"Балдың және ара шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар" техникалық регламентін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 5 қарашадағы № 1160 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 30 қаңтардағы № 29 қаулысымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 30.01.2017 № 29 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Балдың және ара шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар" техникалық регламенті бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 5 қарашадағы
№ 1160 қаулысымен
бекітілген

"Балдың және ара шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігіне
қойылатын талаптар" техникалық регламенті
1. Қолданылу саласы

      1. Осы "Балдың және ара шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар" техникалық регламенті (бұдан әрі - Техникалық регламент) Қазақстан Республикасында шығарылатын және тасымалданатын (импортталатын) балға және ара шаруашылығы өнімдеріне таралады әрі өнімді өндіру, сақтау, айналымға шығару, кәдеге жарату және жою кезіндегі қауіпсіздік талаптарын белгілейді.

      Осы Техникалық регламенттің қолданылу аясына түсетін өнімдер тізбесі және олардың Кеден одағының Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауарлық номенклатурасының (КО СЭҚ БТН) жіктеуіші бойынша кодтары осы Техникалық регламентке 1-қосымшада көрсетілген.

      2. Нәтижесінде балдың және ара шаруашылығы өнімдерінің адам денсаулығы мен қоршаған ортаға теріс әсерін тигізетін қасиеттерді иеленетін неғұрлым ықтимал қатерлерге мыналар жатады:

      1) құрамында оксиметилфурфуролдың болуы;

      2) микробиологиялық көрсеткіштер;

      3) құрамында уытты элементтердің, пестицидтердің, радионуклидтердің және олардың қалдықтарының болуы;

      4) ара шаруашылығында қолданылатын ветеринариялық препараттар қалдықтарының болуы;

      5) өнімді химиялық заттармен, иондаушы және ультракүлгін сәулелермен өңдеу тәсілдері;

      6) тағамдық қоспалар мен хош иістендіргіштердің, сондай-ақ қолдануға тыйым салынған қосалқы технологиялық құралдардың, гендік инженерия өнімдерінің болуы;

      7) бөгде қосындылар.

      3. Балды сәйкестендіру:

      түрі;

      ботаникалық және географиялық шығу тегі;

      айырып алу әдістері бойынша жүргізіледі.

      Мәлімделген атау бойынша өнімдерді сәйкестендіру стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарға сәйкес мынадай әдістерді қолдану арқылы жүргізіледі:

      өнім легін сипаттайтын құжаттарды талдау;

      өнімді көзбен шолып (органолептикалық) тексеру;

      тұтыну орамындағы, затбелгілердегі, жапсырма қағаздардағы, қосымша парақтағы және (немесе) ілеспе құжаттардағы ақпаратты зерделеу;

      өнімді зерттеу және сынау.

2. Терминдер мен анықтамалар

      4. Осы Техникалық регламентте "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне және "Бал ара шаруашылығы туралы", "Ветеринария туралы", "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес терминдер мен анықтамалар қолданылады, оның ішінде:

      1) ара шаруашылығы - ауыл шаруашылығы өндірісінің саласы, оның жұмыс істеу негізгі энтомофильді өсімдіктерді тозаңдандыру мен олардың өнімділігін арттыру, бал ара шаруашылығы өнімдерін алу үшін бал араны өсіру, ұстау және пайдалану болып табылады;

      2) ара шаруашылығы өнімдері - араның жинаушылық және физиологиялық қасиеттері арқасында алынған өнімдер (бал, балауыз, бал ара тозаңы, балтозаң, желімтік, бал ара сүті, бал ара уы, еркек бал ара гомогенаты), сондай-ақ бал араның өзі;

      3) бал - гүл шірнелерінен, өсімдіктердің тірі бөліктерінің немесе ондағы тоғышарлық ететін жәндіктердің бөлінділерінен аралар өндірген өнім;

      4) ара балауызы - аралар ұя салу және ұя ұяшықтарының бетін жабу үшін өндірген өнім;

      5) бал ара тозаңы - ұя ұяшықтарына салынған және бал құйылған гүл аталығы тозаңынан аралар өндірген өнім;

      6) омарта - бал арасымен қоса белгілі бір жерде орналастырылған бал ара ұялары және бал ара шаруашылығымен айналысуға қажетті мүлік;

      7) гүл балы - бал беретін аралар өсімдіктер гүлдерінің шырынынан алған бал;

      8) шіре бал - бал беретін аралар шіреден (өсімдіктердің шырынымен қоректенетін жәндіктерден бөлінетін тәтті сұйықтықтан) және тәтті шықтан (өсімдіктің жапырақтары мен сабағында тұратын тәтті шырын) алатын бал;

      9) айырып алынған бал - құрты жоқ беті жабылмаған ұяны центрафугадан өткізу арқылы алынған бал;

      10) престелген бал - құрты жоқ ұяны престеу арқылы алынған бал;

      11) сүзгіден өткен бал - құрты жоқ ұяны сүзгіден өткізу арқылы алынған бал;

      12) ұя балы - аралар жаңа ұялардың ұяшықтарында құртсыз сақтаған және беті жабылған бүтін ұямен немесе осындай ұялардың жеке секцияларымен сатылатын бал;

      13) ұялары бар бал - ұядағы балдың бір немесе бірнеше бөлшектерін қамтитын бал.

3. Балдың және ара шаруашылығы өнімдерінің нарықтағы
айналымының шарттары

      5. Қазақстан Республикасының аумағындағы әкелінетін және айналымға жіберілген бал және ара өнімдері осы Техникалық регламентте белгіленген талаптарға сәйкес келуі керек, сондай-ақ оның қауіпсіздігі мен бақылануын растайтын құжаттармен сүйемелденуге тиіс.

      Бал және ара шаруашылығы өнімдерінің осы Техникалық регламентке сәйкестігі туралы ақпарат тұтынушыға таңба қою мен бал және шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін куәләндыратын құжат арқылы жеткізіледі.

      6. Сапасыздық белгілері анық көрініп тұрған, қауіпсіздігін, шығу тегін растайтын ілеспе құжаттары жоқ, сондай-ақ қасиеттері мен таңбалануы Қазақстан Республикасының ветеринария және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін, жарамдылық мерзімі белгіленбеген немесе өтіп кеткен бал және ара шаруашылығы өнімдері сатуға жіберілмейді.

4. Балдың және ара шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігіне
қойылатын талаптар

      7. Бал және ара шаруашылығы өнімдері араның, ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарының қауіпті жұқпалы ауруларынан таза аумақта орналасқан және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 4 қарашадағы № 1755 қаулысымен бекітілген тәртіппен берілген есептік нөмірлері бар ара шаруашылықтарынан (омарталардан) алынуға тиіс.

      Балдың органолептикалық және физика-химиялық көрсеткіштері осы Техникалық регламентке 2-қосымшада көрсетілген параметрлерге сәйкес болуға тиіс.

      8. Балдың сапасыздық белгілері (ашу, зең белгілері) және бөгде иістері болмауға тиіс.

      Ара шаруашылығы өнімдерінің өзіне тән емес түсі мен құрылымы болмауға, сондай-ақ оның құрамында шығу тегі басқа парафин мен церезин болмауға тиіс.

      Бал және ара шаруашылығы өнімдері химиялық заттармен, иондаушы сәулеленумен және ультракүлгін сәулелермен өңделмеуге тиіс.

      9. Балда және ара шаруашылығы өнімдерінде бөгде қоспалар (әйнек, металл, ағаш сүрегінің бөлшектері, араның және олардың дернәсілдерінің, басқа жәндіктердің дене бөлшектері) мен жуғыш және дезинфекциялаушы құралдар қалдықтарының болуына жол берілмейді.

      10. Уытты элементтердің (қорғасын, кадмий, сынап, мышьяк), радионуклидтердің, ветеринариялық препараттардың, пестицидтер мен гендік инженерия өнімдерінің болуын және бал мен ара шаруашылығы өнімдерінің микробиологиялық көрсеткіштерін бақылаудың тәртібі мен мерзімділігін өнімді өндіруші өндірістік бақылау бағдарламасында белгілейді.

5. Бал мен ара шаруашылығы өнімдерін сақтауға және
тасымалдауға қойылатын қауіпсіздік талаптары

      11. Балды тікелей күн сәулесі радиациясынан қорғалған үй-жайларда сақтайды. Балды улы, шаң көтеретін өнімдермен және балға оның өзіне тән емес иіс сіңдіруі мүмкін өнімдермен бірге сақтауға болмайды.

      12. Қойма үй-жайларын таза ұстау керек, ұдайы дезинсекция және дератизация жүргізіп отыру керек.

      13. Бал мен ара шаруашылығы өнімдерін сақтау шарттары нақты өнім түріне арналған нормативтік құжаттарда көзделген мерзім ішінде олардың сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.

      Бал мен ара шаруашылығы өнімдерін өндіруші сақтау, тасымалдау шарттары сақталған жағдайда белгіленген жарамдылық мерзімі ішінде олардың қауіпсіздігі үшін жауапты болады.

      14. Бал және ара шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға арналған көліктік ыдыс пен көлік құралдары олардың сақталуын және атмосфералық жауын-шашыннан, аяздан, күн сәулесінен және желден қорғалуын қамтамасыз етуге тиіс.

      15. Балды және ара шаруашылығы өнімдерін әрбір тасымалдаудан кейін көліктік ыдыс пен көлік құралдары санитариялық өңделуге тиіс.

6. Бал мен ара шаруашылығы өнімдерін буып-түюге,
таңбалауға қойылатын талаптар

      16. Бал мен ара шаруашылығы өнімдерінің ыдысына, оларды буып-түюге және таңбалауға қойылатын жалпы талаптар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 21 наурыздағы № 277 қаулысымен бекітілген "Буып-түюге, таңбалауға, затбелгі жапсыруға және оларды дұрыс түсіруге қойылатын талаптар" техникалық регламентінің талаптарына сәйкес болуға тиіс.

      17. Бал мен ара шаруашылығы өнімдерін буып-түю олардың ластануына жол бермейтін жағдайларда жүзеге асырылуға тиіс.

      18. Ыдыс, буып-түю материалдары және қыстырғыш құралдар:

      1) санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган тамақ өнімдерімен араластыру үшін рұқсат беруге;

      2) тасымалдау және сақтау кезінде бал мен ара шаруашылығы өнімдерінің герметикалы болуын, сақталуын және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;

      3) таза, құрғақ, бөтен иісі жоқ және механикалық зақымдалмаған болуға тиіс.

      19. Буып-түйілетін бірліктің ыдысына немесе қақпағына нормативтік құжаттарға сәйкес затбелгі немесе мынадай ақпаратты қамтитын литография жапсырылады:

      өнімнің атауы;

      өнім түрі (ботаникалық шығу тегі);

      айырып алу әдісі;

      жиналған жылы;

      дайындаушының, буып-түюшінің, экспорттаушының, импорттаушының атауы орналасқан жері және шыққан жері;

      нетто салмағы;

      энергетикалық құндылығы;

      сақтау мерзімі;

      сақтау шарты;

      тұтынушы ыдысына бөліп өлшенсе, бөліп өлшеу (буып-түю) күні.

      Көліктік ыдысты таңбалау кезінде мынадай деректер көрсетіледі:

      жөнелтуші кәсіпорынның атауы, оның мекенжайы;

      лектің реттік саны;

      өнімнің атауы;

      балдың ботаникалық шығу тегі;

      жиналған жылы;

      бөліп өлшеу (буып-түю) күні;

      брутто және нетто салмағы.

      Жәшіктерді таңбалау кезінде қосымша бал мен ара шаруашылығы өнімдері бірліктерінің саны көрсетіледі. Әр жәшікке буып-түюшінің нөмірі көрсетілген буып-түю парағы.

      Шыны немесе керамика ыдыс салынған жәшіктің жоғарғы қақпағына "Сынғыш. Абайлаңыз" деген сақтандыру жазбасы жазылады.

      Балды таңбалаған кезде қосымша балдың тазалығын (табиғилығын) айқындайтын атауы көрсетіледі.

      Балдың атауы "гүлді", "шіре" терминдерімен толықтырылуы мүмкін.

      Балдың әрқилы түрлері қоспаларының атауы "гүлді және шіре балдарының қоспасы" деген сөздермен толықтырылуы мүмкін.

      Балдың атауында: "айырып алынған бал", "престелген бал", "сүзілген бал" деген айырып алу әдісіне сілтеме қамтылуы мүмкін.

7. Бал мен ара шаруашылығы өнімдерін кәдеге жаратуға және
жоюға қойылатын талаптар

      20. Пайдалануға жарамсыз және адам өмірі мен денсаулығына қауіпті бал мен ара шаруашылығының өнімдерін жою және кәдеге жарату "Адамның өмірі мен денсаулығына және жануарларға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін кәдеге жарату және жою ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 15 ақпандағы № 140 қаулысымен белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

8. Сәйкестікті растау

      21. Бал мен ара шаруашылығы өнімдерінің сәйкестігін растау Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес ерікті түрде жүзеге асырылады.

9. Өтпелі ережелер

      22. Осы Техникалық регламент алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      23. Осы Техникалық регламент қолданысқа енгізілген сәттен бастап Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік құжаттар осы Техникалық регламентке сәйкес келтірілгенге дейін осы Техникалық регламентке қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.

  "Балдың және ара шаруашылығы өнімдерінің
қауіпсіздігіне қойылатын талаптар"
техникалық регламентіне
1-қосымша

"Балдың және ара шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігіне
қойылатын талаптар" техникалық регламентінің қолданылу
аясына түсетін өнімдер тізбесі

КО СЭҚ БТН

Өнімнің атауы

0409 00 000 0

Табиғи бал

1521

Боялған немесе боялмаған, тазартылған немесе тазартылмаған өсімдік балауыздары (триглицеринді қоспағанда), ара балауызы, басқа да жәндіктердің балауыздары және спермацет

  "Балдың және ара шаруашылығы өнімдерінің
қауіпсіздігіне қойылатын талаптар"
техникалық регламентіне
2-қосымша

Балдың органолептикалық және физика-химиялық көрсеткіштері

Көрсеткіштің атауы

Балдың сипаттамасы және маңызы

ақ қарағаннан және мақтадан алынған балдан басқа, барлық түрі

ақ қарағаннан

мақтадан

Хош иісі

Жағымды, әлсізден күштіге дейін, бөгде иісі жоқ

Жағымды, нәзік, мақта балына тән

Дәмі

Тәтті, жағымды, бөгде дәмі жоқ

Тозаң түйіршіктерінің болуы

Нормаланбайды

Ақ қараған тозаңының түйіршіктері болады

Мақта тозаңының түйіршіктері болады

Судың массалық үлесі, %, артық емес

21

21

19

Редукциялайтын қанттың массалық үлесі (құрғақ затқа абсолютті), %, кем емес

82

76

86

Сахарозаның массалық үлесі (құрғақ затқа абсолютті), %, артық емес

6

10

5

Диастазалық саны (құрғақ затқа абсолютті), Готе бірл., кем емес

7

5

7

1 кг балда оксиметилфурфуролдың болуы, мг, артық емес

25

25

5

Оксиметилфурфуролға сапалық реакция

Теріс

Механикалық қосындылар

Жол берілмейді

Ашу белгілері

Жол берілмейді

Қалайының массалық үлесі, %, артық емес

0,01

0,01

0,01

Жалпы қышқылдығы, см3, артық емес

4,0

4,0

4,0


      Ескертпе:

      1. Талшыннан және темекіден алынған балдарда ашқылтым дәм болады.

      2. Оксиметилфурфуролдың саны сапалық реакция оң нәтиже бергенде анықталады.