Ескерту. Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 1 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға әкімшілік қадағалау орнату және әкімшілік қадағалау ережелерін қасақана бұзумен байланысты қылмыстарды саралау кезінде әкімшілік қадағалау туралы заңнаманы сот тәжірибесінде дұрыс және біркелкі қолдану мақсатында Қазақтан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы
қаулы етеді:
1. Әкімшілік қадағалау туралы заңнама Қазақтан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақтан Республикасының Қылмыстық кодексінен (бұдан әрі - ҚК), Қазақтан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінен (бұдан әрі - ҚАК), Қазақтан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен (бұдан әрі - ӘҚБтК) және "Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкімшілік қадағалау туралы" Қазақтан Республикасының Заңынан (бұдан әрі - Заң) және Қазақтан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
Әкімшілік қадағалау қылмыстың қайталануының алдын алу нысаны ретінде заңдылық қағидаларын, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін сақтау негізінде жүзеге асырылады.
2. Әкімшілік қадағалау орнатылуы мүмкін мерзімді қатаң сақтаған жөн. Заңның 6-бабына сәйкес, әкімшілік қадағалау алғашқыда 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге белгіленеді, бұл мерзім әр жолы 6 айға ұзартылуы мүмкін, бірақ ол 2 жылдан аспауға тиіс.
Әкімшілік қадағалау мерзімі сот қаулысы заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі. Әкімшілік қадағалау мерзімі оның қолданыстағы мерзімінің соңғы күнінен кешіктірілмей ұзартылуы мүмкін.
Әкімшілік қадағалауды тоқтататын жағдайлар туындаған кезде ішкі істер органдарының қызметкерлері дереу әкімшілік қадағалауды тоқтату туралы қаулы шығаруға міндетті, оны ішкі істер органының бастығы бекітеді.
Әкімшілік қадағалауды тоқтату туралы қаулыны тіпті шығармау немесе дер кезінде шығармау әкімшілік қадағалауды ұзартуға әкеп соқпайды. Сондықтан қадағалау мерзімі өткеннен кейін әкімшілік қадағалау ережесін бұзу ӘҚБтК-нің 366-бабы бойынша адамды әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін негіз болып табылмайды.
Егер адамға қатысты әкімшілік қадағалауды белгілеу және оны ұзарту мерзімдері туралы Заң талаптары сақталмаса, ол адам ҚК-нің 362-бабының үшінші бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды.
3. Заң Қазақтан Республикасының аумағында бас бостандығынан айыру жазасын өтеген адамдарға ғана қолданылады.
Заңның 2-бабында белгіленген әкімшілік қадағалау орнатылатын адамдардың тізбесі түпкілікті болып табылады.
Әкімшілік қадағалау атап айтқанда:
- абайсызда немесе кәмелеттік жасқа толмай жасаған қылмыстары үшін;
- жаңа қабылданған қылмыстық заң бойынша қылмыс деп танылмаған қылмыстар үшін соттылығы бар;
- ауыр және аса ауыр санатқа жатқызылған қылмыстарды жасағаны үшін бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтемеген адамдарға белгіленуге тиіс емес.
Қылмыстарды қасақана жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға екі рет сотталған және бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтемеген, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен соттылығы алынған немесе жойылған адамдар әкімшілік қадағалауға алынбайды.
ҚК-нің 5-бабының әрекет үшін жаза беруді жеңілдететін қылмыстық заңның кері күші туралы талаптарына сәйкес, заңның өзгеруімен орташа ауырлықтағы қылмысқа жатқызылған ауыр қылмысы үшін сотталған және жазасын өтеген адамға әкімшілік қадағалау белгіленбейді.
Егер әкімшілік қадағалау белгіленген әрекет жаңадан қабылданған заң бойынша қылмыс деп танылмаған жағдайда, сот қадағалауға алынған адамның өзінің немесе оның қорғаушысының өтініші, ішкі істер органдарының немесе прокурордың ұсынымы бойынша әкімшілік қадағалау орнату туралы қаулының күшін жояды.
4. Бас бостандығынан айыру орындарынан шартты түрде - мерзімінен бұрын босатылған адамдарға әкімшілік қадағалау орнатуға болмайды. Жазаны өтеуден шартты түрде - мерзімінен бұрын босатылған адамға әкімшілік қадағалау орнату туралы ұсынымды ішкі істер органы осы адам әкімшілік шараның өтелмеген бөлігінің мерзімі өткеннен кейін және бас бостандығынан айыру орынынан босатылған сәттен бастап үш жыл өткенге дейін қоғамдық тәртіпті ұдайы бұзған жағдайда ғана енгізуі мүмкін.
5. Әкімшілік қадағалау ережелерінің бұзылғаны туралы әкімшілік істерді қарау кезінде соттар адамның әрекетіндегі ӘҚБтК-нің 366-бабында көзделген құқықбұзушылық құрамын ғана емес, сонымен бірге әкімшілік қадағалау орнатудың және оның мерзімін ұзартудың заңдылығын да тексерулері қажет.
Соттар әкімшілік қадағалау ережелерін қасақана бұзу туралы қылмыстық істерді қарағанда, басқа мән-жайлармен қатар, сотталған адамға қатысты әкімшілік қадағалау орнату және оның мерзімін ұзартудың дұрыстығын, бұрын әкімшілік қадағалау ережелерін бұзу фактілері үшін оған әкімшілік жаза берудің заңдылығы мен негізділігін тексеру арқылы адамды әкімшілік қадағалау ережелерін қасақана бұзу туралы қылмыстық жауаптылыққа тарту мәселесін шешуі тиіс.
6. Соттар түзеу мекемелерінің орналасқан орны бойынша, Заңның 2-бабының "б" тармақшасында көрсетілген адамдар үшін әкімшілік қадағалау орнату кезінде адамға мына жазалар: айып изоляторына орналастыру, сотталған еркектерді камералық типтегі бөлмеге немесе бір адамдық камераға ауыстыру, сотталған әйелдерді камералық типтегі бөлмеге ауыстыру тағайындалған жағдайда ол жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қасақана бұзатын адам деп танылатынын назарда ұстағандары дұрыс.
Алынып тасталған және өтелген жазалар адамды тәртіпті қасақана бұзатын адам деп тануға негіз бола алмайды.
Егер сотталған адам тәртіптік жазаны өтеген күннен бастап алты айдың ішінде жаңа жазаға тартылмаса, оның жазасы жоқ деп есептеледі.
7. Түзеу мекемесіндегі адамның ұдайы теріс мінез-құлық танытып, жазаны өтеудің белгіленген тәртібін үнемі бұзуын және оның тәрбиелік ықпал ету шараларына құлақ аспауын түзеу жолына түсуді қаламай, көнбеуі деп түсіну қажет.
Бас бостандығынан айыру орнынан босату сәтінде ҚАК-тың 112-бабының 1-тармағында көрсетілген құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін екі және одан көп өтелмеген немесе алынбаған жазалардың болуы ұдайы теріс бағыттағы мінез-құлықты білдіреді.
8. Сот бас бостандығынан айыру орынынан босатылған адам үшін әкімшілік қадағалау орнату туралы түзеу мекемесінің ұсынымы бойынша тек әкімшілік қадағалау орнату туралы қаулы шығара алады. Қадағалауға алынған адамға қатысты нақтылы шектеулерді ол жазасын өтегеннен кейін келген тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарының ұсынымымен сот белгілейді.
9. Соттар әкімшілік қадағалау орнату кезінде ауыр және аса ауыр қасақана қылмыстары үшін соттылықтың болуын немесе адамның қасақана жасаған қылмыстары үшін екі рет және одан да көп бас бостандығынан айыруға сотталу фактілерін, қоғамдық тәртіпті және басқа азаматтардың құқықтарын ұдайы бұзуын немесе бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдардың өзге де құқық бұзушылықтар жасағанын тексерулері қажет.
Егер адам бір жыл ішінде екі реттен артық әкімшілік жауаптылыққа тартылса, жоғарыда аталған бұзушылықтарды ұдайы бұзушылықтар деп түсінген жөн.
10. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға қатысты әкімшілік қадағалау белгілеу кезінде олардың ұдайы қоғамдық тәртіпті және басқа да азаматтардың құқықтарын бұзғанына және өзге де құқық бұзушылықтарды жасағанына байланысты осы қадағалау мерзімін ұзарту, әкімшілік қадағалау ережелерінің бұзылғаны туралы әкімшілік және қылмыстық істерді қарау кезінде сот пен ішкі істер органдары қабылданатын актілерде (хаттамада, қаулыда, үкімде) қоғамдық тәртіптің және азаматтардың құқықтарының қалай бұзылғанын сипаттап-дәлелдеп жазуға міндетті.
Қоғамдық орынға мас күйінде келу фактісі, егер бұл адамның қадір-қасиетін қорламаса және қоғамдық имандылыққа зиянын тигізбесе, әкімшілік құқық бұзушылық болып табылмайтынын назарда ұстаған жөн.
11. Соттар бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар үшін әкімшілік қадағалау орнатылуы мүмкін үш жылдық мерзімді қатаң сақтауы керек.
Өзіне қатысты әкімшілік қадағалау мерзімінен бұрын тоқтатылған не қадағалау мерзімі өткен адам, егер ол бас бостандығынан айыру орнынан босатылған сәттен бастап үш жылдық мерзім өтпеген болса, Заңның 2-бабының в) тармақшасына сәйкес қайтадан әкімшілік қадағалауға алынуы мүмкін.
Адам бас бостандығынан айыру орнынан босатылған сәттен бастап үш жылдық мерзім өткеннен кейін енгізілген әкімшілік қадағалау орнату туралы ұсыным мерзімінде енгізілсе де қанағаттандыруға жатпайды.
12. Әкімшілік қадағалау орнату кезінде осы адамның Заңның 3-бабында көрсетілген қандай негіздер бойынша әкімшілік қадағалауға жататынын сот қаулысында көрсетуге тиіс.
13. Соттар әкімшілік қадағалау орнату жөніндегі істерді қарау кезінде процеске қатысушыларға ұсынылған материалдарды жария етуге, өзіне қатысты әкімшілік қадағалау орнату жөнінде мәселе шешіліп жатқан адамнан, сондай-ақ енгізілген ұсыным бойынша ішкі істер органдарының немесе түзеу мекемесінің өкілінен мән-жайды сұрауға міндетті.
Сот әкімшілік қадағалау орнату туралы істің қаралу орны мен уақыты туралы прокурорға Заңның 19-бабына сәйкес хабарлайды.
14. Қадағалауға алынған адамдарға қатысты қолданылатын Заңның 7-бабымен белгіленген шектеулер тізбесі түпкілікті болып табылады.
Шектеулерді белгілеу кезінде соттар қадағалауға алынған адамның, еңбек міндеттерін атқару жағдайларын қоспағанда, іс жүргізу заңнамасымен белгіленген тек түнгі уақыт шегінде сағат 22-ден таңғы 6-ға дейінгі уақыттың аралығында тұрғын үйінен кетуіне тыйым салынуы мүмкін екенін ескеруге тиіс.
Қаулыны орындайтын мекеме сот белгілеген шектен шығуға және азаматтардың құқықтарын (еңбек, сайлау, қоғамдық және басқа) шектеуге жол беруге тиіс емес.
Әкімшілік қадағалауға алынған адамдар басқа елді мекенге уақытша барар кезде ішкі істер органынан жазбаша рұқсат алуға міндетті.
15. Әкімшілік қадағалау жөніндегі заңнаманы бұзумен байланысты әкімшілік істерді қарау кезінде жауаптылыққа тартылып отырған адамның сол немесе өзге белгіленген шектеулерді сақтауға мүмкіндік бермеген белгілі бір заң бұзушылықтың себептері мен уәждері (қадағалауға алынған адамның аяқ асты қатты ауыруы, оның жақын туысының қайтыс болуы немесе ауыруы және өзге де себептер) туралы дәлелдерін соттар ӘҚБтК-нің 366-бабы бойынша мұқият тексеруге тиіс.
16. Өзіне қатысты әкімшілік қадағалау орнату жөнінде заңды күшіне енген сот қаулысы бар және сот белгілеген шектеулердің бұзылуына жол берген адам ғана ӘҚБтК-нің 366-бабы бойынша жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
Белгіленген шектеулерге жатпайтын өзге заң бұзушылықтарды жасау адамды ӘҚБтК-нің 366-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін негіз болып табылмайды.
17. Түзеу мекемесі бастығының ұсынымына үкімнің көшірмесі, жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қасақана бұзғаны үшін сотталушыға берілген жаза туралы қаулы қоса тіркеледі.
Әкімшілік қадағалау орнату туралы ұсыным енгізіп отырған орган сотқа үкімнің көшірмесін, соттылықтар туралы анықтаманы, әкімшілік қадағалау орнату үшін негіздеме болып табылған әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істердің материалдарын және адамның қорғаушы көмегінің қажет екені (немесе мұндай қызметтен бас тартатыны) туралы өтінішін ұсынуға міндетті.
18. Әкімшілік қадағалау мына жағдайларда:
- әкімшілік қадағалаудың белгіленген мерзімі өткенде;
- қадағалауға алынған адамның соттылығы жойылған немесе алынған жағдайда;
- қадағалауға алынған адамды мамандандырылған емдеу-профилактика мекемесіне мәжбүрлеп емдеуге жіберуге байланысты;
- қадағалауға алынған адамды бас бостандығынан айыруға соттауға байланысты;
- қадағалауға алынған адамның қайтыс болуына байланысты тоқтатылады.
Егер әкімшілік қадағалауға алынған адам түзелу жолына нық тұрса, тұрғылықты орны немесе еңбек қызметі бойынша жақсы жағынан көрінсе, әкімшілік қадағалау ішкі істер органы бастығының дәйектелген ұсынымы негізінде не әкімшілік қадағалауға алынған адамның өтініші бойынша сот қаулысымен мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
Өзіне қатысты әкімшілік қадағалау белгіленген адам оған қатысты белгіленген шектеулерді алу жөнінде сотқа өтініш беруге құқылы. Егер әкімшілік қадағалауға алынған адам бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға кесілсе, бірақ оның тәртібіне бақылау орнатылған болса, әкімшілік қадағалау өзінің күшін тоқтатады.
Әкімшілік қадағалауға алынған адам бас бостандығынан айыруға байланысты емес және оның тәртібіне бақылау орнатылмайтын жазаға (мысалы, айыппұлға) кесілген жағдайда әкімшілік қадағалаудың күші тоқтатылмайды.
19. ҚК-нің 362-бабының үшінші бөлігі бойынша жауаптылық бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға сот белгілеген әкімшілік қадағалау ережелерін қасақана бұзғаны, соның ішінде қадағалауға алынған адамның тұрғылықты жерінен өз бетімен кетіп қалғаны немесе таңдап алған тұрғылықты жеріне әкімшілік қадағалаудан жалтару мақсатымен белгіленген мерзімде бармағаны үшін туындайды.
Егер адам қадағалау белгіленген мерзім ішінде ӘҚБтК-нің 366-бабының бірінші және екінші бөліктері бойынша әкімшілік жазаға тартылса және әкімшілік қадағалау туралы заңнаманы қайтадан бұзса, әкімшілік қадағалау ережелерін қасақана бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылуға жатады.
Әкімшілік қадағалауды ұзарту үшін негіздеме болып табылған бұдан бұрын да орын алған әкімшілік қадағалау ережелерін бұзушылықтар ережені қасақана бұзу деп танылып, қадағалауға алынған адамды қылмыстық жауаптылыққа тартуға негіз бола алмайды.
Адам белгіленген шектеулерді мерзім ұзартылғаннан кейін алғаш рет бұзса ӘҚБтК-нің 366-бабының бірінші бөлігі бойынша жауаптылыққа тартылуға жатады.
20. Сот әкімшілік қадағалау орнату жөніндегі материалдарды қарау кезінде, қылмыстық істерді қарау кезіндегі сияқты, өздеріне қатысты әкімшілік қадағалау орнату жөнінде мәселе шешіліп жатқан адамның қорғану құқығын қамтамасыз етуге және сот қаулыларына шағымдану құқығы мен оған шағымдану тәртібін түсіндіруге тиіс.
Сот өзіне қатысты әкімшілік қадағалау орнатылған адамға қаулының көшірмесін бес күндік мерзім ішінде тапсырып одан қолхат алуға міндетті.
21. Әкімшілік қадағалау орнату туралы ұсынымды қарау кезінде сот отырысының хаттамасы жүргізіледі, онда түзеу мекемесінің немесе ішкі істер органы өкілінің, өзіне қатысты әкімшілік қадағалау орнату жөнінде мәселе шешіліп жатқан адамның түсініктемелері, сондай-ақ соттың барлық әрекеттері, оның ішінде адамға оның қорғану және қаулыға шағымдану құқығының түсіндірілгені жазылады.
22. Соттар әкімшілік қадағалау ережелерін қасақана бұзғаны үшін жаза тағайындау кезінде сотталғанның жұмысының бар-жоғын, оның денсаулық жағдайын, отбасылық жағдайын, оның жеке басын сипаттайтын және оған бас бостандығынан айыру шарасынан басқа Қылмыстық заңның санкциясымен көзделген өзге де қылмыстық жазалау шараларын қолдануға мүмкіндік беретін өзге де мән-жайларды ескергендері жөн.
23. Әкімшілік қадағалауға алынған адамдарға олардың белгіленген шектеулерді сақтау жөніндегі құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, сондай-ақ оларды бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескерту ішкі істер органдары мен түзеу мекемелеріне жүктеледі.
24. Заңның 20-бабына сәйкес, әкімшілік қадағалау туралы қаулы өзіне қатысты әкімшілік қадағалау белгіленген адамның, оның қорғаушысының шағымы, сондай-ақ прокурордың наразылығы бойынша күшін жоюы немесе өзгертілуі мүмкін.
25. Қазақтан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі және жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ол ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақтан Республикасы | |
Жоғарғы Сотының Төрағасы | |
Қазақтан Республикасы | |
Жоғарғы Сотының судьясы, | |
жалпы отырыс хатшысы |