Азаматтарды әскери қызметке даярлау, бастапқы әскери даярлықты ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ оның оқу-материалдық базасын қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 11 ақпандағы № 118 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 тамыздағы № 671 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 28.08.2015 № 671 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Азаматтарды әскери қызметке даярлау, бастапқы әскери даярлықты ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ оның оқу-материалдық базасын қалыптастыру қағидалары бекітілсін.
      2. «Мемлекеттік органдардың азаматтарды әскери қызметке даярлауды ұйымдастыру және қамтамасыз ету ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 24 мамырдағы № 449 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 18, 182-құжат) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің         
2013 жылғы 11 ақпандағы    
№ 118 қаулысымен      
бекітілген         

Азаматтарды әскери қызметке даярлау, бастапқы әскери даярлықты ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ оның оқу-материалдық базасын қалыптастыру қағидалары

1. Негізгі ережелер

      1. Осы Азаматтарды әскери қызметке даярлау, бастапқы әскери даярлықты ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ оның оқу-материалдық базасын қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді.
      2. Осы Қағидалар азаматтарды әскери қызметке даярлауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

2. Азаматтарды әскери қызметке даярлау

      3. Азаматтарды әскери қызметке даярлау:
      1) бастапқы әскери даярлықты;
      2) қосымша білім беру бағдарламалары бойынша әскери даярлықты;
      3) әскери-техникалық және басқа да мамандықтар бойынша даярлықты;
      4) запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықты қамтиды.
      4. Азаматтарды әскери қызметке даярлауды ұйымдастыруға және оны жүргізуге бақылауды Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі жүзеге асырады.

3. Бастапқы әскери даярлық

1. Жалпы ережелер

      5. Бастапқы әскери даярлықты қорғаныс, денсаулық сақтау, төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органмен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, білім беру саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады және тиесілігіне және меншік нысанына қарамастан, білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
      Бастапқы әскери даярлық:
      1) Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелерін, мемлекеттің қорғаныс негіздерін зерделеу;
      2) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тағайындалуын, олардың сипаты мен ерекшеліктерін, Қазақстан Республикасы азаматтарының қастерлі міндеті ретінде әскери қызметтің мәнін, әскери анттың, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері жарғыларының негізгі талаптарын түсіндіру;
      3) әскери бөлімдердің қару-жарағымен және әскери техникасымен, жеке құрамның орналасуымен және тұрмысымен таныстыру;
      4) қажетті әскери білім мен практикалық дағдыларды алу, төтенше жағдайларда адамның тіршілік әрекеті қауіпсіздігінің негіздерін меңгеру мақсатында жүргізіледі.
      6. Әскерге шақыру жасына дейінгі және әскерге шақыру жасындағы адамдарды бастапқы әскери даярлауды бағыныстылығына және меншік нысанына қарамастан, жалпы орта білімнің жалпы білім беру оқу бағдарламаларын және техникалық және кәсіптік (арнаулыдан басқа), орта білімнен кейінгі білімнің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының (бұдан әрі - білім беру ұйымдары) 10 және 11-сыныптарында, бірінші-екінші оқу курстарында бастапқы әскери даярлықтың штаттық ұйымдастырушы оқытушылары жүргізеді. Бастапқы әскери даярлық курсы аяқталғаннан кейін оқитындармен оқу-жаттығу-далалық (лагерьлік) жиындар өткізіледі.
      Білім беру ұйымдарында бастапқы әскери даярлықтан өтпеген жасөспірімдер оны әскерге шақыру алдында оқу-жаттығу пункттерінде өтеді.
      Оқу-жаттығу пункттеріндегі сабақтарды оқу-жаттығу пункттерінің штаттан тыс бастықтары, олардың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары және жергілікті әскери басқару органдары тартатын немесе ұйымдарда жұмыс істейтін запастағы офицерлер, сержанттар (старшиналар) қатарынан бастапқы әскери даярлық нұсқаушылары ұйымдастырады және өткізеді.

2. Бастапқы әскери даярлыққа бақылауды ұйымдастыру, жүргізу және жүзеге асыру, сондай-ақ оқу-материалдық базаны қалыптастыру тәртібі

      7. Бастапқы әскери даярлықты жүргізуді және бақылауды ұйымдастыру кезінде қорғаныс саласындағы уәкілетті орган:
      1) білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша жергілікті әскери басқару және білім беру органдарының жастарды бастапқы әскери даярлауды ұйымдастыру және патриоттық тәрбиелеуді қамтамасыз ету жөніндегі қызметін тексеруді жоспарлайды;
      2) білім беру ұйымдарында бастапқы әскери даярлықты ұйымдастыруға жәрдем көрсетеді.
      8. Білім беру саласындағы уәкілетті орган:
      1) оқитындарды бастапқы әскери даярлауды және патриоттық тәрбиелеуді үйлестіруді жүзеге асырады;
      2) оқитындарды бастапқы әскери даярлауды және патриоттық тәрбиелеуді жүргізуді қамтамасыз етеді;
      3) бастапқы әскери даярлық бойынша оқу бағдарламаларын әзірлеуге, оқулықтарды және оқу-әдістемелік кешендерді, аудио-бейне фильмдерді шығаруға жәрдемдеседі;
      4) оқитындарды бастапқы әскери даярлауды жүргізудің және патриоттық тәрбиелеудің оң тәжірибесін зерделейді, жинақтайды және таратады.
      9. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган:
      1) медициналық-санитариялық даярлық бойынша оқытуға басшылық жасауды жүзеге асырады және ведомстволық бағынысты органдар арқылы медициналық-санитариялық даярлық бойынша оқытушыларды іріктеуді және даярлауды қамтамасыз етеді;
      2) төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның білім беру ұйымдарында оқитындарды медициналық-санитариялық даярлық бойынша бағдарламаларды және білім беру ұйымдарын мүлікпен жабдықтау табельдерін әзірлеуге қатысады;
      3) оқитындармен практикалық сабақтар өткізу үшін емдеу мекемелерін білім беру ұйымдарына бекітіп береді және олардың даярлығына бақылауды жүзеге асырады.
      10. Төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті орган:
      1) адамның тіршілік әрекетінің қауіпсіздігі негіздерін оқыту бойынша басшылық жасауды жүзеге асырады;
      2) білім беру және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп, «Тіршілік әрекеті қауіпсіздігінің негіздері» курсы бойынша бағдарлама бөлімін, сондай-ақ білім беру ұйымдарын азаматтық қорғаныс мүлкімен жабдықтау табелін әзірлейді.
      11. Жергілікті әскери басқару органдары облыстардың, қалалар мен аудандардың аумақтарында:
      1) бастапқы әскери даярлық бойынша есептілікті жүргізеді;
      2) білім беру және денсаулық сақтау саласындағы аумақтық органдармен бірлесіп, бір жыл үшін бастапқы әскери даярлықты жүргізу қорытындылары бойынша жергілікті атқарушы органдар шешімдерінің жобаларын және жаңа оқу жылына арналған негізгі іс-шаралар жоспарларын әзірлейді;
      3) бастапқы әскери даярлықты ұйымдастырушы оқытушылармен үш күндік оқу-әдістемелік жиындарын және бір күндік әдістемелік сабақтарды, білім беру органдарымен келісу бойынша білім беру ұйымдарында бастапқы әскери даярлықтың жай-күйін зерделеуді ұйымдастырады және жүргізеді;
      4) білім беру және денсаулық сақтау саласындағы аумақтық органдармен бірлесіп, оқу-жаттығу-далалық (лагерьлік) жиындарды жоспарлайды және ұйымдастырады;
      5) патриоттық тақырыптағы ғылыми-танымдық, хроникалық деректі кино, бейнефильмдерді көрсетуді, ұйымдастырады;
      6) қорғаныс саласындағы уәкілетті органдарды және жергілікті атқарушы органдарды білім беру ұйымдарындағы бастапқы әскери даярлықтың және патриоттық тәрбиелеудің жай-күйі туралы хабардар етеді
      7) бастапқы әскери даярлықты ұйымдастырушы оқытушылардың лауазымдарына кандидаттарды іріктеуді келіседі;
      8) бастапқы әскери даярлықтың толық курсын аяқтаған әскерге шақырылушылардың тіркеу куәліктеріне тиісті жазбаларды енгізеді.
      12. Гарнизондардың бастықтары жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп, әскери бөлімдерге, әскери оқу орындарына және жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедраларға бастапқы әскери даярлықты, жастармен патриоттық және тәрбие жұмысын ұйымдастыруда және жүргізуде көмек көрсету үшін білім беру ұйымдарын, оқу-жаттығу пункттерін бекітіп береді.
      13. Әскери бөлімдердің (мекемелердің) командирлері, әскери оқу орындарының, жоғары оқу орындары әскери кафедраларының бастықтары:
      1) білім беру ұйымдары мен оқу-жаттығу пункттеріне бастапқы әскери даярлық және жастарды патриоттық тәрбиелеу бойынша ұдайы қамқорлық көмек көрсетеді;
      2) жауынгерлік даярлық үздіктерінің жастармен кездесуін ұйымдастырады, оларды жеке құрамның тұрмысымен, бөлімшелердің қару-жарағымен және әскери техникасымен таныстырады;
      3) қамқорлық көмек ретінде сабақтарды өткізу үшін офицерлерді, сержанттарды (старшиналарды) бөледі;
      4) білім беру ұйымдарының бастапқы әскери даярлықты ұйымдастырушы оқытушыларымен, ұйымдардың оқу-жаттығу пункттерінің штаттан тыс бастықтарымен практикалық, нұсқау беру-әдістемелік және көрсету сабақтарын өткізуде және жастарды патриоттық тәрбиелеуде жергілікті әскери басқару органдарына, білім беру саласындағы аумақтық органдарға көмек көрсетеді.
      14. Білім беру ұйымдарының басшылары:
      1) жастардың бастапқы әскери даярлығын және патриоттық тәрбиелеуді ұйымдастыруға және оның жай-күйіне жауап береді;
      2) жергілікті әскери басқару органдарының ұсынымы бойынша бастапқы әскери даярлықты ұйымдастырушы оқытушылар лауазымдарына кандидаттарды іріктеуді жүзеге асырады;
      3) оқу үдерісін уақтылы жоспарлауды және ұйымдастыруды, бастапқы әскери даярлық бағдарламасын толық және сапалы орындауды қамтамасыз етеді;
      4) бастапқы әскери даярлықтың практикалық сабақтарын пысықтау үшін үй-жайлар, алаңдар мен орындар бөледі, осы Қағидалардың және бастапқы әскери даярлық бағдарламасының талаптарына сәйкес оқу-материалдық базаны ұдайы жетілдіруге шаралар қабылдайды;
      5) үлгерімі үшін оқитындардың жеке жауапкершілігін арттыру жөнінде жұмыс жүргізеді;
      6) ұйымдастырушы оқытушыға оқу-әдістемелік көмек көрсетеді, бастапқы әскери даярлықтың басқа пәндермен сабақтастығын, үйірме жұмыстарын (факультативті) ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді;
      7) ұйымдастырушы оқытушының бастапқы әскери даярлық бойынша сабақтарды өткізуін, жастардың өткен материалды меңгеру сапасын бақылайды, оқу жылы ішінде кемінде бір рет бастапқы әскери даярлықтың және жастармен патриоттық жұмыстың жай-күйін талқылайды;
      8) бастапқы әскери даярлық бойынша оқытудың басталғаны және аяқталғаны, взводтар мен бөлімшелер командирлерін тағайындау туралы бұйрықтар шығарады;
      9) бағыныстылығы бойынша жергілікті әскери басқару органдарына бастапқы әскери даярлық және жастармен патриоттық жұмыстың жай-күйі туралы есеп берулерді ұсынады.
      15. Бастапқы әскери даярлықты ұйымдастырушы оқытушы:
      1) білім беру ұйымының басшысына бағынады және оқитындардың бастапқы әскери даярлығына, сабақтарды өткізу кезінде белгіленген қағидалар мен қауіпсіздік шараларының қатаң сақталуына жауап береді;
      2) оқыту уақытында бастапқы әскери даярлық бойынша сабақтарды ұйымдастырады және өткізеді және факультативті түрде (сабақтан тыс уақытта) әскери іс негіздерін зерделеу жөніндегі үйірмелерге басшылық жасайды;
      3) өзінің кәсіби және педагогикалық білімін жүйелі түрде арттырады, әдістемелік дағдыларын жетілдіреді;
      4) білім беру ұйымының педагогикалық ұжымымен бірлесіп, оқитындарды патриоттық тәрбиелеу жөніндегі жұмысты жүргізеді;
      5) әскерге шақыру жасына дейінгілерді әскери есепке қою бойынша алдын ала жұмысты ұйымдастырады;
      6) жергілікті әскери басқару органдарына әскери оқу орындарына түсу үшін жасөспірімдерді іріктеу бойынша көмек көрсетеді.
      Білім беру ұйымының бастапқы әскери даярлықты ұйымдастырушы оқытушысы балалармен сыныптан тыс және мектептен тыс тәрбие жұмысын ұйымдастырушымен (директордың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарымен), дене шынықтыру мұғалімімен (дене тәрбиесінің жетекшісімен) және сынып жетекшілерімен (өндірістік оқыту шеберлерімен), педагогикалық ұжыммен байланыста жұмыс істейді.
      Бастапқы әскери даярлықты ұйымдастырушы оқытушының жұмысы сабақ кестесімен, сабақтан тыс уақытта өткізілетін іс-шаралар жоспарымен және білім беру ұйымының басшысы бекіткен оның жеке жоспарымен регламенттеледі.
      Функционалдық міндеттерімен көзделмеген және жоспармен бекітілген бастапқы әскери даярлықты ұйымдастырушы оқытушының, жұмысы әрбір жекелеген жағдайда білім беру ұйымының басшысымен келісу бойынша орындалады.
      Ұйымдастырушы оқытушылар басқа мұғалімдер мен оқытушылар сияқты білім беру ұйымы бойынша кезекшілікке тартылуы мүмкін.
      Бастапқы әскери даярлықты ұйымдастырушы оқытушы:
      1) бастапқы әскери даярлықтың және «Тіршілік әрекеті қауіпсіздігінің негіздері» курсының ерекшелігін ескере отырып, оқыту және тәрбиелеу мәселелері жөніндегі нормативтік-құқықтық актілерді;
      2) педагогика, психология негіздерін;
      3) оқитындардың өмірі мен денсаулығын сақтау қағидаларын;
      4) еңбек заңнамасының негіздерін;
      5) еңбекті қорғау қағидаларын;
      6) сақтандыру жүйесінің ұйымдық құрылымдарын және төтенше жағдайлардағы іс-қимылдарды;
      7) табиғи және экологиялық зілзала, ірі өндірістік авариялар, апаттар кезінде халықты қорғаудың, сондай-ақ қазіргі заманғы зақымдау құралдарынан қорғаудың негізгі қағидаттары мен әдістерін;
      8) алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін білуі тиіс.
      16. Оқу-жаттығу пунктінің бастығы оқу-жаттығу пунктінде оқитын жасөспірімдермен бастапқы әскери даярлық бойынша сабақтарды және тәрбие жұмысын өткізу сапасына, оқу аспаптары мен мүліктің сақталуына, бастапқы әскери даярлық бойынша оқу процесін жоспарлауға және ұйымдастыруға, бастапқы әскери даярлық нұсқаушыларымен нұсқау беру-әдістемелік сабақтарын өткізуге, сабақтарды өткізу сапасына және жасөспірімдердің үлгеріміне бақылауды жүзеге асыруға, ұйымдар басшыларына жасөспірімдердің тәртібі, үлгерімі және олардың сабақтарға қатысуы туралы баяндауға жауап береді.

3. Бастапқы әскери даярлық бойынша сабақтарды ұйымдастыру және өткізу

      17. Бастапқы әскери даярлық жалпы орта білімнің жалпы білім беру оқу бағдарламаларын және техникалық және кәсіптік (арнаулыдан басқа), орта білімнен кейінгі білімнің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жүргізіледі.
      Оқитындарды бастапқы әскери даярлауға мектептерде, колледждер мен кәсіптік лицейлерде - 136 сағат, ал бастапқы әскери даярлықтан өтпеген және оны оқу-жаттығу пункттерінде өтетін әскерге шақырылатын жасөспірімдерге - 60 оқу сағаты бөлінеді.
      Бастапқы әскери даярлық бағдарламасы бойынша сабақтар апта сайын 2 сағаттан артық емес өткізіледі.
      Оқу-жаттығу-далалық (лагерьлік) жиындарды жергілікті атқарушы органдар бастапқы әскери даярлықтың теориялық курсы аяқталғаннан кейін жергілікті әскери басқару және төтенше жағдайлар органдарымен бірлесіп, білім беру саласындағы аумақтық органдардың басшылық жасауымен көктемгі кезеңде жасөспірімдермен оқу сабағын ұйымдастырады және өткізеді.
      Оқу-жаттығу-далалық (лагерьлік) жиындар қажетті оқу-материалдық базасы бар білім беру ұйымдары базасында өткізіледі.
      18. Қыздармен білім беру ұйымдарында бастапқы әскери даярлық бағдарламасы бойынша сабақтар ұлдармен бірге, «Медициналық білім негіздері» бөлімі бойынша - бөлек өткізіледі. «Әскери іс негіздері» бөлімі бойынша практикалық сабақтарға қыздар тартылмайды.
      19. Білім беру ұйымында барлық оқу жылына арналған апталық бастапқы әскери даярлықтан ету жоспары әзірленеді.
      Бастапқы әскери даярлық бойынша сабақтар жалпы сабақ кестесіне енгізіледі және сыныптар мен оқу топтары бойынша өткізіледі. Сыныптар мен оқу топтары взводтар деп аталады және үш бөлімшеге бөлінеді. Білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен оқитындар қатарынан взводтар мен бөлімшелер командирлері тағайындалады.
      20 Білім беру ұйымдарында және оқу-жаттығу пунктінде маңызды саяси оқиғаларды және Қазақстан халқының, соғыстар батырлары мен ардагерлерінің жетістіктерін көрсететін патриоттық тақырыпты және өзекті материалдарды қамтитын көрнекі үгіт-насихат құралы ресімделеді.
      21 Оқу-жаттығу пункттерінде бастапқы әскери даярлыққа 60 сағат, оның ішінде 20 сағат дене дайындығына бөлінеді.
      Сабақтар аптасына 6-7 сағаттан өткізіледі. Оқу-жаттығу пунктінде апталық бастапқы әскери даярлықтан өту жоспарлары мен сабақ кестесі әзірленеді және оны ұйым басшысы бекітеді.
      22. Оқу-жаттығу пунктінде бастапқы әскери даярлықты қамтамасыз ету үшін оқу топтарының құрамы, сабақтарды ұйымдастыру, өткізу және материалдық-техникалық қамтамасыз ету тәртібі айқындалатын ұйым басшысының бұйрығы шығарылады.
      Оқу-жаттығу топтары оларды әскерге шақыру бойынша әскери қызметке шақыру мерзімдерін ескере отырып, 20-25 жасөспірімнен жасақталады.
      23. Оқу-жаттығу пункттерінде бағдарламаны зерделегеннен кейін қорытынды баға қоюмен сынақтар қабылданады.
      Сынақтарды қабылдау үшін аудан, қала әкімінің шешімімен құрамында жергілікті әскери басқару органдарының, жергілікті атқарушы органдардың ішкі саясат басқармасының өкілдері бар комиссия құрылады.
      Оқу-жаттығу пункттерінде оқытудан өткен жасөспірімдерге бастапқы әскери даярлықтан өткені туралы анықтама беріледі.
      24. Білім беру ұйымдарында және оқу-жаттығу пункттерінде бастапқы әскери даярлықтың толық курсын бітірген жасөспірімдердің тізімдері қорытынды бағаларымен жасөспірімдердің тіркелген жері бойынша жергілікті әскери басқару органына жолданады.
      25. Бастапқы әскери даярлық бойынша оқитындардың білімі басқа пәндер сияқты бес балдық жүйе бойынша бағаланады.
      Бастапқы әскери даярлық бойынша оқитындар алған жылдық (курстық) бағалар негізінде қорытынды баға (денсаулық жағдайы бойынша бастапқы әскери даярлықтан босатылған адамдарды қоспағанда) орта білімі туралы аттестатқа, колледжді немесе кәсіптік лицейді бітіргені туралы дипломға, дипломға семестрлік және емтихан ведомостарынан үзіндіге қойылады.
      26. Уәкілетті білім беру органы уәкілетті қорғаныс органымен бірлесіп, бастапқы әскери даярлық және оқитындардың материалды меңгеру сапасы мәселелері бойынша білім беру ұйымының жұмысын тексереді және бағалайды.
      27. Білім беру ұйымдарындағы бастапқы әскери даярлықтың, сондай-ақ оқу-жаттығу-далалық (лагерьлік) жиындарды ұйымдастыру және өткізу жай-күйін тексеру нәтижелері бойынша жалпы орта білімнің жалпы білім беру оқу бағдарламаларын және техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білімнің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру мекемесінің жетекшісі акт жасайды және тексеруші комиссия мүшелерінің қатысуымен оқу-жаттығу-далалық (лагерьлік) жиындарды ұйымдастыру мен өткізу бойынша талдау жүргізеді.
      28. Тексеру нәтижелері туралы білім беру саласындағы аумақтық органдар орындардағы жергілікті атқарушы органдарды хабардар етеді.

4. Білім беру ұйымдарының бастапқы әскери даярлықты ұйымдастырушы оқытушыларын және ұйымдардың оқу-жаттығу пункттерінің әкімшілігін іріктеу, тағайындау және даярлау

      29. Ұйымдастырушы оқытушылар лауазымдарына тағайындауды және оларды осы лауазымдардан босатуды жергілікті әскери басқару органдарымен және жоғары тұрған білім беру ұйымдарымен келісу бойынша білім беру ұйымдарының басшылары жүзеге асырады.
      30. Бастапқы әскери даярлықты ұйымдастырушы оқытушыларды лауазымға тағайындау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығымен бекітілген педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
      Бастапқы әскери даярлықты ұйымдастырушы оқытушылардың лауазымдарын запастағы офицерлермен жасақтау мүмкін болмаған кезде бастапқы әскери даярлықты ұйымдастырушы оқытушылар етіп жоғары білімі бар, мотоатқыштар, барлау, танк және оқу-жаттығу бөлімшелерінде сарбаздар мен сержанттар лауазымдарында әскери қызмет өткерген жақсы даярланған және тәжірибелі запастағы сержанттар (старшиналар) мен сарбаздарды (матростарды) тағайындауға рұқсат етіледі. Білім беру ұйымдары осы санаттағы бастапқы әскери даярлықты ұйымдастырушы оқытушыларды біліктілікті арттыру курстарына жібереді.

4. Білім беру ұйымдарында қосымша білім беру бағдарламалары бойынша әскери даярлық

1. Әскери даярлықтан өту

      31. Қосымша білім беру бағдарламалары бар білім беру ұйымдары республикалық әскери мектеп-интернаттар (лицейлер) және өзге де жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі бағдарламаларды іске асыратын білім беру ұйымдары болып табылады.
      Әскери даярлықты іске асыратын білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде айқындалады.
      32. Әскери даярлық оқытудың бір түрі болып табылады және жеке оқу пәні ретінде оқу жоспарларына енгізіледі.
      33. Әскери даярлыққа денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды тәрбиеленушілер тартылады.
      Тәрбиеленушілердің, әскери қызметке жарамдылығы заңнамаға сәйкес әскери даярлық басталар алдында, сондай-ақ оқу-жаттығу жиындары басталар алдында (тек денсаулығына шағымданғандар үшін) айқындалады.
      34. Әскери даярлыққа басшылық жасауды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі жүзеге асырады.
      35. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне:
      1) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, әскери даярлық бағдарламаларын, әскери даярлықты қамтамасыз ету үшін қажетті қару-жарақтың, әскери техниканың, әскери оқу-жаттығу және басқа да мүліктің табельдерін әзірлеу және бекіту;
      2) тәрбиеленушілердің оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру және өткізу, әскери даярлық үшін қажетті оқу материалдық-техникалық базаны құру;
      3) әскери даярлыққа, оқу, тәрбиелік және әдістемелік жұмысқа, әскери даярлық оқытушыларының біліктілігін арттыруға басшылық жасау;
      4) Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің әскери оқу орындарында оқыту үшін тәрбиеленушілерді іріктеу;
      5) оқушыларды ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарына қабылдау;
      6) әскери даярлықты және дене дайындығын, патриоттық тәрбиелеуді ұйымдастыру мен жүргізу сапасын тексеру;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жүктеледі.
      36. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне:
      1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен келісу бойынша ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарының штат кестесін қарау және бекіту;
      2) ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарын дамыту бағдарламасын бекіту;
      3) жалпы білім беру даярлығына, оқу-тәрбиелік және әдістемелік жұмысқа басшылық жасау;
      4) өз құзыреті шегінде оқу-тәрбие процесі мазмұнының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес келуіне кезең-кезеңімен бақылауды ұйымдастыру және жүргізу;
      5) білім беру саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес педагогикалық қызметкерлерді аттестаттауды жүргізу және оларға біліктілік разрядтарын беру;
      6) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен келісу бойынша оқушыларды білім беру ұйымдарына қабылдауды жүзеге асыру;
      7) білім беру ұйымдарының басшыларына педагогикалық кадрлар іріктеуде көмек көрсету;
      8) оқу, әдістемелік және көрнекі құралдар әзірлеуді ұйымдастыру;
      9) ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілерін оқу және тұрғын үй-жайларымен, оқу жабдығымен, әдістемелік және көрнекті қамтамасыз ету;
      10) ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарында материалдық-техникалық, қаржылық қамтамасыз етуді тексеру;
      11) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жүктеледі.
      37. Әскери даярлықты ұйымдастыруға, ол үшін қажетті материалдық техникалық базаны құруға, қару-жарақтың сақталуын қамтамасыз етуге білім беру ұйымының басшысы тікелей жауапты болады.
      38. Білім беру ұйымының басшысына:
      1) жарғы жобасын әзірлеуді ұйымдастыру;
      2) ішкі тәртіп қағидаларын бекіту;
      3) жұмыс оқу жоспарлары мен бағдарламаларын, оқу үдерісінің күнтізбелік кестелерін бекіту;
      4) штат кестесінің жобасын әзірлеу және әскери даярлық жүргізу үшін басшылық, оқытушылар құрамының және қосалқы оқыту персоналының санын бөлу;
      5) тәрбиеленушілердің әскери пәндерді басқа пәндермен тығыз сабақтастықта оқуын ұйымдастыруда оқу-әдістемелік көмек көрсету, білім беру процесінің әдістемелерін және білім беру технологияларын жетілдіру;
      6) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінен алынатын мүлік пен әдебиеттен басқа, қажетті оқу материалдық-техникалық базаны құру және ұстау;
      7) тәрбиеленушілер контингентін қалыптастыру;
      8) белгіленген пайдалану талаптарына сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканы сақтауды, жинақтауды қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
      9) тәрбиеленушілердің ағымдағы үлгерімін бақылауды, аралық және қорытынды аттестаттауды жүргізу;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кадрлардың біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды қамтамасыз ету;
      11) педагогикалық кеңес отырысында әскери даярлықтың жай-күйін талқылау;
      12) тамақтандыру және медициналық қамтамасыз ету ұйымдарының жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайларды жасау, тәрбиеленушілер мен қызметкерлердің денсаулығын сақтау және нығайту мақсатында олардың жұмысын бақылау;
      13) тәрбиеленушілерге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қосымша жеңілдіктер мен материалдық қамтамасыз ету түрлерін уақтылы ұсынуды қамтамасыз ету;
      14) белгіленген нормалардан төмен емес тәрбиеленушілер мен оқитындарды ұстау және тұру жағдайларын қамтамасыз ету;
      15) қоғамдық өзін-өзі басқару органдарының қызметіне жәрдемдесу;
      16) қаржы және материалдық ресурстардың келіп түсуі және жұмсалуы туралы есеп беруді құрылтайшыға ұсыну жүктеледі.
      39. Тәрбиеленушілердің оқу-жаттығу жиындары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп ұйымдастырылады және ұзақтығы 30 күннен аспайтын оқыту бағдарламасына сәйкес өткізіледі.
      40. Оқу-жаттығу жиындарынан өтуден заңнамаға сәйкес денсаулық жағдайы бойынша жарамсыз деп танылған тәрбиеленушілер босатылады.
      41. Білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие сыныптық, сыныптан тыс жұмысы ерекше міндеттерді ескере отырып, жалпы орта білім беретін мектеп туралы бағдарламаларға, ережелерге және нормативтік құжаттарға сәйкес ұйымдастырылады.
      42. Тәрбиеленушілерді оқыту взводтар (сыныптар) бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде жүзеге асырылады. Сабақтар әрбір пән бойынша оқу кабинеттерінде, сыныптарында өткізіледі.

2. Тәрбиеленушілерді барлық жабдықталым түрлерімен қамтамасыз ету

      43. Тәрбиеленушілерді киім-кешекпен қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      44. Заттай мүлікпен қамтамасыз ету мынадай схема бойынша жүзеге асырылады:
      1) білім беру ұйымын жабдықтау жоспарларында заттай мүлікке қажеттілікті есептеу өткізілетін іс-шараларды ескере отырып, қамтамасыз ету нормаларына сәйкес жеке құрамның тізімдік санына жүргізіледі;
      2) жабдықтау жоспарларында білім беру ұйымында азаймайтын заттай мүлік қорын ұстау көзделеді;
      3) мекемелер қажеттілігін қамтамасыз етуге барлық жаңа, сондай-ақ жоспарланған кезеңде кию мерзімі өтпеген бұрын пайдаланылған заттай мүлік есептеледі. Бұдан басқа, қажеттілікті қамтамасыз етуге кию мерзімі өткен, бірақ жөндеусіз немесе жөндеуден кейін тікелей мақсаты бойынша пайдалануға жарамды мүкәммалдық заттар есептеледі;
      4) білім беру ұйымдарына заттай мүлікті беру:
      5) жазғы жоспар бойынша - 15 сәуірге қарай;
      6) қысқы жоспар бойынша - 15 қазанға қарай жүргізіледі;
      7) білім беру ұйымдарына жазғы жабдықтау жоспары бойынша заттай мүлікті берумен бір уақытта оларға кию мерзімі бойынша ағымдағы жылғы 1 шілдеге дейінгі келісімшарт қызметінің офицерлері, сержанттары және қатардағы жауынгерлері құрамының адамдарына тиесілі заттай мүлік беріледі;
      8) мүлікті мерзімінен бұрын беру және белгіленген нормалардан, табельдер мен штаттардан артық жұмсау жүргізілмейді;
      9) айырым белгілері (фурнитура) тәрбиеленушілерге онда осы белгілерді тағу көзделген киім-кешек заттарымен бірге беріледі;
      10) бұдан басқа, сержанттар әскери атақтарын алған тәрбиеленушілерге әскери атағына сәйкес оқа (жапсырмалар) беріледі;
      11) заттай мүлікті талап етуді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне ұсынылатын есептілік-өтінімдер бойынша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жабдықталымында тұрған білім беру ұйымдары жүргізеді;
      12) заттай мүлікті талап ету олар қарамағында тұратын білім беру ұйымдарының жоғары тұрған министрліктерге берген есептілік-өтінімдері бойынша жүргізіледі;
      13) заттай мүлікті беруге кезектен тыс өтінімдерді ұсынуға тек жоспармен алдын ала көзделген ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ табиғи зілзала нәтижесінде жоғалтылған мүліктің орнын толтыру үшін жол беріледі.

5. Азаматтарды әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлау

1. Жалпы ережелер

      45. Азаматтарды әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлау Заңға сәйкес жүргізіледі.
      46. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары үшін әскери-техникалық және басқа да әскери мамандарды даярлаудың негізгі міндеттері:
      1) оқитындардың қару-жарақ пен техниканың құрылымы жөнінде қажетті білімдер, оларға әскерге шақырылғаннан кейін қысқа мерзімдерде әскери қызмет өткеру кезеңінде өз штаттық лауазымы бойынша міндеттерін орындауға кірісуге мүмкіндік беретін оларға қызмет көрсету, жөндеу және қолдану бойынша практикалық дағдылар алуы;
      2) оқитындарда әскери ұжымда тез бейімделуге мүмкіндік беретін тәртіптілік, орындаушылық пен ұйымшылдық, сондай-ақ қойылған міндетті орындау үшін жоғары жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру болып табылады.
      47. Мамандандырылған ұйымдар ерікті негізде жасақталады.
      48. Әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлау Қарулы Күштердің қажеттілігіне сәйкес мамандандырылған ұйымдарда өтеусіз негізде және оқуға арналған шығыстарды толық немесе ішінара өтеумен ақылы негізде жүргізіледі.
      Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі есебінен оқуға арналған шығыстарды ішінара өтеу кезінде оқу-жаттығу оқ атуларын өткізу және жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жүзеге асырылады.
      49. Өтеусіз негізде әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлауға денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды, он жеті жас алты айдан жиырма алты жасқа дейінгі мерзімді қызметке шақырылуға жататын азаматтар тартылады.
      Кіші мамандарды даярлауға тәртіптемені уәкілетті орган жасайды.
      50. Өтеулі негізде әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлауға:
      1) келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеру үшін денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды әскери міндеттілер (азаматтар);
      2) әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламалары бойынша оқыту үшін денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды немесе шектеулі жарамды, оның ішінде әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылған жиырма екі жастан жиырма жеті жасқа дейінгі азаматтар тартылады. Бұл ретте әскери міндеттілердің (азаматтардың) дағдылары, азаматтық мамандығы және практикалық жұмыс тәжірибесі ескеріледі.
      Мамандандырылған ұйымдарға оқыту үшін бұдан бұрын сотталған немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылған не оларға қатысты қылмыстық істер қозғалған әскери міндеттілер (азаматтар) жіберілмейді.
      51. Мамандандырылған ұйымдарға оқыту үшін қабылданған азаматтар тәрбиеленушілер деп аталады.
      Тәрбиеленушілер қатарынан саны 24-30 адам оқу-жаттығу взводтары жасақталады, олар 8-10 адамнан тұратын оқу-жаттығу бөлімшелерін қамтиды.
      52. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары үшін азаматтарды әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлау ақылы негізде мамандандырылған білім беру ұйымдарының базасында жүргізіледі.
      53. Мамандандырылған ұйымдарда оқытудың басталуы мен оның кезеңдерін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі айқындайды.
      Тәрбиеленушілер барлық оқыту кезеңінде мамандандырылған ұйымдардың казармаларына орналастырылады.
      54. Азаматтарды өтелетін оқыту негізінде әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша, сондай-ақ әскери оқытылған резервтің бағдарламалары бойынша даярлау оқу жылы ішінде жүргізіледі.
      Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеру үшін әскери міндеттілерді оқыту мерзімі әскери-техникалық даярлау және басқа да әскери мамандық бағдарламасы бойынша алатын мамандығына байланысты белгіленеді.
      Әскери оқытылған резервті даярлау бойынша азаматтарды оқыту мерзімі әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы бойынша алатын мамандығына байланысты белгіленеді.
      55. Әскери бөлімдердің әскери-техникалық мамандарға және жергілікті әскери басқару органдарының әскери оқытылған резервтерге қажеттілігіне сәйкес Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жұмылдыру органы жыл сайын келесі жылға арналған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары үшін әскери-техникалық және басқа да әскери мамандарды даярлау жоспарын әзірлейді, оны Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бірінші басшысы бекітеді және мамандандырылған ұйымдарға және жергілікті әскери басқару органдарына жеткізіледі.
      56. Жергілікті әскери басқару органдары мамандандырылған ұйымдарда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары үшін әскери оқытылған резервті, әскери-техникалық және басқа да әскери мамандарды даярлау жоспарынан үзіндіні алғаннан кейін оқу-жаттығу взводтарын жасақтаудың кезекті оқу жылына арналған жоспар-кестесін әзірлейді.
      57. Мамандандырылған ұйымдарда өтеусіз негізде даярлықтан өткен және әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға (денсаулық жағдайы бойынша) құқығы жоқ азаматтар әскери қызметке шақырылады.

2. Әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлауды ұйымдастыру

      58. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары үшін әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлауды ұйымдастыруды жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелері жүзеге асырады.
      59. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеру үшін мамандандырылған ұйымдарда оқытудан өткен әскери міндеттілерді әскерге шақыру Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      60. Бағдарламалық және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету, штаттарға табельдерді әзірлеу және мамандандырылған ұйымдарды қару-жарақтың, техниканың, мүлік пен оқ-дәрілердің оқу-жаттығу үлгілерімен жабдықтау әскери-техникалық және басқа да әскери мамандарды даярлау бейіні бойынша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне жүктеледі.
      61. Мамандандырылған ұйымдар бекітіліп берілген әскери бөлімдердің, әскери оқу орындарының, әскери кафедралар мен мекемелердің командирлері (бастықтары):
      1) мамандандырылған ұйымдарға сабақтарды өткізу үшін тирлерді, оқ ату орындарын, оқ-дәрілерді, автоайлақтарды, полигондарды және оқу-материалдық базаның басқа да объектілерін беруді;
      2) тәрбиеленушілерді қару-жарақпен, жауынгерлік техникамен, әскери қызметшілердің өмірімен және тұрмысымен таныстыруды;
      3) оқу-тәрбие процесінде, ішкі тәртіпті ұстауда, тәрбиеленушілерге Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары жалпыәскери жарғыларының талаптарын орындау дағдыларын дарытуда әдістемелік көмек көрсетуді ұйымдастырады.
      62. Әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша оқыту үшін іріктелген азаматтар олардың әскери қызметке жарамдылығын айқындау үшін жергілікті әскери басқару органдары жанындағы медициналық комиссиялардан өтеді.
      63. Жергілікті әскери басқару органдары мамандандырылған ұйымдарды азаматтармен уақтылы және сапалы жасақтауға жауапты болады.
      64. Әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша оқыту үшін әскерге шақырылушыларды іріктеу мамандандырылған ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылады және сабақтар басталғанға дейін бес күннен кешіктірмей аяқталады. Іріктеу аяқталғаннан кейін жергілікті әскери басқару органдары оларға нұсқама береді, сондай-ақ олардың негізгі жұмыс орны бойынша хабарламалар жолдайды.
      65. Азаматтарды оқыту үшін мамандандырылған ұйымдарға жіберу жергілікті әскери басқару органдарының бұйрықтарымен ресімделеді, онда тізімдік құрам, олар оқытылуға жататын мамандық, азаматтардың мамандандырылған ұйымдарға келу күні көрсетіледі.
      Жергілікті әскери басқару органдары оқыту үшін іріктелген азаматтарды сабақтар басталғанға дейін 2-3 күн бұрын атаулы тізімдер бойынша мамандандырылған ұйымдарға жібереді.
      Азаматтардың атаулы тізімдері екі данада жасалады. Тізімдердің бірінші данасы әрбір азаматтың медициналық комиссиядан өту нәтижелері туралы медициналық парақтармен бірге мамандандырылған ұйымдарға беріледі, тізімдердің екінші данасы тиісті жергілікті әскери басқару органдарында сақталады. Мамандандырылған ұйымдар әрбір тәрбиеленушімен оқуға шарт жасасады.
      66. Жергілікті әскери басқару органдары 1 шілдеге және 30 желтоқсанға қарай (көктемгі және күзгі әскерге шақыру кезеңі аяқталғаннан кейін) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жұмылдыру органына мамандандырылған ұйымдарда әскери-техникалық және басқа да әскери мамандарды даярлау, бар кемшіліктер және оларды жою жөнінде қабылданатын шаралар туралы жеткізілімдерді ұсынады.
      67. Тәрбиеленушілерді мамандандырылған ұйымдарға қабылдау басшылардың бұйрығымен жүргізіледі, онда: оқу-жаттығу взводының нөмірі, тізімдік құрамы, оқудың басталуы мен аяқталуы, жетекші оқытушы (зертханалық-практикалық жұмыстарды өндірістік оқыту шебері), взвод командирі мен бөлімшелер командирлері көрсетіледі. Мамандандырылған ұйым басшысының бұйрығы шығарылғаннан кейін оқу-жаттығу взводтарын толық жасақтауға тыйым салынады.
      Көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу-жаттығу взводтары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жол полициясы органдарында тіркеледі.
      68. Тәрбиеленушілерді үлгермеушілігі, тәртіпсіздігі, сондай-ақ өз өтініші бойынша мамандандырылған ұйымдардан шығару кейіннен жоғары тұрған қолбасшылықты, шығарылған тәрбиеленушіні оқуға жіберген жергілікті әскери басқару органдарын хабардар ете отырып, басшының бұйрығымен жүргізіледі. Жергілікті әскери басқару органдары, өз кезегінде, азаматтарды шығарғаны туралы олар жұмыс істеген ұйымдардың басшылығын хабардар етеді. Тәрбиеленушілерді оқытуға жұмсалған шығындар сот шешімі бойынша немесе ерікті түрде жасалған екіжақты шартқа және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің талаптарына сәйкес өтеледі.
      69. Мамандандырылған ұйымдарда әскери-техникалық және басқа да әскери мамандарды даярлау қойылған міндеттерді уақтылы және сапалы орындаумен, оқу бағдарламаларын пысықтаумен, оқу-материалдық базаны, оқытушылардың және өндірістік оқыту шеберлерінің жұмыс уақытын анағұрлым мақсатты пайдалануымен, сондай-ақ оқу-тәрбие процесін қамтамасыз етудің басқа да міндеттерін шешумен қамтамасыз етіледі.
      70. Мамандандырылған ұйымдарда тәрбиеленушілерді оқытуды жоспарлау Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары үшін әскери оқытылған резервті, әскери-техникалық және басқа да әскери мамандарды даярлаудың оқу жылына арналған жоспарынан үзінділерді алған сәтінен бастап басталады және оқу-жаттығу взводтарын жасақтаудың жоспар-кестесі бойынша ұсыныстар әзірлеуді қамтиды және жаңа оқу жылы басталғанға дейін он күн бұрын аяқталады.
      71. Әскери-техникалық және басқа да әскери мамандарды даярлау сапасын тексеру үшін оларды мамандандырылған ұйымдарда оқыту аяқталғаннан кейін бітіру емтихандары өткізіледі. Емтихандарды тапсыруға толық оқу курсынан өткен, оқыту бағдарламасымен көзделген барлық пәндер бойынша оң бағалар алған және сынақтар тапсырған тәрбиеленушілер жіберіледі.
      72. Оқыту бағдарламасының барлық пәндері (бөлімдері) бойынша бітіру емтихандарынан оң қорытынды бағалар алған тәрбиеленушілер осы мамандықтар бойынша оқытуды аяқтады деп саналады.
      Науқастануына байланысты немесе басқа да дәлелді себептер бойынша бітіру емтихандарын тапсырмаған тәрбиеленушілер емтихандарға кезекті оқу-жаттығу взводтарымен жіберіледі.
      73. Бітіру емтихандарын тапсырған тәрбиеленушілерге тиісті мамандықтар бойынша біліктілік беріледі және жергілікті әскери басқару органдарында әскери билет алу үшін негіздеме болып табылатын мамандандырылған ұйым басшысының қол қоюымен және мөрлерімен расталған мамандандырылған ұйымдарды аяқтағаны туралы белгіленген үлгідегі сертификаттар беріледі.
      74. Көлік құралдарын жүргізумен байланысты мамандықтар бойынша даярлықтан өткен тәрбиеленушілер бұдан басқа Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жол полициясы органдарында емтихандар тапсырады.

6. Жоғары кәсіптік білім беру ұйымдарында запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлық

      75. Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша азаматтарды әскери даярлау әскери кафедраларда мемлекеттік тапсырысқа сәйкес алатын жоғары кәсіптік білімі негізінде жүргізіледі.
      76. Қазақстан Республикасының азаматтары – күндізгі (іштей) жоғары оқу орындарының (бұдан әрі – ЖОО) студенттерін запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлау (бұдан әрі – студенттерді әскери даярлау) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары үшін запастағы офицерлерді даярлау мақсатында ұйымдастырылады.
      77. Әскери даярлықты жүргізу үшін ЖОО-лар жанында әскери кафедралар құрылады.
      Әскери кафедраны ашу кезінде:
      1) әскери кафедраны орналастыру үшін оқшауланған ғимарат;
      2) белгіленген нормативтік құжаттардың талаптарына және нормаларына жауап беретін студенттермен сабақтар өткізу үшін қажетті оқу және қызметтік кабинеттер;
      3) жалпыәскери жарғылардың және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі басшылық құжаттарының талаптарына сәйкес саптық плацты, АТБ (атлетизм, табандылық, батылдық) кедергілері жолақтарын және студенттермен оқу-жаттығу жиындарын өткізуге арналған оқу-жаттығу орталығын жабдықтауға арналған орындар;
      4) қару-жарақ пен әскери техниканы сақтауға арналған бокстар;
      5) оқу бағдарламаларымен көзделген әскери кафедра қызметінің барлық түрлеріне, оның ішінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі қаржыландыратын қызмет түрлерін қоспағанда, әскери кафедрада қажетті оқу материалдық-техникалық базаны құруға және ұстауға арналған ақшалай қаражат болуы қажет.
      Жекелеген ЖОО-ларда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және қарамағында ЖОО-лар бар министрліктердің бірлескен бұйрығымен жоғары оқу орындары арасындағы әскери кафедралар құрылуы мүмкін.
      Әскери даярлауға тартылатын студенттердің саны Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жұмылдыру қажеттілігіне сүйене отырып, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өтінімімен айқындалады.
      Әскери кафедраларда оқыту үшін ЖОО басшысы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен және қарамағында ЖОО-лар бар министрліктермен келісу бойынша меншік және бағыныстылық нысанына қарамастан, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің білім беру қызметін жүргізуге лицензиясы бар, бірақ әскери кафедралары жоқ басқа ЖОО-ның студенттерін тартуы мүмкін.
      78. Студенттерді әскери даярлау әскери кафедрада теориялық және практикалық оқыту курстарынан және оқу-жаттығу жиынынан тұрады және ол екінші курстан басталады, ал оқу мерзімі бес жыл мамандықтар үшін үшінші курстан басталады, бірақ барлық жағдайларда ЖОО-ны бітіргенге дейін бір жыл бұрын оқу-жаттығу жиынымен аяқталады.
      ЖОО-лар жанындағы әскери кафедраларда студенттерді әскери даярлау студенттердің міндетті дәрісханалық сабақтарын және оқытушылардың жетекшілік етуімен өздік даярлығын қамтиды. Әскери кафедрадағы сабақтар «әскери күн» әдісімен өткізіледі. Медициналық ЖОО-лардың әскери кафедраларында әскери кафедра бастығының ұсынысы бойынша ЖОО ректорының бұйрығымен ЖОО-дағы оқыту ерекшелігін ескере отырып, студенттерді әскери даярлауды басқаша ұйымдастыру белгіленуі мүмкін.
      Студенттерді әскери даярлау оқытудың бір түрі болып табылады және ЖОО-лардың оқу жоспарларына оқу жылы басталғаннан бастап дербес оқу пәні ретінде енгізіледі.
      Әскери кафедрада студенттерді әскери даярлауды бастаудың және аяқтаудың нақты мерзімдері ЖОО-ның оқу жоспарымен айқындалады.
      79. Әскери даярлауға денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды 27 жасқа дейінгі студенттер – Қазақстан Республикасының азаматтары тартылады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі айқындайтын бірқатар әскери-есептік мамандықтар бойынша студент қыздар тартылады.
      Студенттерді әскери даярлықтан өту үшін іріктеуді ЖОО басшысының атына ұсынылатын олардың жеке өтініштері бойынша іріктеу комиссиясы жүргізеді.
      Студенттерді іріктеу кезінде:
      1) жергілікті әскери басқару органдары әскерге шақыру комиссиясының медициналық куәландыру нәтижелері;
      2) әскери оқу орындарына түсетін талапкерлер үшін белгіленген дене дайындығы бойынша нормативтерді орындау нәтижелері;
      3) психологиялық іріктеу нәтижелері;
      4) емтихандарды тапсыру нәтижелері бойынша айқындалатын студенттің оқу орнындағы үлгерімінің орташа балы ескеріледі.
      Осы көрсеткіштер іріктеу комиссиясының отырысында қаралады, оның құрамына ЖОО өкілдері кіреді:
      1) комиссия төрағасы – Қорғаныс министрлігінің өкілі;
      2) комиссия төрағасының орынбасары – жоғары оқу орны қарамағында тұрған министрліктің өкілі;
      3) комиссия мүшелері – институттар директорлары, факультеттердің декандары және әскери кафедралардың оқытушылар құрамы қатарынан.
      Іріктеу комиссиясының дербес құрамы білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен айқындалады.
      Әскери даярлықтан өту үшін студенттерді қабылдауды ЖОО-ның басшысы іріктеу комиссиясының хаттамасы негізінде әскери кафедра бастығының ұсынысы бойынша жүргізеді.
      Оқудан шығарылған студенттердің орнына әскери кафедраға оқуға студенттерді қабылдауға Қорғаныс министрлігімен келісу бойынша әскери кафедрадағы бірінші оқу семестрінен кешіктірілмей жол беріледі.
      Студенттердің әскери қызметке жарамдылығы әскери даярлық басталар алдында, сондай-ақ оқу-жаттығу жиындары қарсаңында жергілікті әскери басқару органдарында әскери-дәрігерлік комиссиялардың оларды медициналық куәландыру нәтижелері бойынша айқындалады.
      Әскери кафедрада оқитын студентті бір ЖОО-дан екіншісіне ауыстыру қарамағында осы ЖОО-лар бар министрліктермен келісу бойынша ЖОО басшысының бұйрығымен жүзеге асырылады.
      80. Әскери даярлыққа басшылық жасауды қарамағында ЖОО-лар бар министрліктермен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі:
      1) ЖОО-лардың студенттері запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша даярлануға тиіс әскери-есептік мамандықтарды және оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін уақыт белгілеуді;
      2) қарамағында ЖОО-лар бар министрліктермен бірлесіп, ЖОО-лар жанындағы әскери кафедралар қызметін регламенттейтін нұсқаулықтарды, ЖОО-да алатын азаматтық мамандықтарды ескере отырып, әскери даярлау бағдарламаларын, әскери даярлықты қамтамасыз ету үшін қажет оқу-жаттығу қару-жарағының, техникасының, әскери оқу-жаттығу және басқа да мүліктің табельдерін әзірлеуді және бекітуді;
      3) студенттердің оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру жөніндегі жоспарларды жасауды, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының полигондарын, оқ ату алаңдарын пайдалануды, ЖОО-лар жанында әскери даярлық үшін қажет оқу материалдық-техникалық база құруды;
      4) әскери даярлық бойынша бітіру емтихандарын қабылдау үшін емтихан комиссияларын құруды, оларды өткізуді ұйымдастыруды;
      5) әскери даярлықтың толық курсынан және оқу-жаттығу жиындарынан өткен студенттерге қолданыстағы заңнамаға сәйкес әскери атақ беруді;
      6) әскери даярлықты, әскери кафедраларда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары жалпыәскери жарғыларының талаптарын сақтауды, құпиялылық режимін және мемлекеттік құпияларды сақтауды бақылауды;
      7) оқу, ғылыми, әдістемелік, тәрбие жұмысы және профессорлық-оқытушы құрамның біліктілігін арттыру мәселелері бойынша әскери кафедралардың қызметіне басшылық жасауды;
      8) ЖОО-лар жанындағы әскери кафедралардың штаттық лауазымдарына, сондай-ақ запастағы (отставкадағы) офицерлер қатарынан әскери қызметшілерді іріктеуді және тағайындауды;
      9) әскери кафедраларды оқу-жаттығу қару-жарағымен, оқ-дәрілермен, әскери техникамен, аспаптармен, аппаратурамен, керек-жарақпен, әскери техникаға қосалқы бөлшектермен, сондай-ақ жалпыәскери жарғылармен, қажетті тәлімдемелермен, басшылықтармен, нұсқаулықтармен, топографиялық және теңіз карталарымен, әскери даярлық бойынша оқулықтармен және шетел әдебиетімен қамтамасыз етуді, жанар-жағармай және басқа да материалдарға лимиттер бөлуді;
      10) әскери кафедраның қару-жарағын, әскери техникасы мен материалдық-техникалық мүлкін пайдалануды, сақтауды және жинақтауды қамтамасыз етуді белгіленген талаптарға сәйкес ұйымдастыруды;
      11) қару-жарақты, әскери техниканы және басқа да әскери мүлікті орташа және күрделі жөндеуді, монтаждауды (бөлшектеуді), реттеуді (дәлдеуді), есептен шығаруды жүргізуді жүзеге асырады.
      Әскери кафедраларды материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етуді, сондай-ақ осы тармақпен көзделген жұмыстарды жүзеге асыруды Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі өтеусіз жүргізеді және Қорғаныс министрлігінің мекемелері арқылы жүзеге асырылады.
      81. Қарамағында ЖОО-лар бар министрліктер заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) Қарулы Күштердің жұмылдыру қажеттілігіне сүйене отырып, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің тәртіптемесі бойынша мемлекеттік тапсырысты келісуді;
      2) бекітілген бағдарламаларға сәйкес ЖОО-лар жанында әскери даярлықты ұйымдастыруды, сондай-ақ оқу жоспарларында осы Қағидалардың 83-84-тармақтарына сәйкес ол үшін қажетті оқу уақытын бөле отырып, әскери даярлықтан өту тәртібін айқындауды;
      3) Қорғаныс министрлігімен келісу бойынша әскери кафедралардың штат кестелерін қарауды және бекітуді жүзеге асырады.
      82. Қарамағында ЖОО-лар бар министрліктерде әскери даярлыққа басшылық жасау үшін әскери даярлықты ұйымдастыру үшін жауапты лауазымды адамдар тағайындалады.
      83. ЖОО жанында әскери даярлықты ұйымдастыруға, ол үшін қажетті оқу материалдық-техникалық базаны құруға, қару-жарақ пен әскери техниканың сақталуын қамтамасыз етуге, құпиялылық режимін қатаң сақтауға ЖОО басшылары тікелей жауапты болады.
      ЖОО басшысы:
      1) студенттерді әскери даярлау үшін оқу сағаттарының қажетті санын және каникул уақытында оқу-жаттығу жиындарына уақыт бөлуді, сондай-ақ оқу-жаттығу жиындарын өткізуді;
      2) әскери кафедраның штат кестесінің жобасын әзірлеуді және оларға әскери даярлықты өткізу және әскери техникаға қызмет көрсету үшін профессорлық-оқытушы, инженерлік-техникалық құрамның және қосалқы оқу персоналының қажетті санын бөлуді;
      3) оқу бағдарламаларына сәйкес сабақтарды өткізу үшін қажетті оқу, қызметтік үй-жайлар мен объектілерді бөлуді, сондай-ақ оларды ұстауды және жөндеуді;
      4) әскери кафедраға студенттердің ЖОО-ның кафедраларында оқытылатын пәндермен тығыз сабақтастықта әскери пәндерді оқытуын ұйымдастыруда оқу-әдістемелік көмек көрсетуді;
      5) әскери кафедраларда әзірленетін әдістемелік құралдарды басып шығаруды;
      6) жеке құрамды жабдықтауға және оқу бағдарламаларымен және жабдықтау табельдерімен көзделген әскери кафедра қызметінің барлық түрлеріне, оның ішінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі қаржыландыратын қызмет түрлерін қоспағанда, әскери кафедраның оқу процесін техникалық оқыту құралдарымен, оқу-жаттығу жаттықтыру құралдарымен, электрондық-есептеу және басқа да техникамен қамтамасыз етуге, әскери кафедрада қажетті оқу материалдық-техникалық базаны құруға және ұстауға ақшалай қаражат бөлуді;
      7) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігін хабардар ете отырып, қарамағында ЖОО-лар бар министрліктер алдында студенттерді әскери даярлауға ЖОО-ға бөлінетін бюджет қаражатының түсуі, бөлінуі, шығысы және мақсатты пайдаланылуы туралы жыл сайын есеп беруді;
      8) әскери кафедраның оқу жылына арналған жұмыс жоспарын бекітуді;
      9) ЖОО ректоратының немесе ғылыми кеңесінің отырысында әскери даярлықтың жай-күйін талқылауды қамтамасыз етеді.
      ЖОО басшысы әскери кафедра бастығының ұсынысы бойынша оқу, әдістемелік, ғылыми және тәрбие жұмысында олар қол жеткізген жоғары жетістіктері үшін әскери кафедраның әскери қызметшілерін көтермелейді.
      84. ЖОО-дағы әскери даярлыққа оқытушылардың жетекшілік етуімен міндетті сабақтардың кемінде 450 сағаты бөлінеді. Әскери даярлыққа нақты сағат саны және оларды сабақ түрлері бойынша бөлу әскери-есептік мамандықтарға байланысты Запастағы офицерлерді даярлаудың үлгілік оқу бағдарламасымен белгіленеді.
      Оқытушының жетекшілік етуімен міндетті сабақтардың көлемі күніне 6 сағаттан аспауы тиіс. Студенттердің өздік жұмысы үшін қажетті уақыт сегіз сағаттық оқу күні шегінде әскери даярлық күндері жоспарланады.
      85. Әскери даярлық кезеңінде студенттер сынақтар мен емтихандар тапсырады. Әскери даярлықтың барлық бағдарламасынан және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери бөлімдері, жоғары оқу орындары мен мекемелері жанындағы оқу-жаттығу жиындарынан өткеннен кейін студенттер бітіру емтихандарын тапсырады.
      Студенттердің оқу-жаттығу жиындарын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, ЖОО басшысы әскери даярлықтың соңғы кезеңінде ұйымдастырады және ол соңғы оқыту курсы алдында каникул уақытында өткізіледі.
      Студент қыздар оқу-жаттығу жиындарына тартылмайды, оларға алатын әскери-есептік мамандығы бойынша қосымша практика ұйымдастырылады.
      Барлық әскери-есептік мамандықтар бойынша студенттердің оқу-жаттығу жиындарының ұзақтығы Запастағы офицерлерді даярлаудың үлгілік оқу бағдарламасымен, бірақ 30 күннен артық емес айқындалады.
      Оқу-жаттығу жиындарынан өту уақытында студенттер «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген міндеттерді орындайды және жауапты болады.
      Студенттер оқу-жаттығу жиындарынан өту кезеңінде курсанттар деп аталады.
      Оқу-жаттығу жиындары уақытында студенттерге шәкіртақы төлеуді ЖОО-лар белгіленген тәртіппен жүргізеді.
      Жергілікті әскери басқару органдары жанындағы әскери-дәрігерлік комиссиялар денсаулық жағдайы бойынша жарамсыз деп таныған студенттер оқу-жаттығу жиындарына жіберілмейді. Көрсетілген санат қайта куәландырылғаннан кейін оқу-жаттығу жиындарынан өтуге, бірақ ЖОО-ны аяқтағаннан кейін бір жылдан кешіктірілмей жіберілуі мүмкін.
      86. Әскери даярлық бойынша сабақтарға дәлелсіз себептермен жүйелі түрде (24 сағаттан артық) қатыспайтын, оқу-жаттығу жиындарынан өтуден жалтарған немесе әскери кафедраларда оқыту процесінде және жиындар уақытында тәртіп бұзған студенттер әскери кафедра бастығының ұсынысы бойынша ЖОО басшысының бұйрығымен әскери даярлық бойынша сабақтардан шеттетіледі.
      87. Әскери даярлықтың толық курсынан өткен, емтихандарды тапсырған және оқу-жаттығу жиындарынан өткен студенттерге ЖОО-ны бітіргені туралы диплом алғаннан кейін белгіленген тәртіппен «запастағы лейтенант» әскери атағы беріледі.
      88. Әскери кафедралардың штаттық лауазымдарына әскери қызметте, сондай-ақ запаста (отставкада) тұрған және әскери киім нысанын кию құқығымен әскери қызметтен шығарылған әскери қызметшілер тағайындалады.
      Әскери кафедраның бастығын және орынбасарларын кейіннен ЖОО басшысын хабардар ете отырып, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі тағайындайды.
      Профессорлық-оқытушы құрамының лауазымдарына запастағы (отставкадағы) офицерлерді Қорғаныс министрлігімен келісу және әскери кафедра бастығының ұсынымы бойынша ЖОО-ның ректоры тағайындайды.
      Әскери кафедралардың штаттық лауазымдарына тағайындалатын әскери қызметшілер әскери қызметте тұрады және олардың Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері үшін белгіленген барлық құқықтары сақталады.
      Әскери қызметшілер Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің сметасы және қорлары есебінен офицерлермен бірге жалпы негіздемелерде заттай мүлікпен, киім-кешекпен, медициналық қызмет көрсетумен және санаторлық емделумен, сондай-ақ заттай жабдықталымның барлық түрлерімен қамтамасыз етіледі.
      Әскери кафедралардың әскери қызметшілерін әскери қызметтен шығару заңнамада белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
      89. Әскери даярлық үшін ЖОО-ларға бөлінген қару-жарақты, әскери техника мен мүлікті, сондай-ақ әскери кафедраның құпия бөлімдері мен кітапханаларының қызметтік үй-жайларын күзету ЖОО қаражаты есебінен ұйымдастырылады.