Табиғи мекендеу ортасынан алып қойылған бекіре тұқымдас балықтарды және олардың уылдырығын мемлекеттік монополия субъектісі болып табылатын мемлекеттік кәсіпорынның өткізу қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 31 желтоқсандағы № 1499 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 4 қыркүйектегі № 745 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 04.09.2015 № 745 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      РҚАО-ның ескертпесі.
      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2015 жылғы 26 ақпандағы № 18-05/138 бұйрығын қараңыз.

      «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Табиғи мекендеу ортасынан алып қойылған бекіре тұқымдас балықтарды және олардың уылдырығын мемлекеттік монополия субъектісі болып табылатын мемлекеттік кәсіпорынның өткізу қағидасы бекітілсін.
      2. Осы қаулы 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің     
2010 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1499 қаулысымен  
бекітілген    

Табиғи мекендеу ортасынан алып қойылған бекіре тұқымдас
балықтарды және олардың уылдырығын мемлекеттік монополия
субъектісі болып табылатын мемлекеттік кәсіпорынның
өткізу қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Табиғи мекендеу ортасынан алып қойылған бекіре тұқымдас балықтарды және олардың уылдырығын мемлекеттік монополия субъектісі болып табылатын мемлекеттік кәсіпорынның өткізу қағидасы «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленген және табиғи мекендеу ортасынан алып қойылған бекіре тұқымдас балықтар мен олардың уылдырығын (бұдан әрі - Өнім) мемлекеттік монополия субъектісі болып табылатын мемлекеттік кәсіпорынның (бұдан әрі - Субъект) Қазақстан Республикасының сыртқы және ішкі нарығына өткізу тәртібін анықтайды.

2. Өнімді өткізу тәртібі

      2. Өткізуге ұсынылатын Өнімнің түр-түрін Субъект жүзеге асыратын қызметінің бағытына сәйкес дербес айқындайды.
      3. Субъект Өнімді сақтау және сату кезінде балық және балық өнімдерінің қауіпсіздігі жөніндегі техникалық регламентке сәйкес, санитарлық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормаларды, гигиеналық нормативтер мен талаптарды сақтайды.
      4. Субъектке Өнімді дайындау, сақтау және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының, ветеринария саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркеу нөмірі беріледі.
      5. Өнімді өткізу кезінде Субъект Өнімнің белгіленген талаптарға сәйкестігін растау туралы ақпаратты сатып алушының назарына жеткізеді және тұтынушыға оның талап етуі бойынша сәйкестік туралы сертификат немесе декларация және Өнімнің қауіпсіздігі туралы санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны ұсынады.
      6. Зат белгілерде, қосымша парақтарда және орама материалдарының стикерлерінде Өнімнің түрлері ескеріле отырып, мемлекеттік және орыс тілдерінде:
      1) атауы, салмағы, бір килограмының немесе бір бірлігінің бағасы туралы;
      2) Өнімнің тағамдық құндылығы (құнарлылығы, құрамындағы ақ уыз, май, көміртектер) туралы;
      3) дайын Өнімді дайындау тәсілдері мен шарттары (концентраттар мен тамақ өнімдерінің жартылай фабрикаттары үшін) туралы;
      4) сақтау мерзімдері мен шарттары және жарамдылық мерзімдері туралы;
      5) Өнімнің дайындалған күні мен оралған күні туралы;
      6) Өнімнің құрамы туралы мәліметтер көрсетіледі.
      7. Субъект қажетіне қарай, бірақ жылына екі реттен асырмай жануарлар дүниесін қорғау, есімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті органға (бұдан әрі - уәкілетті орган) Өнімнің тізбесі бойынша жоспарланып отырған бағаларды көрсете отырып ұсыныс енгізеді және негіздейтін құжаттарды ұсынады.
      8. Уәкілетті орган Субъект ұсынған ұсынысты және негіздейтін құжаттарды қарастырып, Заңның 11-1-бабы 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметіне Субъект өткізетін дайын Өнімнің бағасын бекіту бойынша ұсыныс енгізеді.
      9. Өнім міндетті түрде алдын-ала ақы төлеу шартымен қатаң есепке алу құжаты болып табылатын тауар-көліктік жүкқұжат бойынша Субъектінің қоймасынан ғана өткізіледі.
      10. Өнімді Субъектіден сатып алған жеке және заңды тұлғалар оны одан әрі қайта өңдеуді және өткізуді дербес жүзеге асырады.
      11. Тауар-көліктік жүкқұжат Өнімнің Субъектіден сатып алынғанын растайтын құжат болып табылады.
      12. Бекіре тұқымдас балықтардың таңбаланбаған уылдырығын өткізуге жол берілмейді.
      13. Ішкі және сыртқы нарықта бекіре тұқымдас балық түрлерінің уылдырығын сату үшін таңбалау уәкілетті орган белгілейтін тәртіппен жүзеге асырылады.
      14. Өнімді Қазақстан Республикасынан тысқары шығаруға рұқсат уәкілетті орган бекіткен Әкімшілік органның құрып кету қауіпі төнген жануарлар мен өсімдіктер түрлерін, олардың бөліктерін немесе туындыларын Қазақстан Республикасына әкелуге және одан тысқары жерлерге әкетуге рұқсат беру тәртібі туралы ережеге сәйкес беріледі.
      15. Тірі күйінде бекіре тұқымдас балық түрлерін, олардың ұрықтандырылған уылдырығын (будандастырылған түрлерін қоспағанда) Қазақстан Республикасынан тысқары жерге өткізу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен жүзеге асырылады.