамасының күрделілігі, берілген рұқсаттар бойынша жағымсыз салдар үшін шенеуніктерге жауапкершіліктің жүктелмеуі, жүргізіліп жатқан реформалардың тиімді жүзеге асырылмауы;
      2) мемлекеттік бақылау және қадағалау – бұзушылықтарды анықтаудың және жазалаудың бұзушылықтарды жасауды алдын алудан және профилактикасынан басымдығы; мемлекет тарапынан тексеруге жататын талаптардың көптігі; олардың көбі орындалмайтын, қайталанатын, ескірген, қарама-қайшы, негізделмеген болып табылады; тәуекелдерді бағалау жүйесінің жеткіліксіз іске асырылуы.
      Мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру қағидаттарының бірі құқық бұзушылықтың алдын алудың жазалаудан басымдығы болып табылады. Алайда, бұзушылық жағдайында қолданылатын санкциялар, көп жағдайда, алдын алу емес, айыппұл, сондай-ақ қайталама тексеру болып табылады.
      Айыппұл санкцияларын қолданудың жоғары пайызы халықаралық практикада жақсарту қажеттілігі туралы хабарламаны пайдалану кең қолданылып жүргеніне қарамастан, айыппұлдардың мардымсыз бұзушылықтарға да қолданылатынын көрсетеді.
      Мұндай практика санкциялар бұзушылықтың маңыздылығына қатысты қолданылмайтындығын көрсетеді;
      3) бизнестің өзін-өзі реттеуі – бизнес-ортада өзін-өзі реттеуге жақсы негіз болатындай дамыған бәсекелестіктің жоқтығы, өзін-өзі реттеу элементтері бар салалар толық көлемде өзін-өзі реттеуге әлі дайын болмауы, Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттейтін ұйымдар туралы заңнамасының жетілмегендігі;
      4) норма шығару – норма шығару қызметінде талқылаудың ұйымдастырылған алаңының жоқтығы, заң жобаларының ғана әлеуметтік- экономикалық салдарын талдау жүзеге асырылатын ғылыми экономикалық сараптаманың жүргізілуіне байланысты қолданыстағы реттеушілік ықпалды талдау жүйесінің тиімсіздігі, бизнестің норма шығару процесіне қатысу тиімсіздігі, сондай-ақ мемлекеттік органдардың (әзірлеушілердің) бизнес-қоғамдастықтың пікірін ескеруге формальды түрде қарауы;
      5) техникалық реттеу – қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің көптігі және оларда сілтеуші нормалардың болуы талаптардың қайталануына, нормативтік-техникалық құжаттардың бірыңғай қорының, сондай-ақ мемлекет тарапынан бақылаудың болмауына әкеледі. Нормативтік-техникалық құжаттардың бірыңғай қорының болмауы мүдделі тұлғаларға толық, нақты және уақтылы ақпарат бермейді, бұл әкімшілік кедергі болып табылады және нәтижесінде бизнестің нормативтік құжаттармен жедел танысу, сондай-ақ берілген талаптарды сақтауға мүмкіндігі жоқ, бұл нарықтық экономика жағдайында экономика салаларының дамуын тежейді;
      6) ақпараттық құралдар – ақпараттық құралдар санының бақылаусыз өсуі, ақпарат жинауға біркелкі тәсілдің болмауы, ақпараттық құралдардың және оларды орындау мерзімдерінің қайталануы. Тиісті заңнамалық актілерде тізбесі белгіленетін рұқсаттарға және мемлекеттік бақылау салаларына қарағанда ақпараттық құралдардың бірыңғай тізбесі жоқ. Ақпараттық құралдар заңдық, сол сияқты заңға тәуелді түрлі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерде бар.
      Көрсетілген проблемалардың басым бөлігін енгізілетін және қолданыстағы реттеу құралдарының реттеушілік ықпалын талдауды енгізу арқылы шешуге болады, себебі реттеушілік ықпалды талдау жалпы мемлекеттік реттеудің сапасын жоғарылатады және оның тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді, сондай-ақ мемлекеттік реттеуді мемлекеттік саясатты іске асырудың бүкіл спектрі бойынша жетілдірудің жеткілікті құралын ұсынады.
      Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу арқылы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруда көпшілік және жеке мүдделердің теңгерімділігіне қол жеткізу Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексін қабылдау арқылы мүмкін болады, онда кәсіпкерлік субъектілері қатысатын қатынастарды мемлекеттік реттеудің мынадай базалық қағидаттары бекітілетін болады:
      1) жеке кәсіпкерлік еркіндігінің кепілдігі (Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған қызметтің кез келген түрлерін жүзеге асыруға рұқсат етілген) және оны қорғау мен қолдауды қамтамасыз ету (жеке кәсіпкерліктің еркіндігі қағидаты);
      2) барлық кәсіпкерлік субъектілерінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудағы теңдігі (кәсіпкерлік субъектілерінің теңдік қағидаты);
      3) кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне қол сұғылмауы және оның қорғалу кепілдігі (меншікке қол сұқпау қағидаты);
      4) Қазақстан Республикасы Конституциясының және оған сәйкес қабылданған нормативтік құқықтық актілердің шегінде кәсіпкерлік субъектілерінің әрекеті (заңдылық қағидаты);
      5) шағын кәсіпкерлікті қолдау мен оны дамытуды қоса алғанда, кәсіпкерлік қызметті ынталандыру (кәсіпкерлік қызметті ынталандыру қағидаты);
      6) кәсіпкерлік субъектілерінің нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, халықаралық шарттардың мәтіндерін және Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын өзге де міндеттемелерін сараптауға қатысуы (норма шығаруға қатысу қағидаты).
      2015 жылғы 29 қазанда қабылданған Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі кәсіпкерлік саласындағы, оның ішінде кәсіпкерлер мен мемлекеттің өзара іс-қимылымен байланысты пайда болатын қоғамдық қатынастардың, мемлекеттік реттеу және кәсіпкерлікті қолдау мәселелерінің кешенді реттелуін қамтамасыз етеді. Ол бұл ретте бірыңғай қағидаттарды, жеке кәсіпкерлікті, агроөнеркәсіптік кешенді, индустриялық-инновациялық, инвестициялық қызметті, арнайы экономикалық аймақтарды мемлекеттік қолдау шараларын бекіте отырып, тиісті заңдардың ережелерін біртектілік қағидаты бойынша жүйелендірді.
      Бұрын жүргізілген рұқсат беру жүйесін және мемлекеттік бақылау мен қадағалауды реформалау тиісті реттегіш құралдарды түгендеуді және заңдардың тиісті тізбелеріне енбеген барлық өзге де рұқсаттар мен бақылау функцияларын заңсыз деп тану арқылы оларды заңдар деңгейінде ғана бекітуді қамтамасыз етті.
      Мұндай тәсіл бір жағынан кәсіпкерлер үшін заңға тәуелді, оның ішінде ведомстволық актілер деңгейінде ауыртпалық салатын жаңа реттегіш құралдарды еркін енгізуден кепілдікті қамтамасыз етті.
      Қолданыстағы заңнаманы талдау барлық қажетті нормативтік құқықтық базаның заңнамалық деңгейде бар екенін көрсетті.
      Сонымен бірге, ақпараттық құралдардың бір бөлігі болып табылатын хабарламалар түгенделіп, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында бекітілген.
      Хабарламалар кең тараған ақпараттық құрал болып табылады және әдетте, мемлекет оларды қауіптіліктің төмен деңгейімен байланысты, бірақ мемлекеттік органдардың қызметтің осындай түрлерін жүзеге асыратын субъектілерге қатысты жүзеге асыру үшін қызметтің немесе іс-қимылдың осындай түрлерінің басталуы немесе тоқтатылуы туралы ақпарат алуын талап ететін қызметтің немесе іс-қимылдың түрлеріне, мемлекеттік бақылау мен қадағалауға қатысты қолданады.
      Алайда хабарламалар ақпараттық құралдардың тек шағын бөлігі ғана болып табылады, ал осы Тұжырымдамаға сәйкес оларды одан әрі жүйелендіру мен оңтайландыру тәсілдері айқындалатын болады.
      Енгізілетін және қолданыстағы реттегіш құралдардың реттеушілік әсерін талдау мәлімделген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізудің негізгі құралы болып табылады. Өз кезегінде реттеушілік әсерді талдау мемлекеттік реттеу проблемаларын шешудің неғұрлым тиімді тәсілдерін таңдауға және қолданыстағы реттеудің тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін талдаушылық рәсім болып табылады.

Әлемдік тәжірибе мен күшті және әлсіз жақтарды елдік
салыстырмалы талдау

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 07.11.2016 № 672 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Халықаралық тәжірибені талдай отырып, 80-жылдардың соңынан бастап белгілі бір дәрежеде пайдаланып келген үш модельді бөліп көрсетуге болады.
      Біріншісі түбегейлі экономикалық ырықтандыру моделі, бұл ең үлкен оң өзгерістерге алып келген және 2008 жылғы дағдарысқа дейін сөзсіз табысты болып бағаланған ең жарқын модель. Мұндай модель Балтық өңірі, Шығыс Еуропа елдерінде және Қытайда іске асырылған болатын. Қоғамдық-саяси консенсустың, ал Қытайда ел басшылығының мықты саяси еркінің болуы билік органдарына заңнамалық және реттеушілік базаны жылдам өзгертуге, инвестициялар ағынын айтарлықтай арттыруға және тез дамитын нарықтық экономикаға көшуді жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Реформаланатын жүйелердің бастапқыдан тұрақсыз болуы, жоспарлы экономиканың қалай болғанда да құлдырауы және онымен бірге азаматтардың өмір сүру деңгейі мен мемлекеттердің экономикалық әлеуетінің төмендеуі осы модельдің жалпы сипаттамасы болды. Басқа сөзбен айтқанда, өзгерістер басталды, жүйелер серпінді бола бастады. Мұндай жағдайда түбегейлі реформалар жүргізу өзін-өзі ақтады және күтілген оң нәтижелерге алып келді.
      Екінші модель дамыған индустриялық елдерде пайдаланылды. Ол тиімділікті бағалау, шығындарды азайту, нақты секторалдық реформаларды қолдану арқылы реттеуді жетілдіру тетіктерін құрумен, тиімсіз реттеуге жол бермеудің институционалдық жүйесін құрумен сипатталады. Аталған модельдің элементтері 1970 жылдардың соңынан бастап экономикалық дағдарыстың шешімі ретінде пайдаланыла бастады. ХХ ғасырдың соңына қарай бұл модель Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының, Еуропалық Одақтың құжаттарымен, Америка Құрама Штаттарының, Батыс Еуропаның көптеген елдерінің, Австралия мен Жаңа Зеландияның ішкі заңдарымен кодталды. Реформаланатын жүйелердің басынан бастап тұрақты болуы бұл модельдің жалпы сипаттамасы болды. Дағдарысқа қарамастан, халықтың өмір сүру деңгейі күрт төмендеген жоқ, қарым-қатынастар мен басқару жүйесінің өмірге икемділігі күмән тудырған жоқ. Басқаша айтқанда, жүйелер тепе-теңдік жағдайында болды. Мұндай жағдайларда түбегейлі реформаларды жүргізу қажеттілігі болған жоқ.
      Үшінші модель жоспарланған саясат емес, жартылай шаралардың, декларациялардың жиынтығымен және бұрын қабылданған шешімдерден ауытқумен сипатталды. Мұндай практика белгілі бір дәрежеде бұрынғы Кеңес Одағының көптеген елдерінде қалыптасты. Мұндай жағдайда билік органдары қағидаларды орындау мүмкіндігіне мән бермей, оларды «өз ыңғайына қарай» бейімдеді. Жеке бизнес мұндай шарттарға бейімделіп, ішінара көлеңкеге кетті. Бизнес-орта жаңа қатысушылар үшін күтілмеген және айтарлықтай қымбат болды. Уақыт өте келе мұндай жүйе тұрақтала түсті. 20 жылда белгілі бір тепе-теңдік қалыптасты, бұл жағдайда белгілі бір өзгеріс жасау талабы бұрынғы мәртебені сақтап қалу талабымен теңдестіріледі. Өкінішке орай, аталған тепе-теңдік азаматтардың көпшілігі үшін де, мемлекет мүдделері үшін де тиімсіз болып келетін жағдайда орнатылады. Бірінші модельде іске асқан реформалар оларды жоғарыда аталған тепе-теңдік байқалатын елдерде пайдалану кезінде көп жағдайда іске аспайды. Оның себебі – билік органдары өкілдерінің де, бизнестің де оларды соңына дейін жеткізуге ынталы болмауы.
      Қазақстанның Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының басқа елдерінен айырмашылығы кейбір түбегейлі реформалардың тәуелсіздіктің алғашқы жылдары табысты өткізілуі болып табылады. Осы тұрғыдан Қазақстанның Орталық Еуропаның елдерімен және Қытаймен біраз ұқсастығы бар. Аталған реформалардың табысты өтуі, пайдалы қазбалардың болуы экономика мен халықтың әл-ауқатының өсуіне алып келді. Сонымен қатар, Қазақстан экономикасы толығымен ырықтандырылған, ал бизнесті жүргізу шарттары ең үздік әлемдік үлгілермен салыстыруға келеді деп айтуға әлі де ерте.
      Бүгінгі таңда қалыптасқан жағдайда, Қазақстан Республикасында реформаларды жүргізу үшін ең қолайлы модель дамыған индустриялық мемлекеттерде сыналған екінші модель болып табылады. Басқа сипатталған модельдерге қарағанда, бұл модель нысаналы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды, оны институционалдық қамтамасыз етуді және кезең-кезеңмен енгізуді көздейді. Ал нүктелік және логикалық аяқталған реформалар күтілетін нәтижеге алып келмейді.
      Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу инвестициялық саясатпен, инфрақұрылым мен адами капиталды дамыту саясатымен, кредит-қаржы саясатымен қатар мемлекеттің экономикалық дамуының жалпы саясатының бір бөлігі болып табылады.
      Мемлекеттік реттеудің мақсаттары жиі таза экономикалық саясат шеңберінен тыс шығатындықтан және азаматтар мен қоғамның қауіпсіздігіне және мемлекеттің тұрақтылығына әсер ететіндіктен, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеуге бар байланыстар мен ықпалдарды ескере отырып, жалпы мемлекеттік саясаттың интегралдық бөлігі ретінде қарау керек. Кәсіпкерлік қызметті реттеу саясаты пайдаланылатын құралдар жиынтығымен ерекшеленеді.
      Дамыған индустриялық елдерде теңгерімделген мемлекеттік саясатты табысты әзірлеу және енгізу бірнеше бастапқы факторларға тәуелді болды және тәуелді болып келеді. Мұндай факторларға, ең алдымен, билік органдарының жүйесімен басқарылуы, олардың тиімділігі мен кәсібилігі, мемлекеттердің жоғары басшылығы саяси бағдарының сабақтастығы, азаматтық қоғам институттарының дамыған жүйесінің болуы, билік органдарының ашық түрде есеп беруі мен бақылауда болуының пәрменді жүйесі, экономиканың жеке секторларында ірі бизнес пен билік органдары мүдделерінің ортақ болмауы жатады.
      Аталған факторларға барабар назар аудармаудың жақсы мысалы ретінде 2008 жылғы қаржы және экономикалық дағдарысқа қарсы әрекет ету шарасы ретінде кейбір елдердің тәжірибесін келтіруге болады. Осы дағдарыстың пайда болуының өзі Америка Құрама Штаттары билік органдарының ірі қаржы ұйымдары мен олардың ипотекалық кредиттерді беру мәселелерін шешетін реттеу ұйымдары мүдделерінің тұтасу мәселесіне жеткіліксіз назар аударуына байланысты болып отыр. Банктер мен оларды реттеу органдары мүдделерінің осындай тұтасуы Исландияның қаржылық коллапсына әкеп соқты. Португалия, Грекия, Италия экономикаларының 2008 жылғы дағдарыстан кейінгі нашар жағдайының да себептері осындай және билік органдары жүйесінің басқарылуына, олардың тиімділігі мен кәсібилігіне байланысты. Қытайдың ірі қалаларындағы қауіпті экологиялық жағдай, кәсіпорындар мен инфрақұрылым объектілеріндегі авариялылық билік органдарының қызметін пәрменді бақылаудың болмауына және азаматтық қоғам институттарының жеткілікті дамымауына байланысты.
      Екінші жағынан, барлық аталған факторларға жеткілікті назар аударған елдер азаматтар мен қоғамның мүдделерін тиісінше қолдай отырып, жеткілікті дәрежеде икемді және бәсекелес экономикалық ортаны құра алды, ол экономикалардың жаһандануы жағдайында дағдарыстан сақтануға мүмкіндік берді. Ең алдымен бұл солтүстік Еуропа елдеріне, Канада мен Австралияға қатысты.
      Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында мемлекеттік билік, бизнес және азаматтар мүдделерінің тоғысында мемлекеттік басқару және өзара әрекет ету жүйесінің мықты жақтарына мыналарды жатқызуға болады:
      1) жоғары және орта буын мемлекеттік қызметшілері кәсіпқойлығының біршама жоғары деңгейі, көптеген мемлекеттік органдардағы атқарушы тәртіптің жоғары деңгейі. Мұндай жағдай Қазақстан Республикасында әкімшілік реформаны сәтті өткізудің және басшылықтың мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруға назар аударуының нәтижесі болып табылады. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының басқа елдерімен салыстырғанда, Қазақстан Республикасында болашақ мемлекеттік қызметшілерді оқыту бағдарламалары сәтті енгізілді;
      2) мемлекеттік басқару жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығы және жұмыс істеуінің болжамдылығы, мемлекеттік басқару органдарын саяси және әкімшілік басқару сабақтастығы;
      3) мемлекет басшылығының кәсіпкерлік ортаны жәнеинвестициялық тартымдылықты жақсартудағы саяси еркі, экономиканы инновациялық дамыту жолына ауыстыру бойынша декларацияланған жоспарлар анықталды, экономиканы дамытудың ресурстық моделінен бірте-бірте кету;
      4) орталық және өңірлік деңгейде билік органдарының қызметін басқарудың біршама жоғары деңгейі;
      5) әкімшілік басқару, автоматтандыру салаларында кешенді реформаларды жүргізудің, мемлекеттік биліктің жекелеген органдарында тәуекелдерді басқару жүйелерін енгізудің, рұқсат беру рәсімдері мен талаптарына түгендеу жүргізудің оң тәжірибесі.
      Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқару және өзара әрекет ету жүйесінің бүгінгі күнгі әлсіз тұстарына мыналарды жатқызуға болады:
      1) кәсіпкерлік және кәсітік қауымдастықтардың, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі азаматтар қауымдастықтарының ұйымдастырушылық әлсіздігі және аздығы, азаматтық қоғам институттарының әлсіз даму деңгейі және осының салдарынан аталған қауымдастықтар мен мемлекеттік басқару органдары арасындағы іскерлік диалогтың болмауы;
      2) жеке билік органдарының өздерінің реттеу және бақылау салаларын кеңейтуге институционалдық мүдделілігі;
      3) ірі бизнестіңқалыптасқан жағдайды сақтауға, оның ішінде экономика монополиясының жоғары деңгейін сақтап қалуға мүдделілігі. Статус-квоны сақтауға мұндай қызығушылық бизнесте бәсекелестікке жол бермеу және белгіленген байланыстарды бұзбау ниетімен түсіндіріледі;
      4) азаматтардың жеке кәсіпкерлікті және бәсекелестікті дамыту тауарлар мен қызмет көрсетудің сапасын жақсартатыны, бағасын төмендететіні, жұмыс орындарының саны мен еңбекақыны арттыратыны туралы жеткілікті түрде хабардар болмауы;
      5) кейбір мемлекеттік билік органдары қызметінің тиімділігіне, қойылған мақсаттарға қол жеткізу және ілеспе шығындардың арасалмағы бөлігінде заңнамалық актілердің талаптарын енгізуге мониторинг жүргізудің пәрменді әдістерінің, мемлекеттік басқару және реттеу проблематикасына дербес зерттеу жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік саясат пен тиімділікті енгізу практикасының болмауы;
      6) жеке билік органдарының қызмет нәтижелері бойынша жоғары тұрған инстанциялардың алдында ашық түрде тұрақты есеп берудің болмауы.
      Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу саясатын сапалы іске асыру үшін оның институционалдық бөлігін озық әлемдік тәжірибеге сәйкес нақты құру қажет.
      Халықаралық тәжірибе шамамен 1980-жылдардың басынан бастап реттеуші саясаттың жаңа талаптары мен рәсімдерін әзірлеумен және енгізумен бірге, дамыған елдер аталмыш реттеушілік қадағалау құрылымдарын жасай бастағанын көрсетіп отыр.
      Мысалы, Америка Құрама Штаттарында Ақпарат және реттеуші қатынастар кеңсесі (US Office of Information and Regulatory Affairs) 1980 жылы Басқару және бюджет кеңсесінің құрылымында (Office of Management and Budget) құрылған болатын. Ұлыбританияда Ең үздік реттеудің директораты (The Better Regulation Executive) 2005 жылы құрылды. Нидерландының Әкімшілік кедергілер бойыншаконсультациялық кеңесі (Adviescollege Vermindering Administratieve Lasten) 2000 жылы құрылды. Швециядағы реттеуді жақсарту жөніндегі кеңес (Regelradet) 2008 жылы құрылды және 2009 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Германияда Нормаларды бақылау жөніндегі ұлттық кеңес (Nationaler Normenkontollrat) 2006 жылы құрылды. Осыған ұқсас кеңестер Мексикада, Австралияда, Жапонияда да бар. Кейбір елдерде реттеушілік бақылау қызметін министрліктердің департаменттері атқарады. Данияда бұл – Қаржы министрлігінің Ең үздік реттеу департаменті, ал Финляндияда – Әділет министрлігінің заңнамалық инспекция бюросы, Францияда – Қаржы министрлігінің Сапа және жеңілдету қызметі. Грецияда, Бельгияда, Ирландияда және Кореяда – Премьер-Министр кеңсесінің департаменттері. Америка Құрама Штаттарынан басқа Экономикалық Ынтымақтастық және Даму ұйымының барлық елдерінде реттеушілік қадағалау органының қорытындылары ұсынымдық сипатты болып табылады.
      Түрлі елдерде аталған органдар кейіннен эволюцияға ұшырады және оларды мемлекеттік басқару органдарымен тиімді синергияға бейімдеді. Сондықтан бүгінгі таңда осы органдардың алдына қойылған міндеттерде, олар орындайтын функциялар мен олардың құрылымында және мемлекеттік басқару жүйесіндегі орнында кейбір айырмашылықтар бар.
      Түрлі елдерде аталған қадағалау органдарының функциялары мыналарды қамтиды:
      1) реттеуші мемлекеттік органдарға және үкіметтерге ақпараттық, техникалық және консультациялық қолдау көрсету;
      2) норма шығару және рәсімдердің орындалуын бақылау, қадағалау мәселелері бойынша реттеуші мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестіру;
      3) мемлекеттің саяси басшылығына реттеуді бағалауды немесе жаңа және қайта қаралатын реттеудің талаптары мен рәсімдерін келісуді ұсыну;
      4) реттеуді жетілдіру, оларды реформалау, проблематиканы талдау, зерттеу жүргізу, мемлекеттік органдардың есептілігін зерделеу, үкіметтік емес ұйымдармен тиісті консультацияларды өткізу бойынша ұсынымдарды әзірлеу.
      Ақпараттық құралдарды пайдалану кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің араласуының неғұрлым жеңіл нұсқаларының бірі болып табылады.
      Сонымен бірге, әлемнің көптеген дамыған елдерінде ақпараттық міндеттемелер деп аталатын дәл осы ақпараттық құралдар реттеушілік реформалар шеңберінде көп жағдайда реформалаудың объектілері болып табылады. Ақпараттық міндеттемелердің шығасылары бизнестің әкімшілік шығасыларының құрылымында негізгілері болып табылады.
      Мұндай шығасылардың салмағын есептеу үшін кейбір дамыған елдер стандартты шығындардың голландық моделін пайдаланады. Аталған модель ел заңнамасына талдау жүргізу және кейіннен реттеу субъектілеріне сауалнама жүргізу арқылы нақты реттеуші актілерден туындайтын уақыт және қаржы шығындарының нақты құнын айқындауға мүмкіндік береді.
      Әдетте, шығындарды есептеу реформаларды жүргізгенге дейін және одан кейін шығасыларды салыстыру арқылы нақты салалардағы реформалардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді. Бұл ретте барлық реттеу субъектілерінің (кәсіпкерлер, әлеуметтік топтар және т.б.) де, сол сияқты мемлекеттің де шығындарын бағалауға болады.
      Голландық модель өзінің өміршеңдігін көрсетті және Германия, Дания, АҚШ сияқты елдерде, Нидерландының өзінде және басқа да көптеген елдерде реформалар жүргізу кезінде пайдаланылды.
      Қазақстанда бұл модель бизнестің операциялық шығасыларын бағалау үшін Президенттің оларды 2011 жылмен салыстырғанда 2015 жылға қарай 30%-ға қысқарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес 2010 – 2014 жылдары енгізіліп, сыналды.
      Зерттеуді Ұлттық экономика министрлігінің тапсырмасы бойынша Ұлттық талдау орталығы жүргізді.
      Бұл модельді ақпараттық құралдар реформасының тиімділігін бағалау үшін де қолдануға болады.
      Өз кезегінде ақпараттық құралдарды реттеушілік мақсаттарда қолдану мемлекеттік органдардан авторизациялауды (санкциялауды) қажет етпейтіндігі және көп жағдайда ешқандай қосымша күрделі салымдарды талап етпейтіндігі біріктіреді. Ақпараттық құралдарды пайдалану ақпаратты дұрыс жинаудан (алудан), ұйымдастырудан және беру бойынша талаптарды орындаудан тұрады. Мұндай әрекеттер, негізінен реттеу субъектісінің жұмыс уақытының шығасыларына әкеп соғады.
      Нысандарды толтыру, есептілік деректерін ұйымдастыру, дұрыстығын тексеру, мониторинг үшін ашық құжат айналымы нақ осы кәсіпкерлік субъектілері басшыларының пропорционалды тұрғыдан көп уақытын алады. Бұл уақыт өндірісті басқаруға, персоналмен жұмыс істеуге немесе басқа да өнімді мақсаттарға емес, билік органдарының талаптарымен жұмыс істеуге жұмсалады. Дәл сондықтан ақпараттық құралдармен байланысты шығасыларды әкімшілік шығасылар деп жиі атайды.
      Дүниежүзілік банктің ақпараты бойынша халықаралық практикада ақпараттық құралдармен жұмыс істеудің ең алғашқы, әрі пысықталған терең нұсқаларының бірі АҚШ-та 1980 жылы қабылданған Қағаз айналымын азайту туралы актіні орындау практикасы (Paper Reduction Act) болып табылады.
      Ақпарат жинау осы актінің назар аударатын объектісі болып табылады. Ақпарат жинау былай айқындалады: «Алу, алуға себептер жасау, сұрау салулар, үшінші тұлғаларға ақпарат немесе жұртшылыққа біртекті мәселелерді қою ретінде нысанына немесе форматына қарамастан кез келген ұйымның фактілерін, көзқарастарын ашуға қойылатын талаптар немесе АҚШ-тың ведомстволарынан, ұйымдарынан немесе федералдық үкімет қызметшілерінен басқа, он не одан көп адамнан ақпараттың немесе есептіліктің біртекті типін талап ету.»;
      Осы анықтамадан көрініп тұрғандай, осы Акті қолданылатын субъектілер тек кәсіпкерлік субъектілері ғана емес, басқа да азаматтар және өңірлік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын қоса алғанда, басқа да ұйымдар болып табылады.
      Ақпараттық құралдардан түсетін пайданы мойындай отырып, осы Акт ақпараттық құралдармен байланысты шығасыларға айқын анықтама береді. Шығасылар «субъектілер нұсқаулықтарды зерделеу (А) үшін ресурстарды қоса алғанда, федералдық үкіметтің кез келген агенттігіне ақпаратты дайындау, қолдау немесе ұсыну үшін бөлетін уақыт, күш-жігер немесе қаржылық ресурстар; технологиялар мен жүйелерді сатып алу, орнату және пайдалану (Б); бұрыннан бар нұсқаулықтар мен талаптарды орындаудың қолданыстағы әдістерін өзгерту (В); дереккөздерді іздеу (Г); ақпарат толтыру және оның жиналуын қайта қарау (Д); және ақпарат беру (Е)» ретінде айқындалады.
      АҚШ-та ақпараттық құралдардың шығасылары олардың себептері бойынша сыныпталады. Айталық, осындай себептердің төрт санаты айқындалған, атап айтқанда: (1) заңнаманың жаңа талаптары; (2) үкімет агенттіктерінің іс-қимылдары; (3) субъектілер санындағы немесе ақпарат жинау әдістеріндегі өзгерістердің салдарынан өзгерістер немесе қайта есептеулер; (4) қателіктер немесе талаптардың орындалмауы, сондай-ақ тоқтау мен қайта бастау.
      АҚШ-та ақпараттық құралдар шығасыларының өлшем бірлігі ретінде жұмсалған уақыт сағаттары алынады. Мысалы, АҚШ-тың Басқару және Бюджет Офисінің 2011 қаржы жылындағы есебінде бүкіл халық ақпараттық талаптарды орындауға 9.14 миллиард сағат жұмсағаны айқындалған, ол 2010 қаржы жылында жұмсалған 8.78 миллиард сағаттан 355 миллион сағатқа немесе 4%-ға көп.
      Қазақстанда АҚШ-тың осы тәжірибесін барлық ақпараттық құралдарды жүйелендіру және оларды кейіннен оңтайландыру қажеттілігі тұрғысынан қолдануға болады.
      Бүгінгі күні Қазақстанда мемлекеттік реттеудің айтарлықтай реформалары жүргізілді, бірақ әлі де болса әкімшілік реттеудің жоғары ауыртпалығы сақталып отыр.

Осы Тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттері

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 07.11.2016 № 672 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Осы Тұжырымдаманың мақсаты реттеу болжамды болатын, бизнес үшін арзан және мақсаттарға қол жеткізуде тиімді және сыбайлас жемқорлықтан аулақ болатын теңгерімделген жүйені құру арқылы кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің тиімділігін жоғарылату болып табылады.
      Қойылған мақсатқа қол жеткізу мынадай міндеттерді кезең-кезеңімен және жүйелі шешу арқылы қамтамасыз етіледі:
      1) мемлекеттік бақылау мен қадағалауды анықтау мен жазалаудан профилактикаға және алдын алуға қайта бағдарлау;
      2) бизнестің өзін-өзі реттеуін дамыту үшін жағдай жасау;
      3) реттеушілік ықпалды талдаудың және бизнеске қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қоғамдық талқылаудың негізінде норма шығаруды жетілдіру;
      4) техникалық реттеуді әлемдік практикаға және интеграциялық процестерге сәйкес келтіру;
      5) заңға бағынышты мінез-құлықты ынталандыру мақсатында шамалас жауапкершілікті орнату;
      6) тұтынушылардың қорғалу деңгейін арттыру;
      7) кәсіпкерлерді мемлекеттік реттеу ауыртпалығын төмендету;
      8) ақпараттық құралдарды жүйелендіру және оңтайландыру.
      Ақпараттық құралдарды реформалаудың басты мақсаты ақпараттық міндеттемелердің санын азайту, ақпарат жинау әдістерін оңтайландыру, жеке ақпараттық құралдарды сапалы жақсарту арқылы бизнестің осы құралдармен байланысты шығасыларын төмендету болып табылады. Мұндай реформалау:
      ақпараттық міндеттемелерді олармен байланысты шығасылардың жақсы өлшенетін индикаторларын пайдалану арқылы мониторингтеу жүйесі жасалған;
      ақпараттық құралдарды оңтайландыруға жүйелі тәсілді енгізген жағдайда мүмкін болады.

Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу саясатын енгізу кезеңдері

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 07.11.2016 № 672 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Үш негізгі кезең көзделеді:
      1-кезең – дайындық (2014 – 2016 жж.). Бұл кезеңде мынадай іс-шараларды жүргізу көзделеді:
      1) саясатты институционалдық қамтамасыз ету жүйесін құру;
      2) реттеушілік құралдарды толығымен реформалау.
      Институционалдық қамтамасыз ету жүйесін құрудың түйінді элементі консультативтік-кеңесші органды және оның Қазақстан Республикасының атқарушы билігіндегі орнын айқындау болып табылады.
      Қазақстан Республикасында реттегіш құралдарды реформалау қазірдің өзінде жүргізілуде. Бірінші кезеңді аяқтау үшін бақылау мен қадағалау жүйесін реформалауды аяқтау, мүмкін болатын жерде өзін-өзі реттеу жүйесін әзірлеу және оны енгізу, сондай-ақ ақпараттық құралдарды реформалауды жүргізу қажет.
      2-кезең – рәсімдік (2016 – 2018 жж.). Бұл кезеңде мынадай іс-шараларды жүргізу көзделген:
      1) реттеушілік ықпалды талдауды жүргізуге қажетті әдістемелерді толығымен әзірлеу;
      2) реттеуді жоспарлау, әзірлеу және қайта қарау рәсімдерін қолданысқа енгізу, қоғамдық бірлестіктермен диалог жүргізуді қамтамасыз ету;
      3) мемлекеттік органдардың есеп беру жүйесін қолданысқа енгізу.
      Екінші кезеңде:
      1) реттеушілік ықпалды талдау әдістемесін;
      2) мемлекеттік органдардың реттеу қызметі туралы мерзімді есептерін дайындау және беру тәртібін;
      3) стандарттық шығындар әдістемесін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілетін болады.
      Тиісті әдістемелерді әзірлеп, сынақтан өткізгеннен кейін мемлекеттік қызметкерлерге тиісті оқыту жүргізілетін болады. Тұжырымдамада көзделген реттеуді жоспарлау, әзірлеу және қайта қарау рәсімдерін толығымен енгізу және қоғамдық талқылау рәсімдерін бұлжытпай сақтауды қамтамасыз ету қажет.
      Екінші кезеңнің қорытынды бөлігінде реттеуді жобалау және қайта қарау бойынша атқарылған жұмыстар туралы мемлекеттік органдардың мерзімді есебінің жүйесі толық енгізілетін болады.
      3-кезең – қорытындылаушы (2018 – 2020 жж.). Бұл кезеңде мынадай әрекеттерді жүргізу көзделеді:
      1) мемлекеттік органдардың реттеушілік функцияларды орындауына талдау жүргізу;
      2) мемлекеттік саясаттың тиімділігіне мониторинг жүргізу жүйесін енгізу;
      3) институционалдық жүйені, рәсімдерді және әдіснамаларды ретке келтіруді жүргізу.
      Үшінші кезеңде мемлекеттік органдардың бірінде реттеушілік функциялардың орындалуына пилоттық талдау жүргізілетін болады. Осы талдаудың нәтижесінде тиісті рәсімдер мен әдістемелерге пысықтау жүргізу қажет.
      Бұдан кейін мемлекеттік басқару мен реттеудің әрбір саласынан бірмемлекеттік органнан таңдау ұйғарылады:
      1) адам мен қоғамның қауіпсіздігі саласы;
      2) қаржы саласы;
      3) гуманитарлық сала;
      4) табиғи ресурстар саласы.
      Осы салалардың әрқайсысында мемлекеттік органдардың реттеушілік функцияларды орындауына талдау жүргізу әдістемелерді одан әрі пысықтауға және реттеу салаларының ерекшелігін ескере отырып, оларды келешекте пайдалануға мүмкіндік береді.
      Реттеушілік функцияларды орындауды талдау рәсімі кейін барлық мемлекеттік органдар бойынша жүргізілетін болады.
      Реттеушілік функцияларды орындауды талдаудың алғашқы нәтижелері, сол сияқты мемлекеттік органдардың мерзімді есебін талдау және зерттеулердің материалдары реттеушілік саясаттың тиімділігіне мониторинг жүргізу кезінде қолданылуы және консультативтік-кеңесші органның мерзімді есебінде көрсетілуі тиіс.
      Жоғарыда көрсетілген кезеңдер мен іс-қимылдардың жүйелілігі шеңберінде ақпараттық құралдардың реформасына қатысты оның кезеңдерінің мынадай реттілігі ұсынылады.
      1-кезең. 2016 – 2017 жылдар.
      Бірінші кезеңде Қазақстанда бар және пайдаланылатын барлық ақпараттық құралдарға түгендеу жүргізу қажет.
      Түгендеу жүргізу процесінде мемлекеттік органдар ақпараттық құрал арқылы жиналатын ақпараттың пайдаланылуын айқындағаны жөн.
      2-кезең. 2018 – 2019 жылдар.
      Түгендеу жүргізгеннен кейін барлық ақпараттық құралдарға ұлттық дерекқорларда жиналған ақпараттың қайталануы мен талап етілуі тұрғысынан орталықтандырылған талдау жүргізу қажет. Тиісті оңтайландыруды барлық ақпараттық құралдар бойынша бір мезгілде жүргізу қажет.
      Алдыңғы кезеңдер орындалғаннан кейін сақталатын барлық ақпараттық құралдар ақпараттық құралдардың (талаптардың) бірыңғай тізбесінде жинақталатын болады.
      Барлық алдыңғы қадамдарды енгізу барысында олардан сабақ алынып, рәсімдер мен әдістемелердің тиімділігі тексерілуі тиіс. Тиісті өзгерістерді консультативтік-кеңесші орган дайындайды және кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыру үшін енгізеді.

Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер

      Тұжырымдаманы іске асырудан:
      1) Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» рейтингісінде 45-орынмен расталған мемлекеттік реттеу жүйесін оңтайландыру жолымен қолайлы кәсіпкерлік климатты құру;
      2) екі пилоттық жобаны іске асыру жолымен өзін-өзі реттеуді дамыту үшін жағдайлар жасау;
      3) тамақ өнімдеріне қатысты техникалық реттеу саласындағы тексерулердің санын 20%-дан аса қысқарту;
      4) объективті және шынайы статистиканы енгізу, кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен жасалған бірлескен бұйрықтармен бекітілген бақылау және қадағалау органдарының тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандырумен 100% қамту арқылы мемлекеттік реттеу жүйесінің қадағалануын қамтамасыз ету;
      5) кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеуге байланысты мемлекеттік бюджеттің шығыстарын 10%-ға қысқарту;
      6) реттеу құралдарына байланысты бизнестің операциялық шығындарын 10%-ға қысқарту;

2. Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу салалының негізгі
қағидаттары мен жалпы тәсілдері

      Ескерту. 2-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 07.11.2016 № 672 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Мыналар кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің қағидаттары болып табылады:
      1. Тұтынушылар, бизнес және мемлекет мүдделерінің теңгерімі. Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу жүйесі бизнеске ең аз (объективті тұрғыдан қажетті) жүктеме кезінде тұтынушының құқықтарын барынша тиімді қорғауды қамтамасыз етуді ұйғарады. Мұндай жүйеде мемлекеттік реттеудің мақсаттары бизнес пен бюджет үшін ең аз шығындар әдістерімен қол жеткізіледі.
      2. Мәлімделген мақсаттарға қол жеткізуде реттеудің тиімділігін негіздеудің, келісудің және мониторинг жүргізудің міндетті рәсімдерін енгізу арқылы реттеуді пайдаланудың негізділігі мен тиімділігі.
      3. Мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы және ақпараттың қолжетімділігі. Қоғамдық маңызы бар шешімдерді қоғамдық тыңдаулардан кейін және қоғаммен өткізілген тыңдаудың басқа түрлері жүргізілгеннен кейін ғана қабылдау болжанады. Пайдаланылуы шектелмеген кез келген ақпарат және бизнес пен тұтынушыларға қажет ақпарат қолжетімді және мүмкіндігінше тегін болуы тиіс.
      Норма шығару қызметі осы процеске орталықтандырылған жүйені пайдаланудың негізінде барлық мүдделі тұлғаларды белсенді түрде тартқан кезде жүзеге асырылуы тиіс.
      4. Кәсіпкерлік қызметті реттеудің мемлекеттік саясатының талаптарын орындамағаны үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін белгілеу арқылы жауапкершілік пен жазалау әділдігі, бизнес үшін жазалау деңгейінің заң бұзушылық деңгейіне сәйкес келуі, бұзушылықтар анықталған жағдайда, жазалау шараларынан алдын алу және реттеушілік талаптарды орындауға ынталандыруға кезең-кезеңмен өту. Билік органдарының әрекеттері үшін жоғары тұрған инстанцияларға және соттарға шағымдану мүмкіндігі.
      5. Мемлекеттік реттеу саласында сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жүзеге асыру мүмкіндігін азайту, мүдделер қақтығысы сияқты көріністерді жою, құқықты таңдап қолдану, монополиялық және монополияға жақыннарықтарды операторларға байланысты реттеу арқылы сыбайлас жемқорлықтан арылу.
      6. Реформаларды іске асырудың кешенділігі мен тиімділігі. Тұжырымдаманы іске асырудың тиімділігі барлық мемлекеттік органдар тарапынан қойылған міндеттердің шешіміне байланысты болмақ. Реформаның іргелес бағыттары бойынша салалық құжаттар Тұжырымдамамен үйлесім табуы тиіс. Реформалардың тиімділігін бағалау бизнесті жүргізу және тұтынушыны қанағаттандыру үшін жағдайларды іс жүзінде жақсартуда көрінуі тиіс.
      Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу саясатының мәні негізгі екі бөлікке бөлінеді:
      1) орындалуы қажетті заңнама талаптары;
      2) реттеу құралдары (реттеушілік құралдар).
      Осы екі құрамдас бөлікке бөлу қажеттілігі олардағы саясатты жүргізу әдістерінің айтарлықтай өзгеше болуына байланысты.
      Заңнама талаптары – бұл міндетті тәртіпті, қағидаларды, параметрлер мен нормативтерді белгілейтін нормативтік құқықтық актілердің нормалары.
      Заңнама талаптары кез келген реттеудің жұмыс істеуіне бастапқы негіз болып табылады. Салық төлемдерін, басқа төлемдерді міндетті төлеу талаптары және оларды есептеу қағидалары, өндіріс қалдықтарының шығарылу нормативтері, өрт қауіпсіздігі талаптары, құрылыс және санитариялық-эпидемиологиялық ережелер мен гигиеналық нормалар, Қазақстан Республикасы және Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптары мысалы болып табылады.
      Атқарушы билік органының бизнеске қатысты әрбір іс-әрекеті немесе тапсыру үшін немесе билік органына ұсыну үшін қажетті құжат заңнама талаптарын орындау қажеттілігіне және осындай нақты талаптардың болуына негізделеді.
      Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу саясаты заңнама талаптарының тіршілік ету циклін регламенттейді, ол жаңа талаптардың пайда болуының қажетті жағдайларын, оларды негіздеу және келісу, жария талқылау рәсімін, мақсаттарға қол жеткізуге мониторинг жүргізілетін параметрлерді, заңнама талаптарының күшін жою шарттары мен рәсімін белгілейді.
      Саясат нысанасының екінші бөлімі реттеу құралдары болып табылады, олар арқылы заңнама талаптарының орындалуы қамтамасыз етіледі. Реттеу құралдарын төрт топқа бөлуге болады:
      1) лицензияларды, рұқсаттарды, қорытындыларды, тіркеу құжаттарын және басқаларын қамтитын рұқсат беретін құралдар;
      2) аудитті, тексерулерді, тергеулерді және олармен байланысты ұйғарымдар мен санкцияларды қамтитын бақылау құралдары;
      3) құжаттарды, хабарламаларды және анықтамаларды, салықтық, қаржылық және басқа да есепті, басқа құжаттарды ұсынуды, өнім құрамын декларациялауды, банкрот болуды, кәсіпорын меншігінің өзгеруі туралы деректерді жариялауды және басқаны қамтитын ақпараттық құралдар;
      4) өзін-өзі реттеу құралдары. Осы Тұжырымдама шеңберінде өзін-өзі реттеу жүйесі реттеудің құралы болып танылады. Сонымен қатар, мемлекет реттеу құралдарын өзін-өзі реттеуге және керісінше алмастыру процесінде басты рөл атқарады.
      Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу саясаты осы құралдарды қолданудың құрамы мен рәсімдерін және олардың өміршеңдік циклін регламенттейді, реттеу құралдарының сыныптамасын белгілейді, жаңа құралдардың пайда болуының қажетті жағдайларын, оларды негіздеу мен келісу, жария талқылау рәсімін белгілейді, оларды пайдалану мақсаттарына қол жеткізуге, оларды жою немесе ауыстыру рәсіміне мониторинг жүргізілетін тәуекелдер мен параметрлерді талдау нәтижелерін пайдалану арқылы қолданылатын құралдарды таңдаудың барабарлығын белгілейді.
      Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу реформасының тәсілдеріншартты түрде екі топқа бөлуге болады. Бірінші топ нақты реттеуге қатысты және оның тіршілік ету циклін регламенттеуге байланысты. Екінші топ барлық кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеуге қатысты жалпы сипатты болып табылады.
      Бірінші топ. Заңнаманың нақты талаптарына және пайдаланылатын құралдарға қатысты тұрақты қолданыстағы кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу саясаты біршама циклділікпен сипатталады. Заңнама талаптары мен оларды орындау құралдарының тіршілік ету циклі мыналарды қамтиды:
      1) реттеушілік жоспарлау;
      2) жаңа реттеуді жобалау;
      3) реттеуді қайта қарау;
      4) мемлекеттік органдардың есептілігі.
      Реттеушілік жоспарлау. Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу саясаты мемлекеттік органдардың мемлекеттік реттеу талаптарын немесе құралдарын белгілейтін немесе ауыстыратын заңнамалық және өзге норма шығаратын қызметін жоспарлауын регламенттейді.
      Мемлекеттік органдар жоспарларды консультативтік-кеңесші орган әзірлеген әдістемелердің негізінде дайындайды, оларды мемлекеттік органдардың басшылары бекітеді және консультативтік-кеңесші органға хабарлама нысанында ұсынылады. Бұдан кейін мемлекеттік органдар жоспарларды мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурсында жариялайды, оның ішінде нормативтік құқықтық актілердің базасы бар, бизнестің әрбір қоғамдық бірлестікке қолданыстағы нормативтік актілерді және нормативтік актілердің жобаларын егжей-тегжейлі және құрылымдық түрде түсініктеме жасауға, ұсыныс енгізуге және талқылауға мүмкіндік беретін бірыңғай орталықтандырылған краудсорсинг жүйесінде жариялайды. Бұл ретте түсініктемелерді бағалауға және оларды түсініктеме жасаған күніне, танымалдығына және субъектілеріне қарай сұрыптау мүмкіндігі болуы тиіс.
      Жаңа реттеулерді жобалау. Мемлекеттік органдар жоспарларға сәйкес жаңа талаптарды немесе реттеу құралдарын жаңадан қолдануды белгілейтін заңнамалық және өзге нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді. Олар сондай-ақ осы Тұжырымдамаға сәйкес әзірленген және бекітілген ілеспе құжаттаманы дайындайды.
      Нормативтік құқықтық актілердің жобаларына ілеспе құжаттарды дайындау кезінде мемлекеттік органдар нақты реттеуді енгізу қажеттілігін дәлелдейтін болады. Мұндай жобалар және ілеспе құжаттар мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурсында жарияланады.
      Реттеуді жобалау кезіндегі мемлекеттік органдардың рәсімдерді сақтауын, негіздеменің шынайылығы мен толықтығын тексеруді консультативтік-кеңесші орган жүзеге асырады. Рәсімдерді бұзу немесе мемлекеттік органмен өзге түсініспеушілік анықталған жағдайда, консультативтік-кеңесші органның қорытындылары Қазақстан Республикасы Үкіметінің басшылығына қарау үшін енгізіледі.
      Реттеулерді қайта қарау. Қолданыстағы реттеулерді қайта қарау жоспарларға сәйкес 5-10 жыл мерзімділікпен жүргізіледі. Мемлекеттік органдар стандартты шығындар үлгісінің деректерін талдаудың, төтенше жағдайлардың немесе азаматтар мен ұйымдар өтініштерінің негізінде қолданыстағы реттеуді анағұрлым жоғары мерзімділікпен қайта қарай алады.
      Консультативтік-кеңесші орган мемлекеттік органдардың есебін талдаудың, зерттеулер деректерінің немесе азаматтар мен ұйымдар өтініштерінің негізінде қолданыстағы реттеуді қайта қарауға бастама жасайды.
      Заңнамалық бастама құқығына ие органдар мен тұлғалар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес қолданыстағы реттеуді қайта қарауға бастама жасайды.
      Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және өзге қоғамдық бірлестіктер қолданыстағы реттеуді қайта қарауға дербес бастама жасайды.
      Тұжырымдамада қолданыстағы реттеуді қайта қараудың мемлекеттік органдарға ғана арналған әдіснамасы көзделеді. Консультативтік-кеңесші орган қолданыстағы реттеуді қайта қарауға бастама жасаған жағдайда, ол қайта қарау рәсімінің өзін жүзеге асыратын мемлекеттік органға тиісті өтініш береді.
      Ұлттық кәсіпкерлер палатасы немесе өзге қоғамдық бірлестіктер қолданыстағы реттеуді қайта қарауға бастама жасаған жағдайда, олар тиісті негіздемелерді әзірлеп, мемлекеттік және консультативтік-кеңесші органға береді.
      Мерзімді түрде қайта қарау барысында мемлекеттік органдар әрбір нақты жағдайда реттеудің болуы қажеттілігін дәлелдейді, оларды ауыстырады немесе күшін жояды.
      Талдау реттеуді жоспарлау кезінде бекітілген реттеушілік ықпалды бастапқы талдауда көрсетілген реттеудің мақсаттарына қол жеткізу тұрғысынан қолданыстағы талаптар мен құралдар арқылы жүргізіледі. Мұндай жағдайларда мынадай кезеңдер көзделген:
      1) нормативтік құқықтық актінің мәтінін талдау және оны пайдалану тәжірибесін зерделеу;
      2) реттеу тиімділігі индикаторларының серпінін талдау және оларды реттеушілік ықпалды талдау деректерімен салыстыру;
      3) стандартты шығындар үлгісін пайдалана отырып, бизнес шығындардың серпінін талдау және оларды реттеушілік ықпалды талдау деректерімен салыстыру;
      4) реттеуді өзгерту қажеттілігі тұрғысынан қорытынды дайындау;
      5) қажет болған жағдайда, нормативтік құқықтық акті өзгерістерінің жобасын және тиісті негіздемені дайындау.
      Өзге жағдайларда (бастапқы реттеушілік ықпалды талдау болмаған жағдайда) талдау мақсатқа қол жеткізуді бағалаудың қарапайым әдіснамасының негізінде (стандартты шығындар үлгісін пайдалана отырып) жүзеге асырылады. Осындай жағдайларда мынадай кезеңдер көзделген:
      1) нормативтік құқықтық актінің мәтінін талдау және реттеу мақсаты мен қолданылатын реттеуді ретроспективті анықтау тұрғысында оны қолдану тәжірибесін зерделеу;
      2) реттеу тиімділігі индикаторларын ретроспективті анықтау, олардың әділдігі мен шынайылығын негіздеу;
      3) стандартты шығындар үлгісін пайдалана отырып, бизнестің тікелей ақпараттық шығындарын өлшеу;
      4) реттеуді өзгерту қажеттілігі тұрғысынан қорытынды дайындау;
      5) қажет болған жағдайда, нормативтік құқықтық акті өзгерістерінің жобасын және тиісті негіздемені дайындау.
      Екі жағдайда да талаптар мен рәсімдерді күшейту кезінде негіздеме міндетті түрде реттеушілік ықпалды талдауды қамтиды.
      Қайта қарау материалдары, талдаулар мен ұсынымдар мемлекеттік органдардың интернет-ресурсында жарияланады.
      Мемлекеттік органдардың рәсімдерді сақтауын, негіздеменің шынайылығы мен толықтығын тексеруді консультативтік-кеңесші орган жүзеге асырады. Рәсімдерді бұзу немесе мемлекеттік органмен өзге түсініспеушілік анықталған жағдайда, консультативтік-кеңесші органның қорытындылары Қазақстан Республикасы Үкіметінің басшылығына қарау үшін енгізіледі.
      Мемлекеттік органдардың есептілігі.
      Жиынтық есепті қалыптастыру үшін мемлекеттік органдар консультативтік-кеңесші органға жоспарлардың орындалуы туралы деректерді, реттеу мақсаттарына қол жеткізу индикаторларының серпінін, реттеу шығындарын, бюджет қаражатының шығыстарын қамтитын есептілік береді. Консультативтік-кеңесші орган барлық мемлекеттік органдар бойынша осы есептерді қорытындылайды, олардың кәсіпкерліктің дамуына әсерін талдайды, жүйелі кемшіліктерді көрсетеді.
      Барлық есептілік мемлекеттік органдардың интернет-ресурсында, оның ішінде бірыңғай орталықтандырылған краудсорсинг жүйесінде қолданыстағы және жаңадан енгізіліп жатқан реттеудің реттеушілік ықпалын жария талдау үшін жарияланады.
      Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу реформасы тәсілдерінің бірінші тобының негізгі құралы реттеушілік ықпалды талдау болып табылады.
      Реттеушілік ықпалды талдау кәсіпкерлік субъектілері орындауға міндетті талаптарды, сондай-ақ осы талаптардың орындалуын қамтамасыз ететін құралдар мен рәсімдерді белгілейтін нормативтік құқықтық актілерді енгізу мүмкіндігіне байланысты әлеуетті тәуекелдерді ескере отырып, шығындар мен пайданы салыстырудың талдамалық рәсімі болып табылады. Реттеушілік ықпалды талдауды жүргізу барысында олардың орындалуын қамтамасыз ететін тиісті құралдар мен рәсімдерге сәйкес келетін енгізіліп отырған жаңа талапқа ықтимал баламалардың шығындары мен пайдасына салыстырмалы талдау жүзеге асырылады.
      Реттеушілік ықпалды талдаумемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелеріне қатысты шешімдер қабылдауы алдында жүргізіледі.
      Реттеушілік ықпалды талдаудың басты мақсаты белгілі мақсаттарға неғұрлым дәл қол жеткізу үшін (белгілі бір проблемаларды нақты шешу үшін) балама реттеу тәсілдерін таңдау арқылы мемлекеттік саясаттың пәрменділігі мен тиімділігін арттыру болып табылады.
      Реттеушілік ықпалды талдаудың міндеттері:
      1) шешілуі қажет проблеманы нақты айқындау;
      2) проблеманы шешудің балама әдістерін анықтау;
      3) проблеманы шешуге және барлық қатысушы тараптардың шығындарына реттеуді қабылдау салдарын бағалау;
      4) проблеманы бағалаудың және мемлекеттік реттеудің мақсаттарына қол жеткізудің өлшенетін индикаторларын айқындау болып табылады.
      Реттеушілік ықпалды талдауды енгізудің нәтижесі:
      1) толық және шынайы ақпараттың негізінде ұтымды және оңтайлы шешім қабылдау мүмкіндігі;
      2) тиісті шығындарды азайту есебінен бизнес субъектілерінің, тұтынушылардың және мемлекеттік бюджеттің ресурстарын үнемдеу;
      3) реттеу саясатына тиісті түзетулер енгізу үшін қабылданған шешімдердің тиімділігін объективті түрде тексеру мүмкіндігі болып табылады.
      Реттеушілік ықпалды талдау ұлттық, сол сияқты жергілікті деңгейдегі билік органдары кез келген шешімді қабылдаған кезде қолдануға болатын құрал болып табылады.
      Сонымен бірге, реттеушілік ықпалды талдауды жүргізу мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытының белгілі шығындарына және кейбір жағдайларда әртүрлі деңгейдегі бюджеттердің тікелей шығындарына байланысты. Бұдан басқа, реттеушілік ықпалды талдаудыжүргізу және кейіннен оны шешімдер қабылдау алдында талқылау оларды қабылдау жылдамдығын айтарлықтай төмендетуі және билік органдарының икемділігін шектеуі мүмкін.
      Әлемдік тәжірибені ескере отырып, Тұжырымдама Қазақстан Республикасында реттеушілік ықпалды талдауды пайдаланудың мынадай салаларын белгілейді:
      Бірінші. Реттеушілік ықпалды талдау бизнес субъектілерінің мүдделерін қозғайтын реттеушілік сипаттағы шешімдерді жобалау кезінде ғана пайдаланылады. Бизнес субъектілерінің мүдделерін қозғайтын, бірақ заңнаманың міндетті талаптарын өзгертпейтін шешімдер немесе құралдар және оларды орындау рәсімдері реттеушілік ықпалды талдауды (мемлекеттік инвестициялар, субсидиялар, сатып алу және басқалар) пайдаланбай жоспарланады. Авариялар, табиғи апаттар және уақытша әрекет ететін өзге де төтенше жағдайлар салдарын еңсеру жөніндегі шешімдер жобалары, олар реттеуші сипатта болса да, реттеушілік ықпалды талдауды пайдаланбай жоспарланады.
      Екінші. Реттеушілік ықпалды талдау Қазақстан Республикасы заңдарының, Кеден одағының техникалық регламенттерінің, Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының, әкімдіктер әзірлейтін мәслихаттар шешімдерінің жобаларын жоспарлау кезінде пайдаланылады.
      Үшінші. Егер шешімнің қолданылу аясы шығынның мөлшеріне қарамастан, 100-ден астам бизнес субъектісіне қолданылатын болса, реттеушілік ықпалды талдаупайдаланылады.
      Төртінші. Егер жоспарланған шешім талаптарды қатаңдатып, оларды орындау рәсімдерін қиындататын болса, олардың орындалуына байланысты бизнес субъектілері үшін ғана қандай да бір шығындардың өсуіне әкеп соғатын болса, реттеушілік ықпалды талдау пайдаланылады.
      Бесінші. Егер бастапқыда оны қолдану мерзімі белгіленген болса, реттеу әрекеті ұзартылған кезде реттеушілік ықпалды талдаупайдаланылады.
      Реттеушілік ықпалды талдаубарынша толық түрінде экономикалық модельдеуді, ақпаратты жинау мен талдаудың өзге де ресурсты шығындайтын әдістерін пайдалануды көздейді. Осындай реттеушілік ықпалды талдауды енгізу өте жоғары білікті орындаушыларды қажет етеді, арнайы экономикалық білімі жоқ тұлғалардың түсінуі үшін қиын болып табылады, қомақты қаржылық ресурстарды пайдалануды талап етеді.
      Осыған орай, реттеушілік ықпалды талдау әдіснамасын жеңілдету үшін мыналар ұйғарылады:
      1) шешілуі қажет проблеманың және жобаланатын реттеудің мақсатына (пайдасына) қол жеткізу индикаторларының өлшенуіне қойылатын талаптарды ырықтандыру. Ырықтандыру мақсаттары үшін сандық индикаторларды анықтамай, айрықша жағдайларда проблеманы нақты сипаттау жеткілікті деп санауға болады;
      2) болашақта пайдалану үшін оларды айқындау және жинау ұсынымдары бар сандық индикаторларды пайдаланудан уақытша алшақтау;
      3) жобаланатын реттеу баламаларын регламенттеу. Өзге елдерде реттеушілік ықпалды талдауды пайдалану практикасы баламалардың толыққанды талдауы үнемі жүргізілмейтінін көрсетеді. Әсіресе, реттеушілік ықпалды талдауды енгізудің бастапқы кезеңдерінде мемлекеттік органдар баламаларды анықтауға және талдауға формальды түрде қарайды. Осы себептен мемлекеттік органдарға қолданыстағы жағдайды, қолданыстағы талаптардың орындалуын бақылауды, қолданыстағы талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту, өзін-өзі реттеу немесе хабарлама беру тәртібіндегі элементтерді енгізу мүмкіндіктерін қарастыруды міндеттеу қажет;
      4) реттеуші талаптарды орындауға байланысты бизнес субъектілерінің тікелей шығындарын ғана айқындау (ақпараттық талаптарды орындауға жұмсалатын әкімшілік шығындар, тексерушілермен жұмыс істеуге арналған шығындар, қажетті инвестицияларға жұмсалатын шығындар), егер мұндайлар көзделген болса, тұтынушылардың тікелей шығындары (бәсекелестіктің азаюына байланысты ұсыныстардың да азаю мүмкіндігі кезіндегі тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге бағаның көтерілуі мысал бола алады), егер мұндайлар көзделген болса, бюджеттің тікелей шығындары. Реттеушілік ықпалды талдауды енгізуде пайдаланылмаған мүмкіндіктердің салдарынан болатын ықтимал шығындарды, өзге тікелей емес шығындарды талдау жүргізілмейді;
      5) реттеушілік ықпалды талдауда өсу әсерлерін талдау пайдаланылмайды. Пайдалар мен шығындар жоспарланған реттеудің толық енгізілуі мен функционалдығын көздей отырып бағаланады;
      6) реттеушілік ықпалды талдаудаэкономикалық модельдеу әдістері қолданылмайды. Талдау жеңілдетілген әдіснама негізінде әрбір балама үшін талдау жасалған шығындар мен пайдаларды тікелей салыстыру негізінде жүргізілетін болады;
      7) реттеушілік ықпалды талдауды енгізуде ықтимал тәуекелдерге талдау жүргізілмейді.
      Кез келген реттеу қандай да бір себептер бойынша нарықтық тетік шеше алмайтын нақты проблеманы шешу мақсатында қабылданады.
      Бүгінгі таңда нормативтік құқықтық актілерді және олардың негіздемелерін дайындау кезінде мемлекеттік органдар көбінесе проблемалардың жалпы тұжырымдамаларымен шектеледі. Бұл заңды түрде осындай жалпы тұжырымдамалардан нысаналы топтар мен қабылданған шешімнің тиімділігін бағалау индикаторларын анықтаудың мүмкін болмауына әкеп соғады.
      Реттеушілік ықпалды талдауды дайындау кезінде проблемаларды нақты айқындауға, олардың көріністері мен себептерін ашуға ерекше назар аудару ұсынылады. Проблемалардың көріністері осы көріністі анықтайтын сандық немесе айрықша жағдайларда сапалық көрсеткіштері арқылы ашылады. Мұндай көрсеткіш реттеуді қабылдағаннан кейін реттеудің тиімділігін бағалау индикаторына айналады.
      Бұл индикатор сондай-ақ жобаланатын реттеуден алынатын пайданы айқындау құралдарының бірі болып табылады. Басқалармен қатар, қоршаған ортаның ластану деңгейлері, авариялардың немесе оқиғалардың саны, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің заңсыз айналымы бойынша деректер, уланулар, жарақаттар саны осындай индикаторлар болуы мүмкін.
      Индикаторларды айқындау кезінде проблеманың көрінісі тікелей немесе жанама әсер ететін субъектілердің аясы айқындалады. Мұндай субъектілер аясында басқалармен қоса, нақты тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар, нақты аумақтың тұрғындары, жекелеген сала қызметкерлері, тұтастай алғанда мемлекет (мемлекеттік қауіпсіздікті қозғайтын жағдайларда) болуы мүмкін.
      Индикаторлардың дұрыстығына және олардың өлшемдерінің мерзімділігіне жеке назар аудару ұсынылады. Индикаторлардың дұрыстығы оларды өлшеу тәсіліне (бастапқы ақпаратты жинау, оны қорытындылау) байланысты. Реттеушілік ықпалды талдаудыжүргізу мақсатында индикаторлардың дұрыстығы мен оларды қайта өлшеу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін мынадай дереккөздерді пайдалану ұйғарылады:
      1) статистика органдары мен салық органдарының деректері;
      2) есептілікті, оқиғалар туралы деректерді, өлшемдерді өңдеу барысында алынған мемлекеттік органдардың деректері;
      3) құқық қорғау органдарының деректері;
      4) оң беделі бар ұйымдар жүргізген әлеуметтанушылық және өзге зерттеулердің деректері.
      Реттеушілік ықпалды талдаудың міндетті бөлімдеріне мыналар жатады:
      1) реттеуді енгізу арқылы шешілуі қажет проблеманы, оның көрінісінің сандық индикаторларын және осы проблема әсер ететін субъектілердің нақты белгіленген аясын көрсете отырып айқындау. Егер проблема кешенді болса, оны құрамдас бөліктерге бөлуге рұқсат етіледі, оның әрбіреуіне сандық көрініс индикаторы және субъектілер ортасы айқындалады;
      2) барлық себеп-салдарлық байланыстарды анық көрсете отырып, проблеманың пайда болу себептерін айқындау. Себеп-салдарлық байланыстарды талдау кезінде статистикалық корреляциялар, өзге талдау әдістері пайдаланылады. Проблеманың орын алып отырғанына ескерілмеген ықтимал факторлардың әсерін (экстерналийлер) сипаттауға ерекше назар аударылады;
      3) проблеманың пайда болу себептеріне және оны шешуге жобаланған реттеу ықпалының тетіктерін сипаттау;
      4) жобаланған реттеудің бенефициарларын (пайда алушыларын) нақты айқындау;
      5) бенефициарлардың монеталандырылған немесе өзге пайдасына негізделген индикаторлар серпінін жобалай отырып, реттеу жобасының пайдасын айқындау;
      6) жобаланған реттеуге баламалы шаралардың сипаттамасы мен әсер ету тетіктері, тиісті бенефициарларды (пайда алушыларды) айқындау, баламалы шаралардың пайдасын айқындау;
      7) реттеуді енгізуден болатын шығындар субъектілерінің аясын айқындау. Мұндай айқындау кезінде бизнестің қай түрлері (өңірлік, салалық және өзге де аспектілерді қоса алғанда) шығынға ұшырайтынын нақтылау және шығынға ұшырайтын бизнес субъектілерінің шамамен алғандағы санын ұсыну қажет. Тікелей немесе жанама шығындарға ұшырайтын өзге субъектілерді (бюджеттерді, халық санатын қоса алғанда) көрсету қажет;
      8) реттеу жобасын орындауға жұмсалатын шығындар әрбір санат үшін жеке есептеледі. Шығындар монетарлық нысанда немесе монетарлық нысанды пайдалану мүмкін болмаған жағдайда өзге сандық нысанда есептеледі. Трансферттік төлемдердің нақты есебі жүргізіледі. Айрықша жағдайларда шығындар сандық емес сипаттамалық нысанда келтіріледі.
      Бизнес субъектілеріне арналған шығын түрлері мыналардан тұрады:
      1) ақпараттық міндеттемелерді орындауға арналған шығындар (адам-сағат бағасына қайта есептеудегі уақыт шығыны);
      2) бланкілер, көрсетілетін қызметтер үшін төлемдер немесе баж;
      3) орнатуға қажетті жабдыққа, оған қызмет көрсетуге арналған шығындар;
      4) негізгі қорларға басқа инвестициялар;
      5) егер мұндайлар енгізілсе, міндетті сақтандыруға арналған шығындар;
      6) үшінші тұлғалар беретін сараптамаларға немесе өзге қорытындыларға арналған шығындар;
      7) жолға және кезекте күтуге арналған шығындар;
      8) біліктілікті арттыру курстарына, оқытудың өзге нысандарына төлем;
      9) мүшелік жарналар, мерзімді ақпараттық басылымдарға жазылу, өзге де мерзімді төлемдер.
      Барлық ұсынылған баламалар үшін реттеу жобасына субъектілер шығындарының аясы айқындалады және жоғарыда ұсынылған тәсілдерге сәйкес тиісті шығындар есептеледі:
      1) реттеу жобасы және оның баламалары бойынша пайда мен шығынның жинақталған деректерін салыстырмалы талдау;
      2) индикаторларды енгізуге арналған деректер базасының қажетті өзгерістері бар реттеу жобасы бойынша ұсынымдары бар қорытынды және реттеу жобасының тиімділігіне мониторинг жүргізудің мерзімділігі бойынша ұсынымдар.
      Реттеушілік ықпалды талдаудың толық немесе адал орындалмауы, талдау жүргізу кезінде жіберілген қисынды қателіктер оны пысықтауға қайтару негіздемелері болып табылады. Реттеушілік ықпалды талдау барлық себептер мен кемшіліктерді жою жөніндегі ұсынымдарды нақты көрсете отырып, пысықтауға жолданады.
      Реттеушілік ықпалды талдау мынадай:
      1) реттеушілік ықпалды талдаудың жоғарыда көрсетілген бір немесе одан да көп міндетті бөлімдері болмаған;
      2) егер мұндай мүмкін болса, проблеманы айқындауда сандық индикаторлардың немесе осы проблема әсер ететін субъектілердің нақты аясы болмаған;
      3) мүмкін экстерналийлерді талдау болмаған;
      4) балама шараларды, олардың пайдасының әсер ету тетіктері үстірт немесе детерминациялық талданған;
      5) ықтимал шығын түрлері толық есепке алынбаған;
      6) қосарланған немесе трансферттік төлемдерге, шығын мерзімділігіне назар аударылмаған;
      7) реттеу жобасының баламаларына арналған шығындар үстірт немесе детерминациялық есепке алынған;
      8) бастапқы ақпарат дұрыс болмаған, тиісті сілтемелер болмаған жағдайларда пысықтауға қайтарылады.
      Реттеушілік ықпалды ілеспе нұсқаулықтармен, мысалдармен және оқыту құралдарымен талдау жүргізудің егжей-тегжейлі әдіснамасын сарапшыларды, қауымдастықтарды, ғылыми және өзге ұйымдарды тарта отырып, консультативтік-кеңесші орган әзірлейді.
      Консультативтік-кеңесші орган реттеушілік ықпалды талдау әдіснамасын пайдалану бойынша мемлекеттік қызметшілерді оқыту бағдарламасын әзірлейді.
      Жүргізілетін реттеушілік ықпалды талдау рәсімінің ашықтығын және жариялылығын қамтамасыз ету үшін нормативтік құқықтық актілер базасынан тұратын және реттеушілік ықпалды талдау рәсіміне қатысатын әрбір субъектіге және азаматтарға жүйеге құжаттарды өздігінен енгізуге, толық және құрылымдық түсініктеме беруге, ұсыныстар енгізуге және қолданыстағы нормативтік актілерді және нормативтік актілердің жобаларын талқылауға мүмкіндік беретін қолданыстағы және қайтадан енгізіліп жатқан реттеушілік ықпалды көпшілік талдаудың бірыңғай орталықтандырылған жүйесін пайдалану қажет. Бұл ретте түсініктемені бағалау және күні, танымалдық рейтингі және түсіндіру субъектілері бойынша іріктеу мүмкіндігі болуы тиіс.
      Реттеу саясаты әдістерінің екінші тобы реттеуші жүйенің толық жұмыс істеу кешеніне жатады.
      Бұл әдістер мыналарды қамтиды:
      1) реттеуші құралдарды кешенді реформалау;
      2) реттеуші функциялардың орындалуын талдау;
      3) кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу тиімділігін қадағалау.
      Реттеуші құралдарды кешенді реформалау.
      Реттеуші құралдар төрт санатқа бөлінеді:
      1) рұқсат беру құралдары;
      2) бақылау және қадағалау құралдары;
      3) ақпараттық құралдар;
      4) өзін-өзі реттеу құралдары.
      Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеуді табысты жүзеге асыру үшін құралдар ретке келтірілуі және тұтастай алғанда, реттеуші саясаттың қағидаттарына сәйкес келуі қажет.
      Мемлекеттік бақылау және қадағалау құралдарының реформасы мыналарды қамтиды.
      Мемлекеттік органдардың бақылау қызметін одан әрі оңтайландыру мақсатында кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жоспарлы тексерулерді алып тастауды есепке ала отырып теңксерулерді тәуекел бағалау негізінде жүргізуге ауысу, мемлекеттік бақылау және қадағалауға жататың талаптарды қысқарту, бақылаудың өзге нысандарын және жоспардан тыс тексерулердің жүзеге асыру мәселелерін нақты регламенттеу, тәуекелдерді басқару жүйесін толық автоматтандыру, мемлекеттік органдардың бақылау функцияларының қайталануын болғызбау ұсынылады.
      Сондай-ақ бақылаудың баламалы нысандарын қолдану және қауіпсіздікті қамтамасыз ету (жауапкершілікті сақтандыру, дербес қаржылық кепілдіктер, қоғамдық бақылау) мәселелерін пысықтау қажет.
      Кейіннен өзін-өзі реттеуге бере отырып, бәсекелес ортада тиімді жүзеге асырылатын мемлекетке тән емес бақылау функцияларын анықтау талап етіледі.
      Заң талаптарын бұлжытпай сақтауды, мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау қызметін жоспарлаудың және объективті талдау жүргізудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін тәуекелдерді басқару жүйесін толық автоматтандыруды жүзеге асыру ұсынылады.
      Автоматтандыру қорытындылары бойынша кейіннен талдау және тиісті шешімдер қабылдау үшін мемлекеттік органдардың тексеру қызметі туралы дәйекті деректерді алуға мүмкіндік беретін деректер базасы қалыптастырылатын болады.
      Тәуекелдерді бағалау жүйесін автоматтандыру тексерулердіжоспарлау және олардың нәтижелері туралы деректерді жинау кезінде адамның барынша аз қатысуын қамтамасыз ететін болады. Автоматтандырудың қорытындылары бойынша реттеушілік ықпалға талдау жүргізу үшін пайдаланылатын мемлекеттік органдардың тексеру қызметі туралы дәйекті деректер базасы қалыптастырылатын болады. Осы бағыт бойынша тәуекелдерді бағалау жүйесін жоспарлау, тексерулерді жүргізу және тексерулерді аяқтау сатыларында автоматтандыру ұсынылады.
      Тексерулерді жоспарлау сатысындатексерулер жоспарына енгізу үшін субъектілерді іріктеу автоматтандырылған жүйеге енгізілетін тәуекелдерді бағалау өлшемдердің негізінде адамның қатысуынсыз жүзеге асырылатын болады. Тексерулер жүргізу сатысында автоматтандырылған режимде мыналар ұсынылады:
      1) электрондық құжат айналымы арқылы құқықтық статистика органдарында тексеруді тағайындау туралы актіні тіркеу;
      2) тексерулердің барлық кезеңдерін жазып белгілеу және тексерудің барлық мерзімдеріне (басталуы, уақытша тоқтатыла тұруы, ұзартылуы, аяқталуы) бақылауды жүзеге асыру;
      3) жүйеде тексерулердің нәтижелерін көрсету (оның ішінде анықталған бұзушылықтарды).
      Тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру нәтижесінде мемлекеттік органдар мыналарды қамтамасыз ететін болады:
      1) тәуекелдерді бағалау тұрақты жетілдіру үшін талдауды толық жүзеге асыру, бұл заңды орындайтын кәсіпкерлерге жүктемені азайтып, мемлекеттік бақылау және қадағалау тиімділігін арттырады;
      2) процесті әрбір тексерілетін субъекті бойынша тексеру жоспарланғаннан бастап оның аяқталуына дейін бақылау;
      3) тексерушілер тарапынан сыбайлас жемқорлықты болдырмауға ықпал ету;
      4) «қажетсіз» талаптарды анықтау;
      5) құжат айналымы рәсімін жеңілдету және жұмыс уақытын пайдалану тиімділігін арттыру;
      6) ведомстволық есептілік деректерінің дұрыстығы.
      Тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру нәтижесінде мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау қызметінің ашықтығы қамтамасыз етіледі.
      Әкімшілік санкциялардың құқық бұзушылықтардың сипатына және қауіптілігіне шамаластығы, шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жауапкершілігін неғұрлым нақты бөлу мәселелерін қайта қарау.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының  2015 – 2016 жылдарға арналған перспективалық жоспарына сәйкес «Өзін-өзі реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы әзірленіп, 2015 жылғы 12 қарашада қабылдануы қамтамасыз етілді.
      Сонымен бірге Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында кейбір салаларда өзін-өзі реттеу элементтері бар.
      Әдетте, өзін-өзі реттейтін ұйымдар субъектілерді кәсіби белгісі бойынша біріктіру жүзеге асырылатын салаларда құрылады.
      Бұл бағыт неғұрлым ұзақ мерзімді болып табылады және Тұжырымдаманың басқа бағыттарын іске асыру тиімділігіне тікелей байланысты болады.
      Қазақстанның заңнамасын жіті қайта қарау қажет екенін ескерген жөн. Ұзақ уақыт бойы ол лауазымды тұлғалардың өкілеттіктерін нақты регламенттеу және субъективті шешімдер қабылдау үшін мүмкіндіктерді шектеу бағытында жетілдірілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелеріне баса назар аударылды. Басқаша айтқанда мемлекеттік реттеудің теңдестірілген жүйесі құрылды, онда мемлекеттік қызметшілердің өкілеттіктері шектеуге ұшырады, шешімдер қабылдау рәсімдері ресмиленді, жауапкершілік күшейтілді, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қалыптастырылды. Толыққанды өзін-өзі реттеуді енгізу үшін өзін-өзі реттейтін ұйымдарға берілетін функцияларға қатысты да дәл осындай маңызды жұмыс атқару қажет.
      Өзін-өзі реттеу – бұл мемлекеттік реттеуге тікелей байланыстан тыс әзірленетін, заңды түрде қабылданатын және белгілі бір саланың өкілдері – кәсіпкерлік субъектілері орындайтын қағидалар кешені. Кең мағынада, өзін-өзі реттеумемлекет өзін-өзі реттеу режимін мақұлдайтыннемесе өзін-өзі реттеу және мемлекеттік реттеу бірге жүзеге асырылатын және бірін-бірі өзара толықтыратын бірлескен реттеудің түрлі нысандарын қамтитын реттеу ретінде қарастырылады. Өзін-өзі реттеу экономикалық операторлардың, әлеуметтік әріптестердің, үкіметтік емес ұйымдардың немесе бірлестіктердің елдің деңгейінде өзара және өздеріне ортақ қағидаларды (кәсіптік этика кодекстері немесе салалық келісімдер) қабылдау мүмкіндігіне негізделеді.
      Өзін-өзі реттеу салалары заңгерлердің, дәрігерлердің, бухгалтерлердің, аудиторлардың, жылжымайтын мүлік агенттерінің, сәулетшілердің кәсіптік қызметтері бола алады. Басқа да өзін-өзі реттеу салалары бар: экология саласында, жарнама аясында, интернет-қызметтерді жеткізушілер мен алкоголь сусындарының жарнамасы, баспасөз бұқаралық ақпарат құралдары, медицина қызметтерін жеткізушілер саласында.
      Өзін-өзі реттеу тетігі саланың мамандары басшылыққа алатын қағидаларды әзірлеу ғана емес, сондай-ақ талап-арыздарды қарау және жанжалдарды шешу тетіктерін қоса алғанда, сала мен тұтынушылар үшін қызмет көрсетуді көздейді.
      Заңнама талаптары мен өзін-өзі реттеу жүйесі арасындағы қатынастар мынадай әртүрлі нысанда болуы мүмкін:
      1) өзін-өзі реттеу мемлекет тарапынан реттеу болмағанда, қағидалар кешенін белгілеу нысанында жүзеге асырылуы мүмкін;
      2) өзін-өзі реттеу нормалары сала үшін неғұрлым жоғары стандарттарды белгілей отырып, заңнамамен қатар қолданылуы мүмкін;
      3) егер сала өзін-өзі реттеуді жүзеге асыру міндетін қабылдаған жағдайда, өзін-өзі реттеу қолданыстағы мемлекеттік нормаларды алмастыра алады және мемлекеттің нормалары қайта қаралады.
      Өзін-өзі реттеу жүйесі мынадай элементтерден тұрады:
      1) орындамағаны үшін санкциялар жүйесін қоса алғанда, белгілі бір саланың кәсіпкерлері бірлестігінің ар-намыс кодексі;
      2) кәсіпті таныстыру жүйесі, атап айтқанда оқыту және емтихандарға немесе біліктілік тестілеріне дайындау, емтихан материалдарын және біліктілік тестілерін дайындау және оларды басқару;
      3) мемлекеттік бақылау органы жүзеге асыратын бақылауға және қадағалауға қатысу, атап айтқанда бірлескен инспекциялармен, бақылау парақтарын дайындаумен, тәуекелдерді бағалаумен қатысу;
      4) заңнаманы өзгерту жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
      5) тұтынушылардың және өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің шағымдарын қарау, қақтығыстарды шешу, санкциялар шығару, статистика жүргізу;
      6) саладағы сапаны бақылау жөніндегі өзге қызмет.
      Өзін-өзі реттеудің артықшылықтарына оның ауыртпалық түсіретін мемлекеттік реттеуді ауыртпалығы аз нысанға ауыстыруы немесе мемлекеттік реттеудің жағымсыз аспектілерін жеңілдету мүмкіндігі жатады. Өзін-өзі реттеу нормалары икемді, нарық жағдайларына және құнға бейімделе алады. Саланы жетік білетін практик мамандар неғұрлым оңтайлы стандарттарды белгілеп, бұзушылықтарды тиімді анықтай алады.
      Мемлекет үшін артықшылықтар аз шығындарға және кадрларға қажеттілікке, шығындар мен жүктемені нарыққа қатысушыларға беруге және нарықта ынтымақтастық үшін ең жақсы жағдайлар жасауға байланысты.
      Өзін-өзі реттеу саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге және өзара іс-қимылды жақсартуға да ықпал етеді, келіспеушілікті ынтымақтастық пен серіктестікке негізделген қатынастармен алмастырады, талаптарды сақтау үшін саланың басқа кәсіпорындары тарапынан қысым көрсету әлеуетін пайдаланады.
      Екінші жағынан, кәсіптік және салалық ұйымдардың өзін-өзі реттеуі қоғамдық мүдделерді өз мүшелерінің мүдделерімен теңдестіруі, бәсекелестікке қарсылықтан құтылуы қажет.
      Реттеушілік функциялардың орындалуын талдау. Мемлекеттік органдардың реттеушілік функцияларды орындауын талдау мемлекеттік органдардың реттеуді қайта қарау кезінде статус-квоны сақтауға институционалдық қызығушылығын өтеу, реттеуші функцияларды орындауға, мемлекеттік органдардың штаттық кестесі мен басқару құрылымын оңтайландыруға бағытталатын мемлекеттік бюджет қаражатын азайту мақсатында жүргізіледі. Реттеушілік функциялардың орындалуын талдауды мемлекеттік органдар жанынан құрылған комиссиялар жүргізеді.
      Мұндай комиссиялардың құрамына консультативтік-кеңесші органның, реттеушілік функцияларды орындауға талдау жүргізілетін мемлекеттік органның, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері енгізілуге тиіс.
      Консультативтік-кеңесші органның өкілдері комиссиялардың төрағалары болып тағайындалады. Реттеушілік функциялардың орындалуына талдау жүргізу әдістемесін Консультативтік-кеңесші органның ұсынымдары негізінде кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және оны Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      Консультативтік-кеңесші орган комиссиялардың жұмысын ұйымдастыруды қамтамасыз ету үшін жауапты болады.
      Реттеушілік функциялардың орындалуын талдау нәтижелері бойынша есеп пен ұсынымдар дайындалады, оларды комиссияның төрағасы бекітеді. Бұл құжаттар, мемлекеттік органның ерекше пікірі сияқты, егер ол есеп пен комиссия ұсынымдарынан өзгеше болса, Үкіметтің басшылығына қарау үшін енгізіледі.
      Реттеушілік функциялардың орындалуын талдау рәсімі мыналарды қамтиды:
      1) мемлекеттік органның функцияларын және жауапкершілігін белгілейтін құжаттарды талдау;
      2) реттеудің қойылған мақсаттарына қол жеткізуге мән бере отырып, мемлекеттік орган жауапты болып табылатын реттеу саласын талдау;
      3) мемлекеттік органның реттеуді қайта қарау жөніндегі есебін талдау;
      4) заңнаманың талаптарын және тиісті реттеушілік ықпалды талдауды қайта қарау, реттеу құралдарын пайдалануды талдау;
      5) мемлекеттік органның штаттық кестесі мен құрылымын талдау, басқаруды және берілген реттеу функцияларын орындауды оңтайландыру мақсатында мемлекеттік органның қызметкерлері мен басшыларына сауалнама жүргізу;
      6) мемлекеттік органның басшылығымен консультациялар жүргізу;
      7) есеп пен ұсынымдар дайындау.
      Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің тиімділігін қадағалау.
      Кез келген мемлекеттік саясаттың қажетті құрамдас бөлігі оның орындалуына мониторинг жүргізу жүйесі болып табылады. Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу саясатында мемлекеттік органдардың рәсімдер мен талаптардың орындауын бақылау қажет. Мемлекеттік органдардың мерзімді есебіне талдау жүргізу, үкіметтік емес ұйымдармен диалог, тәуелсіз зерттеулер жүргізу, реттеу мақсаттарына қол жеткізу және реттеудің ықпалындағы бизнес шығындардың индикаторларын бақылау қажет.
      Интегралды мониторинг жүйесі құрылып, оны жүргізудің институционалдық мүмкіндігі қамтамасыз етілуі, реттейтін мемлекеттік органдардың және мониторинг пен қадағалауды жүргізетін құрылымдар арасындағы қатынастардың регламенттелуі, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік саясатты орындау кезінде жол берген бұзушылықтар үшін жауапкершілігі белгіленуі тиіс.
      Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу тиімділігін бақылаудың басты элементі консультативтік-кеңесші органның мерзімді есептері болып табылады, онда реттеу мақсаттарына қол жеткізу индикаторларының көрсеткіштері және стандартты шығындар үлгісін пайдалана отырып, бизнес пен бюджет шығындары жинақталады.
      Осындай қадағалаудың тағы бір элементі тәуелсіз ұйымдар жүргізетін мерзімді атаулы және жалпы зерттеулер болып табылады. Атаулы зерттеулер нақты реттеу, қызмет немесе сала аясы бойынша жүргізіледі. Жалпы зерттеулер реттеуші саясаттың барлық спектрі бойынша жүргізіледі. Кәсіпорындарды әлеуметтік сауалнама арқылы мемлекеттің реттеуші немесе инвестициялық климатының бағасын бағалау осындай зерттеулердің мысалы болып табылады. Мұндай зерттеулерде олардың мерзімді түрде жүргізілуі және көрсеткіштер серпінінің бақыланып отыруы маңызды.
      Консультативтік-кеңесші орган.
      Консультативтік-кеңесші органды Премьер-Министрдің бірінші орынбасары төрағалық ететін, жұмыс істейтін Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның базасында құру көзделеді, оның мүшелері мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының орынбасарлары деңгейіндегі мемлекеттік органдардың, ұлттық кәсіпкерлер қауымдастықтарының, тұтынушылардың, сондай-ақ басқа да мүдделі органдар мен ұйымдардың өкілдері болып табылады.
      Консультативтік-кеңесші органды ұйымдастырушылық қолдауды жұмыс органы жүзеге асырады, оның функцияларын тәуелсіз сарапшыларды, ведомстволық және тәуелсіз талдау ұйымдарының қызметкерлерін тарта отырып, кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган атқаратын болады. Консультативтік-кеңесші органның жұмыс органының басшысы кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган басшысының орынбасары болады.
      Консультативтік-кеңесші орган функцияларына:
      1) реттеуші талаптар мен құралдарды белгілейтін нормативтік құқықтық актілерді жоспарлаумен, әзірлеумен және қайта қараумен байланысты жұмыстарды әдістемелік қамтамасыз ету;
      2) жаңа талаптар мен құралдарды белгілейтін заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеу бөлігінде мемлекеттік органдардың жоспарларын келісу және қолданыстағы талаптар мен құралдарды қайта қарау;
      3) нормативтік құқықтық актілерді жобалау және қайта қарау рәсімдерін орындау жөнінде қорытындылар дайындау;
      4) нормативтік құқықтық актілерді жобалау және қайта қарау кезінде ілеспе құжаттарға алдын ала талдау жүргізу немесе толық талдау жүргізуді ұйымдастыру және тиісті қорытындылар дайындау;
      5) мемлекеттік органдардың мерзімді есептеріне талдау жасау және тиісті келісімдер мен қорытындылар дайындау;
      6) тиісті әдістемелер дайындау және кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу саясатының орындалуына мониторинг жүргізу;
      7) жұмыстарды әдістемелік қамтамасыз ету және кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу саясатын тиімді орындау үшін мемлекеттік органдардың ресурстары мен құрылымдарын оңтайландыру процесіне қатысу;
      Сонымен бірге, осы Тұжырымдама мынадай басым салаларда реформалар жүргізуге бағытталған:
      1. Техникалық реттеу. Қазақстандағы техникалық реттеудің әлемдік практикадан айырмашылығы бар.
      Қазақстанның құқық қолдану практикасын оған сәйкес келтіру мақсатында әлемдік тәжірибеге талдау жүргізу талап етіледі.
      Сонымен қатар, сілтеме нормалары көп арқылы заңнамалық талаптардың көпшілігі бір нормативтік құқықтық актіге – техникалық регламентке біріккен кезде техникалық реттеу қолшатыр сипатында болып табылады, бұл мемлекеттік органдар функцияларының, оның ішінде бақылау және қадағалау функцияларының қайталануына әкеп соғады.
      Бұл бағыттағы бірқатар шаралар Қазақстан Республикасында техникалық реттеу және сапа инфрақұрылымын құру жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламада көзделген.
      Рұқсат беру жүйесін одан әрі реформалаудың тұжырымдамасы аясында өнімге берілетін рұқсаттар анықталады. Кейіннен осындай рұқсаттардан бас тарту және өнімдерді тек техникалық реттеу құралдарымен ғана реттеу ұсынылады. Өз кезегінде техникалық реттеу бизнестің өзін-өзі реттеу тетіктерін айтарлықтай дәрежеде қолдануға мүмкіндік береді.
      Бәсекелес ортадағы техникалық реттеу саласында сараптамалық жұмыстар, ерікті стандарттарды жазу және басқалары жүзеге асырылуы мүмкін.
      Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылаудың қолданыстағы моделі бақылау объектісіне қатысты бақылауға бағдарланған және реттеудің басты қағидаттары: ескерту және қауіпті өнімді сатуға жол бермеу қағидаттарының іске асырылуын қамтамасыз етпейді.
      Жағдай түпкі тұтынушылардың әлсіз ақпараттандырылуына және сауаттылық деңгейінің төмендігіне байланысты одан әрі қиындай түсуде. Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдардың қызметі ресурстардың және заңмен бекітілген әсер ету құралдарының жетіспеушілігі салдарынан дамымаған.
      Өнімнің, процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұтынушыларды алдау практикасын болғызбау мақсатында техникалық реттеудің қолданыстағы жүйесін түзететін іс-шаралар қатарын жүргізу қажеттілігі туындап отыр.
      Тексеру проблемасын түбегейлі шешу үшін мемлекеттік бақылау органдары жұмысының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған шаралар кешенін енгізу талап етіледі.
      Еуропалық тәжірибеге сәйкес нарықтық қадағалауды енгізу ұсынылады, ол нарық қатысушыларының құқықтарын, міндеттерін нақты шектеу және жауапкершілігін қатаңдату негізінде түпкі өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына байланысты проблемаларды жүйелі шешуге мүмкіндік береді.
      Осы арқылы мемлекет нарыққа қауіпсіздікті бақылау функциясын бере алады, ол бұзылған жағдайда, келтірілген зиянды материалдық өтеуге дейін жауапкершіліктің қатаң шаралары қолданылады.
      Мемлекет деңгейінде қауіпті өнім туралы хабарлаудың ақпараттық жүйесін құру мәселесін қарау керек, бұл перспективада Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде қауіпті өнім туралы деректерді ЕО жүйесімен (RAPEX) уақтылы және жедел өзара алмасуды қамтамасыз ететін болады.
      Мұндай жүйе Кеден одағының бірыңғай техникалық регламенттерінде қойылған талаптарды орындауға тиімді мониторинг жүргізу жүйесін құруға мүмкіндік беретін болады.
      Екінші жағынан, өнім қауіпсіздігінің кепілдігі мен мемлекеттік бақылаудың баламасы нарық қатысушылары (сертификаттау органдарының, импорт алушылардың, тауар өндірушілердің және т.б.) тұтынушылар алдында өнім сапасы, өндірілген (сатылған) тауары немесе жұмыстары, көрсетілген қызметтері мен тигізген зияны үшін азаматтық жауапкершілігін сақтандыру болып табылады.
      Сақтандыру сақтанушының техникалық регламенттерге және стандарттау жөніндегі нормативтік техникалық құжаттарға сай келмейтін өнімді сатқаны үшін тұтынушылар алдында мүліктік жауапкершілігі пайда болған жағдайда іске асырылуы тиіс.
      Алайда, жауапкершілікті сақтандыру өнім қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді шарасы болғанымен, кәсіпкерлік субъектілеріне ауыртпашылықтың артуына әкелетіндігін ескеру қажет.
      Осыған орай, осы құралды енгізуге байыппен қарау қажет. Бұл мәселені экономикалық тиімділік пен кәсіпкерлер шығындарының арақатынасы көзқарасы тұрғысынан пысықтау қажет.
      Техникалық реттеу құралдары нарықты тек қана сапасыз өнімнен қорғап қана қоймай, халықаралық талаптарға жауап беретін қауіпсіздік және сапа талаптарын белгілеу жолымен отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеттерін де шешетіндіктен, стандарттау мәселелерін регламенттеу қажет. Бұл стандарттаудағы техникалық реттеу реформасын іске асыру кезінде пайда болған кемшіліктердің орнын толтыруға, теріс үрдістерді жоюға, мемлекеттің стратегиялық мүдделерін (технологиялық қайта қарулану, мемлекеттік тапсырысты орындау, қорғаныс қабілеті, қоршаған ортаны қорғау, халықты әлеуметтік қорғау) іске асыруға, инновациялық технологияларды ілгерілетуге және экономиканың энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін болады.
      Қазақстан Республикасында әлі күнге дейін міндетті сертификаттау басым, бірақ ерікті негізде сертификаттауды дамыту қажет. Ерікті сертификаттау «сапа» түсінігінің кеңеюімен байланысты міндеттіге қарағанда басымдыққа ие. Мұнда сатып алушы ең маңызды деп санайтын талаптар қаралуы мүмкін, ал міндетті сертификаттауда нормативтік белгіленген пайдалану параметрлерінің белгілі бір тізбесі бар.
      Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде ерікті сертификаттауды енгізу және кеңірек пайдалану бөлігінде бизнестің өзін-өзі реттеуін дамытуға бағытталған шаралар тобын қабылдау қажет.
      Осы шараларды іске асыру сәйкестікті міндетті бағалауға (растауға) жататын объектілер номенклатурасын қысқарту жолымен болмашы тәуекелдер бар салаларда бизнеске әкімшілік қысымды төмендетуге мүмкіндік беретін болады, бұл ретте сертификаттау құралын әлеуетті қауіпті өнімге шоғырландыру қажет.
      Сонымен бірге, қоғамдық мониторинг тетігін енгізу ұсынылады, онда мемлекеттің тауарлар сапасына қатысты бақылау қызметі біртіндеп тұтынушылардың шағымдарын және тәуелсіз сараптамаларды қарау тетіктерімен ауыстырылатын болады.
      2. Тұтынушылар құқықтарын қорғау. Бизнес жүргізу жағдайларын жақсартуға бағытталған кез келген реформалар тұтынушының құқықтары мен мүдделерінің тиісті деңгейде сақталу қажеттілігін ескере отырып, жүзеге асырылуы тиіс. Бұл ретте, тұтынушы ретінде субъектілердің мейілінше үлкен тобы түсініледі. Мемлекет мемлекеттік сатып алу кезінде бизнестің қызметтері мен тауарларының тұтынушысы болып табылады, кәсіпкерлер мемлекеттік қызметтерді пайдалану кезінде мемлекет қызметтерінің тұтынушысы болып табылады және тағы басқа.
      Қазақстанда 2010 жылдан бері «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданылып келеді, ол тұтынушылар құқықтарын қорғаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін, сондай-ақ тұтынушыларды қауіпсіз және сапалы тауарлармен (жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен) қамтамасыз ету бойынша шараларды айқындайды.
      «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұтынушылардың құқықтарын қорғауды барлық мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
      Бұл ретте, 2013 жылғы қарашаға дейін тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау агенттігі болып табылды, оның жұмысы формальды түрде болды, бұл заңнамалық құзыреттердің, сондай-ақ көп салалы сипаттағы тұтынушылар шағымдарына жауап беру шараларын қабылдау бойынша іс жүзіндегі құзыреттердің болмауына байланысты болатын.
      Нәтижесінде, осы салада кешенді шешуді талап ететін бірқатар проблемалар пайда болды.
      Қазіргі таңда, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы проблемаларға мыналар жатқызылады:
      1) мемлекеттік органдардың тұтынушылар шағымдары бойынша жеткіліксіз жұмысы. Тұтынушылардың құқықтарын қорғауды барлық мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде жүзеге асыратындығына қарамастан, осы функция іске асырылмайды. Мемлекеттік органдар тұтынушылардың шағымдарына ден қоюдан гөрі, жоспарлы тексерулер жүргізуге мүдделі;
      2) тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы проблемаларды анықтау және шешу бөлігінде орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жұмысына талдау жүргізілмеуі;
      3) қолданыстағы сот жүйесі тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы істерді тез және жедел қарауға мүмкіндік бермейді. Қазіргі таңда, дәлелдеу ауыртпалығы азаматтық құқықтық қатынастардың тең құқылы тарапы ретінде тұтынушыға жүктелген, бұл көп жағдайда тұтынушының өз құқықтары мен мүдделерін қорғау кезіндегі селқостыққа әкеледі. Бұл ретте, алдауға көбінесе егде адамдар, балалар, үй шаруасымен айналысатын әйелдер ұшырайды;
      4) тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктердің әлсіз жұмысы. Қазіргі таңда, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері бытыраңқы жұмыс істейді, олардың тұрақты қаржыландыру көздері, құзыреттері, білікті мамандары жоқ, сондай-ақ олардың қызметі үйлестірілмеген;
      5) өнім сапасы мен қауіпсіздігін зерттеу мен сараптауды қамтамасыз етудің ескірген материалдық-техникалық жүйесі (сараптамалық зертханалардың) немесе зерттеудің жеке түрлері бойынша оның болмауы;
      6) жалпыға қолжетімді ақпараттың болмауы салдарынан халықтың хабардар болу және тұтынушылық мәдениеті дәрежесінің төмендігі;
      7) Интернет желісіндегі жалған жарнама және сату, тапсырыс берілмеген қызметтерге қосымша төлем жасау, жаппай сату, ұтыс ойындар түріндегі тұтынушылар құқықтарын бұзу фактілерінің көптігі.
      Көрсетілген проблемаларды шешу үшін мыналар ұсынылады:
      1) тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган жұмысының негізгі екпіндерінің бірі ретінде өңірлік деңгейде тұтынушылар шағымдарын қарауды айқындау. Ол үшін барлық өңірлерде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның құрылымдық бөлімшелеріне тиісті өкілеттіктер беру қажет. Бұл адам өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтірудің нақты фактілері бойынша неғұрлым жедел және уақтылы ден қоюға мүмкіндік береді, сондай-ақ халықтың көрсетілген уәкілетті органның қызметіне сенімін арттырады.
      Сонымен бірге, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органға тұтынушылардың құқықтарын бұзудан туындайтын дауларды сотқа дейін реттеу құқығын беру мәселесін қарау ұсынылады. Осылайша, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган кәсіпкерлер мен құқықтары бұзылған тұтынушылар арасында бітімгершілік келісімдерді бекіте алған болар еді;
      2) тиісті рейтингті енгізе отырып, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды іске асыру бойынша қызметін бағалау;
      3) тұтынушының өз құқықтарын қорғау тетіктерін кеңейту. Мысалы, оның құқықтарының бұзылуын бейне және фотоға түсіру арқылы тіркеу құқығын беруге болады.
      Дамыған елдердің тәжірибесін тұтынушы мәртебесін және халықтың қауқарсыз тобы ретінде жеке нысаналы топтар (зейнеткерлер, балалар, үй шаруасындағы әйелдер) мәртебесін анықтау бөлігінде, оларға сот процесінде тиісті артықшылықтарды бере отырып, мұқият зерделеу қажет. Соның ішінде, сотқа шағымданбай, ымыралы шешімге келетін сотқа дейінгі келісімнің әлемдік тәжірибесін зерттеу қажет;
      4) Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыс істейтін қоғамдар жұмысының сапасын арттыру мақсатында оларға түрлі мемлекеттік қолдау шараларын көрсету мүмкіндігі бөлігінде әлемдік тәжірибені игеру және оларды Қазақстан жағдайына бейімдеу;
      5) ұлттық зерттеулер және өнім сапасы мен қауіпсіздігінің сараптамасы орталықтарының жұмысын дамыту және қолдау;
      6) арнайы тәуелсіз интернет-ресурс құру, онда тұтынушының компания, оның тауарлық маркалары, сондай-ақ ұсынылатын тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) туралы ақпаратты қарауға, шағым жасауға және тікелей компаниядан жауап алуға мүмкіндігі болады.
      Шағымдардан басқа, тұтынушылар тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы өз пікірін қалдырып, ерекше ілтипатын білдіре алатын болады, бұл тұтынушыларды сапаға бағдарлауға жағдай жасайды.
      Кәсіпкерлер үшін сайтқа ерікті түрде тіркелу ұсынылады, бұл компанияларға тұтынушылар шағымдарына, талаптарына, пікірлеріне жауап беруге мүмкіндік беретін болады. Тұтынушы мен кәсіпкердің мұндай диалогы өндірушілерге тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) сапасын арттыру мақсатында маркетингтік зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.
      Интернет-ресурста ерікті тіркелу кезінде кәсіпкер Сапалы тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) ұсыну туралы меморандумға қосылады;
      7) тұтынушылардың құқықтық сауаттылығы деңгейін арттыру үшін бұқаралық ақпарат құралдарында және қоғамдық орындарда (кинотеатрлар, телевизия, қоғамдық көлік) осы бағыттағы мемлекет саясатын және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның жұмысын кеңінен жариялау қажет;
      8) жалған жарнаманы (әсіресе интернет желісінде) анықтау және онымен күресу де тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның және жетекшілік ететін бағыттар бойынша барлық басқа да мемлекеттік органдар жұмысының басымдықтары болуға тиіс.
      Мұндай жұмыс нәтижесінде мультипликативтік әсерді алуға болады: сапалы отандық тауарды тұтынудың өсуі, сәйкес келмейтін өнімді анықтау, зертханалық тәртіпті арттыру және мемлекеттің тұтынушылармен кері байланысы.

Ақпараттық құралдар реформасының тәсілдері.

      Ескерту. 2-бөлім кіші бөліммен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 07.11.2016 № 672 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Мемлекеттік реттеушілік саясат шеңберінде ақпараттық құралдармен жұмыстың мақсаты кәсіпкерлік субъектілерінің ақпараттық міндеттемелерімен байланысты шығасыларды қысқарту, ақпаратты жинау мен өңдеуді оңтайландыру, мемлекеттік билік органдарының үздік ақпараттандырылуы болып табылады. Ол үшін осы жұмыстың мынадай басым бағыттарын айқындау ұсынылады:
      1) ақпараттық құралдарды пайдалануда тәртіп орнату және қайталануды болдырмау үшін олардың айқын функционалдық сыныптамасын жүргізу;
      2) ақпараттық құралдарды пайдалану жүйесін әзірлеу, олардың тиімді жұмыс істеуі мен мақсаттарға қол жеткізу шекарасын айқындау;
      3) кәсіпкерлік субъектілерінің орындауы үшін қажетті ақпараттық талаптар мен ақпараттық құралдардың шығасыларын қысқарту және оңтайландыру;
      4) ақпараттық талаптарды орындауға байланысты бизнестің әкімшілік шығасыларын бағалау.
      Ақпараттық құралдарды реформалау қажетті институционалдық және әдіснамалық базаны құруды болжайды.
      Барлық ақпараттық құралдарды толық қамту, сыныптау және олардың тізбесін сапалы қалыптастыру үшін консультативтік-кеңесші органның жанында мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінен сарапшылық топ құрылады.
      Мемлекеттік органдар ақпараттық міндеттемелерге түгендеу жүргізеді, ол үшін осы құралдың тобын, ұсынылатын ақпараттың пайдаланылуын, индикативтік шығасыларды айқындау арқылы ақпараттық құралды орындау кезеңдері бойынша әрбір ақпараттық құралды (талапты) талдау жүзеге асырылады.
      Мемлекеттік органдар ақпараттық міндеттемелердің мынадай элементтерін (кезеңдерін) орындауға жұмсалатын жұмыс уақытының мыналар сияқты индикаторлық мәнін анықтауы керек:
      1) нұсқаулықтарды зерделеу;
      2) технологиялар мен жүйелерді сатып алу, орнату және пайдалану;
      3) дереккөздерді іздеу;
      4) ақпарат толтыру және оны жинауды қайта қарау;
      5) ақпарат беру.
      Түгендеу қорытындысын сарапшылық топ қарайды және талқылаудың қорытындысы бойынша қойылған мақсаттарға қол жеткізу тиімділігіне қарай әрбір ақпараттық құралды жою немесе қайта қарау туралы шешім қабылданады.
      Түгендеу қорытындысы бойынша оларды функционалдық белгісі бойынша сыныптау ұсынылады.
      Ол үшін мынадай топтарға бөлуді пайдалану ұсынылады:
      1) үшінші тұлғалар алдында заңнама талаптарының орындалуы. Мысалы, таңбалау, декларациялау, міндетті нұсқаулықтар, қызмет көрсету қағидалары, тұтынушыларға міндетті түрде берілуі тиіс өзге де ақпарат, банкроттық рәсімдер шеңберіндегі, меншік құрылымының өзгеруі туралы ақпарат, үшінші тұлғаларға міндетті түрде берілуі тиіс жеке кәсіпкерлік субъектілері туралы өзге де ақпарат;
      2) мемлекеттік билік органдарына тұрақты берілетін міндетті есептілік (салықтық, статистикалық және қаржылық мерзімді есептілікті қоспағанда);
      3) мемлекеттік органдарға бір реттік ақпарат беру (тіркеу, рұқсат беру рәсімдері немесе мемлекеттік органдарға өзге де өтініш білдіру шеңберінде мемлекеттік органдарға ұсынылатын нысандар, үзінділер, декларациялар, хабарламалар, жеке кәсіпкерлік субъектілері толтыратын өзге де құжаттар).
      Аталған санатқа тізбесі «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қосымшада бекітілген кәсіпкерлік қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламалар да жатады.
      Ақпараттық құралдардың қорытынды тізбесі консультативтік-кеңесші органның қарауына шығарылады.
      Ақпараттық құралдарды пайдалануды нақты талаптарға немесе ақпараттық міндеттемелерге егжей-тегжейлі талдау жүргізу кезінде одан әрі оңтайландыруға болады. Осындай талдаудың басты өлшемшарты ұсынылатын ақпаратты оның реципиентінің (әдетте, мемлекеттік орган) пайдалануы болып табылады. Кейде жеке кәсіпкерлік субъектілері мүлдем қолданылмайтын немесе оны пайдаланудың пайдалылығы шектеулі болып табылатын ақпаратты ұсынады. Ақпараттың осындай типтерінен тұратын ақпараттық талаптар бірінші кезекте қайта қаралуға тиіс.
      Көптеген елдерде, оның ішінде Қазақстанда да бизнес субъектілерінің интеграцияланған дерекқорлары құрылған немесе құрылуда. Осындай дерекқорларды пайдалану жеке кәсіпкерлік субъектілерінен талап етілетін ақпарат санын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді, өйткені тұрақты және тарихи ақпараттың бірқатары осы дерекқорларда бар болады және осы базаларды түрлі мемлекеттік органдардың талаптарымен интеграциялау жеке кәсіпкерлік субъектілерінің талаптарды ұсынуының қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді.
      Бұл жағдай ақпараттық құралдарға түгендеу жүргізу және оларды одан әрі оңтайландыру кезінде ескерілуге тиіс.
      Ақпараттық құралдарды оңтайландыру бойынша жоғарыда баяндалған қадамдар толық енгізілген жағдайда жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін ақпараттық талаптардың санын қысқартуға әкеледі.
      Келесі қадам шығасыларды қысқарту тұрғысынан ақпараттық міндеттемелерді қайта қарау болып табылады.
      Халықаралық тәжірибе мен Қазақстан тәжірибесі мемлекеттің саяси басшылығы осындай қысқартудың белгілі бір сандық мақсаттарын қойған жағдайларда осындай қысқарту мүмкін әрі нәтижелі болатынын көрсетіп отыр.
      Мысалы, қалған ақпараттық құралдарды сандық қысқартудан және оларға түгендеу жүргізілгеннен кейін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің уақыт шығасыларын және тиісінше қаржылық шығындарын қысқарту мақсатын айқындауға болады.

Тұжырымдаманы іске асыру болжанатын нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      Ескерту. Тізбе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.11.2016 № 672 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Тұжырымдаманы мынадай нормативтік құқықтық актілер арқылы іске асыру болжанады:
      1. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексі.
      2. 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі.
      3. «Қоғамдық бірлестіктер туралы» 1996 жылғы 31 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы.
      4. «Әкімшілік рәсімдер туралы» 2000 жылғы 27 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы.
      5. «Техникалық реттеу туралы» 2004 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы.
      6. «Өзін-өзі реттеу туралы» 2015 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы
      7. «Құқықтық актілер туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы.