"Ағаш конструкцияларының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар" техникалық регламентін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 26 желтоқсандағы N 1265 Қаулысы

      "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған "Ағаш конструкцияларының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар" техникалық регламенті бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап алты ай еткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің       
2008 жылғы 26 желтоқсандағы
N 1265 қаулысымен    
бекітілген       

"Ағаш конструкцияларының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар" техникалық регламенті

1. Қолданылу саласы

      1. Осы "Ағаш конструкцияларының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар" техникалық регламенті (бұдан әрі - Техникалық регламент) ағаш конструкцияларының қауіпсіздігіне, оларды өндіру, тасымалдау, сақтау, пайдалану мен кәдеге жарату процестеріне қойылатын талаптарды белгілейді.
      Осы Техникалық регламентте техникалық реттеу объектілері мыналар болып табылады:
      1) осы Техникалық регламентке 1-қосымшада келтірілген ағаш конструкциялары;
      2) ағаш конструкцияларын өндіру, тасымалдау, сақтау, пайдалану мен кәдеге жарату процестері (тіршілік циклдері).
      2. Ағаш конструкцияларын сәйкестендіру Кеден одағының Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының (КО СЭҚ ТН) кодтары мен ҚР МЖ 04-2008 Экономикалық қызметінің түрлері бойынша өнім жіктемесі (ЭҚТ ӨЖ) бойынша, таңбалануы мен ілеспе құжаттары бойынша, конструкциялардың бүйірлік беттері қабаттарының (ламельдерінің) болуы бойынша және/немесе олардың беттерінде желімдік аралық қабаттардың (қосылыстарының) болуы бойынша, сондай-ақ жиынтығында оларды тану үшін жеткілікті болатын өзге де белгілер, өлшемдер, көрсеткіштер мен талаптар бойынша соларға сәйкес келетін кодтарды пайдалану жолымен жүргізіледі.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.02.08 № 91 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      3. Ағаш конструкцияларының қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексімен және Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 19 желтоқсандағы Еңбек кодексімен, "Тұтынушылар құқығын қорғау туралы" 2010 жылғы 4 мамырдағы, "Өрт қауіпсіздігі туралы" 1996 жылғы 22 қарашадағы, "Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы" 1998 жылғы 23 сәуірдегі, "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі, "Қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы" 2002 жылғы 3 сәуірдегі, "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы" 2002 жылғы 4 желтоқсандағы заңдарымен белгіленеді.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.08.18 N 822 (2010 жылғы 18 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      4. Ағаш конструкцияларының тіршілік циклі процесінде аулақ болу қажет болатын негізгі қауіпті факторлар (қатерлер) мыналар болып табылады:
      1) ағаш конструкцияларын дайындау мен құрастыру кезінде шу мен дірілдердің жоғары деңгейі орын алуы мүмкін;
      2) жабдықтардың, құрал-сайманның жылжымалы бөліктері, жылжытылатын бұйымдар, әзірлемелер, материалдар;
      3) қоршаған ортаның, жабдықтардың бетінің жоғары немесе төмен температурасы;
      4) ағаш конструкцияларының бетінде микрофлораның дамуы;
      5) өндірістік процестер кезінде ағаш конструкцияларының тұтануы;
      6) ағаш конструкцияларда адам ағзасына теріс әсерін тигізуі мүмкін шекті рұқсат етілген мәннен асатын радиоактивті сәулеленулердің болуы;
      7) тасымалдау кезінде жүктің тепе-тең бөлінбеуі тежеу кезінде немесе бұрылыстағы қозғалыс кезінде оны басқаруға ие бола алмай қалуға әкеп соқтыруы мүмкін, ал бекітілмеген жүк қозғалыс кезінде ығысып немесе түсіп қалуы мүмкін;
      8) өндіру мен пайдалану кезінде шайырлардың, желімдердің, сұйықтардың, ағашты әшекейлік/қорғауға арналған өңдеу құралдарының, саңырауқұлақ ауруына қарсы дәрі-дәрмектердің, лактардың, бояулардың және ерекше иісті басқа да материалдар мен химиялық заттардың адам денсаулығына зиян келтіруге қабілетті шекті рұқсат етілген концентрациялардан асатындай мөлшерде бөлінуі;
      9) өрттің шығу себебіне айналуы мүмкін артық мөлшердегі жылу бөлінетін қауіпті пайдалану процестері;
      10) елеулі мөлшердегі пайдалану жүктемелерін қабылдауға арналған ағаш конструкцияларының бұзылуы;
      11) өндірістік учаскелерінің және құрылыс-монтаждау алаңдары шегінде қозғалыстағы көлік құралдарынан, жүк көтерме машиналардан, тетіктер мен олардың бөліктерінен туындайтын қауіп.
      5. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған ағаш конструкциялары саласындағы халықаралық шартта осы Техникалық регламентте көзделгеннен өзге ережелер белгіленген болса, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
      6. Осы Техникалық регламент бұрын пайдалануда болған және құрылыста қайтадан пайдаланылатын ағаш конструкцияларына қатысты болмайды.

2. Терминдер және анықтамалар

      7. Осы Техникалық регламентте техникалық реттеу саласы мен сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамалық актілерде пайдаланылатын негізгі ұғымдар қолданылады, мына терминдер қосымша пайдаланылады:
      1) ағаш конструкцияларының беріктігі - ағаш конструкцияларының пайдалану және өзге жүктемелерінің әсерінен бұзылуға төтеп беру қабілетін сипаттайтын оның механикалық қасиеті;
      2) ағаш конструкцияларының биологиялық қауіпсіздігі - ағаш конструкцияларын дайындау кезінде пайдаланылған сүректің келеңсіз әсерін тигізетін микроорганизмдерден, әртүрлі жәндіктерден адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтірудің жол берілмейтін қатері болмайтындай жай-күйі;
      3) ағаш конструкцияларының механикалық қауіпсіздігі - ағаш конструкцияларының берілген қызмет мерзімі ішінде олардың талап етілген беріктігі қамтамасыз етілетіндей және адам өміріне немесе денсаулығына және қоршаған ортаға, оның ішінде өсімдіктер және жануарлар әлеміне зиян келтірудің рұқсат етілмейтін қатері болмайтындай жай-күйі;
      4) ағаш конструкциясы - ғимараттардың, құрылыстардың құрылыстық конструкцияларында және бұйымдарында көтеру және/немесе қоршау және/немесе әшекейлік функцияларын немесе олардың жиынтығын орындауға арналған белгілі бір өлшемдердегі және өзара белгілі бір тәртіппен орналасқан біріктірілген ағаш бөлшектерінің (қабаттарының, ламельдерінің) жиынтығы;
      5) ағаш конструкцияларының желім қосылыстарының төзімділігі - ағаш конструкцияларының желім қосылыстарының пайдалану мерзімімен белгіленген уақыт ішінде әртүрлі жүктемелердің әсерімен талап етілген беріктілік өлшемдерін сақтау қасиеті;
      6) ең аз қажетті талаптар - азаматтардың өмірі немесе денсаулығын қорғау, қоршаған ортаны, жануарларды немесе өсімдіктерді қорғау, өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты тұтынушыларды адастыруға алып келетін әрекеттердің алдын алу үшін рұқсат етілетін зиян келтіру қатерін бағалауға негізделген қауіпсіздік талаптары;
      7)  жалпы (елеулі) талаптар - қажетті қауіпсіздікті қамтамасыз етудің нақты тәсілдері мен сипаттамаларын егжей-тегжейлі көрсетпей-ақ, оның мәнін сипаттау түрінде ұсынылған ең аз қажетті талаптар;
      8) жол берілмейтін қатер - адамдардың денсаулығына жол берілмейтін зиян келтірудің не болмаса жеке немесе заңды тұлғалардың мүлкіне, мемлекеттік мүлікке, қоршаған ортаға жол берілмейтін зиян келтірудің ықтималдылығы;
      9) көрнекі сынама - өнімнің белгілі бір партиясынан алынған барлық нүктелік сынамалардың жиынтығы;
      10) қабат (ламель) - тұтас ағаш бөлшек түріндегі көп қабатты желімделген ағаш конструкцияларының элементі;
      11) нагель - біріктірілетін элементтердің өзара ығысуына жол бермейтін фермалардың түйіспелеріндегі, құрама өзекшелері мен арқалықтардағы ағаш конструкцияларының элементтерін біріктіруге арналған өзекшелер мен тілікшелер (болат және ағаш);
      12) нүктелік сынама - бір бақылау нүктесіндегі өнімнің партиясынан іріктеп алынған өнім материалының мөлшері;
      13) оттан қорғау - талап етілетін оттан қорғау тиімділігіне ие және ағаш конструкцияларды арнайы оттан қорғауға арналған құрам, зат (заттардың қоспасы) немесе материал;
      14) радионуклидтердің үлестік белсенділігі - көрнекі сынамадағы радионуклид белсенділігінің өте құрғақ күйдегі сынаманың салмағына ара қатынасы;
      15) сәйкестiк презумпциясы – оған сәйкес үйлестiрiлген ұлттық стандарттардың егжей-тегжейлi (нақты) талаптарын орындау Техникалық регламенттiң тиiстi жалпы (елеулi) талаптарын сақтау деп есептелетiн заңнамалық немесе тұжырымдамалық бекiтiлген ереже.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 23.07.2013 № 735 қаулысымен.

3. Өнімнің Қазақстан Республикасының нарығындағы айналым шарттары

      8. Ғимараттарды, құрылыстарды салу кезінде пайдаланылатын ағаш конструкциялар осы Техникалық регламенттің талаптарына, сондай-ақ ағаш конструкцияларына қатысы бар басқа да Техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келуі тиіс.
      9. Ағаш конструкциялары (оның ішінде импортталатын) өткізу (сату) кезінде тұтынушы үшін зиян келтірудің мүмкін болатын қатерлерін бағалау және олардың тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдауы үшін қажетті ілеспе құжаттамамен қамтамасыз етілуі тиіс. Онда мыналар көрсетілуі тиіс:
      1) ағаш конструкцияларының мақсаты және оларды пайдалану шарттары;
      2) ағаш конструкцияларының және олардың қосылыстары беріктігінің нақты көрсеткіштерінің нормативтік талаптарға сәйкес келуі;
      3) ағаш конструкцияларының өрт және экологиялық қауіпсіздік өлшемдері;
      4) ағаш конструкциялары материалдарының, олардың қабатындағы (ламельдері) заттар мен сүректердің радиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес болуын растау;
      5) желімделген ағаш конструкцияларын дайындау кезінде пайдаланылған желімдік заттардың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес болуын растау;
      6) ағаш конструкцияларын сақтау, тасымалдау, пайдалану және кәдеге жарату қауіпсіздігінің шарттары бойынша нұсқаулар;
      7) ағаш конструкцияларының осы Техникалық регламенттің талаптарына сәйкестік сертификаттары туралы мәліметтер.
      10. Ескерту таңбалауына енгізілетін ақпарат "Буып-түюге, таңбалауға, затбелгі жапсыруға және оларды дұрыс түсіруге қойылатын талаптар" техникалық регламентінің талаптарына сәйкес болуы тиіс.
      11. Ағаш конструкцияларының ескерту және сәйкестендіру таңбалары мәтін, нышандар түрінде салынады.
      12. Қабылдаудан өткен және тұтынушыға жеткізілетін әрбір конструкцияға шайылмайтын бояумен трафарет немесе мөртабанның көмегімен таңбалау белгілері салынуы тиіс.
      Конструкцияға таңбалауды монтаждаудан кейін көрініп тұратын бетіне салады.
      13. Ақпаратты түсіру құралдары ағаш конструкцияларын сақтау, тасымалдау, іске асыру және пайдалану кезінде таңбалардың сақталуын қамтамасыз етуі тиіс.

4. Жалпы техникалық талаптар

      14. Осы Техникалық регламентте тіршілік циклі процестерінде қойылатын механикалық (құлау немесе қирау кезіндегі соққы әсері), өрт, биологиялық және радиациялық және экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікке қойылатын талаптар келтірілген.
      15. Ағаш конструкцияларын құру, дайындау және пайдалану кезінде олар орындайтын барлық функциялар мен пайдалану шарттары ескерілген болуы тиіс.
      16. Желімделген ағаш конструкцияларының желімдік қосылыстарының беріктілігі желімделген қабаттардың (ламель) сүрегі мен әрлеу материалдарының беріктілігінен кем болмауы және нақты мақсаттағы ағаш конструкцияларында жүктемелер мен әсер етулердің сипаты мен мәндеріне сәйкес келуі тиіс.
      17. Желімделген ағаш конструкцияларының желімдік қосылыстарының төзімділігі нақты мақсаттағы ағаш конструкцияларын қалыпты пайдаланудың есептік уақыты ішінде желімдік қосылыстардың нормативтік беріктік мәндерін 0,95-тен кем болмайтындай сенімділікпен қамтамасыз етуі тиіс.
      Ағаш конструкцияларының көтерме қабілеті мен иілгіштігін есептеудің пайдаланылатын әдістері тиісті материалдардан жасалған конструкцияларға арналған қолданыстағы нормативтік құжаттардың, осы Техникалық регламенттің көтерме ағаш конструкцияларына қатысты талаптарына сәйкес жауап беруі және жүктемелер мен әсер етулердің қолайсыз үйлесімдерін есепке ала отырып, орындалуы тиіс.
      18. Желімделген ағаш конструкцияларын дайындау кезінде қолданылатын полимерлік және синтетикалық материалдар мен заттарға мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының тиісті рұқсаты болуы тиіс.
      Ағаш конструкцияларының жіктемесі осы Техникалық регламентке 2-қосымшада келтірілген.

4.1. Механикалық қауіпсіздік талаптары

      19. Ағаш конструкцияларын өндіру, тасымалдау және сақтау, құрылыста пайдалану, кәдеге жарату кезінде олардан туындауы мүмкін механикалық соққы әсерінен (құлау немесе қирау кезінде) қорғау үшін қажетті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ететін мынадай талаптар орындалуы тиіс:
      1) жекелеген ағаш конструкциясы, сондай-ақ олардың қатары қаластыру кезінде аударылу, құлау немесе бұзылу қатеріне жол бермей пайдалануды қамтамасыз ете отырып, көзделген жұмыс жағдайларында орнықты болуы тиіс;
      2) ағаш конструкцияларын құрылыс объектілерінде сақтау кезінде персоналдарды олардың мүмкін болатын құлауы немесе бұзылу кезінде соққы әсерінен қорғау үшін қорғау қоршаулары мен аспалар (маңдайшалар) қолданылуы тиіс;
      3) ағаш конструкцияларын жобалық орнына орнату кезінде, сондай-ақ олардың қатарын қаластырып жинаған кезде орнықтылығын қамтамасыз ету үшін тиісті бекітпелерді қолдануды көздеу қажет.
      20. Ағаш конструкцияларының механикалық қауіпсіздігі беріктілігі бойынша талаптарды орындаумен және сүректің табиғи кебу процесінен туындаған шөгуінің салдарынан геометриялық өлшемдерінің өзгермеуі арқылы қамтамасыз етіледі.
      21. Ағаш конструкцияларын жобалау мен монтаждау кезінде олардың иілгіштігін ескеру қажет, олар белгілі бір өңірге тән болып келетін барынша жоғары қар және жел жүктемелеріне шыдауы тиіс.
      22. Ағаш конструкциялары берік болуы және құрылыс алаңдарының нақты инженерлік-геологиялық жағдайларын және егер соңғысы сейсмикалық қауіпті ауданда орналасқан болса соның сейсмикалығын ескере отырып, ғимараттар мен құрылыстардың орнықтылығын қамтамасыз етуі тиіс.

4.2. Өрт қауіпсіздігі талаптары

      23. Ағаш конструкцияларының тіршілік циклінің барлық сатыларында олардың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданыстағы заңнамаларға, техникалық регламенттерге және өрт қауіпсіздігі саласындағы басқа да нормативтік құжаттарға сәйкес талаптар орындалуы тиіс.
      24. Ағаш конструкцияларын өндіру кезінде кәсіпорынның барлық қызметтері мен өндірісте жұмыс істейтін персоналдың жұмысын өндірістің өрт қауіпсіздігін тиісті техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес қамтамасыз ететіндей түрде ұйымдастыру қажет.
      25. Ағаш конструкцияларымен жұмыс істеу кезінде өрттің туындау жағдайларының алдын алатын шаралар көзделуі тиіс:
      1) тұтынушыға ағаш конструкцияларының өртке қауіптілігі туралы ескертіледі;
      2) оларды пайдалану жөніндегі нұсқаулық және өрт қауіпсіздігі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жалпы талаптар сақталады;
      3) ағаш конструкцияларының тұтануын алдын алуды қамтамасыз ететін, бастапқы сатыда өрттің дамуын тежейтін немесе тоқтататын, оның жайылмауын қамтамасыз ететін, өрттің қауіпті факторларының әсерін азайтатын және оны жылдам жоюға ықпал ететін, жаңа прогрессивті жобалық шешімдердің мүмкіншіліктерін кеңейтетін өрттен қорғау шаралары жүргізіледі;
      4) ағаштан жасалған құрылыс конструкцияларын оттан қорғау құрылымдық тәсілдермен (жылу оқшаулағыш материалдарымен қаптау, әртүрлі экрандар мен өртке қарсы аралық жабындарды орнату) және ағаштың бетін өңдеу үшін арнайы оттан қорғау құрамдарын (жақпалар, бояулар, лактар, сіңіргіштер) пайдаланумен жүзеге асырылады.
      26. Ағаш конструкцияларын оттан қорғау жұмыстарын жүргізу кезінде ағаштың бетін дайындауға, оттан қорғау құрамын дайындау мен жағу технологиясына, жұмсауға және қабатының қалыңдығына қойылатын нормативтік құжаттардың талаптарын қатаң түрде сақтау қажет.
      27. Ағаш конструкцияларын немесе олардың элементтерін оттан қорғау құрамдарымен және заттармен қорғауды кезең-кезеңмен (оның қолданылуының белгіленген мерзімі аяқталғаннан кейін) жаңартып отыру қажет.
      28. Ағаш конструкцияларын пайдалану кезінде өрт шығу қатерін азайту үшін мұндай қатерлерді барынша азайтатын немесе оған мүлде жол бермейтін шаралар көзделуі тиіс.
      29. Қазақстан Республикасының аумағында сатылатын отандық және импорт өндірісінің ағаш конструкциялары нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес өрт қауіпсіздігі бойынша жіктелінуі тиіс.

4.3. Биологиялық қауіпсіздік талаптары

      30. Ағаш конструкцияларының биологиялық қауіпсіздігі өнімнің қасиетімен белгіленеді (сүректе адам мен қоршаған ортаға келеңсіз әсерін тигізетін микроорганизмдер, түрлі жәндіктер болуы мүмкін) және қолданыстағы заңнамаға сәйкес талаптарды орындау жолымен қамтамасыз етіледі.
      31. Ағаш конструкцияларының барлық беттері адам үшін қауіпсіз, ұшпайтын, шаң шығармайтын және саңырауқұлақ түзілімдерінің, ағаш бүлдіретін жәндіктер мен ауру тудырғыш бактериялардың пайда болуына қарсы толық кепілдікті қамтамасыз ететін құрамдармен залалсыздандырылған болуы тиіс.

4.4. Радиациялық қауіпсіздік талаптары

      32. Ағаш конструкцияларының тіршілік циклінің барлық сатыларындағы радиациялық қауіпсіздік қолданыстағы заңнамаларға сәйкес талаптарды орындау жолымен қамтамасыз етілуі тиіс.
      33. Ағаш конструкцияларын дайындаушы кәсіпорынның барлық қызметтері мен өндірісте жұмыс істейтін персоналдың жұмысын радионуклидтермен залалданған шикізатты, материалдар мен заттарды қолдануға жол бермейтіндей етіп ұйымдастыруы тиіс.
      34. Ағаш конструкциялары қоршаған ортаға, адам ағзасына келеңсіз әсерін тигізуі мүмкін шекті рұқсат етілген мәннен асатындай радиоактивті сәулелену көздері болмауы тиіс.
      Ағаш конструкцияларындағы радионуклидтердің меншікті белсенділігі нормативтік-құқықтық актілерде, нормативтік құжаттарда бекітілген нормаларға сәйкес болуы және Халықты радиологиялық қорғау жөніндегі халықаралық комитетінің ұсынымдарымен бекітілген шектен аспауы тиіс.
      35. Шаруашылық қызметте пайдалану үшін келіп түскен ағаш конструкцияларының бетінде тіркелмеген (алынатын) радиоактивті ластанудың болуына жол берілмейді.
      36. Адам мен қоршаған ортаға радиациялық әсер етуі мүмкін ағаш конструкцияларын, оларға арналған оң санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды болмайынша айналымға енгізуге жол берілмейді. Ағаш конструкцияларының радиациялық қауіпсіздігінің нақты нормативтері осы Техникалық регламентпен үйлестірілген стандарттарда белгіленеді.

4.5. Экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік талаптары

      37. Ағаш конструкцияларының тіршілік циклінің барлық кезеңдеріндегі экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігі қолданыстағы заңнамаларға сәйкес талаптарды орындау жолымен қамтамасыз етілуі тиіс.
      38. Ағаш конструкцияларын дайындаушы кәсіпорынның барлық қызметтері мен өндірісте жұмыс істейтін персоналдың жұмысын өндірістің экологиялық қауіпсіздігін тиісті техникалық регламенттердің талаптарына және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ететіндей түрде ұйымдастыруы тиіс.
      39. Өндірістік процестер кезінде және апаттар кезінде, сондай-ақ солардың келеңсіз салдарын жою кезіндегі қоршаған ортаның ластануына жол берілмеуін көздеу қажет.
      40. Ағаш конструкциялары (оның ішінде құрамында шайыр, желімдер, лак, бояулар және басқа материалдар бар) үй-жайлардың микроклиматын бұзбай және қоныстану алдында үй-жайлардағы ерекше иістерді тудырмауы, ауаға, суға және топыраққа шекті рұқсат етілген концентрациясынан асатындай мөлшердегі химиялық заттарды бөлмеуі, өз бетіндегі микрофлораның дамуына ықпал етпеуі тиіс және ылғалды дезинфекциялауға қол жетімді болуы тиіс.

4.6. Көтерме ағаш конструкцияларының қауіпсіздік талаптары

       41. Ағаш конструкцияларының көтерме қабілеті бойынша (шекті күйлердің бірінші тобы) және жүктемелердің сипаты мен қызметінің ұзақтығын ескере отырып, қалыпты пайдалануға кедергі болмайтын (шекті жай-күйлердің екінші тобы) деформациялар бойынша есептеу талаптарын қанағаттандыруы тиіс.
      42. Ағаш конструкцияларының ұзақ мерзімге шыдамдылығы нормативтік құжаттарға сәйкес сындарлы шаралармен сындарымен және қажет болған жағдайларда оларды ылғалданудан, биобүліну мен тұтанудан сақтауды көздейтін қорғағыш өңдеуімен қамтамасыз етілуі тиіс.
      43. Ағаш конструкцияларды үнемі немесе мерзімді ұзақ уақыттық қыздыру жағдайларында, егер қоршаған ортаның температурасы 50 о С-тан аспаса пайдалануға рұқсат етіледі.
      44. Рұқсат етілген қатердің мүмкін дәрежесімен көтерме ағаш конструкцияларын жасау кезінде, көтерме ағаш конструкцияларын нақты пайдалану жағдайларындағы барлық нақты ықтимал жүктемелер мен әсер етулер, ғимараттар мен құрылыстардың жауапкершілік деңгейлері мен қызмет ету мерзімдері есептермен расталуы тиіс.
      Ағаш конструкциясын пайдалану кезінде әсер ететін жүктемелер мен әсер етулер, көтерме ағаш конструкциялары қолданылған құрылыстық немесе өзге түрдегі конструкциялардың рұқсат етілмеген көлемде деформациялауына немесе қирауына әкеп соқтырмауы тиіс.
      45. Қосылысқа әсер ететін күш, қосылыстың есептік көтерме қабілетінен аспауы тиіс. Қосылыстардың есебі нормативтік және нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес жүргізілуі тиіс.
      46. Қосылыстың негізгі түрлері әртүрлі керілісті күйде жұмыс істейтін бейімсіз (желімдік қосылыстар) және бейімді (сыналық қосылыстар, металды тісті тілікшелердегі қосылыстар, қосқыштағы қосылыстар) ретінде қарастырылуы тиіс.
      47. Қосылыстардың есептік көтермелік қабілеті қосылыстың түрі мен оның керілісті күйіне қарай сенімділіктің тиісті коэффициентін енгізе отырып, эксперименталдық деректердің негізінде анықталуы тиіс.
      48. Жекелеген қабаттарды түйістіруге арналған тісті тиектегі желімдік қосылыстар ұзындығы бойынша қолданылатын кесілген ағаш материалдардың беріктілігінен кем болмайтындай кедергіге ие болуы тиіс.
      Әртүрлі сортты материалдардан (әртүрлі тектес сүрек, басқа сүрек материалдары бар сүрек, металлы бар сүрек) жасалған желімдік қосылыстар көлденең қиманы келтіру әдісін нормативтік құжаттардың талабына сәйкестендіріліп есептелуі тиіс.
      49. Желімделген өзекшенің ағаш конструкцияларының элементтері талшықтарының тігінен немесе көлденең жұлуға немесе сығуға қатысты есептік көтерме қабілетін жапсырылған өзекше диаметрінің, өзекшенің
бекітілетін бөлігінің ұзындығының және бекітілетін бөлігінің ұзындығына байланысты қозғау кернеуін бір қалыпты емес бөлуді ескере отырып, коэффициенттің қозғалыс кедергісін есептеуге байланысты айқындалуы қажет.
      50. Элементтердің цилиндрлік сынадағы есептік көтерме қабілетін жұмыс шарттарының тиісті коэффициенттерін енгізе отырып, пайдаланудың әртүрлі температуралық-ылғалдылық жағдайларын, жүктемелердің сипаты мен жүктеу қызметінің ұзақтығын ескере отырып, айқындау қажет.
      51. Бұрама шегелер мен глухарьдың ағашқа кем дегенде екі диаметрден кем емес қағып кіргізген кездегі олардың көтерме қабілетін болат цилиндрлік сыналарға арналған ережелер бойынша айқындау қажет.
      Металды тісті тілікшелердегі қосылыстарды олардың көтерме қабілетін қосылыстың кернеу күйінің түріне, жеке тісінің кедергісі мен ағаш элементтерін біріктіретін тілікшенің өлшеміне байланысты, сондай-ақ пайдаланудың әртүрлі температуралық-ылғалдылық жағдайларын, жүктемелердің сипаты мен жүктеу қызметінің ұзақтығын анықтай отырып, есептеу қажет.
      52. Ағаш элементтер мен конструкциялардың салыстырмалы иілулері пайдалану талаптары мен сындарлы мақсаттарын айқындайтын шектік сипаттан аспауы тиіс.
      53. Көтерме ағаш конструкцияларының беріктілігінің, майысқыштығының мен ұзақ мерзімге шыдамдылығының есептерін нормативтік сенімдік дәрежесімен орындалуы тиіс және қажет болған жағдайда заттай әрі зертханалық сынақтармен расталған болуы тиіс.
      54. Көтерме ағаш конструкцияларды іргетастарға, тас қабырғаларға, болат және темір-бетонды бағаналар мен аса жылу өткізгіш материалдардан жасалған конструкцияның басқа да элементтеріне сүйеу (олардың тікелей байланысы кезінде) гидрооқшаулағыш төсемдер арқылы жүзеге асыруы қажет.
      55. Ашық ауада пайдаланылатын көтерме желімделген ағаш конструкциялар тұтас қималы болуы қажет, бұл конструкциялардың жоғарғы көлденең және еңкейген қырларын антисептикалық тақтайлармен, мырышталған болат профильденген немесе жалпақ табақтан, алюминийден, шыныпластиктен немесе атмосфераға төзімді басқа да материалдан жасалған маңдайшалармен қорғалуы қажет.
      Көтерме желімделген ағаш конструкцияларын дайындау кезінде оларды дайындау технологиясының ерекшеліктері және тиісті өлшемді желімдерді қолданылуы ескерілуі және қамтамасыз етілуі қажет.

4.7. Ағаш конструкцияларын өндіру кезіндегі қауіпсіздік талаптары

      56. Ағаш конструкцияларын өндіру кезінде жобалық, нормативтік құжаттамалардың және олардың негізінде әзірленген технологиялық регламент талаптарының, сондай-ақ "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы Заңын іске асыру шеңберінде әзірленген тиісті техникалық регламент талаптарының сөзсіз орындалуын қамтамасыз ету қажет.
      57. Ағаш конструкцияларын өндіру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өндірістік қауіпсіздік талаптарына сәйкес барлық кәсіпорын қызметтерінің және өндірісте жұмыс істейтін персоналдың жұмысын ұйымдастыру қажет.
      58. Ағаш конструкцияларын өндіру кезінде оларды дайындау сатысында ағаш конструкциялары қауіпсіздігі талаптарын сақтаудың жүйелік ішкі бақылауын ұйымдастыру қажет.
      Бақылау мынадай:
      1) кешенді (ағаш конструкцияларын дайындаудың барлық операцияларын ескере отырып);
      2) тұрақты (берілген кезеңділікпен жүзеге асырылады);
      3) білікті (бақылаудың объективтілігін қамтамасыз ететін кәсіби және жауапты орындаушылар жүзеге асырады);
      4) нақты (ең алдымен құрал-саймандық әдістермен айқындалатын көрсеткіштердің сандық мәніне операция жасау);
      5) тиімді (бақыланып отырған өлшемдерді жедел түзету мүмкіндігін қамтамасыз ету);
      6) құжат түрінде (актілермен, хаттамалармен) ресімделген болуы тиіс.
      59. Ағаш конструкцияларын өндіру кезінде бақылау нәтижелерінің (сынаулардың, өлшемдердің) талап етілетін жеделдігі мен нормативтік сенімділігін қамтамасыз ететін, бекітілген тәртіппен реттелген бақылау (сынау, өлшеу) әдістерін қолдануға рұқсат беріледі.
      60. Ағаш конструкцияларын дайындау кезінде жаңадан шыққан химиялық заттар мен материалдарды (шайырларды, желімдерді, лактарды, бояуларды және басқа материалдарды) белгіленген тәртіппен гигиеналық нормативтер бекітілгеннен кейін және олардың гигиеналық талаптарға сәйкестігін сынау негізінде аккредиттелген мекеме берген санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды болған жағдайда ғана пайдалануға рұқсат беріледі.
      61. Ағаш өңдеу өнімдерін өндіру кезінде канцерогендігімен, аллергендігімен көрсетілген жалпы уытты әрекет бойынша жоғары және төтенше қауіптілікке ие зиянды заттарды пайдалануға рұқсат берілмейді.
      62. Ағаш конструкцияларды антисептиктендіру жергілікті тарту желдеткішімен жабдықталған оқшауланған үй-жайда (ванналарда) жүргізу қажет. Қолданылып отырған антисептикалық сұйықтар оң санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыға ие болуы тиіс.
      63. Сүректі кептірді жылытқыш және желдеткіш қондырғылармен жабдықталған арнайы камераларда немесе шатыры бар қоймаларда жүзеге асыру қажет.
      64. Кесілген ағаш материалдарын тиеу, түсіру, тасымалдау, сондай-ақ ағаш өңдеу станоктарына беруді барынша механикаландыру қажет.
      65. Қоршаған ортаға химиялық заттарды бөліп шығаратын желімдерді пайдалану кезінде оларды жағатын және сығымдайтын орындарда жергілікті тарту желдеткішті орнату қажет.
      66. Бөлшектерді желімдеуден кейін және өңдеу алдында бабына келтіріп ұстауды арнайы камераларда немесе жергілікті тарту желдеткішімен жабдықталған учаскелерде жүргізу керек.
      67. Ашық өндірістік алаңшасында жұмыс істеу кезінде персоналдың тынығуына, жылынуына және арнайы киім-кешекті кептіруге арналған үй-жайларды көздеу қажет.
      68. Фенолформальдегидтік, несепнәр-формальдегидтік және ауа ортасына химиялық заттарды бөліп шығаратын басқа да шайырлардың негізінде желімдер дайындау тұмшаланған реакторларда химиялық құрамды құбырмен сыққыштарға беруді жүзеге асыру қажет.
      69. Желімдерді желімделетін материалдардың бетіне жағуды механикаландыру қажет. Ұсақ белшектерді синтетикалық желімдермен желімдеуді жергілікті тарту желдеткішінен жабдықталған баспаналарда жүргізу қажет.
      70. Құрылыс объектілеріне келіп түскен құрылыстық ағаш конструкцияларын қажетті ілеспе құжаттамамен, ал нарыққа (саудаға) түсетіндерді пайдалану жөніндегі нұсқаулықпен қамтамасыз ету қажет.
      71. Барлық ағаш конструкцияларын нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес таңбалануы тиіс (тікелей бұйымға, ыдысқа, ілеспе құжаттамаға) және анық сәйкестендіру белгілері (сыныбы, маркасы, сорты, партиясы, дайындау күні) болуы қажет.

4.8. Ағаш конструкцияларын тасымалдау мен сақтау кезіндегі қауіпсіздік талаптары

      72. Тасымалдау мен сақтау кезінде ағаш конструкцияларын тасымалдау мен сақтау жағдайларын осы Техникалық регламенттің, сондай-ақ осындай талаптар белгіленетін басқа да техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестендіруді қамтамасыз ету қажет.
      73. Ағаш конструкцияларын сақтау мен тасымалдауды әзірлеушілердің жобалау (құру) сатысында көзделген және осы Техникалық регламентпен үйлестірілген ағаш конструкцияларына арналған стандарттарда көрсетілген барлық қауіпсіздік талаптары мен қорғау шараларын ескере отырып, орындау қажет.
      74. Ағаш конструкцияларын тасымалдау, егер өнім дайындаушымен немесе оны тұтынушылармен өзгеше келісілмесе, осы көлік түріне қолданылатын жүк тасымалдау ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      75. Конструкцияларды олардың ілініп тұруы мен қалдықтық деформациясын алып тастау үшін типі мен өлшемдері бойынша сұрыптап сақтаған жөн.
      76. Конструкцияларды тасымалдау мен сақтау кезінде олар ылғалданудан, ластану мен механикалық бүлінуден қорғалуы қажет.
      77. Конструкциялардың металл элементтерін жәшіктерде немесе орындарға байлап сақтау керек, оларды төсемдердегі жеке орнықты штабельге салу керек. Конструкциялардың металл элементтерінің топырақпен жанасуына жол берілмейді.
      Сақтау мен тасымалдау кезеңінде металды элементтердің, топсалық және тіректік беліктерінің бетіндегі бұрама қорғағыш майлармен жағылуы тиіс.
      78. Ағаш конструкциялар тапсырыс берушіге дайындаушы кәсіпорыннан оралған күйде (нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес) тиеп, түсірілуі қажет. Тапсырыс берушімен келісім бойынша оралмаған, бірақ ылғалдан қорғағыш құрамдармен қорғалған конструкцияларды жеткізуге рұқсат беріледі.
      79. Ағаш конструкцияларды көлік құралдарына тиеу кезінде оларды ығысу мен соғылудан сақтайтындай етіп мықты бекітіліп, дұрыс орнықты қатарларға салу қажет.
      80. Конструкцияларды көтеру, тиеу және түсіру жобада көзделген монтаждау ілгектерін қысқышы бар кранмен немесе арнайы қысқыш құрылғылар мен иілгіш белдіктерді қолданып жүргізген жөн.
      Конструкцияларды қармау орындары нақты түрдегі конструкциялардың жұмыс сызбаларында көрсетілуі тиіс.
      81. Конструкцияларды тиеу, тасымалдау және түсіру кезінде лақтыруға тыйым салынады.
      82. Ағаш конструкцияларын тасымалдау, сақтау кезінде сақталуын қамтамасыз ететін қорғағыш өңдеу жөніндегі сындарлы шараларды көздеу қажет.
      83. Сындарлы шаралар мыналарды көздеуі тиіс:
      1) конструкциялар сүрегін атмосфералық жауын-шашынмен, топырақтық және еріген сумен, өндірістік сулармен (ауа электр беру желілерінің бағаналарын қоспағанда) тікелей ылғалдануынан сақтау;
      2) конструкциялардың сүрегін тоңазудан, капиллярлық және конденсаттық ылғалданудан сақтау;
      3) конструкциялар сүрегін кептіргіш температуралық-ылғалдық режимін құру арқылы жүйелі кептіру (үй-жайды табиғи және әдейі желдету, ғимараттардың конструкцияларда және бөліктерінде кептіргіш саңылауларды, аэраторларды орнату).
      84. Ағаш конструкциялары ашық, жақсы желдетілген және тексеруге, профилактикалық жөндеуге, сүректің қорғағыш өңдеуін жаңартуға арналған барлық бөліктеріне мүмкіндігінше қол жетімді болуы тиіс.
      85. Ағаш конструкцияларын тасымалдау мен сақтау кезінде сақтау шарттары мен мерзімдері және штаттан тыс әрі апаттық жағдайлар туындаған жағдайларда қысқа нұсқаулықтары (қажет болған кезде) көрсетілген өнімдердің әрбір партиясына арналған ілеспе құжаттамамен қамтамасыз етілуі тиіс.
      Өрт сөндіру әдістері мен құралдарын қоса алғанда апаттық жағдайлардың алдын алу мен жою және олардың зардаптарын жою жөніндегі іс-шараларды әзірлеу қажет.
      86. Ағаш конструкцияларын тиеуді, түсіруді, тасымалдауды және жинауды қауіпсіздік талаптарын сақтау үшін қажетті деңгейдегі біліктілігі бар персоналдар жүргізуі тиіс.

4.9. Ағаш конструкцияларын ғимараттар мен құрылыстарды салуда, пайдалану процесінде қолданған кездегі қауіпсіздік талаптары

      87. Қазақстан Республикасының аумағында айналымға түсетін ағаш конструкциялары техникалық құжаттамаларды белгіленген кепілдік мерзімі немесе жарамдылық мерзімі ішінде қауіпсіз болуы қажет.
      88. Ғимараттарды, құрылымдар мен құрылыстарды тұрғызу кезінде құрылыс объектілерінде ағаш конструкцияларын монтаждау жұмыстарына қажетті біліктілігі бар, еңбек етудің қауіпсіз әдістері мен тәсілдеріне үйретілген, қажетті сақтандыру және қорғау құралдарымен қамтамасыз етілген әрі Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының қауіпсіздік пен еңбекті қорғау талаптарына сәйкес жіберілген персонал жүзеге асыруы тиіс.
      89. Ағаш конструкцияларын құрылыс объектілерін тұрғызу үшін пайдалану кезіндегі қауіпсіздік Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істейтін персоналдың қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғау ережелерін сөзсіз орындауы жолымен қамтамасыз етілуі тиіс.
      90. Ағаш конструкцияларының кеңістіктік қаттылығы мен орнықтылығын көлденең және тік байламдармен жеткізуді қамтамасыз етуі тиіс.
      Көлденең байламдарды көтерме конструкциялардың жоғарғы белдеуі жазығына немесе жоғарғы жағынан орнатқан жөн, байламдық фермалардың белдеулері ретінде көтерме конструкциялардың жоғарғы белдеулерін немесе барлық қимасын пайдалану қажет.
      91. Жабындық тақташалардың тіректік бөлігінің мөлшері кемінде 5,5 см болмауы қажет. Жабындық тақташаларды көтерме конструкцияларға оның әрбір жағынан ығысу мен үзілу күштерін қабылдайтын қосылыстармен бекіткен жөн.
      92. Созылған ағаш элементтерінің түйіспелерін болат цилиндрлік сыналарға немесе өзге қосылыстарға жаба отырып, оларды бір қимада орналастыру арқылы жүзеге асырған жөн.
      Созылған элементтер түйіспелерінің конструкциясы кергіш күштің осьтік берілісін қамтамасыз етуі тиіс.
      93. Бейімділігі әртүрлі болатын байламдарда қосылыстары бар түйіндер мен түйіспелерді, сондай-ақ ағаш элементтерінің бір бөлігі тікелей түрде, ал тағы бір бөлігі - аралық элементтер мен қосылыстар арқылы жалғанған түйіспелерді қолданбаған жөн.
      94. Ағаш конструкцияларының элементтерін, элементтердің оғаш қосылысы есептік қимада әрекет етіп иілу сәтін азайтатын жағдайларды қоспағанда, түйіндерде, түйіспелер мен тіректерде орталықтандырған жөн.
      95. Конструкциялардың элементтері түйіндері мен түйіспелерінде бұрандамалармен тартылуы, ал қозғалғыш қосылыстардағы құраушы элементтер түйіндердің арасында тартылуы тиіс.
      96. Жылытылатын ғимараттар мен құрылыстардың қоршағыш конструкцияларын пайдалану процесінде ылғал жиналмауы тиіс. Қабырғалардың панельдері мен жабындық тақташаларында сыртқы ауамен қатынасатын желдеткіш саңылаулар көзделуі керек, ал жылу техникалық есеппен көзделген жағдайда бу оқшаулағыш қабатты қолданған жөн.
      97. Фанерадан немесе сүректен жасалған ағаш немесе желімделген қаңқасы бар шегелермен немесе бұрамалармен біріктіріліп қапталған қабырға тақшалары мен панельдерінде бу оқшаулағыш ретінде қолданылатын орамды және үлдірлі материалдар қаңқа мен қаптама арасындағы тұтастай үздіксіз қабат түрінде төселуі тиіс.
      98. Желімдегі қаңқасы бар қаптамамен біріктірілген қоршағыш конструкцияларда бояу немесе жақпа бу оқшаулағышты қолданған жөн. Панельдер мен тақташалардың арасындағы жіктер тұмшалау материалдарымен жылытылуы және тығыздалуы тиіс.
      99. Төмен және жоғары температурада атмосфералық жауын-шашынмен, еріген және топырақ суларымен байланыста пайдалануға арналған ағаш конструкциялары нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес атмосфераға төзімді лак-бояу материалдарымен, антисептиктермен өңделуі тиіс.
      100. Ғимараттар мен құрылыстарды пайдалану кезінде оларда ағаш конструкцияларын пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ететін барлық шаралар кешенін орындаған жөн.
      101. Пайдалану құжаттамасында ғимараттар мен құрылыстарды пайдалануды жүзеге асыратын тұлғаларға қойылатын, пайдаланған ағаш конструкциялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптар көзделуі тиіс.
      102. Ғимараттар мен құрылыстарды пайдалану процесінде ағаш конструкциялардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған талаптар "Ғимараттардың, құрылыстардың және оған іргелес аумақтардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар" техникалық регламентімен белгіленген талаптар орындалуы тиіс.

4.10. Ағаш конструкцияларын кәдеге жарату кезіндегі қауіпсіздік талаптары

      103. Ағаш конструкцияларын кәдеге жарату оларды салу кезінде пайдаланған ғимараттар мен құрылыстарды бөлшектеу, құлату, қайта жаңғырту нәтижесінде жүзеге асырылуы тиіс.
      104. Қосарлы шикізатты, оларды өнеркәсіптік қайта өңдеу арқылы қажетті тұтынушылық қасиеттері мен жылу тасығыштары бар жаңа құрылыс материалдарын алу мақсатында оларды пайдалануға байланысты жарамсыз материалдар мен қалдықтарды кәдеге жарату тәсілі басым болып табылады.
      105. Кәдеге жарату мүмкін емес қалдықтар өнеркәсіп қалдықтарын залалсыздандыру мен көму полигондарда термикалық залалсыздандыру немесе көму жолымен жоюға жатады.
      106. Жарамсыз ағаш конструкцияларын немесе олардың қалдығын кәдеге жарату және жою кезінде жұмыс аймағының ауасындағы, атмосфералық ауадағы, ашық су қоймаларының суындағы зиянды заттардың концентрациясы шекті рұқсат беретін концентрациядан аспауы тиіс.
      107. Ағаш конструкцияларын айналымнан шығару, қалдықтарды кәдеге жарату немесе жою қолданыстағы заңнамаға сәйкес, осы Техникалық регламентте және кәдеге жарату кезеңіндегі қауіпсіздік шараларын көздейтін техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүзеге асырылады. Қолданылатын шаралар осы процестердің адам өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға, оның ішінде өсімдік және жануарлар әлеміне тигізетін зиянды әсерін барынша азайтуға бағытталуы қажет.
      108. Ағаш конструкцияларының қалдықтарын кәдеге жарату процестеріне қатысатын персоналдың қажетті біліктілігі бар болуы, тиісті даярлықтан өтіп және еңбек қауіпсіздігінің барлық талаптарын сақтауы тиіс.

5. Техникалық регламенттің талаптарына сәйкестікті растау

      109. Сәйкестікті міндетті және ерікті растау "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы Заңына , "Сәйкестікті растау рәсімдері" техникалық регламентіне және Қазақстан Республикасының мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің нормативтік құжаттарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
      110. Сәйкестікті міндетті растау нақты бір өнім Қазақстан Республикасы қосылған және бұл өнімнің сәйкестігін міндетті растау көзделген халықаралық келісімдердің, конвенциялар мен басқа да құжаттардың қолданылу саласына жататын жағдайларда да қолданылады.
      111. Ағаш конструкцияларын еркін растау тәртібі Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
      112. Ағаш конструкцияларының осы Техникалық регламент талаптарына сәйкессіздігі анықталған жағдайда өнімді нарықтан кері қайтару Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.
      113. Ағаш конструкцияларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін және олардың осы Техникалық регламенттің талаптарына сәйкестігін растау үшін өнім сипаттамаларына қатысты қауіпсіздік талаптарын белгілеу кезінде үйлестірілген стандарттар қолданылады.
      Үйлестірілген стандарттарда өнімнің тұтынушылық қасиеттерін (сапасын) сипаттайтын көрсеткіштермен бірге қауіпсіздікті айқындайтын көрсеткіштердің нақты сандық мәндері түріндегі сандық сипаттамалары мен сәйкестік презумпциясының қағидаты белгіленген.
      114. Үйлестірілген стандарттардың талабына сәйкес дайындалған ағаш конструкциялары осы Техникалық регламенттің талаптарына сәйкес болып есептеледі.
      115. Ағаш конструкциялар егер олардың талаптары үйлестірілген стандарттарда көрсетілген талаптардан төмен болмаса, ал олар жоқ болған жағдайда сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы уәкілетті орган келіскен нормалардан төмен емес болмаған жағдайда стандарттау жөніндегі өзге нормативтік құжаттардың талаптары бойынша дайындалуы мүмкін.

6. Үйлестірілген стандарттар тізбесі

      Ескерту. 6-бөлім алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2011.02.08 № 91 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

7. Өтпелі кезең

      118. Осы Техникалық регламентті қолданысқа енгізумен Қазақстан Республикасында қолданыстағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы нормативтік құқықтық актілері мен құжаттары осы Техникалық регламент талаптарын қайталайтын және сәйкес келмейтін ағаш конструкциялардың қауіпсіздігіне қатысты бөлігінде белгіленген тәртіппен түзетуге немесе күшін жоюға жатады.
      119. Осы Техникалық регламент қолданысқа енгізілгеннен кейін қауіпсіздік талаптарының сәйкестігін растау бойынша берілген құжаттар олардың қолдану мерзімі аяқталғанға дейін жарамды деп есептеледі.
      120. Осы Техникалық регламент алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Техникалық регламентке
1-қосымша    

            Ағаш конструкцияларының тізбесі

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.02.08 № 91 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

Р/с

КО СЭҚ ТН коды

Атауы

1

2

3

1

4403

Бағанға арналған бөренелер (байланыс және электр тарату желілеріне арналған ағаш материалдар)

2

4403

Шарбақтарға және басқа мақсаттарға арналған бағандар, тіректер

3

4403

Кен долготьесі және кен бағанасы

4

4403

Гидроқұрылысқа арналған бөренелер (тіреуіштерге, гидротехникалық құрылыстарға және көпір элементтеріне арналған ағаш материалдар

5

4403

Құрылыс бөренелері және тауардың астына қойғыштар (әртүрлі мақсатта салынған қосалқы және уақытша құрылыстарға арналған ағаш материалдар)

6

4406

Темір жол немесе трамвай жолдарына арналған ағаш шпалдар

7

4407

Шатырлық және қаптамалық ағаш тақташалар мен тақтайшалар

8

4407 10

Білеулер, итарқа

9

4409, 4418

Қалқанды паркет, паркеттік тақтай

10

4410, 4411, 4412

Әшекей панелдер (ағаш жаңқалы тақта, жаңқа бағдарлы тақташа (OSB), сүрек талшықты тақташалар және сүректен немесе басқа сүректелген материалдардан жасалған ұқсас тақташалар, шайырмен немесе басқа органикалық байланыстырғыш заттармен сіңдірілген немесе сіңдірілмеген, желімделген фанер, фанерленген және қатпарлы сүректен жасалған ұқсас материалдар)

11

4418

Тақтайлы желімделген панельдер және әшекей панельдер, автомобиль жасау, вагон жасау және кеме жасау үшін пайдаланылатын желімделген ағаш панельдер

12

4418

Қалқанды үйлерді қаптамалауға арналған желімделген ағаш панельдер, шатыр жабыны, еден сұлбасының, аралық қабырғаның, құрылыс ағашы төсемінің қаптамалары

13

4418

Сантехникалық кабиналар мен аралық қабырғалардың ағаш қаңқасы

14

4418 10

Топтама жинағындағы терезе блогі (тұрғын және қоғамдық ғимараттарға арналған, бөлек, дәнекерленген жақтаулар, балкон есіктерінің блоктары, мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы ғимараттарына арналған (топтама) жинақтағы терезе блоктары, әртүрлі есіктердің терезе блоктары)

15

4418 20

Топтама жинағындағы есік блоктары (тұрғын және қоғамдық ғимараттарға арналған қалқандық, жиектелген, өнеркәсіптік кәсіпорындар ғимараттарына арналған ағаш, тұрғын және қоғамдық ғимараттарға арналған жақтаулы, торлы, және өзге де конструкциялар, өзгелері), ағаш қақпалар, қақпаға арналған есік блоктары

16

4418 60 000 0

Ағаш фермалар, арқалықтар, тіректер және итарқалықтар

17

4418 90 100 0

Желімделген, көтерме ағаш конструкциялар (тік сызықты, иіліп желімделген)

18

4418 90 800 0

Баспалдақ сатылары және оның тораптары

19

4418 90 800 0

Ағаштан жасалған торлар мен қоршаулар

20

4418 90 800 0

Ағаштан жасалған қалқандар және қалқандардың бөлшектері:
бөлме аралық арақабырғаларға, тұрғын және қоғамдық ғимараттардағы аралық жабынына, шатырға, жұмыс орындарының төсенімдері мен қоршауларына, қалыптарға, едендерге, өзгелерге арналған

21

9406 00

Жиналмалы ғимараттар мен жайлар (тұрғын, тұрмыстық, өндірістік)

22

9406 00

Тұтас тасымалданатын ғимараттар мен жайлар (тұрғын, тұрмыстық, өндірістік)

23

9406 00

Киіз үй

24

9406 00

Шатырға шығатын үйшік пен мұнаралар

25

9406 00

Зауытта дайындалған стандартты ағаш үйлер (қаңқалы калқандық, қаңқалы-фибролиттік және арболиттік, білеулік, панельдік)

26

9406 00

Бау-бақша үйлері және үй маңындағы шаруашылық құрылыстары

27

9406 00

Жануарларды, малдарды және құстарды ұстайтын ағаш үйлер

28

9406 00

Үйлердің, моншалардың, құдықтардың бөренелері

29

9406 00

Өзге құрылыс ағаш конструкциялары

Техникалық регламентке
2-қосымша    

          Ағаш конструкцияларының жіктемесі

Р/с

Жіктелу белгісі

Ағаш конструкцияларының түрі

Айқындамасы

Мысалдар

1

2

3

4

5

1.

Негізгі
мақсаты

1.1.Көтерме
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

1.2.Ауырлық түспейтін

Негізгі функциясы тұрақты және уақытша жүктемелерді қабылдау және ғимараттар мен құрылыстардың құрылыс конструкцияларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылатын ағаш конструкциялар.
Көтерме ағаш конструкциялары жауаптылық деңгейіне, ағаш  конструкциялар негізінде жасалған құрылыс конструкциялары пайдаланылған ғимараттар мен   құрылыстардың қызмет ету мерзімдеріне және оларды пайдалану шарттарына байланысты сыныптарға, топтарға және санаттарға бөлінеді.
Құрылыс конструкциялары мен бұйымдарында негізінен қоршау және/немесе әшекейлік функцияларын орындауға арналған ағаш конструкциялары

Арқалықтар білеулер, тіреулер, арқаулық, бағаналар, фермалар
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
Тақтайлар мен қалқандар

2.

Қабат саны
(ламельдер)

2.1. Көпқабатты

Көлденең қимасы кем дегенде екі қабаттан (ламельдерден) тұратын ағаш конструкциялары

Арқалықтар, білеулер



2.2. Бір қабатты

Ағаш бөлшектердің ұзындығы (шет жағы) және/немесе ені бойынша (жиегі бойынша) желім қабатымен біріктірілген ағаш конструкциялары

Еден тақтайлары, қалқандар, ағаш шеберханаларының тақталары

3.

Бойлық кескіні

3.1. Тіксызықты
3.2. Қисық
сызықты

-
 
-

-
 
 
-

4.

Бойлық
қимасы

4.1. Білеулік
 
 
 
 
 
4.2. Білеушелік
 
 
 
 
 
 
4.3. Тақтайлық
 
 
 
 
 
 
4.4. Қалқандық

4.5. Цилиндрлік
 
 


4.6.Таңбалы және екі таңбалы

Қалыңдығы мен ені 100 мм астам, ал олардың қатынасы 2-ден аспайтын көп қабатты ағаш конструкциялары
Қалыңдығы мен ені 100 мм-ден кем, ал олардың ені екі қабатты қалыңдығынан аспайтын көп қабатты ағаш конструкциялары
Ендері екі қабатты қалыңдығынан артық көп қабатты немесе бір қабатты ағаш конструкциялары
 
Ұзындығы мен енінің қатынасы кемінде 1 көп қабатты ағаш конструкциялар
 
Көлденең қимасы шеңбер немесе жұмыр болып келетін көп қабатты ағаш конструкциялар
Көлденең қимасы екі таңбалы және тақталы-табақшалы материалдардан жасалған қабырғалары бар көп қабатты ағаш конструкциялар, мысалы, фанерлер

Арқалықтар, жүгіртпелер, арқаулықтар

Терезелер мен есіктердің білеулері
 

 
Паркет тақтайлары, еден тақтайлары
 
 
 
Жиһаздың қалқан бөлшектері, паркеттік қалқандар

Бағаналар


 
 
Арқалықтар

5.
5.1.




 
 
 

5.2.










 
 
 


5.3.

Қорғау әдістері:
Әрлеу






Ағаш өңдеу












 
Сіңдірме
(өңдеу)



5.1.1. Әрленген






 
5.2.1. Мөлдір өңделген






5.2.2. Мөлдір
өңделмеген





5.3.1. Антисеп-
тиктелген






5.3.2. Антипирир-
ленген


Сыртқы беттері қабыршақты немесе тақталы-табақша материалдармен әрленген көп қабатты немесе бір қабатты ағаш конструкциялар


 
Сыртқы беттері мөлдір материалдармен және заттармен, оның ішінде отқа төзімді, мысалы, лактармен өңделген (сырланған) көп қабатты немесе бір қабатты ағаш конструкциялар

Сыртқы беттері мөлдір емес заттармен (бояулар, эмальдар) боялған көп қабатты немесе бір қабатты ағаш конструкциялар
 
 
Беттері немесе қабаттары биоқорғаныштық конструкциялармен (антисептиктермен) сіңдірілген (өңделген) көп қабатты немесе бір қабатты ағаш конструкциялар
 

Беттері немесе қабаттары оттан қорғағыш құрамдармен (антипирендермен) сіңдірілген (өңделген) көп қабатты немесе бір қабатты ағаш конструкциялар  

Терезе алды тақтайлары, жиһаздың қалқанды бөлшектері, ағаш шеберханасына арналған тақталар

Паркет тақтайлары мен қалқандары




 
Терезе алды тақтайлары, еден тақтайлары

 
 
 


Арқалықтар, білеулер, еден тақтайларының беттік емес жақтары

 
 
Арқалықтар, білеулер

Техникалық регламентке  
3-қосымша       

Үйлестірілген стандарттар тізбесі (дәлел базасы)

      Ескерту. 3-қосымша алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2011.02.08 № 91 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.