Терроршылдыққа қарсы күрес туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 1999 жылғы 13 шілде N 416-I

Қолданыстағы
      Осы Заң Қазақстан Республикасында террошылдыққа қарсы күрестің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін, мемлекеттік органдардың және меншік нысандарына қарамастан ұйымдардың қызмет тәртібін, сондай-ақ азаматтардың терроршылдыққа қарсы күресті жүзеге асыруға байланысты құқықтарын, міндеттері мен кепілдіктерін белгілейді.

                        1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен терминдер

      Осы Заңда мынадай ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:
      1) терроршылдық -
      мемлекеттің стратегиялық және өмірлік маңызы бар объектілері мен коммуникацияларын, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жүйесін, мүлікті және басқа да материалдық объектілерді жою (зақымдау) немесе жоюға (зақымдауға) қатер төндіру;
      мемлекет немесе қоғам қайраткерінің мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметін тоқтату не осындай қызметі үшін кек алу үшін өміріне қауіп төндіру;
      шет мемлекеттің өкіліне немесе халықаралық ұйымның халықаралық қорғауды пайдаланатын қызметкеріне, сондай-ақ халықаралық қорғауды пайдаланатын адамның қызметтік үй-жайларына не көлік құралдарына шабуыл жасау;
      жеке адамдарға зорлық жасау немесе зорлық жасау қаупiн төндiру;
      адамды кепiл ретiнде алу немесе ұстау;
      Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiне және терроршылдыққа қарсы күреске бағытталған жалпы жұрт таныған халықаралық құқықтық актiлерге сәйкес "террорлық" ұғымына жататын өзге де әрекеттер жасау жолдарымен мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiру, мемлекеттiк органдардың шешiмдер қабылдауына ықпал ету және өзге де терроршылдық мақсаттарға қол жеткiзу үшiн жасалған құқыққа қарсы қылмыстық жазаға тартылатын әрекет;
      2) террорлық iс-әрекеттер - террорлық сипаттағы қылмыстарды жасауға бағытталған және төменде аталған әрекеттердiң кез келгенiн қамтитын iс-әрекет:
      терроршылдық идеологиясын тарату;
      террорлық акцияларды ұйымдастыру, жоспарлау, дайындау және жасау;
      террорлық акцияларды жасауға айдап салу, террорлық мақсатта зорлық-зомбылық жасауға шақыру;
      террорлық акцияларды жасау мақсатымен әскерилендiрiлген заңсыз құрамаларды немесе қылмысты ұйымдарды құру, сондай-ақ оларға қатысу;
      террорлық акцияларға терроршыларды тарту, қаруландыру немесе пайдалану, сондай-ақ оларды террорлық дағдыларға үйрету;
      террорлық ұйымдарды немесе терроршыларды қаржыландыру;
      террорлық әрекеттi дайындау мен жасауға жәрдемдесу;
      3) халықаралық терроршылдық - бiр мемлекет шекарасының шегiнен шығып кететiн террорлық iс-әрекет;
      4) террорлық акция - терроршылдық және террорлық сипаттағы өзге де қылмыстар мақсаттарына жетуге бағытталған әрекеттер жиынтығы;
      5) террорлық акт - егер iс-қимыл терроршылдықтың мақсаттарына қол жеткiзу үшiн жасалса, адамдардың қаза табуы, едәуiр мөлшерде мүлiктiк залал келтiру қаупiн туғызатын тiкелей қастандық, жарылыс, кепiлге адамдар ұстау, өрт салу немесе өзге де iс-қимыл жасау не өзге де қоғамға қауiптi зардаптардың тууы, сондай-ақ нақ сондай мақсатта аталған iс-қимылдарды жасау қаупiн төндiру;
      6) террорлық ұйым - террорлық акцияны жасау үшiн екi немесе одан да көп адамдардың тұрақты бiрiгуi;
      7) терроршы - террорлық iс-әрекеттi жүзеге асыруға қатысушы адам;
      8) террорлыққа қарсы операция - азаматтар мен лауазымды адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, террорлық акцияларды тыю, терроршыларды зиянсыздандыру, сондай-ақ террорлық акциялардың зардаптарын барынша азайту үшiн мемлекеттiк органдар жүргiзетiн арнаулы шаралар кешенi.
      Террорлыққа қарсы операцияларға Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы экс-Президентiнiң және Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн тiзбе бойынша өзге де адамдардың, сондай-ақ шет мемлекеттердiң мемлекет, үкiмет басшыларының және халықаралық ұйымдар жетекшiлерiнiң Қазақстан аумағында болуы кезiнде олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi күзет шаралары жатқызылады;
      9) террорлыққа қарсы операцияларды жүргiзу аймағы - аталған операция жүргiзiлетiн шектегi жекелеген жер учаскелерi немесе су айдындары, әуе кеңiстiгi, көлiк құралы, үй, құрылыс, ғимарат, үй-жай және оларға жапсарлас аумақ;
      10) арнаулы мақсаттағы бөлiмшелер - терроршылдыққа қарсы күресу үшін заңдарға сәйкес құрылған мамандар топтары.

      2-бап. Қазақстан Республикасының терроршылдыққа қарсы күрес
             саласындағы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының терроршылдыққа қарсы күрес саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардан тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы

Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық 
шарттардың ережелерi қолданылады. 
     
     3-бап. Терроршылдыққа қарсы күрестiң негiзгi принциптерi мен 
            мақсаттары 
     
     1. Қазақстан Республикасында терроршылдыққа қарсы күрес:
     1) террорлық акциялар салдарынан қауiп төнген адамдардың өмiрi 
мен денсаулығына, құқықтарына басымдық беру;
     2) заңдылықты сақтау;
     3) терроршылдықтың алдын алуға басымдық беру;
     4) террорлық iс-әрекеттi жүзеге асырғаны үшiн жазаның болмай 
қалмайтындығы;                      
     5) алдын алу, құқықтық, саяси, әлеуметтiк-экономикалық, насихат 
шараларын кешендi пайдалану;
     6) террорлыққа қарсы операцияларды жүргiзу кезiнде тартылатын 
күштер мен құралдарға оралымды басшылық етуде дара басқару 
принциптерiне негiзделедi.               
     2. Қазақстан Республикасында терроршылдыққа қарсы күрес:
     1) террорлық iс-әрекеттiң алдын алу, анықтау, тыю және оның 
зардаптарын жою;                   
     2) жеке адамды, қоғамды және мемлекеттi терроршылдықтан қорғау;


      3) терроршылдық iс-әрекеттi жүзеге асыруға жәрдемдесетiн себептер мен жағдайларды анықтау және жою мақсатында жүзеге асырылады.

           2-тарау. Терроршылдыққа қарсы күресті ұйымдастыру негіздері

      4-бап. Терроршылдыққа қарсы күрестi жүзеге асыратын субъектiлер

      1. Терроршылардың қол сұғушылықтарынан қауiпсіздікті қамтамасыз ету субъектiсi мемлекет болып табылады, ол осы саладағы өз қызметiн билiктiң заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары арқылы жүзеге асырады.
      2. Терроршылдыққа қарсы күрестi үйлестiру жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органды Қазақстан Республикасының Президентi анықтайды.
      3. Терроршылдыққа қарсы күрестi тiкелей жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар мыналар болып табылады:
      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi;
      2) Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi;
      3) Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi;
      4) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi.
      4. Террорлық көрiнiстердiң алдын алу, оларды анықтау және тыю жөнiндегi iс-әрекеттерге өз құзыретi шегiнде басқа да мемлекеттiк органдар қатысады.

      5-бап. Қазақстан Республикасының терроршылдыққа қарсы тiкелей
             күрестi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарының өзара
             iс-қимылы

      Қазақстан Республикасының терроршылдыққа қарсы тiкелей күрестi Жүзеге асыратын мемлекеттiк органдары өз құзыретi шегiнде:
      1) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мүмкiндiктерiн, сондай-ақ азаматтардың көмегiн пайдалана отырып, бiр-бiрiмен өзара iс-қимыл жасайды;
      2) террорлық iс-әрекетке жататын және осы мемлекеттiк органдардың құзыретiне енгiзiлген әрекеттердiң дайындалу фактiлерi мен белгiлерi туралы хабардар етедi және өзара қажеттi көмек көрсетедi;
      3) террорлыққа қарсы бiрлескен операцияларды жүргiзедi.

      6-бап. Қазақстан Республикасының терроршылдыққа қарсы тiкелей
             күрестi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарының шет
             мемлекеттердiң органдарымен және халықаралық құқық қорғау
             ұйымдарымен өзара iс-қимылы

      Қазақстан Республикасының терроршылдыққа қарсы тiкелей күрестi жүзеге асыратын мемлекеттік органдары терроршылдыққа қарсы күрес саласында шет мемлекеттердің органдарымен, халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен ұлттық заңдарға және халықаралық шарттарға сәйкес ынтымақтастық орнатады, Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасы немесе шет мемлекеттер аумағында жедел-іздестіру шараларын жүргізеді.
      Қазақстан республикасы террорлық акцияны кімнің қай жерде жасағанына қарамастан, террорлық іс-әрекетке қатысты адамдарды басқа мемлекеттердің құзыретті органдарының өтініші бойынша өз аумағынан қуғындайды.

       3-тарау. Қазақстан Республикасының Терроршылдыққа қарсы күреске
                қатысатын мемлекеттік органдарының құзыреті

      7-бап. Терроршылдыққа қарсы тікелей күресті жүзеге асыратын
             мемлекеттік органдардың құзыреті

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға және ұлттық қауіпсіздігін бүлдіруге бағытталған террорлық іс-әрекетті анықтайды, алдын алады және жолын кеседі, қылмыстық іс жүргізу заңдарына сәйкес террорлық іс-әрекетке байланысты қылмыстық істер бойынша тергеу жүргізеді, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, Республикадан тыс жерлердегі азаматтары мен ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
      2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі әлеуметтік, соның ішінде қылмыстық мақсатты көздейтін террорлық сипаттағы қылмыстардың алдын алады және жолын кеседі, оларды анықтау мен ашуға қатысады.
      3. Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы экс-Президентінің және Қазақстан Республикасы Президенті бекіткен тізбе бойынша өзге де адамдардың, сондай-ақ шет мемлекеттердің мемлекет, үкімет басшыларының және халықаралық ұйымдар басшыларының Қазақстан аумағында болу кезеңінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
      4. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әуе, су және жер үсті кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, терроршылдыққа қарсы операциялар жүргізуге, сондай-ақ терроршылардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өту, мемлекеттік шекара арқылы террорлық акциялар жасауға қолданылуы мүмкін қару, жарылғыш, уландырғыш, психотроптық заттар, радиоактивті материалдар мен өзге де заттарды заңсыз алып өту әрекеттерін анықтауға, алдын алуға және жолын кесуге қатысады.

      8-бап. Терроршылдыққа қарсы күрестегі өзге де мемлекеттік
             органдардың құзыреті

      Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде террорлық акциялардың алдын алу мен жолын кесудің, тәртіптік, ұйымдастырушылық, тәрбиелік және өзге де шараларын әзірлеу мен іске асыру, ведомстволық жүйелердің қажетті даярлығында террорлық сипаттағы қылмыстардың жасалуына қарсы әрекет етудің сақтандырушы шараларының жасалуы мен бұл шараларды қолдау, ақша қаражатын, ақпаратты, көлік және байланыс құралдарын, медициналық жабдықтарды, дәрі-дәрмектерді беру және медициналық қызмет көрсету, материалдық-техникалық қамтамасыз ету арқылы терроршылдыққа қарсы күреске қатысады.

      9-бап. Терроршылдыққа қарсы күресте мемлекеттік органдарға көмек
             көрсету міндеттілігі

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен меншік нысандарына қарамастан ұйымдарының лауазымды адамдары терроршылдыққа қарсы тiкелей күрестi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарға көмек көрсетуге және қажеттi жәрдем беруге мiндеттi.
      2. Қазақстан Республикасының азаматтары өздерiне белгiлi болған дайындалып жатқан немесе жасалған террорлық акция туралы мәлiметтердi терроршылдыққа қарсы күрестi тiкелей жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарға дереу хабарлауға мiндеттi.
      3. Дайындалып жатқан немесе жасалған террорлық акциялар туралы ақпаратты мемлекеттiк органдарға хабарлау азаматтық борышты орындау болып бағаланады. Террорлық акцияны болғызбай тастауға немесе тыюға көмектескен ақпарат үшiн сыйақы төленедi, оның мөлшерiн терроршылдыққа қарсы күрестi үйлестiру жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.

        4-тарау. Террорлық іс-әрекеттің алдын алу, анықтау және жолын кесу

      10-бап. Террорлық iс-әрекеттiң алдын алу

      1. Қазақстан Республикасының аумағында:
      1) терроршылдықты насихаттауға;
      2) террорлық ұйымдардың, сондай-ақ заңсыз әскерилендiрiлген құрамалардың құрылуына, тiркелуiне және жұмыс iстеуiне тыйым салынады.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк органдарының террорлық iс-әрекетке қатысқан шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуiне тыйым салуға құқығы бар.

      11-бап. Террорлық iс-әрекеттi анықтау

      1. Қазақстан Республикасының терроршылдыққа қарсы күрестi тiкелей жүзеге асыратын мемлекеттiк органдары террорлық iс-әрекеттi анықтауды заңдарға сәйкес өткiзедi.
      2. Қазақстан Республикасының аумағындағы мемлекеттiк органдар мен меншiк нысандарына қарамастан ұйымдар, террорлық iс-әрекет белгiлерi бар барлық оқиғалар туралы терроршылдыққа қарсы күрестi тiкелей жүзеге асыратын органдарға хабарлауға мiндеттi.

      12-бап. Террорлық акцияның жолын кесу

      1. Террорлық акцияның жолын кесу үшiн терроршылдыққа қарсы тiкелей күрестi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар қолда бар күштер мен құралдарды, соның iшiнде арнаулы мақсаттағы бөлiмшелердi iске тартады. Қажет болған жағдайларда террорлық акциялардың жолын кесу үшiн террорлыққа қарсы операциялар жүргiзiледi.
      2. Террорлыққа қарсы операцияларды тiкелей жүзеге асыру үшiн оралымды штабтар құрылады. Террорлық акцияның қоғамдық қаупiнiң ауқымы мен дәрежесiне, күтiлiп отырған келеңсiз салдарына қарай республикалық немесе аймақтық оралымды штабтар құрылады.
      3. Оралымды штабтардың iс-әрекетi терроршылдыққа қарсы күрестi тiкелей жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың ведомствоаралық нормативтiк актiлермен белгiленген тәртiп бойынша бекiтiлетiн олар туралы ереже арқылы анықталады.

      13-бап. Террорлыққа қарсы операцияларға басшылық жасау

      1. Оралымды штаб басшысы террорлыққа қарсы операцияны жүргiзудiң басынан бастап оның басшысы және сонымен бiр мезгілде оны жүргiзуге тартылатын барлық әскери қызметшiлердiң, қызметкерлер мен мамандардың бастығы болады.
      2. Террорлыққа қарсы операцияны жүзеге асыратын оралымды штаб басшысы террорлыққа қарсы операцияның жүргiзу аймағының шекарасын, басталу және аяқталу уақытын белгiлейдi, берілген күштер мен құралдардың қолданылу бағыттары мен шегi туралы шешiм қабылдайды.
      3. Атқаратын қызметiне қарамастан басқа лауазымды адамның террорлыққа қарсы операцияның оралымды басшылығына заңсыз араласуына жол берiлмейдi.
      4. Адамдардың өмiрi мен денсаулығын, материалдық құндылықтарды сақтау, сондай-ақ террорлық акцияның жолын кесу мүмкiндiктерiн зерделеу мақсатында терроршылармен келiссөз жүргiзуге жол берiледi. Келiссөз жүргiзуге оралымды штаб басшысы арнайы уәкiлдiк берген адамға ғана рұқсат етiледi.
      5. Егер терроршымен (терроршылармен) оның (олардың) террорлық акцияны тоқтатуға келiспеуi себептi келiссөз мақсатына қол жеткiзiлмей, адамдардың өмiрi мен денсаулығына нақты қатер төнiп тұрса, террорлыққа қарсы операцияның басшысы терроршыны (терроршыларды) жою туралы шешiм қабылдауға құқылы.
      6. Қорғалатын адамға немесе объектiге айқын қатер төнген немесе ондай қатердi өзге заңды құралдармен жою мүмкiн болмаған жағдайда терроршы (терроршылар) террорлыққа қарсы операция басшысының өкiмiмен келiссөз жүргiзбей және ескерту жасалмай жойылуы мүмкiн.

      14-бап. Террорлыққа қарсы операцияларды жүргiзу үшiн тартылатын
              күштер мен құралдар

      1. Террорлыққа қарсы операцияларды жүргiзу үшiн оралымды штабтарға терроршылдыққа қарсы тiкелей күрестi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың қажеттi күштерi мен құралдары берiледi.
      2. Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес, қажет болған жағдайларда террорлық акцияның жолын кесу үшiн шет мемлекеттердiң арнайы мақсаттағы бөлiмшелерi тартылуы мүмкiн.

      15-бап. Террорлыққа қарсы операцияны жүргiзу аймағындағы
              құқықтық режим

      1. Террорлыққа қарсы операцияны жүргiзу аймағының шекарасында террорлыққа қарсы операцияға қатысушы адамдардың:
      1) көлiк құралдарының, соның iшiнде дипломатиялық және консулдық өкiлдiктер көлiк құралдарының, сондай-ақ азаматтардың сол жердiң жекелеген учаскелерi мен объектiлерiнде жүруiн уақытша шектеуге тыйым салуға немесе осы учаскелер мен объектiлерден оларды кетiруге;
      2) жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеруге, ал олар болмаған жағдайда азаматтарды жеке басын анықтау үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ұстауға;
      3) террорлыққа қарсы операцияға қатысушы адамдардың заңды талаптарына кедергi келтiруге бағытталған құқық бұзушылықты немесе өзге де iс-қимылды, сондай-ақ террорлыққа қарсы операцияны жүргiзу аймағына рұқсатсыз енуге немесе енуге әрекет жасауға байланысты iс-қимыл жасаған немесе жасап жатқан адамдарды ұстауға және iшкi iстер органдарына жеткiзуге;
      4) терроршылардың iзiне түсу кезiнде азаматтардың тұрғын үйлерiне және өзге де үй-жайларына, жер учаскелерiне, меншiк нысандарына қарамастан ұйымдардың аумақтары мен үй-жайларына кедергiсiз кiруге, егер кешiгу адамдардың өмiрi мен денсаулығына нақты қауiп төндiретiн жағдайда көлiк құралдарына енуге;
      5) азаматтарды және атқаратын қызметiне қарамастан лауазымды адамдарды жеке тексеру, сондай-ақ көлiк құралдарын және олардағы заттарды, соның ішінде техникалық құралдарды пайдалана отырып тексеру жүргiзуге;
      6) қызметтiк мақсатта арнаулы байланысты қоса байланыс құралдарын, сондай-ақ дипломатиялық, консулдық және өзге де шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар өкiлдiктерiнiң көлiк құралдарын есептемегенде, азаматтарға және меншiк нысандарына қарамастан ұйымдарға тиесiлі көлiк құралдарын террорлық акцияларды болдырмау, террорлық акцияны жасаған адамдарды iздеу және ұстау немесе жедел медициналық көмекке зәру адамдарды емдеу мекемелерiне жеткiзу, сондай-ақ террорлық акция жасалған жерге бару үшiн пайдалануға;
      7) терроршыларға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген

қару мен арнаулы құралдарды ескертпей және шектемей қолдануға құқығы бар.
     2. Террорлыққа қарсы операцияны жүргiзуге қатысушы адамдардың 
iс-қимылы ол басталған кезден аяқталған кезге дейiн қажеттi қорғаныс 
жағдайында немесе өте қажеттi жағдайда жасалған іс-қимыл деп саналады.
     3. Террорлыққа қарсы операцияны жүргiзу аймағында бұқаралық 
ақпарат құралдары өкiлдерiнiң болуына оралымды штаб басшысының 
рұқсатымен жол берiледi.              
 
        5-тарау. Террорлық акция салдарынан зардап шеккен адамдардың
                 залалдарын өтеу және оларды әлеуметтік жағынан оңалту 
     
     16-бап. Террорлық акция салдарынан келтiрiлген залалды өтеу 
     
     Террорлық акция салдарынан келтiрiлген залалды өтеу республикалық 
және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен, кейiн сол соманы 
Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өтеткiзу 
арқылы жүргiзiледi. 
     
     17-бап. Террорлық акциядан зардап шеккен адамдарды әлеуметтiк оңалту 
     


      Террорлық акциядан зардап шеккен адамдарды әлеуметтiк оңалту Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен тегiн қажеттi құқықтық көмектi, психологиялық және медициналық оңалтуды қамтиды.

      18-бап. Терроршылдыққа қарсы күреске қатысушы адамдарды қорғау

      Қазақстан Республикасының терроршылдыққа қарсы тiкелей күрестi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарының қызметкерлерiне, сондай-ақ терроршылдыққа қарсы күресте көмек көрсететiн адамдарға және олардың отбасы мүшелерiне өмiрi мен денсаулығына қатер төнген жағдайда, олардың өтiнiштерi бойынша келбетiн, тегiн, атын және әкесiнiң атын, сондай-ақ жұмыс орны мен тұрғылықты жерiн осы органдарды ұстауға бөлiнген қаражат есебiнен өзгертудi жүзеге асыруға болады.

      19-бап. Терроршыға келтiрiлген зиян үшiн жауаптылықтан босату

      Терроршылдыққа қарсы операция жүргізу кезiнде осы Заңда белгiленген негiзде және шектерде терроршының денсаулығы мен мүлкiне, сондай-ақ өзге де құқықпен қорғалатын мүдделерiне лажсыз зиян келтiруге жол берiледi. Бұл орайда терроршылдыққа қарсы күреске қатысушы әскери қызметшiлер, мамандар және басқа адамдар террорлыққа қарсы операция жүргiзу кезiнде келтiрiлген зиян үшiн немесе терроршыны жою туралы шешiм қабылдағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықтан босатылады.

             6-тарау. Террорлық іс-әрекетке қатысқаны үшін жауаптылық

      20-бап. Адамдардың террорлық iс-әрекетке қатысқаны үшiн жауаптылығы

      1. Террорлық iс-әрекетке қатысушы адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген қылмыстық жауапты болады.
      2. Егер террорлық акцияны дайындауға қатысқан адам мемлекеттiк органдарға дер кезiнде ескертсе немесе террорлық акцияны болғызбауға өзге де әдiспен жәрдемдессе және оның iс-қимылында өзге қылмыс құрамы болмаса, ол қылмыстық жауаптан босатылады.

      21-бап. Қоғамдық бiрлестiктер мен халықаралық ұйымдардың
              террорлық iс-әрекет үшiн жауаптылығы

      Терроршылдыққа қарсы күрестi үйлестiру жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ұсынуымен Қазақстан аумағында террорлық iс-әрекеттi жүзеге асыратын қоғамдық бiрлестiктер мен халықаралық ұйымдардың iс-әрекетiн тоқтатады.
      Сот шешiмi бойынша террорлық деп танылған қоғамдық бiрлестiктi

жою кезiнде оған тиiстi мүлiк тәркiленедi және мемлекет кiрiсiне берiледi.
     Сот халықаралық ұйымды террорлық ұйым деп таныған жағдайда ол 
ұйымның Республика аумағындағы iс-әрекетiне тыйым салынады, ал оның 
бөлiмшелерi (филиалдары) жойылады, оларға тиесiлi мүлiк пен аталған 
халықаралық ұйымның мүлкi тәркiленiп, мемлекет кiрiсiне берiледi.
     Егер ұйымның құрылымдық бөлiмшелерiнiң бiрi террорлық iс-әрекет 
жасаса, ол террорлық ұйым деп танылады.

            7-тарау. Қазақстан Республикасының терроршылдыққа қарсы
           тікелей күресті жүзеге асыратын мемлекеттік органдарының
             арнаулы мақсаттағы бөлімшелерін материалдық-техникалық
                              жағынан қамтамасыз ету 
     
     22-бап. Қазақстан Республикасының терроршылдыққа қарсы тiкелей 
             күрестi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарының арнаулы 
             мақсаттағы бөлiмшелерiн материалдық-техникалық жағынан 
             қамтамасыз ету 
     
     Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының терроршылдыққа 
қарсы тiкелей күрестi жүзеге асыратын арнаулы мақсаттағы бөлiмшелерiн 
материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету республикалық және 
жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен жүргiзiледi.
  
         8-тарау. Терроршылдыққа қарсы күресті жүзеге асыру заңдылығын
                  бақылау мен қадағалау 
     
     23-бап. Терроршылдыққа қарсы күрес жөнiндегi iс-әрекеттi бақылау 
     
     Қазақстан Республикасындағы терроршылдыққа қарсы күрес жөнiндегi 
iс-әрекетке бақылауды Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейтiн 
терроршылдыққа қарсы күрестi үйлестiру жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк 
орган жүзеге асырады. 
     
     24-бап. Терроршылдыққа қарсы күрестегі заңдылықты жоғары дәрежеде 
             қадағалау 
     
     Терроршылдыққа қарсы күресті жүзеге асыру кезінде заңдардың дәл және 
бірыңғай қолданылуына жоғары дәрежеде қадағалауды Қазақстан 
Республикасының Бас прокуроры мен оған бағынышты прокурорлар жүзеге 
асырады.                         
     
     Қазақстан Республикасының
            Президенті 
     
     Оқығандар:
          (Қасымбеков Б.А.) 
          (Нарбаев Е.Ә.)