Соттарда істерді қарау кезінде Қазақстан Республикасының әкімшілік қадағалау туралы заңнамасын қолдану жөнінде сұрақтардың туындауына байланысты, аталған істер бойынша біркелкі сот практикасын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді.
1. Әкімшілік қадағалау туралы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінен (бұдан әрі - ҚК), Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінен (бұдан әрі - ҚПК), Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінен (бұдан әрі - ҚАК), Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен (бұдан әрі - ӘҚБтК), "Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкiмшiлiк қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 15 шiлдедегi № 28-І Заңынан (бұдан әрі - Заң) және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Әкімшілік қадағалау Заңда көзделген қылмыстың белгілі бір түрлері үшін соттылығы бар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдардың құқықтары мен бостандықтарына соттың уақытша шектеулер белгілеуі, оларға міндеттер жүктеуі (бұдан әрі – әкімшілік шектеу) және аталған адамдардың (қадағалаудағы адамдардың) әкімшілік шектеулерді сақтауын ішкі істер органдарының бақылауы арқылы қайта қылмыс жасауының жолын кесуге бағытталған шара болып табылады. Әкімшілік қадағалау қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жазалау болып табылмайды.
3. Әкімшілік қадағалауды белгілеу туралы мәселені шешу кезінде соттар адамның Заңға сәйкес әкімшілік қадағалау белгіленуі мүмкін субъектісі болатын-болмайтынын тексеруі қажет.
Заң жазаларын бас бостандығынан айыру түрінде өтеп жатқан адамдарға ғана қолданылатынын соттардың ескергендері жөн, бұл ретте әкімшілік қадағалау шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарға олар Қазақстан Республикасының аумағында заңды түрде тұрып жатқан (болған) жағдайда қолданылуы мүмкін.
Жасаған әрекеті үшін жазасын өтеген адамның әрекетінің қылмыстың қай түрі террористік немесе экстремистік қылмыстарға не кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстарға жататынын анықтау кезінде соттар ҚК-нің 3-бабының 30), 39) және 42) тармақтарын (Заңның 2-бабының а) тармақшасы) басшылыққа алуы тиіс.
Ауыр және (немесе) аса ауыр қылмыстары үшін немесе қасақана қылмыстары үшін бас бостандығынан айыруға екі және одан да көп рет сотты болғандарға қатысты әкімшілік қадағалауды белгілеу кезінде осы аталған адамдарға әкімшілік қадағалау олардың жаза мерзімі аяқталған кезде дәрежесі үшінші теріс мінез-құлқы танылған жағдайда белгіленетінін ескеру қажет (Заңның 2-бабының б) тармақшасы).
4. Әкімшілік қадағалау ауыр және (немесе) аса ауыр қылмыстары немесе қасақана қылмыстары үшін бас бостандығынан айыруға екі және одан да көп рет сотты болған адамдарға Заңның 2-бабының в) тармақшасына сәйкес мынадай мән-жайлардың жиынтығы:
адам ауыр және (немесе) аса ауыр қылмыстары үшін жазасын өтеген немесе қасақана қылмыстары үшін бас бостандығынан айыруға екі және одан да көп рет сотталған;
жазасын өтегеннен кейін оған қатысты ішкі істер органдары ескерту шығарған;
адам қоғамдық тәртіпті, адамның және азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін үнемі бұзған, өзге де құқық бұзушылықтарды жасаған кезде белгіленуі мүмкін.
Ауыр және (немесе) аса ауыр қылмыстары үшін жазасын өтеген немесе қасақана қылмыстары үшін бас бостандығынан айыруға екі және одан да көп рет сотты болған адамды ескерту оны ішкі істер органдарының құқыққа қарсы мінез-құлыққа, қоғамдық тәртіпті, адамның және азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға, өзге де құқық бұзушылық жасауға жол беруге болмайтындығы туралы ресми түрдегі ескертуінен тұрады. Ескерту жазбаша нысанда шығарылады.
Адам жазасын өтегеннен кейін алғашқы әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кезден бастап есептелетін бір жыл ішінде оның жеке адамның құқықтарына, кәмелетке толмағандардың құқықтарына, қоғамдық қауіпсіздікке және халықтың денсаулығына, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен имандылыққа қол сұғатын екі және одан да көп әкімшілік құқық бұзушылық жасауы қоғамдық тәртіпті, адамның және азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін үнемі бұзу болып табылады (Заңның 2-бабының в) тармақшасы, ӘҚБтК-нің 10, 12, 24, 25-тараулары).
Аталған адамдардың қылмыстық құқық бұзушылығы үшін бас бостандығынан айырумен байланысты емес және олардың мінез-құлқына бақылау белгіленбей жазалау шарасы тағайындалып, не оларға қатысты оңалтпайтын негіздер бойынша іс тоқтатылып сотталуын өзге де құқық бұзушылықтар жасау деп түсінген жөн.
5. Әкімшілік қадағалау белгіленуі мүмкін Заңның 2-бабында көрсетілген адамдар тізбесі толық болып табылады және кеңінен түсіндіруге жатпайды.
Осыған байланысты соттылығы бар адамдарға әкімшілік қадағалау:
қылмыс деп танылмаған және қылмыстық заңның өзгеруіне байланысты соттауға әкелмейтін;
қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтемеген ауыр немесе аса ауыр қылмыстар санатына жататын қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін белгіленбейді.
Қасақана қылмыс жасағаны үшін екі рет бас бостандығынан айыруға сотталған және бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтемеген, сондай-ақ қылмыстық заңда белгіленген тәртіппен соттылығы алынған немесе өтелген адамдар әкімшілік қадағалауға алынуы мүмкін емес.
Әрекеттің жазалануын жеңілдететін қылмыстық заңның кері күші туралы ҚК-нің 6-бабының талаптарына сәйкес әкімшілік қадағалау бұрын ауыр қылмысы үшін сотталған және жазасын өтеген, бірақ өзгертілген қылмыстық заң бойынша ауырлығы жеңілдеу қылмысқа ауысқан қылмысы үшін сотталған адамға да қатысты белгіленуі мүмкін емес.
Егер әкімшілік қадағалау белгіленген, бірақ адам жазасын өтеген соң әрекеті кейіннен қылмыс деп танылмаған болса, онда сот қадағалауда жүрген адамның немесе оның қорғаушысының өтінішхаты бойынша немесе ішкі істер органдарының не прокурордың ұсынуымен әкімшілік қадағалауды белгілеу туралы қаулының күшін жойып, ол туралы қаулы шығарады.
6. Бас бостандығынан айыру орындарынан жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарға, сондай-ақ өтелмеген жазасының бір бөлігі пробациялық бақылау белгілене отырып жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырылған адамдарға қатысты әкімшілік қадағалауды белгілеуге болмайды.
Осы адамдар ҚК-нің 79-бабына сәйкес жазаның өтелмеген бөлігінің мерзімі аяқталғаннан кейін және сотталғандығы өтелгенге немесе алынғанға дейін үнемі қоғамдық тәртіпті, адам мен азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзған, өзге де құқық бұзушылықтарды жасаған жағдайда осы адамдарға қатысты әкімшілік қадағалау белгіленуі мүмкін.
7. Әкімшілік қадағалауды қаулы шығару арқылы сот қана белгілейді, онда сот Заңның 3-бабында көзделген қандай нақты негіздер бойынша адамның әкімшілік қадағалауға жататынын көрсетуге тиіс.
Заңның 3, 4, 5-баптарына сәйкес сотқа әкімшілік қадағалауды белгілеу туралы ұсынумен ішкі істер органының бастығы; әкімшілік қадағалауды ұзарту және бұрын белгіленген әкімшілік шектеулерді толықтыру туралы – ішкі істер органы; мерзімінен бұрын тоқтату немесе ішінара күшін жою, әкімшілік шектеулерді қысқарту туралы – ішкі істер және (немесе) қадағалайтын орган, оның қорғаушысы өтінішхатпен жүгіне алады.
Қадағалаудағы адамның денсаулығына, жасына байланысты не басқа да дәлелді себептер бойынша өзі сотқа жүгіне алмаған жағдайда қадағалауға алынған адамның құқықтары мен бостандығын қорғау үшін әкімшілік қадағалауды мерзімінен бұрын тоқтату немесе әкімшілік шектеулерді ішінара қысқарту туралы ұсынумен прокурордың сотқа жүгіну құқығы бар.
Қылмыстық атқару жүйесі мекемесінің бастығы осы мекемеден босатылуға тиіс сотталған адамға қатысты әкімшілік қадағалауды белгілеу туралы ұсынуды уәждеуге және сотталған адамға қатысты апелляциялық, кассациялық сатылар үкімінің, қаулыларының көшірмесін, заңды шешім қабылдау үшін және әкімшілік қадағалауды белгілеу қажеттігін куәландыратын маңызы бар басқа да материалдарды, оның ішінде сотталған адамның жазасын өтеу кезінде мінез-құлқын сипаттайтын жан-жақты деректерді, сондай-ақ сотталған адамның мінез-құлқының үшінші теріс дәрежесін белгілеу туралы қаулыны қоса беруге міндетті.
Ішкі істер органы бастығының сотталған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамға қатысты әкімшілік қадағалауды белгілеу, ұзарту туралы ұсынуында ауыр және (немесе) аса ауыр қылмыстар жасағаны туралы немесе қасақана қылмыстар жасағаны үшін екі және одан да көп рет бас бостандығынан айыруға сотталғаны туралы деректермен қатар оның мінез-құлқы туралы (атап айтқанда, адамның мінездемесі қоса беріледі), оның қоғамдық тәртіпті, адам мен азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін үнемі бұзғаны, өзге құқық бұзушылықтар жасағаны туралы мәліметтер қамтылуға тиіс. Ұсынуға сот актілерінің, бас бостандығынан айыру орындарынан босаған сотталған адамның қоғамдық тәртіпті, адам мен азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін үнемі бұзғаны, өзге де құқық бұзушылықтарды жасағаны туралы сот актілерінің көшірмелері қоса беріледі.
Сот жиналған материал толық болмаған, әкімшілік қадағалауды белгілеу, ұзарту туралы ұсынудағы дәлелдер жеткілікті уәжделмеген жағдайда, сондай-ақ әкімшілік қадағалауды белгілеу, ұзарту туралы ұсынуды қарауға кедергі келтіретін өзге негіздер бойынша кемшіліктерді жою үшін әкімшілік қадағалауды белгілеу, ұзарту туралы ұсынуды қаулы арқылы кері қайтарады.
Егер қадағалаудағы адам әкімшілік қадағалауды мерзімінен бұрын тоқтату немесе белгіленген әкімшілік шектеулерді ішінара жою туралы өтінішхат берсе, алайда берілген құжаттар мен материалдар заңды және негізді шешім қабылдау үшін жеткіліксіз болса, сот өз бастамасымен қажетті дәлелдерді өтінішхатты қайтармастан талап етуге құқылы.
8. Сот бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын адамға әкімшілік қадағалауды белгілеу туралы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі бастығының уәжді ұсынуымен сотталған адамның құқықтары мен бостандықтарына шектеулерді көрсетпей және оған міндеттерді жүктемей тек әкімшілік қадағалауды белгілеу туралы қаулыны жазаны орындау орны бойынша шығарады. Сот қадағалаудағы адамға қатысты нақты шектеулерді және міндеттерді ол жазасын өтеп келген кезде ішкі істер органының ұсынуымен тұрғылықты жері бойынша белгілейді.
9. Әкімшілік қадағалау мәжбүрлі шара бола тұра, Заңда көзделген белгілі бір мерзімге белгіленетінін соттардың назарға алғандары жөн. Заңның 6-бабына сәйкес әкімшілік қадағалау алты айдан үш жылға дейінгі мерзімге, ал кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жазасын өтеген адамдарға қатысты бір жылдан бес жылға дейінгі мерзімге белгіленеді. Заңда мерзімді есептеу уақыт кезеңімен айқындалатындықтан, Заңның 6-бабының шегінде нақты мерзімді белгілеу соттың қаулысында уәжделуі тиіс (нақты кезең күндермен, айлармен, жылдармен не соттылығы өтелген сәтке дейінгі мерзім көрсетіледі).
Әкімшілік қадағалаудың қолданылу мерзімін сот қаулысы заңды күшіне енген күнінен бастап, ал сот әкімшілік қадағалауды белгілеген жағдайда қылмыстық-атқару жүйесі мекемесенің орны бойынша - қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босаған сәттен бастап санаған жөн.
Сот әкімшілік қадағалау мерзімін белгілеу туралы мәселені талқылаған кезде сотталған адамның жазасын өтеп жатқан орны бойынша мінездемесін, тұрмыстағы мінез-құлқын, сондай-ақ жасаған қылмысының (қылмыстарының) қоғамға қауіптілік сипаттамасы мен дәрежесін және іс үшін маңызды өзге де мән-жайларды ескергені жөн, олар сот қаулысының уәжді бөлігінде көрсетілуі тиіс. Бұл ретте сот қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің немесе ішкі істер органының ұсынуында баяндалған негіздермен және уәждермен байланысты болмайды және өзінің қалауы бойынша мерзімді Заңның 6-бабында көрсетілген шектерде белгілеуге құқылы.
Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.10. Әкімшілік қадағалауды қолдану мерзімі қадағалаудағы адам әкімшілік қадағалау қағидаларын немесе өзіне жарияланған шектеулерді бұзған, сол сияқты ол құқық бұзушылықтар жасаған жағдайларда, әрбір кезде алты айға, бірақ жиынтығында екі жылдан аспайтын мерзімге ұзартылады. Кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты әкімшілік қадағалауды қолдану мерзімі әр кезде бір жылға ұзартылады.
Бұл ретте ауыр және (немесе) аса ауыр қылмыстары үшін жазасын өтеген немесе қасақана қылмыстары үшін бас бостандығынан айыруға екі және одан да көп рет сотты болған адамдарға әкімшілік қадағалауды қолдану мерзімін ұзарту (Заңның 2-бабының в) тармақшасы) соттылықты өтеу мерзімі шеңберінде ғана мүмкін.
Ішкі істер органдарының әкімшілік қадағалау мерзімін ұзарту туралы ұсынуына оларды ұзарту үшін негіздердің бар екенін куәландыратын материалдар қоса тіркелуге жатады.
Әкімшілік қадағалауды қолдану мерзімін ұзарту үшін негіздердің тізбесі толық болып табылады және кеңейтіп түсіндіруге жатпайды.
Әкімшілік қадағалауды ұзартудың қажетті шарты болып табылатын құқық бұзушылықтар деп қадағалаудағы адамның бір рет болса да жеке бастың құқықтарына, кәмелетке толмағандардың құқықтарына, қоғамдық қауіпсіздікке және халықтың денсаулығына, сондай-ақ қоғамдық тәртіпке және имандылыққа (ӘҚБтК-нің 10, 12, 24, 25-тараулары) қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар жасауын, не аталған адамды қылмыстық құқық бұзушылығы үшін оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза түрі белгіленіп және оның мінез-құлқына бақылау белгіленбестен сотталғандығын, не оған қатысты іс бойынша іс жүргізу ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылғанын түсінген жөн.
Әкімшілік қадағалау мерзімі оны қолдану мерзімінің соңғы күнінен кешіктірмей ұзартылуы мүмкін.
Әкімшілік қадағалауды тоқтату шарттары басталған кезде ішкі істер органдарының әкімшілік қадағалауды жүзеге асыратын қызметкерлері әкімшілік қадағалауды тоқтату туралы қаулыны дереу шығаруға міндетті, оны ішкі істер органының бастығы бекітеді. Әкімшілік қадағалауды тоқтату туралы қаулыны шығармау немесе уақтылы шығармау оны ұзартуға алып келмейді.
Қазақстан Республикасының әкімшілік қадағалау туралы заңнамасын бұзу әкімшілік қадағалауды тоқтату туралы қаулы болмаған кезде әкімшілік қадағалаудың мерзімі өткеннен кейін одан жалтару, адамды ӘҚБтК-нің 480-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа және ҚК-нің 431-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін негіз болып табылмайды.
11. Сот әкімшілік қадағалауды белгілеу, мерзімін ұзарту туралы материалдарды қараған кезде өзіне қатысты әкімшілік қадағалауды белгілеу туралы мәселе шешілетін адамның қорғану құқығын қамтамасыз етуге тиіс, бұл ретте ҚПК-нің 67-бабының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда қорғаушының қатысуы міндетті.
Сотталған адамға да әкімшілік қадағалауды белгілеу, әкімшілік қадағалауды қолдану мерзімін ұзарту туралы қаулыға шағым жасау құқығы мен тәртібі түсіндірілуі тиіс.
Сот әкімшілік қадағалауды белгілеу, ұзарту туралы ұсынуды енгізген органға немесе мекемеге, сонымен қатар прокурорға, қорғаушыға әкімшілік қадағалауды белгілеу, ұзарту туралы істің қаралатын орны мен уақыты туралы хабарлайды.
12. Әкімшілік қадағалау мерзімін белгілеу, ұзарту туралы істер бойынша сот отырысының дайындық бөлігі ҚПК-нің 43-тарауына сәйкес өткізіледі.
Сот отырысының дайындық бөлігі жүргізілгеннен кейін ішкі істер органының өкілі ұсыну мен оған қоса берілген материалдардың мазмұнын баяндайды, одан кейін сот келіп түскен материалдарды зерттейді және сот отырысына келген адамдардың түсініктемелері мен пікірлерін тыңдайды.
Сотталған адам сот отырысы басталғанға дейін сотқа ұсынылған материалдармен танысуға және олардың көшірмесін жасауға құқылы, ал сот отырысында барлық материалдарды зерттеуге қатысуға, сотта сөз сөйлеуге, өтінішхаттар мәлімдеуге, дәлелдемелер ұсынуға, қаралып отырған мәселе бойынша өз пікірін білдіруге құқылы.
Сот қарау нәтижелері бойынша уәжді қаулы шығарады.
13. Әкімшілік қадағалау белгіленетін адамдарға қатысты қолданылатын шектеулердің Заңның 7-бабында айқындалған тізбесі кеңейтіп түсіндіруге жатпайды.
Заңның осы нормасы ережелерінің негізінде әкімшілік қадағалауды белгілеу, ұзарту туралы немесе бұрын белгіленген әкімшілік шектеулерді толықтыру туралы соттың қаулысында бір немесе бірнеше әкімшілік шектеулер айқындалуы тиіс.
Сот ішкі істер органының ұсынуында көрсетілмеген, бірақ Заңның 7-бабында көзделген тізбе шеңберінде өзге де әкімшілік шектеулерді анықтауға құқылы.
Нақты әкімшілік шектеулерді таңдау еркін сипатта болмайды, олардың қолданылуы жеке профилактикалық әсерді қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Атап айтқанда соттардың қадағалаудағы адам жасаған қылмыстың (қылмыстардың) қоғамдық қауіптілігі сипаты мен дәрежесін, жазаны өтеудің бүкіл кезеңі ішіндегі оның мінез-құлқын және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейінгі мінез-құлқын, аталған адамның отбасы жағдайын, оның жұмыс және (немесе) оқу орны мен кестесін, денсаулық жағдайын, сондай-ақ назар аударуға тұрарлық өзге де мән-жайларды ескергендері жөн. Егер адам алкогольдік масаң күйде қылмыс жасағаны үшін сотталған болса немесе жазаны өтеу кезеңінде қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде алкогольдік ішімдіктерді қолданғаны үшін жазаға тартылса, оның спирттік ішімдіктерді сату немесе ішу жүзеге асырылатын қоғамдық тамақтану орындарында болуына тыйым салатын әкімшілік шектеулерді қолдану мәселесін қарау орынды болады.
Шектеулерді белгілеу кезінде тұрғынжайдан кетуге тыйым салу, қадағалаудағы адамның еңбек міндеттерін орындауы жағдайларын қоспағанда, процестік заңнамада жергілікті уақыт бойынша сағат 22-ден сағат 6-ға дейінгі аралықта айқындалатын түнгі уақыт шегінде ғана белгіленуі мүмкін екенін соттар ескеруге тиіс.
Қаулыны орындайтын орган сот белгілеген шектеулердің шегінен шықпауға тиіс және азаматтардың құқықтарына (еңбек, сайлау, қоғамдық және тағы да басқа) қатысты өзге шектеулерге жол бермеуге тиіс.
Қадағалаудағы адам басқа елді мекенге уақытша барған кезде қадағалауды жүзеге асыратын ішкі істер органының жазбаша рұқсатын алуға міндетті.
14. Әкімшілік қадағалауды белгілеу, мерзімін ұзарту, әкімшілік қадағалауды тоқтату туралы ұсынуларды және әкімшілік қадағалауды тоқтату туралы өтінішхатты қарау кезінде сот отырысының хаттамасы жүргізіледі. Хаттама ҚПК-нің 347-бабына сәйкес компьютерлік, электрондық (аудио-, бейнетіркеуді қоса алғанда), машинада жазу не қолмен жазу тәсілімен жасалады.
Сот отырысы барысын тіркеу ҚПК-нің 347-1-бабына сәйкес аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен жүзеге асырылады.
Іске қатысатын адамдардың өтінішхаты бойынша сот аудио-, бейнежазбаның көшірмесін немесе сот отырысының хаттамасын ұсынады.
Қағаз жеткізгіште жасалған хаттамада, егер ҚПК-нің 347-бабы үшінші бөлігінде көрсетілген мәліметтерден бөлек сот талқылауының аудио-бейне жазбасы қолданылмаса, сот отырысына келген ішкі істер органы өкілінің, өзіне қатысты әкімшілік қадағалауды белгілеу туралы мәселе шешілетін сотталған адамның, процеске басқа да қатысушылардың түсініктемелері мен пікірлері, сондай-ақ соттың барлық әрекеттері, оның ішінде адамның қорғану және сот қаулысына шағым жасау құқығын түсіндіру туралы әрекеттері көрсетілуі тиіс.
Сот отырысының хаттамасымен танысу, оған ескертулер беру және сот отырысының аудио-, бейнежазбасына, сот отырысының қысқаша хаттамасына және қағаз жеткізгіште дайындалған сот отырысының хаттамасына ескертулерді қарау тәртібі ҚПК-нің 348, 348-1, 349-баптарында көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
15. Сот әкімшілік қадағалаудың мерзімі ішінде ішкі істер органының уәжді ұсынуы немесе қадағалаудағы адамның өтінішхаты негізінде, қадағалаудағы адамның өмір салты мен мінез-құлқы туралы, оның әкімшілік шектеулерді сақтауы туралы мәліметтерді ескере отырып, әкімшілік шектеулердің күшін ішінара жоюы, оларды қысқартуы немесе қадағалаудағы адамға бұрын белгіленген әкімшілік шектеулерді толықтыруы мүмкін.
Бұл ретте сот істің нақты мән-жайларын ескере отырып, өз қарауы бойынша ішкі істер органының ұсынуында көрсетілмеген әкімшілік шектеулерді белгілеуге, сондай-ақ алып тастау туралы өтініш беруші өтінішхат бермеген әкімшілік шектеулердің күшін жою туралы шешім қабылдауға құқылы.
16. Әкімшілік қадағалаудағы адамдарға олардың құқықтарын және белгіленген шектеулерді сақтау жөніндегі міндеттерін түсіндіру, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға сот белгілеген әкімшілік қадағалаудан жалтарғаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескерту ішкі істер органдарына жүктеледі.
Әкімшілік қадағалауды ішкі істер органдары жүзеге асырады, олардың қызеткерлерінің құқықтары мен міндеттерінің толық тізбесі Заңның 12 және 13-баптарында белгіленген.
17. Әкімшілік қадағалау мынадай жағдайларда:
егер әкімшілік қадағалау уақтылы ұзартылмаса, оның белгіленген мерзімі өткен соң;
қадағалаудағы адам сотталғандығын өтеген немесе одан сотталғандығы алып тасталған жағдайда;
қадағалаудағы адамның мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерге мәжбүрлеп емдеуге жіберілуіне байланысты;
қадағалаудағы адамның бас бостандығынан айыруға сотталуына байланысты;
қадағалаудағы адамның қайтыс болуына байланысты тоқтатылады.
Көрсетілген негіздер бойынша әкімшілік қадағалауды тоқтату туралы мәселені шешу соттың құзыретіне кірмейтіндігін назарға алған жөн. Мұндай жағдайларда әкімшілік қадағалауды тоқтату туралы шешімді қадағалаудағы адам есепте тұрған ішкі істер органы қабылдайды.
Егер Заңның 14-бабының а), в), г), д) және е) тармақшаларында көзделген мән-жайлар әкімшілік қадағалауды ұзарту туралы істі қарау барысында анықталса, сот іс жүргізуді тоқтатуға тиіс.
Қадағалаудағы адам бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға сотталған жағдайда әкімшілік қадағалауды қолдану тоқтатылмайды.
18. Егер қадағалаудағы адамның әкімшілік шектеулерді адал сақтайтыны, оған сот жүктеген міндеттерді орындайтыны анықталса, еңбек қызметінің орны және (немесе) тұрғылықты не тұратын жері бойынша оған жақсы мінездеме берілсе, ішкі істер органы бастығының уәжді ұсынуы негізінде не қадағалаудағы адамның өтінішхаты бойынша әкімшілік қадағалау соттың қаулысымен мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
Өзіне қатысты әкімшілік қадағалау белгіленген адам сотқа өзіне қатысты белгіленген шектеулердің күшін толық немесе ішінара жою туралы өтінішхат мәлімдеуге құқылы.
19. Өзіне қатысты әкімшілік қадағалау мерзімінен бұрын не мерзімі өткен соң тоқтатылған адам, егер бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған кезден бастап сотталғандығын өтеу мерзімдері өтпесе не сотталғандығы алып тасталмаса, Заңның 2-бабының "в)" тармақшасына сәйкес қайтадан әкімшілік қадағалауға алынуы мүмкін.
Сотталғандығын өтеу мерзімі өткен не сотталғандығы алып тасталған кезде, оған қатысты әкімшілік қадағалауды белгілеу туралы ұсыну уақтылы енгізілгеніне қарамастан, соттың қаулы шығару сәтіне ол қанағаттандыруға жатпайды.
Әкімшілік қадағалау мерзімі ұзартылғаннан кейін белгіленген шектеулерді алғаш рет бұзған адам ӘҚБтК-нің 480-бабының бірінші бөлігі бойынша жауаптылыққа тартылуға жатады.
20. Әкімшілік қадағалау белгіленген адамның, оның қорғаушысының шағымы, сондай-ақ прокурордың өтінішхаты бойынша судьяның әкiмшiлiк қадағалауды белгілеу туралы қаулысының күшін жоғары тұрған сот жоюы немесе өзгертуi мүмкiн.
Сот әкімшілік қадағалау белгіленген адамға сот қаулысының көшірмесін қолхат ала отырып, бес тәуліктен кешіктірмей табыс етуге міндетті.
21. Қазақстан Республикасының әкімшілік қадағалау туралы заңнамасын бұзумен байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді және әкімшілік қадағалаудан жалтару туралы қылмыстық істерді қарау кезінде соттар басқа мән-жайлармен қатар әкімшілік қадағалауды белгілеу мен мерзімін ұзартудың заңдылығын тексеруі тиіс.
Сот белгілеген шектеулерді немесе әкімшілік қадағалау қағидаларын бұзуға жол берген, өзіне қатысты соттың әкімшілік қадағалауды белгілеу, ұзарту туралы заңды күшіне енген қаулысы бар адам ғана ҚК-нің 431-бабы және ӘҚБтК-нің 480-бабы бойынша жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
Әкімшілік қадағалаудың белгіленген шектеулеріне және қағидаларына қатысты емес өзге бұзушылықтарды жасау адамды ӘҚБтК-нің 480-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін негіз болып табылмайды.
Әкімшілік қадағалау туралы заңнаманы бұзумен байланысты ӘҚБтК-нің 480-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараған кезде сот істің басқа мән-жайларымен қатар қадағалаудағы адамның белгіленген шектеулерді сақтамауына әсер еткен сол немесе өзге бұзушылықтың себептері мен уәждері (қадағалаудағы адамның кенеттен қатты науқастануы, оның жақын туысының қайтыс болуы немесе ауруы және басқа да себептер) туралы дәлелдерін тексеруге міндетті.
Қазақстан Республикасының әкімшілік қадағалау туралы заңнамасын бұзу туралы іс қозғалған адам оның кінәсі ӘҚБтК-де көзделген тәртіппен дәлелденге және соттың заңды күшіне енген қаулысымен белгіленге дейін кінәсіз деп есептеледі.
22. Қадағалаудағы адамның бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін таңдап алған тұрғылықты жеріне демалыс және мереке күндерін есептемегенде, бес тәулік ішінде бармағаны үшін, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған қадағалаудағы адамның тұрғылықты жерін өз еркімен тастап кеткені үшін ҚК-нің 431-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық осы әрекеттер әкімшілік қадағалаудан жалтару мақсатында жасалған жағдайда ғана болады.
Егер қадағалаудағы адам ішкі істер органдарының бақылауынан шығу ниеті болмай, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайға, көлік қатынасының уақытша болмауына, осы адамның ауыр науқасына және басқа да белгілі себептерге байланысты, таңдап алған тұрғылықты жеріне белгіленген мерзімде бара алмаса, іс-әрекет қылмыстық жазаланатын әрекет болып табылмайды.
Сонымен қатар қадағалаудағы адамның әкімшілік қадағалаудан жалтару мақсатынсыз тұрғылықты жерінен өз бетiмен кетіп қалу әрекетінде ҚК-нің 431-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмайды және ол ӘҚБтК-нің 480-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа ғана әкеп соғады.
Қадағалаудағы адамның әкімшілік қадағалаудан жалтару мақсаты ҚК-нің 431-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының субъективтік жағының міндетті белгісі ретінде іс бойынша тиісінше дәлелденуі тиіс. Қадағалаудағы адамның осындай мақсатының болуы туралы оның тұрғылықты жерінен өз бетімен белгілі бір себептерсіз ұзақ мерзімге кетіп қалуы, қадағалаушы органнан тұрғылықты жерінен тыс өзінің болған жерін қасақана жасыруы, өңір мен елдің шегінен шығуы және т.б. куәландыруы мүмкін.
23. Соттар бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамға белгіленген әкімшілік қадағалаудан жалтарғаны үшін жазаны тағайындаған кезде сотталушыда жұмысының бар-жоғын, оның денсаулығының жағдайын, отбасы жағдайын, оның жеке басын сипаттайтын және оған бас бостандығынан айырудан басқа қылмыстық заңның санкциясында көзделген қылмыстық жазаның өзге шараларын қолдануға мүмкіндік беретін басқа да мән-жайларды ескеруі керек.
24. "Әкімшілік қадағалау жөніндегі заңнаманы қолданудың сот тәжірибесі туралы" Қазақтан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 20 маусымдағы № 3 нормативтік қаулысының күші жойылды деп танылсын.
25. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы |
Ж. Асанов |
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыс хатшысы |
Г. Әлмағамбетова |