Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 17.08.2023 № 704 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 19 шілдедегі № 830 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 48, 650-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Ғылым саласындағы сыйлықтарды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды тағайындау қағидасында:
1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"1-тарау. Жалпы ережелер";
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
"1-1. Ғылым саласындағы сыйлықтарды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды беру тәртібі "Ғылым саласындағы сыйлықтарды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды алуға ұсынылған жұмыстарды қабылдау" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 маусымдағы № 242 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20852 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.";
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ғалым – ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне қол жеткізетін жеке тұлға;
2) ғылым саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында салааралық үйлестіруді және басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
3) ғылыми қызметкер – ғылыми ұйымда, жоғары оқу орнында немесе ұйымның ғылыми бөлімшесінде жұмыс істейтін, жоғары білімі бар, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесін алатын және іске асыратын жеке тұлға;
4) ғылыми ұйым – қызметінің негізгі түрі ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті жүзеге асыру, оның ішінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықты іске асыру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу болып табылатын заңды тұлға;
5) салалық уәкілетті орган – ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және тиісті салада ғылыми зерттеулер жүргізу жөніндегі жұмыстарды үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.";
2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"2-тарау. Ғылым саласындағы сыйлықтарды беру тәртібі";
мынадай мазмұндағы 18-1-тармақпен толықтырылсын:
"18-1. Конкурстық комиссия тақ саннан, бірақ конкурстық комиссияның кемінде 11 мүшесінен тұрады.
Конкурстық комиссияның отырыстары оған конкурстық комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды деп есептеледі.
Конкурстық комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді.";
19 және 20-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"19. Сыйлықтарды беру үшін жұмыстарды іріктеу өлшемшарттарын уәкілетті орган (аграрлық ғылым саласындағы сыйлықтар бойынша – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі) әзірлейді және бекітеді.
20. Сыйлықтарды алуға ұсынылған жұмыстарды алдын ала қарау үшiн конкурстық комиссия мүшелерінен секциялар құрылады. Секциялар кандидаттардың жұмыстарын уәкілетті орган бекіткен өлшемшарттар бойынша бағалайды.";
3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"3-тарау. Мемлекеттік ғылыми стипендияларды беру тәртібі";
35 және 36-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"35. Мемлекеттік ғылыми стипендияларды беру үшін үміткерлерді іріктеу өлшемшарттарын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.";
36. Мемлекеттік ғылыми стипендияларды алуға ұсынылған кандидаттардың жұмыстарын алдын ала қарау үшін конкурстық комиссия мүшелерінен сараптау топтары құрылады. Сараптау топтары кандидаттардың жұмыстарын уәкілетті орган бекіткен өлшемшарттар бойынша бағалайды.".
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |