Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру және босалқы жерді қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріне ауыстыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 17 ақпандағы № 172 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының Жер кодексі 13-бабының 3-2) тармақшасына және "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
көрсетілген қаулымен бекітілген Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру және босалқы жерді қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жеріне ауыстыру қағидаларында:
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру және босалқы жерді қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріне ауыстыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Жер кодексі 13-бабының 3-2) тармақшасына, "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 4) тармақшасына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру және босалқы жерді қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріне ауыстыру тәртібін айқындайды.";
2) және 3) тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"2) ықтимал орналастырудың басқа нұсқалары болмаған кезде стратегиялық су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды, сел ағындарынан, қар көшкіндерінен, көшкіндерден қорғайтын өзге де қорғаныш құрылысжайларын салу және олардың жұмыс істеуі және сейсмологиялық станциялар желісін кеңейту үшін шаруашылық қызметтің шектеулі режимі белгіленген жер учаскелерін ғана;
3) "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 2-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында және 3-тармағының 1), 2), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген ерекше қорғалатын табиғи аумақтар орналасқан жер учаскелерін қоспағанда, Заңның 84-2-бабының 1-тармағына сәйкес пайдалы қатты қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда) өндіру үшін және шаруашылық қызметтің шектеулі режимі белгіленген жер учаскелерін ғана;";
4) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
"5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар шекарасында орналасқан және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылғанға және кеңейтілгенге дейін жұмыс істеген денсаулық сақтау және білім беру ұйымдары, қолданыстағы зираттар, кәріздік тазарту құрылысжайлары, электр беру желілері объектілерінің нысаналы мақсатын өзгертпей, оларды пайдалану үшін босалқы жерге ауыстыру жағдайларын қоспағанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін ауыстыруға жол берілмейді.";
2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) стратегиялық су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайлар – тікелей су объектілерінде орналасқан немесе су ресурстарын бассейнаралық ағызуды жүзеге асыратын, иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) билік ету Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер ететін және мемлекеттің, халықтың және қоршаған ортаның орнықты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбеге енгізілген мемлекетаралық су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайлар не су шаруашылығы құрылыстары мен гидротехникалық құрылысжайлар;";
3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Ықтимал орналастырудың басқа нұсқалары (орындары) болмауы бөлігінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды, сел ағындарынан, қар көшкіндерінен, көшкіндерден қорғайтын өзге де қорғаныш құрылысжайларын орналастыру және сейсмологиялық станциялар желісін, Мемлекеттік шекараның объектілерін, қорғаныс мұқтажы үшін объектілерді, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар шекарасында орналасқан және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылғанға және кеңейтілгенге дейін жұмыс істеген денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының, қолданыстағы зираттардың, кәріздік тазарту құрылысжайларының, электр беру желілерінің объектілерін (бұдан әрі – объектілер) кеңейту орындары, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақта табылған кен орнында қатты пайдалы қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда) өндіру орындары ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органмен (бұдан әрі – уәкілетті орган) келісіледі.
4. Уәкілетті орган салынуы мен жұмыс істеуі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыруды талап ететін объектілерді ықтимал орналастырудың басқа нұсқаларының (орындарының) болмауы, сондай-ақ барлау не геологиялық бөлу учаскесі шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде өндірілуі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыруды талап ететін пайдалы қатты қазбалар кен орнының анықталғанын растау мәселелерін қарау үшін комиссия (бұдан әрі – комиссия) құрады.
Комиссияның құрамына ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі саласындағы уәкілетті органның аумақтық органының, су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі бассейндік су инспекциясының (су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды қарау кезінде), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің (Мемлекеттік шекара объектілерін қарау кезінде), Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің (қорғаныс мұқтажы үшін объектілерді қарау кезінде), жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның (қатты пайдалы қазбалар кен орнының анықталғанын растау мәселесін қарау кезінде), су қорын қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті органның (зерттеліп жатқан аумақта жерасты суларының бар-жоғы мәселесін қарау кезінде), ерекше қорғалатын табиғи аумақ қарамағында болатын мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және өзге де мүдделі органдардың өкілдері кіреді.";
мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:
"5-1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар шекарасында орналасқан және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылғанға және кеңейтілгенге дейін жұмыс істеген денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының, қолданыстағы зираттардың, кәріздік тазарту құрылысжайларының, электр беру желілерінің объектілерін пайдалану үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру үшін уәкілетті орган бекіткен ерекше қорғалатын табиғи аумақтың функционалдық аймақтарға бөлінуі мен инфрақұрылымын дамытудың бас жоспары ескеріле отырып шығарылған комиссияның оң қорытындысы негіз болып табылады.";
мынадай мазмұндағы 7-1-тармақпен толықтырылсын:
"7-1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар шекарасында орналасқан және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылғанға және кеңейтілгенге дейін жұмыс істеген денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының, қолданыстағы зираттардың, кәріздік тазарту құрылысжайларының, электр беру желілерінің объектілерін пайдалану үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстырудың техникалық-экономикалық негіздемесі осы Қағидалардың 7-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды әзірлеуді қамтиды.".
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |