Ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 19 шілдедегі № 830 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 17 тамыздағы № 704 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 17.08.2023 № 704 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Ғылым туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 18 ақпандағы Заңының 3-бабының 12) тармақшасына, 15-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Ғылым саласындағы жыл сайынғы:

      1) жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздiк ғылыми зерттеуі үшiн Қ.И.Сәтбаев атындағы бір сыйлық;

      2) гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздiк ғылыми зерттеуі үшiн Ш.Ш.Уәлиханов атындағы бір сыйлық;

      3) аграрлық ғылым саласындағы үздiк ғылыми зерттеуі мен жұмысы үшiн А.И.Бараев атындағы (бірінші, екінші, үшінші) үш сыйлық;

      4) педагогика саласындағы үздiк ғылыми зерттеуi мен жұмысы үшiн Ы.Алтынсарин атындағы бір сыйлық;

      5) түркология саласындағы аса зор жетістіктері үшін Күлтегін атындағы бір сыйлық;

      6) жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздiк жұмысы үшiн жас ғалымдарға арналған Д.А.Қонаев атындағы бір сыйлық;

      7) гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздiк жұмысы үшiн жас ғалымдарға арналған М.О.Әуезов атындағы бір сыйлық тағайындалсын.

      2. 75 мемлекеттік ғылыми стипендия, оның ішінде отыз бесті қоса алғандағы жасқа дейінгі талантты жас ғалымдар үшін 50 мемлекеттік ғылыми стипендия тағайындалсын.

      3. Қоса беріліп отырған Ғылым саласындағы сыйлықтарды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды тағайындау қағидасы бекітілсін.

      4. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 19 шілдедегі
№ 830 қаулысымен
бекітілген

Ғылым саласындағы сыйлықтарды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды тағайындау қағидасы
1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.12.2020 № 943 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы ғылым саласындағы сыйлықтарды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды тағайындау қағидасы (бұдан әрі – Қағида) "Ғылым туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 18 ақпандағы Заңына сәйкес әзiрлендi және ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендияларды тағайындау тәртібін айқындайды.

      1-1. Ғылым саласындағы сыйлықтарды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды беру тәртібі "Ғылым саласындағы сыйлықтарды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды алуға ұсынылған жұмыстарды қабылдау" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 маусымдағы № 242 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20852 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 1-тарау 1-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 30.12.2020 № 943 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ғалым – ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне қол жеткізетін жеке тұлға;

      2) ғылым саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында салааралық үйлестіруді және басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      3) ғылыми қызметкер – ғылыми ұйымда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында немесе ұйымның ғылыми бөлімшесінде жұмыс істейтін, жоғары білімі бар, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесіне қол жеткізетін және оны іске асыратын жеке тұлға;

      4) ғылыми ұйым – қызметінің негізгі түрі ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті жүзеге асыру, оның ішінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықты іске асыру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу болып табылатын заңды тұлға;

      5) салалық уәкілетті орган – ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және тиісті салада ғылыми зерттеулер жүргізу жөніндегі жұмыстарды үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.12.2020 № 943 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 01.10.2021 № 700 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Көтермелеу мақсатында ғылым мен техниканы дамытуға үлес қосқан ғалымдар, ғылыми ұйымдар мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ғылыми қызметкерлері:

      1) үздік ғылыми зерттеулері мен жұмыстары, ғылым саласындағы аса зор жетістіктері үшін жыл сайынғы сыйлықтарды алуға ұсынылуы;

      2) мемлекеттік ғылыми стипендияларды алуға ұсынылуы мүмкін.

      Мемлекеттік ғылыми стипендиялар:

      мемлекет үшін басым бағыттарда іргелі немесе қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүргізуге, ғылыми кадрларды даярлауға белсене қатысатын ғалымдар мен ғылыми қызметкерлерге;

      ғылыми проблемаларды шешу бойынша зерттеулер жүргізуге белсене қатысатын және ғылыми қоғамдастық мойындаған, қоса алғанда отыз бес жасқа дейінгі талантты жас ғалымдарға да берілуі мүмкін.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 01.10.2021 № 700 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар беруді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде уәкілетті орган мен салалық уәкілетті органдар жүзеге асырады.

      5. Ғылым саласындағы сыйлықтар (бұдан әрі – сыйлықтар) мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар конкурстық негізде беріледі.

      6. Сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар беруге арналған конкурстарға осы Қағиданың 3-тармағында көрсетілген ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.

      7. Сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялардың мөлшерлерін уәкілетті орган (аграрлық ғылым саласындағы сыйлықтар бойынша – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі) айқындайды.

2-тарау. Ғылым саласындағы сыйлықтарды беру тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.12.2020 № 943 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Сыйлықтар алу үшін жұмыстарды ұсыну құқығы меншік нысанына қарамастан Қазақстан Республикасы ғылыми ұйымдарының және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – ұйымдар) консультативтік-кеңесші органдарына (ғылыми кеңестер) беріледі.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 01.10.2021 № 700 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9. Сыйлық алу үшiн жұмыстарды ұсыну туралы шешiм сыйлық алу үшiн ұсынылатын жұмыстар орындалған ұйымда белгiленген тәртiппен қабылданады.

      10. Сыйлық алуға жеке авторлар, сондай-ақ саны бес адамнан аспайтын авторлар ұжымының жұмыстары ұсынылуы мүмкін. Әр автор және авторлар ұжымы конкурсқа тек бiр жұмыс ұсынуға құқылы.

      11. Бұрын республикалық бюджет қаражатынан төленетiн сыйлықтарға ие болған жұмыстар осы сыйлықтарды алу конкурсына қатысуға жiберiлмейдi. Сыйлыққа жұмыс екi реттен артық ұсынылмайды.

      Осы сыйлықтар лауреатының жаңа жетiстiктерi болған жағдайда, сыйлықтар оған соңғы тағайындалғаннан кейiн бес жыл өткен соң қайталанып берiлуi мүмкiн.

      Ұжымдық жұмыстардың авторларына сыйлықтың ақшалай бөлiгi тең үлеспен төленедi.

      12. Сыйлықтарды алуға жарияланған жұмыстар, оның ішінде нөлдік емес импакт факторы бар халықаралық ғылыми басылымдарда жарияланған, конкурсты жариялау алдындағы жылды қоса алғанда, соңғы бес жыл ішінде орындалған, тиісті шешімді қабылдай отырып, ұйымдардың консультативтік-кеңесші органдарында жан-жақты талқылаудан өткен жұмыстар ұсынылады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.10.2016 № 641 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      13. Жас ғалымдарға арналған сыйлықтарды алуға арналған конкурсқа қоса алғанда отыз бес жасқа дейінгі жас ғалымдар қатыса алады.

      Жас ғалымдардың жұмыстары конкурс жарияланғанға дейiнгi жылды қоса алғанда соңғы үш жыл ішінде орындалған болуы керек.

      14. Конкурсқа мынадай құжаттар ұсынылады:

      1) кiтаптар, монографиялар, оқулықтар, кiтапшаланған мақалалардың баспа-таңбалары, патенттер көшiрмелерi, авторлық куәліктер, мемлекеттiк тiркеуден өткен ғылыми-зерттеу жұмысы туралы есептер түрлеріндегі ғылыми жұмыс;

      2) мазмұны, зерттеулердің өзектілігі мен жаңалығы, негiзгi ғылыми нәтижелерi, олардың маңыздылығы мен болашақта пайдалану мүмкіндігі баяндалатын жұмыстың сипаттамасы (0,5 б. т.);

      3) жұмыстың қысқаша мазмұндамасы аннотациясы;

      4) алып тасталды - ҚР Үкіметінің 01.10.2021 № 700 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5) жұмысты ұсынған ұйымның консультативтік-кеңесші орган отырысының хаттамасынан үзiндi;

      6) сыйлық алуға үміткердің негiзгi қызмет орнынан анықтама;

      7) сыйлық алуға үміткердің ұжым жұмыстары үшiн шығармашылық үлесi көрсетiлген ғылыми қызметiне қысқаша сипаттама;

      8) негізгі ғылыми жұмыстарының тiзiмi (5-тен аспауға тиiс);

      9) конкурсқа ұсынылған жұмыстың (жұмыстар сериясы) бұрын республикалық бюджет қаражатынан төленетін сыйлықтарға ие болмағанын куәландыратын анықтама.

      Сыйлық алуға үміткер жұмыстан босатылған жағдайда осы баптың 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетiлген құжаттар оның соңғы жұмыс орнынан ұсынылады.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 01.10.2021 № 700 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      15. Конкурс материалдарын рәсімдеуге қойылатын талаптарды уәкілетті органы (аграрлық ғылым саласындағы сыйлықтар бойынша – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі) айқындайды.

      16. Сыйлықтарды алу конкурсына ұсынылған материалдар конкурс туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде уәкілетті органға (аграрлық ғылымдар саласындағы сыйлықтар бойынша – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне) ұсынылады. Онда конкурстық құжаттар тiркеледi және құжаттарды қабылдау мерзiмi аяқталған соң 10 жұмыс күні ішінде конкурстық комиссияға қарауға берiледi.

      Конкурсты өткізу туралы хабарландыруды республикалық басылымдарда уәкілетті орган (аграрлық ғылымдар саласындағы сыйлықтар бойынша – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі) орналастырады.

      17. Конкурсқа ұсынылған жұмыстар мен материалдар авторлардың жазбаша талаптары бойынша бiр данада қайтарылады.

      18. Конкурстық құжаттарды қарау және сыйлықтарды тағайындау мәселесі бойынша шешімдер дайындау үшін уәкілетті органның (аграрлық ғылымдар саласындағы сыйлықтар бойынша – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі) бұйрығымен конкурстық комиссия құрылады.

      Конкурстық комиссия консультативтік-кеңесші орган болып табылады және министрліктер, ведомстволар және басқа мемлекеттік органдардың өкілдерінен, республиканың әртүрлі ғылым салаларының жетекші ғалымдары мен мамандары құрамынан құрылады.

      Егер осы сыйлықтарды алуға конкурстық комиссия мүшелерінің жұмыстары ұсынылған жағдайда, олар комиссияның жұмысына қатыспайды.

      18-1. Конкурстық комиссия тақ саннан, бірақ конкурстық комиссияның кемінде 11 мүшесінен тұрады.

      Конкурстық комиссияның отырыстары оған конкурстық комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды деп есептеледі.

      Конкурстық комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді.

      Ескерту. 2-тарау 18-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 30.12.2020 № 943 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      19. Сыйлықтарды беру үшін жұмыстарды іріктеу өлшемшарттарын уәкілетті орган (аграрлық ғылым саласындағы сыйлықтар бойынша – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі) әзірлейді және бекітеді.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.12.2020 № 943 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      20. Сыйлықтарды алуға ұсынылған жұмыстарды алдын ала қарау үшiн конкурстық комиссия мүшелерінен секциялар құрылады. Секциялар кандидаттардың жұмыстарын уәкілетті орган бекіткен өлшемшарттар бойынша бағалайды.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.12.2020 № 943 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      21. Конкурстық комиссия секциялардың қорытындылары негізінде, оларды алған күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде уәкілетті органға (аграрлық ғылымдар саласындағы сыйлықтар бойынша – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне) сыйлықтарды беру жөніндегі шешімді енгізеді.

      22. Уәкілетті орган (аграрлық ғылымдар саласындағы сыйлықтар бойынша – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі) конкурстық комиссия шешімінің негізінде сыйлықтарды беру туралы шешім қабылдайды.

      23. Сыйлықтарды беру жөніндегі конкурстардың нәтижелері республикалық басылымдарда жариялануға және уәкілетті органның (аграрлық ғылымдар саласындағы сыйлықтар бойынша – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің) Интернет ресурсында орналастыруға жатады.

      24. Сыйлық беру туралы дипломдар, төсбелгілер мен ақшалай сыйлықтарды лауреаттарға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі (аграрлық ғылымдар саласындағы сыйлықтар бойынша – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі) тапсырады.

      25. Қайтыс болғаннан кейін наградталған сыйлық лауреатының дипломы, төсбелгісі және ақшалай сыйлығы заңнамаға сәйкес мұрагерлеріне беріледі.

3-тарау. Мемлекеттік ғылыми стипендияларды беру тәртібі

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.12.2020 № 943 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      26. Мемлекеттік ғылыми стипендияны алуға үміткерді ұсыну құқығы ұйымдардың консультативтік-кеңесші органдарына берiледi.

      27. Мемлекеттік ғылыми стипендияны алуға үміткерді ұсыну туралы шешiм стипендия алу үшiн ұсынылатын үміткер жұмыс істейтін ұйымда белгiленген тәртiппен қабылданады.

      27-1. Бұрын республикалық бюджет қаражатынан төленетін мемлекеттік ғылыми стипендияларға ие болған ғалымдар осы стипендияларды алуға алдыңғы тағайындалған жылдан кейін кемінде үш жыл өткен соң қайта жіберілуі мүмкін.

      Ескерту. 3-тарау 27-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 31.10.2016 № 641 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      28. Мемлекеттік ғылыми стипендиялар бір жылға дейінгі мерзімге ғылым саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен тағайындалады.

      29. Мемлекеттік ғылыми стипендияны алуға ұсынып отырған үміткерге мынадай құжаттар ұсынылады:

      1) тиісті ұйымның ілеспе хаты;

      2) ұйымның консультативтік-кеңесші органының мемлекеттік ғылыми стипендияны алуға үміткерді ұсыну туралы отырысы хаттамасынан үзiндi;

      3) ұйымның консультативтік-кеңесші органының уәжделген қолдау хаты (ұсынымы);

      4) мемлекеттік ғылыми стипендияны алуға үміткердің негiзгi қызмет орнынан анықтама;

      5) мемлекеттік ғылыми стипендияларды алуға үміткердің соңғы бес жылда жарияланған ғылыми жұмыстарының тізімі, сондай-ақ ең маңызды жұмыстардың баспа-таңбалары (бестен аспауы керек). Монография бойынша екі бетке дейінгі көлемдегі басылған аннотация беріледі.

      30. Конкурс материалдарын рәсімдеуге қойылатын талаптарды уәкілетті орган айқындайды.

      31. Мемлекеттік ғылыми стипендиялар алуға арналған конкурсқа ұсынылған материалдар конкурс туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде уәкілетті органға ұсынылады. Онда конкурстық құжаттар тiркеледi және құжаттарды қабылдау мерзiмi аяқталған соң 10 жұмыс күні ішінде конкурстық комиссияға қарауға берiледi.

      Конкурсты өткізу туралы хабарландыруды республикалық басылымдарда уәкілетті орган орналастырады.

      32. Құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін түскен құжаттар конкурсқа жіберілмейді.

      33. Конкурсқа ұсынылған материалдар қайтаруға жатпайды.

      34. Конкурс материалдарын қарау және мемлекеттік ғылыми стипендияларды тағайындау мәселесі жөніндегі шешімдерді дайындау үшін уәкілетті органның бұйрығымен конкурстық комиссия құрылады.

      Конкурстық комиссия консультативтік-кеңесші орган болып табылады және уәкілетті органның басшы қызметкерлерінен, республикадағы ғылымның әртүрлі салаларының жетекші ғалымдары мен мамандарынан құрылады.

      Конкурстық комиссия мүшелері осы стипендияны алуға ұсынылған жағдайда комиссия жұмысына қатыспайды.

      35. Мемлекеттік ғылыми стипендияларды беру үшін үміткерлерді іріктеу өлшемшарттарын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

      Ескерту. 35-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.12.2020 № 943 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      36. Мемлекеттік ғылыми стипендияларды алуға ұсынылған кандидаттардың жұмыстарын алдын ала қарау үшін конкурстық комиссия мүшелерінен сараптау топтары құрылады. Сараптау топтары кандидаттардың жұмыстарын уәкілетті орган бекіткен өлшемшарттар бойынша бағалайды.

      Ескерту. 36-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.12.2020 № 943 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      37. Конкурстық комиссия сараптау топтардың қорытындылары негізінде оларды алғаннан кейін 20 жұмыс күні ішінде уәкілетті органға мемлекеттік ғылыми стипендияларды беру жөнінде шешім енгізеді.

      38. Уәкілетті орган конкурстық комиссия шешімінің негізінде мемлекеттік ғылыми стипендияларды беру туралы шешім қабылдайды.

      39. Мемлекеттік ғылыми стипендия республикалық бюджет қаражатынан Қазақстан Республикасы Президентінің ғұмырлық стипендиясын алатын Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мүшелеріне тағайындалмайды.

      40. Конкурстан өткен стипендиаттардың тізімі республикалық ресми басылымдарда жариялануға және уәкілетті органның Интернет ресурсында орналастырылуға тиіс.

      41. Мемлекеттік стипендияны тағайындау туралы сертификаттарды уәкілетті орган береді.

      Ескерту. 3-тарау 41-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 01.10.2021 № 700 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 19 шілдедегі
№ 830 қаулысына
қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Ғылым мен техниканы дамытуға елеулi үлес қосқан ғалымдар мен мамандарды және талантты жас ғалымдарды мемлекеттік қолдау шаралары туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 28 тамыздағы № 1063 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 35, 338-құжат).

      2. "Мемлекеттік ғылыми стипендиялар туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 9 желтоқсандағы № 1501 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 50, 488-құжат).

      3. "Ғылым саласындағы сыйлықтар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 10 мамырдағы № 685 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 22, 243-құжат).

      4. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 10 мамырдағы № 685 қаулысына толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 5 ақпандағы № 188 қаулысы.

      5. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 10 мамырдағы № 685 қаулысына толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 30 наурыздағы № 383 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 9, 91-құжат).

      6. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 10 мамырдағы № 685 қаулысына өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 6 қазандағы № 1031 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 41, 430-құжат).

      7. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнің кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер енгізу және күшi жойылды деп тану туралы Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2003 жылғы 27 қарашадағы № 1191 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 45, 491-құжат) бекітiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстердің 4-тармағы.

      8. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 10 мамырдағы № 685 қаулысына толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 25 қаңтардағы № 55 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 3, 28-құжат).