Дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы N 69 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 17.05.2013 № 499 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 4-бабының 20) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. Қоса беріліп отырған Дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің ережесі бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) "Дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің өкімін жүзеге асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 16 қыркүйектегі N 1125 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 38, 356-құжат);

      2) "Мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік қызметші емес қызметкерлеріне және қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 11 қаңтардағы N 41 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырудың 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., N 2-3, 14-құжат).

      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2008 жылғы 25 қаңтардағы
N 69 қаулысымен
бекітілген   

Дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру
ұйымдары қызметінің ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің ережесі (бұдан әрі - мамандандырылған білім беру ұйымы) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және олардың меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мамандандырылған білім беру ұйымдарының қызмет тәртібін айқындайды.

      2. Мамандандырылған білім беру ұйымы оқушылардың ғылым, мәдениет, өнер, спорт, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған мектептерінде әскер қатарына шақыруға дейінгі тереңдетілген даярлықты әскери іс негіздерін терең игеруіне бағытталған элитарлық білім беруді қамтамасыз ететін мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асырады.

      3. Мамандандырылған бiлiм беру ұйымының негiзгi түрлерi гимназия, лицей, мектеп, олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі болып табылады.
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.08.31 N 1109 Қаулысымен.

2. Мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің тәртібі

      4. Мамандандырылған білім беру ұйымындағы білім беру үдерісінің субъектілері оқушылар, педагог қызметкерлер болып табылады.

      5. Мамандандырылған білім беру ұйымы өз қызметін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес берілген лицензия негізінде жүзеге асырады.

      6. Мамандандырылған білім беру ұйымы білім беру саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) келісімі бойынша авторлық бағдарламаларды әзірлейді және оқытудың инновациялық технологияларын енгізеді.

      7. Республикалық маңызы бар мамандандырылған білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етуді, жарақтандыруды және жабдықтауды уәкілетті орган жүзеге асырады, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мамандандырылған білім беру ұйымдарын білім беру саласындағы жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.

      8. Мамандандырылған білім беру ұйымындағы білім беру үдерісін ұйымдастыру Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының негізгі талаптарын қамтамасыз ететін уәкілетті орган бекітетін мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламалары мен жұмыстық оқу жоспарлары бойынша жүзеге асырылады.

      9. Мамандандырылған білім беру ұйымы олардың құрылтай құжаттарымен анықталған оқыту нысандарын, құралдарын және әдістерін өз бетінше таңдай алады.

      10. Мамандандырылған білім беру ұйымы ішкі бейіндік пәндерден білім ауқымын, сондай-ақ оқушылардың сұранысы мен кадрлар әлеуетінің мүмкіндігіне сәйкес қолданбалы курстар мен факультативтерді белгілейді.

      11. Сыныптарды қосымша бөлу жүйесі, икемді вариативтік кесте, деңгейге бөлу жүйелері, консультациялар және таңдау бойынша пәндер арқылы бейіндік саралауды жалпы орта білім беру деңгейінде жүзеге асыруды мамандандырылған білім беру ұйымы толық күн режимінде жүзеге асыруға тиіс.

      12. Мамандандырылған білім беру ұйымына қабылдау конкурстық негізде жүргізіледі.
      Мамандандырылған білім беру ұйымына жалпы білім беретін пәндерден республикалық, өңірлік олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың, арнайы конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері білім беру ұйымының құрылтай құжаттарына сәйкес қабылданады.

      13. Мамандандырылған білім беру ұйымы оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру және кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша шарт негізінде өзінің бейініне сәйкес жоғары оқу орындарымен және ғылыми мекемелермен өзара әрекет етеді.

      14. Мамандандырылған білім беру ұйымына оқушыларды іріктеу мазмұны мен нысаны, қабылдау, ауыстыру және бітіріп шығару тәртібі уәкілетті орган бекіткен қабылдаудың үлгі ережесіне сәйкес жүзеге асырылады.

      15. Қорытынды аттестаттауды ойдағыдай тапсырған мамандандырылған білім беру ұйымының негізгі орта және жалпы орта білім беру деңгейін бітірушілеріне Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжат беріледі.

      16. Мамандандырылған білім беру ұйымын басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Ережеге және құрылтай құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      17. Мамандандырылған білім беру ұйымын алқалық басқару нысандары педагогикалық кеңес, оқу-әдістемелік кеңес, қамқоршылық кеңес, уәкілетті орган бекітетін таңдау тәртібін қоса алғанда жұмысты ұйымдастырудың үлгі ережелері болып табылады.

      18. Педагог кадрлар мен басқа да қызметкерлерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мамандандырылған білім беру ұйымының басшысы қабылдайды.

      19. Мұғалімнің жұмыс уақыты мамандандырылған білім беру ұйымындағы ішкі еңбек тәртіптемесіне сәйкес айқындалады.

      20. Мамандандырылған білім беру ұйымын қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      21. Мамандандырылған білім беру ұйымын құру, қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.