Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 23 қазандағы N 992 Қаулысы

      Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 27-бабына сәйкес тауарлар мен көлік құралдарының өтуін оңайлату мен жеделдету, Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткізу пункттерінің қызметші оңтайландыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІҚараңыз.K100296

      1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізуге байланысты көліктік, ветеринарлық, фитосанитарлық және санитарлық-карантиндік бақылау органдарының (бұдан әрі - бақылаушы органдар) іс-қимылын үйлестіруші орган болып белгіленсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі:
      1) Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация, Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп, 2007 жылғы 15 қарашаға дейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде бақылауды жүзеге асыру кезіндегі бақылаушы органдардың өзара іс-қимылы және оларды орналастыру тәртібі туралы нұсқаулыққа өзгерістер мен толықтыруларды енгізуді мына бөлігінде қамтамасыз етсін:
      кеден органдарының бақылаушы органдар іс-қимылын үйлестіруін белгілеу;
      бақылаушы органдардың бақылауды іске асыру мерзімін белгілеу;
      кеден органдарының лауазымды тұлғаларының тауарлар мен көлік құралдарына құжаттарды қабылдау және беруді жүзеге асыру;
      кеден органдарының қажеттілігіне қарай заңнамада белгіленген құзыреті шегінде бақылауды жүзеге асыру үшін бақылаушы органдарды тарту;
      2) осы қаулыны іске асыру нәтижелері бойынша 2008 жылғы 1 наурызға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде бақылауды ұйымдастыруды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі