Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 17 ақпандағы N 172 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексіне және "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 17 ақпандағы
N 172 қаулысымен  
бекітілген     

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың
жерін босалқы жерге ауыстыру ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының Жер кодексіне және "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру тәртібін айқындайды.
      2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге мемлекеттік бағдарламаларда көзделген туризм объектілерін ықтимал орналастырудың басқа нұсқалары болмаған жағдайда оларды салу және олардың жұмыс істеуі үшін ғана және шектелген шаруашылық қызмет режимі белгіленген учаскелерді ғана ауыстыруға жол беріледі.
      Туризм объектілері - туристерді, көлікті, қоғамдық тамақтандыру объектілерін, ойын-сауық объектілері мен құралдарын, танымдық, сауықтыру, спорттық және басқа да мақсаттардағы объектілерді орналастыру үшін қажет ғимараттар мен құрылыстардың жиынтығы.

2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыруға арналған материалдарды дайындау

      3. Салынуы мен жұмыс істеуі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыруды қажет ететін туризм объектілерін өзіне енгізуді көздейтін мемлекеттік бағдарламаның жобасын әзірлеу сатысында жоба оларды ықтимал орналастырудың басқа нұсқалары (орындары) және шектеулі шаруашылық қызмет режимі белгіленген учаскелердің болмауы бөлігінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органмен келісіледі.
      4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган туризм объектілерін ықтимал орналастырудың басқа нұсқалары (орындары) болмауы мәселесін қарау үшін комиссия (бұдан әрі - комиссия) құрады.
      Комиссия құрамына туристік қызмет, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдардың, орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар мемлекеттік органдардың және өзге де мүдделі органдардың өкілдері кіреді, ол сұралып отырған жер учаскесін нақтылы тексереді.
      5. Сұралып отырған жер учаскесінде туризм объектілерін салу және олардың жұмыс істеуі жөніндегі іс-шараларды мемлекеттік бағдарламаға енгізуге ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган бекіткен ерекше қорғалатын табиғи аумақтың функционалдық аймақтануын және оның инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарын ескере отырып шығарылған комиссияның оң қорытындысы негіз болып табылады.

3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру

      6. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітілген мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мақсатында оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітеді, онда сұралып отырған жер учаскесін босалқы жерге ауыстырудың техникалық-экономикалық негіздемесін (бұдан әрі - техникалық-экономикалық негіздеме) әзірлеу жөніндегі іс-шара көзделеді.
      7. Техникалық-экономикалық негіздеме:
      босалқы жерге ауыстырылатын сұралып отырған жер учаскесін бөліп берудің жерге орналастыру жобасын;
      сұралып отырған жер учаскесін босалқы жерге ауыстыру бойынша залалдарды жабуға байланысты шығындардың есептемесін;
      сұралып отырған жер учаскесіндегі және оған іргелес аумақтардағы мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін барынша сақтау және қорғау жөніндегі іс-шараларды орындауға жұмсалатын шығындардың есептемесін;
      рекреациялық жүктемелер нормаларын айқындай отырып, табиғи кешендерді реттелмелі туристік мақсатта пайдалану шарттарын;
      туризм инфрақұрылымын салу мен құруға арналған болжамды шығындардың есептемесін;
      экологиялық туризмді дамытуды және мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін барынша сақтауды ескере отырып, туризм объектілерін салуға сұралып отырған жер учаскесін, оның инфрақұрылымын: көлікке арналған тұрақтарды, кемпингтерді, қонақ үйлерді, мотельдерді, туристік базаларды, қоғамдық тамақтандыру, сауда және басқа да мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектілерді, құбыржолдарды, электр беру және байланыс желілерін, жолдарды орналастыру орындарын жоспарлау жобасын (құрылыс салудың бас жоспарын);
      қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағалауды (алдын ала ҚОӘБ);
      сұралып отырған жер учаскесін босалқы жерге ауыстырудың экономикалық мақсатқа сәйкестігі туралы тұжырымдарды қамтиды.
      Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алған қоршаған ортаға әсер алдын ала бағаланып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган бекіткен техникалық-экономикалық негіздеме Қазақстан Республикасы Үкіметінің ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру туралы шешімінің жобасын әзірлеу үшін негіз болып табылады.
      8. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган сұралып отырған жер учаскесін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерінен босалқы жерге ауыстыру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының тиісті жобасын әзірлейді.