Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесін құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 21 желтоқсандағы N 1262 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 19 шілдедегі № 415 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 19.07.2016 № 415 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Үкіметтік емес секторды, оның мемлекеттік органдармен сындарлы өзара іс-қимылын одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесі (бұдан әрі - Үйлестіру кеңесі) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:
      1) Үйлестіру кеңесі туралы ереже;
      2) Үйлестіру кеңесінің құрамы бекітілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің        
2005 жылғы 21 желтоқсандағы 
N 1262 қаулысымен     
бекітілген     

Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы
Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі
үйлестіру кеңесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесі (бұдан әрі - Үйлестіру кеңесі) Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Үйлестіру кеңесі өз қызметінде Қазақстан Республикасының
Конституциясын, Қазақстан Республикасының "Қоғамдық бірлестіктер туралы", "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" заңдарын, өзге де
нормативтік құқықтық кесімдерді және осы Ережені басшылыққа алады.

2. Үйлестіру кеңесінің міндеттері және функциялары

      3. Үйлестіру кеңесінің негізгі міндеттері:
      мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығы жүйесін жетілдіру;
      үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттің әлеуметтік саясатын қалыптастыруға және жүзеге асыруға тарту;
      азаматтық бастаманың өсуі үшін жағдай жасау;
      үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша нормативтік құқықтық базаны жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

      4. Үйлестіру кеңесі жүктелген міндеттерді іске асыру мақсатында, мынадай функцияларды орындайды:
      үкіметтік емес ұйымдардың дамуы үшін қолайлы жағдай жасау жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
      мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайту және кеңейту жөнінде ұсынымдар әзірлейді;
      мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдарға қарау үшін талдамалық, әдістемелік және өзге де материалдарды жібереді.

      5. Үйлестіру кеңесінің:
      Қазақстан Республикасының Үкіметіне өзінің құзыретіне жататын мәселелер жөнінде ұсыныстар енгізуге;
      Үйлестіру кеңесінің отырыстарына мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың өкілдерін шақыруға және тыңдауға;
      мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан қажетті материалдар мен құжаттарды сұратуға;
      үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдауға байланысты өзге де өкілеттікті жүзеге асыруға құқығы бар.

3. Үйлестіру кеңесінің қызметін ұйымдастыру

      6. Үйлестіру кеңесін төраға басқарады.

      7. Төраға:
      Үйлестіру кеңесінің қызметіне басшылықты жүзеге асырады;
      Үйлестіру кеңесінің отырыстарында төрағалық етеді;
      Үйлестіру кеңесінің жұмыс қорытындылары туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің алдында есеп береді.
      Төраға болмаған жағдайда оның функцияларын орынбасары атқарады.

      8. Үйлестіру кеңесінің хатшысы Үйлестіру кеңесінің жұмыс жоспарын әзірлеуді қамтамасыз етеді, отырыс хаттамасын ресімдейді.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      9. Үйлестіру кеңесінің отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ кемінде жартыжылда бір рет өткізіледі және егер оларға Үйлестіру кеңесі мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды болып саналады.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.01.2012 N 85 Қаулысымен.

      10. Үйлестіру кеңесінің шешімдері хаттамамен ресімделеді және ұсынымдық сипатта болады.

      11. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитеті Кеңестің жұмыс органы болып табылады.
      Үйлестіру кеңесінің жұмыс органы Үйлестіру кеңесінің жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде Кеңес отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар Үйлестіру кеңесінің отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні қалғанда хаттама жобасымен қоса Үйлестіру кеңесінің мүшелеріне жіберілуге тиіс.
      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 04.09.2014 N 970 қаулысымен.
      12. Үйлестіру кеңесінің шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оларға қатысып отырған Үйлестіру кеңесі мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру Үйлестіру кеңесінің отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен өткізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      Үйлестіру кеңесі мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар, оны білдірген жағдайда, ол жазбаша түрде жазылуы және Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген Комиссияның есеп-хатына қоса берілуі тиіс.
      Үйлестіру кеңесінің отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтарының негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға мен хатшы қол қояды.
      Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, Үйлестіру кеңесінің хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын Үйлестіру кеңесінің мүшелеріне келісу үшін жібереді.
      Үйлестіру кеңесінің мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не себептерін негіздей отырып, келіспеу туралы жауап береді.
      Ескерту. Ереже 12-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
      13. Дауыс беру парақтарымен қоса, Үйлестіру кеңесінің материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды Үйлестіру кеңесінің жұмыс органы жүзеге асырады.
      Ескерту. Ереже 13-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

Қазақстан Республикасы    
Үкіметінің          
2005 жылғы 21 желтоқсандағы 
N 1262 қаулысымен      
бекітілген         

Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің құрамы

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.09.2014 N 970 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, төраға
      Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі, төрағаның орынбасары
      Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі, хатшы (үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау мәселелеріне жетекшілік ететін)
      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі
      Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі
      Қазақстан Республикасының Энергетика министрі
      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі
      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі
      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі
      Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі
      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы (келісім бойынша)
      Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары (үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау мәселелеріне жетекшілік ететін)
      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары (үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау мәселелеріне жетекшілік ететін)
      Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі (үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау мәселелеріне жетекшілік ететін)
      Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия хатшылығының меңгерушісі (келісім бойынша)
      Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы (келісім бойынша)

Ерімбетов              - «Қазақстанның азаматтық альянсы» заңды
Нұрлан Кенжебекұлы       тұлғалар бірлестігінің президенті
                         (келісім бойынша)

Назханов               - Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер
Тимур Күзекұлы           палатасы төралқасының мүшесі
                         (келісім бойынша)

Сабыров                - «Қазақстанның Интернет қауымдастығы»
Шавкат Омарұлы            заңды тұлғалар бірлестігінің президенті
                         (келісім бойынша)

Сәрсембаева            - «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы»
Раушан Біргебайқызы      заңды тұлғалар бірлестігінің президенті
                         (келісім бойынша)

Шәуеев                 - «Мемлекеттік тілді дамыту қоры»
Нұрлан Садметұлы         корпоративтік қорының төрағасы (келісім
                         бойынша)

Сыдықов                 - «Нұр Отан» партиясының жанындағы «Жас
Нұрлан Ерболатұлы         Отан» жастар қанаты» республикалық қоғамдық
                          бірлестігі атқарушы хатшылығының басшысы
                         (келісім бойынша)

Дүйшенов               - «Қазақстанның жастар конгресі» заңды
Ғани Сұлтанұлы           тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры
                         (келісім бойынша)