"Инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалардың тізбесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 18 маусымдағы № 801 қаулысы. Қаулы 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 18 маусымдағы № 801 қаулысымен

      Ескерту. Қаулы 01.01.018 дейін қолданыста болды – ҚР Үкіметінің 18.06.2012 № 801 қаулысымен.

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы кодексінің 150-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалардың тізбесін қалыптастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2014.12.09 № 1283 (2015.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 18 маусымдағы
№ 801 қаулысымен
бекітілген

"Инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық
аймағының аумағында қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалардың
тізбесін қалыптастыру қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы "Инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалардың тізбесін қалыптастыру қағидалары "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі) 150-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және "Инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалардың тізбесін (бұдан әрі – тізбе) қалыптастыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы – "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 21 шілдедегі Заңына сәйкес (бұдан әрі – Заң) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы болып танылған заңды тұлға;

      2) уәкілетті орган – арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

      3. Егер Заңда өзгеше көзделмесе, Заңға сәйкес "Инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағының қатысушылары үшін арнайы экономикалық аймақтың аумағынан тыс қызметке рұқсат беріледі.

2. Тізбені қалыптастыру тәртiбi

      4. Тізбеге Заңның талаптарына сәйкес бір мезгілде мынадай талаптарға сай келетін:

      1) орналасқан жері бойынша салық органында салық төлеушілер ретінде тiркелген;

      2) құрылымдық бөлiмшелерi жоқ;

      3) жылдық жиынтық кірістің кемiнде 70 пайызын мынадай қызмет түрлерінен өзi өндiрген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өткізуден алынуға жататын (алынған) кірістер құрайды:

      дерекқорларды және аппараттық құралдарды жобалау, әзiрлеу, енгiзу және жасау, бағдарламалық қамтамасыз етiлiмдi (оның ішінде тәжірибелік үлгілерді) жобалау, әзiрлеу, енгiзу және жасау;

      серверлік ақпараттық-коммуникациялық жабдықты пайдалана отырып, ақпаратты электрондық түрде сақтау және өңдеу бойынша көрсетілетін қызметтер (дата-орталықтардың көрсетілетін қызметтері);

      ақпараттық технологиялар саласындағы жобаларды жасау және енгізу жөніндегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2014.12.09 № 1283 (2015.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Тізбе жыл сайын арнайы экономикалық аймақ қатысушысының атауы, оның салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi (немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірі), сондай-ақ салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеу бөлігінде Салық кодексінің 150 және 151-4-баптарының ережелері қолданалатын күнтізбелік жыл көрсетілетін күнтізбелік жыл аяқталғаннан кейін қалыптастырылады.

      6. Тізбеге енгізу үшін арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы уәкілетті органға салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрiн (немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірі), сондай-ақ салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеу бөлігінде Салық кодексінің 150 және 151-4-баптарының ережерелері қолданалатын күнтізбелік жыл көрсетілген еркін нысанда жазылған өтінішті және мына құжаттарды:

      1) әділет органдары берген құрылымдық бөлiмшелерiнің жоқ екендігі туралы;

      2) Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 04.05.2016 № 271 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2014.12.09 № 1283 (2015.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.05.2016 № 271 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      7. Уәкілетті орган өтінішті түскен күнінен бастап 20 жұмыс күні ішінде қарайды және мынадай:

      1) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысын тізбеге енгізу туралы;

      2) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысын тізбеге енгізуден бас тарту туралы шешімдердің бірін шығарады.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2014.12.09 № 1283 (2015.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы өзін тізбеден шығару туралы дербес шешім қабылдаған жағдайда, ол бұл туралы уәкілетті органға хабарлайды.

      9. Арнайы экономикалық аймақ қатысушысын тізбеге енгізуден бас тарту үшін осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынбау негіз болып табылады.

      10. Тізбеге енгізу (тізбеден шығару) туралы шешімдер уәкілетті органның бұйрығы нысанында қабылданады, ол осындай шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялануға тиіс.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2014.12.09 № 1283 (2015.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.