Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі N 416-I Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы заңға өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Ескерту. Заңның тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      Ескерту. Бүкіл мәтінінде "терроршылдыққа", "терроршылдық", "терроршылдықты", "терроршылдықтың", "терроршылдықтан", "террорлық", "террорлыққа", "терроршыларды", "терроршы", "терроршылардың", "терроршылармен", "терроршымен", "терроршыны", "терроршыларға", "терроршыға" деген сөздер тиісінше "терроризмге", "терроризм", "терроризмді", "терроризмнің", "терроризмнен", "террористік", "террористікке", "террористерді", "террорист", "террористердің" "террористермен", "террористпен", "террористі", "террористерге", "террористке" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2002.02.19 N 295 Заңымен.

      Осы Заң терроризмге қарсы іс-қимылдың, терроризм профилактикасының, терроризмнің зардаптарын барынша азайтудың және (немесе) жоюдың негізгі принциптерін, мақсаттарын, құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін, сондай-ақ терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті жүзеге асыруға байланысты адам мен азаматтың міндеттері мен құқықтарын, оларды сақтау кепілдіктерін белгілейді.
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      Ескерту. Мәтін бойынша «террористік акцияларды», «террористік акцияларға», «террористік акциялардың», «террористік акция», «террористік акцияны», «террористік акцияның», «террористік акциядан» деген сөздер тиісінше «терроризм актілерін», «терроризм актілеріне», «терроризм актілерінің», «терроризм актісі», «терроризм актісін», «терроризм актісінің», «терроризм актісінен» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) арнаулы мақсаттағы бөлімшелер - терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыру үшін құрылған мамандар топтары;
      2) кепілге алынған адам - кепілге алынған және (немесе) ұсталған адамды босату шарты ретінде мемлекеттік органды, жергілікті өзін-өзі басқару органын немесе халықаралық ұйымды қандай да бір іс-қимыл жасауға немесе қандай да бір іс-қимыл жасаудан тартынуға мәжбүр ету мақсатында кепілге алынған және (немесе) ұсталған жеке адам;
      3) терроризм - қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына ықпал ету мақсатында не мемлекет не қоғам қайраткерлерінің қызметін тоқтату немесе осындай қызметі үшін кек алу мақсатында жеке тұлғаларға немесе ұйымдарға қатысты құқыққа қарсы қылмыстық жазаға тартылатын әрекет немесе оны жасаймын деп қорқыту;
      4) терроризм актісі - жарылыс жасау, өрт қою немесе адамдардың қаза болуы, елеулі мүліктік зиян келтіру не қоғамға қауіпті зардаптардың туындау қаупін төндіретін өзге де іс-әрекеттер жасау немесе жасаймын деп қорқыту, егер ондай іс-әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру не Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттердің немесе халықаралық ұйымдардың шешімдер қабылдауына ықпал ету мақсатында жасалса, сондай-ақ адам өміріне дәл сол мақсаттарда қастандық жасау, сол сияқты мемлекет немесе қоғам қайраткерінің мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметін тоқтату не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында оның өміріне қастандық жасау;
      5) терроризмді (террористік қызметті) қаржыландыру - террористік қызметті жүзеге асыру үшін террористерге және (немесе) террористік ұйымдарға ақша және (немесе) өзге мүлік беру немесе жинау не қаржылай қызмет көрсету;
      6) терроризмге қарсы операция - адам күшін, қызметтік иттерді, әскери және өзге де техниканы, қарулар мен арнаулы құралдарды пайдалана отырып, терроризм актісінің алдын алу, жолын кесу, террористерді, жарылғыш құрылғыларды зиянсыздандыру, жеке адамдар мен ұйымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ терроризм актісінің зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою жөніндегі арнайы іс-шаралар кешені. Тізбесі «Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзету іс-шаралары да терроризмге қарсы операцияларға жатады;
      7) терроризмге қарсы операциялар жүргізу аймағы - терроризмге қарсы операцияның басшысы анықтаған, аталған операция жүргізілетін шектегі жердің немесе акваторияның жекелеген учаскелері, әуе кеңістігі, көлік құралы, құрылғы, ғимарат, үй-жай және оларға жапсарлас аумақ;
      8) терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі - терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың жұмыс істеуінің айрықша режимі, онда терроризмге қарсы операция жүргізу кезеңінде азаматтардың, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтарын уақытша шектеудің жекелеген шараларын белгілеуге жол беріледі;
      9) терроризмге қарсы іс-қимыл - терроризмді анықтау, оның алдын алу, жолын кесу, оны ашу және тергеу, терроризмнің зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою;
      10) терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын және терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті өз өкілеттіктері шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      11) терроризм профилактикасы - терроризмнің алдын алуға бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық, тәрбиелік, насихаттық және өзге де шаралар жүйесі;
      12) террорист - террористік іс-әрекетті жүзеге асыруға қатысушы адам;
      13) террористік топ - террористік іс-әрекетті жүзеге асыру мақсатында біріккен екі және одан да көп адамдардан құралған топ;
      14) террористік тұрғыдан осал объектілер - тізбесін терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін объектілер;
      15) террористік іс-әрекет - террористік қылмыстарды жасауға бағытталған және төменде аталған әрекеттердің кез келгенін:
      терроризм актілерін ұйымдастыруды, жоспарлауды, дайындауды, қаржыландыруды және іске асыруды;
      терроризм актісін жасауға айдап салуды;
      терроризм актісін іске асыру үшін заңсыз әскерилендірілген құралымдар, қылмыстық қоғамдастық (қылмыстық ұйымдар) құруды, сондай-ақ осындай құрылымға қатысуды;
      террористерді тартуды, қаруландыруды, үйретуді және пайдалануды;
      терроризм актісін жоспарлауда, дайындауда немесе іске асыруда ақпараттық тұрғыдан немесе өзге де жәрдемдесуді;
      терроризм идеясын насихаттауды, террористік іс-әрекетті жүзеге асыруға шақыратын не осындай іс-әрекетті жүзеге асыру қажеттілігін негіздейтін немесе ақтайтын материалдар мен ақпаратты таратуды қамтитын іс-қимыл;
      16) террористік ұйым - террористік іс-әрекетті жүзеге асыратын не өзінің іс-әрекетінде терроризмді пайдалану мүмкіндіктерін мойындайтын, оған қатысты террористік ұйым деп тану туралы сот шешімі қабылданған және күшіне енген ұйым;
      17) халықаралық террористік іс-әрекет:
      террорист немесе террористік ұйым біреуден көп мемлекеттің аумағында жүзеге асыратын немесе біреуден көп мемлекет мүдделеріне зиян келтіретін;
      бір мемлекеттің азаматтары басқа мемлекеттің азаматтарына қатысты немесе басқа мемлекеттің аумағында жүзеге асыратын;
      террорист те және терроризмнің құрбаны да бір мемлекеттің немесе әртүрлі мемлекеттердің азаматтары болып табылған, бірақ қылмыс осы мемлекеттердің аумағынан тыс жерлерде жасалған жағдайда жүзеге асырылатын террористік іс-әрекет.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы
              іс-қимыл туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
      Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      3-бап. Терроризмге қарсы іс-қимылдың негiзгi принциптерi
              мен мақсаттары

      Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      1. Қазақстан Республикасында терроризмге қарсы іс-қимыл мынадай негізгі:
      1) террористік қылмыстар жасау салдарынан қауiп төнген адамдардың өмiрi мен денсаулығына, құқықтарына басымдық беру;
      2) заңдылықты сақтау;
      2-1) терроризмге қарсы іс-қимыл шараларының террористік қауіп дәрежесіне мөлшерлес болуы;
      3) терроризмнің алдын алуға басымдық беру;
      4) террористік iс-әрекеттi жүзеге асырғаны үшiн жазаның болмай қалмайтындығы;
      5) профилактикалық, саяси, әлеуметтік-экономикалық шараларды кешенді пайдалану;
      6) терроризмге қарсы операцияларды жүргiзу кезiнде тартылатын күштер мен құралдарға оралымды басшылық етуде дара басқару принциптерiне негiзделедi.
      2. Қазақстан Республикасында терроризмге қарсы іс-қимыл:
      1) террористік іс-әрекетті анықтау, оның алдын алу, жолын кесу, терроризм профилактикасы, терроризм зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою;
      2) жеке адамды, қоғамды және мемлекеттi терроризмнен қорғау;
      3) террористік iс-әрекеттi жүзеге асыруға жәрдемдесетiн себептер мен жағдайларды анықтау және жою мақсатында жүзеге асырылады.
      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

2-тарау. Терроризмге қарсы іс-қимылды ұйымдастырудың негіздері

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      4-бап. Терроризмге қарсы іс-қимылдың жалпы мемлекеттік
              жүйесі

      1. Мемлекет террористердің қол сұғушылығынан қауіпсіздікті қамтамасыз ету субъектісі болып табылады.
      2. Қазақстан Республикасының Президенті:
      1) терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды;
      2) терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органды айқындайды;
      3) Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың қызметін, оның ішінде терроризмге қарсы оқу-жаттығулар өткізу кезіндегі қызметін қажетті күштермен, құралдармен және ресурстармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
      2) терроризмнің алдын алу, терроризмнің зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою жөніндегі шараларды әзірлеуді және жүзеге асыруды ұйымдастырады;
      3) Қазақстан Республикасында терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті ұйымдастыру тәртібін айқындайды;
      4) Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен өзіне жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
      4. Терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган:
      1) өкілеттіктері шегінде мемлекеттік органдардың терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметін үйлестіреді және олардың өзара іс-қимылын ұйымдастырады;
      2) Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының қауіпсіздік жүйесін күшейту және террористік қауіп-қатерлерді бейтараптандыруға дайындық жөніндегі шаралар кешенін іске асыруын бақылауды жүзеге асырады;
      3) өкілеттіктері шегінде терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді;
      4) Терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу жөнінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне белгіленген тәртіппен ұсыныстар енгізеді және оның іске асырылуын бақылауды жүзеге асырады;
      5) Қазақстан Республикасының Президентіне терроризмге қарсы іс-қимыл жөнінде қабылданатын шаралар туралы жыл сайынғы баяндаманы ұсынады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасының Үкіметін террористік қауіп-қатерлер туралы ағымдық хабардар етуді жүзеге асырады;
      6) террористік тұрғыдан осал объектілердің басшыларын террористік қауіп-қатерлердің сипаты мен ерекшелігі туралы хабардар ету, терроризмге қарсы іс-қимыл және терроризмге қарсы қорғаныс жөнінде ұсынымдар әзірлеу, практикалық оқу-жаттығулар өткізу мен өзге де шараларды іске асыру арқылы олардың терроризмге қарсы қорғаныс деңгейін арттыруға жәрдемдеседі;
      7) террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғанысының жай-күйін және олардың басшыларының осы Заңның 10-бабының 3-тармағында көзделген талаптарды орындауын бақылайды;
      8) осы Заңда, өзге де заңдарда, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      5. Терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асырушы мемлекеттік органдар мыналар болып табылады:
      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті;
      2) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі;
      3) Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі;
      4) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі;
      5) Қазақстан Республикасының қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органы.
      6. Терроризмді анықтау, оның алдын алу және жолын кесу, терроризмнің профилактикасы, терроризмнің зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою жөніндегі қызметке өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдары қатысады.
      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      5-бап. Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы
              іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттiк
              органдарының өзара iс-қимылы

      Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдары өз құзыретi шегiнде:
      1) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мүмкiндiктерiн, сондай-ақ азаматтардың көмегiн пайдалана отырып, бiр-бiрiмен өзара iс-қимыл жасайды;
      2) террористік iс-әрекетке жататын және осы мемлекеттiк органдардың құзыретiне енгiзiлген әрекеттердiң дайындалу фактiлерi мен белгiлерi туралы хабардар етедi және өзара қажеттi көмек көрсетедi;
      3) терроризмге қарсы бiрлескен операцияларды жүргiзедi.
      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      6-бап. Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы
              іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттiк
              органдарының шет мемлекеттердiң органдарымен
              және халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен өзара
              iс-қимылы

      Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдары терроризмге қарсы іс-қимыл саласында шет мемлекеттердің органдарымен, халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен ұлттық заңдарға және халықаралық шарттарға сәйкес ынтымақтастық орнатады, Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасы немесе шет мемлекеттер аумағында жедел-іздестіру шараларын жүргізеді.
      Қазақстан республикасы терроризм актісін кімнің қай жерде жасағанына қарамастан, террористік іс-әрекетке қатысты адамдарды басқа мемлекеттердің құзыретті органдарының сұратуы бойынша өз аумағынан қуғындайды.
      Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

3-тарау. Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимылды
жүзеге асыратын мемлекеттік органдарының құзыреті

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      7-бап. Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы
              іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік
              органдарының құзыреті

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының заңдарымен ұлттық қауіпсіздік органдарының қарауына жатқызылған қылмыстарды анықтайды, олардың алдын алады, жолын кеседі және тергейді, сондай-ақ терроризмге қарсы операциялар жүргізуге, терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін қамтамасыз етуге қатысады.
      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қазақстан Республикасының заңдарымен ішкі істер органдарының қарауына жатқызылған террористік қылмыстарды анықтайды, олардың алдын алады, жолын кеседі және тергейді, сондай-ақ терроризмге қарсы операциялар жүргізуге, терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін қамтамасыз етуге қатысады.
      3. Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі Қазақстан Республикасы Президентінің, «Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес күзетілуге жататын өзге де күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
      4. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі терроризмге қарсы операцияны жүргізу кезінде әуе, су және құрлық кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысады.
      5. Қазақстан Республикасының қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органы терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында қаржы мониторингін жүзеге асырады.
      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      8-бап. Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік
              органдарының терроризмге қарсы іс-қимылдағы
              құзыреті

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өз құзыреті шегінде терроризм актілерінің алдын алу мен жолын кесудің, тәртіптік және өзге де шараларын әзірлеу мен іске асыру, ведомстволық жүйелердің қажетті даярлығында террористік қылмыстардың жасалуына қарсы әрекет етудің сақтандырушы шараларының жасалуы мен бұл шараларды қолдау, ақша қаражатын, ақпаратты, көлік және байланыс құралдарын, медициналық жабдықтарды, дәрі-дәрмектерді беру және медициналық қызмет көрсету, материалдық-техникалық қамтамасыз ету арқылы терроризмге қарсы іс-қимылға қатысады.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      9-бап. Терроризмге қарсы іс-қимылда Қазақстан
              Республикасының мемлекеттік органдарына
              жәрдемдесудің міндеттілігі

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарының лауазымды адамдары терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жәрдемдесуге және қажетті көмек көрсетуге міндетті.
      2. Қазақстан Республикасының азаматтары дайындалып жатқан немесе жасалған терроризм актісі туралы мәліметтерді терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға дереу хабарлауға міндетті.
      3. Дайындалып жатқан немесе жасалған терроризм актілері туралы ақпаратты мемлекеттік органдарға беру азаматтық борышты орындау болып бағаланады. Терроризм актісін болғызбауға немесе жолын кесуге көмектескен ақпарат үшін терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган сыйақы белгілейді және төлейді.
      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

4-тарау. Террористік іс-әрекеттің алдын алу, анықтау және
жолын кесу

      10-бап. Террористік іс-әрекеттің алдын алу

      1. Қазақстан Республикасының аумағында:
      1) терроризмді насихаттауға;
      2) террористік ұйымдардың, сондай-ақ заңсыз әскерилендірілген құралымдардың құрылуына, тіркелуіне және жұмыс істеуіне тыйым салынады.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік органдарының террористік іс-әрекетке қатысқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне тыйым салуға құқығы бар.
      3. Террористік тұрғыдан осал объектілердің басшылары террористік іс-әрекеттің алдын алу мақсатында мынадай:
      1) өткізу режимін қажетті дәрежеде ұстау, объектілерді қазіргі заманғы инженерлік-техникалық күзет жабдықтарымен жарақтандыру;
      2) персоналды үй-жайларды тексеру техникасына үйрету, жарылғыш құрылғылар орнатылуы мүмкін орындарды анықтау бойынша жалпы профилактикалық және оқыту іс-шараларын өткізу;
      3) жасалған терроризм актісі салдарынан туындаған табиғи және техногендік сипаттағы қауіп-қатерлерді жою жоспарлары мен пысықталған іс-қимылдардың болуы;
      4) объектінің ақпараттық желісін қорғауды ұйымдастыру, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптарының орындалуы үшін іс-шараларды іске асыруға міндетті.
      Терроризм актісі жасалған жағдайда террористік тұрғыдан осал объектілердің басшылары мен қызметкерлері терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды жасалған терроризм актісі мен оның зардаптары туралы дереу хабардар етуге және персоналды эвакуациялауды қамтамасыз етуге міндетті.
      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      11-бап. Террористік iс-әрекеттi анықтау

      1. Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдары террористік iс-әрекеттi анықтауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткiзедi.
      2. Қазақстан Республикасының аумағындағы мемлекеттiк органдар мен ұйымдар, террористік iс-әрекет белгiлерi бар барлық оқиғалар туралы терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын органдарға хабарлауға мiндеттi.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      12-бап. Терроризм актісінің жолын кесу

      1. Терроризм актісінің жолын кесу, террористерді, жарылғыш заттарды зиянсыздандыру, жеке адамдар мен ұйымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оның зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою мақсатында терроризмге қарсы операция жүргізіледі.
      2. Адамдардың өмірі мен денсаулығын, материалдық құндылықтарды және объектілерді сақтау, сондай-ақ күш қолданбастан терроризм актісінің жолын кесу мүмкіндіктерін зерделеу мақсатында террористермен келіссөз жүргізуге жол беріледі. Келіссөз жүргізу оралымды штаб басшысы осыған арнайы уәкілдік берген адамға тапсырылады.
      3. Егер террористің (террористердің) терроризм актісін тоқтатуға келіспеуі себепті онымен (олармен) келіссөздер мақсатына қол жеткізілмесе және адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп-қатер төніп тұрса, терроризмге қарсы операцияның басшысы террористі (террористерді) жою туралы шешім қабылдауға құқылы.
      4. Күзетілетін адамға немесе объектіге айқын қауіп-қатер төнгені анықталған немесе ондай қауіп-қатерді өзге заңды құралдармен жою мүмкін болмаған жағдайда террорист (террористер) терроризмге қарсы операция басшысының өкімімен келіссөз жүргізілмей және ескерту жасалмай жойылуы мүмкін.
      5. Мемлекеттік органдардың терроризмге қарсы операцияға қатысушы бөлімшелері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес адам күшін, қызметтік иттерді, әскери және өзге де техниканы, қару мен арнаулы құралдарды қолданады.
      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      12-1-бап. Террористік ұйымдарды және террористік қызметті
                 жүзеге асырғаны үшін жауапқа тартылған адамдарды
                 есепке алу

      1. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік орган сот шешімдерінің негізінде терроризмнің алдын алу, анықтау және жолын кесу мақсатында террористік ұйымдарды және террористік қызметті жүзеге асырғаны үшін жауапқа тартылған адамдарды есепке алуды жүргізеді.
      2. Сот ұйымды террористік деп таныған не террористік қызметті жүзеге асырғаны үшін ұйымды тарату арқылы оның қызметін тоқтата тұрған немесе оған тыйым салған не террористік қызметті жүзеге асырғаны үшін адамдарды жауапқа тартқан кезде "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 56-бабының 1-тармағында көрсетілген тиісті органдар ақпараттық есепке алу құжаттарын құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органға дереу жолдауға міндетті.
      Ескерту. Заң 12-1-баппен толықтырылды - ҚР 2009.08.28 N 192-IV (2010.03.08 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      13-бап. Оралымды штабтар

      1. Терроризмге қарсы іс-қимыл жасау мақсатында республикалық және облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық тұрақты жұмыс істейтін оралымды штабтар құрылады.
      2. Терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның басшысы республикалық оралымды штабтың басшысы болып табылады.
      Терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесінің басшысы облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық оралымды штабтың басшысы болып табылады.
      3. Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінің бастығы «Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес күзетілуге жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған терроризмге қарсы операция жүргізу кезінде оралымды штабтың басшысы болып табылады.
      4. Республикалық оралымды штабтың құрамына терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және өз құзыреті шегінде терроризмге қарсы операциялар жүргізуге қажетті көмек көрсете алатын өзге де мемлекеттік органдардың басшылары кіреді.
      Облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық оралымды штабтың құрамына терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің және өз құзыреті шегінде терроризмге қарсы операция жүргізуге қажетті көмек көрсете алатын өзге де мемлекеттік органдардың басшылары кіреді.
      Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      13-1-бап. Терроризмге қарсы операцияға басшылық жасау

      1. Терроризм актісінің қоғамға қауіп төндіру ауқымы мен дәрежесіне, оның күтілетін келеңсіз салдарына қарай терроризмге қарсы операцияға басшылықты республикалық немесе облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық оралымды штабтың басшысы жүзеге асырады.
      2. Оралымды штабтың басшысы терроризмге қарсы операция басталғаннан бастап ол аяқталғанға дейін операция басшысы және оны жүргізуге тартылатын барлық әскери қызметшілердің, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының қызметкерлері мен мамандарының бастығы болады. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес оралымды штабтың басшысы терроризмге қарсы операцияға қатысуға тартылатын шет мемлекеттердің арнайы мақсаттағы бөлімшелері мамандарының бастығы болады.
      3. Оралымды штабтың басшысы:
      1) терроризмге қарсы операцияның жүргізілу аймағының шекарасын, басталу және аяқталу уақытын айқындайды, берілген күштер мен құралдардың қолданылу бағыттары мен шегі туралы шешім қабылдайды;
      2) бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамның өкілдерімен байланыста болуға жауапты болатын оралымды штабтың өкілін айқындайды;
      3) терроризмге қарсы операцияны жүргізу туралы шешім қабылдайды және әскери өкім (әскери бұйрық) шығарады.
      4. Республикалық оралымды штабтың басшысы:
      1) терроризм актісінің жасалғандығы туралы немесе оның дайындалып жатқандығы туралы расталған ақпарат алған кезде Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесін, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорын және Қазақстан Республикасының Үкіметін дереу хабардар етеді;
      2) қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлерін терроризм актісінің жолын кесуге тарту мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныс енгізеді.
      5. Атқаратын қызметіне қарамастан басқа лауазымды адамның терроризмге қарсы операцияның оралымды басшылығына заңсыз араласуына жол берілмейді.
      Ескерту. Заң 13-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      14-бап. Терроризмге қарсы операцияларды жүргізуге
               тартылатын күштер мен құралдар

      1. Терроризмге қарсы операцияларды жүргізу үшін оралымды штабтарға терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың қажетті күштері мен құралдары беріледі.
      2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес, қажет болған жағдайларда терроризмге қарсы операцияға қатысу үшін шет мемлекеттердің арнайы мақсаттағы бөлімшелері тартылуы мүмкін.
      3. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері осы Заңға және «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша терроризмге қарсы операцияларды жүргізуге қатысу үшін тартылады.
      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      15-бап. Терроризмге қарсы операция жүргізілетін
               аймақтағы құқықтық режим

      1. Оралымды штаб басшысының шешімі бойынша терроризмге қарсы операция жүргізілетін аймақта оны жүргізу кезеңіне терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі енгізілуі мүмкін.
      2. Терроризмге қарсы операция жүргізілетін аймақта құқықтық режимді енгізу туралы шешім (осындай режим енгізілген арнайы аймақты және қолданылатын шаралар мен уақытша шектеулер тізбесін қоса алғанда) және терроризмге қарсы операция жүргізілетін аймақтағы құқықтық режимді тоқтату туралы шешім бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дереу хабарлануға тиіс.
      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      15-1-бап. Терроризмге қарсы операцияны жүргізу кезеңінде
                 қолданылатын шаралар мен уақытша шектеулер

      1. Терроризмге қарсы операцияны жүргізу аймағында терроризмге қарсы операцияға қатысушы тұлғалардың:
      1) адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге, олар болмаған жағдайда - жеке басын анықтау үшін оларды ұстап, ішкі істер органдарына немесе басқа мемлекеттік органдарға жеткізуді жүзеге асыруға;
      2) жеке қарап тексеруге және жеке адамның заттарын қарап тексеруге, көлік құралдарын, оның ішінде техникалық құралдарды пайдалана отырып куәгерлердің қатысуынсыз қарап тексеруге;
      3) құқық бұзушылықты немесе терроризмге қарсы операцияға қатысушы адамдардың заңды талаптарына кедергі келтіруге бағытталған өзге де әрекетті жасаған немесе жасайтын, сондай-ақ терроризмге қарсы операцияны жүргізу аймағына рұқсатсыз енген немесе енуге әрекет жасауға байланысты әрекеті үшін адамдарды ұстауға және ішкі істер органдарына жеткізуге;
      4) жеке адамдарды жергілікті жердің жекелеген учаскелерінен және объектілерден кетіруге, көлік құралдарының, оның ішінде дипломатиялық және консулдық өкілдіктердің көлік құралдарының жол жүрісін, оларды сүйреп әкетуді қоса алғанда, шектеуге немесе тыйым салуға;
      5) радиоэфир мониторингін жүргізу, телефонмен сөйлесуді және телкоммуникациялық жүйелер арналары арқылы берілетін өзге де ақпаратты бақылау үшін, сондай-ақ электрлі байланыс арналары мен почта жөнелтілімдерінде іздестіруді жүзеге асыру үшін арнайы байланыс құралдарын қоса алғанда, байланыс құралдарын қызметтік мақсатта пайдалануға;
      6) егер кешеуілдеу адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіруі мүмкін болса, жедел медициналық жәрдемді қажет ететін адамдарды емдеу мекемелеріне жеткізу, терроризм актісі жасалған жерге бару үшін, сондай-ақ терроризм актісін жасады деп күдік келтірілген адамдардың ізіне түсу және оларды ұстау үшін көлік құралдарын (дипломатиялық иммунитеті бар шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің көлік құралдарынан басқа) меншік иелеріне материалдық зиян келтірілген жағдайда оны Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен өтей отырып, пайдалануға;
      7) адам күшін, қызметтік иттерді, әскери және өзге де техниканы, қаруды және арнаулы құралдарды террористерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ескертулерсіз және шектеулерсіз қолдануға;
      8) егер кешеуілдеу адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп туғызатын болса, жеке және заңды тұлғалардың меншігіндегі немесе иелігіндегі және пайдалануындағы тұрғын үйлер мен өзге де үй-жайларға және оларға жеке меншік құқығымен немесе жер пайдалану құқығымен тиесілі жер учаскелеріне кедергісіз кіруге құқығы бар.
      Оралымды штаб басшысы не ол уәкілеттік берген адам азаматтардың тұрғын үйіне кірген жағдайлар туралы жиырма төрт сағат ішінде прокурорға хабарлайды.
      2. Терроризмге қарсы операцияны жүргізу аймағында оралымды штаб басшысының шешімі бойынша мынадай уақытша шектеулер қолданылуы мүмкін:
      1) қауіпті өндірістік объектілердің қызметін тоқтата тұру;
      2) жеке және (немесе) заңды тұлғаларға байланыс қызметін көрсетуді тоқтата тұру және (немесе) байланыс желісі мен құралдарын қолдануды шектеу;
      3) қоғамдық тәртіптің, мемлекеттік күзетке жататын объектілердің, халықтың тұрмыс-тіршілігін және көліктердің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің, сондай-ақ ерекше материалдық, тарихи, ғылыми, көркем немесе мәдени құндылығы бар объектілердің күзетілуін күшейту;
      4) терроризмге қарсы операция жүргізілетін аймақта тұратын жеке адамдарды уақытша көшіру;
      5) карантин енгізу, санитариялық-эпидемияға қарсы, ветеринариялық іс-шараларды және өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды жүргізу;
      6) қарумен, оқ-дәрілермен, жарылғыш заттармен, күшті әсер ететін химиялық және улы заттармен сауданы шектеу немесе оған тыйым салу, дәрілік, есірткілік, психотроптық заттар мен прекурсорлар, этил спирті мен алкогольді өнімдер айналымының айрықша режимін орнату.
      3. Терроризмге қарсы операция жүргізілетін аймақта осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген шаралардың бүкіл кешені мен уақытша шектеулер сияқты жекелеген шаралар мен уақытша шектеулер де белгіленуі (енгізілуі) мүмкін.
      4. Терроризмге қарсы операция жүргізу аймағында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің болуына және олардың дыбыс жазуды, фото және бейнетүсіруді жүзеге асыруына оралымды штаб басшысының рұқсатымен ғана жол беріледі.
      5. Терроризмге қарсы операция жүргізуге қатысушы адамдардың операция басталған кезден бастап ол аяқталған кезге дейінгі іс-қимылы қажетті қорғаныс жағдайында немесе аса қажетті жағдайда жасалатын іс-қимыл деп есептеледі.
      Ескерту. Заң 15-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

5-тарау. Терроризм актісі салдарынан зардап шеккен адамдардың
залалдарын өтеу және оларды әлеуметтік жағынан оңалту

      16-бап. Терроризм актісі салдарынан келтiрiлген
               залалды өтеу

      Терроризм актісі салдарынан келтiрiлген залалды өтеу бюджет қаражаты есебiнен, кейiн сол соманы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өтеткiзу арқылы жүргiзiледi.
      Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      17-бап. Терроризм актісінен зардап шеккен адамдарды
               әлеуметтiк оңалту

      Терроризм актісінен зардап шеккен адамдарды әлеуметтiк оңалту Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен тегiн қажеттi құқықтық көмектi, психологиялық және медициналық оңалтуды қамтиды.

      18-бап. Терроризмге қарсы іс-қимылға қатысушы адамдарды
               қорғау

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарының қызметкерлерiне, сондай-ақ терроризмге қарсы іс-қимылда көмек көрсететiн адамдарға және олардың отбасы мүшелерiне өмiрi мен денсаулығына қатер төнген жағдайда, олардың өтiнiштерi бойынша келбетiн, тегiн, атын және әкесiнiң атын, сондай-ақ жұмыс орны мен тұрғылықты жерiн осы органдарды ұстауға бөлiнген қаражат есебiнен өзгертудi жүзеге асыруға болады.
      Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      19-бап. Террористі келтiрiлген зиян үшiн жауаптылықтан
               босату

      Терроризмге қарсы операция жүргізу кезiнде осы Заңда белгiленген негiзде және шектерде террористің денсаулығы мен мүлкiне, сондай-ақ өзге де құқықпен қорғалатын мүдделерiне лажсыз зиян келтiруге жол берiледi. Бұл орайда терроризмге қарсы іс-қимылға қатысушы әскери қызметшiлер, мамандар және басқа адамдар терроризмге қарсы операция жүргiзу кезiнде келтiрiлген зиян үшiн немесе террористі жою туралы шешiм қабылдағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықтан босатылады.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

6-тарау. Террористік іс-әрекетке қатысқаны үшін жауаптылық

      20-бап. Адамдардың террористік iс-әрекетке қатысқаны
               үшiн жауаптылығы

      1. Террористік iс-әрекетке қатысушы адамдар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген қылмыстық жауапты болады.
      2. Егер терроризм актісін дайындауға қатысқан адам мемлекеттiк органдарға дер кезiнде ескертсе немесе терроризм актісін болғызбауға өзге де әдiспен жәрдемдессе және оның iс-қимылында өзге қылмыс құрамы болмаса, ол қылмыстық жауаптан босатылады.
      Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.10 N 175-IV Заңымен.

      21-бап. Ұйымдардың террористік іс-әрекет үшін жауаптылығы

      1. Заңда белгіленген тәртіппен сот шешімі бойынша ұйым террористік деп танылады және ол жойылуға (оның қызметі - тыйым салынуға) жатады.
      2. Террористік деп танылған ұйымды жою кезінде оған тиесілі мүлік тәркіленіп, мемлекет кірісіне алынады.
      3. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде тіркелген шетелдік немесе халықаралық ұйымды (оның бөлімшесін, филиалын, өкілдігін) сот террористік деп таныған жағдайда, осы ұйымның (оның бөлімшесінің, филиалының, өкілдігінің) Қазақстан Республикасының аумағындағы қызметіне тыйым салынады және ол (оның бөлімшесі, филиалы, өкілдігі) жойылады, ал Қазақстан Республикасы аумағындағы оған (оның бөлімшесіне, филиалына, өкілдігіне) тиесілі мүлік тәркіленіп, мемлекет кірісіне алынады.
      4. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында статистикалық қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік орган сот террористік деп таныған ұйымдардың, оның ішінде шетелдік және халықаралық ұйымдардың бірыңғай тізімін жүргізеді. Көрсетілген тізім Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған ресми мерзімді басылымдарда жариялануға жатады.
      Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

  7-тарау. Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарының арнаулы
мақсаттағы бөлімшелерін материалдық-техникалық жағынан
қамтамасыз ету

      Ескерту. 7-тараудың тақырыбына өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      22-бап. Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы
               іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттiк
               органдарының арнаулы мақсаттағы бөлiмшелерiн
               материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету

      Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын арнаулы мақсаттағы бөлiмшелерiн материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебiнен жүргiзiледi.
      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2010.04.08 № 266-IV Заңдарымен.

8-тарау. Терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті
жүзеге асыру заңдылығын бақылау мен қадағалау

      Ескерту. 8-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      23-бап. Терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметтің
               жүзеге асырылуын бақылау

      Қазақстан Республикасында терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметтің жүзеге асырылуын бақылауды терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
      Ескерту. 23-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      24-бап. Терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметтің
               заңдылығын жоғары дәрежеде қадағалау

      Терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде заңдардың дәл және бірізді қолданылуын жоғары дәрежеде қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оған бағынысты прокурорлар жүзеге асырады.
      Ескерту. 24-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті