Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119 қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары (бұдан әрі – Жоспар) бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119 қаулысымен.2. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы (келісім бойынша) "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамымен (келісім бойынша) және "Қазақстанның Даму банкі" акционерлік қоғамымен (келісім бойынша) бірлесіп:
1) Жоспардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін;
2) жарты жылда бiр рет, жартыжылдықтың алғашқы айының жиырмасыншы күнiнен кешiктiрмей Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне Жоспардың орындалуы туралы ақпарат берсін.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі 2015 жылғы 30 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне Жоспардың орындалуы туралы жиынтық ақпарат берсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
| Қазақстан Республикасының | |
| Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 11 наурыздағы № 124 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің
өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруды қамтамасыз ету
жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары
Ескерту. Жоспардың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119 қаулысымен.
Ағымдағы жағдайды талдау
Ескерту. Бөлімге өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119; 29.12.2018 № 937; 12.02.2019 № 56; 29.04.2026 № 346 қаулыларымен.
Экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету мақсатында 2010 жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама (бұдан әрі – ҮИИДМБ) қабылданды. ҮИИДМБ алдын ала қорытындысы оның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер еткенін айғақтайды. 2008 – 2013 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосылған құны көлемінің өсуі 25,8 %-ды құрады (1,8 ден 3,8 трлн. теңгеге дейін). Ұқсас кезең ішінде өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігінің өсуі 158,5 %-ды құрады, 37,3-тен 57,5 мың АҚШ долл/адам. дейін1. Бұл ретте 2013 жылы өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 5 852,6 млрд. теңгені құрады, оның ішінде тамақ өнеркәсібі 1 172,6 млрд. теңге (20 %), машина жасау – 859,2 млрд. теңге (14,5 %), химия өнеркәсібі – 185,9 млрд. теңге (3 %)2.
_________________________
1 "Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның көрсеткіштері" статистикалық бюллетені (http://www.stat.gov.kz/faces/wcnav_externalId/publicationsGPFIIR)
2 "Қазақстанның және оның өңірлерінің өнеркәсібі" статистикалық жинағы (http://www.stat.gov.kz/faces/wcnav_externalId/publicationsCompilations)

Әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізу табиғи ресурстармен қамтамасыз етілу, қолайлы макроэкономикалық орта және саяси тұрақтылық сияқты бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторларының арқасында орын алды. Бұл ретте перспективада ел экономикасы бәсекеге қабілеттілігін жоғалтуы және "орташа табыс тұзағында" қалуы мүмкін3. Айталық, оң үрдістерге қарамастан, өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны төмендеуде (2013 жылы – 1,9 %, ал 2010 жылы – 13,9 %). ЖІӨ-нің озыңқы өсуі есебінен оның құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2008 жылы 11,8 %-дан 2014 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары бойынша 10,7 %-ға дейін төмендеді. Бұдан басқа, шикізаттық емес өнімнің экспорт құрылымындағы үлесі ұқсас кезеңде 28 %-дан 24 %-ға дейін қысқарған.
Өңдеу өнеркәсібі өнімінің өсу қарқынының баяулауы елдегі инвестициялық белсенділіктің төмендеуімен бірге жүрді. Айталық, соңғы бес жыл ішінде негізгі капиталға инвестициялардың жылдық өсу деңгейі 14,8 %-дан 6,9%-ға дейін қысқарды4. Бұл ретте 2013 жылы инвестициялық салымдардың ең көп көлемі өткен жылдардағыдай тау-кен өндірісіне тиесілі (негізгі капиталға барлық инвестициялардың 29 %-ы). Негізгі капиталға инвестицияларды қаржыландырудың негізгі көзі кәсіпорынның меншікті қаражаты болып отыр (59 %), ал нарықта ұзақ мерзімді қорландыру көздерінің жетіспеушілігі байқалады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі 2014 жылдың бірінші жартысында қабылдаған шаралар өңдеу өнеркәсібі секторында жағымды өзгерістерге әсер етті. Осылайша, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – ҰБ) ресми мәліметтері бойынша 2014 жылдың жаз кезеңінде өңдеу өнеркәсібіне берілген кредиттердің көлемі өткен жылдың ұқсас көрсеткішінен 2,8 %-ға артты. Сонымен қатар, 2014 жылғы маусым – тамызда берілген өңдеу өнеркәсібінің ұзақ мерзімді кредиттері өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есеге асып түсті5. Дегенмен, жалпы кредит қоржынының құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тек 6,8 % тиесілі, ал ҚР ҰБ зерттеуінің деректері бойынша өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарында кредитке деген қажеттілік тұтастай экономика бойынша алғанда жоғары. Тұтастай алғанда, Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде өңдеу өнеркәсібі үшін инвестицияларға болжамды қажеттілік шамамен 6,6 трлн. теңгені құрайды.
_________________________
3 Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 - 2019 жылдарға арналған тұжырымдамасы
4 "Қазақстан Республикасындағы инвестициялық қызмет туралы" статистикалық бюллетені (http://www.stat.gov.kz/faces/wcnav_externalId/homeNumbersInvestment)
5 ҰБ статистикалық бюллетені (http://www.nationalbank.kz/?docid=310)
Өңдеу өнеркәсібінің жұмыс істеуіне қолдау көрсетін қызметтер көрсету салаларын дамыту мәселесі де маңызды болып табылады. Оған көлік және логистика, коммуникация, техникалық сынақтар және ғылыми зерттеулер, мамандандырылған техниканы жалдау, буып-түю және т.б. жатады. 2014 жылғы 9 айдың деректері бойынша бұл секторларда негізгі қаражатқа инвестиция салудың теріс қарқыны байқалады (көлік және қоймаға жинау бойынша – 15 %, ақпарат және байланыс бойынша – 17 %).
Осылайша, өңдеу өнеркәсібі және өңдеу өнеркәсібі үшін қызмет көрсететін секторлар үшін ұлттық валютада кредит қаражатының қолжетімділігін арттыру қажеттілігіне байланысты кәсіпорындардың айналым капиталын толықтыру және негізгі қорларды жаңарту қажеттілігін ескеретін қаржы құралдарын бөлу бойынша мемлекеттің қосымша шаралар қабылдауының қажеттігі байқалады.
Осы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары (бұдан әрі – Жоспар) кәсіпкерлік субъектілерін мынадай бағыттар бойынша қолдауға бағытталған шаралар кешенін айқындайды:
бірінші бағыт: "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "Даму" КДҚ" АҚ) тізбесін Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия мақұлдаған екінші деңгейдегі банктерге (бұдан әрі – ЕДБ) өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін (бұдан әрі – ШОКС) қаржыландыру үшін, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде ШОКС-ға берілген ЕДБ қарыздарын қайта қаржыландыруға, ЕДБ қарыздары бойынша айналым қаражатын қаржыландыруға, өңдеу өнеркәсібінде жаңа жобаларды қаржыландыруға кредит береді (бұдан әрі – бірінші бағыт) (мақсатқа сай пайдалану шарты "Alatau City Bank" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "Alatau City Bank" АҚ) берген қарыздарға қолданылмайды);
екінші бағыт: "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – "ҚДБ" АҚ) өңдеу өнеркәсібінде ірі кәсіпкерлік субъектілерін (бұдан әрі – ІКС) қаржыландыру үшін, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі ІКС-ге берілген ЕДБ қарыздарын қайта қаржыландыруға, өңдеу өнеркәсібіндегі ІКС-ге берілген ЕДБ қарыздары бойынша айналым қаражатын қаржыландыруға, өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобаларды қаржыландыруға ЕДБ-ге банкаралық кредит беруі (бұдан әрі – екінші бағыт) (мақсатқа сай пайдалану шарты "Alatau City Bank" АҚ берген қарыздарға қолданылмайды).
Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі – Мемлекеттік комиссия) шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларын қаржыландыру үшін өңдеу өнеркәсібі салаларының тізбесін айқындайды.
Тамақ өнеркәсібі саласындағы жобаларға бірінші бағыт бойынша кредит беру осы Жоспарға қосымшаға сәйкес тамақ өнеркәсібінің қаржыландыруға арналған салаларының тізбесіне (бұдан әрі – тізбе) сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте, тамақ өнеркәсібі саласындағы жобаның нысаналы мақсатын растау үшін экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің (бұдан әрі – ЭҚЖЖ) нақты кодына байланыстырылған тізбеден кемінде бір тауар түрін шығару жеткілікті.
Жалпы ережелер
Мақсатқа қол жеткізу және қойылған міндеттерді іске асыру тетіктері
Ескерту. Кіші бөлім жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.04.2026 № 346 қаулысымен.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 14 сәуірдегі № 354 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы № 1276 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібінде кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыруды жалғастыра отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі, ҚР ҰБ, "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингі" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "Бәйтерек" ҰИХ" АҚ) өңдеу өнеркәсібінде ШОКС-ны және ІКС-ны кейіннен қаржыландыру үшін, оның ішінде бұрын берілген ЕДБ қарыздарын қайта қаржыландыруға, ШОКС-ның және ІКС-ның айналым қаражатын және жаңа жобаларын қаржыландыруға ЕДБ қаржыландыру бойынша қосымша шаралар қабылдайтын болады.
2014 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрі – ҚР ҰҚ) қаражатынан жоғарыда аталған шараларды іске асыру үшін ШОКС-ны және ІКС-ны қосымша қаржыландырудың жалпы көлемі 100 (жүз) миллиард теңгені құрайды.
Жыл | ШОКС жобалары | ІКС жобалары |
2015 | 50 млрд теңге | 50 млрд теңге |
Осы мақсаттар үшін "Бәйтерек" ҰИХ" АҚ мынадай шарттарда 100 (жүз) миллиард теңге сомасына облигациялар шығару арқылы ҚР ҰҚ-дан қарыз алуды жүзеге асырады:
Шығару жылы | 2015 |
ҚР ҰҚ қаражатынан орналастыру көлемі | 100 млрд теңге |
Купон мөлшерлемесі | жылдық 0,1 % |
Өтеудің кiрiстiлiгi | жылдық 0,1 % |
Облигациялардың айналыс мерзiмi | облигациялардың айналысы басталған күннен бастап 20 жылға дейін |
Облигациялық қарызды өтеу мерзімі | эмитенттің бастамасы бойынша мерзімінен бұрын өтеу құқығымен айналыс мерзімінің соңында |
Облигацияларды орналастырғаннан кейін "Бәйтерек" ҰИХ" АҚ бірінші бағыт бойынша шараларды іске асыру үшін "Даму" КДҚ" АҚ-мен Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес кредиттік шарт жасасады және "Даму" КДҚ" АҚ-на мынадай шарттарда кредит береді:
1) кредит сомасы – 50 (елу) миллиард теңге;
2) мерзімі – кредиттік шартқа қол қойылған күннен бастап 20 жылға дейін;
3) сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 0,15 %;
4) "Даму" КДҚ" АҚ бастамасы бойынша мерзімінен бұрын өтеу құқығымен жасалған кредиттік шарт талаптарына сәйкес мерзімнің аяғында қаражатты бір сомамен өтеу.
Облигацияларды орналастырғаннан кейін "Бәйтерек" ҰИХ" АҚ екінші бағыт бойынша шараларды іске асыру үшін "КДБ" АҚ-мен Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес қарыз шартын жасасады және "ҚДБ" АҚ-на мынадай шарттарда кредит береді:
1) кредит сомасы – 50 (елу) миллиард теңге;
2) мерзімі – кредиттік шартқа қол қойылған күннен бастап 20 жылға дейін;
3) сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 0,15 %;
4) "ҚДБ" АҚ бастамасы бойынша мерзімінен бұрын өтеу құқығымен жасалған қарыз шартының талаптарына сәйкес мерзімнің аяғында қаражатты бір сомамен өтеу.
Қаражатты екінші деңгейдегі банктерде шартты орналастырудың талаптары мен тетіктері
Ескерту. Кіші бөлімге өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119; 14.04.2016 № 216; 29.12.2018 № 937; 13.05.2019 № 274; 29.04.2026 № 346 қаулыларымен.
1. Мемлекеттік комиссия ЕДБ тізбесі және бірінші және екінші бағыт бойынша лимиттер сомалары жөнінде ұсынымдар тұжырымдайды.
2. "Даму" КДҚ" АҚ, "ҚДБ" АҚ және ЕДБ осы Жоспарды іске асыру шеңберінде ҚР ҰҚ-дан бөлінетін қаражаттан төлемдер жүргізу үшін ҚР ҰБ-да жеке банктік шоттар ашады.
3. "Бәйтерек" ҰИХ" АҚ жасалған кредиттік шарт пен қарыз шартының талаптарына сәйкес қаражат сомасын "Даму" КДҚ" АҚ-ның және "ҚДБ" АҚ-ның ҚР ҰБ-дағы жеке банктік шотына орналастырады.
4. "Даму" КДҚ" АҚ Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес ЕДБ-мен мынадай шарттарда кредиттік келісімдер жасасады:
1) Мемлекеттік комиссия ұсынған лимиттер шегінде ҚР ҰБ-да ЕДБ-ның жеке банктік шоттарында кредит қаражатын қамтамасыз етпей орналастыру;
2) сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2 %-дан аспайды;
3) ЕДБ-ға кредит беру мерзімі – 20 жылға дейін;
4) қаражат ЕДБ шотына түскен күннен бастап ЕДБ-ның кредиттік қаражатты игеру мерзімі:
инвестициялық мақсаттарға берілетін кредиттер бойынша – 3 ай;
айналым қаражатын толықтыру және бұрын берілген ЕДБ қарыздарын қайта қаржыландыру мақсаттарына берілетін кредиттер бойынша – 3 ай.
ЕДБ тарапынан ерте дегенде 2026 жылғы 1 қаңтардан қаржыландырылған өңдеу өнеркәсібіндегі ШОКС-не жаңа жобаларға берілген ЕДБ-нің қарыздары бойынша қайта қаржыландыруға жол беріледі;
5) ЕДБ-ға кредит беру валютасы – теңге;
6) "Даму" КДҚ" АҚ мен ЕДБ арасында жасалған кредиттік келісім шеңберінде:
Мемлекеттік комиссияның ұсынымдарына сәйкес ЕДБ лимитінің 25 %-ынан аспайтын бөлігін ЕДБ өңдеу өнеркәсібіндегі ШОКС-ге берген қарыздарды қайта қаржыландыруға жіберетін қарыздардың үлесі құрайды;
Мемлекеттік комиссияның ұсынымдарына сәйкес ЕДБ лимитінің 25 %-ынан аспайтын бөлігін ЕДБ өңдеу өнеркәсібіндегі ШОКС-ның айналым қаражатын толықтыру мақсатына жіберетін қарыздардың үлесі құрайды;
Мемлекеттік комиссияның ұсынымдарына сәйкес ЕДБ лимитінің кемінде 50 %-ын ЕДБ өңдеу өнеркәсібіндегі ШОКС-ның жаңа жобаларын қаржыландыруға жіберетін қарыздардың үлесі құрайды.
2019 жылдан бастап ШОКС-ны қаржыландырудан қайтарылған қаражат есебінен 25 (жиырма бес) миллиард теңге ҚР ҰҚ қаражатының айналыс мерзімінің соңына дейін қайтарылатын негізде экспорт алдындағы/экспорттық қаржыландыруға және/немесе экспортқа бағдарланған жобаларды қаржыландыруға жіберілетін болады.
Экспорт алдындағы/экспорттық қаржыландыру – өнімді өндіруге және экспортқа өткізуге байланысты айналым қаражатын толықтыруға ШОКС жобасын қаржыландыру. Экспортқа бағдарланған жобаларды қаржыландыру – ШОКС-ға кейіннен экспорт үшін өнім өндіру мақсатында инвестициялық шығындарды жүзеге асыруға қаражат беру.
Пропорцияларды сақтау ЕДБ-нің қаражатын екінші рет орналастыруға қолданылмайды.
5. "ҚДБ" АҚ Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес ЕДБ-мен мынадай шарттарда банктік қарыз шартын жасасады:
1) кредит қаражатын Мемлекеттік комиссия мақұлдаған лимиттер шегінде ҚР ҰБ-да ЕДБ-ның жеке банктік шоттарында қамтамасыз етпей орналастыру;
2) сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2 %-дан аспайды;
3) ЕДБ-ға кредит беру мерзімі – 20 жылға дейін;
4) "ҚДБ" АҚ мен ЕДБ арасында банктік қарыз шартын/лимиттерді өзгерту туралы қосымша келісім жасалған күннен бастап ЕДБ-нің кредиттік қаражатты игеру мерзімі:
инвестициялық мақсаттарға берілетін кредиттер бойынша – 18 ай;
айналым қаражатын толықтыру және бұрын берілген ЕДБ қарыздарын қайта қаржыландыру мақсаттарына берілетін кредиттер бойынша – 6 ай;
5) ЕДБ-ға кредит беру валютасы – теңге;
2019 жылдан бастап ІКС-нің қолданыстағы кредиттік желілерінің жабылуына қарай босайтын қаражат есебінен 25 (жиырма бес) миллиард теңге ҚР ҰҚ қаражатының айналыс мерзімінің соңына дейін қайтарылатын негізде ІКС-нің экспорт алдындағы/экспорттық қаржыландыруға және/немесе экспортқа бағдарланған жобаларын қаржыландыруға жіберілетін болады.
Экспорт алдындағы/экспорттық қаржыландыру – өнімді өндіруге және экспортқа өткізуге байланысты айналым қаражатын толықтыруға ІКС жобасын қаржыландыру. Экспортқа бағдарланған жобаларды қаржыландыру – ІКС-ге кейіннен экспорт үшін өнім өндіру мақсатында инвестициялық шығындарды жүзеге асыруға қаражат беру.
Пропорцияларды сақтау ЕДБ қаражатын екінші рет орналастыруға қолданылмайды.
6. ЕДБ орналастырылған кредит қаражатын мақсатты пайдалану және игеру бойынша "Даму" КДҚ" АҚ мен "ҚДБ" АҚ алдында есеп береді.
ЕДБ есептерін ұсыну тәртібі, нысаны мен кезеңділігі, сондай-ақ ЕДБ-ге кредит берудің осы Жоспарда көзделмеген өзге де, оның ішінде: экспорттық түсімнің бар болуын анықтау үшін ковенанттарды белгілеу шарттары тиісті кредиттік келісіммен, банктік қарыз шартымен белгіленеді. Экспорт алдындағы/экспорттық қаржыландыру және/немесе экспортқа бағдарланған жобаларды қаржыландыру үшін іріктеу кезінде басымдық осындай жобаны қаржыландыру басталған күннен бастап 1 (бір) қаржы жылынан кейін экспорттық түсімнің жыл сайын кемінде 5 % өсуін қамтамасыз ететін жобаларға берілуі тиіс. Мұндай жобаны қаржыландыру туралы шешім қабылданғанға дейін алдыңғы 2 (екі) жыл ішінде ІКС/ШОКС субъектілерінің экспорттық түсімінің көлемін экспорттық түсімнің орташа жылдық көлемі деңгейінде сақтауды қамтамасыз ететін экспортқа бағытталған жобаларды экспорт алдындағы/экспорттық қаржыландыруға және/немесе қаржыландыруға жол беріледі.
ЕДБ-ға бөлінетін қаражатты Мемлекеттік комиссия айқындаған ШОКС және ІКС жобаларын қаржыландыру үшін өңдеу өнеркәсібі салаларының тізбесіне енбейтін жобаларды іске асыруға жіберуге тыйым салынады.
ЕДБ-ға бөлінетін қаражатты қаржы құралдарына инвестициялауға және/немесе олармен операциялар жүргізуге, сондай-ақ шетелдік валютаны сатып алу үшін валюта нарығына бағыттауға тыйым салынады.
ЕДБ ай сайынғы негізде ШОКС-тың бұрын берілген қарыздарын өтеу есебінен босатылған қаражатты ҚР ҰБ-дағы өзінің жеке банктік шоттарына есепке жазуды жүзеге асырады. Бұл ретте ЕДБ үш ай ішінде қаражатты ШОКС-қа одан әрі кредит беруге бағыттайды не "Даму" КДҚ" АҚ-ның ҚР ҰБ-дағы жеке банктік шоттарына мерзімінен бұрын қайтарады.
ЕДБ ІКС-тің бұрын берілген қарыздарын өтеу есебінен босатылған қаражатты ҚР ҰБ-дағы өзінің жеке банктік шоттарына есепке жазуды жүзеге асырады. Бұл ретте ЕДБ "ҚДБ" АҚ мен ЕДБ арасында жасалған қарыз шарттарында белгіленген мерзім ішінде қаражатты ІКС-ті одан әрі кредит беруге бағыттайды. Қаражат кредиттік келісімдерде және (немесе) қарыз шарттарында көрсетілген мерзімдерде орналастырылмаған жағдайда, "ҚДБ" АҚ ЕДБ-ден қаражаттың орналастырылмаған бөлігін мерзімінен бұрын өтеуді талап етуге құқылы.
7. ШОКС және ІКС жобаларын қаржыландыру шеңберінде жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі ҚР ҰБ талаптарына сәйкес айқындалады.
Кәсіпкерлік субъектілерінің қарыз бойынша міндеттемелерді бұзу себебінен алып қойылатын комиссияларды, алымдарды және/немесе басқа төлемдерді қоспағанда, кәсіпкерлік субъектісінің қарызына байланысты комиссиялар, алымдар және/немесе өзге төлемдер алынбайды.
ШОКС және ІКС мүлікті бағалау және сақтандыру бойынша шығыстарды төлейді.
8. ЕДБ орналастырылатын қаражатты мақсатына сай пайдаланбаған, толықтай немесе ішінара игермеген жағдайларда, сондай-ақ кредиттік келісімде немесе банктік қарыз шартында көзделген өзге де жағдайлар туындаған кезде "Даму" КДҚ" АҚ, "ҚДБ" АҚ ЕДБ-ге қатысты кредиттік келісімнің, банктік қарыз шартының талаптарына сәйкес шаралар қолданады, оның ішінде кредиттік келісімдерді, банктік қарыз шартын мерзімінен бұрын бұзу және/немесе кейін басқа ЕДБ-лар арасында қайта бөле отырып, орналастырылған қаражатты кері қайтарып алу және/немесе ЕДБ портфелін (банктік қарыз шарттары бойынша ШОКС/ІКС-ге құқықтар (талаптар) беру мәселесіне бастама жасауға құқылы. Кері қайтарып алынған, ЕДБ мерзімінен бұрын өтеген қаражатты қайта бөлу, сондай-ақ ЕДБ портфелін (банктік қарыз шарттары бойынша ШОКС/ІКС-ге құқықтарды (талаптарды) басқа ЕДБ-ге беру Мемлекеттік комиссияның ұсынымдарын ескере отырып жүзеге асырылады.
9. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119 қаулысымен.
10. Осы кіші бөлімнің 2-тармағында, 4-тармағының 6) тармақшасында, 5-тармағының 6) тармақшасында, 6, 7 және 8-тармақтарында көрсетілген шарттар "Alatau City Bank" АҚ берген қарыздарға қолданылмайды.
Өңдеу өнеркәсібінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру шарттары
Ескерту. Кіші бөлім жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.04.2026 № 346 қаулысымен.
1. Нысаналы топ – бірінші бағыт бойынша өңдеу өнеркәсібінде жобаларды іске асыратын және (немесе) іске асыруды жоспарлап отырған ШОКС.
2. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрілік зат ретінде тіркелген, құрамында спирт бар медициналық мақсаттағы өнім (бальзамдардан басқа) шығару көзделетін жобаларды қоспағанда, акцизделетін тауар шығару көзделетін жобаларды іске асыратын;
2) акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей мемлекеттік кәсіпорындарға/мекемелерге, ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға тиесілі ШОКС қатысушы бола алмайды.
3. ШОКС мақұлданған өтінімдеріне кредит беру мақсатында ЕДБ ҚР ҰБ-дағы жеке банктік шотынан қаражатты есептен шығару үшін қажетті сомаларды "Даму" КДҚ" АҚ-мен алдын ала келісуді жүзеге асырады. Бұл ретте қаражаттың мақсатты пайдаланылуын түпкілікті тексеруді "Даму" КДҚ" АҚ ШОКС жобасын іске асыратын жерге барғаннан кейін жүзеге асырады.
4. Кредиттер ШОКC-ға мақсатқа сай пайдалану, ақылылық, мерзімділік, қайтарымдылық және қамтамасыз етілу шарттарымен беріледі, оның ішінде:
1) бір ШОКС/байланысты тұлғалар тобы үшін қаржыландырудың ең жоғары лимиті "Даму" КДҚ" АҚ қаражатын шартты түрде орналастыру бойынша барлық бағдарламалар бойынша ағымдағы міндеттемелер ескерілгенде 7 (жеті) миллиард теңгені құрайды;
2) кредит беру мерзімі:
жаңа жобаларға және ШОКС-ның қолданыстағы инвестициялық қарыздарын қайта қаржыландыруға – 10 жылдан аспайды;
айналым қаражатын толықтыруға және айналым қаражатын толықтыру мақсатында берілген қолданыстағы қарыздарды қайта қаржыландыруға – 3 жылдан аспайды;
3) ШОКС үшін номиналды пайыздық мөлшерлеме жылына 12,6 %-дан аспайды, бұл ретте сыйақы мөлшерлемесінің көрсетілген мөлшері ҚР ҰҚ-ның қаражатын ЕДБ-нің қаражатымен микширлеу есебінен белгіленеді;
4) кредит беру валютасы – теңге.
5. Осы кіші бөлімнің шарттары "Alatau City Bank" АҚ берген қарыздарға қолданылмайды.
Өңдеу өнеркәсібінде ірі кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру шарттары
Ескерту. Кіші бөлімге өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119; 08.09.2016 № 528; 15.12.2017 № 847 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2018 № 937; 12.02.2019 № 56; 13.05.2019 № 274; 21.09.2021 № 643; 29.04.2026 № 346 қаулыларымен.
1. Нысаналы топ – екінші бағыт бойынша өңдеу өнеркәсібінде жобаларды іске асыратын және (немесе) іске асыруды жоспарлап отырған ІКС.
2. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрілік зат ретінде тіркелген құрамында спирт бар медициналық мақсаттағы өнімнің (бальзамдардан басқа) шығарылуын көздейтін жобаларды қоспағанда, акцизделетін тауарлардың шығарылуын көздейтін жобаларды іске асыратын;
2) акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей мемлекеттік кәсіпорындарға/мекемелерге, ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға тиесілі ІҚС қатысушылары бола алмайды.
3. ІКС-тің мақұлданған өтінімдеріне кредит беру мақсатында ЕДБ ҚР ҰБ-дағы ЕДБ-ның жеке банктік шотынан қаражатты есептен шығару үшін қажетті сомаларды "ҚДБ" АҚ-мен алдын ала келісуді жүзеге асырады.
4. Кредиттер ІКC-ке мақсатты пайдалану, ақылылық, мерзімділік, қайтарымдылық және қамтамасыз етілу шарттарымен беріледі, оның ішінде:
1) ең жоғары лимиті жоқ тамақ өнеркәсібі саласындағы жобаларды қоспағанда, бір ІКС-ге берілетін қаржыландыру лимиті – 7 000 000 000 (жеті миллиард) теңгеге дейін;
2) кредит беру мерзімі: жаңа жобаларға және ІКС-тың қолданыстағы инвестициялық қарыздарын қайта қаржыландыруға – 10 жылдан аспайды;
айналым қаражатын толықтыруға және айналым қаражатын толықтыру мақсатында берілген қолданыстағы қарыздарды қайта қаржыландыруға – 5 жылдан аспайды.
3) ІКС үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 12,6 %-дан аспайды, бұл ретте сыйақы мөлшерлемесінің көрсетілген мөлшері ҚР ҰҚ-ның қаражатын ЕДБ-нің қаражатымен микширлеу есебінен белгіленеді.
4) кредит беру валютасы – теңге;
5) инвестицияларға кредит беру бойынша негізгі қарызды төлеу бойынша жеңілдікті кезең – түпкілікті қарыз алушының кредитті игеруді бастаған күнінен бастап 24 айдан аспайды.
5. Осы кіші бөлімнің шарттары "Alatau City Bank" АҚ берген қарыздарға қолданылмайды.
5. Тамақ өнеркәсібі саласындағы жобаға 500000000 (бес жүз миллион) теңгеден жоғары сомаға кредит берілген жағдайда, уәкілетті органның оң қорытындысы қажет. Ол үшін "ҚДБ" АҚ уәкілетті органға сұрау салу мен мынадай ақпаратты жібереді: жоба бойынша қысқаша ақпарат, жобаның қуаты, өндірілетін өнім, жоба іске асырылатын жер (облыс, аудан, елді мекен), шикізат базасының болуы, әлеуетті өткізу нарықтары.
Уәкілетті орган сұрау салуды алған күннен кейін 7 (жеті) жұмыс күні ішінде жобаны қаржыландырудың салалық орындылығы немесе орынсыздығы туралы қорытынды ұсынады.
Екінші деңгейдегі банктерге қойылатын талаптар
1. Халықаралық рейтинг агенттігі берген кредит рейтингінің "В–" төмен болмауы.
2. Қазақстан Республикасының кемінде 5 өңірінде филиалдар желісінің болуы.
3. Негізгі қарыз және (немесе) қарыз қаражатын беру күніне есептелген сыйақы бойынша 90 күннен астам мерзімі өтіп кеткен берешегі бар кредиттер деңгейі 15 %-дан жоғары ЕДБ үшін ҚР ҰБ-мен жеке келісім жасасу талабы қосымша белгіленеді. Жеке келісімде ЕДБ-ның негізгі қарыз және (немесе) есептелген сыйақы бойынша 90 күннен асып кеткен берешегі бар кредиттер деңгейін ҚР ҰБ белгілеген мерзімде 15 %-ға дейін төмендету міндеті көзделетін болады. ЕДБ жеке келісімнің шарттарын орындамаған жағдайда, қаражатты "Даму" КДҚ" АҚ-ға және "ҚДБ" АҚ-ға қайтару көзделеді.
Мониторинг
Ескерту. Кіші бөлімге өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119; 29.12.2018 № 937; 29.04.2026 № 346 қаулыларымен.
1. "Даму" КДҚ" АҚ және "ҚДБ" АҚ осы Жоспарды іске асыруға қатысатын ЕДБ қаржылық-экономикалық жағдайына талдауды тұрақты негізде жүзеге асыратын болады.
2. "Даму" КДҚ" АҚ және "ҚДБ" АҚ:
1) ЕДБ-ның қаражатты мақсатты пайдалануы мен уақтылы игеруіне;
2) ШОКС және ІКС алған қаражаттың мақсатты пайдаланылуына;
3) ЕДБ-нің бұрын берілген қарыздарды өтеуден босатылатын қаражат есебінен ІКС-ті, ШОКС-ты уақтылы қаржыландыруына мониторингті жүзеге асыратын болады.
3. ЕДБ "Даму" КДҚ" АҚ-ға, "ҚДБ" АҚ-ға қаражатты игеру туралы есептерді тұрақты негізде жіберетін болады. Есепті беру нысаны мен мерзімдері тиісті кредиттік келісімде, банктік қарыз шартында көрсетіледі.
"Даму" КДҚ" АҚ және "ҚДБ" АҚ осы тармақтың шарттарына сәйкес ЕДБ-нен алынған ақпаратты Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 19 мамырдағы № 879 Жарлығымен құрылған ҚР ҰҚ-дан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссияға (бұдан әрі – Комиссия) және "Бәйтерек" ҰИХ" АҚ-ға береді.
4. ЕДБ қаржыландырылған субъектілерге мониторинг жүргізеді. Бұл ретте кәсіпкерлік субъектісінің қаржыландырылған әрбір жобасы бойынша жеке кредит дерекнамасы жүргізіледі, онда кәсіпкерлік субъектісінің қаражатты мақсатты пайдаланғанын растайтын құжаттар сақталуы тиіс.
5. "Даму" КДҚ" АҚ және "ҚДБ" АҚ осы Жоспар шеңберінде бөлінетін қаражат бойынша ЕДБ-ның төлем тәртібін қадағалайтын болады.
6. "Даму" КДҚ" АҚ мен "ҚДБ" АҚ Комиссияға және оның құрамына кіретін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға ҚР ҰҚ-ның ЕДБ-дегі қаражаты есебінен қарыз алған түпкілікті қарыз алушылар, сондай-ақ ЕДБ-ге кредит алу үшін өтініш білдірген кәсіпкерлік субъектілері және ЕДБ-ден кредит беру туралы оң шешім алған кәсіпкерлік субъектілері туралы ақпаратты, оның ішінде банктік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын, "Даму" КДҚ" АҚ мен ЕДБ арасында жасалған кредиттік келісімдердің, "ҚДБ" АҚ мен ЕДБ арасында жасалған банктік қарыз шарттарының талаптарына сәйкес ЕДБ-ден алынған ақпаратты береді.
7. Бөлінетін қаражаттың экономикалық нәтижелеріне мониторинг жүргізу мақсатында ШОКС-тың, ІКС-тің келісімі болған жағдайда, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті "Даму" КДҚ" АҚ-ға, "ҚДБ" АҚ-ға салықтық құпия болып табылатын мынадай мәліметтерді: салық салуға жатпайтын кірістерді ескере отырып, жиынтық жылдық кіріс, шетелдік көздерден түсетін кірістер, салық салынатын кіріс, сатылған тауарлар (жұмыстар, көрсетілген қызметтер) бойынша жұмсалған шығыстар, жұмыскерлердің есепке жазылған кірістері бойынша жұмсалған шығыстар, таза кіріс, жұмыскерлердің (адам) саны, бір жұмыскерге есептегенде орташа айлық жалақы, салықтық төлемдердің сомалары туралы ақпаратты ұсынады.
8. Осы кіші бөлімнің 2, 3, 6 және 7-тармақтарының шарттары "Alatau City Bank" АҚ берген қарыздарға қолданылмайды.
| Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу енеркәсібіндегі кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарына қосымша |
Қаржыландырылатын тамақ өнеркәсібі салаларының тізбесі
Ескерту. Қаулы қосымшамен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 12.02.2019 № 56; жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 21.09.2021 № 643 қаулыларымен.
Р/с | ЭҚЖЖ кодының атауы | ЭҚЖЖ коды |
1 | 2 | 3 |
1 | Ет өңдеу және консервілеу | 1011 |
2 | Ауыл шаруашылығы құсының етін өңдеу және консервілеу | 1012 |
3 | Ет өнімдерін және ауыл шаруашылығы құсының етінен жасалған өнімдер өндірісі | 1013 |
4 | Балықты, шаян тәрізділерді және моллюскаларды өңдеу және консервілеу | 1020 |
5 | Картопты өңдеу және консервілеу | 1031 |
6 | Жеміс және көкөніс шырындарының өндірісі | 1032 |
7 | Жемістер мен көкөністерді өңдеу және консервілеудің өзге де түрлері | 1039 |
8 | Май және тоң май өндірісі | 1041 |
9 | Маргарин және оған ұқсас тағамдық майлар өндірісі | 1042 |
10 | Сүтті өңдеу және ірімшік өндірісі | 1051 |
11 | Балмұздақ өндірісі | 1052 |
12 | Ұн-жарма өнімдерінің өндірісі | 1061 |
13 | Крахмал және крахмал өнімдерінің өндірісі | 1062 |
14 | Ұзақ сақталмайтын нан-тоқаш және ұннан жасалған кондитерлік өнімдер өндірісі | 1071 |
15 | Кептірілген нан және печенье, ұзақ сақталатын ұннан жасалған кондитерлік бұйымдар өндірісі | 1072 |
16 | Макарон өнімдерінің өндірісі | 1073 |
17 | Қант өндірісі | 1081 |
18 | Какао, шоколад және қантты кондитерлік бұйымдар өндірісі | 1082 |
19 | Шай және кофе өндірісі* | 1083 |
20 | Дәмдеуіштер мен дәмдеуіштер өндірісі* | 1084 |
21 | Дайын тағам өнімдерінің өндірісі | 1085 |
22 | Балалар тағамын және емдәмдік тамақ өнімдерінің өндірісі | 1086 |
23 | Басқа топтамаларға енгізілмеген басқа тамақ өнімдерінің өндірісі | 1089 |
24 | Ауыл шаруашылығы жануарларына арналған дайын азықтар өндірісі | 1091 |
25 | Үй жануарларына арналған дайын азықтар өндірісі | 1092 |
*ескертпе: ЭҚЖЖ 1083, 1084 кодтары шеңберінде қарыз беруге өнімді экспорттайтын кәсіпкерлік субъектілері үшін ғана қарыздар беруге жол беріледі.