Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 1999 жылғы 5 сәуір N 365-I

Жаңартылған

       Ескерту. Бүкiл мәтін бойынша: "16 жасқа" деген сөздер тиiсiнше "он алты жасқа" деген сөздермен, "І", "II, "III" деген цифрлар тиiсiнше "бiрiншi", "екiншi", "үшiншi" деген сөздермен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.31.  N 28  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен .

      Қазақстан Республикасының осы Заңы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқығы бар азаматтарды мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қатынастарды реттейді. 

  1-тарау Жалпы ережелер

       1-бап. Негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі - жәрдемақы) - әлеуметтік қорғауды қажет ететіндерге жәрдемақылардың өзге түрлеріне қарамастан берілетін ақшалай төлем;
      2) жәрдемақы төлеу жөніндегі уәкілетті орган - жәрдемақы төлеуді жүзеге асыратын ұйым;
      3) орталық атқарушы орган - халықты әлеуметтік қорғау саласында реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
       Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.01.19. N  145  (бұл өзгеріс 2001 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.07.04. N  148  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен. 

       2-бап. Жәрдемақыны төлеуге арналған қаражат

      Осы Заңға сәйкес жәрдемақы төлеу мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

       3-бап. Азаматтардың жәрдемақыға құқығы

      1. Қазақстан Республикасы азаматтарының осы Заңда және Қазақстан Республикасының соған сәйкес қабылданған өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен жәрдемақы алуға құқығы бар. 
      2. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар жәрдемақы алуға арналған құқықты Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей пайдаланады. 
      3. Жәрдемақы мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне кіреді және оларды алуға құқығы бар азаматтарға ай сайын ақша төлеуді білдіреді. 
      4. Бір уақытта бірнеше негіздемелер бойынша жәрдемақы алуға құқығы бар адамдарға жәрдемақы олардың қалауы бойынша тек бір негіздеме бойынша ғана төленеді. 

       4-бап. Жәрдемақыға құқығы бар азаматтар

      Жәрдемақы алуға құқығы бар азаматтарға: 
      1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, сондай-ақ мәртебесі "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы" 1995 жылғы 28 сәуірдегі N 2247 Қазақстан Республикасы  Заңының  5-8 баптарында белгіленген жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар; 
      2) Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабарсыз кеткен) жауынгерлердiң ата-аналары және екiншi рет некеге тұрмаған жесiрлерi; 
      3) Ауғанстанда немесе соғыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде соғыс қимылдары кезінде қаза тапқан (хабарсыз кеткен) немесе жаралану, контузия алу, мертігу, ауру салдарынан қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасылары; бейбіт уақытта әскери қызмет атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасылары, қызмет міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің отбасылары; Чернобыль АЭС-дағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі және басқа да апаттар мен авариялардың зардаптарын жою кезінде қаза тапқандардың отбасылары; сәуле апаттары салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектердiң, сондай-ақ қайтыс болуы Чернобыль атом электр станциясындағы апат және басқа да радиациялық апаттар, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлерде болған авариялар және ядролық сынақтар әсерiне белгiленген тәртiпте байланысты болған азаматтардың отбасылары; 
      4) қайтыс болған соғыс мүгедектерінің және соларға теңестірілген мүгедектердің әйелі (ері), сондай-ақ қайтыс болған соғысқа қатысушылардың, партизандардың, астыртын әрекет жасаушылардың, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинградтың тұрғынына" белгісімен марапатталған азаматтардың, жалпы сырқаттанудың, еңбекте мертігудің және басқа да себептердің (құқыққа қарсыларын қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылғандардың екінші рет некеге отырмаған әйелі (ері); 
      4-1) Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі Даңқ, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлері; 
      5) Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған адамдар, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (әскери қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталмаған адамдар; 
      6) 1988-1989 жылдардағы Чернобыль АЭС-дағы апаттың зардаптарын жоюға қатысушылардың, қоныс аудару күнінде құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймағынан қоныс аударылғандардың (өз еркімен кеткендердің) және Қазақстан Республикасына қоныстанғандардың қатарындағы адамдар; 
      7) І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектер; 
      8) он алты жасқа дейінгі мүгедек балалар; 
      8-1) он алтыдан он сегіз жасқа дейiнгi бiрiншi, екiншi, үшiншi топтағы мүгедек балалар;
      9) "Алтын алқамен", "Күміс алқамен" марапатталған немесе бұрын "Ардақты ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көп балалы аналар; 
      10) бiрге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары, оның iшiнде жалпы орта білiм беретiн, жоғары және орта кәсiптiк оқу орындарында күндiзгi оқу нысанында оқитын балалары бар көп балалы отбасылар, балалар кәмелеттiк жасқа толғаннан кейiн олар оқу орнын бiтiретiн уақытқа дейiн (бiрақ әрi дегенде 23 жасқа толғанға дейiн);
      11) саяси қуғын-сүргін құрбандары, мүгедек болып қалған немесе зейнеткер болып табылатын саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдар;
      12) Қазақстан Республикасына сіңірген ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдар жатады.
       Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.11.16. N  482 -I (бұл өзгеріс 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2000.12.21. N  130 , 2004.12.31.  N 28  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.07.04. N  148  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен. 

  2-тарау. Жәрдемақы тағайындаудың және
төлеудің тәртібі

       5-бап. Жәрдемақы тағайындаудың тәртібі

      1. Жәрдемақы тағайындау үшін өтініш жасау, қандай да болмасын мерзіммен шектелместен, жәрдемақы алуға құқық пайда болғаннан кейін кез келген уақытта жүзеге асырыла алады. 
      2. Жәрдемақы тағайындау туралы өтінішті оны алуға құқығы бар адам тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін құжаттарды қоса беру арқылы, тұратын жері бойынша жәрдемақы төлеу жөніндегі органға береді.
      2-1. 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында жұмыс істегені туралы мәлiметтердi қамтитын еңбек кітапшасы немесе өзге де құжаттар жұмыс стажын растайтын құжат болып табылады.
      Осы Заңның 4-бабының 5) тармақшасында аталған адамдардың 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында жұмыс iстеген фактiсiн растайтын құжаттары болмаған жағдайда, жұмыс стажын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртіппен құрылатын арнаулы комиссиялар белгілейдi.
      3.  алып тасталды
      4.  алып тасталды
      5. Жәрдемақының мөлшерін қайта қарау жыл сайын республикалық бюджет туралы заңмен бекітілетін айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне, сондай-ақ мүгедектік тобының өзгеруіне байланысты жүргізіледі.
      6.  алып тасталды
      7. Жәрдемақы тағайындау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
       Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.01.19. N  145  (бұл өзгеріс 2001 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2004.12.31.  N 28  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.  

       6-бап. Жәрдемақы төлеу тәртібі

      1. Жәрдемақы тағайындау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      2. Жәрдемақы төлеу ағымдағы ай үшін және жәрдемақы алуға құқық пайда болған кезден бастап жәрдемақы тағайындалған жағдайлар сақталған кезеңге жүргізіледі. Жәрдемақы алушы қайтыс болған жағдайда жәрдемақы қайтыс болған айына қоса төленедi.
      3. Мүгедектік тобы өзгерген жағдайда жәрдемақы төлеу жаңа мөлшерде жәрдемақы алуға құқық пайда болған кезден бастап, заңдарда мүгедектіктің тиісті тобы үшін белгіленген мөлшерде жүзеге асырылады. 
      4. Егер мүгедек заңдарда белгіленген мерзімде саласындағы орталық атқарушы органның аумақтық бөлімшесіне қайта куәландыру үшін келмесе, онда жәрдемақы төлеу оны қайтадан мүгедек деп таныған кезге дейін тоқтатыла тұрады. 
      Қайта куәландырудың мерзімін дәлелді себеп бойынша өткізіп алған жағдайда жәрдемақы төлеу, егер орталық атқарушы органның аумақтық бөлімшесі оны осы кезеңге мүгедек деп таныса, төлем тоқталған күннен бастап қайта куәландыру күніне дейін, бірақ алты айдан аспайтын уақытқа жүргізіледі. Бұл ретте, егер қайта куәландыру кезінде мүгедек мүгедектіктің басқа (неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен) тобына ауыстырылса, онда көрсетілген уақыт үшін жәрдемақы бұрынғы топ бойынша төленеді. 
      5. Жәрдемақы алуға құқылы екі және одан да көп адам бiрге тұрған жағдайда жәрдемақы олардың әрқайсысына тағайындалады және төленедi.
       Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.01.19. N N  145  (бұл өзгеріс 2001 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді),   2002.03.21. N  308  (бұл өзгеріс 2002 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.07.04. N  148  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

       7-бап. Жәрдемақы мөлшері

      Жәрдемақы Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жеңілдіктер тізбесін негізге ала отырып, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқығы бар азаматтарға тағайындалады. 
      Жәрдемақы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда бекітілген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өзгерісін ескере отырып төленеді. 
      Жәрдемақы мынадай: 
      1) Ұлы Отан соғысына қатысушыларға - 15 айлық есептік көрсеткіш; 
      2) Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне - 15 айлық есептік көрсеткіш; 
      3) жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарға - 5,8 айлық есептік көрсеткіш; 
      4) жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген адамдарға - 7,1 айлық есептік көрсеткіш; 
      5) Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабарсыз кеткен) жауынгерлердің екінші рет некеге отырмаған жесірлеріне - 4,2 айлық есептік көрсеткіш; 
      6) Ауғанстандағы немесе соғыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi соғыс қимылдары кезiнде қаза тапқан (хабарсыз кеткен) немесе сол кезеңде жаралану, контузия алу, мертiгу, ауру салдарынан қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына; бейбiт уақытта әскери қызмет өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердiң отбасыларына; қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң отбасыларына; Чернобыль AЭC-сындағы апаттың және азаматтық немесе  әскери мақсаттағы объектілердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жою кезiнде қаза тапқандардың отбасыларына; сәуле ауруы салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектердiң отбасыларына, сондай-ақ қайтыс болуы Чернобыль АЭС-сындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсерiне байланысты болғаны белгiленген тәртiппен анықталған азаматтардың отбасыларына - 4,3 айлық есептiк көрсеткiш;
      7) қайтыс болған соғыс мүгедектерінің және оларға теңестірілген мүгедектердің әйелдеріне (ерлеріне), сондай-ақ қайтыс болған соғысқа қатысушылардың, партизандардың, астыртын әрекет жасаушылардың, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинградтың тұрғынына" белгісімен марапатталған азаматтардың, жалпы ауру-сырқаудың, жұмыста мертігудің немесе басқа да себептердің (құқыққа қарсыларын қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылғандардың екінші рет некеге отырмаған әйелдеріне (ерлеріне) - 2,4 айлық есептік көрсеткіш; 
      7-1) Кеңес Одағының Батырларына, Социалистік Еңбек Ерлеріне, үш дәрежелі Даңқ, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлеріне - 9,0 айлық есептік көрсеткіш; 
      8) Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегi мен мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КCP Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталған адамдарға, сондай-ақ мемлекеттiк наградалармен марапатталмаған, 1941 жылғы 22 маусымнан бастап 1945 жылғы 9 мамырға дейiнгi кезеңде кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет атқарған) адамдарға - 2,0 айлық есептiк көрсеткiш;
      8-1) 1988-1989 жылдары Чернобыль AЭC-сындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысушылар, қоныс аудару күнiнде құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймағынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылғандар (өз еркімен кеткендер) қатарындағы адамдарға - 2,0 айлық есептік көрсеткiш;
      9) бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектерге - 1,4 айлық есептік көрсеткіш; 
      10) үшiншi топтағы мүгедектерге - 0,6 айлық есептік көрсеткіш; 
      11) он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға - 0,9 айлық есептік көрсеткіш; 
      11-1) он алтыдан он сегіз жасқа дейiнгi мүгедек балаларға:
      бірінші - екінші топтағыларға - 1,4 айлық есептік көрсеткiш;
      үшiншi топтағыларға - 0,6 айлық есептік көрсеткiш;
      12) "Алтын алқамен", "Күмiс алқамен" марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, I және II дәрежелi "Ана даңқы" ордендерiмен марапатталған көп балалы аналарға - 3,9 айлық есептiк көрсеткiш;
      12-1) бiрге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары, оның iшiнде жалпы орта білiм беретiн, жоғары және орта кәсiптiк оқу орындарында күндiзгi оқу нысанында оқитын балалары бар көп балалы отбасыларға, балалар кәмелеттiк жасқа толғаннан кейiн олар оқу орнын бiтiретiн уақытқа дейiн (бiрақ әрi дегенде 23 жасқа толғанға дейiн) - 3,9 айлық есептiк көрсеткiш;
      13) жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын адамдарға - 1,0 айлық есептік көрсеткіш;
      14) Қазақстан Республикасына ерекше еңбек сіңіргені үшін зейнетақы тағайындалған адамдарға - 1,0 айлық көрсеткіш мөлшерінде тағайындалады.
       Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.11.16. N  482 -I (бұл өзгеріс 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2000.12.21. N  130  (2001 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн, I және II дәрежелi "Ана даңқы" ордендерiмен марапатталған адамдарға арнаулы мемлекеттiк жәрдемақылар төлеуге қатысты нормаларды қоспағанда, осы Заң 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енедi), 2004.12.31.  N 28  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2005.12.15. N  101  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.07.04. N  148  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

  3-тарау. Қорытынды ережелер

       8-бап. Жәрдемақы тағайындаудан бас тарту, төлеуді
             тоқтату немесе тоқтата тұру

      1. Жәрдемақы тағайындау үшiн растайтын құжаттарды табыс етпеген немесе деректерi дұрыс емес құжаттарды табыс еткен адамдарға жәрдемақы тағайындалмайды. 
      2. Жәрдемақы төлеу оны тағайындау негіздемесі жойылған жағдайда немесе алушы қайтыс болған күннен бастап тоқтатылады. 
      3. Жәрдемақы төлеу жәрдемақы алушының сот тағайындаған бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жазаны өтеу кезеңінде тоқтатыла тұрады. Егер мұндай жәрдемақы алушы осы Заңның 4-бабының 3) тармақшасында көрсетілген азаматтарға жататын болса, жәрдемақы отбасының оған құқығы бар басқа мүшесіне қайта ресімделуі мүмкін.
      4. Жәрдемақы алушылардың мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелерде тұрған кезеңіне жәрдемақы төлеу тоқтатыла тұрады. 
       Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.11.16. N  482 -I (бұл өзгеріс 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2001.01.19. N  145  (бұл өзгеріс 2001 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.07.04. N  148  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

       9-бап. Осы Заңды күшіне енгізу тәртібі

      Осы Заң 1999 жылғы 1 сәуірден бастап күшіне енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті