Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкiметiнiң 31.10.2015 № 870 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзіледі) қаулысымен.
РҚАО-ның ескертпесі.
ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 7-1/370 бұйрығын қараңыз.
РҚАО-ның ескертпесі!
Қаулының қолданылуы 2010 жылғы 1 маусымға дейін тоқтатыла тұрады - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 2 наурыздағы № 161 Қаулысымен.
"Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі Заңы 5-бабының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын союды ұйымдастыру ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғанынан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 4 қарашадағы
N 1754 қаулысымен
бекітілген
Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын
союды ұйымдастыру ережесі
1. Осы Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын союды ұйымдастыру ережесі (бұдан әрі — Ереже) "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын союды ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
ет өңдейтін кәсіпорын - жануарларды сою және сойылған өнімдерді өңдеу жүзеге асырылатын, мал базасы, өндірістік цех, өндірістік ветеринариялық-санитариялық бақылау бөлімі және ветеринариялық-санитариялық нормалар мен талаптарға сай келетін басқа да қосалқы объектілері бар өндірістік кешен;
сою алаңы (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңы) - ет өңдейтін кәсіпорын немесе сою пункттері жоқ кезеңде, ветеринариялық-санитариялық ережелер сақталып және жануар мен оның сойылған өнімдеріне ветеринариялық тексеру жүргізе отырып, мал сою үшін белгіленетін бейімделген үй-жай (орын);
сою пункті - ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізіле отырып, жануарларды соятын және жануарлардың сойылған өнімдерін бастапқы өңдейтін жабдықтармен жарақтандырылған, ветеринариялық-санитариялық нормалар мен талаптарға сай келетін мамандандырылған үй-жай.
3. Ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлері ұшалары мен ағзаларын сою алдындағы ветеринариялық тексеріп қарауға және союдан кейінгі ветеринариялық тексеріп қарауға жатады.
4. Союдан кейінгі ветеринариялық тексеріп қарау нәтижелері бойынша ұшаға "алдын ала тексеріп қарау" таңбасы қойылады.
5. Ауыл шаруашылығы жануарларын сою алдындағы ветеринариялық тексеріп қарау мен ұшалар мен ағзаларды союдан кейін ветеринариялық тексеріп қарау нәтижелерін ветеринариялық дәрігер арнайы журналдарда тіркейді.
6. Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын сою Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында белгіленген ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелер мен нормаларды сақтап және белгіленген тәртіппен ветеринариялық-санитариялық сараптаманы жүргізіп, ветеринариялық және ветеринариялық-санитариялық талаптар мен нормаларға сәйкес келетін сою пункттерінде немесе етті қайта өңдеу кәсіпорындарында жүзеге асырылады.
7. Сою пункттері немесе етті қайта өңдеу кәсіпорындары жоқ кезеңде ауыл шаруашылығы жануарларын сою және жануар мен оның сою өнімін ветеринариялық тексеріп қарау ветеринариялық және ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес келетін сою алаңдарында (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарында) жүзеге асырылады.
8. Ауыл шаруашылығы жануарларын сою тек қана Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен берілетін есептік нөмірлері бар сою пункттерінде, сою алаңдарында (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарында) және етті қайта өңдеу кәсіпорындарында жүзеге асырылады.
9. Жануарларды сою алаңдарында (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарында) сойған кезде ветеринариялық дәрігер:
ауыл шаруашылығы жануарында бірдейлендіру нөмірінің, ветеринариялық паспортының және онда өткізілген ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар мен диагностикалық зерттеулер туралы белгінің болуына тексеру;
ветеринария саласындағы уәкілетті органмен белгілеген тәртіппен ауыл шаруашылығы жануарларын сою алдында ветеринариялық тексеріп қарау және ұшалар мен ішкі ағзаларды союдан кейін тексеріп қарау, ұшаларды таңбалау жүргізіледі.
Ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарында (ауыл шаруашылығы жануарларын сою аландарында) сойған кезде ұшаларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы орган бөлімшесінің ветеринариялық дәрігер берген жануарды сою алдында ветеринариялық тексеріп қарау және ұшалар мен ағзаларды союдан кейін ветеринариялық тексеріп қарау нәтижелерін көрсетіп, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің қолайлылығы туралы ветеринариялық анықтама бірге жүреді.
Ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңында сою нәтижесінде алынған ұшалар мен ағзалар өткізудің алдында уәкілетті орган белгілеген тәртіппен ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өтеді.
10. Сою пункттерінде немесе етті қайта өңдеу кәсіпорындарында сойған кезде ветеринариялық-санитариялық сараптау зертханасының немесе өндірістік бақылау бөлімшесінің ветеринариялық дәрігері:
ауыл шаруашылығы жануарында бірдейлендіру нөмірінің, ветеринариялық паспорттың және онда өткізілген ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар мен диагностикалық зерттеулер туралы белгінің болуын тексеруді;
ветеринария саласындағы уәкілетті органмен белгілеген тәртіппен жануарды сою алдында ветеринариялық тексеріп қарауды және ұшалар мен ішкі ағзаларды союдан кейін ветеринариялық-санитариялық сараптауды, сараптама актісін беруді, ұшаларды таңбалауды ветеринария саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүргізеді.
Ауыл шаруашылығы жануарларын сою пункттерінде немесе етті қайта өңдеу кәсіпорындарында сойған кезде ұшасы ветеринариялық-санитариялық сараптау зертханасының немесе өндірістік бақылау бөлімшесінің сараптама актісінің негізінде белгілеген тәртіппен берілген ветеринариялық сертификатпен бірге жүреді.
11. Жануарлардан алынатын өнімдер (ет және ет өнімдері) мен шикізатты ішкі сауда объектілерінде өткізу ауыл шаруашылығы жануарының осы ереженің талаптарына сәйкес сойылғандығын растайтын ветеринариялық құжаттар болған кезде ғана жіберіледі.